Салықтың жылдық сомасын салық салу объектісіне меншік құқығын мемлекеттік тіркеу кезінде тараптардың бірі (келісім бойынша) бюджетке енгізуі мүмкін. Аталған салық сомалары кейіннен қайталап төленбейді.
9. Жылжымайтын мүлікке және онымен жасалатын мәмілелерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу кезінде (бастапқы тіркеуді қоспағанда) уәкілетті мемлекеттік орган салық салу объектілерінің құнын айқындамаған жағдайда, салық алдыңғы салық кезеңінде есептелген салық сомасы негізге алына отырып төленеді.
410-бап. Салық кезеңі
1. Жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеу мен төлеу үшін салық кезеңі осы Кодекстің 148-бабына сәйкес айқындалады.
2. Жеке тұлғалардың салық салу объектілері жойылған, бұзылған, қираған кезде, салық салу объектілерінің жойылу, қирау, бұзылу фактісі болған ай салық кезеңінің есеп-қисабына кіреді
16-БӨЛІМ. ОЙЫН БИЗНЕСІ САЛЫҒЫ
59-тарау. ОЙЫН БИЗНЕСІ САЛЫҒЫ
411-бап . Төлеушілер
Мынадай:
1) казино;
2) ойын автоматтары залы;
3) тотализатор;
4) букмекерлік кеңсе қызмет көрсетулер жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ойын бизнесі салығын төлеушілер болып табылады.
412-бап. Салық салу объектілері
Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде:
1) ойын үстелі;
2) ойын автоматы;
3) тотализатор кассасы;
4) тотализатордың электронды кассасы;
5) букмекер кеңсесінің кассасы;
6) букмекер кеңсесінің электронды кассасы ойын бизнесіне салық салу объектілері болып табылады.
413-бап. Салық ставкалары
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 413-бап өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1. Салық салу объектісінің бірлігінен ойын бизнесіне салық ставкасы:
1) ойын үстеліне - айына айлық есептік көрсеткіштің 830 еселенген мөлшерін;
2) ойын автоматына - айына айлық есептік көрсеткіштің 30 еселенген мөлшерін;
3) тотализатор кассасына - айына айлық есептік көрсеткіштің 125 еселенген мөлшерін;
4) тотализатордың электронды кассасына - айына айлық есептік көрсеткіштің 125 еселенген мөлшерін;
5) букмекер кеңсесінің кассасына - айына тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 75 еселенген мөлшерін;
6) букмекер кеңсесінің электронды кассасына - айына тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 75 еселенген мөлшерін құрайды.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2-тармақпен толықтырылды (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді)
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген салық ставкасы Республикалық Бюджет туралы Заңда белгiленген және салық кезеңiнiң бiрiншi күнi қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiш мөлшерi негiзге алына отырып айқындалады.
414-бап. Салық кезеңі
Ойын бизнесі салығы үшін салық кезеңі күнтізбелік тоқсан болып табылады.
415-бап. Салықты есептеу тәртібі және төлеу мерзімі
1. Ойын бизнесі салығын есептеу, егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 412-бабында айқындалған әрбір салық салу объектісіне тиісті салық ставкасын қолдану арқылы жүргізіледі.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2. Салық салу объектілері айдың 15-iн қоса алғанға дейiн пайдалануға берілген кезде, ойын бизнесі салығы белгіленген ставка бойынша, 15-інен кейін белгіленген ставканың 1/2 мөлшерінде есептеледі.
Салық салу объектілері айдың 15-іне дейін шығып қалған кезде, ойын бизнесі салығы белгіленген ставканың 1/2 мөлшерінде, 15-інен кейін белгіленген ставка бойынша есептеледі.
3. Ойын бизнесі салығы есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей салық салу объектілерінің тіркелген орны бойынша бюджетке төленуге жатады.
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 416-бап жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
416-бап. Ойын бизнесi салығын төлеушiлердiң қосымша төлемi
1. Қосымша төлем ойын бизнесi саласындағы қызметтен алынған табыстың сомасы осы баптың 2-тармағында белгiленген табыстың шектi сомасынан асып түскен жағдайда есептеледi.
2. Ойын бизнесi салығын төлеушiлер үшiн салық кезеңi iшіндегі табыстың шектi мөлшерi:
1) казино қызметiнен - айлық есептiк көрсеткiштiң 135000 еселенген мөлшерiн;
2) ойын автоматтары залы қызметiнен - айлық есептiк көрсеткiштiң 25 000 еселенген мөлшерiн;
3) тотализатор қызметiнен - айлық есептiк көрсеткiштiң 2500 еселенген мөлшерiн;
4) букмекер кеңсесi қызметiнен - айлық есептiк көрсеткiштiң 2000 еселенген мөлшерiн құрайды.
3. Осы баптың 2-тармағында белгiленген табыстың шектi мөлшерi Республикалық Бюджет туралы Заңда белгiленген және салық кезеңiнiң бiрiншi күнi қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiш мөлшерi негiзге алына отырып айқындалады.
417-бап. Қосымша төлемді есептеу және төлеу тәртібі
1. Қосымша төлем табыстың шекті мөлшерінен асып түсетін сомаға осы Кодекстің 147-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы қолдану арқылы есептеледі және ол есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей төленуге жатады.
2. Ойын бизнесі салығын төлеушілер ойын бизнесі саласындағы қызметтің бірнеше түрін жүзеге асырған кезде қосымша төлем ойын бизнесі саласындағы әрбір қызмет түрінен алынған табыстан бөлек есептеледі.
3. Осы Кодекстің 411-бабында көрсетілмеген және ойын бизнесі саласына жатпайтын кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерін жүзеге асыру кезінде ойын бизнесі салығын төлеушілер қызметтің көрсетілген түрлері бойынша кірістер мен шығыстардың бөлек есебін жүргізуге және жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте бюджетпен есеп айырысу жүргізуге міндетті.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 418-бап өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
418-бап. Салық декларациясын табыс ету мерзімі
Ойын бизнесі салығы бойынша декларация есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретiнде тiркеу есебi бойынша салық органына табыс етіледі.
17-БӨЛІМ. ТІРКЕЛГЕН САЛЫҚ
60-тарау. ТІРКЕЛГЕН САЛЫҚ
419-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы тарауда қолданылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
1) бильярд үстелі - торлары (жақтауларда саңылаулары) бар және оларсыз бильярд ойынына арналған арнаулы үстел;
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2) ойын жолы - боулинг ойынына арналған арнаулы жол (кегельбан);
3) ұтыссыз ойын автоматы - ойындар өткізу үшін пайдаланылатын арнаулы жабдық (механикалық, электрлі, электронды және өзге де техникалық жабдық);
4) карт - қорапсыз, дифференциалсыз және дөңгелектерінде серпінді аспа жоқ, жұмыс көлемі 250 текше сантиметрге және ең жоғары жылдамдығы сағатына 150 километрге дейін жететін екітактілі двигательді, көлемі шағын жарыс автомобилі.
420-бап. Төлеушілер
Тіркелген салықты төлеушілер:
1) ұтыссыз ойын автоматтарын;
2) ойын өткізуге пайдаланылатын дербес компьютерлерді;
3) ойын жолдарын (боулинг (кегельбан);
4) картты (картинг);
5) бильярд үстелдерін (бильярд) пайдалана отырып, қызмет көрсетулерді жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар болып табылады.
421-бап. Тіркелген салық салу объектілері
Мыналар:
1) бір ойыншымен ойын өткізуге арналған, ұтыссыз ойын автоматы;
2) біреуден артық ойыншылардың қатысуымен ойын өткізуге арналған, ұтыссыз ойын автоматы;
3) ойын өткізу үшін пайдаланылатын дербес компьютер;
4) ойын жолы;
5) карт;
6) бильярд үстелі тіркелген салық салу объектісі болып табылады.
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 422-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
422-бап. Тіркелген салықтың ставкалары
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
1. Айына салық салу объектісінің бірлігіне тіркелген салықтың ең төмен және ең жоғары базалық ставкаларының мөлшері:
| Рет № | Салық салу объектісінің атауы | Тіркелген салықтың базалық ставкаларының ең төменгі мөлшері (айлық есептік көрсеткіш) | Тіркелген салықтың базалық ставкаларының ең жоғары мөлшері (айлық есептік көрсеткіш) |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Бiр ойыншымен ойын өткізуге арналған, ұтыссыз ойын автоматы | 1 | 12 |
| 2. | Бiреуден артық ойыншылардың қатысуымен ойын өткізуге арналған ұтыссыз ойын автоматы | 1 | 18 |
| 3. | Ойын өткізу үшiн пайдаланылатын дербес компьютер | 1 | 4 |
| 4. | Ойын жолы | 5 | 83 |
| 5. | Карт | 2 | 12 |
| 6. | Бильярд үстелі | 3 | 25 |
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді)
1-1. Салық ставкасы Республикалық Бюджет туралы Заңда белгiленген және салық кезеңiнiң бiрiншi күнi қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiш мөлшерi негiзге алына отырып айқындалады.
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2. Қызметін бір әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жүзеге асыратын барлық салық төлеушілер үшін жергілікті өкілді органдар бекітілген базалық ставкалар шегінде бірыңғай тіркелген салық ставкаларын белгілейді.
423-бап. Салық кезеңі
Тіркелген салық үшін салық кезеңі күнтізбелік тоқсан болып табылады.
424-бап. Тіркелген салықты есептеу тәртібі және төлеу мерзімі
1. Тіркелген салықты есептеу, егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 421-бабында айқындалған әрбір салық салу объектісіне тиісті салық ставкасын қолдану арқылы жүргізіледі.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2. Салық салу объектілері айдың 15-iн қоса алғанға дейiн пайдалануға берілген кезде тіркелген салық белгіленген ставка бойынша, 15-інен кейін белгіленген ставканың 1/2 мөлшерінде есептеледі.
Салық салу объектілері айдың 15-іне дейін шығып қалған кезде тіркелген салық айдың жартысы үшін деп, 15-інен кейін белгіленген ставка бойынша есептеледі.
3. Тіркелген салық есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей салық салу объектілерінің тіркелген орны бойынша бюджетке төленуге жатады.
4. Осы Кодекстің 420-бабында аталмаған кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерін жүзеге асыру кезінде тіркелген салықты төлеушілер қызметтің осындай түрлері бойынша кірістер мен шығыстардың бөлек есебін жүргізуге және жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте бюджетпен есеп айырысу жүргізуге міндетті.
425-бап. Салық декларациясын табыс ету мерзімі
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 425-бап өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
Тіркелген салық бойынша декларация есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретiнде тiркеу есебiнiң орны бойынша салық органына табыс етіледі.
18-БӨЛІМ. АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМДЕРІ
426-бап. Арнаулы салық режимдерінің түрлері
Арнаулы салық режимдері мынадай түрлерге бөлінеді:
мыналарды:
патент негізінде арнаулы салық режимін;
оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қамтитын шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимі;
2) шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі;
3) ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші заңды тұлғалар және селолық тұтыну коопертивтері үшін арнаулы салық режимі.
Салық төлеуші осы бөлімде белгіленген жағдайларда және тәртіппен жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті немесе арнаулы салық режимін таңдауға құқылы.
Осы бөлімді қолдану мақсатында жалпыға бірдей белгіленген тәртіп деп есептеу, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу, осы бөлімде белгіленген тәртіпті қоспағанда, олар бойынша осы Кодекстің ерекше бөлімінде белгіленген салық есептілігін табыс ету тәртібі түсініледі.
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2. Патент - төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығын қоспағанда, жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша бюджетпен есеп айырысу фактісін растайтын құжат.
3. Патент нысанын уәкілетті орган белгілейді.
4. Патент жоғалған жағдайда салық төлеушінің өтініші бойынша телнұсқа беріледі.
5. Берілген патенттерді (патенттердің телнұсқаларын) тіркеуді салық органдары патенттерді тіркеу (беру) журналында жүргізеді.
Тіркеу журналдарының нысандарын және оларды толтыру тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
6. Арнаулы салық режимдері қолданылатын тұлғаларға салық салу мақсатында салық төлеушінің өзге оқшауланған құрылымдық бөлімшесі болып оның функцияларының бір бөлігін орындайтын, орналасқан жері бойынша тұрақты жұмыс орындары жабдықталған аумақтық оқшауланған бөлімше танылады. Егер жұмыс орны бір айдан асатын мерзімге құрылса, ол тұрақты болып есептеледі.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді)
7. Шаруа немесе фермер қожалықтары, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушi заңды тұлғалар, селолық тұтыну кооперативтерi үшiн арнаулы салық режимдерiн қолданатын салық төлеушiлер осындай режимдер қолданылатын қызметi бойынша бюджетпен есеп айырысуды шағын бизнес субъектiлерiне арналған арнаулы салық режимiнде жүзеге асыруға құқылы емес.
61-тарау. ШАҒЫН БИЗНЕС СУБЪЕКТІЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМІ
§ 1. Жалпы ережелер
427-бап. Жалпы ережелер
1. Осы Кодекстің 428, 429, 433-баптарында белгіленген талаптарға сай келетін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар осы Кодекстің мақсаттары үшін шағын бизнес субъектілері деп танылады.
2. Арнаулы салық режимі шағын бизнес субъектілері үшін, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, әлеуметтік салықты және корпорациялық немесе жеке табыс салығын есептеу мен төлеудің оңайлатылған тәртібін белгілейді. Осы тармақта аталмаған салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша есептеу, төлеу және салық есептілігін табыс ету жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегінен тыс жерлерде алынған (алынуға жататын) табыстардың барлық түрлерінен тұратын салық кезеңі ішіндегі табыс патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін салық салу объектісі болып табылады.
Табысқа осы Кодекске сәйкес айқындалған осы Кодекстің 85-бабы 1-тармағының 1), 3) - 9), 11) - 24) тармақшаларында аталған табыстар қосылады.
Осы Кодекстің 85-бабы 1-тармағының 2), 10) тармақшаларында, 177-бабының 1), 4) тармақшаларында көрсетілген табыстардан корпорациялық немесе жеке табыс салығын есептеу мен төлеу және олар бойынша салық есептілігін табыс ету жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
428-бап. Арнаулы салық режимін қолдану шарттары
1. Шағын бизнес субъектілері салықтарды есептеу мен төлеудің, сондай-ақ олар бойынша салық есептілігін табыс етудің төменде санамаланған тәртіптерінің біреуін ғана дербес таңдауға құқылы:
1) жалпыға бірдей белгіленген тәртіп;
2) патент негізіндегі арнаулы салық режимі;
3) оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі.
2. Жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке ауысқан кезде жалпыға бірдей белгіленген тәртіп күнтізбелік екі жыл қолданылғаннан кейін ғана арнаулы салық режиміне қайта ауысуға болады.
3. Арнаулы салық режимін:
1) филиалдары, өкілдіктері бар заңды тұлғалардың;
2) заңды тұлғалар филиалдарының, өкілдіктерінің;
әртүрлі елді мекендерде өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелері және (немесе) салық салу объетілері бар салық төлеушілердің;
басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 проценттен асатын заңды тұлғалардың;
құрылтайшысы арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның бір мезгілде құрылтайшысы болып табылатын заңды тұлғалардың қолдануға құқығы жоқ.
Осы тармақтың 3) тармақшасының ережесі мүлікті жалға беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды.
2009.30.12. № 234-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.кара)
4. Арнаулы салық режимi мынадай қызмет түрлерiне:
1) акцизделетiн өнiмдi өндiруге;
2) акцизделетiн өнiмдi сақтауға және көтерме саудада өткізуге;
3) мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн - бензиндi, дизель отынын және мазутты өткізуге;
4) лотереяларды (мемлекеттік (ұлттық) лотереялардан басқа) ұйымдастыруға және өткізуге;
5) жер қойнауын пайдалануға;
6) шыны ыдыстарды жинауға және қабылдауға;
7) түстi және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауға (дайындауға), сақтауға, қайта өңдеуге және өткізуге;
8) консультациялық қызметтер көрсетуге;
9) бухгалтерлiк есеп және аудит саласындағы қызметке;
10) қаржы және сақтандыру қызметiне қолданылмайды.
§ 2. Патент негізіндегі арнаулы салық режимі
429-бап. Жалпы ережелер
1. Патент негізіндегі арнаулы салық режимін мынадай талаптарға сай келетін:
1) қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
2) жеке кәсіпкерлік нысанындағы қызметті жүзеге асыратын;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
3) салық кезеңіндегі табысы Республикалық Бюджет туралы Заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған ең төменгi жалақының 200 еселенген мөлшерiнен аспайтын дара кәсiпкерлер қолданады.
430-бап. Салық кезеңі
Күнтізбелік жыл салық кезеңі болып табылады.
431-бап. Қолдану шарттары
1. Дара кәсіпкер патент негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін оны қолдана бастағанға дейін орналасқан жері бойынша салық органына салықтық өтінішті табыс етеді.
Қайтадан құрылған дара кәсіпкерлер аталған өтінішті дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей табыс етеді.
Дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген күн аталған дара кәсіпкерлер үшін арнаулы салық режимін қолдану басталатын күн болып табылады.
Дара кәсіпкерлердің салықтық өтінішті осы тармақта аталған мерзімдерде табыс етпеуі, олардың жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыруға келісімі деп саналады. Патент негізінде арнаулы салық режимін қолдануға салықтық өтінішпен бір мезгілде уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша патент алуға арналған есеп-қисап (осы тарауды қолдану мақсатында бұдан әрі - есеп-қисап) табыс етіледі.
Бюджетке төленген патент құнын, әлеуметтік аударымдарды төлеуді, міндетті зейнетақы жарналарын аударуды растайтын құжаттар есеп-қисапқа қоса беріледі.
Есеп-қисапты электронды түрде табыс ететін салық төлеушілер аталған құжаттарды табыс етпейді.
Кезекті патентті алуға арналған есеп-қисап патент негізінде арнаулы салық режимін қолдануға салықтық өтінішті табыс етпестен осының алдындағы патенттің қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін табыс етіледі.
2. Салық органдары есеп-қисап пен есеп-қисапқа қоса берілетін құжаттар табыс етілгеннен кейін бір жұмыс күні ішінде патент беруді жүргізеді немесе уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша патент беруден бас тарту туралы шешім шығарады. Шешім екі данада ресімделеді, оның біреуін салық төлеушіге қол қойылып тапсырылады.
Салық төлеушінің осы Кодекстің 428, 429-баптарында аталған талаптарға сай келмеуі патент беруден бас тарту үшін негіз болып табылады.
Патент кемінде бір ай және он екі айдан аспайтын мерзімге беріледі.
Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік көрсетілмейінше, патент жарамсыз болады.
3. Патент негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде кәсіпкерлік қызмет уақытша тоқтатыла тұрған жағдайда, дара кәсіпкер орналасқан жері бойынша салық органына осы Кодекстің 74-бабында белгіленген тәртіппен салықтық өтінішті табыс етеді.
4. Патент негізінде арнаулы салық режимін қолдануды тоқтату салықтық өтініш негізінде немесе осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларда салық органының шешімі бойынша жүргізіледі.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
5. Патент негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануды ерiктi түрде тоқтату кезiнде салықтық өтiнiш патенттiң қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн табыс етiледi.
Бұл ретте:
1) патенттiң қолданылу мерзiмiнiң соңғы күнi арнаулы салық режимiн қолдануды тоқтату күнi болып табылады;
2) патенттiң қолданылу мерзiмiнiң аяқталған күнiнен кейiнгi күн жалпыға бiрдей белгiленген тәртiптi немесе салық төлеушi таңдаған өзге де арнаулы салық режимiн қолдануды бастау күнi болып табылады.
6. Патент негізінде арнаулы салық режимін қолдануға мүмкіндік бермейтін шарттар туындаған жағдайда, дара кәсіпкер:
1) шарттармен сәйкессіздік туындаған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде:
арнаулы салық режимін қолдануды тоқтату туралы салықтық өтінішті;
егер нақты табысы осы Кодекстің 429-бабы 3) тармақшасында белгіленген табыс мөлшерінен асып түсетін болса, асып түскен сомаға қосымша есеп-қисапты табыс етуге;
2) осындай шарттар туындаған айдан кейінгі айдан бастап осы Кодексте белгіленген тәртіппен жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке немесе өзге де арнаулы салық режиміне ауысуға міндетті.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
7. Салық органы салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 428 және 429-баптарында белгiленген талаптарға сәйкес келмеу фактiсiн анықтаған кезде, осы салық төлеушiнi сәйкессiздiк туындаған айдан кейiнгi айдан бастап жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпке ауыстырады.
Бұл ретте камералдық бақылау барысында осындай сәйкессiздiк фактiсi анықталған жағдайда, салық органдары жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпке ауыстырғанға дейiн салық төлеушiге осы Кодекстiң 607 және 608-баптарында белгiленген мерзiмдерде және тәртiппен камералдық бақылау нәтижелерi бойынша салық қызметi органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жiбередi.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі)
8. Осы баптың 6 және 7-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда:
1) осындай сәйкессiздiк туындаған айдың соңғы күнi арнаулы салық режимiн қолдануды тоқтату күнi болып табылады;
2) осындай сәйкессiздiк туындаған айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнi жалпыға бiрдей белгiленген тәртiптi қолдануды бастау күнi болып табылады.
432-бап. Патент құнын есептеу
Патент құнын есептеу салық салу объектісіне 2 процент мөлшеріндегі ставканы қолдану жолымен жүргізіледі. Патент құны:
1) патент құнының 1/2 бөлігі мөлшерінде - жеке табыс салығы;
2) «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есептелген әлеуметтік аударымдарды алып тастағаннан кейінгі патент құнының 1/2 бөлігі мөлшерінде әлеуметтік салық түрінде бюджетке төленуге жатады.
Әлеуметтік аударымдар сомасы әлеуметтік салық сомасынан асып түскен кезде, әлеуметтік салық сомасы нөлге тең болады.
Егер нақты табыс патенттің қолданылу мерзімінің ішінде есеп-қисапта көрсетілген табыс мөлшерінен асып түссе, дара кәсіпкер бес жұмыс күні ішінде асып түскен сомаға қосымша есеп-қисапты табыс етуге және осы сомадан салықтар төлеуге міндетті.
Аталған есеп-қисаптың негізінде бұрын берілген патенттің орнына жаңа патент беріледі.
3. Егер патенттің қолданылу мерзімінің ішінде нақты табыс есеп-қисапта көрсетілген табыстың мөлшеріне жетпесе, дара кәсіпкер азаю сомасына қосымша есеп-қисапты табыс етуге құқылы.
Аталған жағдайда артық төленген салық сомаларын қайтару осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен салық органы жүргізген хронометраждық зерттеуден кейін жүргізіледі.
4. Іс жүзінде алынған табыс сомасы осы Кодекстің 429-бабында белгіленген шекті табыс сомасынан асып түскен жағдайда, патенттің қолданылу мерзімі өткенге дейін патент құны осы Кодекстің 431-бабының 6 және 7-тармақтарында белгіленген жағдайларда салық салудың өзге режиміне ауысу күніне дейін осы баптың 1-тармағында белгіленген ставка бойынша есептеледі.
5. Дара кәсіпкерді іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған жағдайды қоспағанда, патенттің қолданылу мерзімі өткенге дейін кәсіпкерлік қызмет тоқтатылған кезде, салықтардың енгізілген сомасы қайтарылуға және қайта есептеуге жатпайды.
§ 3. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі
433-бап. Жалпы ережелер
Мынадай шарттарға сай келетін шағын бизнес субъектілері:
1) дара кәсіпкерлер үшін:
дара кәсіпкердің өзін қоса алғанда, қызметкерлердің шекті орташа тізімдік саны салық кезеңі ішінде жиырма бec адам болса;
салық кезеңі ішінде шекті табысы 10 000,0 мың теңгені құраса;
2) заңды тұлғалар үшін:
қызметкерлердің шекті орташа тізімдік саны салық кезеңі ішінде елу адам болса;
салық кезеңі ішінде шекті табысы 25 000,0 мың теңгені құраса, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданады.
434-бап. Салық кезеңі
Салық кезеңі күнтізбелік тоқсан болып табылады.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 435-бап жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
435-бап. Қолдану шарттары
1. Салық төлеудiң өзге де режимдерiнен ауысқан кезде оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдану үшiн салық төлеушi, егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, алдағы салық кезеңi басталғанға дейiн орналасқан жерi бойынша салық органына салықтық өтiнiштi табыс етедi.