Бұл ретте аталған салықтық өтiнiш табыс етiлген күннен кейiнгi салық кезеңiнiң бiрiншi күнi арнаулы салық режимiн қолдануды бастау күнi болып табылады.
Жаңадан құрылған дара кәсiпкерлер оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануға арналған салықтық өтiнiштi салық органына дара кәсiпкер ретiнде мемлекеттік тiркелген күннен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрмей табыс етедi.
Жаңадан құрылған заңды тұлғалар оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануға арналған салықтық өтiнiштi салық органына әдiлет органында заңды тұлға ретiнде мемлекеттік тiркелгеннен кейiн жиырма жұмыс күнiнен кешiктiрмей табыс етедi.
Дара кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның мемлекеттік тiркелген күнi аталған салық төлеушiлер үшiн арнаулы салық режимiн қолдануды бастау күнi болып табылады.
Патент негiзiнде арнаулы салық режимiнен оңайлатылған декларация негiзіндегі арнаулы салық режимiне ауысу үшiн салық төлеушi салықтық өтiнiштi:
патент негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдану шарттарына сәйкессiздiк туындаған күннен бастап күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей;
өзге де жағдайларда патенттiң қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн табыс етедi.
Бұл ретте:
патент негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдану шарттарына сәйкессiздiк туындаған айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнi;
өзге де жағдайларда патенттiң қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiнгi бiрiншi күн оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануды бастау күнi болып табылады.
Салық төлеушiнiң осы тармақта аталған мерзiмде салықтық өтiнiштi табыс етпеуi, оның бюджетпен есеп айырысуды жалпыға бiрдей белгiленген тәртiппен жүзеге асыруға келісімi деп есептеледi.
2. Салық органы салық төлеушiнiң салықтық өтiнiштi табыс еткен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша оның арнаулы салық режимiн қолдану туралы немесе арнаулы салық режимiн қолданудан бас тарту туралы шешiмдi шығарады. Шешiм екi данада ресiмделедi.
Бiр данасы салық төлеушiге оның қолы қойылып тапсырылады немесе салық органы шешiм қабылдаған күннен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде шешiмдi алу үшiн салық төлеушi салық органына келмеген жағдайда, ол хабарламасы бар тапсырыс хатпен почта арқылы жiберiледi.
Хабарламасы бар тапсырыс хатпен почта арқылы жiберiлген шешiм салық төлеушi почта байланысының немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына белгi қойған күннен бастап салық төлеушiге тапсырылды деп есептеледi.
Салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 428 және 433-баптарында көрсетiлген талаптарға сай келмеуi арнаулы салық режимiн қолданудан бас тарту үшiн негiз болып табылады.
3. Оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануды тоқтату салықтық өтiнiштiң негiзiнде не осы баптың 6-тармағында көзделген жағдайларда салық органының шешiмi бойынша жүргiзiледi.
4. Егер салық төлеушi оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануды өз еркiмен тоқтату туралы шешiм қабылдаса, аталған режимдi тоқтатуды салық органы салықтық өтiнiш берiлген айдан кейiнгi айдан бастап жүргiзедi.
Бұл ретте:
1) салықтық өтiнiш табыс етiлген айдың соңғы күнi арнаулы салық режимiн қолдануды тоқтау күнi болып табылады;
2) салықтық өтiнiш табыс етiлген айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнi жалпыға бiрдей белгiленген тәртiптi қолдануды бастау күнi болып табылады.
5. Осы Кодекстiң 428 және 433-баптарында белгiленген талаптарға сай келмеген жағдайда, салықтық өтiнiш сәйкессiздiк туындаған кезден бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде табыс етiледi. Аталған жағдайда арнаулы салық режимiн тоқтату сәйкессiздiк туындаған айдан кейiнгi айдан бастап жүргiзiледi.
6. Салық органы салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 428 және 433-баптарында белгiленген талаптарға сәйкес келмеу фактiсiн анықтаған кезде, осы салық төлеушiнi сәйкессiздiк туындаған айдан кейiнгi айдан бастап жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпке ауыстырады.
Бұл ретте камералдық бақылау барысында осындай сәйкессiздiк фактiсi анықталған жағдайда, салық органдары жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпке ауыстырғанға дейiн салық төлеушiге осы Кодекстiң 607 және 608-баптарында белгiленген мерзiмдерде және тәртiппен камералдық бақылау нәтижелерi бойынша салық қызметi органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жiбередi.
7. Осы баптың 5 және 6-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда:
1) осындай сәйкессiздiк туындаған айдың соңғы күнi арнаулы салық режимiн қолдануды тоқтату күнi болып табылады;
2) осындай сәйкессiздiк туындаған айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнi жалпыға бiрдей белгiленген тәртiптi қолдануды бастау күнi болып табылады.
436-бап. Салықтарды оңайлатылған декларация бойынша есептеу
1. Салықтарды оңайлатылған декларация негізінде есептеуді салық төлеуші салық салу объектісіне есепті салық кезеңінде 3 процент мөлшеріндегі ставканы қолдану арқылы дербес жүргізеді.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2. Егер есепті кезеңнің қорытындылары бойынша қызметкерлердің орташа айлық жалақысы республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және салық кезеңiнiң бiрiншi күнi қолданыста болған ең төмен жалақының, дара кәсіпкерлерде кемінде 2 еселенген, заңды тұлғаларда кемінде 2,5 еселенген мөлшерін құраса, осы баптың 1-тармағына сәйкес салық кезеңі ішінде есептелген салық сомасы қызметкерлердің орташа тізімдік санын негізге ала отырып, әрбір қызметкер үшін салық сомасының 1,5 проценті мөлшеріндегі сомаға азайтылу жағына қарай түзетілуге жатады.
3. Салық кезеңі ішінде осы Кодекстің 433-бабында белгіленген табыс сомасынан іс жүзінде алынған табыс сомалары асып түскен жағдайда, салық салудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібіне не өзге арнаулы салық режиміне өту (ауысу) күніне дейін салықтарды есептеу осы баптың 1-тармағында белгіленген ставка бойынша жүргізіледі.
4. Осы баптың 3-тармағында аталған жағдайда, осы баптың 2-тармағында көзделген түзетуге осы Кодекстің 433-бабында белгіленген табыстың сомасынан есептелген салық сомасы ғана жатады.
5. Салық кезеңі ішінде шекті орташа тізімдік сан осы Кодекстің 433-бабында белгіленгеннен асып түскен жағдайда, осы баптың 2-тармағында көзделген түзету шекті орташа тізімдік санға ғана жүргізіледі.
437-бап. Оңайлатылған декларацияны табыс ету және салықтарды төлеу мерзімдері
1. Оңайлатылған декларация салық төлеушінің орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей табыс етіледі.
2. Оңайлатылған декларация бойынша есептелген салықтарды бюджетке төлеу жеке (корпорациялық) табыс салығы мен әлеуметтік салық түрінде есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.
Бұл ретте жеке (корпорациялық) табыс салығы - оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерінде, әлеуметтік салық Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына есептелген әлеуметтік аударымдар сомасын алып тастағаннан кейінгі оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 бөлігі мөлшерінде төленуге жатады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар сомасы әлеуметтік салық сомасынан асып түскен кезде, әлеуметтік салық сомасы нөлге тең болады.
3. Оңайлатылған декларацияда төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есептелген сомалары көрсетіледі.
438-бап. Жекелеген салық түрлерін, әлеуметтік аударымдарды және
міндетті зейнетақы жарналарын төлеу ерекшеліктері
Төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығы, әлеуметтік аударымдар сомаларын төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.(
62-тарау. ШАРУА НЕМЕСЕ ФЕРМЕР ҚОЖАЛЫҚТАРЫ ҮШІН АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМІ
439-бап. Жалпы ережелер
1. Шаруа немесе фермер қожалықтары осы тарауда белгіленген арнаулы салық режимін немесе жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті дербес таңдауға құқылы.
2. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі бірыңғай жер салығын төлеу негізінде бюджетпен есеп айырысудың ерекше тәртібін көздейді және акцизделетін өнімдерді өндіру, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті қоспағанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және оны өткізу жөніндегі шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметіне қолданылады.
3. Жеке меншік құқығындағы және (немесе) жер пайдалану құқығындағы (қайталап жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелері болған кезде, шаруа немесе фермер қожалықтарына арнаулы салық режимін қолдану құқығы беріледі.
440-бап. Салық кезеңі
Күнтізбелік жыл бірыңғай жер салығы бойынша салық кезеңі болып табылады.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 441-бап жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
441-бап. Қолдану шарттары
1. Шаруа немесе фермер қожалықтары арнаулы салық режимiн қолдану үшiн осы режим қолданылған бiрiншi жылдың 20 ақпанынан кешiктiрмей жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша салық органына салықтық өтiнiштi табыс етедi.
Аталған мерзiмде салықтық өтiнiштi табыс етпеуi, салық төлеушiнiң бюджетпен есеп айырысуды жалпыға бiрдей белгiленген тәртiппен жүзеге асыруға келісімi деп есептеледi.
Осы бапта өзгеше белгiленбесе, таңдап алынған салық салу режимi салық кезеңi iшiнде өзгертуге жатпайды.
Салықтық өтiнiшпен бiр мезгiлде мынадай құжаттардың:
1) нотариат куәландырған немесе селолық (кенттiк) атқарушы органдар куәландырған жер учаскелерiне құқық белгiлеу, сәйкестендiру құжаттарының;
2) жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган берген, нотариат куәландырған немесе селолық (кенттiк) атқарушы органдар куәландырған жер учаскелерiнiң бағаланатын құнын айқындайтын актiлердiң көшiрмелерi табыс етiледi.
Акт болмаған жағдайда, жер учаскелерiнiң бағаланатын құны жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган берген деректер бойынша 1 гектар жердiң аудан бойынша орташа бағалау құны негiзге алына отырып айқындалады.
20 ақпаннан кейiн құрылған шаруа немесе фермер қожалықтары дара кәсiпкердi мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк алғаннан кейiн отыз жұмыс күнiнен кешiктiрмей салық органына арнаулы салық режимiн қолдану құқығына салықтық өтiнiштi табыс етедi.
20 ақпаннан кейiн басқа әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағындағы жер учаскесiне құқық туындаған жағдайда, шаруа немесе фермер қожалығы осы жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша тiркеу есебiне қойылған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде салық органына арнаулы салық режимiн қолдану құқығына салықтық өтiнiштi табыс етедi.
Осы арнаулы салық режимi қолданылмайтын қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушiде 20 ақпаннан кейiн жер учаскесiне құқық туындаған жағдайда, арнаулы салық режимiн қолдану құқығына салықтық өтiнiш салық органына осы жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша тiркеу есебiне қойылған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде табыс етiледi.
Арнаулы салық режимiн қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары ондағы деректер өзгерген не басқа жер учаскелерiне құқық туындаған кезде, осы тармақтың төртiншi бөлiгiнiң 1) және 2) тармақшаларында аталған құжаттарды жаңадан табыс етедi.
2. Салық органы салық төлеушiнiң салықтық өтiнiштi табыс еткен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша оның арнаулы салық режимiн қолдану туралы немесе арнаулы салық режимiн қолданудан бас тарту туралы шешiмдi шығарады. Шешiм екi данада ресiмделедi.
Бiр данасы салық төлеушiге оның қолы қойылып тапсырылады немесе салық органы шешiм қабылдаған күннен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде шешiмдi алу үшiн салық төлеушi салық органына келмеген жағдайда, ол хабарламасы бар тапсырыс хатпен почта арқылы жiберiледi.
Хабарламасы бар тапсырыс хатпен почта арқылы жiберiлген шешiм салық төлеушi почта байланысының немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына белгi қойған күннен бастап салық төлеушiге тапсырылды деп есептеледi.
Салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 439-бабында аталған талаптарға сәйкес келмеуi және салық төлеушiнiң осы баптың 1-тармағында аталған құжаттарды табыс етпеуi арнаулы салық режимiн қолданудан бас тарту үшiн негiз болып табылады.
3. Арнаулы салық режимiн қолдануды тоқтату осы тармақта көзделген тәртiппен салықтық өтiнiштiң негiзiнде не осы бапта көзделген жағдайларда салық органының шешiмi бойынша жүргiзiледi.
Арнаулы салық режимiн қолдануға мүмкiндiк бермейтiн жағдайлар туындаған кезде, салық төлеушi талаптарға сәйкессiздiк туындаған кезден бастап бес жұмыс күн iшiнде салық органына салықтық өтiнiштi табыс етедi және сәйкессiздiк туындаған айдан кейiнгi айдан бастап жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпке ауысады.
Арнаулы салық режимiн қолдану ерiктi түрде тоқтатылған кезде жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпке ауыстыру есептi кезеңнен кейiнгi айдан бастап, осы режимдi тоқтататын жылдың алдындағы салық кезеңiнiң 31 желтоқсанынан кешiктiрмей табыс етiлетiн салық төлеушiнiң салықтық өтiнiшiнiң негiзiнде жүргiзiледi.
Салық органы салық төлеушiнiң осы режимдi қолдану шарттарына сәйкес келмеу фактiсiн анықтаған кезде, қабылданған шешiм негiзiнде оны сәйкессiздiк туындаған айдан кейiнгi айдан бастап жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпке ауыстыру туралы салық төлеушiнi хабардар етедi.
4. Арнаулы салық режимiн қолдану ерiктi түрде тоқтатылған кезде жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпке ауыстыру жалпыға бiрдей белгiленген тәртiптi қолдануды бастайтын жылдың алдындағы салық кезеңiнiң 31 желтоқсанынан кешiктiрмей табыс етiлетiн салық төлеушiнiң салықтық өтiнiшiнiң негiзiнде жүргiзiледi.
Бұл ретте:
1) салықтық өтiнiш табыс етiлетiн салық кезеңiнiң 31 желтоқсаны арнаулы салық режимiн қолдануды тоқтату күнi болып табылады;
2) салықтық өтiнiш табыс етiлген кезеңнен кейiнгi салық кезеңiнiң 1 қаңтары жалпыға бiрдей белгiленген тәртiптi қолдануды бастау күнi болып табылады.
5. Арнаулы салық режимiн қолдануға мүмкiндiк бермейтiн жағдайлар туындаған кезде, салық төлеушi талаптарға сәйкессiздiк туындаған кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде салық органына салықтық өтiнiштi табыс етедi және осындай сәйкессiздiк туындаған айдан кейiнгi айдан бастап жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпке ауысады.
6. Салық органы салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 439-бабында белгiленген талаптарға сәйкес келмеу фактiсiн анықтаған кезде, осы салық төлеушiнi осындай сәйкессiздiк туындаған айдан кейiнгi айдан бастап жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпке ауыстырады.
Бұл ретте камералдық бақылау барысында осындай сәйкессiздiк фактiсi анықталған жағдайда, салық органдары жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпке ауыстырғанға дейiн салық төлеушiге осы Кодекстiң 607 және 608-баптарында белгiленген мерзiмдерде және тәртiппен камералдық бақылау нәтижелерi бойынша салық қызметi органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жiбередi.
7. Осы баптың 5 және 6-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда:
1) осындай сәйкессiздiк туындаған айдың соңғы күнi арнаулы салық режимiн қолдануды тоқтату күнi болып табылады;
2) осындай сәйкессiздiк туындаған айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнi жалпыға бiрдей белгiленген тәртiптi қолдануды бастау күнi болып табылады.
442-бап. Арнаулы салық режимін қолдану ерекшеліктері
1. Бірыңғай жер салығын төлеушілер салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің мынадай түрлерін:
1) осы арнаулы салық режимі қолданылатын шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметінен түскен табыстан алынатын жеке табыс салығын;
2) осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметті жүзеге асырудан түскен айналым бойынша қосылған құн салығын;
3) осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын және (немесе) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны;
4) осы Кодекстің 365-бабы 3-тармағының 1), 2) тармақшаларында аталған салық салу объектілері бойынша көлік құралдары салығын;
5) осы Кодекстің 394-бабы 4-тармағының 1) тармақшасында аталған салық салу объектілері бойынша мүлік салығын төлеушілер болып табылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағында аталмаған салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу, төлеу және олар бойынша салық есептілігін табыс ету жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Бірыңғай жер салығын төлеушілер қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы салық органына салықтық өтінішті ерікті түрде беруге құқылы.
3. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі қолданылмайтын қызмет түрлерін жүзеге асырған кезде, бірыңғай жер салығын төлеушілер кірістер мен шығыстардың, мүліктің бөлек есебін жүргізуге және осы Кодексте белгіленген тәртіппен көрсетілген қызмет түрлері бойынша тиісті салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуді және төлеуді жүргізуге міндетті.
443-бап. Салық салу объектісі
Жер учаскесін бағалау құны бірыңғай жер салығын есептеу үшін салық салу объектіcі болып табылады.
444-бап. Бірыңғай жер салығын есептеу тәртібі
1. Егістік бойынша бірыңғай жер салығын есептеу жер учаскелерінің жиынтық бағалау құнына жер учаскелерінің жиынтық ауданын негізге ала отырып, мынадай ставкаларды қолдану жолымен жүргізіледі:
| Рет № | Жер учаскелерінің алаңы (гектар) | Салық ставкасы |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | 500-ге дейін | 0,1% |
| 2. | 501-ден 1000-ға дейін қоса алғанда | 500 гектардан бағалау құнының 0,1% + 500 гектардан асатын гектарлардың бағалау құнының 0,2% |
| 3. | 1000-нан 1500-ге дейін қоса алғанда | 1000 гектардан бағалау құнының 0,2% + 1000 гектардан асатын гектарлардың бағалау құнының 0,3% |
| 4. | 1501-ден 3000-ға дейін қоса алғанда | 1500 гектардан бағалау құнының 0,3% + 1500 гектардан асатын гектарлардың бағалау құнының 0,4% |
| 5. | 3000-нан жоғары | 3000 гектардан бағалау құнының 0,4% + 3000 гектардан асатын гектарлардың бағалау құнының 0,5% |
Жайлаулар, табиғи шабындықтар және арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын басқа да жер учаскелері бойынша бірыңғай жер салығын есептеу жер учаскелерінің жиынтық бағалау құнының 0,1% ставкасын қолдану арқылы жүргізіледі.
2. Шаруа немесе фермер қожалықтары жер пайдалану құқығындағы бірыңғай жер салығын жер учаскесін пайдаланудың нақты кезеңі үшін есептейді.
Жер учаскесін пайдаланудың нақты кезеңі үшін жер учаскесін бағалаудың құны жер учаскесін бағалаудың құнын он екіге бөлу және жер учаскесін пайдаланудың нақты кезеңі айларының санына көбейту арқылы айқындалады.
Шаруа немесе фермер қожалықтары жер учаскесін басқа шаруа немесе фермер қожалығына жалға берген кезде тараптардың әрқайсысы бірыңғай жер салығын жер учаскесін пайдаланудың нақты кезеңі үшін есептейді.
Жалға алушының бірыңғай жер салығын есептеуі жер учаскесін жалға алған айдан кейінгі айдан бастап жүргізіледі.
Бірыңғай жер салығын есептеу кезінде жалға берушінің жер учаскесін нақты пайдалану кезеңіне жер учаскесі жалға берілген ай қосылады.
445-бап. Әлеуметтік салықты есептеу ерекшеліктері
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 441-бап өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
Бірыңғай жер салығын төлеушілер әрбір қызметкер, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығының басшысы мен кәмелетке толған мүшелері үшін республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және әлеуметтiк салықты есептеу жүргiзiлетiн айдың бiрiншi күнi қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 20 процент ставкасы бойынша әлеуметтік салық сомасын ай сайын есептеп отырады. Шаруа немесе фермер қожалығының кәмелетке толған мүшелерінің әлеуметтік салықты есептеу мен төлеу жөніндегі міндеттемелері олар кәмелетке толған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың басынан бастап туындайды.
Әлеуметтік салықтың есептелген сомасы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есептелген әлеуметтік аударымдар сомасына азайтылуға жатады.
Әлеуметтік аударымдар сомасы әлеуметтік салық сомасынан асып түскен кезде, әлеуметтік салықтың сомасы нөлге тең болады.
446-бап. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жекелеген түрлерін, әлеуметтік аударымдарды төлеу және міндетті зейнетақы жарналарын аудару
мерзімдері
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
1. Бірыңғай жер салығын, әлеуметтік салықты, төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығын, жер бетіндегі көздердің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақыны, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мынадай тәртіппен:
1) салық кезеңінің 1 қаңтарынан 1 қазанына дейін есептелген соманы төлеу ағымдағы салық кезеңінің 10 қарашасынан кешіктірілмей;
2) салық кезеңінің 1 қазанынан 31 желтоқсанына дейін есептелген соманы төлеу есепті салық кезеңінен кейінгі салық кезеңінің 10 сәуірінен кешіктірілмей жүргізіледі.
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2. Әлеуметтік салықты және төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығын төлеу жер учаскелерінің орналасқан жері бойынша жүргізіледі.
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен бірінші бөлік жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен тақырыбы өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
447-бап. Бiрыңғай жер салығын төлеушiлер үшiн салық декларациясын табыс ету мерзiмдерi
Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларацияда бірыңғай жер салығының, әлеуметтік салықтың, төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының, жер беті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақының, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақының, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есептелген сомалары көрініс табады.
Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларация жер учаскесінің орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі салық кезеңінің 31 наурызынан кешіктірілмей табыс етіледі.
63-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУШІ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАР МЕН СЕЛОЛЫҚ ТҰТЫНУ КООПЕРАТИВТЕРІ ҮШІН АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМІ
448-бап. Жалпы ережелер
1. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші заңды тұлғалар мен селолық тұтыну кооперативтері осы бапта белгіленген арнаулы салық режимін немесе жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті дербес таңдауға құқылы.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші заңды тұлғалар мен селолық тұтыну кооперативтері үшін арнаулы салық режимі (бұдан әрі - арнаулы салық режимі) корпорациялық табыс салығын, қосылған құн салығын, әлеуметтік салықты, жер салығын, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемдерді, мүлік салығын, көлік құралдары салығын есептеудің ерекше тәртібін көздейді.
Арнаулы салық режимі:
1) ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші заңды тұлғалардың:
жерді пайдалана отырып ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өзі өндірген осы өнімді қайта өңдеу және өткізу;
толық кезеңді (төлді өсіруден бастап) мал шаруашылығы мен құс шаруашылығының (оның ішінде, асыл тұқымды), ара шаруашылығының өнімдерін өндіру, сондай-ақ өзі өндірген осы өнімдерді қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметіне;
селолық тұтыну кооперативтерінің:
шаруа немесе фермер қожалықтары - осы кооперативтердің мүшелері (пайшылары) өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу;
шаруа немесе фермер қожалықтары - осы кооперативтердің мүшелері (пайшылары) өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және осы өнімдерді қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімдерді өткізу жөніндегі қызметіне қолданылады.
2. Осы баптың мақсатында селолық тұтыну кооперативтеріне:
1) мүшелері (пайшылары) тек шаруа немесе фермер қожалықтары болып табылатын;
2) жиынтық жылдық табысының кемінде 90 процентін осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында аталған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алуға жататын (алынған) табыстар құрайтын селолық тұтыну кооперативтері жатады.
3. Мыналардың:
1) еншілес ұйымдары, құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғаның;
2) арнаулы салық режимін қолданатын басқа да заңды тұлғалардың аффилиирленген тұлғасы болып табылатын заңды тұлғаның;
3) басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 проценттен асатын заңды тұлғаның;
4) құрылтайшысы бір уақытта арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы болып табылатын заңды тұлғаның;
5) мүшелері (пайшылары) басқа селолық тұтыну кооперативтердің мүшелері (пайшылары) болып табылатын селолық тұтыну кооперативтерінің арнаулы салық режимін қолдануға құқығы жоқ.