22) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын жүргізуді санкциялауға, арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын, оның ішінде байланыс желілерінде жүзеге асырудың заңдылығына тексеру жүргізуге;
23) қадағалауды жүзеге асыру кезінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру барысында заңдылықтың бұзылуын анықтау және оның жолын кесу мақсатында прокуратура органдарының мамандарын және өзге де мамандарды арнаулы техникалық құралдарды пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметі туралы заңнамасына сәйкес тартуға;
24) заңдылықтың бұзылуын жою мақсатында жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың басшыларынан өздеріне бағынысты органдарда тексеру жүргізуді талап етуге;
25) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғауға және тоқтатуға;
26) атқарушылық құжаттарды жазып берудің және оларды орындаудың заңдылығын тексеруге;
27) қылмыстық жолмен алынған кірістерді шетелден қайтару мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қызметті үйлестіруге;
28) адамдарды ұстап беру, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету, сотталғандарды не психикалық бұзушылықтары (ауруы) бар адамдарды беру туралы халықаралық шарттарды, сондай-ақ олармен байланысты құқықтық актілерді орындауға, прокуратура органдарының құзыретіне жататын қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық шарттардың жобаларын келісуге;
29) шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда қылмыстық қудалау мәселелері бойынша, шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) прокуратураның құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекет мүдделерін білдіруге;
30) осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Прокурор:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
2) заңдылықтың бұзылуын жою жөнінде шаралар қабылдай отырып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауға;
3) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін іске асыру үшін негізсіз кедергі келтіретін әрекеттерге (әрекетсіздікке) және прокуратура актілерінің қабылдануына жол бермеуге;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, өз қызметін жүзеге асыру барысында алынған құжаттардың, мәліметтердің және өзге де ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге;
5) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға;
6) заңды күшіне енген сот актілерімен келіспеу туралы өтінішхаттарды Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында көзделген тәртіппен қарауға;
7) қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздар мен хабарламаларды қабылдау және тіркеу кезінде заңдылықтың сақталуын тексеруге;
8) заңсыз жедел-іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін тоқтатуға;
9) заңсыз ұстап алынған және құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың үй-жайларындағы және жеке бас бостандығын шектейтін өзге де орындардағы, гауптвахталардағы, мәжбүрлеу сипатындағы шараларды орындайтын мекемелердегі, арнаулы мекемелердегі және қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі адамдарды дереу босатуға;
10) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын адамдардың заңсыз қаулылары мен шешімдерінің күшін жоюға;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
11-бап. Прокуратура органдарының ведомствосы
1. Прокуратура органдарының ведомствосы Бас прокуратураның құзыреті шегінде:
1) мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыруды және арнайы есепке алуды жүргізуді;
2) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi беретiн мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәлiметтерiнiң тұтастығын, объективтiлiгiн, анықтығын, жеткiлiктiлiгiн қадағалауды, сондай-ақ осы саладағы ақпаратты жинау, тiркеу, өңдеу, жинақтау, жиынтықтау және сақтау әдiстемесiн айқындауды;
11-баптың 1-тармағының 3) тармақшасының қолданысы 2023 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 48-баптың 2-тармағының редакциясында қолданылды
3) қылмыстық істерді тергеп-тексеру, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылау және қадағалау нысандарын тіркеу және есепке алу процестеріне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ендіруді;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Ведомствоның, оның аумақтық және оларға теңестірілген органдарының құрылымын Бас Прокурор бекітеді.
3. Осы салада мемлекеттік құқықтық статистиканы жүзеге асырудың, арнайы есепке алуды жүргізудің және қадағалаудың құқықтық негізі мен қағидаттары осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалады.
12-бап. Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы
Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы прокуратура органдарының білім беру ұйымы болып табылады және:
1) ішкі істер және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына қызметке алғаш рет кіретін адамдар үшін бастапқы кәсіптік даярлауды ұйымдастыруды және жүргізуді;
2) құқық қорғау органдары қызметкерлерін, оның ішінде Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары басшылығының президенттік резервінде тұрған қызметкерлерін кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды, олардың біліктілігін және кәсіптік деңгейін арттыруды;
3) құқық қорғау қызметі саласында ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіруді және жүргізуді;
4) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыруды;
5) құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, құқық қорғау қызметі саласында ғылыми зерттеулер жүргізу және тәжірибе алмасу мәселелері бойынша шетелдік және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.
13-бап. Әскери прокуратура органдары
1. Әскери прокуратура органдары осы Конституциялық заңда көзделген қадағалау шектері мен нысандарын сақтай отырып:
1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың;
2) мемлекеттің қорғанысы мен әскери қауіпсіздігі саласындағы өзге де мемлекеттік органдардың, мекемелер мен ұйымдардың қызметіндегі заңдылықты қадағалауды жүзеге асырады.
2. Әскери прокуратура органдарының өзге де құзыреті осы Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалады.
14-бап. Көлік прокуратурасы органдары
1. Көлік прокуратурасы органдары осы Конституциялық заңда көзделген қадағалау шектері мен нысандарын сақтай отырып, көлік саласындағы мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің, олардың лауазымды адамдарының, өзге де ұйымдардың қызметінде, сондай-ақ көлік пен көліктік инфрақұрылым объектілеріне қатысты заңдылықты қадағалауды жүзеге асырады.
2. Көлік прокуратурасы органдарының өзге де құзыреті осы Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалады.
15-бап. Облыстық және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурорлар мен прокуратуралар
1. Облыстардың прокуратураларын және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратураларды тиісті прокурорлар басқарады.
2. Облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурорлар:
1) облыстық және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратуралардың қызметіне басшылық жасайды;
2) барлық бағынысты прокурорлар мен өзге де жұмыскерлер үшін міндетті болатын бұйрықтар, өкімдер шығарады;
3) прокуратура алқасын құрады, оның жұмыс регламентін және алқа мүшелерінің мәртебесін айқындайды;
4) заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі тиісті үйлестіру кеңестерін басқарады;
5) осы Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
16-бап. Аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) өзге де прокурорлар мен прокуратуралар
1. Аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратураларды Бас Прокурор тағайындайтын тиісті прокурорлар басқарады.
2. Аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокурорлар:
1) аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратуралардың қызметіне басшылық жасайды;
2) барлық бағынысты прокурорлар мен өзге де жұмыскерлер үшін міндетті болатын өкімдер шығарады;
3) осы Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. ЖОҒАРЫ ҚАДАҒАЛАУ ШЕКТЕРІ МЕН НЫСАНДАРЫ. СОТТА МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІН БІЛДІРУ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ. ЖОЛДАНЫМДАРДЫ ҚАРАУ. ПРОКУРОР ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕПІЛДІКТЕРІ
17-бап. Жоғары қадағалау шектері мен нысандары
1. Қазақстан Республикасының атынан жоғары қадағалау заңдылықтың сақталуын тексеруді, заңдылықтың жай-күйін талдауды, күшіне енген актілерді бағалауды жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
2. Заңдылықтың сақталуын тексеруді, заңдылықтың жай-күйін талдауды, күшіне енген актілерді бағалауды тағайындау және жүргізу тәртібі осы Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Бас Прокурордың актілерінде айқындалады.
3. Қарсы барлау қызметі, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларындағы жоғары қадағалау Қазақстан Республикасының қарсы барлау қызметі туралы заңнамасының және Қазақстан Республикасының күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңнамасының ерекшеліктері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
18-бап. Заңдылықтың сақталуын тексеру
1. Заңдылықтың сақталуын тексеру:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы;
2) Бас Прокурордың тапсырмасы;
3) осы баптың 2-тармағында көзделген негіздер бойынша тағайындалады.
2. Бас Прокурордың орынбасарларының, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдары басшыларының, облыстар прокурорларының және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурорлардың, аудандық және оларға теңестірілген (қалалардың, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокурорлардың заңдылықтың сақталуын тексеруді тағайындау және жүргізу туралы шешімдері:
1) физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға қарай құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдардың;
2) кәмелетке толмаған адамдардың;
3) адамдардың шектелмеген тобының;
4) егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас зардапты болғызбауға қажет болса, адамдардың, қоғамның және мемлекеттің;
5) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, олардың лауазымды адамдары тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері бойынша олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қабылданады.
Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты заңдылықтың сақталуын тексеру Қазақстан Республикасы Президентінің, Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша не олармен келісу бойынша жүргізіледі.
3. Прокуратура органдарының ведомствосы жүргізетін заңдылықтың сақталуын тексеру осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектерде ведомство және оның аумақтық органдары басшыларының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
4. Заңдылықтың сақталуын тексеруді жүргізу туралы қаулы шығарылады, ол құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі мемлекеттік органда тіркеледі.
Заңдылықтың сақталуын тексеру отыз жұмыс күнінен аспайтын уақыт ішінде жүргізіледі.
Қосымша материалдарды талап етіп алдыру қажет болған кезде, сондай-ақ заңдылықтың сақталуын тексеру көлемінің ауқымды болуына байланысты оны жүргізу мерзімі ерекше жағдайларда отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Сараптама тағайындалған жағдайларда, сондай-ақ шет мемлекеттерден мәліметтер мен құжаттар алу қажет болған кезде – оларды алғанға дейін, сондай-ақ тексеру жүргізуге кедергі келтіретін өзге де жағдайларда заңдылықтың сақталуын тексеру тоқтатыла тұруы мүмкін.
Заңдылықтың сақталуын тоқтатыла тұрған тексеруді жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.
Заңдылықтың сақталуын тексеруді тағайындау туралы қаулыларды тіркеу тәртібі және оны жүргізу мерзімдері Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасы, Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасы, Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасы, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасы, Қазақстан Республикасының жедел іздестіру және қарсы барлау қызметі салаларындағы заңнамасы шеңберінде жүргізілетін тексеруге қолданылмайды.
5. Заңдылықтың сақталуын тексеруді жүзеге асыру кезінде прокурор:
1) егер құжаттар, ақпарат заңдылықтың сақталуын тексеру нысанасына жатпаса, оларды беруді талап етуге;
2) заңдылықтың сақталуын тексеруді жүргізудің белгіленген мерзімдерінен асыруға;
3) заңдылық пен қоғамдық тәртіпке, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін орны толмас зардаптың туындауымен қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, тексерілетін субъектінің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіруге құқылы емес.
19-бап. Тексерілетін субъектілердің құқықтары мен міндеттері
1. Тексерілетін субъектілер не олардың уәкілетті өкілдері прокурорлардың заңдылықтың сақталуын тексеруді жүзеге асыруы кезінде:
1) заңдылықтың сақталуын тексеруді жүргізу үшін келген адамдарды:
тексерілетін субъектіге заңдылықтың сақталуын тексеруді тағайындау туралы қаулы бермеген;
құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі мемлекеттік органда тіркеу міндетті болатын кезде мұндай тіркеусіз заңдылықтың сақталуын тексеруді жүргізген;
осы Конституциялық заңның 18-бабының 4-тармағында көрсетілген мерзімдер өткен;
заңдылықтың сақталуын тексеруді тағайындау туралы қаулыда көрсетілмеген адамдар заңдылықтың сақталуын тексеруді жүргізген;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кезде мемлекеттік құпияларға жіберу туралы рұқсатты растайтын құжат болмаған жағдайларда объектіге кіргізбеуге;
2) мынадай:
жүргізілетін заңдылықтың сақталуын тексеру нысанасына немесе заңдылықтың сақталуын тексеруді тағайындау туралы қаулыда көрсетілген кезеңге қатысы жоқ;
мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын мәліметтермен және құжаттармен танысуға құқық беретін тиісті рұқсат немесе құжат болмаған кезде осындай мәліметтер мен құжаттарды ұсынбауға;
3) заңдылықтың сақталуын тексеруді тағайындау туралы қаулыға, сондай-ақ прокуратура органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
2. Тексерілетін субъектілер не олардың уәкілетті өкілдері прокурорлардың заңдылықтың сақталуын тексеруді жүргізуі кезінде:
1) прокуратура органдарының лауазымды адамдарының тексерілетін субъектінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті.
Прокуратура органдарының лауазымды адамдарының режимдік объектілердің аумағына және үй-жайларына кіруі тексерілетін ұйымда белгіленген өткізу және объектішілік режимдер туралы талаптар ескеріле отырып қамтамасыз етіледі;
2) мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, прокуратура органдарының лауазымды адамдарына заңдылықтың сақталуын тексеру нәтижелері туралы анықтамаға қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін ұсынуға;
3) заңдылықтың сақталуын тексеруді тағайындау туралы қаулымен және оның нәтижелері туралы анықтамамен танысуға және оларды қол қойып алуға;
4) заңдылықтың сақталуын тексеруді жүзеге асыратын адамдар үшін қажетті жағдайларды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы талаптарға сәйкес қамтамасыз етуге міндетті.
20-бап. Заңдылықтың жай-күйін талдау
Заңдылықтың жай-күйін талдау прокурорлар субъектілерге (объектілерге) бармай, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының статистикалық деректерін, мәліметтерін, азаматтық және қылмыстық істердің, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің материалдарын, сондай-ақ өзге де ақпарат көздерін зерделеу арқылы жүргізіледі.
Заңдылықтың жай-күйін талдау нәтижелері анықтама түрінде ресімделеді. Заңдылықтың жай-күйін талдау нәтижелері бойынша осы Конституциялық заңға сәйкес прокурорлық қадағалау не ден қою шаралары қабылданады.
Прокурор мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан және меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдардан заңдылықтың жай-күйін талдауды жүргізуге байланысты ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды талап етіп алдыруға құқылы.
21-бап. Күшіне енген актілерді бағалау
1. Прокуратура күшіне енген актілерді бағалауды:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, олардың лауазымды адамдарының актілері мен шешімдерін;
2) меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдардың актілері мен шешімдерін, егер бұл актілер мен шешімдер физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға қарай өз құқықтарын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдарға, кәмелетке толмаған адамдарға, сондай-ақ адамдардың шектелмеген тобына қатысты болса не жария сипатқа ие болса;
3) сот (судья) үкімдерін, шешімдерін, қаулыларын және өзге де актілерін, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер мен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді зерделеу арқылы жүргізеді.
2. Заңды күшіне енген сот актілерін бағалау Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
22-бап. Сотта мемлекет мүддесін білдіру
1. Прокуратура органдары Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында көзделген негізде және тәртіппен сотта мемлекет мүддесін білдіреді.
2. Прокуратура органдары, егер құқықтарын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамның және азаматтың құқықтарын қорғау осыны талап етсе, сондай-ақ қоғамның немесе мемлекеттің Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюмен (арызбен) жүгінуге құқылы.
3. Заңды күшіне енбеген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат келтіру негіздері мен тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында айқындалады.
23-бап. Қылмыстық қудалау
Прокуратура Қазақстан Республикасының қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
24-бап. Жолданымдарды қарау
1. Прокуратура органдары жолданымдарды:
1) егер олар физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға байланысты өз құқықтарын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмаса, адамның және азаматтың, кәмелетке толмаған адамдардың, сондай-ақ адамдардың шектелмеген тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін;
2) адамның және азаматтың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін, егер бұл мүдделерді қорғауды құзыретіне тиісті өкілеттіктер жатқызылған уәкілетті орган тиісті түрде қамтамасыз етпесе не мұндай орган болмаған жағдайларда;
3) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мекемелер, олардың лауазымды адамдары, меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдар тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері бойынша олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін;
4) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына және ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатерді болғызбау мақсатында;
5) жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге алып келетін заңдылықтың бұзылу фактілері бойынша;
6) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары бойынша;
7) Бас Прокурордың тапсырмалары бойынша қарайды.
2. Прокуратура органдарының ведомствосы және оның аумақтық органдары жолданымдарды осы Конституциялық заңның 11-бабында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген құзырет шеңберінде қарайды.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданымды қарау мерзімі ол прокуратура органдарына келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды.
4. Жолданымды дұрыс шешу үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтау, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардан, мекемелерден, меншік нысандарына қарамастан ұйымдардан ақпарат алу қажет болған жағдайларда жолданымды қарау мерзімі прокуратура органы басшысының не оның орынбасарының уәжді шешімімен ақылға қонымды, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылады.
Жолданым бойынша заңдылықтың сақталуын тексеру тағайындалған жағдайда қарау мерзімдері оны жүргізу мерзімі ескеріле отырып айқындалады. Жолданым иесіне аралық жауап жіберіледі. Түпкілікті жауап жолданым иесіне тексеру нәтижелері бойынша ол аяқталғаннан кейін он жұмыс күні ішінде хабарланады.
5. Жолданымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы жолданым иесіне мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.