Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы
1995 жылғы 16 қазандағы № 2529 Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы
(2023.01.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2023 жылғы 19 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен тақырыбы мен кіріспе жаңа редакцияда
Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентiн ұйымдастыруды және оның қызметiн, оның депутаттарының құқықтық жағдайын белгiлейдi.
I тарау
Жалпы ережелер
2017.15.06. № 75-VI ҚР Конституциялық Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-бап. Республика Парламентiнiң мәртебесi
Парламент - Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен; 2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара ) 2-бап өзгертілді
2-бап. Республика Парламентiнiң өкiлеттiк мерзiмi
1. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл, Mәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзiмi - бес жыл. Кезекті сайланған Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және келесі сайланған Парламенттің біріншi сессиясы жұмысының басталуымен аяқталады. Бұл орайда Парламент сайланымының кезектiлігі Mәжіліс сайланымының кезектілігімен айқындалады. Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланған Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады.
2. Парламенттiң және Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген тәртіппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 3-бап өзгертілді
3-бап. Республика Парламентi қызметiнiң құқықтық негiздерi
Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Республика Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және Республиканың басқа да заң актілерімен белгiленедi.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен; 2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара ) 4-бап өзгертілді
4-бап. Республика Парламентiнiң құрамы мен құрылымы
1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан:
Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
2. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әрбір үш жылда қайта сайланады.
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды.
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады.
Алпыс тоғыз депутат – біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер бойынша саяси партиялардан, жиырма тоғызы бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жасырын дауыс беру кезінде жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде сайланады.
5. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
6. Сенат пен Мәжіліс депутаттарын сайлау тәртібі конституциялық заңмен белгiленедi.
II тарау
Республика Парламентiнiң құзыретi және оны жүзеге асырудың ұйымдық нысандары
5-бап. Республика Парламентiнiң құзыретi
Парламенттiң Сенат пен Мәжілістiң бiрлескен және бөлiк отырысындағы құзыретiн, Палаталардың ерекше құзыретiн Республика Конституциясы белгiлейдi және Парламенттiң сессияларында, Парламент Палаталарының, оның органдары мен депутаттардың қызметiнде жүзеге асырылады.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2013.03.10. № 133-V ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 6-бап өзгертілді
6-бап. Республика Парламентiнiң сессиялары
1. Парламенттiң сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi.
2. Парламенттiң бiрiншi сессиясын Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей шақырады.
3. Парламенттiң бiрiншi сессиясында, Сенат Төрағасы мен Мәжіліс Төрағасы сайланғанға дейiн, Сенат пен Мәжіліс отырыстарында тиiсiнше Республика Президентi және Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы төрағалық етедi.
4. Парламенттiң кезектi сессиялары жылына бiр рет қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен бастап, маусымның соңғы жұмыс күнi бiткенше өткiзiледi.
Жұмыс күндері деп демалыс немесе мереке (ұлттық және мемлекеттік мерекелер) күндері болып табылмайтын күндерді түсіну керек.
5. Парламенттiң сессиясы Сенат пен Мәжілістiң бiрлескен отырыстарында ашылып, жабылады. Парламенттiң сессиясын, әдетте, Республика Президентi ашады, ал ол болмаған кезде Мәжілістiң Төрағасы ашады.
6. Парламенттiң сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президентi өз бастамасымен, Палаталар Төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негiз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкiн.
7-бап. Республика Парламентiнiң сессияларындағы кворум
Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы болады.
8-бап. Республика Парламентi сессияларының жариялылығы
1. Палаталардың бiрлескен және бөлiк отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн.
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Республиканың Президентi, Премьер-Министрi мен Үкiмет мүшелерi, Ұлттық Банк Төрағасы, Бас Прокуроры, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы, сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші мен Республика Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы кез келген, ашық, сондай-ақ жабық отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге хақылы.
3. Мемлекеттік органдардың және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының лауазымды тұлғалары, олардың сессияға қатысу қажеттiгi туралы Парламенттiң немесе оның Палаталарының шешiмi қабылданса, Парламентке келiп өздерiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша қажеттi түсiнiктер беруге мiндеттi. Парламент пен оның Палаталарының Республика Президентiне қатысты осындай шешiмдер қабылдауға хақы жоқ.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 9-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
9-бап. Республика Парламентi Палаталарының Төрағалары
1. Палаталарды мемлекеттік тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжіліс сайлаған Төрағалар басқарады.
2. Сенат Төрағасының қызметiне кандидатураны Республика Президентi ұсынады. Сенат қабылдамаған кандидатураның орнына жаңа кандидатура енгізудi Республика Президентi жүзеге асырады.
3. Мәжіліс Төрағасының қызметiне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.
4. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшiн Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн, сондай-ақ олар өз еркiмен орнынан түсуге хақылы.
5. Парламент Палаталарының төрағалары:
1) Палаталардың отырыстарын шақырып, оларға төрағалық етедi;
2) Палаталардың қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеуге жалпы басшылық жасайды;
3) Палаталар қызметiнде регламенттiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) Палаталардың үйлестiру органдарының қызметiне басшылық жасайды;
5) Палаталар шығаратын актiлерге қол қояды;
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) Палаталарға Конституциялық Соттың үш судьясының, Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесінің, Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесінің қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады;
7) өздерiне Парламент Регламентiмен жүктелетiн басқа да мiндеттердi атқарады.
6. Егер тиiстi палатада дауыс беру кезiнде депутаттардың дауыстары екiге тең бөлiнген жағдайда Палаталардың төрағалары шешушi дауыс құқығын пайдаланады;
7. Мәжіліс Төрағасы:
1) Парламент сессияларын ашады;
2) Палаталардың бiрлескен кезектi отырыстарын шақырады, Палаталардың кезектi және кезектен тыс бiрлескен отырыстарына төрағалық етедi.
8. Сенат Төрағасы мен Мәжіліс Төрағасының Палата төрағасының ұсынуымен Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен тиiстi Палата сайлаған екі-екіден орынбасарлары болады. Палаталар төрағаларының орынбасарлары Палаталар төрағаларының уәкiлдiк беруiмен олардың жекелеген функцияларын атқарады, сондай-ақ төрағалар орнында болмаған немесе өз мiндеттерiн жүзеге асыруы мүмкiн емес жағдайда олардың міндетін атқарады. Палаталар төрағаларының орынбасарлары Палаталар төрағаларының ұсынысы бойынша, егер бұл үшiн тиiстi Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн.
9. Палаталардың төрағалары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен; 2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 10-бап өзгертілді
10-бап. Республика Парламентiнiң үйлестірушi органдары
1. Парламенттiң үйлестiрушi органдары Палаталар төрағаларының жанынан құрылатын Сенаттың Бюросы және Мәжілістiң Бюросы болып табылады.
2. Палаталар Бюроларының құрамында Палаталар төрағаларының орынбасарлары, Палаталардың тұрақты комитеттерiнiң төрағалары кiредi. Мәжіліс Бюросының құрамына Мәжілісте өкілдік ететін саяси партиялар фракцияларының жетекшілері де енеді.
3. Палаталардың Бюролары:
1) Палаталардың комитеттерi мен комиссияларының жұмысын үйлестiрудi жүзеге асырады;
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) Палаталар үшiн Парламент пен оның Палаталарының отырыстарында мәселелерді қараудың кезектiлiгi жөнiнде ұсыныстар дайындайды;
3) бiрнеше комитеттердiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша комитеттердiң бiрлескен жұмысын ұйымдастыруға көмек көрсетедi;
4) Осы Конституциялық заңмен Парламенттiң басқа органдары мен лауазымды тұлғаларының құзыретiне жатқызылмаған Палаталар жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелерiн шешедi.
4. Палаталар Бюроларының отырыстарын Палаталардың төрағалары қажетiне қарай шақырады және олар өз мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады.
11-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс органдары
1. Парламенттiң жұмыс органдары Сенат пен Мәжілістің тұрақты комитеттерi, сондай-ақ Палаталардың бiрлескен комиссиялары болып табылады.
2. Палаталардың тұрақты комитеттерi заң жобалары жұмысын жүргiзу, Палаталардың құзырына қатысты мәселелердi алдын-ала қарап, дайындау үшiн құрылады. Тұрақты комитеттер құрылған кезде Палаталар олардың тiзбесi мен сандық құрамын белгiлейдi, содан кейiн тұрақты комитеттердiң мүшелерiн сайлайды. Сенат пен Мәжіліс құратын тұрақты комитеттердiң саны әр Палатада жетiден аспауға тиiс.
3. Палаталардың бiрлескен қызметiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжіліс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға хақылы, олардың сандық құрамы Палаталар арасында келiсу бойынша белгiленедi. Комиссиялардың мүшелерiн сайлауды әр Палата өздiгiнен жүзеге асырады.
4. Парламент пен оның Палаталарының Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында, 57-бабының 5) және 6)-тармақшаларында көзделген өкiлеттiктерiн жүзеге асыру мақсатында Парламент Палаталары арнаулы уақытша комиссиялар құрады.
5. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың отырыстары олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады.
2006 жылғы 11 желтоқсандағы № 200-III ҚР Конституциялық Заңымен 6 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Тұрақты комитеттер мен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар шығарады.
7. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың өкiлеттiктерi мен қызметiнiң тәртібі заңмен белгiленедi.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 11-1-баппен толықтырылды
11-1-бап. Республика Парламенті жанындағы консультативтік-кеңесші органдар
1. Парламенттің және оның Палаталарының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстарды талдап жасау үшін Республика Парламенті мен оның Палаталарының жанынан шешімдері ұсынымдық сипатта болатын консультативтік-кеңесші органдар құрылуы мүмкін.
2. Консультативтік-кеңесші органдарды құру тәртібі Парламенттің және оның Палаталарының регламенттерімен айқындалады.
3. Парламент Палаталарының аппараттары Республика Парламенті мен оның Палаталары жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмыс органдары болып табылады.
12-бап. Парламенттiк тыңдаулар
1. Парламент Палаталары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Парламенттiк тыңдаулар өткiзедi.
2. Парламенттiк тыңдауларды Палаталар Бюроларының шешiмдерi бойынша Палаталардың тұрақты комитеттерi өткiзедi әрi олар ашық және жабық нысанда өткiзiлуi мүмкiн.
3. Палаталардың бiрлескен немесе бөлек пленарлық отырыстары болатын күндерi Парламенттiк тыңдаулар өткiзiлмейдi.
2020.02.06. № 339-VI ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Парламенттік оппозиция Парламент Мәжілісінің Регламентінде көзделген тәртіппен бір сессия ішінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізуге бастама жасауға құқылы.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен; 2006.11.12 № 200-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 13-бап өзгертілді
13-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң актілері
1. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, соның iшiнде конституциялық заңдар, Парламенттiң қаулылары түріндегі заң актілерін қабылдайды. Сенат пен Мәжіліс өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулыларды қабылдайды.
2. Парламент пен оның Палаталары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлiмдемелер және заң сипаты болмайтын өзге де актiлер қабылдауға хақылы. Оларды қабылдау Парламент пен оның Палаталарының регламенттерi белгiлеген шарттар мен талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
3. Парламент Сенат пен Мәжілістiң бiрлескен отырысында заңдар мен өзге актiлердi қабылдаған ретте дауыс беру Палаталар бойынша бөлек өткiзiледi.
4. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Республика Конституциясына қайшы келмеуге тиiс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
5. Республиканың заң және өзге де нормативтiк құқықтық актілерін әзiрлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау тәртібі арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен реттеледi.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
14-бап. Республика Парламентi мен оның Палаталарының Регламентi
1. Парламент Регламенті, оның Палаталарының регламенттері:
1) Сенат пен Мәжілістің бірлескен және бөлек отырыстарын өткізудің шарттары мен тәртібін;
2) Парламенттің және оның Палаталарының жұмыс органдарын құру тәртібін;
3) Парламенттің және оның Палаталарының, олардың жұмыс органдарының қызметін ұйымдастыруды;
4) Парламент депутаттарының және лауазымды адамдарының өз өкілеттіктерін жүзеге асыруының шарттары мен тәртібін белгілейді.
Мәжіліс Регламенті, осы тармақта көзделген ол реттейтін мәселелерден басқа, саяси партиялардың фракцияларын ұйымдастырудың және жұмыс тәртібінің ерекшеліктерін айқындайды.
2. Парламенттiң Регламентi, Сенат пен Мәжілістiң регламенттерi тиiсiнше Парламенттiң қаулысымен, оның Палаталарының қаулыларымен бекітіледi.
3. Парламент депутаттарының оның конституциялық өкiлеттiгiн жүзеге асыруды мақсат етiп, регламенттермен белгiленген шарттар мен рәсiмдер сақталмай өткiзiлетiн кез келген отырысы заңсыз болып табылады. Мұндай жиналыс қабылдаған актiлер жарамсыз болып табылады.
III. Тарау
Республика Парламентіндегі заң шығару процесi
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
15-бап. Заң шығару бастамашылығы
1. Заң шығару бастамашылығы құқығы субъектiнiң Парламент қарауға мiндеттi заң жобасының және Парламенттiң өзге заң актiсiнiң мәтiнiн ресми енгізуi заң шығару бастамашылығы болып табылады.
2. Заң шығару бастамашылығы құқығы тек Мәжілісте ғана жүзеге асырылады және ол:
1) заңнамалық актінің жобасын Мәжіліске енгізу туралы шешімін арнайы жолдаумен ресімдейтін Республика Президентіне;
1-1) заңнамалық актінің жобасын Мәжіліске енгізу туралы шешімін тиісті ұсынумен ресімдейтін Парламент депутаттарына;
2) заң құжатының жобасын Мәжіліске енгізу туралы шешiмiн Үкiметтiң тиiстi қаулысын шығару жолымен қабылдайтын Республика Үкіметіне берiледi.
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Республика Президенті, депутаттар және Үкiмет енгiзген заңнамалық актiлердiң жобалары осы баптың 3-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Мәжіліс қаулысымен Мәжілістiң тиiстi тұрақты комитеттерiне қарауға жiберiледi әрi бұлар жөнiнде Мәжілістiң тұрақты комитеттерiнiң тұжырымдары болған ретте ғана оның пленарлық отырысында қаралуы мүмкiн.
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында заң жобаларын қарау тәртібі Парламент Регламентінде айқындалады.
4. Мемлекеттік кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты арттыруды көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкіметінiң оң тұжырымы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкiн. Республика Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілген заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
5. Заң шығару бастамасы құқығын жүзеге асыру тәртібіне байланысты өзге мәселелердi Мәжіліс Регламентi шешедi.
16-бап. Парламенттiң заңдар қабылдау жөніндегі құзыретi
1. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, мыналарға:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқықтық субъектiлiгiне, азаматтық құқықтар мен бостандықтарға, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне;
2) меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға;
3) мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметiнiң, мемлекеттік және әскери қызметтiң негiздерiне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да мiндеттi төлемдердi белгiлеуге;
5) республикалық бюджетке;
6) сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiнде;
7) білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтiк қамсыздандыруға;
8) кәсiпорындар мен олардың мүлкiн жекешелендiруге;
9) айналадағы ортаны қорғауға;
10) республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына;
11) мемлекет қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы.
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелдi актiлермен реттеледi.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген заң жобалары Парламентке енгізілген жағдайда, Республика Үкіметі осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілерді өз жауапкершілігімен қабылдауға құқылы, олар Парламент қабылдаған заңдар күшіне енгенге дейін немесе Парламент заңдарды қабылдамағанға дейін қолданылады.
17-бап. Республика Парламентiнiң заң актілері жобаларын қарауының кезектiлiгi мен мерзiмiн белгiлеу
1. Заңдар мен Парламенттiң өзге актілерінiң жобаларын қараудың кезегiн Парламент, оның Палаталары, сондай-ақ Конституцияда белгiленген реттерде Республика Президентi белгiлейдi.
2017.15.06. № 75-VI ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Республика Президентiнің Парламентке арнайы жолдауымен заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқығы бар, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi.
Республика Президенті қаралуы басым деп белгілеген заң жобаларын Парламент Палаталарының қарау тәртібі Республиканың Конституциясында және Парламенттің және оның Палаталарының регламенттерінде айқындалады.
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Республика Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Парламенттің дереу қарауына жатады.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2013.03.10. № 133-V ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 18-бап өзгертілді; 2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
18-бап. Заңдарды қабылдау
1. Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған заң Сенатқа беріледі, ол онда алпыс күннен асырмай қаралады.
Мәжіліс заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен тұтастай қабылдамауға құқылы. Бас тартылған заң жобасы қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.
Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Егер Сенат заңды тұтастай немесе оның жекелеген баптарын мақұлдамаса, онда заң Мәжіліске қайтарылады. Бұл ретте Сенат Мәжіліске заңның жекелеген баптарының жаңа редакциясын ұсынуға құқылы.
Егер Сенат алпыс күннің ішінде тиісті шешім қабылдамаса, заң Президенттің қол қоюына беріледі.
2. Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен келіссе, Мәжіліс заңды жаңа редакцияда қабылдаған және Сенат мақұлдаған болып есептеледі және он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі.
Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына сол көпшілік дауыспен қарсылық білдірсе, сондай-ақ егер Сенат заңды тұтастай мақұлдамаса, Палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.
Заңның келісу комиссиясы тұжырымдаған редакциясы осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіппен Мәжілістің және Сенаттың қарауына жатады.
Мәжіліс келісу комиссиясы ұсынған редакциядағы заңды Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдамаған жағдайларда, Мәжіліс бұрын қабылданған редакциядағы заң бойынша қайтадан дауысқа салуды жүргізеді.
Егер қайтадан дауысқа салу кезінде Мәжіліс Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді растаса, заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі.
Егер заң Мәжіліс депутаттарының көрсетілген көпшілік даусын алмаса, заң қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.
3. Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселе қоюға құқылы. Бұл мәселе бойынша дауысқа салу сенiм бiлдiру туралы мәселе қойылған кезден бастап кемінде қырық сегiз сағаттан соң өткiзiледi. Егер сенiмсiздiк бiлдiру туралы ұсыныс әр Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. Алайда Үкiмет бұл құқықты жылына екi реттен артық пайдалана алмайды.
«Жыл» деген уақыт кезеңі деп осы тармаққа қатысты алғанда ағымдағы жылды (1 қаңтар – 31 желтоқсан аралығы) түсінген жөн.
4. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар, конституциялық заңдардың жобалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен енгізілген заңдардың жобалары Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында қаралады.
2007.19.06 № 266-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2013.03.10. № 133-V ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 19-бап өзгертілді
19-бап. Республиканың заңдарын Республика Президентiне қол қоюға ұсыну
1. Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi.