1) осы баптың 1 жəне 2-тармақтарының ережелерін қолданады;
2) егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, осы тармақта айқындалған жағдайларда жəне шарттармен осы баптың 4-тармағына сəйкес провизиялар (резервтер) мөлшерін азайтудан түсетін кірістерді танымайды;
3) 2029 жылға келетін салықтық кезеңдегі құрылған провизиялардың (резервтердің) мөлшерін азайтудан түсетін кірісті таниды жəне оны осы баптың 5-тармағына сəйкес жылдық жиынтық кіріске енгізеді.
320-баптың 4-тармағы 2030 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
4. Бұрын банк болып табылған заңды тұлға:
негізгі борыш бойынша берешектен;
2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепке жазылған сыйақы бойынша берешектен;
кредитке (қарызға) байланысты берешектен тұратын кредит (қарыз) бойынша борыш кешірілген жағдайда, есепті жəне (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасын провизиялар (резервтер) мөлшерінің төмендеуінен түсетін кіріс деп танымайды.
Бұрын банк болып табылған заңды тұлға кредит (қарыз) бойынша борыш жəне (немесе) кредитке (қарызға) байланысты берешек кешірілген жағдайда, мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:
1) кредит (қарыз) 2009 жылғы 1 қазанға дейін берілсе;
2) кредит (қарыз) бойынша жəне (немесе) кредитке (қарызға) байланысты берешек бойынша борышкер банктің немесе бұрын осындай банк болып табылған заңды тұлғаның басқару органы 2019 жылғы 1 шілдеге дейін бекіткен жəне 2019 жылғы 1 тамыздан кешіктірілмей уəкілетті органға ұсынылған, борышы кешірілуге жататын борышкерлердің тізбесінде (тізбелерінде) көрсетілсе;
3) кредит (қарыз) бойынша борышты жəне (немесе) кредитке (қарызға) байланысты берешекті кешіру банктің немесе бұрын осындай банк болып табылған заңды тұлғаның басқару органы 2019 жылғы 1 шілдеге дейін бекіткен жəне 2019 жылғы 1 тамыздан кешіктірілмей уəкілетті органға ұсынылған, борышы кешірілуге жататын борышкерлердің тізбесінде (тізбелерінде) көрсетілген сома шегінде жүргізілсе;
4) мыналарға берілген кредит (қарыз) бойынша бір жəне (немесе) одан көп құжат болса, провизиялар (резервтер) мөлшерінің төмендеуінен түсетін кірісті кіріс деп танымайды:
бейрезидентке берілген кредит (қарыз) бойынша:
борышкер жеке тұлғаға жəне (немесе) лауазымды адамға немесе борышкер заңды тұлға қабылдаған шешімдерді өзгеше түрде тікелей немесе жанама түрде айқындауға мүмкіндігі болған адамға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы шет мемлекеттің құқық қорғау органына арыз;
борышты өндіріп алу туралы, кепілге өндіріп алуды қолдану жəне (немесе) кепілге жоғалтқан құқықтарды қалпына келтіру туралы Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің сотына талап қою;
борышкерде жəне борышкермен бірлесіп аталған банк алдында ортақ немесе субсидиарлық жауаптылықта болатын үшінші тұлғаларда өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүлік, оның ішінде ақша, бағалы қағаздар немесе кірістер болмаған жəне оның мүлкін немесе кірістерін анықтау бойынша қабылданған шаралар нəтижесіз болған жағдайда, атқарушылық құжатты банкке қайтару туралы сот орындаушысының заңды күшіне енген қаулысы немесе шет мемлекеттің өзге де құжаты;
борышты өндіріп алудан, кепілге жоғалтқан құқықтарды қалпына келтіруден, борышкердің мүлкіне, оның ішінде ақшасына, бағалы қағаздарына немесе кірістеріне өндіріп алуды қолданудан бас тарту туралы шет мемлекет сотының заңды күшіне енген шешімі;
борышкерді банкрот деп тану туралы шет мемлекет сотының заңды күшіне енген шешімі жəне (немесе) конкурстық іс жүргізуді аяқтау туралы ұйғарым;
таратылуына байланысты борышкерді немесе кепіл берушіні заңды тұлғалардың тізілімінен шығару туралы шет мемлекеттің құзыретті органының құжаты;
резидентке берілген кредит (қарыз) бойынша:
борышкер жеке тұлғаға жəне (немесе) лауазымды адамға немесе борышкер заңды тұлға қабылдаған шешімдерді өзгеше түрде тікелей немесе жанама айқындау мүмкіндігі болған адамға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органына арыз;
банктің арызы бойынша Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының шаралар жүргізгенін немесе қылмыстық іс қозғалғанын растайтын құжат.
Бейрезиденттерге берілген кредиттер (қарыздар) бойынша осы тармақшада көзделген құжаттардың болуы:
ипотека шартын жасасу күнге негізгі борышты толық қамтамасыз еткен кепілге қойылған мүлік соттан тыс тəртіппен сауда-саттықта негізгі борыш сомасынан төмен баға бойынша сатылғаннан кейін кредит бойынша өтелмеген борыш сомасы кешірілген кезде;
банк талап ету құқығын басқаға беру күні бейрезидент болып табылатын үшінші тұлғаға кредит (қарыз) бойынша дисконтпен талап ету құқығын берген кезде, егер басқаға беру жүргізілген кредит (қарыз) бойынша талап ету құқығының құны - бағалаушы мен осындай үшінші тұлға немесе банк не банктің мүддесін білдіретін немесе осындай банктің мүддесі үшін мүлікті басқаруға шет мемлекеттің соты тағайындаған тұлға арасындағы шарт бойынша бағалау қызметі туралы Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сəйкес жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған банктің талап ету құқығының нарықтық құнына тең болса, талап етілмейді.
Осы тармақшаның мақсаттары үшін банк басқаға беруді жүргізген кредит (қарыз) бойынша талап ету құқығының құны мен кредит бойынша талап ету құқығының құны арасындағы теріс айырма дисконт деп танылады;
банктің басқару органы мынадай құжаттардың болмауына байланысты шет мемлекеттің құқық қорғау органына немесе сотына жүгіну мүмкін емес екенін құжаттамалық растаған жағдайда:
қылмыстық жəне (немесе) азаматтық істер бойынша Қазақстан Республикасы мен осындай шет мемлекет арасындағы құқықтық көмек туралы келісім;
кредит (қарыз) берілгенін растайтын шарттың түпнұсқасы;
кредит (қарыз) бойынша борыш сомасы мен осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген банктің талап ету құқығының бағалаушы мен борышкер немесе осындай банк арасындағы шарт бойынша бағалау қызметі туралы Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сəйкес жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған нарықтық құны арасындағы айырма ретінде айқындалатын борыштың бір бөлігі борышты кешіру күніне бейрезидент болып табылатын борышкерге кешірілген кезде, егер:
кредит (қарыз) берілген шартқа борыштың қалған бөлігін (бұдан əрі - борыш қалдығы) өтеу шартымен борыштың бір бөлігін кешіру көзделетін, борышкер қол қойған өзгеріс болса;
осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген банк:
осы баптың 1-тармағына сəйкес борыш қалдығы мөлшерінде құрылған провизиялар (резервтер) мөлшерін төмендетуден түсетін кірісті таныса;
кіріске осы Кодекстің 256-бабында көзделген түзету жүргізбесе;
борыштың бір бөлігі кешірілгеннен кейін құрылған, борыш қалдығының сомасына қарсы провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын шегерімге жатқызбаса;
5) кредит (қарыз) бойынша кредиттік бюрода Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар жəне кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасына сəйкес банк берген осындай кредит (қарыз) бойынша борыш сомасы туралы ақпарат болса;
6) кредит (қарыз) бойынша осы Кодекстің 323-бабының 1-тармағына сəйкес шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) құрылған осындай кредит (қарыз) бойынша бастапқы бухгалтерлік құжат болса;
7) кредит (қарыз) бойынша кредиттік тіркелімде банк Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен Ұлттық Банкке берген ақпарат болса, провизиялар (резервтер) мөлшерінің төмендеуінен түсетін кіріс деп танымайды.
Бұл ретте, борышы кешірілуге жататын кредиттер (қарыздар) бойынша борышкерлердің тізбесінде əрбір кредит (қарыз) бойынша:
1) кредиттік дерекнаманың нөмірі;
2) кредитті (қарызды) беру күні;
3) қарыз алушының (бірлесіп қарыз алушының) тегі, аты, əкесінің аты (егер ол жеке басын куəландыратын құжатта көрсетілсе) жəне (немесе) атауы;
4) кредит (қарыз) бойынша 2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепке жазылған сыйақы жəне негізгі борыш бөлінісінде кешірілуге жататын борыштың шекті сомасы көрсетіледі.
Осы тармақтың ережелері банк жұмыскеріне, банк жұмыскерінің жұбайына (зайыбына) жəне жақын туыстарына берілген кредиттерге (қарыздарға) қолданылмайды.
320-баптың 5-тармағы 2030 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
5. Бұрын банк болып табылған заңды тұлға 2029 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бухгалтерлік есепке алуда көрсетілген, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сəйкес есепті жəне (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімдерге жатқызылған провизиялар (резервтер) мөлшерінің төмендеуінен түсетін кірісті таниды жəне мұндай кірісті 2029 жылға келетін салықтық кезеңдегі жылдық жиынтық кіріске енгізеді.
321-бап. Қаржылық қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың талап ету құқығын басқаға беруінен түсетін кіріс
1. Кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша талап ету құқығына ие болатын жəне «Қазақстан Республикасындағы банктер жəне банк қызметі туралы» жəне «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген салық төлеуші талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кірісті борышкер іс жүзінде төлеген сома мен талап ету құқығына ие болу құны арасындағы оң айырма түрінде айқындайды.
Осы тармақтың ережелері жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымнан талап ету құқығына ие болатын салық төлеушілерге де қолданылады.
2. Талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс оң айырма туындайтын (ұлғаятын) салықтық кезеңде танылады.
Бұл ретте алдыңғы салықтық кезеңдерде бұрын танылған оң айырма ескерілмейді.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салық төлеуші осы Кодекстің 243-бабына сəйкес талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кірісті айқындауға құқылы.
2-параграф. Қаржылық қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың шегерімдері
322-бап. Сақтандыру қызметін жүзеге асыратын салық төлеушінің сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша шегерімдері
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымы немесе Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі болып табылатын салық төлеуші мынадай шығыстарды шегерімге жатқызуға құқылы:
1) сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдері;
2) туындаған сақтандыру залалдары бойынша міндеттемелер бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметіне байланысты шығыстар;
3) залал құрауышы түрінде;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) бойынша қаржылық шығыстар;
5) қайта сақтандыру активі бойынша күтілетін ақша ағындарын ең жақсы бағалаудың амортизациясы бойынша;
6) қайта сақтандыру активі бойынша қаржылық емес тəуекелге тəуекелдік түзетуді азайту бойынша;
7) тəуекелдік түзетуді туындаған залалдар міндеттемесі бойынша қаржылық емес тəуекелге қалыптастыру бойынша;
8) аквизициялық шығыстар;
9) ұсталатын қайта сақтандыру шарттары бойынша маржаның амортизациясы түріндегі шығыстар;
10) қайта сақтандырушыға регрессиялық талаптар мен залалдарды өтеу жөніндегі шығыстар (суброгация);
11) салық төлеушінің кіріс алуға бағытталған қызметпен байланысты өзге де шығыстары;
12) залалдарды реттеуге арналған шығыстар;
13) сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметіне байланысты аквизициялық емес шығыстар (жатқызылатын шығыстар).
2. Осы бапта көзделген шығыстар халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына жəне (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сəйкес айқындалады.
323-бап. Резервтік қорларға аударымдар бойынша шегерім
1. Акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі, ұлттық даму институты болып табылатын банкті қоспағанда, банктердің халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына жəне Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сəйкес жəне уəкілетті органмен келісу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті орган айқындаған тəртіппен құрылған провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар.
Кепілдің жəне басқа да қамтамасыз етудің құны, сондай-ақ жеке кəсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелері бойынша арнаулы қор берген кепілдік сомасы провизияларды (резервтерді) құру қағидаларында айқындалған жағдайларда жəне тəртіппен провизиялардың (резервтердің) сомасын айқындау кезінде ескеріледі.
Осы тармақтың ережелері мынадай активтерге, шартты міндеттемелерге:
1) басқа банктерде орналастырылған, корреспонденттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттерге, сондай-ақ осындай депозиттер бойынша 2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепке жазылған сыйақыларға;
2) басқа банктер мен клиенттерге берілген кредиттерге (қаржы лизингін қоспағанда), сондай-ақ осындай кредиттер бойынша 2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепке жазылған сыйақыларға;
3) құжаттық есеп-қисаптар, кепілдіктер жəне факторингтік операциялар бойынша дебиторлық берешекке;
4) жабылмаған аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер бойынша шартты міндеттемелерге қарсы провизиялар (резервтер) бойынша қолданылады.
Осы тармақтың ережелері өзара байланысты тараптардың пайдасына не өзара байланысты тараптардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтер мен шартты міндеттемелерге қарсы провизиялар (резервтер) бойынша қолданылмайды.
323-баптың 1-тармағының бесінші бөлігі 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
Банктер екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын ұйымнан сатып алынған активтерге қарсы провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегерімге жатқызуға құқылы емес.
323-баптың 1-тармағының алтыншы бөлігі 2030 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
Осы тармақтың ережелерін бұрын банк болып табылған заңды тұлға да қолданады.
2. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (ломбардты қоспағанда), өзара байланысты тарапқа не өзара байланысты тараптың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтерді қоспағанда, берілген микрокредиттер бойынша күмəнді жəне үмітсіз активтерге қарсы провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын, сондай-ақ олар бойынша сыйақыларды шегеруге құқығы бар.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (ломбардты қоспағанда) провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын жеке кəсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелері бойынша арнаулы қор салықтық кезең үшін берген кепілдік сомасына азайтады.
Осы тармақтың өзара байланысты тарапқа не өзара байланысты тараптың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтерді алып тастау бөлігіндегі ережелері Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасына сəйкес кредиттік серіктестіктер өз қатысушыларына беретін микрокредиттерге қолданылмайды.
Берілген микрокредиттер бойынша активтерді күмəнді жəне үмітсіз активтерге жатқызу тəртібін, сондай-ақ оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру тəртібін уəкілетті органмен келісу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті орган айқындайды.
3. Банктік қарыз операцияларын жүргізуге арналған лицензия негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына жəне Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сəйкес жəне уəкілетті органмен келісу бойынша қаржы нарығын жəне қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті орган айқындаған тəртіппен құрылған күмəнді жəне үмітсіз активтерге қарсы провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын, мыналарды қоспағанда, кредиттерге (қарыздарға) қарсы шегеруге құқығы бар:
1) қаржы лизингі;
2) өзара байланысты тараптардың пайдасына не өзара байланысты тараптардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген кредиттер (қарыздар).
Кепіл мен басқа да қамтамасыз етудің құны провизияларды (резервтерді) құру қағидаларында айқындалған жағдайларда жəне тəртіппен провизиялардың (резервтердің) сомасын айқындау кезінде ескеріледі.
Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын жеке кəсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелері бойынша арнаулы қор салықтық кезең үшін берген кепілдік сомасына азайтады.
4. Ұлттық басқарушы холдингтің, сондай-ақ негізгі қызмет түрі қарыз операцияларын жүзеге асыру немесе талап ету құқықтарын сатып алу болып табылатын жəне дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) 100 пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалардың өзара байланысты тараптар пайдасына не өзара байланысты тараптардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтер мен шартты міндеттемелерді (кредиттік серіктестіктердің активтері мен шартты міндеттемелерінен басқа) қоспағанда, мынадай күмəнді жəне үмітсіз активтерге, шартты міндеттемелерге:
банктерде орналастырылған, корреспонденттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттерге;
банктер мен клиенттерге берілген кредиттерге (қаржы лизингін қоспағанда);
құжаттық есеп-қисаптар мен кепілдіктер бойынша дебиторлық берешекке;
жабылмаған аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер бойынша шартты міндеттемелерге қарсы провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар.
Осы тармақта көзделген салық төлеушілер провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын жеке кəсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелері бойынша арнаулы қор салықтық кезең үшін берген кепілдік сомасына азайтады.
Провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегеру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тəртіппен құрылған провизиялар (резервтер) сомасы шегінде жүзеге асырылады.
Осы тармақта көрсетілген заңды тұлғалардың тізбесін жəне осындай тізбені қалыптастыру тəртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
324-бап. Кепілдік беру жүйелеріне қатысушылардың сақтандыру сыйлықақылары мен жарналары бойынша шығыстарды шегеру
1. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын қоспағанда, сақтандыру шарттары бойынша сақтанушының төлеуіне жататын немесе ол төлеген сақтандыру сыйлықақылары шегерімге жатады.
2. Жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банкте жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беруге байланысты аударылған міндетті күнтізбелік, қосымша жəне төтенше жарналардың сомасы шегерімге жатады.
3. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысушы болып табылатын сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдарында сақтандыру төлемдеріне кепілдік беруге байланысты аударылған міндетті, төтенше жəне қосымша жарналардың сомасы шегерімге жатады.
4. Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысушы астық қабылдау кəсіпорнында астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беруге байланысты аударылған жыл сайынғы міндетті жарналар сомасы шегерімге жатады.
5. Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беруге байланысты аударылған міндетті жəне қосымша жарналардың сомасы жеке кəсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру жүйесіне қатысушы болып табылатын банктерден, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардан жəне өзге де заңды тұлғалардан шегеруге жатады.
31-тарау. ЦИФРЛЫҚ АКТИВТЕРМЕН ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ТҰЛҒАЛАРДЫҢ
КІРІСТЕР МЕН ШЕГЕРІМДЕРДІ АЙҚЫНДАУЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
325-бап. Цифрлық майнингтік пулдың, цифрлық активтер биржасының жəне цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаның кірісі
1. Цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаның цифрлық майнинг жөніндегі қызметтен түскен кірісі цифрлық майнингтік пул оған бөлген, өз қызметі нəтижесінде туындаған цифрлық активтер санының жəне осы баптың 4-тармағына сəйкес айқындалған олардың құнының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
2. Тұлғаның цифрлық майнинг жөніндегі қызметтен түскен кірісіне цифрлық майнингтік пул комиссия ретінде ұстап қалған цифрлық активтердің құны жатқызылмайды.
3. Цифрлық майнингтік пулдың, цифрлық активтер биржасының цифрлық активтер түрінде алынған кірісі осы баптың 4-тармағына сəйкес айқындалған құн бойынша есептеледі.
4. Осы баптың мақсатында цифрлық активтердің құнын жəне олардың түрлерінің тізбесін айқындау, жариялау тəртібін уəкілетті орган айқындайды.
326-бап. Цифрлық активтер шығып қалған кезде құн өсімінен түсетін кіріс
1. Цифрлық активтер құнының өсімінен түсетін кіріс мынадай жағдайларда жəне салықтық кезеңдерде:
1) цифрлық активті өткізу кезінде - осындай цифрлық активті өткізу жүзеге асырылған салықтық кезеңде;
2) цифрлық активті жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде - осындай цифрлық активті жарғылық капиталға салым ретінде беру жүзеге асырылған салықтық кезеңде танылады.
Осы баптың мақсатында жарғылық капиталға салымның құны ол бойынша жарғылық капиталға салым ретінде берілген цифрлық активтің құны болып табылады, ол активті қабылдауды жəне беруді растайтын құжаттың негізінде айқындалады, бірақ төлеу есебіне актив берілген сомадан аспайды;
3) бірігу, қосылу, бөліну жолымен қайта ұйымдастыру нəтижесінде цифрлық актив шығып қалған кезде - таратудың салықтық есептілігі ұсынылған салықтық кезеңде;
4) бөлу жолымен қайта ұйымдастыру нəтижесінде цифрлық актив шығып қалған кезде - бөлу балансы бекітілген салықтық кезеңде танылады.
2. Цифрлық активтер құнының өсімінен түсетін кіріс мынадай:
1) өткізу кезінде - өткізу құны мен цифрлық активтің бастапқы құны арасындағы оң айырма;
2) цифрлық активті жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде - ол жарғылық капиталға салым ретінде берілген цифрлық активтің құны мен осы цифрлық активтің бастапқы құны арасындағы оң айырма;
3) заңды тұлғаны бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нəтижесінде шығып қалу кезінде - беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген цифрлық активтің құны мен оның бастапқы құны арасындағы оң айырма сомасында айқындалады.
3. Мыналар цифрлық активтің бастапқы құны болып табылады:
халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына жəне (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сəйкес оны сатып алуға нақты шығындардың, цифрлық активті сатып алуға байланысты жəне оның құнын ұлғайтатын шығындардың жиынтығы
жəне (немесе)
жарғылық капиталға салым ретінде берілген цифрлық активтің құны
жəне (немесе)
жарғылық капиталға салым ретінде алынған цифрлық активтің құны
жəне (немесе)
егер цифрлық актив қайта ұйымдастыру нəтижесінде алынса - беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген құн
жəне (немесе)
егер цифрлық активті акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капиталы азайған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғадағы цифрлық активті немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде мүлікті бөлу нəтижесінде алса - акционер, қатысушы, құрылтайшы мүлікті бөлу кезінде алатын (алған), оның ішінде бұрын енгізілген мүліктің орнына алынатын (алынған) цифрлық активтің қайта бағалау мен құнсыздану ескерілмей, мүлікті беру күніне беруші тұлғаның бухгалтерлік есепке алуында көрсетілуге жататын (көрсетілген), цифрлық активтің берілгенін растайтын жəне тараптардың қолтаңбаларымен куəландырылған құжатта көрсетілген баланстық құны
жəне (немесе)
осы Кодекске сəйкес өтеусіз алынған мүліктің құны түріндегі жылдық жиынтық кіріске енгізілген құн - егер цифрлық актив өтеусіз алынса,
қосу
осы Кодекстің 286-бабының 2), 13) жəне 16) тармақшаларында жəне 287-бабында көзделген шығындардан (шығыстардан) басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына жəне (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сəйкес цифрлық активтердің құнын ұлғайтатын, оның ішінде оларды сатып алғаннан кейін ұлғайтатын басқа да шығындар.
4. Осы баптың ережелерін осы Кодекстің 325-бабының 1-тармағына сəйкес цифрлық майнинг жөніндегі қызметтен түсетін кіріс айқындалған жағдайда цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар қолданбайды.
5. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда, цифрлық активтер шығып қалған кезде теріс айырма туындаған кезде мұндай теріс айырма цифрлық активтер шығып қалған салықтық кезеңнің цифрлық активтері шығып қалған кезде туындайтын құн өсімінен түсетін кірісті азайтады.