Осы тараудың мақсаттары үшін блок Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия берілген аумақты білдіреді. Әрбір блоктың оны сәйкестендіретін координаттары және жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган беретін жеке коды болады.
2. Қалған жер учаскелері бойынша төлемақы мөлшерлемелері Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес айқындалады. Бұл ретте төлемақы мөлшерлемелері осы Кодекстің 510-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген ережелер ескерілмей, жер салығының мөлшерлемелерінен төмен емес мөлшерде белгіленеді.
564-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) алынған жер учаскелері бойынша төлемақы сомасы - жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органмен, ал арнайы экономикалық аймақ аумағында жергілікті атқарушы органмен немесе арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігімен жасалған уақытша өтеулі жер пайдалану шарттарының негiзiнде есептеледi.
Уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) алынған жер учаскелері бойынша жыл сайынғы төлемақы сомалары - жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар, ал арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жергілікті атқарушы органдар немесе арнайы экономикалық аймақтардың әкімшіліктері жасайтын есеп-қисаптарда белгiленедi.
Жер салығы сомаларының өзгеруіне алып келетін, шарттардың талаптары, сондай-ақ осы Кодексте белгiленген жер салығын есептеудің тәртiбi өзгерген жағдайларда, уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) алынған жер учаскелері бойынша төлемақы сомасының есеп-қисаптарын -жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар, ал арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жергілікті атқарушы органдар немесе арнайы экономикалық аймақтардың әкімшіліктері қайта қарайды.
2. Салықтық кезеңде төлеуге жататын уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) алынған жер учаскелері бойынша төлемақы мөлшерi осы баптың 1-тармағында көрсетілген есеп-қисаптарда белгіленген төлемақы мөлшерлемелері және салықтық кезеңде жер учаскесiн пайдаланудың нақты мерзімі негізге алына отырып айқындалады.
Бұл ретте жер учаскесiн пайдаланудың нақты мерзімі салықтық кезеңнің басынан бастап (егер жер учаскесі салықтық кезең басталатын күні бастапқы өтеулі жер пайдалану құқығында болса) немесе жер учаскесіне мұндай құқық туындаған айдың 1-күнінен бастап мұндай құқық тоқтатылған айдың 1-күніне дейін немесе салықтық кезеңнің соңына дейін (егер жер учаскесі салықтық кезең аяқталатын күні осындай құқықта болса) айқындалады.
3. Уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) алынған жер учаскелері бойынша төлемақы мөлшерi осы Кодекске сәйкес осындай жер учаскелерi бойынша есептелген жер салығы сомасының мөлшерінен төмен белгiленбейдi.
4. Егер осы баптың 5, 6, 9, 10 және 12-тармақтарында өзгеше белгіленбесе, төлемақы төлеушiлер ағымдағы жылғы 25 ақпаннан, 25 мамырдан, 25 тамыздан және 25 қарашадан кешiктiрмей тең үлестермен төлемақы сомасын бюджетке төлейдi.
Мемлекет төлемақы төлеудiң жоғарыда санамаланған мерзiмдерiнің бірінен кейiн жер учаскелерiн уақытша өтеулі жер пайдалануға берген жағдайларда, төлеудің келесi кезектi мерзiмi төлемақыны бюджетке енгiзудiң алғашқы мерзiмi болып табылады.
5. Жеке тұлғалар өтеулі жер пайдалануға алынған және кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын (пайдалануға жатпайтын) жер учаскелері бойынша төлемақы сомасын 25 ақпаннан кешіктірмей төлейді.
Уақытша өтеулі жер пайдалану шарты осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімнен кейін жасалған жағдайда, жеке тұлғаның осындай шарт жасалған салықтық кезең үшін төлемақы төлеуі осындай шарт жасалған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
6. Уақытша өтеулі жер пайдалану шартының қолданылу мерзімі өткен немесе салықтық кезең аяқталғанға дейін ол бұзылған жағдайда, уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) алынған жер учаскелері бойынша төлемақы сомасы шарттың қолданылу мерзімі өткен немесе осындай шарт бұзылған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей сол жылы жер пайдаланудың нақты кезеңі үшін бюджетке төленуге жатады.
7. Төлемақы сомасы:
1) жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша - уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) берілген жер учаскесі бойынша есептелген төлемақы бойынша;
2) жер қойнауы учаскесінің орналасқан жері бойынша - пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия негізінде берілген жер қойнауы учаскесінің төлемақысы бойынша бюджетке төленеді.
8. Қызметін арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жүзеге асыратын ұйымдар жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны осы Кодекстің 79-тарауында белгіленген ережелерді ескере отырып есептейді.
9. Жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия негізінде берілген жер қойнауы учаскесі бойынша төлемақының жылдық сомасын есепті жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша лицензия қолданылған және оның қолданылуы аяқталған жағдайда - есепті салықтық кезеңнің 25 ақпанынан кешіктірмей немесе лицензияны есепті жылдың 1 ақпанын қоса алғанға дейін алған кезде - осы Кодекстің 563-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемелер бойынша айқындалатын төлемақының жылдық сомасы мөлшерінде төлейді.
10. Егер есепті салықтық кезеңнің 1 ақпанындағы жағдай бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияның қолданылу мерзімі ағымдағы салықтық кезеңде өтетіні белгілі болса, онда есепті салықтық кезеңнің 25 ақпанынан кешіктірілмейтін мерзімде мұндай лицензияның нақты қолданылу мерзімі үшін осы баптың 11-тармағына сәйкес есептелген төлемақы төленуге тиіс.
11. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия есепті салықтық кезеңнің 1 ақпанынан кейін алынған немесе есепті салықтық кезең ішінде лицензияның қолданылуы тоқтатылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы төлемақы сомасын осы Кодекстің 563-бабының 1-тармағында белгіленген төлемақы мөлшерлемелерін және осындай лицензияның есепті салықтық кезеңде нақты қолданылу кезеңін негізге ала отырып айқындайды.
Бұл ретте лицензияның нақты қолданылу кезеңі салықтық кезеңнің басынан бастап (егер мұндай лицензия салықтық кезең басталатын күнге қолданыста болса) немесе мұндай лицензия қолданыла бастаған айдың 1-күнінен бастап мұндай лицензияның қолданылуы тоқтатылған айдың 1-күніне дейін немесе салықтық кезеңнің соңына дейін (егер мұндай лицензия салықтық кезең аяқталатын күнге қолданыста болса) айқындалады.
12. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияның қолданылуы есепті салықтық кезеңнің 1 ақпанынан кейін тоқтатылған жағдайларда, осындай лицензияның нақты қолданылу кезеңі үшін төлемақы сомасы лицензияның қолданылу мерзімі өткен тоқсаннан кейінгі тоқсанның екінші айының 25-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бюджетке енгізілуге жатады.
565-бап. Салықтық есептілік
1. Дара кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғаларды, сондай-ақ мүлiк салығы бойынша салықтық база осы Кодекстің 529-бабына сәйкес есептелетін салық салу объектілері орналасқан және (немесе) жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер учаскелерi бойынша дара кәсiпкерлерді қоспағанда, төлемақы төлеушілер салық органдарына:
1) жер учаскесінің орналасқан жері бойынша - уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) берілген жер учаскесі бойынша есептелген төлемақы бойынша;
2) жер қойнауы учаскесінің орналасқан жері бойынша - жер қойнауын пайдаланушыға пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия негізінде берілген жер қойнауы учаскесінің төлемақысы бойынша ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабын ұсынады.
2. Төлемақы төлеушiлер ағымдағы төлем сомаларының есеп-қисабын есептi салықтық кезеңнiң 20 ақпанынан кешiктiрмей ұсынады.
3. Есепті салықтық кезеңнің 20 ақпанынан кейін уақытша өтеулі жер пайдалану туралы шарт жасасқан немесе пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия алған тұлғалар ағымдағы төлем сомаларының есеп-қисабын шарт жасалған немесе лицензия алынған айдан кейiнгi айдың 20-күнінен кешiктiрмей ұсынады.
4. Есепті салықтық кезеңнің 20 ақпанынан кейін жергілікті атқарушы органмен немесе арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігімен уақытша жер пайдалану туралы шарт бұзылған немесе пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде шарт қолданылуының мерзімі аяқталған (бұзылған) күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей ағымдағы төлем сомаларының қосымша есеп-қисабы ұсынылады.
3-параграф. Жерүсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы
566-бап. Жалпы ережелер
1. Жерүсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi осы параграфтың мақсаттарында - төлемақы) су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органның рұқсат құжаты негізінде жүзеге асырылатын арнайы су пайдалану түрлерi үшiн алынады.
2. Ресімделген рұқсат құжатынсыз арнайы су пайдалану суды алудың нақты көлемдерін белгіленген лимиттерден асып кететін су пайдалану ретінде қаралады.
3. Cу қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органның өңiрлiк органдары тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 25-күнінен кешiктiрмей өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер және салық салу объектілері, олардың орналасқан жері, арнайы су пайдалануға берілген рұқсаттар, су пайдаланудың белгіленген лимиттері, су пайдаланудың рұқсаттары мен лимиттеріне енгізілген өзгерістер туралы, Қазақстан Республикасының су заңнамасының сақталуын тексерулер нәтижелері, Қазақстан Республикасының су заңнамасының сақталуын тексерулер нәтижелеріне шағым жасау бойынша сот шешімдері туралы мәлiметтерді табыс етеді.
567-бап. Төлемақы төлеушілер
1. Мынадай:
1) суды жер үсті және теңіз суларынан механикалық және өз ағысымен алу жөніндегі стационарлық, жылжымалы және жүзбелі құрылыстарды қолдана отырып;
2) гидравликалық электр станцияларын қолдана отырып;
3) балық шаруашылығын жүргізу үшін су шаруашылығы құрылыстарын қолдана отырып;
4) су көлігінің мұқтаждықтары үшін жерүсті көздерінің су ресурстарын пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар (бастапқы су пайдаланушылар) төлемақы төлеушілер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші ретінде тануға құқылы.
Заңды тұлғаның шешімі немесе осындай шешімнің күшін жою мұндай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер заңды тұлға өз шешімімен заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші ретінде таныса, онда мұндай шешім осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
568-бап. Салық салу объектілері
1. Мыналар салық салу объектiлері болып табылады:
1) мыналарды:
бөгеттерге және басқа да тежейтін гидротехникалық және су реттейтін құрылыстарға жинақталатын су көлемін;
ағынды бассейнаралық бұруды жүзеге асыратын арналарда және ағынды реттеуді жүзеге асыратын ернеуден тыс cу қоймаларында сүзуге және булануға кететiн, су шаруашылығы жүйелерiнiң жобалық деректерi негiзiнде су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган растаған су шығындарын;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен табиғат қорғау және (немесе) санитариялық-эпидемиологиялық су ағызу көлемiн;
су тасқынын, су басуды және су астында қалуды болғызбау мақсатында жүзеге асырылатын, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган растаған суару жүйелерiне мәжбүрлi түрде су жинау көлемiн қоспағанда, жер үстi су көзiнен алынған судың көлемi;
2) өндiрiлген электр энергиясының көлемi;
3) су көлiгiмен тасымалдау көлемi.
2. Төлемақы:
1) кеме тартқышынсыз сүректі ағызуға, рекреацияға;
2) жер қазатын техниканы қолдануға;
3) батпақты құрғатуға алынбайды.
569-бап. Төлемақы мөлшерлемелері
Төлемақы мөлшерлемелерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi өкiлдi органдары су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган бекіткен төлемақы есеп-қисабының әдістемесі негізінде белгiлейдi.
Нақты су алу көлемi cу қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген су пайдалану лимиттерінен асып кеткен кезде осындай асып кету көлеміне бес есе ұлғайтылған төлемақы мөлшерлемелері қолданылады.
570-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасын төлеушiлер нақты пайдаланылған су көлемi мен белгiленген мөлшерлемелерді негiзге ала отырып есептейді.
2. Тежейтін гидротехникалық және су реттейтін құрылыстары бар су объектілерінде су көлігімен тасымалдау көлемі үшін төлемақы сомасы тасымалданған жүктердің бір тоннасы/километр үшін есептеледі.
3. Төлеушiлер (шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушiлерден басқа) нақты пайдаланылған су көлемi үшiн ағымдағы төлемақы сомаларын су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті орган белгілеген ай сайынғы су пайдалану лимиттері негізінде есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-күнінен кешiктiрмей бюджетке төлейді.
4. Төлемақы сомасы рұқсат құжатында көрсетілген арнайы су пайдалану жері бойынша бюджетке төленедi.
5. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушiлер төлемақы төлеуді осы Кодекстің 706-бабында белгіленген мерзімде жүргізеді.
6. Жылу энергетика кәсіпорындары тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық мұқтаждықтар үшін жылу энергиясын өндіруге, сондай-ақ су жинау лимиті шегінде агрегаттарды салқындату (қайтарымды су тұтыну) үшін технологиялық мұқтаждықтарға жұмсалатын суға төлемақы мөлшерін тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызметтер көрсететін ұйымдар үшін көзделген мөлшерлемелер бойынша айқындайды.
Қайтарымсыз су тұтынғаны үшін төлемақы мөлшері өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін белгіленген мөлшерлемелер бойынша айқындалады.
571-бап. Салықтық кезең
Салықтық кезең осы Кодекстің 314-бабына сәйкес айқындалады.
572-бап. Салықтық есептілік
1. Төлемақы төлеушілер арнайы су пайдалану жері бойынша салық органдарына төлемақы бойынша декларацияны тапсырады.
2. Төлемақы төлеушілер шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерді қоспағанда, тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде декларация тапсырады.
3. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушiлер төлемақы бойынша салықтық есептілікті бірыңғай жер салығы бойынша декларацияға тиісті қосымша түрінде ұсынады.
4. Декларация мемлекеттік кіріс органына тапсырылғанға дейін су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органның өңірлік органында куәландырылады.
4-параграф. Қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы
573-бап. Жалпы ережелер
1. Қоршаған ортаға эмиссия үшiн төлемақы (бұдан әрi осы параграфтың мәтіні бойынша - төлемақы) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын арнайы табиғат пайдалану тәртiбiмен қоршаған ортаға эмиссия үшiн алынады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер және салық салу объектілері, берілген экологиялық рұқсаттар, қоршаған ортаға эмиссиялардың белгіленген нормативтері, экологиялық рұқсаттарға және қоршаған ортаға эмиссиялардың белгіленген нормативтеріне енгізілген өзгерістер туралы мәліметтер, сондай-ақ өндіріс пен тұтыну қалдықтарын уақытша сақтауына қатысты табиғат пайдаланушылар жөніндегі мәліметтерді (уақытша сақтаудың көлемдері, белгіленген мерзімдері, нақты орналастыру кезеңі) ұсынады.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық органдары өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша және тәртіппен Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуына тексерулерді (мемлекеттік экологиялық бақылау) жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай тексерулердің нәтижелеріне шағым жасау ескеріле отырып, белгіленген қоршаған ортаға эмиссиялардың нақты көлемдері туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген осындай тексерулердің нәтижелеріне шағым жасау мерзімдері өткен соң он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынады.
574-бап. Төлемақы төлеушілер
1. Қоршаған ортаға эмиссияны жүзеге асыратын тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін осындай құрылымдық бөлімшенің қоршаған ортаға эмиссиясының көлемі бойынша төлемақыны дербес төлеуші деп тануға құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген заңды тұлғаның шешімі немесе осындай шешімнің күшін жою мұндай шешімді қабылдаған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер заңды тұлға өз шешімімен заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші деп таныса, онда мұндай шешім осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі қолданылатын қызметті жүзеге асыру нәтижесінде қалыптасатын қоршаған ортаға эмиссиялар бойынша шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер төлемақы төлеушілер болып табылмайды.
575-бап. Салық салу объектісі
Мыналар:
1) ластаушы заттардың шығарындылары;
2) ластаушы заттардың төгінділері;
3) өндіріс пен тұтынудың орналастырылған қалдықтары;
4) мұнай операцияларын жүргізу кезінде түзілетін, орналастырылған күкірт түрінде қоршаған ортаға эмиссиялардың, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық органдары Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуына тексерулерді (мемлекеттік экологиялық бақылау) жүзеге асыру нәтижелері бойынша белгіленген нақты көлемі салық салу объектісі болып табылады.
576-бап. Төлемақы мөлшерлемелері
1. Төлемақы мөлшерлемелері осы Кодекстің 577-бабы 2-тармағының ережелері ескеріле отырып, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және салықтық кезеңнің бірінші күніне қолданыста болатын еселенген АЕК мөлшерінде айқындалады.
2. Стационарлық көздерден ластаушы заттарды шығарғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Ластаушы заттардың түрлері | 1 тонна үшін төлемақы мөлшер-лемелері (АЕК) | 1 килограмм үшін төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Күкірт тотықтары | 10 | |
| 2. | Азот тотықтары | 10 | |
| 3. | Шаң және күл | 5 | |
| 4. | Қорғасын және оның қосындылары | 1 993 | |
| 5. | Күкіртсутек | 62 | |
| 6. | Фенолдар | 166 | |
| 7. | Көмірсутектер | 0,16 | |
| 8. | Формальдегид | 166 | |
| 9. | Көміртегі тотықтары | 0,16 | |
| 10. | Метан | 0,01 | |
| 11. | Күйе | 12 | |
| 12. | Темір тотықтары | 15 | |
| 13. | Аммиак | 12 | |
| 14. | Алты валентті хром | 399 | |
| 15. | Мыс тотықтары | 299 | |
| 16. | Бенз(а)пирен | | 498,3 |
3. Ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағудан ластаушы заттарды шығарғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Ластаушы заттардың түрлері | 1 тонна үшін төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Көмірсутектер | 44,6 |
| 2. | Көміртегі тотықтары | 14,6 |
| 3. | Метан | 0,8 |
| 4. | Күкірт диоксиді | 200 |
| 5. | Азот диоксиді | 200 |
| 6. | Күйе | 240 |
| 7. | Күкіртсутек | 1 240 |
| 8. | Меркаптан | 199 320 |
4. Жылжымалы көздерден атмосфералық ауаға ластаушы заттарды шығарғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Отын түрлері | Пайдаланылған отынның 1 тоннасы үшін мөлшерлеме (АЕК) |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Этилденбеген бензин үшін | 0,33 |
| 2. | Дизель отыны үшін | 0,45 |
| 3. | Сұйытылған, сығылған газ, керосин үшін | 0,24 |
5. Ластаушы заттарды төккені үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Ластаушы заттардың түрлері | 1 тонна үшін төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Нитриттар | 670 |
| 2. | Мырыш | 1 340 |
| 3. | Мыс | 13 402 |
| 4. | Оттегіне биологиялық қажеттілік | 4 |
| 5. | Тұзды аммоний | 34 |
| 6. | Мұнай өнімдері | 268 |
| 7. | Нитраттар | 1 |
| 8. | Жалпы темір | 134 |
| 9. | Сульфаттар (анион) | 0,4 |
| 10. | Өлшенген заттар | 1 |
| 11. | Синтетикалық бетүсті-белсенді заттар | 27 |
| 12. | Хлоридтер (анион) | 0,1 |
| 13. | Алюминий | 27 |
6. Өндіріс пен тұтыну қалдықтарын орналастырғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Қалдықтардың түрлері | Төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| 1 тонна үшін | 1 гигабек-керель (Гбк) үшін |
| 1. | Өндіріс пен тұтыну қалдықтарын полигондарда, жинақтауыштарда, санкцияланған үйінділерде және арнайы бөлінген орындарда орналастырғаны үшін: | | |
| 1.1. | Коммуналдық қалдықтар (тұрмыстық қатты қалдықтар, тазарту құрылыстарының кәріздік тұнбасы) | 0,19 | |
| 1.2. | Осы тармақтың 1.3-жолында көрсетілген қалдықтарды қоспағанда, қауіптілік деңгейі ескеріле отырып, қалдықтар | | |
| 1.2.1. | «қызыл» тізім | 7 | |
| 1.2.2. | «жақұт» тізім | 4 | |
| 1.2.3. | «жасыл» тізім | 1 | |
| 1.2.4. | сыныпталмағандар | 0,45 | |
| 1.3. | Төлемақысы есептелген кезде белгіленген қауіптілік деңгейі ескерілмейтін қалдықтар: | | |
| 1.3.1. | Тау-кен өндіру өнеркәсібінің және карьерлерді игеру қалдықтары (мұнай мен табиғи газды өндіруден басқа): | | |
| 1.3.1.1. | аршынды жыныстар | 0,002 | |
| 1.3.1.2. | жанас таужыныстары | 0,013 | |
| 1.3.1.3. | байыту қалдықтары | 0,01 | |
| 1.3.1.4. | шлактар, шламдар | 0,019 | |
| 1.3.2. | Құрамында пайдалы қазбалар бар кенді, концентраттарды, агломераттарды және шекемтастарды қайта өңдеу, қорытпалар мен металдар өндірісі кезінде металлургиялық қайта жасауда түзілетін шлактар, шламдар | 0,019 | |
| 1.3.3. | күл мен күлшлактар | 0,33 | |
| 1.3.4. | ауыл шаруашылығы өндірісінің қалдықтары, оның ішінде көң, құс саңғырығы | 0,001 | |
| 2. | Радиоактивті қалдықтарды орналастырғаны үшін, гигабеккерельмен (Гбк): | | |
| 2.1. | Трансуранды | | 0,38 |
| 2.2. | Альфа-радиоактивті | | 0,19 |
| 2.3. | Бета-радиоактивті | | 0,02 |
| 2.4. | Шынақты радиоактивті көздер | | 0,19 |
7. Мұнай операцияларын жүргізу кезінде түзілетін күкіртті орналастырғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері бір тонна үшін 3,77 АЕК құрайды.
8. Жергілікті өкілді органдардың, осы баптың 3-тармағында белгіленген мөлшерлемелерді қоспағанда, осы бапта белгіленген мөлшерлемелерді екі еседен аспайтындай етіп көтеруге құқығы бар.
577-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасын:
1) төлеушілер қоршаған ортаға нақты эмиссия көлемдерiн және белгіленген төлемақы мөлшерлемелерін негiзге ала отырып есептейдi;
2) салық органдары белгіленген төлемақы мөлшерлемелерін және осы Кодекстің 573-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен, нысан бойынша және мерзімдерде ұсынылған, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық органдарының Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуына тексерулерді (мемлекеттік экологиялық бақылау) жүзеге асыру нәтижелері бойынша мәліметтерінде көрсетілген, қоршаған ортаға декларацияланбаған эмиссия көлемдерін негізге ала отырып есепке жазады.
Салық органы төлемақы сомаларын осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында белгіленген негіздер бойынша есепке жазған жағдайда, салық органы осы Кодекстің 573-бабының 3-тармағында көрсетілген мәліметтерді алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мәліметтері негізінде қоршаған ортаға эмиссиялар үшін есепке жазылған төлемақы сомасы туралы хабарлама шығарады.
2. Коммуналдық қызметтер көрсету кезінде табиғи монополиялар субъектілері және электр энергиясын өндіру кезінде Қазақстан Республикасының энергия өндіруші ұйымдары түзетін эмиссия көлемі үшін төлемақы сомасын есептеу кезінде төлемақы мөлшерлемелеріне: