Қазақстан Республикасының көміртегі балансы белгіленген кезеңде парниктік газдардың нақты сіңірілу көлемін алып тастағандағы парниктік газдардың нақты шығарылу көлемі ретінде айқындалады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мақсат климаттың өзгеруіне жаһандық ден қоюға Қазақстан Республикасының ұлттық деңгейде айқындалатын үлесі (бұдан әрі - ұлттық үлес) болып табылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының келесі ұлттық үлестерін әзірлейді.
Қазақстан Республикасының келесі ұлттық үлестерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттарын іске асыру жөніндегі жұмыс органы болып табылады және осы Кодекске сәйкес айқындалған Қазақстан Республикасының ұлттық үлестеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында осы Кодекске сәйкес парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдары өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының ұлттық үлестерін орындауды қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттерді жасауға міндетті.
284-бап. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу
1. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу деп Қазақстан Республикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету және оның халықаралық міндеттемелерін орындау қажеттігін ескере отырып, парниктік газдардың шығарылуын қысқарту және сіңірілуін ұлғайту үшін жағдай жасауға бағытталған мемлекеттің қызметі түсініледі.
2. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) осы Кодекске сәйкес парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу құралдарын қолдану;
2) көміртегі бірліктері саудасының нарықтық тетігін белгілеу арқылы жүзеге асырылады.
3. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу осы Кодекске және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
285-бап. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу құралдары
Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу мынадай құралдар:
1) көміртегі бюджетін белгілеу;
2) көміртектік квоталау;
3) қондырғылар операторларын әкімшілендіру пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
286-бап. Көміртегі бюджеті
1. Көміртегі бюджеті деп көміртектік бюджеттеу кезеңіне Қазақстан Республикасының көміртегі балансы үшін осы Кодексте көзделген тәртіппен белгіленген шекті жол берілетін көлем түсініледі.
2. Көміртектік бюджеттеу кезеңінде Қазақстан Республикасының көміртегі балансы осындай кезеңге қатысты белгіленген көміртегі бюджетінен аспауға тиіс.
3. Көміртектік бюджеттеу кезеңі қатарынан бес күнтізбелік жылды құрайды.
4. Көміртегі бюджеті квоталанатын және квоталанбайтын парниктік газдардың шығарылу көлемін айқындайды.
5. Көміртегі бюджетін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган көміртектік бюджеттеудің қатарынан болатын әрбір кезеңі үшін көміртектік бюджеттеудің тиісті кезеңі басталғанға дейін алты айдан кешіктірмей әзірлейді және бекітеді.
6. Көміртегі бюджеті Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес ұлттық үлестерді сақтау қажеттігі ескеріле отырып:
1) 2021 жылдан бастап 2025 жыл аралығындағы көміртектік бюджеттеу кезеңі үшін 2021 жылға арналған көміртегі бюджеті 1990 жылғы көміртегі балансы деңгейінен кемінде 1,5 пайызға төмен болатындай, келесі жылдары - жыл сайын алдыңғы жылғы көміртегі бюджеті деңгейінен кемінде 1,5 пайызға қысқаратындай;
2) 2026 жылдан бастап 2030 жыл аралығындағы көміртектік бюджеттеу кезеңі үшін әрбір күнтізбелік жылға көміртегі бюджеті алдыңғы жылғы көміртегі бюджеті деңгейінен кемінде 1,5 пайызға қысқаратындай;
3) көміртектік бюджеттеудің одан кейінгі кезеңдері үшін әрбір күнтізбелік жылға көміртегі бюджеті 1990 жылғы көміртегі балансы деңгейінен кем дегенде он бес пайызға төмен болатындай етіп әзірленеді.
287-бап. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу объектілері
1. Осы Кодексте көзделген парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу құралдары парниктік газдардың шығарылуы осы бөлімде белгіленген тиісті шекті мәндерден асатын қондырғыларға қолданылады.
2. Қондырғы деп парниктік газдар шығарылуының стационарлық көзі немесе өзара бірыңғай технологиялық процеспен байланысты және бір өнеркәсіптік алаңда орналасқан парниктік газдар шығарылуының бірнеше стационарлық көзі түсініледі.
Бөлшектемей орнын ауыстыруға болмайтын және тұрақты орналасқан жері бірыңғай мемлекеттік координаттар жүйесін қолдана отырып айқындалуы мүмкін немесе көлік құралы немесе өзге де жылжымалы құрал арқылы орнын ауыстыруға болатын, бірақ пайдаланылу процесінде жер бетіне қатысты қозғалмайтын (стационарлық) жағдайды талап ететін парниктік газдардың шығарылу көзі стационарлық көз деп танылады.
3. Осы Кодексте қондырғы операторы деп меншігінде немесе өзге де заңды пайдалануында қондырғы болатын жеке немесе заңды тұлға түсініледі.
288-бап. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы
1. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу мен халықаралық ынтымақтастықты техникалық және сараптамалық қолдап отыруды қамтамасыз ететін, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның парниктік газдардың шығарылуын реттеу жөніндегі ведомстволық бағынысты ұйымы көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы болып табылады.
2. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы:
1) мемлекеттік көміртегі кадастрын қалыптастыру және жүргізу;
2) парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін мемлекеттік түгендеуді жүзеге асыру;
3) көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу;
4) Қазақстан Республикасында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесін іске асыруды қолдап отыру;
5) көміртегі бірліктерін сату және сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асырады.
289-бап. Көміртектік квоталау
1. Көміртектік квоталау деп мемлекеттің көміртектік бюджеттеу кезеңінде осы баптың 2-тармағында көрсетілген экономика секторларында квоталанатын қондырғылар жүзеге асыратын парниктік газдардың квоталанатын шығарылуының жиынтық көлемін сандық шектеуді белгілеу және осы Кодекске сәйкес квоталау субъектілеріне көміртегі квоталарын бөлу түсініледі.
Парниктік газдардың квоталанатын шығарылуы деп көміртегі диоксидінің шығарылуы түсініледі.
2. Электр энергетикасы, мұнай-газ, тау-кен өндіру, металлургия және химия өнеркәсібі, сондай-ақ цемент, әк, гипс және кірпіш өндіру бөлігінде өңдеуші өнеркәсіп (бұдан әрі - экономиканың реттелетін секторлары) көміртектік квоталауға жатады.
3. Парниктік газдардың квоталанатын шығарылу көлемі экономиканың реттелетін секторларында жылына жиырма мың тонна көміртегі диоксидінен асатын қондырғы квоталанатын қондырғы деп танылады.
Квоталанатын қондырғының операторы квоталау субъектісі деп танылады.
4. Осы Кодекстің 290-бабының 4-тармағына сәйкес Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын кезеңде квоталанатын қондырғы үшін белгіленген және көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде квоталанатын қондырғы операторының тиісті шотына есепке жатқызылған парниктік газдардың квоталанатын шығарылуының сандық көлемі көміртегі квотасы деп түсініледі.
Көміртегі квотасы квоталау субъектілері арасында көміртегі квотасының бірліктерін бөлу арқылы, сондай-ақ олардың көміртегі нарығында көміртегі бірліктерін сатып алуы есебінен қалыптастырылады.
5. Көміртегі квотасының көлемін есептеу үшін қолданылатын көміртегі бірлігі көміртегі квотасының бірлігі деп түсініледі.
6. Квоталау субъектісінің көміртегі квоталарын алмай квоталанатын қондырғыны пайдалануына тыйым салынады.
7. Квоталау субъектісі өзінде бар көміртегі квотасының бірліктерін квоталау кезеңі шегінде өз қондырғылары арасында өз бетінше бөлуге құқылы.
8. Квоталау субъектісі көміртегі квотасының өтелмеген бірліктерін Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын кезең шегінде есепті кезеңдер арасында ауыстыруды жүзеге асыруға құқылы.
9. Квоталау субъектісі осы Кодекстің 295-бабының 8-тармағына сәйкес алынған бірліктерді қоспағанда, көміртегі квотасының бірліктерін сатуға немесе сатып алуға құқылы.
10. Көміртектік квоталау осы Кодекске және парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
11. Белгіленген көміртегі квотасынан асып кеткен жағдайда квоталау субъектісі көміртегі квотасына деген жетіспеушілікті сатып алынған көміртегі бірліктерімен, қосымша көміртегі квотасымен және (немесе) офсеттік бірліктермен өтеуге құқылы.
Квоталанатын қондырғымен парниктік газдардың квоталанатын шығарылуын көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі квоталанатын қондырғы операторының тиісті шотында бар көміртегі бірліктерінің санынан асатын көлемде жүзеге асыруға тыйым салынады.
290-бап. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары
1. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары экономиканың реттелетін секторлары бойынша квоталау субъектілерінің арасында бөлуге жататын көміртегі квотасы бірліктерінің жалпы санын, сондай-ақ көміртегі квотасы бірліктерінің резерві көлемін белгілейтін құжат болып табылады.
2. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
3. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын кезең көміртектік бюджеттеу кезеңіне сәйкес келуге тиіс.
Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының есептік кезеңі күнтізбелік бір жыл болып табылады.
4. Экономиканың реттелетін секторлары бойынша квоталау субъектілері арасында тегін бөлуге жататын көміртегі квотасы бірліктерінің жалпы саны парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес есептеледі.
5. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары резервінің санатына көміртегі бірліктері:
1) Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын тиісті кезеңде пайдалануға берілетін жаңа квоталанатын қондырғылар үшін көміртегі квотасы бірліктерін тегін бөлу;
2) Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын тиісті кезеңде анықталған, бұрын ескерілмеген квоталанатын қондырғылар үшін көміртегі квотасының бірліктерін тегін бөлу;
3) Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын тиісті кезеңінде квоталанатын қондырғылардың қуаты ұлғайтылған жағдайда көміртегі квотасының қосымша бірліктерін тегін бөлу;
4) Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын тиісті кезеңде квоталанатын қондырғылар санатына ауысатын әкімшілендіру субъектілерінің қондырғылары үшін көміртегі квотасының бірліктерін тегін бөлу;
5) көміртегі квотасының бірліктерін аукцион шарттарында сату мақсатында енгізіледі.
6. Көміртегі квотасының бірліктері резервінің көлемі мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органның ақпаратына сәйкес тиісті кезеңге арналған жалпы ішкі ұлттық өнімнің жыл сайынғы болжамды өсу қарқынының орташа көрсеткіші негізінде есептеледі.
7. Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының резервін басқаруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
8. Қондырғының шығарындылары жылына жиырма мың тонна көміртегі диоксидінен асатынын растайтын парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы верификацияланған есеп негізінде әкімшілендіру субъектілерінің қондырғысы квоталанатын қондырғылар санатына енгізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қондырғы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы тиісті верификацияланған есеп ұсынылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап көміртектік квоталауға жатады.
9. Пайдалануға берілетін жаңа квоталанатын қондырғы пайдалануға берілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап көміртектік квоталауға жатады.
10. Осы баптың 5-тармағының 5) тармақшасына сәйкес көрсетілген резерв санатына енгізілген көміртегі бірліктері оларды аукцион шарттарында сатуды ұйымдастыру үшін көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына беріледі.
11. Резервтен көміртегі бірліктерін сатудан түскен қаражат парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін реттеу жөніндегі іс-шараларды, бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыру үшін көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының шотына түседі.
291-бап. Көміртегі квотасының бірліктерін бөлу
1. Квоталау субъектілерінің арасында көміртегі квотасының бірліктерін бөлу оларды Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарында айқындалған көлем шегінде тегін бөлу және аукцион арқылы сату шарттарында жүзеге асырылады.
2. Квоталанатын қондырғылар үшін тегін бөлуге жататын көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес бенчмарктерді қолдану арқылы есептеледі.
Бенчмарк деп квоталанатын парниктік газдар шығарылуының өнімнің бірлігіне шаққандағы үлестік көлемі түсініледі.
Экономиканың реттелетін секторларындағы бенчмарктердің тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
3. Көміртегі квотасының бірліктерін аукцион шарттарында сату арқылы бөлу осы Кодекстің 299-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Көміртегі квотасының бірліктерін есепке жатқызу үшін көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидаларына сәйкес көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде автоматты түрде шот ашады.
5. Көміртегі квотасы Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары бекітілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде квоталанатын қондырғы операторының тиісті шотына есепке жатқызылады.
6. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын шекте көміртегі квотасының бірліктері бір есептік кезеңнен басқасына ауыстырылуы мүмкін.
7. Көміртегі квотасының пайдаланылмаған (өтелмеген) бірліктері Көміртегі квоталарының келесі ұлттық жоспарына ауыстырылмайды.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Көміртегі квотасы бірліктерінің қолданылу мерзімі оларды бөлуге негіз болған тиісті Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының соңғы есепті жылынан кейінгі жылдың бірінші қазанында аяқталады.
292-бап. Көміртегі бірліктерін өтеу
1. Көміртегі бірліктерін өтеу деп оларды көміртегі бірліктерін квоталау субъектісінің тиісті шотынан есептен шығару және көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі квоталарды өтеу есебіне есепке жатқызу арқылы айналымнан алу түсініледі.
2. Көміртегі бірліктерін өтеу есепті жылда парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы тіркелген верификацияланған есепке сәйкес айқындалатын, квоталанатын қондырғы шығарған парниктік газдардың іс жүзіндегі квоталанатын шығарылуына тең мөлшерде жыл сайын жүзеге асырылады.
3. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы верификацияланған есеп тіркелгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде көміртегі квотасының өтелген бірліктерін квоталау субъектісінің шотынан квоталарды өтеу шотына аударады.
293-бап. Квоталанатын қондырғылардың парниктік газдарды шығаруын мониторингтеу
1. Квоталау субъектісі Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын кезеңде орындалуы міндетті квоталанатын қондырғының парниктік газдарды шығаруын мониторингтеу жоспарын (бұдан әрі - мониторингтеу жоспары) әзірлейді.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Квоталау субъектісі Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылған бірінші жылдың он бесінші сəуіріне дейін парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сəйкес мемлекеттік көміртегі кадастрындағы мониторинг жоспарының валидацияланған электрондық нысанын толтырады.
Мониторинг жоспарының электрондық нысаны осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде толтырылмаған жағдайда, көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі квоталау субъектісінің шоты бес жұмыс күні ішінде көрсетілген талаптар орындалғанға дейін бұғаттауға жатады.
3. Квоталанатын қондырғының парниктік газдарды шығаруын мониторингтеу парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мониторингтеу жоспарының нысаны парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларында белгіленеді.
294-бап. Квоталанатын қондырғылардың парниктік газдарды шығаруын түгендеу
1. Парниктік газдардың шығарылуын түгендеу деп есепті кезеңде парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуінің нақты көлемін айқындау түсініледі.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Квоталау субъектісі ағымдағы жылғы он бесінші сәуірге дейін мемлекеттік көміртегі кадастрында алдыңғы жылғы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есептің верификацияланған электрондық нысанын толтыруға міндетті.
Парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есептің нысаны Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларында белгіленеді.
3. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін есептеу жөніндегі әдістемені қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
4. Квоталау субъектісі парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есептің толтырылған электрондық нысанын верификациялау үшін мемлекеттік көміртегі кадастры арқылы валидациялау және верификациялау жөніндегі аккредиттелген органға жібереді.
5. Валидациялау және верификациялау жөніндегі аккредиттелген орган мемлекеттік көміртегі кадастрында есепті жылғы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті верификациялауды жүргізеді. Парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепке түзетулер енгізу қажет болған жағдайда, валидациялау және верификациялау жөніндегі аккредиттелген орган оны пысықтау үшін квоталау субъектісіне жібереді.
6. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы өзіне парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы верификацияланған есеп жіберілген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде оны бекітілген нысанға сәйкестігі, верификациялаудың болуы, парниктік газдардың шығарылуын есептеудің және парниктік газдардың шығарылуын есептеу үшін пайдаланылған коэффициенттерді қолданудың дұрыстығы тұрғысынан қарайды және қарау нәтижелері бойынша:
1) осы тармақтың бірінші абзацының талаптарына сәйкес келген жағдайда, парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті тіркейді;
2) парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есеп осы тармақтың бірінші абзацының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, оны пысықтау үшін квоталау субъектісіне жібереді, сондай-ақ валидациялау және верификациялау жөніндегі аккредиттелген органдарға қатысты шаралар қабылдау үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді.
7. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы тіркелген есептер негізінде парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін талдауды және болжауды жүзеге асырады және қажет болған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасының парниктік газдардың шығарылуын реттеу саласындағы заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді.
8. Парниктік газдардың шығарылуын түгендеуді бақылау парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
295-бап. Көміртегі квотасын өзгерту
1. Квоталау субъектісі Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылған кезеңде квоталанатын қондырғының қуаттылығы ұлғайтылған жағдайда негізгі көміртегі квотасы болмаған немесе оның көлемі жеткіліксіз болған кезде қосымша көміртегі квотасын алу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өтініш жасайды.
Қуаттылықты ұлғайту деп өнімді алудың, өндірудің, қайта өңдеудің және (немесе) тасудың жылдық көлемін ұлғайту түсініледі.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Квоталау субъектісі қосымша көміртегі квотасын алу мақсатында есепті жылдан кейінгі жылдың он бесінші сəуірінен ерте емес, бірақ бірінші тамызынан кешіктірмей қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға көміртегі квотасын өзгертуге электрондық нысандағы өтінішті және көміртегі квотасын өзгертуді негіздейтін есеп-қисаптарды береді.
Квоталау субъектісі Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылған соңғы жыл кезеңінде қосымша көміртегі квотасына өтініш жасаған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды есепті жылдан кейінгі жылдың он бесінші сəуірінен ерте емес, бірақ бірінші шілдесінен кешіктірмей береді.
3. Қосымша көміртегі квотасы мына формула бойынша есептеледі:
М = (Х - У) × Z,
мұнда:
М - сұралатын қосымша көміртегі квотасы;
Х - алдыңғы есепті жылғы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы верификацияланған есепте көрсетілген өнімнің расталған көлемі;
У - қолданыстағы Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары бойынша бір жылға қондырғы үшін көміртегі квотасын есептеу үшін пайдаланылған өнім көлемінің мәні;
Z - бенчмарк.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші қыркүйегіне дейін қосымша көміртегі квотасын алу үшін квоталау субъектісі ұсынған құжаттарды қарайды.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қосымша көміртегі квотасын беру туралы оң шешім қабылданған жағдайда квоталау субъектісін, квоталанатын қондырғыны және қосымша көміртегі квотасының көлемін көрсете отырып, квоталау субъектісі мен көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына тиісті хабарламаны үш жұмыс күні ішінде жібереді.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған және (немесе) олар осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайларда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган оларды пысықтауға жібереді.
Квоталау субъектісі бес жұмыс күні ішінде пысықталған құжаттарды ұсынады.
Квоталау субъектісі пысықталған құжаттарды ұсынғаннан кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган оларды алған кезден бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
7. Берілген қосымша көміртегі квотасы туралы ақпарат көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының ресми интернет-ресурсында жарияланады.
8. Квоталанатын қондырғының қуаттылығын төмендету есебінен пайда болған көміртегі квотасының бірліктерін сатуға болмайды және олар парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларында белгіленген тәртіппен Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының резервіне қайтарылуға тиіс.
Қуаттылықты төмендету деп өнімді алудың, өндірудің, қайта өңдеудің және (немесе) тасудың жылдық көлемін төмендету түсініледі.
9. Квоталанатын қондырғы жойылған (пайдаланудан шығарылған) жағдайда квоталау субъектісі тиісті қондырғыны пайдалану жүзеге асырылған соңғы есепті кезеңдегі парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті қоса бере отырып, жою туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган квоталау субъектісінен хабарламаны алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторын көміртегі квотасының пайдаланылмаған бірліктерін пайдаланудан шығарылған қондырғының шотынан Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары резервінің шотына ауыстыру туралы хабардар етеді.
10. Қосымша көміртегі квотасын беруге арналған резервтің бөлінбеген көміртегі бірліктері тиісті Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының соңғы есепті жылы бойынша есептілікті ұсыну мерзімі аяқталған күннен кейін тоқсан жұмыс күні өткен соң өтеледі.
296-бап. Квоталанатын қондырғының операторын ауыстыру
1. Квоталанатын қондырғының операторы ауыстырылған жағдайда, алдыңғы оператордың осы бөлімде көзделген құқықтары мен міндеттерінің барлығы квоталанатын қондырғының жаңа операторына ауысады.
2. Квоталанатын қондырғының жаңа операторы он жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізу туралы өтініш беруге міндетті, оған квоталанатын қондырғыға қатысты тиісті құқық белгілейтін құжаттың (қондырғыны сатып алу-сату шартының, қабылдау-беру актісінің немесе квоталанатын қондырғыға қатысты жаңа оператордың меншік құқығын немесе өзге де заңды пайдалану құқығын растайтын өзге де құжаттың) нотариат куәландырған көшірмесі қоса берілуге тиіс.