Қазақстан Республикасының
Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы
1995 жылғы 16 қазандағы № 2529 Қазақстан Республикасының
Конституциялық Заңы
(2006.11.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2007 ж. 19 маусымдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен тақырыбы мен кіріспе жаңа редакцияда
Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентiн ұйымдастыруды және оның қызметiн, оның депутаттарының құқықтық жағдайын белгiлейдi.
I тарау
Жалпы ережелер
1-бап. Республика Парламентiнiң мәртебесi
Парламент - заң шығару функциясын жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 2-бап өзгертілді
2-бап. Республика Парламентiнiң өкiлеттiк мерзiмi
1. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл, Mәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзiмi - бес жыл. Кезекті сайланған Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және келесі сайланған Парламенттің біріншi сессиясы жұмысының басталуымен аяқталады. Бұл орайда Парламент сайланымының кезектiлігі Mәжіліс сайланымының кезектілігімен айқындалады. Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланған Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады.
2. Парламенттiң өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген реттер мен тәртiп бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 3-бап өзгертілді
3-бап. Республика Парламентi қызметiнiң
құқықтық негiздерi
Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Республика Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және Республиканың басқа да заң актілерімен белгiленедi.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 4-бап өзгертілді
4-бап. Республика Парламентiнiң құрамы мен құрылымы
1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан:
Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
2. Сенат әр облыстан, Республикалық маңызы бар қаладан және Республиканың астанасынан екi адамнан, тиісiнше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық өкiлдi органдары депутаттарының бiрлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланып тұрады.
3. Сенаттың жетi депутаттың Сенат өкiлеттiгi мерзiмiне Республика Президентi тағайындайды әрi олар әр үш жыл сайын қайтадан сайлануға тиiс емес.
4. Мәжілiс жетпiс жеті депутаттан тұрады. Алпыс жетi депутат Республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісі ескеріле отырып құрылатын және сайлаушылар саны шамамен тең біp мандатты аумақтық сайлау округтерi бойынша сайланады. Он депутат бара-бар өкілдiк жүйесi бойынша және біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдердің негізінде сайланады.
5. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
6. Сенат пен Мәжіліс депутаттарын сайлау тәртібі конституциялық заңмен белгiленедi.
II тарау
Республика Парламентiнiң құзыретi және оны
жүзеге асырудың ұйымдық нысандары
5-бап. Республика Парламентiнiң құзыретi
Парламенттiң Сенат пен Мәжілістiң бiрлескен және бөлiк отырысындағы құзыретiн, Палаталардың ерекше құзыретiн Республика Конституциясы белгiлейдi және Парламенттiң сессияларында, Парламент Палаталарының, оның органдары мен депутаттардың қызметiнде жүзеге асырылады.
6-бап. Республика Парламентiнiң сессиялары
1. Парламенттiң сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi.
2. Парламенттiң бiрiншi сессиясын Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей шақырады.
3. Парламенттiң бiрiншi сессиясында, Сенат Төрағасы мен Мәжіліс Төрағасы сайланғанға дейiн, Сенат пен Мәжіліс отырыстарында тиiсiнше Республика Президентi және Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы төрағалық етедi.
4. Парламенттiң кезектi сессиялары жылына бiр рет қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен бастап, маусымның соңғы жұмыс күнi бiткенше өткiзiледi.
5. Парламенттiң сессиясы Сенат пен Мәжілістiң бiрлескен отырыстарында ашылып, жабылады. Парламенттiң сессиясын Республика Президентi ашады, ал ол болмаған кезде Мәжілістiң Төрағасы ашады.
6. Парламенттiң сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президентi өз бастамасымен, Палаталар Төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң ұсынысымен Палаталардың кезектен тыс бiрлескен отырысын шақыра алады. Онда отырысты шақыруға негiз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкiн.
7-бап. Республика Парламентiнiң сессияларындағы кворум
Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы болады.
8-бап. Республика Парламентi сессияларының жариялылығы
1. Палаталардың бiрлескен және бөлiк отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн.
2. Республиканың Президентi, Премьер-Министрi мен Үкiмет мүшелерi, Ұлттық Банк Төрағасы, Бас Прокуроры, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы, сондай-ақ Мемлекеттік Хатшысы мен Республика Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы кез келген, ашық, сондай-ақ жабық отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге хақылы.
3. Мемлекеттік органдардың және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының лауазымды тұлғалары, олардың сессияға қатысу қажеттiгi туралы Парламенттiң немесе оның Палаталарының шешiмi қабылданса, Парламентке келiп өздерiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша қажеттi түсiнiктер беруге мiндеттi. Парламент пен оның Палаталарының Республика Президентiне қатысты осындай шешiмдер қабылдауға хақы жоқ.
9-бап. Республика Парламентi Палаталарының Төрағалары
1. Палаталарды мемлекеттік тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжіліс сайлаған Төрағалар басқарады.
2. Сенат Төрағасының қызметiне кандидатураны Республика Президентi ұсынады. Сенат қабылдамаған кандидатураның орнына жаңа кандидатура енгізудi Республика Президентi жүзеге асырады.
3. Мәжіліс Төрағасының қызметiне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.
4. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшiн Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн, сондай-ақ олар өз еркiмен орнынан түсуге хақылы.
5. Парламент Палаталарының төрағалары:
1) Палаталардың отырыстарын шақырып, оларға төрағалық етедi;
2) Палаталардың қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеуге жалпы басшылық жасайды;
3) Палаталар қызметiнде регламенттiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) Палаталардың үйлестiру органдарының қызметiне басшылық жасайды;
5) Палаталар шығаратын актiлерге қол қояды;
6) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң екi-екiден мүшелерiн тағайындайды;
7) өздерiне Парламент Регламентiмен жүктелетiн басқа да мiндеттердi атқарады.
6. Егер тиiстi палатада дауыс беру кезiнде депутаттардың дауыстары екiге тең бөлiнген жағдайда Палаталардың төрағалары шешушi дауыс құқығын пайдаланады;
7. Мәжіліс Төрағасы:
1) Парламент сессияларын ашады;
2) Палаталардың бiрлескен кезектi отырыстарын шақырады, Палаталардың кезектi және кезектен тыс бiрлескен отырыстарына төрағалық етедi.
8. Сенат пен Мәжіліс Төрағаларының Палата төрағасының ұсынуымен Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен тиiстi Палата сайлаған бiр-бiрден орынбасарлары болады. Палаталар төрағаларының орынбасарлары Палаталар төрағаларының уәкiлдiк беруiмен олардың жекелеген функцияларын атқарады, сондай-ақ төрағалар орнында болмаған немесе өз мiндеттерiн жүзеге асыруы мүмкiн емес жағдайда олардың орнын басады. Палаталар төрағаларының орынбасарлары Палаталар төрағаларының ұсынысы бойынша, егер бұл үшiн тиiстi Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн.
9. Палаталардың төрағалары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен 10-бап өзгертілді
10-бап. Республика Парламентiнiң үйлестірушi органдары
1. Парламенттiң үйлестiрушi органдары Палаталар төрағаларының жанынан құрылатын Сенаттың Бюросы және Мәжілістiң Бюросы болып табылады.
2. Бюролардың құрамында Палаталар төрағаларының орынбасарлары, Палаталардың тұрақты комитеттерiнiң төрағалары кiредi.
3. Палаталардың Бюролары:
1) Палаталардың комитеттерi мен комиссияларының жұмысын үйлестiрудi жүзеге асырады;
2) Палаталар үшiн заңдардың жобаларын және Парламент пен оның Палаталарының өзге де шешiмдерiн қараудың кезектiлiгi жөнiнде ұсыныстар дайындайды;
3) бiрнеше комитеттердiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша комитеттердiң бiрлескен жұмысын ұйымдастыруға көмек көрсетедi;
4) Осы Конституциялық заңмен Парламенттiң басқа органдары мен лауазымды тұлғаларының құзыретiне жатқызылмаған Палаталар жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелерiн шешедi.
4. Палаталар Бюроларының отырыстарын Палаталардың төрағалары қажетiне қарай шақырады және олар өз мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады.
11-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс органдары
1. Парламенттiң жұмыс органдары Сенат пен Мәжілістің тұрақты комитеттерi, сондай-ақ Палаталардың бiрлескен комиссиялары болып табылады.
2. Палаталардың тұрақты комитеттерi заң жобалары жұмысын жүргiзу, Палаталардың құзырына қатысты мәселелердi алдын-ала қарап, дайындау үшiн құрылады. Тұрақты комитеттер құрылған кезде Палаталар олардың тiзбесi мен сандық құрамын белгiлейдi, содан кейiн тұрақты комитеттердiң мүшелерiн сайлайды. Сенат пен Мәжіліс құратын тұрақты комитеттердiң саны әр Палатада жетiден аспауға тиiс.
3. Палаталардың бiрлескен қызметiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжіліс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға хақылы, олардың сандық құрамы Палаталар арасында келiсу бойынша белгiленедi. Комиссиялардың мүшелерiн сайлауды әр Палата өздiгiнен жүзеге асырады.
4. Парламент пен оның Палаталарының Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында, 57-бабының 5) және 6)-тармақшаларында көзделген өкiлеттiктерiн жүзеге асыру мақсатында Парламент Палаталары арнаулы уақытша комиссиялар құрады.
5. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың отырыстары олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады .
2006 жылғы 11 желтоқсандағы № 200-III ҚР Конституциялық Заңымен 6 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Тұрақты комитеттер мен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар шығарады.
7. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың өкiлеттiктерi мен қызметiнiң тәртібі заңмен белгiленедi.
12-бап. Парламенттiк тыңдаулар
1. Парламент Палаталары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Парламенттiк тыңдаулар өткiзедi.
2. Парламенттiк тыңдауларды Палаталар Бюроларының шешiмдерi бойынша Палаталардың тұрақты комитеттерi өткiзедi әрi олар ашық және жабық нысанда өткiзiлуi мүмкiн.
3. Палаталардың бiрлескен немесе бөлек пленарлық отырыстары болатын күндерi Парламенттiк тыңдаулар өткiзiлмейдi.
1999.06.05. № 377-1 ҚР Конституциялық Заңымен ; 2006.11.12 № 200-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 13-бап өзгертілді
13-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң актілері
1. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, соның iшiнде конституциялық заңдар, Парламенттiң қаулылары түріндегі заң актілерін қабылдайды. Сенат пен Мәжіліс өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулыларды қабылдайды.
2. Парламент пен оның Палаталары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлiмдемелер және заң сипаты болмайтын өзге де актiлер қабылдауға хақылы. Оларды қабылдау Парламент пен оның Палаталарының регламенттерi белгiлеген шарттар мен талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
3. Парламент Сенат пен Мәжілістiң бiрлескен отырысында заңдар мен өзге актiлердi қабылдаған ретте дауыс беру Палаталар бойынша бөлек өткiзiледi.
4. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Республика Конституциясына қайшы келмеуге тиiс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
5. Республиканың заң және өзге де нормативтiк құқықтық актілерін әзiрлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау тәртібі арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен реттеледi.
14-бап. Республика Парламентi мен оның Палаталарының Регламентi
1. Парламенттiң Регламентi, Сенат пен Мәжілістiң регламенттерi Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстарын өткiзудiң, олардың органдарын жасақтау мен қызметiн ұйымдастырудың, сондай-ақ Парламент депутаттары мен лауазымды тұлғаларының өкiлеттiктерiн жүзеге асыруының шарттары мен тәртібін белгiлейдi.
2. Парламенттiң Регламентi, Сенат пен Мәжілістiң регламенттерi тиiсiнше Парламенттiң қаулысымен, оның Палаталарының қаулыларымен бекітіледi.
3. Парламент депутаттарының оның конституциялық өкiлеттiгiн жүзеге асыруды мақсат етiп, регламенттермен белгiленген шарттар мен рәсiмдер сақталмай өткiзiлетiн кез келген отырысы заңсыз болып табылады. Мұндай жиналыс қабылдаған актiлер жарамсыз болып табылады.
III. Тарау
Республика Парламентіндегі заң шығару процесi
15-бап. Заң шығару бастамашылығы
1. Заң шығару бастамашылығы құқығы субъектiнiң Парламент қарауға мiндеттi заң жобасының және Парламенттiң өзге заң актiсiнiң мәтiнiн ресми енгізуi заң шығару бастамашылығы болып табылады.
2. Заң шығару бастамашылығы құқығы тек Мәжілісте ғана жүзеге асырылады және ол:
1) заң құжатының жобаларын Мәжіліске енгізу туралы шешiмiн тиiстi ұсынысымен ресiмдеген Парламент депутаттарына;
2) заң құжатының жобасын Мәжіліске енгізу туралы шешiмiн Үкiметтiң тиiстi қаулысын шығару жолымен қабылдайтын Республика Үкіметіне берiледi.
3. Депутаттар және Үкiмет енгiзген заң актілерінiң жобалары Мәжіліс қаулысымен Мәжілістiң тиiстi тұрақты комитеттерiне қарауға жiберiледi әрi бұлар жөнiнде Мәжілістiң тұрақты комитеттерiнiң тұжырымдары болған ретте ғана оның пленарлық отырысында қаралуы мүмкiн.
4. Мемлекеттік кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты арттыруды көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкіметінiң оң тұжырымы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкiн.
5. Заң шығару бастамасы құқығын жүзеге асыру тәртібіне байланысты өзге мәселелердi Мәжіліс Регламентi шешедi.
16-бап. Парламенттiң заңдар қабылдау жөніндегі құзыретi
1. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, мыналарға:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқықтық субъектiлiгiне, азаматтық құқықтар мен бостандықтарға, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне;
2) меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға;
3) мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметiнiң, мемлекеттік және әскери қызметтiң негiздерiне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да мiндеттi төлемдердi белгiлеуге;
5) республикалық бюджетке;
6) сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiнде;
7) білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтiк қамсыздандыруға;
8) кәсiпорындар мен олардың мүлкiн жекешелендiруге;
9) айналадағы ортаны қорғауға;
10) республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына;
11) мемлекет қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы.
2. Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелдi актiлермен реттеледi.
17-бап. Республика Парламентiнiң заң актілері жобаларын
қарауының кезектiлiгi мен мерзiмiн белгiлеу
1. Заңдар мен Парламенттiң өзге актілерінiң жобаларын қараудың кезегiн Парламент, оның Палаталары, сондай-ақ Конституцияда белгiленген реттерде Республика Президентi белгiлейдi.
2. Республика Президентi Парламентке арнаулы жолдауы арқылы:
1) заң жобаларының қаралу басымдығын белгiлеуге;
2) Заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламенттiң осы жобаны енгiзiлген күнiнен бастап бiр ай iшiнде қарауы қажет екенiн бiлдiредi. Парламент осы талапты орындамаған ретте Республика Президентi Парламент Конституция мен заңдарда белгiленген тәртiппен жаңа заң қабылдағанға дейiн қолданылатын Заң күшi бар Жарлық шығаруға хақылы.
18-бап. Заңдарды қабылдау
1. Мәжіліс депутаттары қараған және жалпы санының көпшiлiк дауысымен мақұлданған заң жобасы Сенатқа берiледi, ол онда жобаны Сенат алған күннен бастап әрi кеткенде алпыс күннiң iшiнде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданған жоба заңға айналады және Президенттiң қол қоюына берiледi. Тұтас алғанда Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданбаған жоба Мәжіліске қайтарылады. Егер Мәжіліс депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа қайта талқылау және дауысқа салу үшiн берiледi. Сенат қайта қабылдамаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгізуге болмайды.
2. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен заң жобасына енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар Мәжіліске жiберiледi. Егер Мәжіліс депутаттарының жалпы санының көпшiлiк даусымен ұсынылған өзгертулермен және толықтырулармен келiссе, заң қабылданады деп саналады. Егер Мәжіліс нақ сондай көпшiлiк дауыспен Сенат енгiзген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы болса, Палаталар арасындағы келiспеушiлiк келiсу рәсiмдерi арқылы шешiледi.
3. Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-министр Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Үкiметке сенім бiлдiру туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауысқа салу сенім бiлдiру туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегiз сағат өтпейiнше өткiзiлмейдi. Егер сенімсiздiк бiлдiру туралы ұсыныс Конституциямен белгiленген қажеттi дауыс санын ала алмаған ретте, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп саналады. Алайды Үкiмет бұл құқықты жылына екi реттен артық пайдалана алмайды.
19-бап. Республиканың заңдарын Республика Президентiне қол қоюға ұсыну
1. Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi.
2. Парламент қабылдаған заңдар қабылданған күнiнен бастап он күннiң iшiнде Парламент Палаталарының әрқайсысының төрағаларының қолдарымен, сондай-ақ егер заң жобасын Үкiмет енгiзсе, Премьер-Министрдiң қолымен алдын-ала бекітілiп, Республика Президентінің қол қоюына ұсынылады, ол он бес жұмыс күнiнiң iшiнде ұсынылған заңға қол қойып оны жариялайды не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшiн Парламентке қайтарады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген мерзiмнiң iшiнде қайтарылмаған заң қол қойылды деп саналады.
4. Егер Парламент сессиясы заңды Президенттiң қайтаруы ықтимал мерзiм бiткенше жабылған болса, Президент заңды Парламенттiң кезектi сессиясының алғашқы күнi қайтарады.
20-бап. Республика Парламентiнiң Республика Президентінің қарсылықтарын қарауы
1. Республика Президентінің қарсылықтарын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қайтадан талқылау және дауысқа салу қарсылықтар жiберiлген күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде өткiзiледi. Бұл мерзiмнiң сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын бiлдiредi.
2. Республика Президентінің қарсылықтарымен қайтарылған заң немесе заңның баптары Мәжілістiң тиiстi тұрақты комитетiнiң қарауына берiледi, ол Республика Президентi өкiлiнiң қатысуымен тұжырым әзiрлеп, оны заңмен немесе оның тиiстi баптарымен және Президенттiң қарсылықтарымен қоса толығымен Мәжілістiң қарауына енгiзедi. Осы мәселе жөніндегі Мәжіліс депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен қабылданған оның шешiмi Президенттiң қарсылықтарымен және Мәжілістiң тұрақты комитетiнiң тұжырымымен қоса Сенаттың зерделеуiне жiберiледi, сондай-ақ Палаталардың бiрлескен отырысында қарауға берiледi.
3. Республика Президентi Мәжілістiң тұрақты комитетiнде және Мәжілістiң отырысында қарсылықтарды қараудың қорытындылары бойынша депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, қарсылықтардағы өзi ұсынған заңның тұтастай не тиiсiнше оның жекелеген баптарының редакциясын өзгертуге хақылы.
4. Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында заң немесе оның жекелеген баптары қайтадан талқыланып, дауысқа салынған ретте, егер Президенттiң қарсылықтары заңға тұтастай қатысты болса - тұтасымен заңды не Республика Президентінің қарсылықтарын туғызған баптарды дауысқа салу өткiзiледi.
5. Егер Парламент әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен тұтасымен заң бойынша немесе тиiсiнше оның жекелеген баптары бойынша өзi бұрын қабылданған шешiмдi қуаттайтын болса, Республика Президентінің қарсылықтары еңсерiлдi деп саналады. Бұл ретте заң немесе тиiсiнше оның баптары Парламент оны алғашқы рет қабылдаған редакциясында қабылданды деп саналады әрi осы заңның қол қоюға ұсынылған сәтiнен бастап жетi күн мерзiм iшiнде Президент оған қол қояды.
6. Егер Парламент дауыс беру нәтижесiнде Президент қарсылықтарын еңсере алмаса заң қабылданбаған болып саналады не, егер Республика Президентінің қарсылықтарында тиiсiнше заңның, заңның жекелеген баптарының жаңа редакциясы ұсынылған болса, ол осы редакцияда қабылданған болып саналады.
IV тарау
Парламенттiң Республиканың лауазымды тұлғаларын
қызметке тағайындауға, қызметке сайлап, қызметтен
босатуға Президентке келісім беру жөніндегі
өкiлеттiгiн жүзеге асыру
21-бап. Парламенттiң келісімен Президент қызметке
тағайындайтын, Парламент қызметке сайлап,
қызметтен босататын лауазымды тұлғалар
Республика Парламентiнiң келісімiмен Президент қызметке тағайындайтын, Парламент қызметке сайлап, қызметтен босататын Республиканың лауазымды тұлғаларының тiзбесi Конституцияның 53-бабының 5)-тармақшасымен, 55-баптың 1), 2)-тармақшаларымен, 56-баптың 3) тармақшасымен белгiленедi.
22-бап. Парламенттiң Республиканың лауазымды
тұлғаларын қызметке тағайындау, қызметке
сайлап, қызметтен босату жөнiнде Республика
Президентiне келісім беру тәртібі
1. Республика Президентi Республиканың Премьер-Министрi мен Ұлттық Банкінің Төрағасын қызметке тағайындауға Парламенттiң келісiмiн, сондай-ақ Республиканың Бас Прокуроры мен Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасын қызметке сайлап, қызметтен босатуға Сенаттың келісімiн алу үшiн, Сенаттың Республика Жоғарғы Сотының Төрағасын, Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары мен судьяларын қызметке сайлап, қызметтен босатуы үшiн, Мәжілістiң Республика Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, Төрағасының орынбасарын, хатшысы мен мүшелерiн қызметке сайлап, қызметтен босату үшiн Парламентке тиiстi жазбаша ұсыныс енгiзедi, солардың негiзiнде тиiстi мәселенi Парламент Палаталарының таяудағы бiрлескен отырысының не тиiстi Палата отырысының күн тәртібіне енгізу туралы шешiм қабылданады.
2. Республика Президентінің аталған лауазымды тұлғаларды тағайындауына берiлетiн Парламенттiң келісімi алдын-ала не соңыра сипатта болады және тiкелей Палаталардың бiрлескен отырысында не тиiсiнше Сенаттың отырысында берiледi.
3. Парламенттiң қызметке сайлап, қызметтен босатуы үшiн ұсынылған кандидатуралары мәселе Сенаттың немесе тиiсiнше Мәжілістiң отырысында қаралғанға дейiн Сенат немесе Мәжіліс Бюросының шешiмiмен белгiленетiн Сенат пен Мәжілістiң тиiстi комитеттерiнiң отырыстарында талқылануға тиiс. Кандидатураларды қараудың нәтижелерi бойынша комитеттер әрбiр талқыланған кандидатура бойынша Сенаттың немесе Мәжілістiң отырысында жария ететiн тұжырымдар жасайды.
4. Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында, тиiстi Палатаның отырысында келісім беру, қызметке сайлап, қызметтен босату туралы мәселе қаралған кезде лауазымдарға кандидатураларды Республика Президентi немесе Республиканың ол уәкiлдiк берген лауазымды тұлғасы таныстырады.
5. Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында, тиiстi Палатаның отырысында:
1) кандидатқа және кандидатты ұсынушы адамға сұрақтар берiлуi;
2) депутаттар ұсынылған кандидатураны жақтап немесе қарсы пiкiрлер айтуы мүмкiн.
6. Егер депутаттар ұсынылған кандидатура жөнiнде жарыссөз ашуды талап етпесе, ол өткiзiлмеуi мүмкiн.
7. Егер Парламент не тиiсiнше Сенат немесе Мәжіліс Президент ұсынған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындауға, қызметке сайлауға келісім беру туралы шешiмдер қабылдамаған жағдайда, Президент Парламентке не тиiстi Палатаға нақ осы тұлғалар немесе жаңа кандидатуралар жөнiнде жазбаша ұсыныстар енгiзедi.
8. Егер Сенат немесе Мәжіліс сайланған лауазымды тұлғаны қызметтен босату жөнiнде шешiм қабылдамаған жағдайда, Президент тиiсті Палатаға осы мәселе бойынша қайтадан жазбаша ұсыныс енгізуге хақылы.
23-бап. Парламенттiң ұсынылған кандидатуралар
бойынша шешiмдер қабылдауы
1. Парламент, оның Палаталары қызметке тағайындауға, қызметке сайлап, қызметтен босатуға келісім беру туралы шешiмдердi тиiсiнше әр Палата депутаттарының, Парламенттiң тиiстi Палатасы депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылдайды.