7. Жеке тұлғалар төлемақы сомасын қолма-қол ақшамен төлеген кезде қатаң есептілік бланкілеріне мемлекеттік орман иеленушілердің бизнес-сәйкестендіру нөмірі қойылады.
7-параграф. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы
589-бап. Жалпы ережелер
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы (бұдан әрі осы параграфтың мақсаттарында - төлемақы) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (мемлекеттік табиғи ескерткіштердің, мемлекеттік табиғи қаумалдардың, мемлекеттік қорықтық аймақтардың аумақтарын қоспағанда) сыртқы шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған ғылыми, экологиялық-ағарту, мәдени-ағарту, оқыту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдаланғаны үшін алынады.
2. Жер учаскелерінің нысаналы мақсатына және олардың қандай да бір жер санатына жататындығына қарамастан, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың сыртқы шекаралары шегіндегі жер учаскелерінде орналасқан және осы баптың 1-тармағында көрсетілген мақсаттарда пайдаланылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы алынады.
3. Табиғат қорғау ұйымдары тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-күнінен кешiктiрмей өзiнiң тұрған жерiндегі салық органдарына уәкiлеттi орган белгілеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салынатын объектілер туралы мәлiметтерді ұсынады.
590-бап. Төлемақы төлеушiлер
1. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші деп тануға құқылы.
Заңды тұлғаның шешімі немесе осындай шешімнің күшін жою мұндай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер заңды тұлға өз шешімімен заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші деп таныса, мұндай шешім осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Мыналар:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың шекараларында орналасқан елді мекендерде тұрақты тұратын және (немесе) саяжай учаскелері бар жеке тұлғалар;
«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдары төлемақы төлеушiлер болып табылмайды.
591-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері
1. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану қажеттігі туындайтын тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын 0,1 АЕК есебінен ерекше қорғалатын табиғи аумақта болған әрбір күн үшін айқындалады.
2. Жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының ұсынуы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары белгілейді.
592-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, төлеушілер төлемақы сомасын белгіленген мөлшерлемелерді және ерекше қорғалатын табиғи аумақта болған күн санын негізге ала отырып, дербес есептейді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың шекараларындағы жер учаскелерінің меншік иесі мен жер пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар үшін:
1) өздерінің жұмыскерлерінің саны;
2) осындай ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы стационарлық емдеу, демалыс мекемелерінде, спорттық-сауықтыру мекемелерінде болатын жеке тұлғалардың саны төлемақы салу объектісі болып табылады.
2. Төлемақы сомасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтың орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.
3. Төлемақы сомасын бюджетке төлеу екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару не оны бақылау-өткiзу пункттерiнде не «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдары орнататын өзге де арнайы жабдықталған орындарда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша қатаң есептiлiк бланкiлерi немесе көрсетілген төлемді растайтын бақылау-кассалық машинаның, терминалдардың чектерi негiзiнде қолма-қол ақша енгiзу жолымен жүргiзiледi.
4. Қолма-қол ақшамен қабылданған төлемақы сомаларын «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдары ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға кейіннен оларды бюджетке есепке жатқызу үшін тапсырады. Егер қолма-қол ақшаның күн сайынғы түсімдері АЕК-тің 10 еселенген мөлшерінен аз болса, ақшаны тапсыру ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап операциялық үш күнде бір рет жүзеге асырылады.
5. Жеке тұлғалар төлемақы сомасын қолма-қол ақшамен төлеген кезде қатаң есептілік бланкілерінде жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірінің орнына «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған табиғат қорғау ұйымдарының сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі.
8-параграф. Радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақы
593-бап. Жалпы ережелер
1. Радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi осы параграфтың мақсаттарында - төлемақы) байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бөлген радиожиiлiк спектрiнiң номиналдары (белдеулер, диапазондар) (бұдан әрi - радиожиiлiк спектрiнiң номиналдары) үшiн алынады.
2. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығы «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртiппен байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган берген рұқсат құжаттарымен куәландырылады.
3. «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес радиожиілік спектрін пайдалана отырып байланыс саласындағы қызметтер көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін бюджетке төлеуге жататын бiржолғы төлемақы сомасы төлемақы есебiне есепке жатқызылмайды.
4. Байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлімшелері төлеушілердің тұрған жерiндегі салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлеушілер туралы, салық салу объектiлерi, берілген рұқсаттар, олардың қолданылу кезеңі, берілген рұқсаттарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, салық төлеушілерге жіберілген хабарламалар туралы және төлемақы сомалары туралы мәлiметтерді мынадай мерзімдерде:
1) осы Кодекстің 596-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген жағдайда - салықтық кезеңнің 25 ақпанынан кешіктірмей;
2) осы Кодекстің 596-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген жағдайда, салық төлеуші радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат алған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей ұсынады.
5. Байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлімшелері есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде төлеушілердің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша радиожиілік спектрін пайдалана отырып, байланыс саласындағы қызметтер көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін біржолғы төлемақыны төлеушілер, бюджетке төлеуге жататын осындай біржолғы төлемақы сомалары және оны төлеу мерзімдері туралы мәліметтерді ұсынады.
594-бап. Төлемақы төлеушiлер
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын алған тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін осындай құрылымдық бөлімше пайдаланатын радиожиiлiк спектрiнің номиналдары үшін төлемақыны дербес төлеуші деп тануға құқылы.
Заңды тұлғаның шешімі немесе осындай шешімнің күшін жою мұндай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер заңды тұлға өз шешімімен заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші деп таныса, онда мұндай шешім осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Мыналар:
1) өздерiне жүктелген негiзгi функционалдық мiндеттерді орындаған кезде радиожиiлiк спектрiн пайдаланатын мемлекеттiк мекемелер;
2) осы Кодекстің 550-бабы 3-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсаттар берілген кезде алынатын алымды төлеушілер;
3) бір станцияға пайдаланылатын жиіліктер үшін ОТ-диапазонды (27 МГц) радиостанциялардың иелері төлемақы төлеушiлер болып табылмайды.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 595-бап жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
595-бап. Төлемақы мөлшерлемелері
1. Жылдық төлемақы мөлшерлемелері республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және салықтық кезеңнiң бiрiншi күнiне қолданыста болатын АЕК-тің еселенген мөлшерiнде айқындалады.
2-тарматың қолданысы 2021 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 44-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
2. Радиобайланыстың мынадай түрлері үшін жылдық төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Радиобайланыс түрлерi | Пайдалану аумағы | Төлемақы мөлшерлемесі (АЕК) |
| 1. | Дербес радиошақыру радиожүйелерi (енi 25 кГц жиiлiк берілгені үшiн) | облыс, республикалық маңызы бар қала және астана | 10 |
| 2. | Транкинг байланысы (қабылдауға енi 25 кГц/беруге 25 кГц радиоарна үшiн) | | |
| 2.1. | | республикалық маңызы бар қала және астана | 140 |
| 2.2. | | халқының саны 50 мың адамнан асатын елдi мекен | 80 |
| 2.3. | | қалған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер (аудандық маңызы бар қала, аудан, кент, ауыл, ауылдық округ) | 10 |
| 3. | УҚТ-диапазонды радиобайланыс (қабылдауға енi 25 кГц/беруге 25 кГц дуплекстi арна үшiн) | | |
| 3.1. | | республикалық маңызы бар қала және астана | 80 |
| 3.2. | | халқының саны 50 мың адамнан асатын елдi мекен | 60 |
| 3.3. | | қалған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер (аудандық маңызы бар қала, аудан, кент, ауыл, ауылдық округ) | 15 |
| 4. | УҚТ-диапазонды радиобайланыс (енi 25 кГц симплекстi арна үшiн) | | |
| 4.1. | | республикалық маңызы бар қала және астана | 30 |
| 4.2. | | халқының саны 50 мың адамнан асатын елдi мекен | 20 |
| 4.3. | | қалған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер (аудандық маңызы бар қала, аудан, кент, ауыл, ауылдық округ) | 10 |
| 5. | Таратқыштың шығу қуаты: - 50 Вт-қа дейiн; - 50 Вт-тан жоғары болған кезде ҚT-байланыс (бiр жиiлiк берілгені үшiн) | облыс, республикалық маңызы бар қала және астана | 10 20 |
| 6. | Радиоұзартқыштар (арна үшiн) | облыс, республикалық маңызы бар қала және астана | 2 |
| 7. | Ұялы байланыс (қабылдауға енi 1 МГц/беруге 1 МГц жиiлiктер белдеуi үшiн) | облыс, республикалық маңызы бар қала және астана | 2 300 |
| 8. | Жаһандық дербес жылжымалы спутниктік байланыс (қабылдауға енi 100 кГц/ беруге 100 кГц жиiлiктердiң дуплекстi белдеуi үшiн) | Қазақстан Республикасы | 20 |
| 9. | HUB-технологиясы бар спутниктік байланыс (HUB-қа пайдаланылатын, қабылдауға белдеуi 100 кГц/беруге 100 кГц болатын енi үшiн) | Қазақстан Республикасы | 30 |
| 10. | HUB-технологиясынсыз спутниктік байланыс (бiр станция пайдаланатын жиiлiктер үшiн) | Қазақстан Республикасы | 100 |
| 11. | Радиореле желiлері (бiр аралықтағы дуплекстi ұңғыма үшiн): | | |
| 11.1. | жергiлiктi | аудан, қала, кент, ауыл, ауылдық округ | 40 |
| 11.2. | аймақтық және магистральдық | Қазақстан Республикасы | 10 |
| 12. | Сымсыз радиоға қолжетiмдiлiк жүйелерi (қабылдауға енi 25 кГц/беруге 25 кГц дуплекстi арна үшiн) | | |
| 12.1. | | халқының саны 50 мың адамнан асатын елдi мекен | 25 |
| 12.2. | | қалған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер (аудандық маңызы бар қала, аудан, кент, ауыл, ауылдық округ) | 2 |
| 13. | КБС-технологиясы пайдаланылған кезде сымсыз радиоға қолжетiмдiлiк жүйелерi (қабылдауға енi 2 МГц/беруге 2 МГц дуплекстi арна үшiн) | | |
| 13.1. | | республикалық маңызы бар қала және астана | 140 |
| 13.2. | | халқының саны 50 мың адамнан асатын елдi мекен | 70 |
| 13.3. | | қалған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер (аудандық маңызы бар қала, аудан, кент, ауыл, ауылдық округ) | 5 |
| 14. | Эфирлiк-кәбілдік телевизия (8 МГц жиiлiктер белдеуi үшiн) | | |
| 14.1. | | халқының саны 200 мың адамнан асатын елдi мекен | 300 |
| 14.2. | | халқының саны 50 мыңнан 200 мың адамға дейін болатын елдi мекен | 135 |
| 14.3. | | халқының саны 50 мың адамға дейiн болатын аудандық маңызы бар қала, аудан | 45 |
| 14.4. | | қалған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер (кент, ауыл, ауылдық округ) | 5 |
| 15. | Теңiздегi радиобайланыс (радиомодем, жағалаулық байланыс, телеметрия, радиолокациялық және т.б.), бiр радиоарна үшiн | облыс | 10 |
3-тарматың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 44-бабының редакциясында қолданылды
3. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату үшін жылдық төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату үшін жиіліктер диапазоны | Пайдалану аумағы | Төлемақы мөлшерлемесі (АЕК) |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Телевизия/жиіліктердің метрлік диапазоны | | |
| 1.1. | Таратушы радиоэлектрондық құралдың қуаты 50 Вт-ты қоса алғанға дейін | республикалық маңызы бар қала және астана | 81 |
| | облыс | 15 |
| 1.2. | Таратушы радиоэлектрондық құралдың қуаты 250 Вт-ты қоса алғанға дейін | республикалық маңызы бар қала және астана | 361 |
| | облыс | 65 |
| 1.3. | Таратушы радиоэлектрондық құралдың қуаты 500 Вт-ты қоса алғанға дейін | республикалық маңызы бар қала және астана | 957 |
| | облыс | 174 |
| 1.4. | Таратушы радиоэлектрондық құралдың қуаты 1000 Вт-ты қоса алғанға дейін | республикалық маңызы бар қала және астана | 1 353 |
| | облыс | 245 |
| 1.5. | Таратушы радиоэлектрондық құралдың қуаты 1000 Вт-тан жоғары | республикалық маңызы бар қала және астана | 2 344 |
| | облыс | 425 |
| 2. | Телевизия/ жиіліктердің дециметрлік диапазоны | | |
| 2.1. | Таратушы радиоэлектрондық құралдың қуаты 50 Вт-ты қоса алғанға дейін | республикалық маңызы бар қала және астана | 51 |
| | облыс | 9 |
| 2.2. | Таратушы радиоэлектрондық құралдың қуаты 250 Вт-ты қоса алғанға дейін | республикалық маңызы бар қала және астана | 228 |
| | облыс | 41 |
| 2.3. | Таратушы радиоэлектрондық құралдың қуаты 500 Вт-ты қоса алғанға дейін | республикалық маңызы бар қала және астана | 605 |
| | облыс | 110 |
| 2.4. | Таратушы радиоэлектрондық құралдың қуаты 1000 Вт-ты қоса алғанға дейін | республикалық маңызы бар қала және астана | 855 |
| | облыс | 155 |
| 2.5. | Таратушы радиоэлектрондық құралдың қуаты 1000 Вт-тан жоғары | республикалық маңызы бар қала және астана | 1 481 |
| | облыс | 269 |
4. Алты айды қоса алғанға дейінгі мерзімде тәжірибелік пайдалануды, жарыстарды, көрмелер мен өзге де іс-шараларды өткізу кезеңіне радиожиілік спектрін пайдаланған кезде төлемақы радиобайланыстың түріне, радиожиілік спектрін пайдалану аумағына және таратушы радиоэлектрондық құралдың қуатына қарай, оны нақты пайдалану мерзіміне сәйкес келетін мөлшерде, бірақ жылдық төлемақы мөлшерлемесінің кемінде 1/12 мөлшерінде белгіленеді.
Ені осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілгеннен ерекшеленетін дуплексті (симплексті) арнаның белдеуін пайдалана отырып технологиялар қолданылған жағдайда, төлемақы мөлшерлемелері төлеуші осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген дуплексті (симплексті) арна белдеуінің еніне нақты қолданатын дуплексті (симплексті) арна белдеуі енінің үлес салмағы негізге алына отырып айқындалады.
Кең белдеулі сигнал технологиясы пайдаланылған кезде қабылдауға енi 2 МГц/беруге 2 МГц болатын белдеу үшiн төлемақы алынады.
596-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасын байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган рұқсат құжаттарында көрсетілген техникалық өлшемдерге, оның ішінде таратушы радиоэлектрондық құралдың қуатына сәйкес радиобайланыс түріне және радиожиілік спектрін пайдалану аумағына қарай жылдық төлемақы мөлшерлемелерінің негізінде есептейді.
2. Егер салықтық кезеңде радиожиілік спектрін пайдалану кезеңі бір жылдан аз болса, төлемақы сомасы бір жылға есептелген төлемақы сомасын он екіге бөліп, бір жылда радиожиілік спектрі пайдаланылған нақты кезең айларының тиісті санына көбейту арқылы айқындалады.
Бұл ретте радиожиілік спектрін пайдаланудың нақты кезеңі салықтық кезеңнің басынан бастап (егер рұқсат құжатының негізінде радиожиілік спектрін пайдалану құқығы салықтық кезең басталатын күнге қолданыста болса (пайда болса)) немесе осындай құқық пайда болған айдың 1-күнінен бастап осындай құқық тоқтатылатын (тоқтатылған) айдың 1-күніне дейін немесе салықтық кезеңнің соңына дейін (егер осындай құқық салықтық кезең аяқталатын күні болса (қолданыста болса)) айқындалады.
3. Байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар жылдық төлемақы сомасын көрсете отырып, хабарлама жазады және оны төлемақы төлеушілерге ағымдағы есепті кезеңнің 20 ақпанынан кешіктірмей жібереді.
Радиожиілік спектрін пайдалану құқығын куәландыратын рұқсат құжаты көрсетілген мерзімнен кейін алынған жағдайда, байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган салық төлеушіге төлемақы сомасын көрсете отырып, салық төлеуші радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат алған айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей хабарлама жібереді.
4. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, жылдық төлемақы сомасы төлемақы төлеушінің тұрған жері бойынша бюджетке тең үлестермен ағымдағы жылғы 25 наурыздан, 25 маусымнан, 25 қыркүйектен және 25 желтоқсаннан кешіктірілмей төленеді.
Радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат құжаты жоғарыда санамаланған төлеу мерзімдерінің бірінен кейін алынған жағдайларда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген хабарлама алынғаннан кейінгі келесі кезекті төлеу мерзімі төлемақыны бюджетке енгізудің алғашқы мерзімі болып табылады.
Бұл ретте бюджетке төлеуге жататын төлемақы сомасы ағымдағы салықтық кезеңдегі алдағы төлеу мерзімдеріне тең үлестермен қайта бөлінеді.
5. Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асырмайтын және Қазақстан Республикасының салық төлеушілері ретінде тіркелмеген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және бейрезидент-заңды тұлғалар төлемақыны радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат құжатында көрсетілген радиожиілік спектрін пайдалануға құқықтың бүкіл қолданылу кезеңі үшін, бірақ осындай рұқсат алынған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде, кемінде 1 ай бұрын байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның тұрған жері бойынша бюджетке төлейді.
597-бап. Салықтық кезең
Салықтық кезең осы Кодекстің 314-бабына сәйкес айқындалады.
9-параграф. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты бергені үшін төлемақы
598-бап. Жалпы ережелер
1. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты бергені үшін төлемақы (бұдан әрі осы параграфтың мақсаттарында - төлемақы):
1) қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын;
2) ұялы байланысты беру құқығы үшін алынады.
2. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты беру құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган берген рұқсат құжаттарымен куәландырылады.
3. Байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлімшелері төлемақы төлеушілердің тұрған жерiндегі салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлеушілер, төлемақы салынатын объектiлерi, берілген рұқсаттар, олардың қолданылу кезеңі, берілген рұқсаттарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, төлемақы сомалары туралы мәлiметтерді мынадай мерзімдерде:
1) осы Кодекстің 602-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген жағдайда - салықтық кезеңнің 25 ақпанынан кешіктірмей;
2) осы Кодекстің 602-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген жағдайда, салық төлеуші қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты беруге рұқсат алған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей ұсынады.
599-бап. Төлемақы төлеушілер
«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты беру құқығын алған қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары болып табылатын заңды тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.
600-бап. Салықтық кезең
Төлемақыны есептеу үшін 1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығындағы күнтізбелік жыл салықтық кезең болып табылады.
601-бап. Төлемақы мөлшерлемелері
Төлемақы мөлшерлемелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
602-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасын байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган төлеушілердің алдыңғы жыл үшін электр байланысы (телекоммуникациялар) қызметтерін көрсетуден түскен кірістерін және белгіленген төлемақы мөлшерлемелерін негізге ала отырып есептейді.
2. Егер есепті салықтық кезеңде қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты беру кезеңі бір жылдан аз болса, төлемақы сомасы бір жылға есептелген төлемақы сомасын он екіге бөліп, есепті кезеңде қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы, сондай-ақ ұялы байланыс берілген айлардың нақты санына көбейту арқылы айқындалады.
Бұл ретте есепті салықтық кезеңде қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты берудің нақты кезеңі салықтық кезеңнің басынан бастап (егер рұқсат құжатының негізінде қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты беру құқығы салықтық кезең басталатын күнге қолданыста болса (пайда болса)) немесе осындай құқық пайда болған айдың 1-күнінен бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-күніне дейін немесе салықтық кезеңнің соңына дейін (егер осындай құқық салықтық кезең аяқталатын күні болса (қолданыста болса)) айқындалады.
3. Байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган жылдық төлемақы сомасын көрсете отырып, хабарлама жазады және оны төлеушіге ағымдағы есепті кезеңнің 20 ақпанынан кешіктірмей жібереді.
Құқықты куәландыратын рұқсат құжаты осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімнен кейін алынған жағдайда байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган төлеушіге төлемақы сомасын көрсете отырып, салық төлеуші қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты беруге рұқсат алған айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде хабарлама жібереді.
4. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, жылдық төлемақы сомасы төлемақы төлеушінің тұрған жері бойынша бюджетке тең үлестермен ағымдағы жылғы 25 наурыздан, 25 маусымнан, 25 қыркүйектен және 25 желтоқсаннан кешіктірілмейтін мерзімде төленеді.
Қалааралық және (немеес) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты беру құқығын куәландыратын рұқсат құжаты жоғарыда санамаланған төлемақы төлеу мерзімдерінің бірінен кейін алынған жағдайларда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген хабарлама алынғаннан кейінгі келесі кезекті төлеу мерзімі бюджетке төлемақы енгізудің алғашқы мерзімі болып табылады.
Бұл ретте бюджетке төлеуге жататын төлемақы сомасы ағымдағы жылы алдағы төлеу мерзімдеріне тең үлестермен қайта бөлінеді.