Осы тармақтың ережелері өздері бойынша сақтандыру сыйлықақылары түріндегі кіріс 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес толық мөлшерде танылған сақтандыру, қайта сақтандыру шарттарына қолданылмайды.
6. Микроқаржы ұйымдарының, өзара байланысты тарапқа не өзара байланысты тараптың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтерді қоспағанда, берілген микрокредиттер бойынша күмәнді және үмітсіз активтерге қарсы провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын, сондай-ақ олар бойынша сыйақыларды шегеруге құқығы бар.
Берілген микрокредиттер бойынша активтерді күмәнді және үмітсіз активтерге жатқызу тәртібін, сондай-ақ оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру тәртібін уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
7. Ұлттық басқарушы холдингтің, сондай-ақ негізгі қызмет түрі қарыз операцияларын жүзеге асыру немесе талап ету құқықтарын сатып алу болып табылатын және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) 100 пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалардың, өзара байланысты тараптар пайдасына не өзара байланысты тараптардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтер мен шартты міндеттемелерді (кредиттік серіктестіктердің активтері мен шартты міндеттемелерінен басқа) қоспағанда, мынадай күмәнді және үмітсіз активтерге, шартты міндеттемелерге:
банктерде орналастырылған, корреспонденттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттерге;
банктер мен клиенттерге берілген кредиттерге (қаржы лизингін қоспағанда);
құжаттық есеп-қисаптар мен кепілдіктер бойынша дебиторлық берешекке;
жабылмаған аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер бойынша шартты міндеттемелерге қарсы провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар.
Провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегеру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен құрылған провизиялар (резервтер) сомасы шегінде жүзеге асырылады.
Осы тармақта көрсетілген заңды тұлғалардың тізбесін және осындай тізбені қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 1, 5 және 6-тармақтарында көрсетілген салық төлеушілерге қолданылмайды.
8. 2019 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
251-бап. Қайта сақтандыру активтерін азайту бойынша шегерім
Сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдарының еңбекпен табылмаған сыйлықақылар, болмаған залалдар, мәлімделген, бірақ реттелмеген залалдар, болған, бірақ мәлімделмеген залалдар бойынша бұрын осы Кодекстің 231-бабына сәйкес кіріс деп танылған қайта сақтандыру активтерін азайту сомасын еңбекпен табылмаған сыйлықақылар, болмаған залалдар, мәлімделген, бірақ реттелмеген залалдар, болған, бірақ мәлімделмеген залалдар бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес құрылған қайта сақтандыру активтерінің есепті салықтық кезеңнің соңындағы мөлшері мен осындай активтердің алдыңғы салықтық кезеңнің соңындағы мөлшері арасындағы теріс айырма ретінде айқындалған мөлшерде шегерімге жатқызуға құқығы бар.
252-бап. Кен орындарын әзірлеу салдарын жоюға арналған шығыстар бойынша шегерімдер және жою қорларына аударымдар сомасының шегерімдері
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт негізінде қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы салдарды жою қорына аударымдар сомасын жылдық жиынтық кірістен шегерімге жатқызады. Көрсетілген шегерім жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезеңде Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген екінші деңгейдегі банктегі арнаулы депозиттік шотқа іс жүзінде жүргізген аударымдар мөлшерінде жүргізіледі.
Жою қорына аударымдардың мөлшері мен тәртібі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленеді.
Осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімінен асып кететін, өзі бойынша мақсатсыз пайдаланылған қаражат сомасы жер қойнауын пайдаланушының өзі бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі ағымдағы салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңде бітетін салықтық кезеңдегі жылдық жиынтық кірісіне қосуға жататын салықтық кезеңде анықталған мақсатсыз пайдалану фактісін қоспағанда, жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жер қойнауын пайдаланушының жою қорының қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісін анықтаған жағдайда, мақсатсыз пайдаланылған қаражат сомасы жер қойнауын пайдаланушының оған жол берілген салықтық кезеңнің жылдық жиынтық кірісіне қосуға жатады.
Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты беру кезінде басқа жер қойнауын пайдаланушыдан жою қорының қаражатын алған жағдайда, оны алған жер қойнауын пайдаланушыдағы осындай қаражат:
алынған жылы жою қорын қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген екінші деңгейдегі банктегі арнайы депозиттік шотта орналастырылған жағдайда, жылдық жиынтық кіріске қосылмайды;
шегеруге жатқызуға жатпайды.
2. Жер қойнауын пайдаланушының салықтық кезең ішінде кен орындарын әзірлеу салдарын жоюға іс жүзінде шеккен шығыстары, жою қорының арнайы депозиттік шотта орналастырылған қаражаты есебінен жүргізілген шығыстарды қоспағанда, сол шығыстар шегілген салықтық кезеңде шегерімге жатады.
253-бап. Қалдықтарды орналастыру полигондарын жоюға арналған шығыстар бойынша шегерімдер және қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорына аударымдар сомасының шегерімдері
1. Салық төлеуші Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген екінші деңгейдегі банктегі арнайы депозиттік шотқа аударылған, қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорына аударымдар сомасын шегерімге жатқызады.
2. Қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорына аударымдардың мөлшері мен тәртібі, сондай-ақ қор қаражатын пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган салық төлеушінің қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорының қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісін анықтаған жағдайда, мақсатсыз пайдаланылған қаражат сомасы салық төлеушінің оған жол берілген салықтық кезеңінің жылдық жиынтық кірісіне қосуға жатады.
4. Салық төлеушінің салықтық кезең ішінде қалдықтарды орналастыру полигондарын жоюға іс жүзінде шеккен шығыстары, жою қорының арнайы депозиттік шотта орналастырылған қаражаты есебінен жүргізілген шығыстарды қоспағанда, сол шығыстар шегілген салықтық кезеңде шегерімге жатады.
254-бап. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына, ғылыми-техникалық жұмыстарға арналған және зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды сатып алуға арналған шығыстар бойынша шегерім
1. Тіркелген активтерді сатып алуға, оларды орнатуға және күрделі сипаттағы басқа шығыстардан бөлек, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ғылыми-техникалық жұмыстарға арналған шығыстар шегерімге жатады.
Осындай шығыстарды шегерімге жатқызуға ғылыми-зерттеу жұмысы мен ғылыми-техникалық жұмысқа арналған, іс жүзінде орындалған техникалық тапсырма және осындай жұмыстардың аяқталған кезеңдерін қабылдап алу актілері негіз болып табылады.
2. Зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды лицензиялық шарт немесе айрықша құқықты басқаға беру шарты бойынша жоғары оқу орындарынан, ғылыми ұйымдардан және стартап-компаниялардан сатып алуға арналған, оларды одан әрі коммерцияландыруға бағытталған шығыстар шегерімге жатады.
Осындай шығыстарды шегерімге жатқызуға Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен уәкілетті мемлекеттік орган тіркеген лицензиялық шарт немесе басқаға беру (ішінара беру) шарты негіз болып табылады.
255-бап. Жер қойнауын пайдаланушының ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, сондай-ақ дербес кластерлік қорға ақша аудару жөніндегі шығыстарын шегеру
1. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық қызмет бойынша Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес:
ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген, ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың;
«Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластеріне қатысушылардың жобаларын қаржыландыру үшін дербес кластерлік қордың ғылыми зерттеулерін қаржыландыруға (ақша аударуға) арналған шығыстарды шегеруге құқығы бар.
2. Осы бапта көзделген шығыстарды шегеру мынадай:
есепті салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңнің қорытындысы бойынша келісімшарттық қызмет бойынша жылдық жиынтық кірістің 1 пайызына тең сома,
алу
есепті салықтық кезеңде осы Кодекстің 254-бабына сәйкес шегерімге жатқызылған шығыстар деген тәртіппен айқындалған оң айырма мөлшерінен аспауға тиіс.
256-бап. Кепілдік беру жүйелеріне қатысушылардың сақтандыру сыйлықақылары мен жарналары бойынша шығыстарды шегеру
1. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын қоспағанда, сақтандыру шарттары бойынша сақтанушының төлеуіне жататын немесе ол төлеген сақтандыру сыйлықақылары шегерімге жатады.
2. Жеке тұлғалардың депозиттерiне міндетті кепiлдік беру жүйесiне қатысушыда - банкте жеке тұлғалардың депозиттерiне кепiлдік беруге байланысты аударылған мiндеттi күнтiзбелiк, қосымша және төтенше жарналардың сомасы шегерiмге жатады.
3. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысушы болып табылатын сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдарында сақтандыру төлемдеріне кепілдік беруге байланысты аударылған міндетті, төтенше және қосымша жарналардың сомасы шегерімге жатады.
4. Мақта қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысушыда - мақта өңдеу ұйымында мақта қолхаттары бойынша мiндеттемелерді орындауға кепілдік беруге байланысты аударылған жыл сайынғы міндетті жарналар сомасы шегерімге жатады.
5. Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысушыда - астық қабылдау кәсiпорнында астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерді орындауға кепілдік беруге байланысты аударылған жыл сайынғы міндетті жарналар сомасы шегерімге жатады.
257-бап. Жұмыскерлердің есепке жазылған кірістері және жеке тұлғаларға өзге төлемдер бойынша шығыстарды шегеру
1. Жұмыс берушінің:
1) мыналарды:
тіркелген активтердің;
преференциялар объектілерінің;
амортизацияға жатпайтын активтердің бастапқы құнына қосылатындарды;
2) запастардың өзіндік құнына қосылатындарды және осындай запастардың халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, өзіндік құны арқылы шегерімге жатқызылуға жататындарды;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) осы Кодекстің 272-бабының 2-тармағына сәйкес келесі шығыстар деп танылатындарды қоспағанда, жұмыскердің осы Кодекстің 322-бабының 1-тармағында көрсетілген, салық салынуға жататын кірістері бойынша шығыстары (оның ішінде жұмыскердің осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 20), 22), 23) және 24) тармақшаларында көрсетілген кірістері бойынша жұмыс берушінің шығыстары) шегерiмге жатады.
2-тармақтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 31-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
2. Салық төлеушінің осы Кодекстің 319-бабы 2-тармағының 1), 5), 7), 8), 9), 10) және 12) тармақшаларында, 341-бабы 1-тармағының 42) және 44) тармақшаларында айқындалған, жеке тұлғаларға төлемдер түріндегі шығыстары шегерімге жатады.
3. Салық төлеушінің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидалары бойынша төлеген міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген шекте шегерімге жатады.
258-бап. Табиғи ресурстарды геологиялық зерделеуге, барлауға және оларды өндiруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстар бойынша шегерiмдер және жер қойнауын пайдаланушының басқа да шегерiмдерi
1. Жер қойнауын пайдаланушының коммерциялық табудан кейiн өндiру басталған кезге дейiн іс жүзінде жүргізген, бағалау, абаттандыру жөнiндегi шығыстарды қоса алғанда, пайдалы қазбаларды геологиялық зерделеуге, барлауға, оларды өндiруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстары, жалпы әкiмшiлiк шығыстар, төленген қол қойылған бонустың және коммерциялық табу бонусының сомалары, осы Кодекстің 266-бабы 2-тармағының 2) - 6), 8) - 15) тармақшаларында көрсетілген активтерді қоспағанда, негiзгi құралдар мен материалдық емес активтердi сатып алу және (немесе) құру жөніндегі шығындар және осы Кодекске сәйкес шегерiмге жататын өзге де шығыстар амортизацияланатын активтердің жеке тобын түзеді. Бұл ретте осы тармақта көрсетілген шығыстарға:
1) осы Кодекстің 266-бабы 2-тармағының 2) - 6), 8) - 15) тармақшаларында көрсетілген активтерді қоспағанда, негiзгi құралдар мен материалдық емес активтердi сатып алу және (немесе) құру жөніндегі шығындар жатады. Осындай шығындарға осы Кодекстің 268-бабының 2-тармағына сәйкес осы активтердің бастапқы құнына қосуға жататын шығындар, сондай-ақ осындай активтер бойынша осы Кодекстің 272-бабына сәйкес жүргізілген келесі шығыстар жатады;
2) басқа да шығыстар жатады.
Бұл ретте, осы Кодексте көзделген жағдайларда, осы тармақшада көрсетілген, амортизацияланатын активтердің жеке тобына жатқызылатын шығыстардың мөлшері осындай шығыстарды корпоративтік табыс салығының мақсаттарында шегерімге жатқызу үшін белгіленген нормалардан аспауға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шығыстар пайдалы қазбаларды коммерциялық табудан кейiн өндiру басталған кезден бастап жылдық жиынтық кірістен амортизациялық аударымдар түрінде шегерiледi. Амортизациялық аударымдардың сомасы салықтық кезеңнің соңында, осы тармақта көзделген амортизацияланатын активтер тобы бойынша жинақталған шығыстар сомасына жер қойнауын пайдаланушының қалауы бойынша айқындалатын, бiрақ 25 пайыздан аспайтын амортизация нормасын қолдану арқылы есептеледі.
Көрсетілген тәртіп:
егер жер қойнауын пайдаланушы барлауға арналған келісімшарт шеңберінде кен орнын табу мен бағалау негізінде жасалған өндіруге арналған келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асырған жағдайда да қолданылады. Барлауға арналған осындай келісімшарт бойынша соңғы салықтық кезеңнің соңында қалыптасқан амортизацияланатын активтер тобы бойынша жинақталған шығыстар сомасы осы өндіруге арналған келісімшарт шеңберінде амортизациялық аударымдар түрінде жылдық жиынтық кірістен шегерімге жатады;
Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес өзінен барлау учаскесінің бөлігін бөліп беру жүргізілетін барлауға арналған келісімшартқа өзгерістер енгізу арқылы осындай учаске бөліп берілген және бөліп берілген жер қойнауы учаскесі бойынша өндіруге жеке келісімшарт жасалған жағдайда да қолданылады. Бұл ретте амортизацияланатын активтер тобы бойынша жинақталған шығыстардың өндіруге арналған келісімшарт бойынша шегерімге жатқызу мақсаттары үшін ауыстырылуға жататын сомасы жер қойнауын пайдаланушы барлауға арналған тиісті келісімшарт бойынша бөліп беру кезіне дейін жұмсаған тікелей шығыстардың жалпы сомасында барлау учаскесінің осындай бөліп берілетін бөлігіне тиесілі тікелей шығыстардың үлес салмағы бойынша айқындалады.
Өндіруге немесе бірлескен барлауға және өндіруге арналған жеке келісімшарт шеңберінде жер қойнауын пайдалану қызметін аяқтау жағдайында, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану бойынша қызметті осы бапта белгіленген коммерциялық табудан кейін өндіруді бастаған соң аяқтаған жағдайда, амортизацияланатын активтер тобының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатылған соңғы салықтық кезеңнің соңында қалыптасқан құндық балансы шегерімге жатады.
Осы Кодекстің осы бабының және 260-бабының мақсаттары үшін коммерциялық табудан кейінгі өндіру:
1) барлауға арналған, сондай-ақ запастары бекітілмеген пайдалы қазбаларды бірлесіп барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар бойынша - осы мақсаттар үшін уәкілеттік берілген мемлекеттік орган запастарды бекіткеннен кейін пайдалы қазбаларды өндірудің басталғанын;
2) қосымша геологиялық зерделеуді және геологиялық-экономикалық қайта бағалауды талап ететін запастарды қоса алғанда, пайдалы қазбалардың запастары мемлекеттік баланста тіркелген және осы мақсаттар үшін уәкілеттік берілген мемлекеттік органның сарапшылық қорытындысымен расталған бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар бойынша - егер мұндай жұмыстар келісімшарттың жұмыс бағдарламасында көзделсе және жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісілген болса, осы келісімшарттар жасалғаннан кейін пайдалы қазбаларды өндірудің басталғанын білдіреді.
3. Егер ұңғыма Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес оны сынау кезінде көмірсутектердің өнеркәсіптік ағынының алынбауына байланысты жойылған болса (бұдан әрі осы тармақтың мақсаттары үшін - өнімсіз ұңғыма), онда осындай ұңғыманы салуға және жоюға іс жүзінде жүргізілген шығыстар қосылған құн салығы есепке алына отырып, мынадай тәртіппен шегерімге жатқызылады:
1) өнімсіз ұңғыманы салуға және (немесе) жоюға арналған шығыстар немесе осындай шығыстардың коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезге дейін шегілген бір бөлігі осы баптың 1-тармағында айқындалған тәртіппен шегерімге жатқызылады;
2) коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезден соң шегілген, өнімсіз ұңғыманы салуға және (немесе) жоюға арналған шығыстар немесе осындай шығыстардың бір бөлігі осындай ұңғыма жойылған салықтық кезеңде шегерімге жатқызылады.
Бұл ретте коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезге дейін шегілген, өнімсіз ұңғыманы салуға және (немесе) жоюға арналған шығыстар осы баптың 1-тармағына сәйкес түзілген амортизацияланатын активтердің жеке тобынан алып тасталмайды.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шығыстар (Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық қаржыландыру бойынша есепке жазылған, бірақ төленбеген сыйақыдан басқа):
1) осы Кодекстің 241-бабына сәйкес жылдық жиынтық кірістен алып тасталуға жататын кірістерді қоспағанда, геологиялық зерделеуді және өндіруге дайындық жұмыстарын жүргізу кезеңінде алынған кірістердің;
2) коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезге дейін өндірілген пайдалы қазбаларды өткізуден алынған кірістердің;
3) жер қойнауын пайдалану құқығын немесе оның бір бөлігін өткізуден алынған кірістердің;
4) амортизацияланатын активтердің осы баптың 1-тармағына сәйкес түзілген жеке тобында есепке алынған активтердің жарғылық капиталға салым ретінде берілу кезіндегі құнының сомасына азайтылады. Бұл ретте мұндай құн заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салымның құны негізінде айқындалады;
5) амортизацияланатын активтердің осы баптың 1-тармағына сәйкес түзілген жеке тобында есепке алынатын, өтеусіз берілген активтердің аталған активтерді қабылдап алу-беру актісінде көрсетілген, бірақ аталған активтердің берілу күнгі бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша баланстық құнынан кем емес құнының сомасына азайтылады.
5. Осы баптың 1-тармағында айқындалған тәртіп жер қойнауын пайдалану құқығын алуға байланысты салық төлеуші шеккен, материалдық емес активтерді сатып алуға және (немесе) құруға арналған шығыстарға да қолданылады.
259-бап. Табиғи ресурстарды геологиялық зерделеуге және оларды өндiруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстарды шегерудің және көмірсутектерді барлауға және (немесе) бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісімшарт шеңберінде қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының басқа да шегерiмдерiнің ерекшеліктері
1. Осы Кодекстің 258-бабы 1-тармағында көрсетілген, жер қойнауын пайдаланушы 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап барлауға және (немесе) бірлескен барлауға және өндіруге (барлау кезеңінде) арналған келісімшарт шеңберінде шеккен шығыстар бойынша жер қойнауын пайдаланушы оларды осы жер қойнауын пайдаланушының өндіруге және (немесе) бірлескен барлауға және өндіруге (өндіру кезеңінде) арналған басқа келісімшарттары бойынша шегерімге жатқызу мақсаттарында амортизацияланатын активтердің жеке тобын түзуге құқылы.
Көрсетілген шығыстар бойынша жер қойнауын пайдаланушы әрбір салықтық кезеңнің соңында осы тармақта көзделген амортизацияланатын активтер тобы бойынша жинақталған шығыстар сомасына жер қойнауын пайдаланушының қалауы бойынша айқындалатын, бiрақ 25 пайыздан аспайтын амортизация нормасын қолдану арқылы амортизациялық аударымдарды есептейді.
Бұл ретте осы амортизациялық аударымдар оларды жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезеңде осындай келісімшарттар бойынша алған тікелей кірістердің жалпы сомасында өндіруге және (немесе) бірлескен барлауға және өндіруге арналған әрбір нақты келісімшартқа тиесілі (өндіру кезеңінде алынған) тікелей кірістердің үлес салмағы бойынша бөлу арқылы осы жер қойнауын пайдаланушының өндіруге және (немесе) бірлескен барлауға және өндіруге (өндіру кезеңінде) арналған басқа келісімшарттары бойынша шегерімге жатады.
2. Осы бапта белгіленген жеке топты түзу құқығы осы баптың 1-тармағында көрсетілген алғашқы шығындар шегілген салықтық кезеңде беріледі. Бұл ретте, егер осындай жеке топты түзу кезінде жер қойнауын пайдаланушыда өндіруге және (немесе) бірлескен барлауға және өндіруге (өндіру кезеңінде) арналған басқа келісімшарт болмаған жағдайда, онда мұндай жеке топты түзу құқығы өндіруге арналған келісімшарт жасалған және (немесе) бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі басталған салықтық кезеңде беріледі.
Бұл ретте мұндай құқық барлауға арналған келісімшарттың немесе бірлескен барлауға және өндіруге (өндіру кезеңі басталғанға дейін) арналған келісімшарттың қолданылуы аяқталғанға дейін қайта қаралуға жатпайды.
3. Амортизацияланатын активтердің осы бапқа сәйкес түзілген жеке тобы салықтық кезең үшін амортизациялық аударымдар есептелгенге дейін тиісті келісімшарт бойынша алынған, осы Кодекстің 258-бабының 4-тармағында көрсетілген кірістер сомасына азайтылады.
Егер осындай кірістердің сомасы амортизацияланатын активтердің осы бапқа сәйкес түзілген жеке тобының мөлшерінен асып кеткен жағдайда, асып кету шамасы барлауға арналған тиісті келісімшарт бойынша немесе бірлескен барлауға және өндіруге (өндіру кезеңі басталғанға дейін) арналған тиісті келісімшарт бойынша амортизацияланатын активтердің осы Кодекстің 258-бабына сәйкес түзілген жеке тобын азайтады. Амортизацияланатын активтердің осы Кодекстің 258-бабына сәйкес түзілген жеке тобы болмаған жағдайда, осындай асып кету шамасы жылдық жиындық кіріске қосылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушы барлауға және (немесе) бірлескен барлауға және өндіруге (барлау кезеңінде) арналған тиісті келісімшарт шеңберінде, амортизацияланатын активтердің осы бапқа сәйкес түзілген жеке тобының және амортизацияланатын активтердің осы Кодекстің 258-бабына сәйкес түзілген жеке тобының бөлек салықтық есепке алынуын жүргізуге міндетті.
5. Бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі басталған немесе барлауға арналған келісімшарт шеңберінде кен орнын табу және бағалау негізінде өндіруге арналған келісімшарт жасалған салықтық кезеңнен бастап амортизацияланатын активтердің осы бапқа сәйкес түзілген жеке тобының бұрын шегерімге жатқызылмаған құны өндіруге немесе бірлескен барлауға және өндіруге арналған осындай келісімшарт шеңберінде, осы Кодекстің 258-бабында айқындалған тәртіппен шегерімге жатады.
6. Барлауға және (немесе) бірлескен барлауға және өндіруге (барлау кезеңінде) арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, осы баптың 5-тармағында белгіленген жағдайды қоспағанда, амортизацияланатын активтердің осы бапқа сәйкес түзілген жеке тобының шегерімге жатқызылмаған құны осындай тоқтатылу кезінде шегерімге жатпайды.
260-бап. Коммерциялық табудан кейін өндіру басталған соң уранды жерасты ұңғымалық сілтілеу әдісімен өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстар бойынша шегерімдер
1. Коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезден кейінгі кезеңде пайдалану блоктарын (полигондарын) уранды жерасты ұңғымалық сілтілеу әдісімен өндіруге дайындау кезінде жер қойнауын пайдаланушы іс жүзінде шеккен, амортизацияланатын активтерді сатып алуға және (немесе) құруға арналған шығындар (шығыстар) жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт шеңберінде амортизацияланатын активтердің жеке тобын түзеді.