258-бап. Табиғи еркін жағдайда мекендейтін жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін пайдалану
1. Егер табиғи еркін жағдайда мекендейтін жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін ғылыми, мәдени-ағартушылық, тәрбиелік және эстетикалық мақсатта пайдалану жануарларды мекендеу ортасынан алмай жүзеге асырылса, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілі бір жерлерге және белгілі бір мерзімдерде баруға шектеу енгізуге құқылы. Көрсетілген шектеулер туралы мәліметтер аудандық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, ал тиісті жерлерде арнайы ескерту қалқандары орнатылады.
2. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстауға және өсіруге мүдделі жеке және заңды тұлғалар қолдан өсіру жолымен алынған жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерінің мекендеу ортасынан алынған санына сәйкес келетін дара нұсқаларын белгіленген мерзімдерде мекендеу ортасына жіберуге міндетті. Жануарларды жіберу жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамдарының қатысуымен акт бойынша жүзеге асырылады.
259-бап. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін, сондай-ақ Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосымшаға енгізілген түрлерді еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстау және өсіру
1. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлері, сондай-ақ Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосымшаға енгізілген түрлер еріксіз (торларда және вольерлерде ұстау) және жартылай ерікті (табиғи мекендеу ортасына жақын жағдайлары бар парктерде және басқа учаскелерде ұстау) жағдайларда қолдан өсірілуі мүмкін.
2. Жеке және заңды тұлғалардың жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін, сондай-ақ Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосымшаға енгізілген түрлерді еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстауына және өсіруіне олар мынадай талаптарды сақтаған:
1) белгіленген тәртіппен бөліп берілген, вольерлермен, торлармен және басқа да құрылысжайлармен жабдықталған учаскені немесе үй-жайды қоса алғанда, жануарларды ұстауға арналған жағдайлар болған;
2) зоотехникалық, ветеринариялық және санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралар қажетті көлемде орындалған;
3) зоологиялық, зоотехникалық және ветеринариялық бейінді мамандар, жануарларды еріксіз немесе жартылай ерікті жағдайларда ұстау дағдылары бар өзге тұлғалар болған;
4) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты болған кезде рұқсат етіледі.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін, сондай-ақ Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосымшаға енгізілген түрлерді еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстауға және өсіруге берілген рұқсатта орындалуы міндетті талаптар көрсетіледі. Егер жеке және заңды тұлғалар рұқсат шарттарын орындамаса, алты ай ішінде екі ескертуден кейін рұқсат кері қайтарылып алынуы немесе оның күші жойылуы мүмкін.
4. Арнайы зоологиялық питомниктерде жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстау және өсіру осы питомниктер туралы ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
5. Сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерге, сондай-ақ Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосымшаға енгізілген түрлерге жатқызылған және еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарлардың иелері осы жануарларға алынбайтын сақина тағуға немесе оларды таңбалауды жүргізуге және оларға паспорттары болуға міндетті.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Сирек кездесетін жəне жойылып кету қатері төнген түрлерге жатқызылған жануарларды еріксіз немесе жартылай ерікті жағдайларда ұстайтын жеке жəне заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының шегінде осы жануарларды сатып алуға, өткізуге жəне айырбастауға құқығы бар.
Мəміле жасалған жағдайда жеке жəне заңды тұлғалар бес жұмыс күні ішінде жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту жəне пайдалану саласындағы уəкілетті мемлекеттік органға жасалған мəміле туралы хабарлама жіберуге міндетті.
Хабарлама тиісті мəміленің күні мен нөмірі көрсетіле отырып, жазбаша түрде жіберіледі.
7. Меншігінде сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерге, сондай-ақ Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосымшаға енгізілген түрлерге жатқызылған, еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарлар бар жеке және заңды тұлғалар оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен халықаралық сауда мақсатында пайдалануы мүмкін.
8. Егер еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда өсірілетін жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерінің халықаралық саудасы мемлекетке экологиялық және (немесе) экономикалық залал келтіруі мүмкін болса, Қазақстан Республикасының Үкіметі мұндай саудаға шектеур енгізуге құқылы.
17-тарау. ОРМАНДАРДЫ ҚОРҒАУ
260-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтырған және орман өсiрген кезде мемлекеттiк орман қорының учаскелерiн пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтыру және орман өсiру кезінде мемлекеттік орман қорының учаскелерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
261-бап. Орман иелеріне және (немесе) орман пайдаланушыларға пайдалануға берiлген мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш және бұта өсiмдiктерiн күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Ауыл және орман шаруашылығын кешенді жүргізу үшін орман иелерінің және (немесе) орман пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдалануына берілген мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш және бұта өсімдіктерін күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану Қазақстан Республикасы Орман кодексінің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
2. Мемлекеттік орман қорының учаскелері пайдалануына берілген орман иелері және (немесе) орман пайдаланушылар оларда орман орналастыруды жүргізуге және Қазақстан Республикасының Орман кодексінде белгіленген тәртіппен орман қорын мемлекеттік есепке алуды жүргізуге қатысуға міндетті.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген ағаш және бұта өсiмдiктерiнiң жай-күйiн, күзетiлуiн, қорғалуын, молықтырылуын және пайдаланылуын бақылауды орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
262-бап. Басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн күзету, қорғау, осындай учаскелерді пайдалану, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру кезiндегi экологиялық талаптар
1. Басқа меншік иелерінің немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелері арасында орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерін күзетуді, қорғауды, пайдалануды, мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыруды жүзеге асыру үшін мемлекеттік орман иеленушілердің Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен бөтен жер учаскесін шектеулі мақсатты пайдалануға (сервитут) құқығы бар.
2. Табиғи өсiп шығатын ормандарды сыртқы қолайсыз әсер етулерден қорғау үшiн басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттiк орман қоры учаскелерi шекараларының бойымен енi жиырма метр болатын күзет аймақтары белгiленедi.
3. Күзет аймағы шегiнде мемлекеттiк орман қоры учаскелерінде ормандардың жай-күйiне жағымсыз әсер ететiн қызметке тыйым салынады.
263-бап. Темiржолдардың, автомобиль жолдарының, каналдардың, магистральдық құбыржолдардың және басқа да желiлiк құрылысжайлардың бөлiнген белдеулеріндегi қорғаныштық екпелердi күзету, қорғау және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Темiржолдардың, автомобиль жолдарының, каналдардың, магистральдық құбыржолдардың және басқа да желiлiк құрылысжайлардың бөлiнген белдеулерінде орналасқан қорғаныштық екпелер осы объектiлердi қолайсыз табиғи құбылыстардан қорғауға, қоршаған ортаның ластануын болғызбауға, шудың әсер етуiн азайтуға арналған.
2. Темiржолдардың, автомобиль жолдарының, каналдардың, магистральдық құбыржолдардың және басқа да желiлiк құрылысжайлардың бөлінген белдеулерінде орналасқан, қорғаныштық екпелер бар учаскелерде орманды күтiп-баптау мақсатында кесуге, санитариялық мақсатта кесуге, бағалылығы төмен екпелердi, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа да функцияларын жоғалта бастаған екпелердi реконструкциялауға байланысты кесуге және қорғаныштық екпелерді жасау жобаларына сәйкес өзге де мақсатта кесуге жол берiледi.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қорғаныштық екпелердi күзетудi, қорғауды және пайдалануды өздерінің жерлерінде осы екпелер орналасқан жер пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Орман кодексіне сәйкес жүзеге асырады.
264-бап. Қалалық және ауылдық қоныстардың жасыл қорын қорғау
1. Қалалық және ауылдық қоныстардың жасыл қоры орман екпелері мен өзге де екпелер орналасқан аумақтардың жиынтығын білдіреді.
2. Қалалық және ауылдық қоныстардың жасыл қорын қорғау жасыл қорды сақтау мен дамытуды қамтамасыз ететін және экологиялық ахуалды қалыпқа келтіру және қолайлы қоршаған орта жасау үшін қажетті іс-шаралар жүйесін көздейді.
3. Жасыл қордың құрамындағы аумақтарда көрсетілген аумақтарға жағымсыз әсер ететін және олардың экологиялық, санитариялық-гигиеналық және рекреациялық мақсаттағы функцияларды жүзеге асыруына кедергі келтіретін қызметке тыйым салынады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген аумақтарда ормандарды күзету, қорғау және молықтыру, орман өсіру Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
265-бап. Жасыл белдеулерде орналасқан табиғи объектілерді ерекше қорғау режимі
1. Жасыл белдеулерде орналасқан табиғи объектілерді ерекше қорғау мақсатында қызметтің шектеулі режимі белгіленеді.
2. Жасыл белдеулердегі қызметтің шектеулі режимі:
1) жасыл белдеулерде орналасқан табиғи объектілер жай-күйінің қолайсыз өзгеруіне алып келмейтін қызмет түрлерін жүзеге асыру және технологияларды қолдану басымдығы;
2) әлеуметтік-экономикалық міндеттер мен жасыл белдеулерде орналасқан табиғи объектілерді ерекше қорғау міндеттерін шешудің теңгерімділігі қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Жасыл белдеулердің құрамына кіретін аумақтарда:
1) уытты химиялық препараттарды, пестицидтерді, агрохимикаттарды пайдалануға;
2) қауіпті қалдықтарды орналастыруға;
3) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес қауіпті өндірістік объектілерге жатқызылған, қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілерді орналастыруға;
4) минералдық сулар мен емдік балшықтар көздерін игеруді, басқа да табиғи емдік ресурстарды пайдалануды қоспағанда, пайдалы қазбалардың кен орындарын игеруге;
5) күрделі құрылыс объектілерін (гидротехникалық құрылысжайларды, байланыс желілерін, электр беру желілерін, құбыржолдарды, автомобиль жолдарын, теміржол желілерін, басқа да желілік объектілерді, көрсетілген объектілердің ажырамас технологиялық бөлігі болып табылатын ғимараттарды, құрылыстарды, құрылысжайларды, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру объектілерін, рекреациялық қызметті, туризмді жүзеге асыруға арналған объектілерді қоспағанда) құруға;
6) мал шаруашылығы және құс шаруашылығы кешендері мен фермаларын салуға, көң-қойма орнатуға;
7) мал қорымдарын орналастыруға;
8) улы химикаттар мен минералдық тыңайтқыштар қоймаларын орналастыруға тыйым салынады.
4. Бүлінген жерлерді рекультивациялау, жерлерді эрозиядан, су басудан, су жайылудан, батпақтанудан, қайтадан сортаңданудан, құрғаудан, қалдықтармен, химиялық заттармен ластанудан, зақымданудан және жасыл белдеулердегі басқа да жағымсыз әсер етуден қорғау басым тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Жасыл аймақтарды рекультивациялау жөніндегі іс-шаралар ормандарда санитариялық қауіпсіздік шараларын орындауды және зиянды организмдердің ошақтарын жоюды, оның ішінде табиғи экологиялық жүйелердің тозуына, табиғи ресурстардың сарқылуына және қоршаған орта жай-күйінің өзге де жағымсыз өзгерістеріне алып келмейтін химиялық препараттарды қолдана отырып жоюды қамтиды.
6. Жасыл белдеулерде Қазақстан Республикасының орман заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, орман екпелерін және өзге де екпелерді жаппай кесуге тыйым салынады.
7. Орманды қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар жасыл белдеулердің аумақтарында басым тәртіппен, бірақ тиісті орман екпелерін және өзге де екпелерді кесу жүргізілген кезден бастап бір жылдан кешіктірілмей жүзеге асырылады.
8. Жасыл белдеулерде орналасқан ормандарды пайдалану, күзету, қорғау, молықтыру ерекшеліктерін орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
18-тарау. ӨСІМДІКТЕРДІҢ, ЖАНУАРЛАРДЫҢ, МИКРООРГАНИЗМДЕРДІҢ ГЕНДІК ҚОРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ГЕНЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАРДЫ ПАЙДАЛАНУ
266-бап. Өсімдіктердің және табиғи еркіндік жағдайында мекендейтін жануарлардың гендік қорын қорғау және молықтыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының құнды гендік қоры және ұлттық қазынасы болып табылатын өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін, жойылып кету қатері төнген, эндемиялық және реликтік түрлерінің қырылуына, популяциясының қысқаруына немесе мекендеу ортасының бұзылуына алып келуі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді.
2. Құнды табиғи гендік қор объектілері - өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін, жойылып кету қатері төнген, эндемиялық және реликтік түрлерінің популяциясы, сондай-ақ селекцияда пайдаланылатын не болашақта селекция үшін әлеуетті ықтимал объектілер болып табылатын екпе өсімдіктердің және жануарлардың туыстастарын қоса алғанда, құнды агробиоәртүрлілік объектілері анықталған учаскелер заңнамада белгiленген тәртiппен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлеріне, генетикалық резерваттарға және айналасына табиғи ресурстарды пайдаланудың ерекше шарттары бар қорғалатын не буферлiк аймақтар белгiленетін басқа да қорғалатын объектiлерге бөлінуі мүмкін.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі объектілері табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесіне енгізілуі мүмкін, ал олардың өсіп-өну және мекендеу учаскелері, шоғырлану және көбею орындары, миграция жолдары өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі объектілерінің сақталуын, осы учаскелерді пайдаланудың ерекше режимін қамтамасыз ететіндей қорғауда болуға тиіс.
Табиғи гендік қорды орналастыру учаскелерін карантиндік объектілер мен бөтен түрлерден қорғау қамтамасыз етілуге тиіс.
4. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі объектілерін молықтыру және пайдалану аналық дара нұсқаларының сақталуын қамтамасыз ететін тәсілдермен жүзеге асырылуға және осы салада ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде, сондай-ақ генетикалық ресурстарға қатысы бар ғылымның тиісті жетістіктерін, практиканы және дәстүрлі білімді пайдалану кезінде қабылданған әдеп талаптарына сай келуге тиіс.
2023.02.01. № 184-VІІ ҚР Заңымен 267-баптың тақырыбы өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
267-бап. Табиғи-ғылыми коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын күтіп-баптау және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
2023.02.01. № 184-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Өсімдіктердің (оның ішінде, гербарийлік коллекциялар), жануарлардың және генетикалық банктерді, ДНҚ мен РНҚ коллекцияларын қоса алғанда, микроорганизмдердің генетикалық коллекциялары олардың сақталуын, қол жеткізу мен пайдаланудың белгіленген режимін қамтамасыз ететін жағдайларда ұсталуға тиіс.
Ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген коллекцияларға қол жеткізу және оларды пайдалану тәртібін, шарттарын ғылым саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Ботаникалық коллекцияларды, өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын қалыптастыру, сақтау, есепке алу және пайдалану тәртібін өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2023.02.01. № 184-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Табиғи-ғылыми коллекциялар мен генетикалық ресурстар коллекциялары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде мемлекеттік не жеке меншікте болуы мүмкін.
Меншік нысандарына қарамастан, ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын қоспағанда, табиғи-ғылыми коллекциялар және оларды ұстаушылар ғылым саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік есепке алуға және тіркеуге жатады.
19-тарау. КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ СОЛТҮСТІК БӨЛІГІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРЫҚ АЙМАҒЫ
268-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағының шекаралары
Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағының шекараларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
269-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында қызметті жүзеге асыру режимін шектеу
1. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағының шегінде функционалдық аймақтарға бөлу негізінде қызметке толық тыйым салынған қорық учаскелері бөліп шығарылады және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыстың жекелеген түрлерін жүргізуге қосымша уақытша шектеулер енгізіледі.
2. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі қорық аймағында мынадай пайдалану режимі белгіленеді:
1) теңізде балықтардың қалыпты уылдырық шашуын және құртшабақтардың ширауын қамтамасыз ету үшін 1 сәуірден бастап 15 шілде аралығындағы кезеңде Жайық пен Еділ өзендері сағасындағы аудандарда Еділ өзенінің жер беті атырауы қазақстандық бөлігінің теңізге қарай сұғына енген нүктесінен және Жайық өзенінің жер беті атырауының теңізге қарай сұғына енген нүктесінен 50 километр радиуста, сондай-ақ 1994 жылы 1 қаңтардағы жағалау сызығынан ені 15 километр белдеуде жоғарыда аталған атыраулар бойындағы кеңістік шекараларының арасында және одан әрі шығысқа қарай Жем өзеніне дейін құрылыс және геофизикалық жұмыстар жүргізуге, ұңғымаларды сынауға және кеме қатынасына тыйым салынады. Бұл ретте жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша балық аулауды және оны тасуды, навигациялық жағдай құралдарын қоюды, ауыстыруды, алуды және тексеруді, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын кемелердің қатынасына жол беріледі;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген кезеңде мұнай өндіру процесі жабдықтармен, химиялық реагенттермен, жанар-жағармай және басқа материалдармен, азық-түлікпен дербес қамтамасыз етуге көшірілуге тиіс. Тыйым салу кезеңі аяқталған соң кейіннен әкету үшін мұнай өндіру процесіндегі қалдықтарды жинақтау мен сақтауды қамтамасыз ететін барлық шаралар қабылдануға тиіс;
3) құстарды ұя салатын жерлерінде (қамыс нуларында, құмдауытты жағалау маңы шығанақтары мен аралдарда) сақтау мақсатында осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген кезеңде құрылыс жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ ұңғымаларды сынауға тыйым салынады;
4) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілгеннен басқа мерзімдерде құрлық - теңіз шекарасындағы қамысты нулардың (табиғи биологиялық сүзгілердің) шегінде жұмыстар жүргізу жылдың маусымы ескеріле отырып, қоршаған ортаны қорғау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың шешімдерімен реттеледі;
5) Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу қазан айынан бастап мамыр айы аралығында олар шоғырланған жерден 1852 метрден (бір теңіз милі) жақын болмайтын қашықтықта жүзеге асырылуға тиіс. Жатақтардың ауысуы ескеріле отырып, итбалықтар шоғырланған жерлерді анықтау үшін барлық мүмкін болатын шаралар қабылдануға тиіс;
6) құстар мен Каспий итбалығына жағымсыз әсер етуді болғызбау үшін қоршаған ортаны қорғау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарды алдын ала хабардар ете отырып, ғылыми-зерттеу және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жағдайларды қоспағанда, олардың анықталған мекендеу және көбею орындарынан бір километрден төмен биіктікте әуе көлігінің ұшып өтуіне тыйым салынады.
3. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағы экожүйесінің орнықты болуын қамтамасыз ету үшін теңізде барлау мен өндіруді жобалау кезінде бұрғылау негіздерін салу, ұңғымаларды сынау және кеме қатынасы барынша шектеледі.
270-бап. Каспий теңізінің су қорғау аймағы
Каспий теңізінің жағалауы бойынша су қорғау аймағының ені осы Кодекстің 223-бабы 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, теңіздің соңғы он жыл ішіндегі орташа-көпжылдық деңгейі белгісінен екі мың метрге тең, минус 27 метрге тең деп қабылданады.
271-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі халық су пайдаланатын жерлерде жағалау маңы суын қорғау аудандары
1. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі халық су пайдаланатын жерлерде жағалау маңы суын қорғау аудандарын жергілікті атқарушы органдар нақты және перспективалық су пайдалануды ескере отырып, өз құзыреті шегінде белгілейді. Осындай аудан аумағының теңіз жағындағы ені теңіздің соңғы он жылдағы орташа-көпжылдық деңгейі белгісінен 3,9 километрден кем болмауға тиіс.
2. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі халық су пайдаланатын жерлерде жағалау маңы суын қорғау аудандарының құрамында бөлінетін құрлықтың жағалау маңындағы белдеуі шекараларды айқындау бөлігінде де, қорғау режимі бөлігінде де Каспий теңізінің су қорғау аймағына сәйкес келеді.
272-бап. Каспий теңізі деңгейінің көтеріліп-қайтып ауытқуының әсер ету аймағы шегінде қызметті жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Каспий теңізі деңгейінің көтеріліп-қайтып ауытқуының ықпал ету аймағының нақты тіркелген шекарасы болмайды және ол шамамен акваторий шегінде минус 29 метр абсолютті белгіден құрлықтағы минус 26 метрге дейін жетеді.
2. Каспий теңізі деңгейінің көтеріліп-қайтып ауытқуының ықпал ету аймағы шегінде:
1) су объектілерінің және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын құрылысжайлармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген жаңа және реконструкцияланатын объектілерді жобалауға, салуға және пайдалануға беруге;
2) мұнай өнімдерін сақтауға арналған қоймаларды, техникаға техникалық қызмет көрсету пункттерін, механикалық шеберханаларды, жуу орындарын елді мекендер шегінен тыс жерге орналастыруға және салуға, қалдықтарды орналастыру орындарын ұйымдастыру мен жайластыруға, сондай-ақ судың сапасына жағымсыз ықпал ететін басқа да объектілерді орналастыруға;
3) экологиялық рұқсатсыз құрылыс, түбін тереңдету және жару жұмыстарын жүргізуге, пайдалы қазбаларды өндіруге, кәбілдер, құбыржолдар және басқа да коммуникациялар тартуға, бұрғылау, ауыл шаруашылығы және өзге де жұмыстарды орындауға тыйым салынады.
273-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында қызметті жүзеге асыру кезіндегі жалпы экологиялық талаптар
Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында қызметті жүзеге асыру кезінде мынадай экологиялық талаптар сақталуға тиіс:
1) авариялық-құтқару жұмыстарын қоспағанда, топырақты қазып алуға және басқа жерге апаруға байланысты жұмыстарға жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган беретін арнайы рұқсат болған кезде жол беріледі;