5. Сақтандыру омбудсманының интернет-ресурсында мынадай ақпарат:
1) осы баптың 2-тармағының 6), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген ақпарат;
2) сақтандыру омбудсманы офисінің, оның ішінде оның филиалдары мен өкілдіктерінің толық атауы, мекенжайы (тұрған жері), телефон нөмірлері, жұмыс режимі;
3) сақтандыру омбудсманын сайлау туралы мәліметтер;
4) сақтандыру омбудсманының өкілдер кеңесінің құрамына кіретін сақтандыру ұйымдарының тізбесі;
5) сақтандыру омбудсманының қызметін, оның ішінде дауларды шешу жөніндегі өтініштерді қарау және шешімдер қабылдау тәртібі мен мерзімдерін регламенттейтін ішкі қағидалар, сондай-ақ сақтандыру нарығының қатысушыларымен жасалған меморандумдар орналастырылады.
6. Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның интернет-ресурсында мынадай ақпарат:
1) осы баптың 2-тармағының 1), 4), 6), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген ақпарат;
2) басшылар туралы мәліметтер;
3) акционерлер (қатысушылар) туралы мәліметтер орналастырылады.
7. Сақтандыру ұйымының, сақтандыру брокерінің, сақтандыру ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның, сақтандыру омбудсманының, дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның интернет-ресурсында ақпарат орналастыру тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
8. Сақтандыру ұйымы, сақтандыру брокері өзінің тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері өзгерген, атауы өзгерген жағдайда, бұл туралы сақтанушыларға қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын екі мерзімді баспасөз басылымдарында бір ай мерзімнен кешіктірмей және сақтандырушының интернет-ресурсында он жұмыс күні ішінде хабарландыру жариялау арқылы хабар беруге міндетті.
Сақтандыру ұйымы, сақтандыру брокері өзінің оқшауланған бөлімшесінің орналасқан жері өзгерген жағдайда, бұл туралы өзінің сақтанушыларына қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын екі мерзімді баспасөз басылымдарында бір ай мерзімнен кешіктірмей және өзінің интернет-ресурсында он жұмыс күні ішінде хабарландыру жариялау арқылы хабар беруге міндетті.
9. Сақтанушы исламдық сақтандыру шартын жасасқан кезде ислам сақтандыру ұйымынан исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің сақтандыру қағидаларының осы Заңның 6-1-тарауында көрсетілген талаптарға сәйкестігін растайтын қорытындысын сұратуға құқылы.»;
16) 16-3-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Сақтандыру брокерінің жарғылық және меншікті капиталының ең төмен мөлшеріне қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.»;
17) 17 және 18-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«17-бап. Сақтандыру брокерінің қызметі және оған қойылатын талаптар
1. Сақтандыру брокерінің қызметі айрықша қызмет түрі болып табылады және уәкілетті органның лицензиялауына жатады.
Сақтандыру брокеріне:
1) сақтандыру агентінің қызметін жүзеге асыруға;
2) сақтандыру шарттарын жасасуға байланысты қызметтер ұсыну бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысуға;
3) Қазақстан Республикасының бейрезиденті - екі және одан көп сақтандыру брокері қатысқан кезде Қазақстан Республикасының бейрезиденті - қайта сақтандырушыға қайта сақтандыруға тәуекелдерді беруге;
4) жұмыскерлер мен үлестес тұлғаларға бастапқы есепке алу құжаттарынсыз ақша беруге;
5) сақтандыру брокерінің жұмыскерлеріне айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспайтын сомаға қаржылық көмекті қоспағанда, өтеусіз негізде қаржылық көмек беруге тыйым салынады.
10-тармақтың 17) тармақшасының оныншы - он екінші абзацтары 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2. Сақтандыру брокері мынадай брокерлік қызмет түрлерін:
1) өз атынан және сақтанушының тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті;
2) өз атынан және қайта сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша қайта сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асырады.
3. Сақтандыру брокерінің қызметі мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыруды:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) мәселелері бойынша консультациялық қызметті;
2) сақтандыруға (қайта сақтандыруға) жеке және заңды тұлғаларды іздестіруді және тартуды;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының көрсететін қызметтеріне және қаржылық жай-күйіне салыстырма талдау жүргізуді;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары ұсынатын қызметтерге салыстырма талдау жүргізу мақсатында сақтандыру объектілері туралы ақпарат жинауды;
5) клиенттердің тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) талаптарын, сақтандырушыларды (қайта сақтандырушыларды) таңдау өлшемшарттарын әзірлеуді, сақтандыру тәуекелдерін анықтау жөніндегі сараптамалық қызметтер көрсетуді;
6) сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын жасасу үшін қажетті құжаттарды дайындауды және (немесе) ресімдеуді, сақтандыру мәселелері бойынша ақпарат жинауды;
7) сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын ресімдеуді;
8) сақтанушымен (цедентпен) тиісті келісім болған кезде сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтанушылардан (цеденттерден) сақтандыру сыйлықақыларын кейіннен оларды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына аудару үшін жинауды;
9) клиенттердің тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) немесе ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру тәуекелдерін орналастыруды;
10) сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын жасасу, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру, сақтандыру жағдайы басталған кезде наразылықтарды қарау кезінде құжаттардың, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасуға байланысты басқа да құжаттардың дұрыс және уақтылы ресімделуін қамтамасыз етуді;
11) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушының (цеденттің), пайда алушының сақтандыру төлемін алуына консультациялар жүргізуді және жәрдем көрсетуді;
12) сақтандыру төлемін алу үшін қажетті құжаттарды берілген өкілеттіктерге сәйкес ресімдеуді;
13) сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан сақтандыру төлемдерін кейіннен оларды сақтанушыға (цедентке), пайда алушыға беру үшін жинауды;
14) сақтандыру жағдайы басталған кезде мүдделі тұлғалардың тапсырмасы бойынша шығындарды қарау және реттеу жөніндегі құжаттарды дайындауды;
15) залалды бағалау және сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау бойынша сарапшылар көрсететін қызметтерді ұйымдастыруды;
16) осы Заңның 15-бабының 4-тармағында көрсетілген қызметті;
17) сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін оның қатысушыларымен жасалған келісім негізінде басқаруды қамтуы мүмкін.
4. Сақтандыру брокеріне сақтанушыдан (цеденттен) немесе сақтандырушыдан (қайта сақтандырушыдан) алынған сақтандыру сыйлықақыларының немесе сақтандыру төлемдерінің сомаларын орналастыру жөніндегі инвестициялық қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
Сақтандыру брокері меншікті қаражатын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі депозиттерде орналастыруға құқылы.
5. Сақтандыру брокері өз қызметін жүзеге асыру кезінде сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының тарапы болып табылмайды.
6. Сақтандыру брокерінің негізгі құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі оның сақтандыру брокері қызметін жүзеге асырудың ішкі қағидаларында айқындалуға тиіс.
7. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген брокерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін сақтандыру брокеріне кез келген сыйақыны сақтанушының (цеденттің) мүдделерінде, осы баптың 8-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, сақтанушы (цедент) ғана төлеуге тиіс.
8. Егер сақтандыру брокері және (немесе) оның үлестес тұлғасы - сақтандыру брокері (оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезиденті - сақтандыру брокері) бір сақтандыру тәуекелі бойынша сақтандыру және (немесе) қайта сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асырса, онда сақтандыру брокері және оның үлестес тұлғасы - сақтандыру брокері (оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезиденті - сақтандыру брокері) көрсетілген сақтандыру тәуекелі бойынша сыйақыға байланысты өзара есеп айырысуды жүргізеді.
9. Сақтандыру брокері қызметін жүзеге асыру шарттары мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
18-бап. Сақтандыру агентінің делдалдық қызметі және оған қойылатын талаптар
1. Сақтандыру агентінің сақтандыру нарығында делдалдық қызметті жүзеге асыруға өкілеттіктері осы Заңның және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптары ескеріле отырып, тапсырма шартында айқындалады.
Сақтандыру ұйымы мен сақтандыру агентінің арасында жасалатын тапсырма шартына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Сақтандыру агенті сақтандыру ұйымы уәкілеттік берген әрекеттерді жеке өзі жасайды және оларды жасауды өзге тұлғаға қайта сенім білдіріп тапсыруға құқылы емес.
Сақтандыру агентінде өкілеттіктер болмаған жағдайда оның сақтандыру агенті ретіндегі қызметіне жол берілмейді.
2. Сақтандыру ұйымы өзінің атынан және өзінің тапсырысы бойынша сақтандыру агенті жасасқан сақтандыру шарты бойынша міндеттемелерді орындауға міндетті.
Сақтандыру ұйымы сақтандыру агентінің мынадай әрекеттерді жасағаны үшін:
1) сақтандыру шарттарын жасасқаны, сондай-ақ сақтандыру агентінің белгіленген өкілеттіктер шегінен шығатын әрекеттерді жасағаны;
2) сақтандыру ұйымында уәкілетті органның лицензиясы жоқ сақтандыру сыныптары (түрлері) бойынша сақтандыру шарттарын жасасқаны;
3) сақтандыру шартын жасасу талаптары бойынша сақтанушыны әдейі жаңылыстырғаны;
4) сақтандыру шартын және олардың негізінде сақтандыру шарты жасалатын құжаттарды ресімдеу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптарды сақтамағаны;
5) Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасының талаптарын өзге де бұзушылықтары үшін жауапты болады.
Сақтандыру ұйымы сақтандыру агентінің Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген делдалдық қызметті оның жүзеге асыруына байланысты емес әрекеттері үшін жауапты болмайды.
3. Сақтандыру агенті сақтауға міндетті шарттар, оның ішінде сақтандыру есептілігінің бланкілерін есепке алу және сақтау, қолма-қол ақшамен жұмыс істеу мәселелері бойынша шарттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып, сақтандыру ұйымының ішкі құжаттарында белгіленеді.
4. Сақтандыру агентіне сақтандыру ұйымының атынан және оның тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын жасасу кезінде сақтандыру сыйлықақысын төлеу үшін қолма-қол ақшамен төлемді заңды тұлға болып табылатын сақтанушыдан қабылдауына тыйым салынады.
Осы шектеу сақтандыру агентінің Қазақстан Республикасының аумағына уақытша келетін адамдардан қолма-қол ақшамен төлемді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын төлеу үшін қабылдауына қолданылмайды.
Сақтандыру агенті алған сақтандыру сыйлықақылары (сақтандыру жарналары) сақтандыру ұйымының банктік шотына немесе кассасына аудару арқылы толық көлемде сақтандыру ұйымына тапсыруға жатады.
Сақтандыру агентіне сақтандыру ұйымының комиссиялық сыйақы төлеуі сақтандыру ұйымы тиісті сақтандыру шарты бойынша сақтанушы төлеген сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру жарнасын) толық көлемде алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
5. Сақтандыру агентінің сақтанушылардан алған сақтандыру сыйлықақыларынан тапсырма шарты бойынша өзіне тиесілі сыйақыны ұстап қалуына тыйым салынады.
6. Осы Заңның 18-2-бабында көзделген өкілеттіктер шегінде сақтандыру агенттерінің делдалдық қызметті бір сақтандыру шарты бойынша екі немесе одан көп сақтандыру агентінің жүзеге асыруына жол берілмейді.
Сақтандыру агенттерінің мынадай:
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалатын зейнетақы аннуитеті;
«Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалатын аннуитеттік сақтандыру;
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алу шеңберінде жасалатын сақтандыру;
ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдингтер, ұлттық басқарушы компаниялар, ұлттық компаниялар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сақтанушылары болып табылатын сақтандыру;
мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар сақтанушылары болып табылатын сақтандыру;
«Туристі міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалатын туристі міндетті сақтандыру;
10-тармақтың 17) тармақшасының алпыс бесінші абзацы 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
заңды тұлғалар сақтанушылары болып табылатын міндетті сақтандыру шарттары бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыруына жол берілмейді.
7. Комиссиялық сыйақының құрамына сақтандыру ұйымының сақтандыру шартын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асырған сақтандыру агентіне қатысты шығыстарының барлық түрі, оның ішінде жалға алу ақысын төлеу жөніндегі шығыстар, сыйақылардың кез келген түрі, сондай-ақ кез келген мүлікті немесе материалдық пайданы беру кіреді.»;
18) 18-1-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Сақтандыру ұйымы сақтандыру агентінің осы баптың 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларының талаптарына сәйкестігін үш жылда бір реттен сиретпей тексеруге міндетті.»;
2-тармақта:
үшінші бөлікте:
«жасасу» деген сөзден кейін «жөніндегі мәселелер» деген сөздермен толықтырылсын;
«қызметкерлерді» деген сөз «кемінде екі қызметкерді» деген сөздермен ауыстырылсын;
төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Заңды тұлға болып табылатын сақтандыру агенті осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес келетін сақтандыру шарттарын жасасу лауазымдық міндеттеріне кіретін барлық қызметкердің тізімін және оларда оқытудың ең қысқа бағдарламасы бойынша емтихандарды тапсырғанын растайтын құжат болған кезде өзі дербес жүргізеді.»;
4-тармақта:
бірінші бөлік «сақтандыру ұйымы» деген сөздерден кейін «немесе қаржы ұйымы болып табылатын сақтандыру агенті» деген сөздермен толықтырылсын;
үшінші бөлік «басқа сақтандыру ұйымы» деген сөздерден кейін «немесе қаржы ұйымы болып табылатын сақтандыру агенті» деген сөздермен толықтырылсын;
5-тармақта:
бірінші бөлікте:
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) сақтандыру агентінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін сақтандыру шарттарын жасасуын сақтандыру ұйымының анықтауы;»;
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен және 4) тармақшадағы «тоқтату негіз болып табылады.» деген сөздер «тоқтату;» деген сөзбен ауыстырылып, 5) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) тапсырма шартының талаптарынан туындайтын міндеттерді сақтандыру агентінің орындамауын сақтандыру ұйымының анықтауы;»;
«5) сақтандыру агентінің соңғы екі жыл ішінде сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асырмауы негіз болып табылады.»;
мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасының бұзылуына жол берген, заңды тұлға болып табылатын агенттің жұмыскері лауазымдық міндеттеріне сақтандыру шарттарын жасасу кіретін қызметкерлердің тізімінен алып тасталуға жатады.»;
19) 18-2-бапта:
1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) жеке тұлға бола отырып, осы Заңның 18 және 18-1-баптарында көзделген шектеулерді ескере отырып, «өмірді сақтандыру» саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын бір сақтандыру ұйымының және (немесе) «жалпы сақтандыру» саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын бір сақтандыру ұйымының атынан және тапсырмасы бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыруға;»;
2-тармақтың 6) тармақшасындағы «қамтамасыз етуге міндетті.» деген сөздер «қамтамасыз етуге;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
«7) өзі сақтанушылардан толық көлемде алған сақтандыру сыйлықақыларын (сақтандыру жарналарын) сақтандыру ұйымына тапсыруға міндетті.»;
20) 19-бапта:
1-тармақ алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Актуарлық қызмет:
1) сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша міндеттемелер мөлшерлерін есептеу;
2) сақтанушыларға жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша берілетін қарыздардың мөлшерлерін айқындау;
3) сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша ірі мәміленің жасалғаны туралы актуарлық қорытынды жасау;
4) сақтандыру тарифтерін есептеу әдіснамасын және олардың экономикалық негіздемесін әзірлеу, сондай-ақ сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерлемелерін есептеу;
5) аннуитеттік сақтандыру және өмірді сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын және сақтандыру резервтерін бағалау үшін өмір сүру көрсеткіштерін талдау және жаңарту;
6) актуарлық есеп-қисаптар мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсету және ұсынымдар беру;
7) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық тұрақтылығын және төлем қабілеттілігін бағалауға байланысты мәселелер;
8) тәуекелдерді және (немесе) тәуекелдердің болуына байланысты қаржылық міндеттемелерді талдау және сандық, қаржылық бағалау, сондай-ақ қаржылық тәуекелдерді басқару әдістерін әзірлеу және олардың тиімділігін бағалау бойынша қызметтер ұсынуды қамтиды.»;
21) 26-бапта:
18-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысына, сақтандыру холдингіне тиесілі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акцияларының саны (пайыздық немесе абсолюттік мәнде) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының орналастырылған (артықшылықты және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сатып алған акцияларды шегергенде) акцияларының санына және (немесе) дауыс беретін акцияларының санына қатысты ұлғаю жағына өзгерген жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына ірі қатысушы, сақтандыру холдингі уәкілетті органға сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын сатып алу үшін пайдаланылатын қаражат көзін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға тиіс. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына ірі қатысушылар - жеке тұлғалар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын сатып алу үшін пайдаланатын қаражат көздері осы баптың 6-тармағының 1) тармақшасында айқындалған.»;
19-тармақ алып тасталсын;
22) 26-1-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) ұсынылған құжаттардың осы Заңның 26-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеуі не ұсынылған құжаттар бойынша уәкілетті органның ескертулерін ол белгілеген мерзімде жоймау;»;
23) 27-баптың 1-тармағының 2) және 6) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«2) нотариат куәландырған және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген құрылтай құжаттарының (жарғы, құрылтай шарты) көшірмелері;»;
«6) құжаттарға қол қоюға құрылтайшылар уәкілеттік берген тұлға бекіткен, сақтандыру нарығында актуарлық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар актуарий куәландырған және «жалпы сақтандыру» саласында құрылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары үшін таяудағы үш жылға және «өмірді сақтандыру» саласында құрылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары үшін бес жылға әзірленген бизнес-жоспар. Бизнес-жоспарда мынадай мәселелер: сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құру мақсаттары, қызметтің негізгі бағыттарының қысқаша сипаттамасы және құрылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы бағдарланған нарық сегменті, құрылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және оның нарықтағы үлесі туралы ақпарат, өнімдер мен көрсетілетін қызметтер түрлері, оларды өткізу тәсілдері, маркетингтік зерттеулер, сақтандыру андеррайтингі, баға стратегиясы, оның ішінде сақтандыру тарифтерін есептеу тәртібі және олардың экономикалық негіздемесі, өнімдерді жылжыту стратегиясы, сақтандыру өнімдерін бөлу, қаржылық жоспар, оның ішінде шығындылық коэффициенттерінің болжамы, инвестициялық саясат және құрылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жүргізуге ниет етіп отырған қайта сақтандыру саясаты, құрылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ұйымдық құрылымы, директорлар кеңесі, мамандар білімінің болжамды деңгейі, уәкілетті органның талаптарына сәйкес келетін тәуекелдерді басқару ұйымы көрсетілуге тиіс;»;
24) 28-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) ұсынылған құжаттардың осы Заңның 27-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеуіне ұсынылған құжаттар бойынша уәкілетті органның ескертулерін ол белгілеген мерзімде жоймау;»;
25) 32-баптың 6-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) ұсынылған құжаттардың осы бапта көрсетілген талаптарға сәйкес келмеуі не ұсынылған құжаттар бойынша уәкілетті органның ескертулерін ол белгілеген мерзімде жоймау;»;
26) 33-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«33-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру брокерінің филиалдары мен өкілдіктерін құру, жабу
1. Қазақстан Республикасының резиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы директорлар кеңесінің шешімі негізінде, Қазақстан Республикасының резиденті-сақтандыру брокері, қатысушылардың жалпы жиналысының не акционерлердің жалпы жиналысының шешімі негізінде уәкілетті органның келісімінсіз Қазақстан Республикасының аумағында да, оның шегінен тыс жерде де өзінің оқшауланған бөлімшелерін - филиалдары мен өкілдіктерін ашуға құқылы.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері өзінің филиалы мен өкілдігі әділет органдарында есептік тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде:
1) тіркеген әділет органының белгісі мен мөрі қойылған, филиал немесе өкілдік туралы ереженің нотариат куәландырған көшірмесін;
2) филиалдың немесе өкілдіктің бірінші басшысына берілген сенімхаттың нотариат куәландырған көшірмесін қоса бере отырып, уәкілетті органға олардың ашылуы туралы хабар беруге міндетті.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атынан сақтандыру қызметін жүзеге асырады және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өзіне берген өкілеттіктер шегінде әрекет етеді. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен бірыңғай балансы, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атауымен толық сәйкес келетін атауы болады.
4. Сақтандыру брокерінің филиалы өз қызметін сақтандыру брокерінің атынан жүзеге асырады және сақтандыру брокері өзіне берген өкілеттіктер шегінде әрекет етеді. Сақтандыру брокері филиалының сақтандыру брокерімен бірыңғай балансы, сондай-ақ сақтандыру брокерінің атауымен толық сәйкес келетін атауы болады.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өкілдігі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атынан және оның тапсырмасы бойынша жұмыс істейді және сақтандыру қызметін жүзеге асырмайды.
6. Сақтандыру брокерінің өкілдігі сақтандыру брокерінің атынан және оның тапсырмасы бойынша әрекет етеді және сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасу бойынша сақтандыру брокерінің делдалдық қызметін жүзеге асырмайды.
7. Сақтандыру қызметін, сақтандыру брокерінің қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру түріндегі қолданыстағы санкцияның болмауы, сақтандыру брокерінің уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленген меншікті капиталдың ең төмен мөлшерінің талаптарын сақтамауы, сондай-ақ филиалды әділет органдарында есептік тіркеуге құжаттарды беру күні уәкілетті орган қолданған, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 228-бабының бесінші, он екінші бөліктерінде, 229-бабының бірінші бөлігінде, 230-бабының бірінші, үшінші және төртінші бөліктерінде, 239-бабының төртінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қолдану түрінде қолданыстағы санкциялардың болмауы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерінің филиалдарын ашудың міндетті шарттары болып табылады.