2006 ж. 11 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылған 11, 13 баптардың редакциясы
11-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс органдары
1. Парламенттiң жұмыс органдары Сенат пен Мәжілістің тұрақты комитеттерi, сондай-ақ Палаталардың бiрлескен комиссиялары болып табылады.
2. Палаталардың тұрақты комитеттерi заң жобалары жұмысын жүргiзу, Палаталардың құзырына қатысты мәселелердi алдын-ала қарап, дайындау үшiн құрылады. Тұрақты комитеттер құрылған кезде Палаталар олардың тiзбесi мен сандық құрамын белгiлейдi, содан кейiн тұрақты комитеттердiң мүшелерiн сайлайды. Сенат пен Мәжіліс құратын тұрақты комитеттердiң саны әр Палатада жетiден аспауға тиiс.
3. Палаталардың бiрлескен қызметiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжіліс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға хақылы, олардың сандық құрамы Палаталар арасында келiсу бойынша белгiленедi. Комиссиялардың мүшелерiн сайлауды әр Палата өздiгiнен жүзеге асырады.
4. Парламент пен оның Палаталарының Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында, 57-бабының 5) және 6)-тармақшаларында көзделген өкiлеттiктерiн жүзеге асыру мақсатында Парламент Палаталары арнаулы уақытша комиссиялар құрады.
5. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың отырыстары олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады .
6. Тұрақты комитеттер мен комиссиялар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.
7. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың өкiлеттiктерi мен қызметiнiң тәртібі заңмен белгiленедi.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 13-бап өзгертілді
13-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң актілері
1. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, соның iшiнде конституциялық заңдар, Парламенттiң жеке қаулылары түрiндегi заң актілерін қабылдайды. Сенат пен Мәжіліс өз құзыретiндегi мәселелер бойынша дара сипатты қаулыларды қабылдайды.
2. Парламент пен оның Палаталары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлiмдемелер және заң сипаты болмайтын өзге де актiлер қабылдауға хақылы. Оларды қабылдау Парламент пен оның Палаталарының регламенттерi белгiлеген шарттар мен талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
3. Парламент Сенат пен Мәжілістiң бiрлескен отырысында заңдар мен өзге актiлердi қабылдаған ретте дауыс беру Палаталар бойынша бөлек өткiзiледi.
4. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Республика Конституциясына қайшы келмеуге тиiс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
5. Республиканың заң және өзге де нормативтiк құқықтық актілерін әзiрлеу, ұсыну, талқылау, заң күшiне енгізу және жариялау тәртібі арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен реттеледi.
14-бап. Республика Парламентi мен оның Палаталарының Регламентi
1. Парламенттiң Регламентi, Сенат пен Мәжілістiң регламенттерi Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстарын өткiзудiң, олардың органдарын жасақтау мен қызметiн ұйымдастырудың, сондай-ақ Парламент депутаттары мен лауазымды тұлғаларының өкiлеттiктерiн жүзеге асыруының шарттары мен тәртібін белгiлейдi.
2. Парламенттiң Регламентi, Сенат пен Мәжілістiң регламенттерi тиiсiнше Парламенттiң қаулысымен, оның Палаталарының қаулыларымен бекітіледi.
3. Парламент депутаттарының оның конституциялық өкiлеттiгiн жүзеге асыруды мақсат етiп, регламенттермен белгiленген шарттар мен рәсiмдер сақталмай өткiзiлетiн кез келген отырысы заңсыз болып табылады. Мұндай жиналыс қабылдаған актiлер жарамсыз болып табылады.