6. Иесі бүркемеленген жолданымда дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы не ұлттық, оның ішінде қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қатер туралы мәліметтер қамтылған жағдайларды қоспағанда, мұндай жолданымдар прокуратура органдарында қаралуға жатпайды.
7. Жолданымға берілетін жауап жолданым иесіне оның қабылданған шешімге шағым беру құқығы түсіндіріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасалып, мемлекеттік тілде немесе жолданым берілген тілде мазмұны жағынан негізделген және уәжделген болуға тиіс.
8. Егер қайта берілген жолданымдарда жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар келтірілмесе, ал алдыңғы жолданымның материалдары бойынша жолданым иесіне белгіленген тәртіппен жауаптар берілсе, жолданымдарды қарау тоқтатылады.
9. Осы баптың талаптары қаралу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметі салаларындағы заңнамасында белгіленген жолданымдарға қолданылмайды.
25-бап. Прокуратура шешімдеріне, актілеріне және прокуратура органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды сотқа дейін реттеу
1. Прокуратура шешімдеріне, актілеріне не прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым шешімнің, актінің қабылданғаны немесе әрекеттің жасалғаны (әрекетсіздік) туралы адамға белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей прокуратура органдарына беріледі және оны жоғары тұрған прокурор қарайды.
Шағымды қарау мерзімі жиырма жұмыс күнін құрайды.
Шағым жасау мерзімін дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, шағымды қарайтын прокуратура органы мерзімді шағым берген адамның өтінішхаты бойынша, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, қалпына келтіруі мүмкін.
2. Шағымды сотқа дейінгі тәртіппен қарау нәтижелері прокурордың шешіміне, актісіне және әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен сотқа шағым жасау үшін негіз болып табылады.
3. Осы баптың 1-тармағының талаптары қаралу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметі салаларындағы заңнамасында белгіленген шағымдарға қолданылмайды.
26-бап. Прокурор қызметінің құқықтық кепілдіктері
1. Прокурорға өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына кедергі келтіру немесе оған заңсыз шешім қабылдату мақсатында қандай да бір нысанда ықпал ету Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2. Прокурордың жүргізілетін заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді бағалау, қаралатын жолданымдар және өзінің өзге де өкілеттіктерін жүзеге асыру шеңберіндегі талаптары мен сұрау салулары жеке және заңды тұлғалардың, оның ішінде мемлекеттік органдардың, мекемелердің, меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының орындауы үшін міндетті.
3. Жүргізілетін заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді бағалау және қаралатын жолданымдар мәселелері бойынша мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мекемелер, олардың лауазымды адамдары, меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдар прокурордың талап етуі бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында мемлекеттік құпияларды, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге белгіленген талаптарды сақтай отырып, прокурор белгілеген, бірақ үш жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды беруге міндетті.
Прокурор мемлекеттік құпияларды, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
4. Адам өмірі, денсаулығы, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері, қоғам мен мемлекет мүдделері үшін орны толмас зардапты, заңдылық пен құқықтық тәртіптің жаппай бұзылуын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне төнетін қатерді болғызбау мақсатында сұратылатын ақпарат, құжаттар мен өзге де материалдар дереу беріледі.
5. Прокурордың талап етуі бойынша органдар, ұйымдар және лауазымды адамдар тексеруге және қорытынды беруге қатысу үшін мамандар бөлуге міндетті.
6. Прокурор өзінің іс жүргізуіндегі материалдардың, актілердің, сот істерінің және жолданымдардың мәні бойынша қандай да бір түсініктеме бермейді. Материалдарды танысу үшін біреуге ұсыну Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда ғана жүзеге асырылады.
Іс жүргізуінде жатқан прокурордың рұқсатынсыз заңдылықтың сақталуын тексеру мен істердің материалдарын жария етуге ешкімнің құқығы жоқ.
7. Жүргізілетін заңдылықтың сақталуын тексеру, күшіне енген актілерді бағалау, қаралатын жолданымдар шеңберінде прокурордың талап етуі бойынша өзі белгілеген уақытта жеке және лауазымды адамдар, сондай-ақ мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің, олардың лауазымды адамдарының, меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдардың өзге де өкілдері түсініктемелер беру үшін келуге міндетті.
8. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар, дағдарыстық ахуал немесе осындай жағдайлар кезінде алдын алу мүмкін болмайтын мән-жайлар туындаған жағдайларды қоспағанда, прокуратура органдарына шақыру уақтылы келу үшін жеткілікті мерзімдерде хабарлама (хабархат) жіберу арқылы жүргізіледі.
9. Хабарлама (хабархат) телефонограммамен, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша немесе электрондық пошта мекенжайы бойынша мәтіндік хабармен, телеграммамен немесе оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен не хабархаттың немесе шақырудың тіркеліп-бекітілуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі.
10. Шақырылған адам шақыру бойынша белгіленген мерзімде келуге кедергі келтіретін себептер туралы шақырған прокурорды алдын ала хабардар етуге міндетті.
11. Жеке және лауазымды адамдар, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, мекемелердің және меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың өзге де өкілдері дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда Бас Прокурордың, оның орынбасарларының, ведомство және оның аумақтық органдары, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдары басшыларының, облыстар прокурорларының және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурорлардың, олардың орынбасарларының, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокурорлардың, олардың орынбасарларының уәжді қаулысы бойынша күштеп әкелінуі (мәжбүрлеп жеткізілуі) мүмкін.
12. Прокурордың күштеп әкелу (мәжбүрлеп жеткізу) туралы қаулысын ішкі істер органы орындайды.
13. Күштеп әкелу (мәжбүрлеп жеткізу) түнгі уақытта жүргізілмейді.
14. Он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар және он сегіз жасқа толмаған адамдар олардың заңды өкілі хабардар етілмей, жүкті әйелдер, сондай-ақ дәрігердің куәландыруы тиіс денсаулық жағдайына байланысты өзінің болатын орнын тастап кете алмайтын немесе тастап кетпеуге тиісті адамдар күштеп әкелінуге жатпайды.
15. Прокурордың заңды талаптарын орындамау не прокурордың талап етуі бойынша дәлелсіз себептермен келмей қалу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.
27-бап. Прокуратура органдарының жауапкершілігі
1. Прокурорлар өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Прокурорлардың және өзге де жұмыскерлердің әрекеттерімен келтірілген залал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен өтеледі.
4-тарау. ПРОКУРАТУРАНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІ. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНДАҒЫ АЛҚАЛАР. НОРМАШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ ҚАТЫСУ
28-бап. Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру
1. Құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіруді прокуратура органдары осы органдардың өзара іс-қимылын, өзара ақпарат алмасуды және ортақ міндеттерді іске асыру кезінде олардың іс-қимылдарының келісілуін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. Прокуратура органдары көрсетілген қызметті Бас прокуратураның, бас әскери және көлік прокуратураларының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратуралардың жанынан құрылатын тұрақты жұмыс істейтін үйлестіру кеңестерінің шеңберінде жүзеге асырады.
2. Үйлестіру кеңестерінің шешімдерін қатысушы мемлекеттік органдар бірлескен, ведомстволық құқықтық актілер шығару және (немесе) тиісті іс-шараларды жүзеге асыру арқылы іске асырады.
3. Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
29-бап. Прокуратураның адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру жөніндегі өзара іс-қимылы
1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын мүдделерін қорғау және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында прокуратура:
1) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, мекемелермен, олардың лауазымды адамдарымен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен және меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдармен;
2) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимыл жасайды және оның қызметіне жәрдем көрсетеді.
2. Прокуратура органдарының шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы қылмыстық-құқықтық ынтымақтастық шеңберінде, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді қылмыстық процестен тыс қайтару мәселелері бойынша мемлекет мүдделерін білдіру шеңберінде жүзеге асырылады.
30-бап. Прокуратура органдарындағы алқалар
1. Прокуратура органдарында алқалар құрылады.
2. Алқа жұмысының регламентін, оның құрамын прокуратура органдарының бірінші басшылары айқындайды.
3. Алқа отырыстарында прокуратура органдары қызметінің мәселелері, сондай-ақ Бас Прокурордың, прокуратура органдары бірінші басшыларының қалауы бойынша мүдделі адамдардың қатысуымен алқалы түрде қарауды талап ететін, заңдылықты бұзушылықтардың анықталуына байланысты өзге де мәселелер қаралады.
4. Алқаның шешімдері оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және бағынысты прокурорлар мен өзге де жұмыскерлер үшін міндетті болып табылады.
31-бап. Нормашығармашылық қызметке қатысу
Прокуратура органдары заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында:
1) өз құзыреті шегінде уәкілетті және өзге де мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру туралы ұсыныстар енгізеді;
2) прокуратураның құзыреті мен функцияларын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келіседі;
3) нормашығармашылық қызметте Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды орындайды.
5-тарау. ПРОКУРАТУРА АКТІЛЕРІ
32-бап. Прокуратура актілерінің жүйесі
1. Прокуратура актілерінің жүйесін мыналар құрайды:
1) прокурорлық қадағалау актілері: наразылық, санкция, нұсқау, ұсыну, қаулы;
2) прокурорлық ден қою актілері: өтінішхат, арыз (талап қою), жолданым, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуына жол берілмейтіні туралы түсіндірме;
3) прокуратура органдарын ұйымдастыру және олардың қызметі мәселелерін реттейтін актілер: бұйрықтар, өкімдер, ережелер, нұсқаулықтар, регламенттер және басқалар.
2. Прокурорлық қадағалау және ден қою актілері заңдылықтың сақталуын тексеруді, заңдылықтың жай-күйін талдауды, күшіне енген актілерді бағалауды жүргізу, жолданымдарды қарау және осы Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды орындау нәтижелері бойынша енгізіледі және олар жіберілген органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың қарауы, орындауы үшін міндетті.
3. Прокуратура актілерін қарамау, сол сияқты тиісінше қарамау, орындамау не прокурордың заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
4. Прокурорлық қадағалау және ден қою актілері енгізілгеннен кейін бұзушылық жасаған адамдарды жауаптылыққа тарту мерзімдері Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын тәртіппен осы акт бойынша шешім қабылданғанға дейін тоқтатыла тұрады.
33-бап. Наразылық
1. Прокурор Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне қайшы келетін заңды күшіне енген актілерге, мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың, лауазымды және өзге де уәкілетті адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) наразылық келтіреді.
2. Наразылық заңсыз акт, шешім қабылдаған мемлекеттік органға, мекемеге, ұйымға, лауазымды немесе өзге де уәкілетті адамға немесе жоғары тұрған органға не жоғары тұрған лауазымды адамға келтіріледі. Мемлекеттік органның, мекеменің, ұйымның, лауазымды немесе өзге де уәкілетті адамның заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) наразылық осындай тәртіппен білдіріледі.
3. Прокурордың наразылығы күнтізбелік он күн ішінде тиісті органның немесе лауазымды адамның қарауына жатады.
Прокурор наразылық бойынша шешім дайындау және қабылдау қажеттілігіне қарай оны қараудың өзге де мерзімін, бірақ үш жұмыс күнінен кем болмайтын мерзім белгілеуге құқылы.
Наразылықты қарау нәтижелері туралы прокурорға жазбаша нысанда дереу хабарланады. Наразылық қаралғанға дейін оны келтірген не жоғары тұрған прокурор кері қайтарып алуы мүмкін.
Орган немесе лауазымды адам наразылықтың қаралатын уақыты мен орны туралы прокурорды хабардар етуге міндетті.
4. Наразылықта прокурор заңсыз актінің күшін жоюды не оны Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келтіруді, сондай-ақ лауазымды адамның заңсыз әрекетін (әрекетсіздігін) тоқтатуды және бұзылған құқықты қалпына келтіруді талап етеді.
5. Наразылық бойынша шешім қабылданғанға дейін Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасарлары, әскери және көлік прокуратуралары органдарының басшылары, облыстық және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурорлар, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокурорлар наразылық білдірілген актінің не әрекеттің орындалуын тоқтата тұруға құқылы.
6. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Жоғары аудиторлық палатаның актілері (жүргізілген тексеру қорытындылары бойынша) прокурорлардың наразылық білдіруіне жатпайды.
7. Заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру, сондай-ақ олардың орындалуын тоқтата тұру негіздері, тәртібі, мерзімдері Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында айқындалады.
34-бап. Санкция (келісім)
1. Прокурор заңда белгіленген жағдайларда құқықты шектейтін сипаттағы жекелеген әрекеттерді жасауға, заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәліметтерді алуға санкция (келісім) береді.
2. Санкцияны (келісімді) не оны беруден бас тартуды прокурор санкция (келісім) сұратуға негіз болған материалдар зерделенгеннен кейін лауазымды адамның қаулысына бұрыштама және қол қойып ресімдейді.
Санкция (келісім) беруден бас тартылған жағдайда оның себептері мен негіздері көрсетіледі.
3. Заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәліметтерді алуға байланысты жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін қоспағанда, осы бапта көрсетілген әрекеттерге санкция (келісім) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңба арқылы да куәландырылуы мүмкін.
35-бап. Нұсқау
1. Прокурор:
1) сотқа дейінгі тергеп-тексеру;
2) жедел-іздестіру қызметі және жасырын тергеу әрекеттері;
3) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қосымша тексеру жүргізу;
4) атқарушылық іс жүргізу;
5) жазаларды орындау;
6) прокуратураның талап етуі бойынша жүргізілетін тексерулер;
7) мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелері бойынша;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де мәселелер бойынша жазбаша нұсқаулар береді.
2. Прокурордың өз құзыреті шегінде берген нұсқаулары орындау үшін міндетті.
36-бап. Ұсыну
1. Прокурор өз құзыреті шегінде:
1) заңдылықтың бұзылуын жою туралы;
2) қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда ұсыну енгізеді.
2. Ұсыну онда көрсетілген заңдылықтың бұзылуын жою жөніндегі шараларды қабылдай отырып, лауазымды адамның немесе органның – күнтізбелік отыз күн ішінде, ал адамның және азаматтың өмірі мен денсаулығы, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптың басталуы мүмкін болған жағдайларда прокурор белгілеген мерзімде қарауына жатады.
Прокурор ұсыну қаралған кезде қатысуға құқылы. Мемлекеттік орган немесе лауазымды адам прокурорды ұсынудың қаралатын уақыты мен орны туралы ұсыну қаралатын күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етуге тиіс.
Ұсынуды қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы ұсыну қаралған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде прокуратураға хабарланады.
37-бап. Қаулы
1. Прокурор:
1) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген жағдайларда;
2) тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы;
3) жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы;
4) жедел-іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін тоқтату туралы;
5) актінің қолданысын тоқтата тұру туралы;
6) заңдылықтың сақталуын тексеруді жүргізу туралы;
7) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ олардың лауазымды және өзге де адамдары негізсіз жүзеге асыратын тыйым салу не шектеу сипатындағы әрекеттер мен шаралардың күшін жою туралы;
8) күзетпен ұсталатын, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан, сондай-ақ пробация қызметтерінің есебіне алынған адамдарға қатысты қылмыстық-атқару жүйесінің органдары қолданған тәртіптік жазалар мен көтермелеулердің күшін жою туралы;
9) лауазымды және өзге де адамның актісін немесе әрекетін үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұру туралы;
10) сот орындаушыларының заңсыз актілерінің күшін жою туралы;
11) прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындату туралы;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қаулы шығарады.
2. Прокурордың қаулысы онда белгіленген мерзімдерде міндетті түрде орындалуға жатады. Қаулыға шағым жасау оның қолданысын тоқтата тұрмайды.
38-бап. Өтінішхат
Заңды күшіне енбеген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты прокурор Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізеді.
39-бап. Арыз (талап қою)
1. Прокурор Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және негіздерде арызбен (талап қоюмен) сотқа жүгінуге құқылы.
2. Прокурорлық қадағалау актілері қабылданбаған не олар қараусыз қалдырылған кезде прокурор органдардың және лауазымды адамдардың актілерін, шешімдерін және әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінеді.
40-бап. Үндеу
Бас Прокурор және оның орынбасарлары, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдарының басшылары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурорлар, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокурорлар заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.
Үндеу бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып немесе өзге де жария тәсілмен таратылады.
41-бап. Заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы түсіндіру
Құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы іс-әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде прокурор жеке тұлғаларға және заңды тұлғалардың өкілдеріне Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуға жол берілмейтіні туралы жазбаша немесе ауызша нысанда түсіндіреді және оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылық туралы ескертеді.
42-бап. Прокуратура актілерін жариялау
1. Бас Прокурордың азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңнамасының талаптары сақтала отырып, ресми жариялануға жатады.
2. Прокуратура органдары өз қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету үшін адамның және азаматтың конституциялық және заңмен қорғалатын өзге де құқықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттің мүдделерін бұзатын органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне прокуратура актілерін бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып жариялай алады.
43-бап. Прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне шағым жасау
1. Прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне жоғары тұрған прокурорға не сотқа осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
2. Прокурордың актілері мен әрекеттеріне шағым жасау олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
Сот не жоғары тұрған прокурор прокурордың актілеріне немесе оның әрекеттеріне шағым бойынша шешім шығарғанға дейін олардың орындалуын тоқтата тұруға құқылы.
3. Жоғары тұрған прокурор жеке және (немесе) заңды тұлғалардың шағымы бойынша не өз бастамасымен төмен тұрған прокурордың актілерінің күшін жоя алады, оларды кері қайтара алады, тоқтата тұра алады немесе өзгерте алады.