6-тарау. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ КАДРЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
44-бап. Прокуратура органдары кадрларының құрамы
1. Прокуратура органдарының кадрларын прокурорлар және өзге де жұмыскерлер құрайды.
2. Прокуратура органдары жүйесінде қызметте тұрған, офицерлік құрамның сыныптық шені немесе әскери атағы берілген Қазақстан Республикасының азаматы прокурор болып табылады.
3. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, қатардағы және сержанттық құрамдардың әскери қызметшілері, азаматтық қызметшілер өзге де жұмыскерлерге жатады.
4. Прокуратура органдары жүйесінің сыныптық шендер немесе әскери атақтар, сондай-ақ оларға сәйкес келетін шекті сыныптық шендер немесе әскери атақтар берілетін лауазымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
5. Прокурорлар осы Конституциялық заңда көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамасына сәйкес қызмет өткереді.
6. Әскери прокуратура органдарының прокурорлары, қатардағы және сержанттық құрамдардың әскери қызметшілері осы Конституциялық заңда көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес қызмет өткереді, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген мәртебеге ие болады және құқықтар мен жеңілдіктерді пайдаланады.
7. Прокуратура органдарының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қызметін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
8. Әскери міндетті прокурорлар прокуратура органдарында арнайы есепте тұрады.
45-бап. Прокуратура органдарын қаржылық қамтамасыз ету
1. Прокуратура органдарының жүйесін қаржылық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2. Прокуратура органдарының қазынашылық органдарында тиісті шоттары болуы мүмкін.
46-бап. Прокурорларды және өзге де жұмыскерлерді материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қамсыздандыру
1. Прокурорлар мен өзге де жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында белгіленген тәртіппен бекітілетін, бюджет есебінен қамтылатын органдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленеді.
2. Прокурорларды зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Прокуратура органдарынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығымен шығарылған прокуратура органдары зейнеткерлерінің, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) және қызметке жарамсыз деп танылған прокурорлардың салтанатты іс-шаралар мен ресми қабылдауларда нысанды киім киіп жүруіне құқығы бар.
47-бап. Қызметтік куәліктер және мөр
1. Бас Прокурорға, Бас Прокурордың орынбасарларына, прокуратура органдары ведомствосының басшысына белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктерді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі береді.
2. Бас Прокурор, прокуратура органдарының басшылары бағынысты прокурорларға белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктерді береді.
3. Қызметтік куәлік прокурордың жеке басын, оның сыныптық шенін немесе әскери атағын, лауазымын, атыс қаруын және өзге де қаруды алып жүру және сақтау құқығын растайтын құжат болып табылады.
4. Прокуратура органдарының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік тілде және басқа да тілдерде өз атауы жазылған мөрлері болады.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
48-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Конституциялық заң, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 9-баптың 16) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Конституциялық заңның 11-бабының 1-тармағы 3) тармақшасының қолданысы 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3) қылмыстық істерді тергеп-тексеру, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылау және қадағалау нысандарын тіркеу және есепке алу процестеріне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ендіруді;».
3. «Прокуратура туралы» 2017 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2022 жылғы 5 қараша
№ 155-VII