2. Салық органдары жыл сайын:
1) осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес келетін субъектілердің бастапқы тізбесін 1 наурыздан кешіктірмей қалыптастырады;
2) мынадай мәліметтерді:
сәйкестендіру нөмірін (ол болған жағдайда);
салық төлеушінің тіркеу нөмірін;
жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не субъектінің атауын;
субъектінің орналасқан жеріндегі салық органының атауын;
кредиторлардың және (немесе) субъект мәжбүрлі түрде таратылған (есептік тіркеуден шығарылған, қызметін тоқтатқан) жағдайда құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын өзге де тұлғалардың өтініштерін (наразылықтарын) қабылдау үшін салық органының мекенжайын көрсете отырып, мәжбүрлі түрде таратылуға жататын субъектілердің қалыптастырылған тізбесін бұқаралық ақпарат құралдарында 1 сәуірден кешіктірмей орналастырады;
3) субъектілердің қалыптастырылған тізбесі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін 1 мамырдан кешіктірмей, мәліметтер алу үшін:
екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға - осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында айқындалған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы;
уәкілетті мемлекеттік органдарға - мүліктің, көлік құралдарының, жер учаскелерінің бар-жоғы туралы;
әділет органдарына - Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде мәліметтердің болуы (болмауы) туралы сұрау салулар жібереді.
3. Қойылатын наразылықтардың құқыққа сыйымдылығын растайтын құжаттар қоса берілген, кредиторлардың немесе өзге де тұлғалардың өтініштерін (наразылықтарын) салық органдары күнтізбелік жылдың 1 маусымына дейін қабылдайды.
4. Мәжбүрлі түрде таратуға (есептік тіркеуден шығаруға, қызметін тоқтатуға) жататын субъектілердің түпкілікті тізбесі осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген мәліметтер алынған және кредиторлардың немесе өзге де тұлғалардың өтініштері (наразылықтары) болмаған жағдайда күнтізбелік жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей қалыптастырылады.
5. Салық органдары осы баптың 4-тармағында көрсетілген тізбеге қосылған субъектілерге қатысты мәжбүрлі түрде тарату (есептік тіркеуден шығару, қызметін тоқтату) үшін талап қою арыздарын сотқа күнтізбелік жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей жібереді.
10-тарау. КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ
94-бап. Камералдық бақылау
1. Салық төлеушi (салық агенті) ұсынған салықтық есептілікті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негiзiнде салық органдары жүзеге асыратын бақылау камералдық бақылау болып табылады.
Камералдық бақылау тәуекелдерді басқару жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
2. Салық органдарында тіркеу есебіне қою және (немесе) осы Кодекстің 96-бабына сәйкес салықтық есептілікті ұсыну және (немесе) салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу арқылы салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды салық төлеушіге дербес жою құқығын беру камералдық бақылаудың мақсаты болып табылады.
95-бап. Камералдық бақылауды жүргізу тәртібі мен мерзімдері
1. Камералдық бақылау салық органдарында бар мынадай деректерді:
1) салықтық есептілікті;
2) өзге де мемлекеттік органдардың салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтерін;
3) салық төлеушінің қызметі бойынша әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді;
4) осы Кодексте белгіленген өзге де есептілікті салыстыру арқылы жүргізіледі.
2. Камералдық бақылау осы Кодексте белгіленген осындай кезең үшін салықтық есептілікті ұсыну мерзімі өткеннен кейін тиісті салықтық кезең үшін жүргізіледі.
3. Камералдық бақылау осы Кодекстің 48-бабында белгіленген ережелер ескеріле отырып, талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде жүзеге асырылады.
96-бап. Камералдық бақылау нәтижелерi
1. Камералдық бақылау нәтижелерi бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда:
тәуекел дәрежесі жоғары бұзушылықтар бойынша - анықталған бұзушылықтардың сипаттамалары қоса берiле отырып, камералдық бақылау нәтижелерi бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама;
тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтар бойынша - анықталған бұзушылықтардың сипаттамалары қоса берiле отырып, камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарлама ресiмделедi.
Камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық есептілікте бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде мәлімет үшін жіберіледі.
Камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарламаның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Осы тармақтың ережелері камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған тәуекел дәрежесі елеусіз бұзушылықтарға қолданылмайды және тәуекелдерді басқару жүйесінде ескеріледі.
2. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды салық төлеуші (салық агенті) ол тапсырылған (алынған) күннен кейiнгi күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Мыналар:
1) хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен
жағдайда - салық төлеушінің (салық агентінің) анықталған бұзушылықтарды:
салық органдарында тіркеу есебіне қою;
анықталған бұзушылықтар жататын салықтық кезең үшін хабарлама бойынша салықтық есептілікті ұсыну;
салық төлеушінің қосылған құн салығын қайтару туралы талабы бойынша бұрын бюджеттен қайтарылған қосылған құн салығының сомасын бюджетке төлеу, сондай-ақ салық төлеушіге осындай сомаларды аударған күннен бастап әрбір күн үшін осы Кодекстің 104-бабының 4-тармағында көрсетілген мөлшерде өсімпұл төлеу арқылы жоюы;
2) хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген
жағдайда - осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберген салық органына анықталған бұзушылықтар бойынша түсінікті қағаз немесе электрондық жеткізгіште ұсынуы салық төлеушінің (салық агентінің) камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауы болып танылады.
Түсінікте:
салық төлеушінің (салық агентінің) түсінікке қол қойған күні;
түсінікті ұсынған адамның тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не тұлғаның толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері);
салық төлеушінің (салық агентінің) сәйкестендіру нөмірі;
камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберген салық органының атауы;
түсінік ұсынылатын хабарламаның нөмірі мен күні;
түсінікті ұсынған адамның келіспеуіне негіздер және дәлелдемелер болып табылатын мән-жайлар көрсетілуге тиіс.
Егер түсінікте түсінікті ұсынған адамның келіспеуіне негіз ретінде дәлелдемелерді растау ретінде құжаттар көрсетілетін болса, онда салықтық есептіліктен басқа, түсінікте көрсетілген құжаттардың көшірмелері түсінікке міндетті түрде қоса беріледі.
Түсінікті ұсыну арқылы хабарламаны орындау шеңберінде өзге де құжаттарды ұсыну талап етілмейді.
3. Салық төлеуші осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген түсінікті камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған мынадай:
1) мыналар:
жазып берілуі бойынша әрекетті (әрекеттерді) заңды күшіне енген сот актісімен жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасаған (жасалған) деп танылған шот-фактураның және (немесе) өзге құжаттың негізінде;
заңды күшіне енген сот шешімің негізінде жарамсыз деп танылған мәмілелер бойынша сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шығыстарды шегерімге жатқызу және қосылған құн салығын есепке жатқызу кезіндегі;
2) заңды күшіне енген сот шешімінде белгіленген, басшысының және (немесе) құрылтайшысының (қатысушысының) мұндай заңды тұлғаны тіркеуге (қайта тіркеуге) және (немесе) оның қаржылық-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысы жоқ салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шығыстарды шегерімге жатқызу кезіндегі;
3) мыналар:
заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тіркелуі жарамсыз деп танылған заңды тұлғалармен және (немесе) дара кәсіпкерлермен жасалған мәмілелер (операциялар) бойынша;
заңды күшіне енген сот шешімі негізінде қайта тіркелуі жарамсыз деп танылған заңды тұлғалармен жасалған мәмілелер (операциялар) бойынша сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызу кезіндегі бұзушылықтар бойынша ұсынуға құқылы емес.
4. Хабарлама орындалмаған деп танылған жағдайда салық органы жазбаша шешiм шығарады және оны салық төлеушiге мынадай тәсілдерінің бірімен:
1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жібереді;
2) оны салық төлеушіге қолын қойдыра отырып табыс етеді;
3) электрондық тәсілмен веб-қосымшаға немесе «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне жібереді.
5. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға жоғары тұрған салық органына және (немесе) уәкілетті органға немесе сотқа шағым берілген кезде камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімінің өтуі:
1) жоғары тұрған салық органы және (немесе) уәкілетті орган шағымды қабылдаған күннен бастап - жоғары тұрған салық органының және (немесе) уәкілетті органның жазбаша шешімі шығарылғанға дейін;
2) сот шағымды (өтінішті) іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап - сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
Бұл ретте, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған, осы баптың 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберу бойынша салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым берілген жағдайларда, салық төлеуші заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғадан және (немесе) дара кәсіпкерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын дәлелдеуге құқылы.
6. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны белгіленген мерзімде орындамау осы Кодекстің 118-бабына сәйкес салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға алып келеді.
7. Осы Кодекстің 59-бабының 6-тармағына және 66-бабының 7-тармағына сәйкес жүргізілетін камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қорытынды жасайды.
Бұл ретте осы тармақта көрсетілген қорытындыны жасау күні камералдық бақылаудың аяқталған күні болып табылады.
11-тарау. САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕНІҢ, ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІ, АЙЫППҰЛДАР МЕН ӨСІМПҰЛДЫ АУДАРУ БОЙЫНША МІНДЕТТІҢ ОРЫНДАЛУЫН ЕСЕПКЕ АЛУ
97-бап. Жалпы ережелер
1. Салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің, айыппұлдар мен өсімпұлдың есептелген, есепке жазылған, төленген сомаларын есепке алуды салық органдары салық төлеушінің жеке шотын жүргізу арқылы жүзеге асырады.
2. Салық төлеушінің жеке шотын жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Салық төлеушінің жеке шоты ұлттық валютада жүргізіледі.
4. Мыналар:
салық төлеуші салықтық есептілікте;
салық органдары - осы Кодекстің 493, 514 және 532-баптарында белгіленген жағдайларда, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтері негізінде;
уәкілетті мемлекеттік органдар осы Кодексте көзделген негіздер бойынша айқындаған сома (оның ішінде ұлғайтылуға немесе азайтылуға жататын сома) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің есептелген сомасы болып табылады.
5. Салық органы:
салықтық тексерудің нәтижелері бойынша;
салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау қорытындылары бойынша;
5-тармақтың төртінші абзацы 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
деңгейлес мониторинг нәтижелері бойынша;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның және оның аумақтық органдарының осы Кодекстің 573-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталуы бойынша тексерулерді (мемлекеттік экологиялық бақылауды) жүзеге асыру нәтижелері бойынша ұсынған мәліметтері негізінде айқындаған салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің сомасы (оның ішінде ұлғайтылуға немесе азайтылуға жататын сома) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің есепке жазылған сомасы болып табылады.
6. Осы баптың 4 және 5-тармақтарын қолдану мақсатында есепке жатқызылатын қосылған құн салығының есепке жазылған салық сомасынан асып кетуі де қосылған құн салығының сомасын азайту болып табылады.
7. Салықтар, бюджетке төленетін төлемдер, әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар, өсімпұл бойынша салық төлеушінің жеке шотындағы есеп-қисаптар сальдосы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен есептеледі.
8. Салық төлеушінің салықтық өтініші бойынша салық органдары салық төлеушінің жеке шотынан салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің, айыппұлдардың, өсімпұлдың барлық немесе жекелеген түрі бойынша бюджетпен есеп айырысулардың жай-күйі туралы үзінді-көшірмені мұндай өтінішті салық органы тіркеген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде береді.
98-бап. Салықтар және бюджетке төленетiн төлемдер, әлеуметтiк төлемдер бойынша есеп-қисаптарды салыстырып тексеру жүргiзу
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) талап етуі бойынша салық органы бір жұмыс күні ішінде салықтар және бюджетке төленетін төлемдер, әлеуметтік төлемдер бойынша есеп-қисаптарды салыстырып тексеру жүргізеді.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) деректері мен салық органы деректерінің арасында алшақтықтар болған жағдайда, алшақтықтар анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде салық органы мен салық төлеуші (салық агенті) туындаған алшақтықтарды жою бойынша шаралар қабылдайды. Қажет болған жағдайда салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотына түзетулер енгізіледі.
99-бап. Қаулыны орындаудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты айыппұл төлеу бойынша міндеттеменің тоқтатылуы
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қаулыны орындаудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты орындалуы мүмкін емес, салық салу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы бойынша айыппұл сомасы салық органының шешімі негізінде осындай шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотынан салық органының есептен шығаруына жатады.
100-бап. Есебі салық органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәлiметтердi беру тәртiбi
1. Салық органы есебі салық органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді беру туралы сұрау салу негізінде осындай мәліметтерді:
әділет органдарына - сұрау салу келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей;
басқа мемлекеттік органдарға және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында берілуі көзделген тұлғаларға, салық төлеушіге - сұрау салу келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
Есебі салық органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерге сұрау салу және оларды осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғаларға беру электрондық нысанда жүзеге асырылады.
2. Есебі салық органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қалыптастырылады.
3. Заңды тұлға таратылған немесе шетелдік заңды тұлғаның филиалы (өкілдігі) қызметiн тоқтатқан жағдайда, есебі салық органында жүргізілетін берешектің осындай тұлғаларда жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер осы Кодекстің 58, 59 және 60-баптарында белгіленген шарттар сақталған кезде беріледі.
4. Дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуі кезінде есебі салық органында жүргізілетін берешектің осындай тұлғаларда жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінен шығарылған кезде беріледі.
1-параграф. Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұл мен айыппұлдарды есепке жатқызу және қайтару
101-бап. Жалпы ережелер
1. Есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізу күніне салықтың (қосылған құн салығын қоспағанда), бюджетке төленетін төлемнің аталған түрі, өсімпұл бойынша бюджетке төленген (өндіріп алынған) (есепке жатқызылғанды және қайтарылғанды шегергенде) және есептелген, есепке жазылған (азайтылғанды шегергенде) сомалары арасындағы оң айырма салықтың (қосылған құн салығын қоспағанда), бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген (өндіріп алынған) сомасы болып табылады.
Алдыңғы салықтық кезеңдердегі қосылған құн салығы бойынша есеп-қисаптар ескеріле отырып, салықтық кезеңде бюджетке төленген (өндіріп алынған) (есепке жатқызылғанды және қайтарылғанды шегергенде) және есептелген, есепке жазылған (азайтылғанды шегергенде) қосылған құн салығының сомалары арасындағы оң айырма артық төленген (өндіріп алынған) қосылған құн салығы сомасы болып табылады.
Тіркеу алымдарының, жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды, радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсаттарды, азаматтық авиация саласындағы сертификаттарды беру үшін алынатын алымдардың, сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақының, мемлекеттік баждың төленген сомалары - жүзеге асырылуы үшін осындай төлемдерді төлеу талап етілетін әрекеттерді жасамауы (оның ішінде, салық төлеушінің тиісті құжаттарды бергенге дейін әрекеттер жасаудан бас тартуы нәтижесінде) фактісін тиісті уәкілетті мемлекеттік орган растаған жағдайда, артық төленген болып танылады.
Орманды пайдаланғаны үшін төлемақының төленген сомалары орман пайдалануға арналған ағаш кесу билетi пайдаланылмаған жағдайда, артық төленген төлемдер болып танылады.
2. Осы Кодекстің 672-бабына сәйкес бейрезидент-салық төлеушіге қайтарылуға жататын табыс салығының сомасы да табыс салығының артық төленген сомасы болып табылады.
3. Салық органы салықтың, бюджетке төленетін төлемнің (қайтарылуға жатпайтын алымдар мен төлемақыларды қоспағанда), өсімпұлдың артық төленген (өндіріп алынған) сомаларын есепке жатқызуды және қайтаруды ұлттық валютада мынадай тәртіппен:
тиісті салық, бюджетке төленетін төлем, өсімпұл бойынша жеке шоттарды жүргізу орны бойынша - осындай жеке шоттардың мәліметтері негізінде;
жеке шоттар жүргізілмейтін бюджетке төленетін төлемдерді төлеу орны бойынша - тиісті уәкілетті мемлекеттік орган берген, жүзеге асырылуы үшін бюджетке төлемдерді төлеу көзделген әрекеттердің жасалмағанын растайтын, салық төлеуші ұсынған құжаттардың негізінде жүргізеді.
4. Салық органы салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген (өндіріп алынған) сомасын есепке жатқызуды және қайтаруды мынадай тәртіппен:
1) салықтық өтініш негізінде есепке жатқызуды және қайтаруды жүргізген жағдайда - салық органдары осындай өтінішті тіркеген күннен бастап;
2) өтінішсіз есепке жатқызуды жүргізген жағдайда - салық төлеушінің жеке шотында артық төленген сома түзілген күннен бастап есептелетін он жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Салық органы салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген (өндіріп алынған) сомасын қайтаруды бюджетке салықтық берешегі болмаған кезде салық төлеушінің салықтық өтініші негізінде оның банктік шотына жүргізеді.
Салық органы салықтық берешегі болған кезде есепке жатқызуға арналған салықтық өтінішті ұсынбастан, орын алған салықтық берешекті өтеу есебіне салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген сомасын есепке жатқызуды жүргізеді.
Егер салық төлеуші заңды тұлға болып табылса, салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген сомасын есепке жатқызу - есепке жатқызуға арналған салықтық өтініш ұсынылмастан, заңды тұлға мен оның құрылымдық бөлімшелерінің орын алған салықтық берешегін өтеу есебіне жүргізіледі.
Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген сомасының қалдығы осы тармақта көзделген есепке жатқызу жүргізілгеннен кейін қайтарылуға жатады.
5. Мыналар:
1) есепке жатқызуға жатпайды:
заңды тұлға мен оның құрылымдық бөлімшесі арасындағы есепке жатқызудан басқа, салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген (өндіріп алынған) сомасы басқа салық төлеушінің салықтық берешегін өтеу есебіне;
мемлекеттік баждың төленген сомасы;
2) мыналар:
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүргені үшін алымның, консулдық алымның, мыналарды:
жер учаскелерін пайдаланғаны, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия негізінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттің жер қойнауы учаскесін бергені, жануарлар дүниесін пайдаланғаны, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақының төленген сомасы, осындай сомалардың қате төленген жағдайларын қоспағанда;
есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалануға жататын акцизделетін тауарлар үшін акциздердің артық төленген сомасы, салық төлеушінің осындай тауарларды өндіру жөніндегі қызметін тоқтату және бұрын алынған есепке алу-бақылау маркаларын қабылдау-беру актісі бойынша салық органына қайтару жағдайларын қоспағанда;
салықтың, жер учаскелерін пайдаланғаны, жерүсті көздерінен су ресурстарын пайдаланғаны, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақының артық төленген (өндіріп алынған) сомасы - осындай салықтар, төлемақылар бойынша салықтық есептілікті ұсыну мерзімі ұзартылған жағдайда оны ұсыну күніне дейін есепке жатқызуға және қайтаруға жатпайды.
6. Салық органы есепке жатқызу және (немесе) қайтару мерзімі бұзылып жүргізілген салықтың, бюджетке төленетін төлемнің артық төленген (өндіріп алынған) сомасына арналған салық төлеушінің салықтық өтініші бойынша есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізу мерзімін бұзған жағдайда, салық органы мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін салық төлеушінің пайдасына өсімпұлды есепке жазады. Өсімпұл есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізу күнін қоса алғанда, есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізу мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін қолданылған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде есепке жазылады.
Есепке жазылған өсімпұл сомасы тиісті бюджет сыныптамасының коды бойынша бюджетке түсетін түсімдердің есебінен салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген (өндіріп алынған) сомасын есепке жатқызу (немесе) қайтару жүргізілген күні салықтық өтініште көрсетілген салық төлеушінің банктік шотына аударылуға жатады.
7. Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген (өндіріп алынған) сомасын есепке жатқызуды (немесе) қайтаруды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.