102-бап. Салықтар, бюджетке төленетін төлемдер, өсімпұл сомаларын есепке жатқызу
1. Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген (өндіріп алынған) сомасы:
1) салық төлеушінің өтінішінсіз - осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес;
2) салық төлеушінің салықтық өтініші бойынша - осы баптың 4-тармағына сәйкес есепке жатқызуға жатады.
2. Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің артық төленген (өндіріп алынған) сомасын есепке жатқызу салық төлеушінің өтінішінсіз мынадай реттілікпен:
1) артық төленген сома түзілген - белгілі бір салық түрі, мыналарды: жер учаскелерін пайдаланғаны, жерүсті көздерінен су ресурстарын пайдаланғаны, қоршаған ортаға эмиссия, радиожиілік спектрін пайдаланғаны, қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты бергені үшін төлемақы (бұдан әрі осы баптың мақсаттары үшін - төлемақы) бойынша орындалу мерзімі басталған салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің есептелген, есепке жазылған сомаларын төлеу жөніндегі салықтық міндеттеменің есебіне;
2) салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің өзге де түрлері бойынша бересіні өтеу есебіне;
3) артық төленген сома түзілген - белгілі бір салық түрі, төлемақы бойынша өсімпұлды өтеу есебіне;
4) салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің өзге де түрлері бойынша өсімпұлды өтеу есебіне;
5) артық төленген сома түзілген - белгілі бір салық түрі, төлемақы бойынша және салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің өзге де түрлері бойынша айыппұлды өтеу есебіне жүргізіледі.
3. Өсімпұлдың артық төленген (өндіріп алынған) сомасын есепке жатқызу салық төлеушінің өтінішінсіз мынадай реттілікпен:
1) артық төленген өсімпұл сомасы түзілген - белгілі бір салық түрі, төлемақы бойынша өсімпұлдың есепке жазылған сомаларын төлеу жөніндегі салықтық міндеттеменің есебіне;
2) артық төленген өсімпұл сомасы түзілген - белгілі бір салық түрі, төлемақы бойынша бересіні өтеу есебіне;
3) салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің өзге де түрлері бойынша бересіні өтеу есебіне;
4) салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің өзге де түрлері бойынша өсімпұлды өтеу есебіне;
5) артық төленген сома түзілген - белгілі бір салық түрі, төлемақы бойынша және салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің өзге де түрлері бойынша айыппұлды өтеу есебіне жүргізіледі.
4. Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген (өндіріп алынған) сомасын есепке жатқызу салық төлеушінің салықтық өтініші бойынша:
1) бюджетке салықтық берешек болмаған кезде осындай өтініште көрсетілген салықтың және (немесе) бюджетке төленетін төлемнің тиісті түрі бойынша алдағы төлемдер есебіне;
2) құрылымдық бөлімшесі (құрылымдық бөлімшелері) бар заңды тұлға болып табылатын салық төлеушінің салықтық өтініші бойынша - осындай өтініште көрсетілген салықтың және (немесе) бюджетке төленетін төлемнің тиісті түрі бойынша осындай заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің (құрылымдық бөлімшелерінің) салықтық берешегін өтеу есебіне;
3) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі болып табылатын салық төлеушінің салықтық өтініші бойынша - осындай өтініште көрсетілген салықтың және (немесе) бюджетке төленетін төлемнің тиісті түрі бойынша заңды тұлғаның салықтық берешегін өтеу есебіне жүргізіледі.
103-бап. Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың қате төленген сомасын есепке жатқызу, қайтару
1. Аудару кезінде мынадай қателердің кез келгені жіберілген:
1) төлем құжатында:
салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі дұрыс көрсетілмеген;
орналасқан жері бойынша салық және бюджетке төленетін төлем, өсімпұл сомасы төленуге тиіс салық органының сәйкестендіру нөмірінің орнына басқа салық органының сәйкестендіру нөмірі көрсетілген;
төлемнің мәтіндік мақсаты төлем мақсатының кодына және (немесе) кірістердің бюджеттік сыныптамасының кодына сәйкес келмеген;
2) екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салық төлеушінің төлем құжатын қате орындаған;
3) ақша жөнелтуші - салық төлеуші тіркеу есебінде тұрмаған салық органына төлем жүргізген;
4) ақша жөнелтуші - салық төлеуші салықтың немесе бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың осы түрі бойынша төлеуші болып табылмайтын кездегі сома салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың қате төленген сомасы болып табылады.
2. Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың қате төленген сомасын есепке жатқызу, қайтару:
1) салық төлеушінің салықтық өтініші;
2) екінші деңгейдегі банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның өтініші (бұдан әрі осы баптың мақсаты үшін - екінші деңгейдегі банктің өтініші);
3) қате фактісі анықталған жағдайда, салық органы жасаған салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың қате төленген сомасының туындау себептері туралы хаттама бойынша жүргізіледі.
3. Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың қате төленген сомасын есепке жатқызу, қайтару:
салық төлеушінің салықтық өтініші, екінші деңгейдегі банктің өтініші ұсынылған;
салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың қате төленген сомасы түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
4. Салық төлеушінің салықтық өтініші, екінші деңгейдегі банктің өтініші салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың қате төленген сомасын есепке алу жүргізілетін салық органына ұсынылады.
5. Салық органы осы баптың 1-тармағында көрсетілген қателердің бірінің бар екенін растаған жағдайда, осы салық органы:
1) қате төленген соманы бюджет сыныптамасының тиісті кодына және (немесе) тиісті салық органына есепке жатқызуды жүргізеді;
2) салық төлеушінің банктік шотына қайтаруды жүргізеді.
6. Екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым сол бір төлем құжаты бойынша салық, бюджетке төленетін төлем, өсімпұл сомасын қайтадан аударуға алып келген салық төлеушінің төлем құжатын қате орындаған жағдайларда, салық органы қате фактісі расталған кезде екінші деңгейдегі банктің өтініші бойынша қате төленген соманы:
ақша банктік шоттан есептен шығарылған немесе төлем банкоматтар арқылы жүзеге асырылған жағдайда - салық төлеушінің банктік шотына;
ақша екінші деңгейдегі банкке қолма-қол ақшамен енгізілген немесе төлем электрондық терминалдар арқылы жүзеге асырылған жағдайда - екінші деңгейдегі банктің банктік шотына қайтаруды жүргізеді.
7. Салық органдары осы баптың 1-тармағында көрсетілген қателердің бар екендігін растамаған жағдайда, осы салық органы осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша салық төлеушіге қатенің расталмағаны туралы жазбаша хабарлама жібереді.
104-бап. Қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару
1-тармақтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 8-бабының редакциясында қолданылды
1. Қосылған құн салығын төлеушінің осы Кодекстің 431, 432, 433 және 434-баптарына сәйкес, қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талабы бойынша қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару осы Кодекстің 102-бабында көзделген есепке жатқызуды жүргізу және (немесе) салық төлеушінің банктік шотына аудару арқылы, ұсынылған салықтық өтініш негізінде жүргізіледі.
2-тармақтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 8-бабының редакциясында қолданылды
2. Осы Кодекстiң 429, 431, 432, 433 және 434-баптарына сәйкес қосылған құн салығының қайтаруға жататын асып кету сомасы салық органы қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтаруға төлем құжатын жасаған күнге қосылған құн салығы бойынша жеке шоттағы қосылған құн салығы бойынша асып кету сомасынан аспауға тиiс.
3. Қосылған құн салығы бойынша асып кету сомасын қайтару салық төлеушінің тұрған жері бойынша, салықтық берешегі болмаған кезде қосылған құн салығы бойынша асып кету сомасын қайтарудың осы Кодексте көзделген мерзімі ішінде оның банктік шотына жүргізіледі.
Салық органы салықтық берешек болған кезде, есепке жатқызуға арналған салықтық өтінішті ұсынбастан, орын алған салықтық берешекті, оның ішінде заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің салықтық берешегін өтеу есебіне қосылған құн салығы бойынша асып кетуді есепке жатқызуды жүргізеді.
Қосылған құн салығы бойынша асып кету сомасының қалдығы осы тармақта көзделген есепке жатқызу жүргізілгеннен кейін қайтарылуға жатады.
4. Салық органы қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтаруды жүргізу мерзімін бұзған кезде мерзімін бұза отырып қайтару жүргізілген осындай асып кету сомасына салық органы салық төлеушінің пайдасына мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін өсімпұлды есепке жазады. Өсімпұл қайтару күнін қоса алғанда, қайтару мерзімі аяқталғаннан кейінгі күннен бастап мерзімін өткізіп алған әрбір күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде есепке жазылады.
5. Салық төлеушінің пайдасына есепке жазылған өсімпұл сомасы бюджет сыныптамасының тиісті коды бойынша бюджетке түсетін түсімдердің есебінен қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару күні салық төлеушінің банктік шотына аударылуға жатады.
105-бап. Қосылған құн салығын өзге де негіздер бойынша қайтару
1. Осы Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген негіздер бойынша:
1) грант қаражаты есебінен сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төленген;
2) Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдік төлеген қосылған құн салығының сомасы бюджеттен қайтарылуға жатады.
2. Грант алушыға қайтарылуға жататын қосылған құн салығын қайтаруды салық органы грант алушының тұрған жері бойынша оның банктік шотына осы Кодекстің 102-бабына сәйкес есепке жатқызулар жүргізілгеннен кейін осы Кодекстің 435-бабында белгіленген қайтару мерзімі ішінде жүргізеді.
3. Қазақстан Республикасында акредиттелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiне, шет мемлекеттің консулдық мекемелеріне және бiрге тұратын отбасы мүшелерiн қоса алғанда, осы өкілдіктердің дипломатиялық, әкiмшiлiк-техникалық персоналына жататын адамдарға, бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдарға, консулдық қызметшілерге қосылған құн салығын қайтаруды салық органы олардың банктік шотына осы Кодекстің 436-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімде жүргізеді.
106-бап. Салық салу, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша құқыққа сыйымсыз салынған айыппұлдың төленген сомасын, сондай-ақ артық төленген соманы қайтару
1. Салық салу, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша құқыққа сыйымсыз салынған айыппұлдың төленген сомасын айыппұлдың күшін жою немесе оның мөлшерін азайту салдарынан қайтару салық төлеушінің салықтық өтініші (бұдан әрі осы баптың мақсаты үшін - айыппұл сомасын қайтаруға арналған өтініш) негізінде жүргізіледі.
Айыппұл сомасын қайтаруға арналған өтінішке айыппұлдың құқыққа сыйымсыз салынуы салдарынан оның күшін жоюды немесе мөлшерін азайтуды көздейтін заңды күшіне енген сот шешімі немесе жоғары тұрған салық органының (лауазымды адамның) шешімі қоса берілуге тиіс.
2. Айыппұл сомасын қайтаруға арналған өтінішті салық төлеуші жеке шоты бойынша қайтаруға жататын айыппұл сомасы есептеулі тұратын салық органына ұсынады.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес айыппұлдың төленген сомасын қайтаруды салық органы салық төлеушінің банктік шотына айыппұл сомасын қайтаруға арналған өтініш ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізеді.
4. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындау мақсатында айыппұлды төлеу кезінде артық төленген соманы қайтару осы баптың 3-тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізіледі.
107-бап. Сот шешімі бойынша электрондық аукциондар қорытындыларының күшін жою нәтижесінде салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың және айыппұлдың төленген сомасын қайтару
1. Соттың заңды күшіне енген шешімімен уәкілетті заңды тұлға өткізген электрондық аукцион қорытындыларының күші жойылған жағдайда, салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың және айыппұлдың төленген сомасын қайтару уәкілетті орган бекіткен нысандағы уәкілетті заңды тұлғаның салықтық өтініші (бұдан әрі осы баптың мақсаты үшін - қайтаруға арналған өтініш) негізінде жүргізіледі.
Қайтаруға арналған өтінішке:
1) заңды күшіне енген сот шешімінің көшірмесі;
2) уәкілетті заңды тұлғаның салықты, бюджетке төленетін төлемді, өсімпұлды және айыппұлды төлегені туралы төлем құжатының көшірмесі қоса беріледі.
2. Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың, айыппұлдың төленген сомасын қайтаруды төленген жердегі салық органы қайтаруға арналған өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті заңды тұлғаның банктік шотына ұлттық валютада жүргізеді.
108-бап. Мемлекеттiк баждың төленген сомаларын қайтару ерекшеліктері
1. Мемлекеттiк баждың артық төленген сомасы:
1) талап қоюшы сотқа талап арыздар және өзге де өтініштер (шағымдар) берген кезде өз талаптарын азайтатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк баж осы Кодекс бойынша талап етiлгеннен көп мөлшерде енгiзiлген;
2) іс төрелікке берілген;
3) іс бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда тараптардың татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқталған жағдайда - толық көлемде, кассациялық сатыдағы сотта - сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат берген кезде төленген соманың 50 пайызы мөлшерінде;
4) талап арыз немесе өзге де өтініш (шағым) қайтарылған немесе оны қабылдаудан бас тартылған, сондай-ақ нотариустар немесе осыған уәкiлеттiк берілген адамдар нотариаттық әрекеттердi жасаудан бас тартқан;
5) егер iс сотта қарауға жатпайтын болса, сондай-ақ егер талап қоюшы дауды алдын ала шешудiң осы санаттағы iстер үшiн белгiленген тәртiбiн сақтамаған не талапты әрекетке қабiлетсiз адам қойған болса, іс бойынша iс жүргiзу тоқтатылған немесе талап қою қараусыз қалдырылған;
6) мемлекеттiк бажды төлеген адамдар заңдық мәні бар әрекеттердi жасаудан немесе осы заңдық мәні бар әрекеттердi жасайтын органға жүгiнгенге дейiн құжатты алудан бас тартқан;
7) сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат қайтарылған;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де жағдайларда iшiнара немесе толық қайтаруға жатады.
2. Мемлекеттік баж:
1) талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан;
2) талап қоюшы өз талаптарын азайтқан;
3) сот бұйрығының күші жойылған жағдайларда қайтарылмайды.
3. Салық органы мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруды салық төлеуші ұсынған салықтық өтініштің және тиісті мемлекеттік органның қайтарудың құқыққа сыйымдылығын растайтын құжатының негізінде жүргізеді.
4. Сот оның пайдасына іс бойынша тарап болып табылатын мемлекеттік мекемеден мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы шешім шығарған салық төлеушіге мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруды салық органы салық төлеуші ұсынған салықтық өтініштің және заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жүргізеді.
5. Мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруды оның төленген жері бойынша салық органы қайтаруға арналған салықтық өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік баж сомасы есепке жазылған бюджеттік сыныптаманың тиісті кодынан салық төлеушінің банктік шотына жүргізеді.
6. Осы бапта көзделген мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруға арналған құжаттар салық органына мемлекеттік баждың мұндай сомасы бюджетке төленген күннен бастап үш жыл мерзім өткенге дейін ұсынылуға тиіс.
2-параграф 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2-параграф. Жеке табыс салығы бойынша асып кетуді есепке жатқызу және (немесе) қайтару
109-бап. Жалпы ережелер
1. Жеке тұлға осы Кодекстің 640-бабында айқындалған жеке табыс салығы бойынша асып кету туындаған кезде салық органы осы тарауда айқындалған тәртіппен жүзеге асыратын салыстырып-тексеруді жүргізгеннен кейін жеке табыс салығы бойынша осындай асып кетуді осы параграфта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде есепке жатқызуға және (немесе) қайтаруға құқылы.
2. Кірістер мен мүлік туралы декларацияда мәлімделген жеке табыс салығы бойынша асып кетуді есепке жатқызу және (немесе) қайтару туралы талап жеке табыс салығы бойынша салыстырып-тексеруді жүргізу үшін негіз болып табылады.
110-бап. Жеке табыс салығы бойынша салыстырып-тексеру
1. Жеке табыс салығы бойынша салыстырып-тексеру салық органы кірістер мен мүлік туралы декларацияда мәлімделген жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын растау мақсатында жүргізетін рәсім болып табылады.
2. Салыстырып-тексеру барысында:
1) кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген мәліметтерді салық агенттері мен уәкілетті тұлғалардың деректерімен салыстыру;
2) салықтық шегерімдерді және осы Кодекстің 342-бабына сәйкес салықтық шегерімдер деп танылатын шығыстар сомаларын қолданудың негізділігін растау;
3) есепке жатқызу және (немесе) қайтару мәлімделген жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын растау жүргізіледі.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мәліметтердің алшақтығы анықталған кезде жеке тұлғаға осы Кодекстің 12-тарауына сәйкес хабарлама жіберіледі.
111-бап. Салық агенттерінің мәліметтері негізінде жеке табыс салығы бойынша салыстырып-тексеруді жүргізу тәртібі
Салық органы кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген мынадай мәліметтерді:
1) төлем көзiнен салық салуға жататын кірістерді;
2) осы Кодекстің 341-бабында көзделген кірісті түзетуді;
3) осы Кодекстің 342-бабында белгіленген, төлем көзiнен салық салуға жататын кіріске қолданылған салықтық шегерімдерді;
4) төлем көзiнен салық салуға жататын кірістерден есептелген жеке табыс салығының сомасын салық агенттерінің тиісті мәліметтерімен салыстырып-тексереді.
112-бап. Білім беруге, медицинаға, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге жұмсалатын шығыстар бойынша салықтық шегерімдер сомасын растау үшін жеке табыс салығы бойынша салыстырып-тексеруді жүргізу тәртібі
1. Салық органы жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын қайтару және (немесе) есепке жатқызу туралы талапты көрсете отырып, кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырылған жылдың 15 қазанынан кешіктірмей:
1) тиісті уәкілетті тұлғаларға - жеке тұлға Қазақстан Республикасының аумағында жүргізген, білім беруге, медицинаға жұмсалатын шығыстар туралы мәліметтерді растау туралы талапты;
2) жеке тұлғаға - Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде медициналық көрсетілетін қызметтерді алғанын растайтын құжаттардың түпнұсқаларын немесе нотариат куәландырған көшірмелерін ұсыну қажеттігі туралы сұрау салуды;
3) екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға - жеке тұлғаның кірістер мен мүлік туралы декларациясында көрсетілген жеке тұлғаның (шот иесінің) келісімі негізінде жеке тұлға Қазақстан Республикасында тұрғын үй сатып алу үшін алған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге жұмсалатын шығыстарды растау туралы талапты жібереді.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғаларға талап мынадай тәсілдердің бірімен:
1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Бұл ретте пошта немесе өзге байланыс ұйымы мұндай талапты пошта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдағаны туралы белгі қойылған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жеткізуге тиіс;
2) салық төлеушінің жеке өзіне қолын қойғызып табыс етеді;
3) веб-қосымшада электрондық тәсілмен жіберіледі.
3. Салық органдарының талабында көрсетілген, жеке тұлға Қазақстан Республикасының аумағында жүргізген, білім беруге, медицинаға, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге жұмсалатын шығыстар туралы мәліметтерді растауды уәкілетті тұлғалар, банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар осы Кодекстің 24 және 26-баптарында белгіленген мерзімдерде ұсынады.
4. Осы бапта көзделген салық органдары талаптарының нысандарын және оларды жасау қағидаларын уәкілетті орган тиісінше Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, білім беру саласындағы уәкілетті органмен, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
5. Уәкілетті тұлғалар, банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар салық органдарының талабында көрсетілген мәліметтерді осы Кодекстің 24 және 26-баптарында белгіленген мерзімдерде ұсынбаған жағдайда, салық органы жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын қайтару және (немесе) есепке жатқызу туралы талапты көрсете отырып, кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан кешіктірмей жеке тұлғаға медициналық көрсетілетін қызметтерге және білім берудің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу бойынша шығыстарды, сондай-ақ ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге жұмсалатын шығыстарды растайтын құжаттардың түпнұсқаларын салық органына көрсете отырып, көшірмелерін ұсыну қажеттігі туралы сұрау салуды жібереді.
6. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайда, жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын қайтару және (немесе) есепке жатқызу туралы талапты көрсете отырып, кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырылған жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей келу тәртібімен тұрғылықты жері бойынша салық органына мынадай құжаттардың:
1) медициналық көрсетілетін қызметтерді, білім берудің көрсетілетін қызметтерін, ипотекалық тұрғын үй қарыздарын ұсынуға арналған шарттардың;
2) медициналық көрсетілетін қызметтерге, білім берудің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге жұмсалатын іс жүзіндегі шығыстарды растайтын құжаттардың;
3) медициналық көрсетілетін қызметтерді, білім берудің көрсетілетін қызметтерін алуды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуді растайтын өзге де құжаттардың түпнұсқаларын көрсете отырып, көшірмелерін ұсынуға міндетті.
Егер осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар шет тілінде жасалған болса, осындай құжаттардың нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасының болуы міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдер жүргізілген кезде осындай көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге жұмсалатын іс жүзіндегі шығыстарды растайтын құжат ретінде мынадай құжаттардың бірі:
банктік шотты пайдалана отырып не банктік шотты пайдаланбай төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде жасалатын төлем құжаты;
төлем карточкасын пайдалана отырып не электрондық терминалдар арқылы төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде жасалатын чек (бұдан әрі - чек);
банктік шот бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірме (бұдан әрі - үзінді көшірме) болып табылады, бұл ретте онда пайдасына осындай шығыстарға ақы төлеу жүргізілген тұлғаның атауы мен сәйкестендіру нөмірі болу керек.