2) осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, осы Кодекстің 70-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген мерзім өткен күннен бастап;
3) осы баптың 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, осы Кодекстің 70-бабы 6-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген мерзім өткен күннен бастап;
4) салық органы соттың дара кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тіркеуді жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген шешімін алған күннен бастап;
5) салық органы соттың заңды тұлғаны қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген шешімін алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шығарады.
6. Қосылған құн салығын төлеуші салық органының шешімі бойынша:
1) осы баптың 4-тармағының 1), 2), 3) және 7) тармақшаларында аталған тұлғалар үшін - осы шешім шығарылған күннен бастап;
2) осы баптың 4-тармағының 4) тармақшасында аталған тұлғалар үшін - қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күннен бастап;
3) осы баптың 4-тармағының 5) тармақшасында аталған тұлға үшін - Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімін жүргізуді жүзеге асыратын тіркеуші органда соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жарамсыз деп танылған қайта тіркелген күннен бастап;
4) егер осы тармақшада өзгеше белгіленбесе, осы баптың 4-тармағының 6) тармақшасында белгіленген жағдайлар туындаған күннен бастап қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығарылды деп танылады.
Қосылған құн салығын төлеуші осы баптың 4-тармағы 6) тармақшасының тоғызыншы абзацында көрсетілген жағдайларда, салық органының шешімі бойынша қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күннен бастап қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығарылды деп танылады.
7. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару:
1) егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын тұлғаның қызметі тоқтатылған жағдайда - осы Кодекстің 58, 60, 65 және 66-баптарында көрсетілген салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш не қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш ұсынылған күннен бастап;
2) заңды тұлғалар бірігу, қосылу жолымен қайта ұйымдастырылған жағдайларда - таратудың салықтық есептілігі және беру актісі ұсынылған күннен бастап;
3) заңды тұлға бөліну жолымен қайта ұйымдастырылған жағдайда - осы Кодекстің 64-бабында көрсетілген салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш ұсынылған күннен бастап;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркелген және қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын жеке тұлға қайтыс болған жағдайда - осы Кодекстің 78-бабының 1-тармағында айқындалған тәртіппен салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорынан алып тасталған күннен бастап жүргізіледі.
8. Қосылған құн салығын төлеуші банкроттық себебі бойынша таратылған кезде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен алып тасталған немесе дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап жүргізіледі.
9. Салық органының шешімімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен қосылған құн салығын төлеушінің шығарылғаны туралы ақпарат қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару туралы шешім шығарылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
4-параграф 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
4-параграф. Электрондық салық төлеуші ретінде тіркеу есебі
86-бап. Электрондық салық төлеушіні тіркеу есебіне қою
1. Жеке тұлғаны, заңды тұлғаны, оның құрылымдық бөлімшелерін электрондық салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою ерікті сипатта болады және салық органында салық төлеуші ретінде тіркеуден өткеннен кейін жүргізіледі.
2. Салық төлеуші тіркеу есебіне қою үшін орналасқан немесе тұрғылықты жеріндегі салық органына өзі келу тәртібімен қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда электрондық салық төлеушінің тіркеу есебі туралы салықтық өтінішті ұсынады.
Электрондық салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою үшін осындай салықтық өтінішті ұсыну салық төлеушінің хабарлардың кепілді жеткізілуін қамтамасыз ететін телекоммуникациялар желісі бойынша беру арқылы электрондық құжаттар алмасуға, оның ішінде осы Кодексте көзделген салық органдарының хабарламаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құжаттарды алуға берген келісімі болып табылады.
3. Салық органы электрондық салық төлеушінің тіркеу есебі туралы салықтық өтініш қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде салық төлеушіге құжаттарды беру журналына қолын қойдыра отырып, электрондық цифрлық қолтаңбасын береді.
87-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаны ауыстыру және жою
1. Салық төлеуші электрондық цифрлық қолтаңбаны жою немесе оны ауыстыру үшін орналасқан немесе тұрғылықты жеріндегі салық органына электрондық салық төлеушінің тіркеу есебі туралы салықтық өтінішті ұсынуға мынадай:
1) электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланудан бас тарту туралы шешім қабылданған;
2) тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталған;
3) электрондық цифрлық қолтаңбадан тұратын кілті бар контейнерлі электрондық ақпарат жеткізгіш жоғалған;
4) кілті бар контейнерлі электрондық ақпарат жеткізгіш жұмыс істемейтіндей болып бүлінген жағдайларда құқылы.
2. Электрондық цифрлық қолтаңбаны жою салық төлеушінің салық органымен осы бапта белгіленген жағдайларда хабарлардың кепілді жеткізілуін қамтамасыз ететін телекоммуникациялар желісі бойынша беру арқылы электрондық құжаттармен алмасу құқығын тоқтатады.
3. Салық органы электрондық цифрлық қолтаңбаны жоюды немесе ауыстыруды электрондық цифрлық қолтаңбадан тұратын кілті бар контейнерден бас тарту немесе оны ауыстыру үшін электрондық салық төлеушінің тіркеу есебі туралы салықтық өтініш берілген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізеді.
4. Салық органы салық төлеушінің салықтық өтінішінсіз электрондық цифрлық қолтаңбаны салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорынан алып тастаған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жояды.
5. Салық органы салық төлеушiнiң электрондық цифрлық қолтаңбасын жоюды бір жұмыс күнi iшiнде мынадай:
1) заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде салық төлеушіні мемлекеттік тіркеу жарамсыз деп танылған жағдайда - салық органы соттың шешімін алған күннен бастап;
2) осы Кодекстің 85-бабы 4-тармағының 1), 2), 3), 5), 6) және 7) тармақшаларына сәйкес салық органының шешімі бойынша салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған жағдайда - қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару туралы шешім шығарылған күннен бастап;
3) банкрот деп танылған жағдайда - салық төлеушіні банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жүргізеді.
5-параграф. Жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушiні тіркеу есебі
88-бап. Жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебіне қою
1. Жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебіне қоюға мынадай қызмет түрлерін:
1) бензинді (авиациялық бензиннен басқа), дизель отынын өндіруді;
2) бензинді (авиациялық бензиннен басқа), дизель отынын көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді;
3) этил спиртін және (немесе) алкоголь өнiмдерін өндiруді;
4) алкоголь өнiмдерiн көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді;
5) темекi бұйымдарын өндiрудi және (немесе) көтерме саудада өткізуді;
6) ойын бизнесiн;
7) тармақша 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
7) ұтыссыз ойын автоматтарын, ойынға арналған жеке компьютерлерді, ойын жолдарын, карталарды, бильярд үстелдерін пайдалана отырып көрсетілетін қызметтерді;
8) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, жинауды (жинақтауды);
9) тармақша 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
9) осы Кодекстің 543-бабының 5) тармақшасында аталған уәкілетті ұйымдар жүзеге асыратын қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруды;
10) тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын салық төлеушілер жатады.
2. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою осы баптың 1-тармағында көрсетілген жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жеріндегі салық органдарында жүргізіледі.
3. Лицензиялауға жататын жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебіне қою тиісті лицензиясы болған жағдайда лицензияның қолданыс мерзімінен аспайтын мерзімге жүргізіледі.
4. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, осы баптың 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында (темекі бұйымдарын көтерме саудада өткізуді қоспағанда) көрсетілген қызмет түрлері бойынша лицензиялауға жататын жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою тиісті лицензиясы болған жағдайда рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі деректерінің негізінде жүргізіледі.
Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 5) (темекі бұйымдарын өндіруді қоспағанда), 6 - 10) тармақшаларында көрсетілген жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалатын тәртіппен, жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаның негізінде жүргізіледі.
5. Осы баптың 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетiлген хабарлама салық органына жекелеген қызмет түрін жүзеге асыру басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады. Хабарламаға мынадай:
осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген қызметтi жүзеге асыру кезінде - мұнай өнiмдерiн өндiрушiнiң өндiрiстік объектiсiне меншiк немесе жалға алу құқығын растайтын құжаттардың;
осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген қызметтi жүзеге асыру кезінде - мұнай өнiмдерi базасын (резервуарды), автожанармай құю станциясына меншiк немесе жалға алу құқығын растайтын құжаттардың немесе автожанармай құю станциясын иеленушімен жасалған, оған сәйкес автожанармай құю станциясын иеленуші (сенім білдірілген өкіл) тапсырма шарты бойынша бензинді (авиациялық бензиннен басқа) және (немесе) дизель отынын бөлшек саудада өткізуді өтініш берушінің (сенім білдірушінің) атынан немесе оның тапсырмасы бойынша жүзеге асыратын тапсырма шартының не мұнай берушінің мұнай өнiмдерiн өндiрушiмен жасалған мұнайды қайта өңдеу шартының;
осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетiлген қызметтi жүзеге асыру кезінде - темекі бұйымдарын көтерме саудада өткізу кезінде қоймалық үй-жайға меншiк құқығын немесе жалға алу құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері қоса беріледі.
Тапсырма шартын және мұнай берушінің мұнай өнiмдерiн өндiрушiмен жасалған мұнайды қайта өңдеу шартын қоспағанда, шарттардың қолданылу мерзімі бір жылдан кем болмауға тиіс.
Салыстырып тексеру үшiн шарттардың түпнұсқалары ұсынылмаған жағдайда, шарттардың көшiрмелерiн нотариат куәландыруға тиіс.
6. Салық органы салық төлеушіні жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қоюды:
1) хабарлама берілген күннен бастап;
2) лицензиялауға жататын қызмет түрлері бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен мәліметтер алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізеді.
7. Салық төлеушіде бірнеше ойын мекемесі (стационарлық орындар) болған жағдайда тіркеу есебіне қою әрбір ойын мекемесі (стационарлық орын) бойынша бөлек жүзеге асырылады.
Стационарлық орын ұтыссыз ойын автоматтарын, ойынға арналған жеке компьютерлерді, ойын жолдарын, карталарды, бильярд үстелдерін пайдалану арқылы қызметтер көрсету бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын орын болып табылады.
8. Ойын мекемесінің (стационарлық орынның) аумағында салық органдарында тіркелмеген салық салу объектiлерін және (немесе) салық салуға байланысты объектiлерді пайдалануға және олардың болуына тыйым салынады.
9. Салық төлеушіде осы баптың 1-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын бірнеше салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объекті болған кезде әрбір салық салу объектісін және (немесе) салық салуға байланысты объектіні тіркеу есебі бөлек жүргізіледі.
10. Осы баптың 1-тармағы 1) - 5) тармақшаларының мақсаттары үшін салық салуға байланысты объектілер деп мұнай өнімдерін өндірушінің өндірістік объектісі, мұнай өнімдері базасы, резервуар, автожанармай құю станциясы, мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу шартында немесе мұнай өнімдерін өндірушімен (мұнайды берушілер үшін) жасалған шартқа қосымшада (ерекшелікте) көрсетілген мұнайдың және (немесе) газ конденсатының және мұнай өнімдері шығарылымының көлемі, осы баптың 1-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін пайдаланылатын стационарлық және (немесе) қоймалық үй-жай түсініледі.
89-бап. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушінің тiркеу деректерiн өзгерту және толықтыру
1. Тiркеу деректерінде көрсетiлген салық салу объектiлерi және (немесе) салық салуға байланысты объектiлер туралы мәлiметтер өзгерген кезде салық төлеушi өзгерістер туындаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердiң тiркелген жеріндегі салық органына осы Кодекстiң 88-бабының 4-тармағында көрсетiлген хабарламаны беруге мiндеттi.
2. Салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтер өзгерген жағдайда, салық органы осы Кодекстің 88-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде салық төлеушінің тіркеу деректеріне өзгерістер енгізуді жүргізеді.
Осы Кодекстің 88-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші хабарламаға осы Кодекстің 88-бабының 5-тармағында көрсетілген, салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтердің өзгергенін растайтын құжатты қоса береді.
Салыстырып тексеру үшін шарттың түпнұсқасы ұсынылмаған жағдайда шарттардың және (немесе) шартқа қосымшалардың көшірмелерін нотариат куәландыруға тиіс.
90-бап. Жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебінен шығару
1. Салық органы салық төлеушіні лицензиялауға жатпайтын жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебінен осы Кодекстің 88-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген хабарлама негізінде мынадай:
1) осы Кодекстің 88-бабының 1-тармағында көрсетілген қызмет түрлерiн жүзеге асыру тоқтатылған;
2) тіркеу деректерінде көрсетілген барлық салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объекті есептен шығарылған жағдайларда, шығаруға тиіс.
2. Салық органы салық төлеушіні лицензиялауға жататын жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығаруды рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алынған лицензия қолданысының тоқтатылуы туралы мәліметтердің негізінде жүргізеді.
3. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығару үшін хабарлама осы Кодекстің 88-бабының 1-тармағында белгіленген қызмет түрлерін жүзеге асыру тоқтатылған немесе тіркеу деректерінде көрсетілген салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің жалпы саны есептен шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің тіркелген жеріндегі салық органына ұсынылады.
4. Салық төлеушіні жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебінен шығару салық органының шешімі негізінде:
1) осы Кодекстің 88-бабы 1-тармағының 1), 2) және 5) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушінің:
мұнай өнiмдерiн өндiрушiнiң өндiрiстік объектiсiн жалға алу;
мұнай өнiмдерi базасын (резервуарды), автожанармай құю станциясын жалға алу;
автожанармай құю станциясын иеленушімен жасалған, оған сәйкес автожанармай құю станциясын иеленуші (сенім білдірілген өкіл) тапсырма шарты бойынша бензинді (авиациялық бензиннен басқа) және (немесе) дизель отынын бөлшек саудада өткізуді оның атынан немесе өтініш берушінің (сенім білдірушінің) тапсырмасы бойынша жүзеге асыратын тапсырма;
мұнай берушінің мұнай өнiмдерiн өндiрушiмен жасалған мұнайды қайта өңдеу;
темекі бұйымдарын көтерме саудада өткізу кезінде қоймалық үй-жайды жалға алу шартының қолданысы тоқтатылған;
2) осы Кодекстің 88-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші лицензияда көрсетілген мекенжай бойынша болмаған;
3) осы Кодекстің 88-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 5) және 8) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші акциз бойынша декларацияны және (немесе) есеп айырысуды ұсыну үшін осы Кодексте белгіленген мерзімнен кейін үш айлық кезең ішінде оларды ұсынбаған жағдайларда, жүргізіледі.
5. Жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебінен шығару туралы шешімді уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердің тiркелген жеріндегі салық органы осы баптың 4-тармағында көрсетілген жағдайлар туындаған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шығарады.
6. Жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебінен шығарылған салық төлеуші туралы ақпарат тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
6-параграф. Салық төлеушіні әрекет етпейтін, тарату, қызметін мәжбүрлі тәртіппен тоқтату сатысында тұрған деп тану
91-бап. Әрекет етпейтін салық төлеуші
1. Әрекет етпейтін салық төлеушілерге әрекет етпейтін заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер жатады.
2. Осы Кодексте белгіленген ұсыну мерзімінен кейін бір жыл өткен соң салықтық кезең үшін:
1) корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны;
2) егер көрсетілген салықтық кезеңнен кейінгі үш салықтық кезең үшін ойын бизнесі салығы бойынша, тіркелген салық бойынша декларация ұсынылмаған жағдайда, мұндай декларацияны;
3) егер көрсетілген салықтық кезеңнен кейінгі екі салықтық кезең үшін жеңілдетілген декларация ұсынылмаған жағдайда, мұндай декларацияны ұсынбаған резидент-заңды тұлға, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға, сондай-ақ бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі әрекет етпейтін заңды тұлға болып танылады.
3. Осы Кодексте белгіленген ұсыну мерзімінен кейін бір жыл өткен соң салықтық кезең үшін:
жеке табыс салығы бойынша декларацияны;
егер көрсетілген салықтық кезеңнен кейінгі үш салықтық кезең үшін ойын бизнесі салығы бойынша, тіркелген салық бойынша декларация ұсынылмаған жағдайда, мұндай декларацияны;
егер көрсетілген салықтық кезеңнен кейінгі екі салықтық кезең үшін жеңілдетілген декларация ұсынылмаған жағдайда, мұндай декларацияны;
соңғы патенттің қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап екі жыл ішінде патент құнының есебін ұсынбаған дара кәсіпкер әрекет етпейтін дара кәсіпкер болып танылады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының қолданысы қызметін тоқтата тұрған резидент-заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаларға, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері мен дара кәсіпкерлерге оны тоқтата тұру кезеңіне қолданылмайды.
5. Салық органдары салық төлеушілерді әрекет етпейтін деп тану туралы бұйрықты жыл сайын, 30 сәуірден кешіктірмей шығарады, олар туралы мәліметтер осындай бұйрық шығарылған күннен кешіктірілмей, уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
6. Әрекет етпейтін деп танылған салық төлеушілер туралы мәліметтер:
1) салық төлеуші салықтық есептілікті ұсыну бойынша салықтық міндеттемені орындағаннан;
2) салықтық есептілікті осы Кодексте белгіленген мерзімде ұсынбағаны үшін салық төлеушіге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұлдар қолданылған жағдайда, олар төленгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде қабылданған салық органының бұйрығына сәйкес уәкілетті органның интернет-ресурсынан алып тасталады.
7. Әрекет етпейтін деп танылған салық төлеушілер туралы мәліметтер салық органының тиісті бұйрығы қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей, уәкілетті органның интернет-ресурсынан алып тасталады.
8. Салық төлеуші Заңды тұлғалардың мемлекеттік тiзiлiмінен алынған немесе дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған жағдайда, мұндай салық төлеушілер бір мезгілде әрекет етпейтін салық төлеушілер тiзiлiмінен алып тасталады.
92-бап. Тарату (қызметін тоқтату) сатысында тұрған салық төлеуші
1. Таратылуына (қызметін тоқтатуына) байланысты салықтық тексеру жүргізуге салықтық өтініш немесе қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш ұсынған тұлға тарату (қызметін тоқтату) сатысында тұрған салық төлеуші болып танылады. Бұл ретте мұндай салық төлеуші туралы ақпарат тиісті өтініш ұсынылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылады.
2. Салық органдары тарату (қызметін тоқтату) сатысында тұрған салық төлеушілер тізімінен тұлғаны алып тастауды:
1) Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен алып тасталған жағдайда - мұндай мәліметтер алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде;
2) дара кәсіпкер және жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінен шығарылған жағдайда - тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізеді.
93-бап. Салық төлеушілердің қызметін мәжбүрлі тәртіппен тоқтату ерекшеліктері
1. Мәжбүрлі тәртіппен қызметін тоқтатуға бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына дейін, бірақ осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімінен кем болмайтын мерзімде:
салықтық есептілікті ұсынбаған;
экспорттық-импорттық операцияларды жасамаған;
егер күнтізбелік жыл ішіндегі төлемнің және (немесе) ақша аударымының сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 141 еселенген мөлшерінен аспайтын жағдайларды қоспағанда, банктік шоттар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін және (немесе) әлеуметтік төлемдерді алуды жүзеге асырмаған;
қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмаған;
2) күнтізбелік жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша:
қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмаған;
осы Кодекстің 213 және 214-баптарында айқындалған тәртіппен салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрмаған;
жеке тұлғалардан мүлік, көлік құралдары салықтары, жер салығы, бірыңғай жер салығы салынатын объектілерді қоспағанда, меншік құқығында көрсетілетін салықтар салынатын объектілер жоқ;
әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі жоқ;
салықтар және бюджетке төленетін төлемдер, кедендік төлемдер және республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 6 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі салықтар бойынша салықтық берешегі жоқ резидент-заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлімшелері, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері, қызметін құрылымдық бөлімше ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер жатады.
Осы тармақтың ережелері:
1) осы Кодекске сәйкес салықтық мониторингке жататын;
2) қызметін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды.