2) құрылысжайларды салу, монтаждау және бөлшектеу ластағыш заттардың барлық түрін жинауды қамтамасыз ететін технологиялар пайдаланылған кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкін;
3) құрылыс жұмыстары мен өзге де жұмыстардың кез келген түрін жүргізу кезінде су ішінде және теңіз түбінде жару жұмыстарын пайдалануға тыйым салынады;
4) теңіз түбіндегі жару жұмыстары қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау және жер қойнауын зерттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың рұқсаты бойынша жүзеге асырылуы мүмкін;
5) суда жүзетін және су маңында жүретін құстардың ұя салатын жерлерін бұзуға, сондай-ақ бекіре балықтарының уылдырық шашатын жерлерге баруына бөгет жасауға тыйым салынады;
6) су тарту құрылысжайларын балық қорғау құрылғыларымен жарақтандырған кезде ғана теңізден су тартуға жол беріледі;
7) су тарту құрылысжайларында балық қорғау құрылғылары жұмысының тиімділігін үздіксіз бақылауға арналған техникалық құрылғылар орнатылуға тиіс;
8) қалдықтарды теңізге төгуге тыйым салынады;
9) қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның рұқсаты бойынша төгілетін тазартылған сарқынды сулардың, оның ішінде салқындату және өрт сөндіру жүйелері суының, мұнайдан тазартылған теңіз суының, балласт сулардың шектеулі тізбесін қоспағанда, сарқынды суларды теңізге төгуге тыйым салынады;
10) бақылау тұстамасының шегінен тыс төгілу нәтижесіндегі судың температурасы соңғы үш жыл ішінде төгу кезеңіндегі судың орташа айлық температурасымен салыстырғанда бес градустан жоғары көтерілмеуге тиіс;
11) көлік маршруттары олардың теңіз сүтқоректілеріне, балықтар мен құстарға ықпалын болғызбайтындай немесе азайтатындай етіп таңдалуға тиіс;
12) арнайы талаптар қолданылатын аймақта жобаларда көзделмеген теміржолдарды, автомобиль жолдарын төсеуге, магистральдық құбыржолдарды тартуға тыйым салынады.
Су қорғау аймағында және тереңдігі он метрден аспайтын жағалау маңындағы таяз сулы учаскелерде жұмыстарды жүргізу үшін өнімділігі жоғары су түбіндегі топтар мен уылдырық шашатын жерлердің сақталуын қамтамасыз ететін көлік құралдары пайдаланылуға тиіс. Қажет болған жағдайда, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу кезінде топырақ-өсімдік қабатының және сол жердегі биоценоздардың тұтастығын барынша аз дәрежеде бұзатын жалпақ шынжыртабанды, қысымы төмен шиналармен, ауа жастықшаларымен жүретін арнайы көлік құралдарын пайдалануға жол беріледі.
274-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағындағы теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағындағы теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте көзделген өзге де экологиялық талаптарға қосымша ретінде осы бапта белгіленген экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
2. Келісімшарт аумағы шегінде бұрын бұрғыланған ұңғымалар табылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы оларды балансқа қабылдауға және олар бойынша мониторинг жүргізуге міндетті.
3. Авариялық жағдайдың туындау қатері төнген жағдайларды қоспағанда, ұңғымаларды пайдалану кезінде флюидтерді алау етіп жағуға тыйым салынады.
4. Ұңғымаларды сынау кезінде көмірсутектерді алау етіп жағу қоршаған ортаға неғұрлым қауіпсіз болып табылатын ең үздік қолжетімді техника қолданыла отырып, барынша азайтылуға тиіс. Тиісті техниканың қолданылуын негіздеу қоршаған ортаға әсерін бағалауды жүргізу кезінде жүзеге асырылады.
Жер қойнауын пайдаланушы шыққан түтіннің сейілуіне ықпал ететін қолайлы ауа райы жағдайында ғана осы тармақта көрсетілген ең үздік қолжетімді техниканы қолдана отырып, ұңғымаларды сынау кезінде көмірсутектерді алау етіп жағуды жүзеге асыруға міндетті, бұл ретте алау қондырғыларының конструкциясы көмірсутектердің толық жануын қамтамасыз етуге тиіс.
5. Ұңғыма құстардың миграция жолдарында орналасқан жағдайда орнитофаунаға залал келтіруді болғызбау үшін ұйымдастырушылық-техникалық шаралар қабылдануға тиіс.
6. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағындағы теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде атмосфераға шығарындылар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес, көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық практикада қабылданған, сынақтан өткен қағидаттармен және әдістермен мониторингтеуге және бақылауға жатады.
7. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін бекітілген жобалық құжатта айқындалатын қалдықтарды залалсыздандыру жөніндегі операцияларды алдын ала жүргізбей, бұрғылау қалдықтарын жер қойнауына айдауға тыйым салынады.
8. Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде ілеспе газды жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін бекітілген жобалық құжатта көзделген нормалардан асырып, қабаттық қысымды ұстап тұру арқылы мұнай беруді ұлғайтуды қамтамасыз ететіндей жер қойнауына айдауға, сондай-ақ ілеспе газды жобалық көрсеткіштерден асырып қысып айдауға тыйым салынады.
9. Қайталап пайдалануға тартылмайтын және жер қойнауына айдалмайтын бұрғылау қалдықтарын (шламдар мен ерітінділерді) залалсыздандыру және сақтау жөніндегі операциялардың барлығы Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағынан тыс жерде орналасқан арнайы полигонда жүзеге асырылуға тиіс. Мұндай арнайы полигон бұрғылау жұмыстары басталған күннен кешіктірілмей пайдалануға берілуге тиіс.
10. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес теңіз объектілері деп танылатын осындай объектілер және оларға қызмет көрсететін кемелер сарқынды суларды тазалауға және зарарсыздандыруға арналған немесе сарқынды суларды жинауға, сақтауға және кейіннен арнайы кемелерге немесе жағалаудағы қабылдау құрылғыларына беруге арналған қондырғымен жабдықталуға тиіс. Қоқысты жинау немесе өңдеу (уату немесе сығымдау) үшін тиісті құрылғылар көзделуге тиіс. Бекітілген жобалық құжатқа сәйкес ең үздік қолжетімді техникаларды қолдана отырып, медициналық қалдықтар мен тамақ қалдықтарын жағуға жол беріледі.
11. Жер қойнауын пайдаланушының қаржылай қаражаты есебінен мұнай өндіру жөніндегі жұмыстарды бастағанға дейін Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында уылдырық шашатын жерлерді қорғау және бағалы кәсіпшілік балықтарын молықтыру, сондай-ақ итбалықтардың мекендеу ортасын сақтау жөніндегі іс-шараларды қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кешенді бағдарламалар әзірленуге тиіс.
12. Бұрғылық және тампонаждық сұйықтықтар құрамында бекітілген техникалық жоба құрамында келісілмеген заттар қолданылмауға тиіс.
13. Бұрғылау қондырғыларын иісті газ түтінінің шекті мәндері бойынша Халықаралық теңіз ұйымының талаптарына сай келетін іштен жану қозғалтқыштарымен жасақтау қажет.
14. Энергия қондырғылары іштен жану қозғалтқыштарымен немесе қосарлы отын (дизель отыны - газ) турбиналарымен жасақталуға тиіс.
15. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында теңізде көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсер етуіне бағалау жүргізу кезінде белгіленіп отырған қызметтің бұрын зерделенген ауданының қазіргі жай-күйін талдау қоршаған ортаға әсер етуді бағалау туралы есеп ұсынылғанға дейін кемінде төрт жыл бұрын жүргізілген далалық зерттеулер нәтижелеріне негізделуге тиіс.
16. Каспий теңізінің акваторийі мен жағалау маңы аймақтарының ерекше осал учаскелерінде барлау жүргізуден бас тартуды қоса алғанда, балама нұсқаларды талдау қоршаған ортаға әсер етуді бағалау кезінде міндетті элемент болып табылады.
17. Су қорғау аймағында және теңіздің жағалау маңындағы тереңдігі он метрден аспайтын таяз учаскелерінде ұңғымаларды бұрғылау сыртқы желілерден электржетекті бұрғылау қондырғыларының көмегімен жүзеге асырылады. Егер бұрғылау дизель отынды және дизель жетекті генератордан бұрғылау қондырғысымен жүргізілетін болса, онда мұндай қондырғылардан атмосфераға тазартылмаған газ түтінінің шығуы барынша азайтылуға тиіс.
18. Теңізде көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде мұнайды және құрамында мұнай бар жүктерді тасымалдау жүзеге асырылатын әрбір теңіз объектісінде және әрбір кемеде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын, Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жоюға арналған ресурстар орналастырылуға тиіс.
275-бап. Геофизикалық жұмыстар жүргізу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында геофизикалық жұмыстарды жүргізу кезінде:
1) сейсмикалық толқындардың жару көздерін және ихтиофауна мен оның мекендеу ортасына зиянды әсер ететін параметрлері бар пневматикалық көздерді пайдалануға;
2) қауіпсіздігі құжатпен немесе тәжірибелік геофизикалық жұмыстар негізінде расталмаған аппаратуралар мен әдістерді қолдануға;
3) сейсмикалық шолу құралдарының үзіліп қалуын және әкетілуін болғызбау үшін оларды теңізде бақылаусыз қалдыруға, сондай-ақ оларды су түбімен сүйретуге тыйым салынады.
2. Каспий итбалығының популяциясын сақтау мақсатында қазан айынан бастап мамыр айлары аралығындағы кезеңде сейсмикалық жұмыстар мен өзге де геофизикалық жұмыстарды жүргізу сейсмикалық профильдерді аралдық және мұздақ жатақтарда итбалықтар шоғырланған жерлерден 1852 метрден (бір теңіз милінен) кем емес қашықтыққа бұрып әкетіліп түзетіледі. Жатақтарды жиі ауыстыратынын ескере отырып, итбалықтар көп шоғырланған жерлерді анықтау үшін алдын ала авиациялық айналып ұшу көзделуге тиіс.
3. Сейсмикалық барлау процесінде жұмыс аймақтарынан балықтарды үркіту құралдарын пайдалану көзделуі мүмкін.
276-бап. Мұнай-газ құбыржолдарын жобалау және салу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Теңіз деңгейінің көтеріліп-қайтып ауытқуы ықпал ететін аймақта мұнай-газ құбыржолдарын және оларға ілеспе объектілерді жобалау және салу ауытқудың ең жоғары амплитудасы ескеріле отырып жүргізілуге тиіс.
2. Мұнай-газ құбыржолдарындағы автоматты бекіту ысырмаларын жобалау мұнай-газ құбыржолдары тұтастығының ықтимал бұзылуына байланысты тәуекелдерді бағалау ескеріле отырып жүргізілуі қажет.
3. Мұнай-газ құбыржолдарын салу кезінде теңіз түбінің барынша аз көлемде бұзылуын қамтамасыз ететін техникалық құралдар мен жабдықтар қолданылуға және су ішінде қалқымалы заттардың таралуын оқшаулайтын технологиялар мен әдістер пайдаланылуға тиіс.
4. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында мұнай-газ құбыржолдарын жылжымалы мұздардан, кемелер зәкірінен және техногендік сипаттағы басқа да сыртқы әсер етулерден зақымданудан қорғауды қамтамасыз ететін тереңдікте тарту міндетті болып табылады.
5. Мұнай-газ құбыржолдарының бойында құбыржолдың шеткі сызықтарының осінен әрбір жағынан бес жүз метр қашықтықтағы, параллель жазықтықтар арасында орналасқан, су бетінен түбіне дейінгі су кеңістігінің учаскелері түрінде күзет аймақтары белгіленуге тиіс.
6. Мұнай-газ құбыржолдарын гидрологиялық сынау кезінде суды төгу Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағы шекараларының шегінен тыс жүргізілуге тиіс.
277-бап. Жағалаудағы жабдықтау базалары мен жағалаудағы инфрақұрылым объектілеріне арналған экологиялық талаптар
1. Порттар мен айлақтарды қоспағанда, жағалау базаларын, оның ішінде жанар-жағармай материалдары қоймаларын, көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету станцияларын салу қолда бар инфрақұрылым пайдаланыла отырып, Каспий теңізі жағалауының су қорғау аймағынан тыс жерде жүзеге асырылуға тиіс. Cу қорғау аймағында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген объектілерді салуға және жұмыстарды орындауға жол беріледі.
2. Айлақтар мен жабдықтау базаларының аудандары жабдықтау, техникалық қызмет көрсету және май құю жөніндегі операциялар қоршаған ортаның қауіпсіздігі мен халық денсаулығын қамтамасыз ететін талаптардың барлығы сақтала отырып жүзеге асырылатындай түрде жоспарлануға тиіс.
3. Жағалаудағы инфрақұрылым объектілерінің жұмыс істеуі және оларды бөлшектеу аяқталғаннан кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген жобалау құжаттамасына сәйкес жерлерді рекультивациялау жүргізілуге тиіс.
278-бап. Кеме қатынасына қойылатын экологиялық талаптар
1. Каспий теңізінде өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі объектілерінің кездейсоқ интродукциялануын болғызбау үшін экологиялық зерттеп-қарау жүргізбестен, бұрын өзге су бассейндерінде жұмыс істеген жабдықты және аппаратураны, сондай-ақ кемелерді пайдалануға тыйым салынады.
2. Су көлігімен жүзіп өтудің барлық түрлері жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасының құрамында ұсынылуға тиіс. Егжей-тегжейлі жобалау сатысында және жұмыстарды ұйымдастыру кезінде кемелердің маусымдар бойынша қозғалу кестесі айқындалуға және картографиялық материалдарда кемелердің жүзу маршруттары көрсетілуге тиіс. Жүзіп өту маршруттарын таңдау кезінде мұз қату жағдайларын қоса алғанда, гидрометеорологиялық жағдайлар, сондай-ақ балықтың бағалы түрлерінің уылдырық шашу және миграциялау, итбалықтардың жатақтарға бару, құстардың ұя салу кезеңдері мен орындары ескерілуге тиіс.
3. Кемелердің барлығы отынды жабық бункерлеу жүйелерімен, ластанған сулар мен тұрмыстық қоқыс жинайтын ыдыстармен жабдықталуға, олардың ашық су айдынына төгілуіне мүмкіндік бермейтін құрылғылармен жарақтандырылуға тиіс.
4. Сусымалы материалдарды, химиялық реагенттер мен қауіпті жүктерді тасымалдау Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңізде жүзу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес олардың қоршаған ортаға түсуін болғызбайтын жабық контейнерлер мен арнайы ыдыстарда жүзеге асырылуға тиіс.
5. Кемелердің, басқа да жүзу құралдарының, теңіз бұрғылау қондырғылары мен платформаларының корпустары сертификатталған коррозияға қарсы заманауи материалдармен жабылуға тиіс.
6. Теңізде кемелерге май құю отынның және жанар-жағармай материалдарының төгілуін және ағып кетуін болғызбайтын жүйелердің көмегімен жүргізілуге тиіс.
7. Кемелерден шығатын шу мен діріл санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормаларда, гигиеналық нормативтерде белгіленген шудың шекті жол берілетін деңгейінен аспауға тиіс.
8. Арнайы мақсаттағы кемелердің құрылыс жабдығы шу мен діріл деңгейін төмендетуге арналған құрал-жабдықтармен жасақталуға тиіс.
9. Каспий теңізі акваториясында көмірсутектер мен өзге де қауіпті заттарды танкермен тасымалдау үшін қосарлы корпусы бар танкерлер пайдаланылады.
10. Кемелер кеме палубаларының мұнай өнімдерімен ластануына, ластанған сарқынды сулардың су айдындарына төгілуіне жол бермейтін жабдықпен жарақталуға тиіс. Кемелерден мұнайды, ластағыш заттарды және құрамында ластағыш заттар бар сарқынды суларды, тазартылмаған балласт суларды, тамақ қалдықтарын, тұрмыстық қоқысты және пластмассалардың барлық түрін су объектілеріне төгіп-тастауға тыйым салынады. Кемелерден ластануды болғызбау жөніндегі шаралар Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңізде жүзу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес қабылданады.
11. Кеме қатынасы режимі жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша белгіленеді.
279-бап. Көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операциялар объектілерін консервациялауға және жоюға қойылатын экологиялық талаптар
1. Теңізде көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру, барлау, оның ішінде пайдалы қатты қазбаларды, минералдық және (немесе) ауызсуларды барлау жөніндегі операциялар объектілерін консервациялау немесе жою Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Сынақтар аяқталғаннан кейін ұңғымалар консервацияланған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы консервациялау жөніндегі жұмысты жүргізуге, жұмыс қайта басталатын кезге дейін бұрғылау негіздерінің сақталуын және ұңғымалардың берік герметикалануын қамтамасыз етуге міндетті.
3. Үйінді негізден (су асты бермасынан немесе аралдан) бұрғыланған ұңғымаларды жою кезінде жер қойнауын пайдаланушы олардың герметикалануын және жасанды негізді көмірсутектермен және өзге де химиялық заттармен ықтимал ластанудан тазартуды алдын ала жүргізе отырып, оның жай-күйін бақылауды қамтамасыз етуге міндетті. Аралды (берманы) су шайып кеткен жағдайда жер қойнауын пайдаланушы негізді түбегейлі тегістегенге дейін оны қадамен немесе бакенмен белгілеуге және кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында теңіз карталарына түсіру үшін координаттарын жер қойнауын зерттеу жөніндегі, ішкі су көлігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға беруге міндетті.
4. Кез келген типтегі платформалардан бұрғыланған ұңғымаларды жою кезінде платформалардың конструкциялары толық бөлшектелуге және жойылуға, ал герметикаланған ұңғымалардың басы балық аулау мен кеме қатынасына кедергі келтірмеуі үшін түбінен кесіп тасталуға тиіс.
5. Пайдаланудан шығарылған өндіруге арналған үйінді аралдарды жою туралы шешім жою жөніндегі жұмыстарды жүргізудің қоршаған ортаға әсер етуіне жүргізілген бағалау негізінде қабылдануға тиіс.
6. Су жайылған және су басқан ескі ұңғымаларды консервациялау және жою Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптамадан және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін сараптамадан өткен жобалар бойынша орындалуға тиіс. Бұл ретте Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі жоспар міндетті түрде әзірленуге әрі бекітілуге және консервацияланған және жойылған ұңғымалардың мониторингі қамтамасыз етілуге тиіс. Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі жоспарға сәйкес Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз етпей, жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді.
280-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағының қоршаған ортасын мониторингтеу
1. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік экологиялық мониторингті міндетті түрде жүзеге асырады.
2. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушы теңіз ортасына жағымсыз әсерді болғызбау мақсатында мұзбен жабылған теңіз акваториясында қысқы кезеңдегі мониторингті қоспағанда, бүкіл келісімшарт аумағы бойынша қоршаған ортаға жыл сайынғы өндірістік мониторингті (климаттық маусымдар бойынша) жүргізуге міндетті.
3. Көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операциялардың (геофизикалық зерттеулер, инженерлік-геологиялық іздестірулер, бұрғылау, құрылыс салу, жайластыру, пайдалану, жою және өзге) әрбір кезеңінің қоршаған ортаға әсер етуін бағалау материалдарында өндірістік мониторингті жүргізу көзделуге тиіс, онда:
1) көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операциялардың әрбір кезеңінде өндірістік объектілердегі қоршаған ортаның жай-күйін тікелей зерттеулер;
2) ластану көздерін мониторингтеу;
3) қоршаған ортаның жай-күйін мониторингтеу;
4) қоршаған ортаның авариялық ластану салдарын мониторингтеу қамтылады.
4. Қоршаған ортаны мемлекеттік экологиялық және өндірістік мониторингтеу мынадай параметрлерді:
1) Каспий теңізінің мәртебесі (режимі) бойынша әртүрлі учаскелерінде судың, сондай-ақ су түбіндегі шөгінділердің физикалық, химиялық және гидробиологиялық көрсеткіштер бойынша ластану деңгейін;
2) Каспий теңізінің белгілі бір учаскелерінде (ашық теңізде, шығанақтарда, атырау маңындағы учаскелерде, теңізге құятын өзендерде, көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операциялар жүргізілетін аудандарда сынамаларды іріктеудің бақылау нүктелерінде), атмосфера - су бөлінісі шекарасында ластағыш заттардың балансы мен түрленуін және олардың су түбіндегі шөгінділерде (тұнбаларда) жинақталуын;
3) табиғи циркуляциялық процестерді, гидрометеорологиялық көрсеткіштерді (судың температурасын, ағысын, желдің жылдамдығы мен бағытын, атмосфералық жауын-шашынды, атмосфералық қысымды, ауаның ылғалдығын) байқауды қамтуға тиіс.
5. Жер қойнауын пайдаланушы қажет болған жағдайда және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның талап етуі бойынша қоршаған ортаның жай-күйіне қосымша зерттеулер жүргізуге тиіс.
6. Жер қойнауын пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қоршаған ортаның жай-күйін байқау түрлері мен әдістерін айқындайды.
7. Жер қойнауын пайдаланушы өндірістік мониторинг жүргізген кезде алдыңғы жылдардағы байқау нәтижелерін ескеруге және ұзақ мерзімдік байқау қатарын жалғастыру мақсатында жұмыс алаңында (келісімшарт аумағы шегінде және оның айналасында) орналасқан, бұрыннан бар станциялардың көрсеткіштерін пайдалануға тиіс.
8. Авариялық ахуал туындаған жағдайда қоршаған ортаның авариялық ластану салдарын мониторингтеу кейінге қалдырмай ұйымдастырылуға тиіс.
9. Жер қойнауын пайдаланушы өндірістік мониторинг нәтижелерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беруге міндетті.
18-БӨЛІМ. КЛИМАТ ЖӘНЕ АТМОСФЕРАНЫҢ ОЗОН ҚАБАТЫ
20-тарау. ПАРНИКТІК ГАЗДАРДЫҢ ШЫҒАРЫЛУЫ МЕН СІҢІРІЛУІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
281-бап. Парниктік газдар
1. Парниктік газдар деп Жердің атмосферасын құрайтын, инфрақызыл сәулені сіңіре немесе шағылыстыра алатын, шығу көзі табиғи да, антропогендік те болатын газ тәріздес заттар (химиялық қосылыстар) түсініледі.
2. Осы Кодекстің күші парниктік газдардың мынадай түрлеріне:
1) көміртегі диоксидіне (CO2);
2) метанға (CH4);
3) азот шала тотығына (N2O);
4) гидрофторкөміртектеріне (ГФК);
5) перфторкөміртектеріне (ПФК);
6) күкірт гексафторидіне (SF6);
7) осы баптың 3-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған өзге де заттарға қолданылады.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жекелеген заттарды парниктік газдар ретінде айқындауы осындай заттарға қатысты парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу бойынша шаралар қабылдауды талап ететін Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері күшіне енген жағдайда жүзеге асырылады.
282-бап. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі
1. Парниктік газдардың шығарылуы деп антропогендік процестер нәтижесінде атмосфераға парниктік газдардың босап шығуы түсініледі.
2. Парниктік газдардың сіңірірілуі деп кез келген табиғи процесті немесе қызмет түрін жүзеге асыру нәтижесінде болатын атмосферадан парниктік газды абсорбциялау (жою) түсініледі.
3. Парниктік газдардың шығарылу және сіңірілу көлемі көміртегі диоксиді баламасының тоннасымен өлшенеді және есептеледі.
Көміртегі диоксиді баламасының тоннасы деп көміртегі диоксидінің бір метрикалық тоннасы немесе жаһандық жылыну әлеуеті бойынша көміртегі диоксидінің бір метрикалық тоннасына балама өзге парниктік газ массасы түсініледі.
Жаһандық жылыну әлеуетін Қазақстан Республикасының климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттарының ережелеріне сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
283-бап. Климаттың өзгеруіне жаһандық ден қоюға Қазақстан Республикасының ұлттық үлестері
1. Қазақстан Республикасы 2030 жылғы 31 желтоқсанға қарай Қазақстан Республикасының көміртегі балансын 1990 жылғы көміртегі балансының деңгейінен кемінде он бес пайызға төмендетуді қамтамасыз етуді өзіне мақсат етіп қояды.