ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ
Прокуратура туралы
(2023.12.09. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Прокуратураның мақсаты
2-бап. Прокуратура органдары қызметінің құқықтық негізі
3-бап. Прокуратура органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметінің қағидаттары
4-бап. Прокуратураның мақсаттары мен міндеттері
2-тарау. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ ЖҮЙЕСІ МЕН ҚҰЗЫРЕТІ
5-бап. Прокуратура органдарының жүйесі
6-бап. Прокуратура органдарының құзыреті
7-бап. Бас прокуратура
8-бап. Бас Прокурор және оның орынбасарлары
9-бап. Бас Прокурордың өкілеттіктері
10-бап. Прокурордың өкілеттіктері
11-бап. Прокуратура органдарының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ведомствосы
11-1-бап. Прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы
12-бап. Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы
13-бап. Әскери прокуратура органдары
14-бап. Көлік прокуратурасы органдары
15-бап. Облыстық және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурорлар мен прокуратуралар
16-бап. Аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) өзге де прокурорлар мен прокуратуралар
3-тарау. ЖОҒАРЫ ҚАДАҒАЛАУ ШЕКТЕРІ МЕН НЫСАНДАРЫ. СОТТА МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІН БІЛДІРУ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ. ЖОЛДАНЫМДАРДЫ ҚАРАУ. ПРОКУРОР ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕПІЛДІКТЕРІ
17-бап. Жоғары қадағалау шектері мен нысандары
18-бап. Заңдылықтың сақталуын тексеру
19-бап. Тексерілетін субъектілердің құқықтары мен міндеттері
20-бап. Заңдылықтың жай-күйін талдау
21-бап. Күшіне енген актілерді бағалау
22-бап. Сотта мемлекет мүддесін білдіру
23-бап. Қылмыстық қудалау
24-бап. Жолданымдарды қарау
25-бап. Прокуратура шешімдеріне, актілеріне және прокуратура органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды сотқа дейін реттеу
26-бап. Прокурор қызметінің құқықтық кепілдіктері
27-бап. Прокуратура органдарының жауапкершілігі
4-тарау. ПРОКУРАТУРАНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІ. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНДАҒЫ АЛҚАЛАР. НОРМАШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ ҚАТЫСУ
28-бап. Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру
29-бап. Прокуратураның адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру жөніндегі өзара іс-қимылы
30-бап. Прокуратура органдарындағы алқалар
31-бап. Нормашығармашылық қызметке қатысу
5-тарау. ПРОКУРАТУРА АКТІЛЕРІ
32-бап. Прокуратура актілерінің жүйесі
33-бап. Наразылық
34-бап. Санкция (келісім)
35-бап. Нұсқау
36-бап. Ұсыну
37-бап. Қаулы
38-бап. Өтінішхат
39-бап. Арыз (талап қою)
40-бап. Үндеу
41-бап. Заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы түсіндіру
42-бап. Прокуратура актілерін жариялау
43-бап. Прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне шағым жасау
6-тарау. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ КАДРЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
44-бап. Прокуратура органдары кадрларының құрамы
45-бап. Прокуратура органдарын қаржылық қамтамасыз ету
46-бап. Прокурорларды және өзге де жұмыскерлерді материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қамсыздандыру
47-бап. Қызметтік куәліктер және мөр
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
48-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасы прокуратурасының құзыретін, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Прокуратураның мақсаты
Прокуратура мемлекет атынан заңда белгіленген шектерде және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
2-бап. Прокуратура органдары қызметінің құқықтық негізі
Прокуратура органдары қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Конституциялық заң, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
3-бап. Прокуратура органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметінің қағидаттары
1. Прокуратура өз өкілеттіктерін заңдылық, басқа мемлекеттік органдардан және лауазымды адамдардан тәуелсіз болу, Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп беру, жариялылық қағидаттарында жүзеге асырады.
2. Прокуратура органдары өз функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде олардың қызметіне қандай да бір араласуға тыйым салынады.
3. Прокуратура кәсіпкерлік субъектілерінің, ұйымдардың және мемлекеттік органдардың қызметіне араласуға, олардың қызметін тексеруді тағайындауға, заңда көзделмеген негіздер бойынша ақпарат не құжаттар сұратуға құқылы емес.
4. Прокуратура органдары Қазақстан Республикасының адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бөлігіндегі, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңдарының талаптарына қайшы келмейтіндей шамада жария түрде әрекет етеді.
4-бап. Прокуратураның мақсаттары мен міндеттері
Прокуратура адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында мынадай міндеттерді:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді;
2) заңдылықтың бұзылуын, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарларын анықтауды және жоюды;
3) құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіруді;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де міндеттерді жүзеге асырады.
2-тарау. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ ЖҮЙЕСІ МЕН ҚҰЗЫРЕТІ
5-бап. Прокуратура органдарының жүйесі
2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, оған бағынысты ведомстволар, білім беру ұйымы, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдары, облыстардың прокуратуралары мен оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратуралар, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратуралар прокуратура органдарының бірыңғай орталықтандырылған жүйесін құрайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделмеген өзге де прокуратура органдары құрылуы мүмкін.
2. Прокуратура органдарының қызметі төмен тұрған прокурорлардың жоғары тұрған прокурорларға және Бас Прокурорға бағынуы негізінде жүзеге асырылады.
Прокурорлардың бағыныстылығы мыналарды қамтиды:
1) төмен тұрған прокуратуралар үшін жоғары тұрған прокурорлардың жұмысты және қызметті ұйымдастыру мәселелері жөніндегі нұсқауларын орындау міндеттілігі;
2) төмен тұрған прокурорлардың қызметтік міндеттерін орындағаны үшін жоғары тұрған прокурорлар алдында жауапты болуы;
3) төмен тұрған прокурорлардың өкілеттіктерін қажет болған жағдайларда жоғары тұрған прокурорлардың жүзеге асыруы;
4) жоғары тұрған прокурорлардың төмен тұрған прокурорлар актілерінің күшін жоюы, оларды кері қайтарып алуы, тоқтата тұруы немесе өзгертуі;
5) жоғары тұрған прокурорлардың төмен тұрған прокурорлардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), актілеріне жасалған шағымдарды шешуі.
3. Бас Прокурор осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен төмен тұрған прокурорлардың бағыныстылығының өзге де нысандарын белгілеуі мүмкін.
4. Прокуратура органдары қадағалауды жүзеге асыру кезінде өзге мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды.
2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Прокуратураның ведомстволарын, мекемелерін, білім беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату, олардың мәртебесі мен құзыретін айқындау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Прокуратура органдарының қызметін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де ұйымдар құрылуы мүмкін.
7. Прокуратура органдарының өз нышандары болады, олардың сипаттамасын Бас Прокурор бекітеді.
6-бап. Прокуратура органдарының құзыреті
Прокуратура органдары жүктелген міндеттер шегінде:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Конституциялық заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес:
мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мекемелер, олардың лауазымды адамдары, меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдар қызметінің, сондай-ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдердің;
әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізудің;
сотқа дейінгі тергеп-тексерудің, қылмыстық қудалаудың, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметінің;
атқарушылық іс жүргізудің;
заңды күшіне енген сот актілерінің;
қылмыстық жазаларды орындаудың және мемлекеттік мәжбүрлеудің өзге де шараларын қолданудың;
мемлекеттік құқықтық статистиканың және арнайы есепке алудың;
Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін сақтаудың заңдылығын жоғары қадағалауды;
2) сотта мемлекет мүдделерін білдіруді;
3) қылмыстық қудалауды;
2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
3-1) заңсыз иемденілген активтерді анықтау және мемлекетке қайтару жөніндегі қызметті (бұдан әрі - активтерді қайтару);
2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) қылмыстық-құқықтық салада халықаралық ынтымақтастықты, шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда қылмыстық қудалау, активтерді қайтару мәселелері бойынша, шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) прокуратураның құзыретіне жататын, оның ішінде активтерді қайтаруға байланысты азаматтық талап қоюды шетелдік соттарға беру жөніндегі мәселелер бойынша мемлекеттің мүдделерін білдіруді, халықаралық шарттар жасасуды, қылмыстық-құқықтық саладағы және активтерді қайтару саласындағы халықаралық шарттардың жобаларын келісуді;
5) нормашығармашылық қызметке қатысуды;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де құзыретті жүзеге асырады.
7-бап. Бас прокуратура
1. Бас прокуратураны Бас Прокурор басқарады.
2. Бас прокуратура:
1) прокуратура органдарының функцияларды тиімді орындауын қамтамасыз ету мақсатында прокуратура органдарына жүктелген функциялар мен өкілеттіктер шегінде олардың қызметін ұйымдастырады және үйлестіреді;
2) заңдардың қолданылуын, заңдылықтың жай-күйін қадағалау практикасын, оның ішінде құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелерде қамтылған мәліметтерді пайдалана отырып талдайды;
3) прокуратура органдарының қызметін жетілдіреді;
4) нормашығармашылық қызметке қатысады;
2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда қылмыстық қудалау, активтерді қайтару мәселелері бойынша, шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) прокуратураның құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттің мүдделерін білдіреді, халықаралық шарттар жасасады, қылмыстық-құқықтық саладағы және активтерді қайтару саласындағы халықаралық шарттардың жобаларын келіседі;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдармен өзара іс-қимыл жасайды;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Бас Прокурор және оның орынбасарлары
1. Бас Прокурорды:
1) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісуімен Қазақстан Республикасының Президенті бес жыл мерзімге лауазымға тағайындайды;
2) Қазақстан Республикасының Президенті лауазымнан босатады;
3) ол Қазақстан Республикасының Президентіне есеп береді;
4) қылмыс орнында ұстап алынған немесе ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа, өз өкiлеттiктерi мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келiсуінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
2. Бас Прокурордың бірінші орынбасары және орынбасарлары болады.
3. Бас Прокурордың бірінші орынбасары мен орынбасарларын Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
9-бап. Бас Прокурордың өкілеттіктері
Бас Прокурор:
1) Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды заңда белгіленген шектерде және нысандарда жүзеге асырады;
2) прокуратура органдарының бүкіл жүйесінің қызметіне басшылық жасайды;
3) Қазақстан Республикасының Президентіне Бас прокуратура туралы ережені, оның құрылымын, прокуратура органдарының жалпы штат санын бекіту туралы ұсыныстар енгізеді;
4) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен, прокуратура органдарының жалпы штат санының лимиті шегінде прокурорлардың және прокуратура органдарының өзге де жұмыскерлерінің штат санын белгілейді;
2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) Қазақстан Республикасының Президентіне прокуратура органдары ведомстволарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату туралы ұсынулар енгізеді;
6) Қазақстан Республикасы Президентінің келісуімен білім беру ұйымының басшысын, Бас әскери прокурорды, Бас көлік прокурорын, облыстардың прокурорларын және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурорларды лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
7) прокурорларды және прокуратура органдарының өзге де жұмыскерлерін, зейнеткерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға және құрметті атақтарын беруге ұсынады, оларды ведомстволық наградалармен наградтайды;
8) Қазақстан Республикасы Президентінің алдында елдегі заңдылықтың жай-күйі және прокуратура органдарының қызметі туралы есеп береді;
9) Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы болып табылады;
10) бас әскери және көлік прокуратураларының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратуралардың жанынан құрылатын үйлестіру кеңестері туралы ережелерді бекітеді;
11) Бас Прокурордың Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде тікелей көзделген өкілеттіктерін қоспағанда, прокуратура органдары жүйесінде өз өкілеттіктерін беретін лауазымды адамдарды айқындайды;
12) Бас прокуратураның алқасы мен консультативтік-кеңесші органдарын құрады, олардың құрамы мен жұмыс регламентін айқындайды;
2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13) ведомстволардың, білім беру ұйымының, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдарының, облыстардың прокуратуралары мен оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратуралардың, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратуралардың, сондай-ақ прокуратура органдары жүйесіне кіретін мемлекеттік мекемелер мен өзге де ведомстволық бағынысты ұйымдардың құрылымдарын бекітеді;
14) Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ережелерді қоспағанда, прокуратура органдары жүйесінің мемлекеттік мекемелері мен білім беру ұйымының ережелерін (жарғыларын) бекітеді;
15) барлық прокурорлардың және өзге де жұмыскерлердің орындауы үшін міндетті болатын бұйрықтар, өкімдер шығарады, прокуратура органдарын ұйымдастыру және олардың қызметі мәселелерін реттейтін ережелерді, нұсқаулықтарды, регламенттерді және өзге де құқықтық актілерді бекітеді;
9-баптың 16) тармақшасы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
16) Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүгінеді;
17) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін заңды күшіне енген сот актілеріне, негіздер болған кезде, наразылық білдіреді;
18) азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сот практикасының мәселелері жөнінде соттарға түсіндірме беру туралы ұсыныспен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жүгінеді;
19) Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында көзделген тәртіппен сот актісінің орындалуын тоқтата тұрады;
20) Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолсұғылмаушылық құқығы бар адамдарды одан айыру және әкімшілік, қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселелері бойынша ұсыну енгізеді;
21) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметi және жасырын тергеу әрекеттері мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актiлерді келіседі;
22) мынадай:
Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасымен және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасымен реттелмеген бөлікте прокуратура органдарында жеке тұлғалардың және заңды тұлғалар өкілдерінің жолданымдарын қарау және оларды жеке қабылдау;
прокуратура органдары жүзеге асыратын, заңдылықтың сақталуын тексеруді, заңдылықтың жай-күйін талдауды, күшіне енген актілерді бағалауды жүргізу;
прокуратура органдарында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру;
Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік заңнамасының, Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметі туралы заңнамасының нормаларын қолдану;
мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу;
құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен мәліметтерді қалыптастыру, оларға қол жеткізу, оларды пайдалану, сақтау, қорғау және жою тәртібін айқындау;
Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және (немесе) онымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша тағайындалатын лауазымдарды қоспағанда, прокурорларды және өзге де жұмыскерлерді лауазымға тағайындау және лауазымнан босату;
ақшалай үлес, жәрдемақылар және өзге де төлемдер төлеу;
құқық қорғау қызметі саласында ведомствоаралық ғылыми зерттеулер жүргізу, оларды үйлестіру және мониторингтеу тәртібін айқындау;
прокуратура органдарының білім беру ұйымына оқуға қабылдау тәртібін айқындау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
23) осы Конституциялық заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес басқа да нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
24) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
10-бап. Прокурордың өкілеттіктері
1. Прокурор өз құзыретіне сәйкес:
1) заңдылықтың сақталуын тексеруді, заңдылықтың жай-күйін талдауды, күшіне енген актілерді бағалауды жүргізуге;
2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді, активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару үшін ақпаратқа мониторинг пен талдауды жүргізуге;
2) осы Конституциялық Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалатын, сондай-ақ Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен прокуратура актілерін енгізуге;
3) Үкіметтің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің және олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне қайшы келетін құқықтық актілеріне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектерде наразылық білдіруге;
4) меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне қайшы келетін актілеріне, егер бұл актілер физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға байланысты өз құқықтарын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдарға, кәмелетке толмаған адамдарға, сондай-ақ адамдардың шектелмеген тобына қатысты болса, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектерде наразылық білдіруге;
5) Қазақстан Республикасының заңында көзделген негіздер болған кезде және тәртіппен, тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шаралардың дереу күшін жоюды, заңсыз актінің қолданысын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруды талап етуге;
6) прокуратура органдарындағы материалдар, жолданымдар бойынша сараптамалар тағайындауға, уәкілетті органдардан тексеру жүргізуді талап етуге және олардың нәтижелері туралы хабарлауды міндеттеуге;
7) өзге де органдар мен ұйымдардың мамандарын заңдылықтың сақталуын тексеруге қатысуға және қорытынды беруге тартуға;
8) қауіпсіздікті және қадағалау қызметін қамтамасыз ету үшін басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлерін заңдылықтың сақталуын тексеруді жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тартуға;
9) жүргізілетін заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді бағалау және қаралатын жолданым мәселелері бойынша лауазымды адамдарды, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін шақыруға және олардан түсініктер алуға;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпті сақтай отырып, жүргізілетін заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді бағалау, сондай-ақ жолданымды қарау мәселелері бойынша ақпаратты, материалдар мен құжаттарды, сондай-ақ азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істерді, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді, атқарушылық іс жүргізуді талап етіп алдыруға және алуға;
11) дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, ақпаратқа, мәліметтер мен құжаттарға, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерге, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерге, атқарушылық іс жүргізуге және өзге де материалдарға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қол жеткізуге;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып, қадағалау қызметін жүзеге асыру барысында техникалық тіркеу құралдарын қолдануға;
13) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, жедел-іздестіру қызметін, жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдардың басшылары мен қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті болатын, сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел-іздестіру қызметі және жасырын тергеу әрекеттері мәселелері бойынша нұсқаулар беруге;