3. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы баптың 2-тармағында көзделген өтініш пен құжаттарды алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізеді.
297-бап. Квоталанатын қондырғы операторының атауын және (немесе) ұйымдық-құқықтық нысанын өзгерту
1. Квоталанатын қондырғының операторы өзінің атауы және (немесе) ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген жағдайда, он жұмыс күнде ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізу туралы электрондық нысанда өтініш беруге міндетті.
2. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы баптың 1-тармағында көзделген өтінішті алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізеді.
298-бап. Көміртегі офсеті
1. Көміртегі офсеті деп Қазақстан Республикасында экономиканың кез келген секторында парниктік газдардың шығарылуын қысқартуға және (немесе) парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған қызметті немесе қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізілген парниктік газдардың шығарылуын қысқарту және (немесе) парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайту түсініледі.
Квоталанатын қондырғының парниктік газдардың квоталанатын шығарылуын қысқарту көміртегі офсеті деп танылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген қызметті немесе қызмет түрлерін жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі - жобаның өтініш берушісі) көміртегі офсетін мақұлдауды алу және офсеттік бірліктер алу мақсатында өз жобасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қарауына ұсынуға құқылы.
3. Офсеттік бірлік деп көміртегі офсетін есептеу мақсатында қолданылатын көміртегі бірлігі түсініледі.
4. Көміртегі офсетін мақұлдау және офсеттік бірліктер беру қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
5. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы офсеттік бірліктерді көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде жобаның өтініш берушісінің шотына беру арқылы оларды айналысқа енгізуді жүзеге асырады.
6. Офсеттік бірліктер айналысқа енгізілу кезінде қолданылу мерзімінің шектелу жағдайларын қоспағанда, қолданылу мерзімі бойынша мерзімсіз болып табылады.
7. Жобаның өтініш берушісінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен офсеттік бірліктерді сатуға құқығы бар.
8. Квоталау субъектісі көміртегі квотасының бірліктерін өтеу көлемін алынған (сатып алынған) офсеттік бірліктер көлеміне азайтуға құқылы.
299-бап. Көміртегі бірліктері және көміртегі нарығы
1. Көміртегі бірлігі көміртегі квотасының немесе көміртегі офсетінің есептік бірлігі болып табылады және көміртегі диоксиді баламасының бір тоннасына тең болады.
2. Көміртегі бірлігі (көміртегі квотасының бірлігі, офсеттік бірлік) осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасында көміртегі нарығының субъектілері арасында айналымына рұқсат берілген тауар болып табылады.
3. Мыналар көміртегі нарығының субъектілері болып табылады:
1) квоталау субъектілері;
2) көміртегі офсеттерін өткізуге қатысатын жеке және заңды тұлғалар;
3) көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы.
4. Қазақстан Республикасында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі бастапқы және қайталама көміртегі нарықтарынан тұрады.
Бастапқы көміртегі нарығында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары резервінің тиісті санатынан көміртегі квотасының бірліктерін көміртегі нарығының субъектілеріне аукцион шарттарымен сатуды жүзеге асырады.
Қайталама көміртегі нарығында көміртегі нарығының субъектілері тікелей мәміле немесе тауар биржасы арқылы көміртегі бірліктерін өзара сатып алу-сатуды жүзеге асырады.
5. Көміртегі бірліктерінің саудасы қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
6. Тауар биржасында көміртегі бірліктерінің саудасы Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес ұйымдастырылады.
7. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүзеге асырылатын тауар биржасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган көміртегі бірліктерінің саудасы қағидаларына сәйкес айқындайды.
8. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының көміртегі бірліктерін сатуы және сатып алуы тауар биржасы арқылы жүзеге асырылады.
9. Квоталау субъектісі, жобаның өтініш берушісі мәміле жасау күнгі көміртегі квотасының бірлігі мен офсеттік бірліктің биржалық белгіленімі деңгейінен төмен емес баға бойынша сатып алу-сату шарты бойынша тікелей сату арқылы көміртегі квотасының бірліктері мен офсеттік бірліктерді өткізуге құқылы.
Мәміле жасау күні тауар биржасында көміртегі квотасының бірлігіне немесе офсеттік бірлікке биржалық баға белгіленімі болмаған кезде баға көміртегі квотасы бірлігіне немесе офсеттік бірлікке соңғы қолжетімді баға белгіленімі бойынша айқындалады.
10. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша күші жойылған, өтелген, айналыстан алынған немесе айналыстан шығарылған көміртегі бірліктері сауда объектісі бола алмайды.
11. Қазақстан Республикасында айналысқа шығарылған көміртегі бірліктерінің шет мемлекеттің көміртегі нарығындағы саудасы, сондай-ақ шет мемлекетте айналысқа шығарылған көміртегі бірліктерінің Қазақстан Республикасының көміртегі нарығындаға саудасы қағидалары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
300-бап. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі
1. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі - көміртегі бірліктерін айналысқа енгізуге, сақтауға, беруге, сатып алуға, резервке қоюға, бұғаттауға, өтеуге, жоюға, айналыстан алуға байланысты операцияларды есепке алудың электрондық жүйесі.
2. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде әрбір квоталанатын қондырғыға қатысты жеке шот ашылады.
3. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін әзірлеуді және жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
4. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы қалыптастырады және жүргізеді.
5. Көміртегі бірліктері мемлекеттік тізілімінің негізгі функциялары айналысқа енгізілген, сақтауда тұрған, берілген, сатып алынған, резервке қойылған, бұғатталған, жойылған, өтелген, айналыстан алынған көміртегі бірліктерін дәлме-дәл есепке алуды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да ұлттық тізілімдермен деректер алмасу болып табылады.
301-бап. Қондырғыларды әкімшілендіру
1. Парниктік газдардың квоталанатын шығарылуының көлемі экономиканың реттелетін секторларында жылына он мыңнан жиырма мың тоннаға дейінгі көміртегі диоксидін құрайтын қондырғы әкімшілендірілетін қондырғы деп танылады.
Әкімшілендірілетін қондырғының операторы әкімшілендіру субъектісі деп танылады.
2. Әкімшілендіру субъектісі ағымдағы жылғы бірінші сәуірге дейінгі мерзімде мемлекеттік көміртегі кадастрында әкімшілендірілетін қондырғының парниктік газдарды шығаруын түгендеу туралы алдыңғы жылғы есептің электрондық нысанын толтыруға міндетті.
3. Әкімшілендірілетін қондырғының парниктік газдарды шығаруын түгендеу туралы есеп верификациялауға жатпайды.
4. Әкімшілендіру субъектісі көміртегі офсетін алу мақсатында парниктік газдардың шығарылуын қысқартуға немесе сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған жобаның өтініш берушісі ретінде қатысуға құқылы.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әкімшілендірілетін қондырғылардың парниктік газдарының квоталанатын шығарылу көлемін бақылауды жүзеге асырады.
302-бап. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін түгендеудің мемлекеттік жүйесі
1. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін түгендеудің мемлекеттік жүйесі тиісті кезеңдегі Қазақстан Республикасында парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуінің нақты көлемін айқындау үшін қажетті деректерді жинау, өңдеу, сақтау және талдау жөніндегі ұйымдастырушылық іс-шаралардың жиынтығын білдіреді.
2. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін мемлекеттік түгендеу үшін ақпарат жинау Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық балансының, статистикалық есептіліктің деректеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есептерде ұсынылған мәліметтерге негізделеді.
3. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін түгендеудің мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін ұйымдастыру мен үйлестіруді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін мемлекеттік түгендеуді дайындауды көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы жүзеге асырады.
5. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін мемлекеттік түгендеудің толықтығын, ашықтығын және анықтығын бақылау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жыл сайын жүргізіледі.
303-бап. Мемлекеттік көміртегі кадастры
1. Мемлекеттік көміртегі кадастры парниктік газдардың шығарылу көздерін, олар шығарған шығарындылар көлемін, сондай-ақ қондырғының операторы үшін белгіленген шекаралар шегінде парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту көлемін есепке алу жүйесін білдіреді.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік көміртегі кадастрын әзірлеуді және жүргізуді ұйымдастырады.
3. Мемлекеттік көміртегі кадастрын жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік көміртегі кадастры парниктік газдардың шығарылу көздері, қондырғылардың операторлары туралы, парниктік газдардың шығарылу және сіңірілу көлемі туралы мәліметтерді қамтиды.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік көміртегі кадастрының деректері негізінде парниктік газдардың шығарылу және сіңірілу көлемін мемлекеттік бақылау жүйесін ұйымдастыруды, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жыл сайынғы есептілік бойынша Қазақстан Республикасы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді.
304-бап. Валидациялау және верификациялау
1. Валидациялау - парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі жобаларды әзірлеу шеңберінде мониторинг жоспарының, сондай-ақ құжаттаманың халықаралық стандарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау мен растаудың жүйелі, тәуелсіз және құжатпен рәсімделген процесі.
2. Верификациялау - парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепте және парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру туралы есепте көрсетілген мәліметтердің халықаралық стандарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалаудың және анықтығын растаудың жүйелі, тәуелсіз және құжатпен ресімделген процесі.
3. Валидациялау және верификациялау жөніндегі органдарды аккредиттеу Қазақстан Республикасының сәйкестiктi бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган валидациялау мен верификациялаудың анықтығы үшін жауапты болады.
5. Валидациялау мен верификациялау қондырғы операторының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган өзінің қатысуымен әзірленген парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті немесе мониторингтеу жоспарын валидациялай немесе верификациялай алмайды.
7. Парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі сол бір жобаны валидациялауды және верификациялауды сол бір валидациялау және верификациялау жөніндегі орган жүргізе алмайды.
8. Валидациялау мен верификациялау, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен валидациялау мен верификациялауды жүргізу қағидаларына және стандарттау саласындағы уәкілетті орган бекіткен ұлттық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
21-тарау. АТМОСФЕРАНЫҢ ОЗОН ҚАБАТЫН ҚОРҒАУ
305-бап. Озон қабаты және оны қорғау
1. Озон қабаты Жер планетасы атмосферасының шекаралық қабатының үстіндегі атмосфералық озон қабатын білдіреді.
2. Озон қабатын қорғау деп озон қабатының бұзылуынан туындаған қолайсыз салдарлардан адамдардың өмірін және (немесе) денсаулығын қорғау және қоршаған ортаны қорғау мақсатында озон қабатының бұзылуын болғызбау және оны қалпына келтіру бойынша мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер жүзеге асыратын шаралар жүйесі түсініледі.
306-бап. Озонды бұзатын заттар және олармен жұмыс істеу
1. Озон қабатын бұзатын заттар (бұдан әрі - озонды бұзатын заттар) деп дербес немесе қоспада болатын, қызметте пайдаланылатын не қызмет өнімі болып табылатын және Жердің озон қабатына зиянды әсер етуі мүмкін химиялық заттар түсініледі.
2. Осы Кодекске сәйкес озонды бұзатын заттарға жатқызылмаған химиялық заттар озон үшін қауіпсіз заттар деп танылады.
307-бап. Озон қабатын қорғау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу
Озон қабатын қорғау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады және ол:
1) озонды бұзатын заттарды тұтынуды реттеуді;
2) озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді реттеуді қамтиды.
308-бап. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды реттеу
1. Озонды бұзатын заттарды тұтыну деп белгілі бір кезеңде Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты орналастыру үшін әкетілген озонды бұзатын заттарды шегере отырып, Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты орналастыру үшін әкелінген озонды бұзатын заттардың жалпы көлемі түсініледі.
2. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды реттеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі халықаралық шарттарына сәйкес озонды бұзатын заттарды тұтыну лимиттерін (квоталарын) белгілеу;
2) озонды бұзатын заттарды және құрамында олар бар өнімдерді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуді лицензиялауды жүзеге асыру;
3) озонды бұзатын заттарды және құрамында олар бар өнімдерді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге рұқсаттар беру арқылы жүзеге асырады.
Озонды бұзатын заттарды және олар құрамында бар өнімдерді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге рұқсаттар беру қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
309-бап. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді реттеу
1. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу мынадай операцияларды қамтиды:
1) өнімдер мен жабдықтарды үстеп құю операцияларын қоса алғанда, өндірісте, техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу кезінде не өзге де технологиялық процестерде озонды бұзатын заттарды пайдалану (бұдан әрі - озонды бұзатын заттарды пайдалану);
2) озонды бұзатын заттарды тасу;
3) озонды бұзатын заттарды сақтау;
4) машиналар мен жабдықтардағы, олардың құрауыш бөліктеріндегі, контейнерлердегі озонды бұзатын заттарды оларға техникалық қызмет көрсету барысында немесе оларды пайдаланудан шығару алдында алу, жинау және сақтау түсінілетін озонды бұзатын заттарды рекуперациялау;
5) озонды бұзатын заттардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру мақсатында рекуперацияланған озонды бұзатын заттарды өңдеу түсінілетін озонды бұзатын заттарды қалпына келтіру;
6) қалпына келтіруге жатпайтын озонды бұзатын заттарды рециркуляциялау немесе залалсыздандыру мақсатында механизмдерден, жабдықтардан, контейнерлерден және басқа да құрылғылардан оларға техникалық қызмет көрсету барысында немесе есептен шығарар алдында алынатын озонды бұзатын заттарды жинауға және сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені түсінілетін озонды бұзатын заттарды кәдеге жарату.
2. Озонды бұзатын заттарды рециркуляциялау (рециклдеу) - рекуперацияланған озонды бұзатын заттарды қалпына келтірілгеннен кейін қайта пайдалану.
3. Озонды бұзатын заттарды залалсыздандыру - озон қабатын қоса алғанда, қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтін құрамдастарға тұрақты трансформациялауға немесе ыдырауға әкелетін бұзу арқылы озонды бұзатын заттардың қауіпті қасиеттерін жою.
4. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді реттеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган озонды бұзатын заттарды пайдаланып жұмыстар жүргізуге, құрамында озонды бұзатын заттар бар жабдықтарды жөндеуге, монтаждауға, қызмет көрсетуге, озонды бұзатын заттарды тасуға, сақтауға, рекуперациялауға, қалпына келтіруге, кәдеге жаратуға рұқсат беру арқылы жүзеге асырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
310-бап. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры және оларды түгендеу
1. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры олардың орналасқан жері, құрамдастық құрамы, сандық және сапалық сипаттамалары, пайдалану шарттары туралы деректерді қамтитын, озонды бұзатын заттарды тұтыну мен олармен жұмыс істеуді есепке алудың кезең-кезеңмен толықтырылып отыратын және нақтыланатын жүйесін білдіреді.
2. Озонды бұзатын заттардың барлық түрі озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрында есепке алуға жатады.
3. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын әзірлеуді және жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
4. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры мемлекеттік органдарды, мүдделі жеке және заңды тұлғаларды қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге қатысты технологиялық, экономикалық, құқықтық және басқа да шешімдерді бағалауға, болжауға, әзірлеуге арналған ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау мақсатында озонды бұзатын заттарды жалпымемлекеттік кешенді есепке алуды жүргізу мақсатында жүргізіледі.
6. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрының деректері негізінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган озонды бұзатын заттардың тұтынылуын талдауды және болжауды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы ратификациялаған озон қабатын қорғау жөніндегі халықаралық шарттарға сәйкес жыл сайынғы есептілік бойынша Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындау үшін озонды бұзатын заттарды мемлекеттік бақылау жүйесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
7. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын жүргізу үшін озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді жүзеге асыратын және (немесе) құрамында озонды бұзатын заттары бар жабдық балансында болатын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу жөніндегі есепті және озонды бұзатын заттарды түгендеу жөніндегі есепті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
8. Озонды бұзатын заттарды түгендеу деп жабдықтардағы және техникалық құрылғылардағы озонды бұзатын заттардың көлемін айқындау түсініледі.
Озонды бұзатын заттарды түгендеу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
9. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу жөніндегі есеп жыл сайын 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанынан кешіктірілмей қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларына сәйкес озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры жүйесінде электрондық нысанды толтыру және ақпарат беруге жауапты лауазымды адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қою арқылы ұсынылады.
Озонды бұзатын заттарды түгендеу жөніндегі есеп бастапқыда 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанынан кешіктірілмей қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларына сәйкес озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінде нысанды толтыру және ақпарат беруге жауапты лауазымды адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қою арқылы ұсынылады және өзгерістер енгізілген жағдайда, қайта ұсынылады.
10. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрының жиынтық деректері ашық және қолжетімді болып табылады.
11. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде және интернет-ресурсында орналастырылады және жаңартылып отырады.
311-бап. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу және оларды тұтыну жөніндегі қызметке қойылатын жалпы талаптар
1. Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер озонды бұзатын заттармен жұмыс істеген кезде:
1) Қазақстан Республикасының озон қабатын қорғау туралы халықаралық міндеттемелеріне сәйкес озонды бұзатын заттарды тұтынуды қысқартуға және оларды тұтынуды толық тоқтату үшін қажетті шаралар қабылдауға;
2) осы Кодекстің және озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу қағидаларының талаптарын сақтауға;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның талап етуі бойынша мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізу кезінде бақылауды жүзеге асыру үшін қолда бар озонды бұзатын заттар мен құрамында озонды бұзатын заттар бар өнімді, сондай-ақ озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу жөніндегі құжаттаманы ұсынуға;
4) озонды бұзатын заттарды тұтынудың белгіленген лимиттерін асырмауға;
5) озонды бұзатын заттарды түгендеу қағидаларына және озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді және оларды тұтынуды есепке алу қағидаларына сәйкес озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді және оларды тұтынуды түгендеу мен есепке алуды жүргізуге;
6) оларды қауіпсіз пайдалануды, сақтауды, тасуды, рекуперациялауды, қалпына келтіруді, кәдеге жаратуды қамтамасыз етуге;
7) кәдеге жарату, қалпына келтіру, рекуперациялау және (немесе) залалсыздандыру мақсатында озонды бұзатын заттарды жинау және оларды герметикалық ыдыста сақтау жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және орындауға міндетті.
2. Мыналарға:
1) жеке тұлғалардың озонды бұзатын заттарды жеке пайдалануы үшін (коммерциялық емес мақсатта) алып өтуіне;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге тыйым салу белгіленген озонды бұзатын заттармен және құрамында озонды бұзатын заттар бар өніммен жұмыс істеуге, оларды кәдеге жаратуды, рециркуляциялауды және қалпына келтіруді (немесе) залалсыздандыруды қоспағанда;
3) озонды бұзатын заттардың технологиялық шығындарын қоспағанда, осындай заттарды жобалау, конструкторлық және өзге де техникалық құжаттамада белгіленген көлемде атмосфералық ауаға шығаруға;
4) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге тыйым салу белгіленген озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу көзделетін технологияларды, жабдықтарды, заттар мен материалдарды пайдалана отырып, объектілерді жобалауға, реконструкциялауға, техникалық қайта жарақтандыруға, кеңейтуге, жаңасын салуға, оларды кәдеге жаратуды, рециркуляциялауды және қалпына келтіруді (немесе) залалсыздандыруды қоспағанда, тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігі озонды бұзатын заттарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салу енгізілген жағдайда қолданысқа енгізіледі.
3. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
22-тарау. КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ БЕЙІМДЕЛУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
312-бап. Климаттың өзгеруі және оған бейімделу
1. Климаттың өзгеруі деп климат жай-күйінің не оның онжылдық немесе одан да ұзақ кезеңдегі өзгермелілігінің орташа көрсеткіштерінің статистикалық елеулі ауытқуы түсініледі, ол жаһандық атмосфера құрамындағы өзгерістерді тудыратын адамның қызметіне тікелей немесе жанама түрде байланысты болады және салыстырмалы уақыт кезеңдері ішінде байқалатын климаттың табиғи ауытқуларына әсер етеді.