2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 5-1-баппен толықтырылды
5-1-бап. Бюджет процесі саласындағы интегратордың функциялары
Бюджет процесі саласындағы интегратор:
1) бюджет процесі саласындағы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға және дамытуға арналған пайдалану құжаттамасын қоспағанда, техникалық құжаттаманы әзірлеуді жүзеге асырады;
2) бюджет процесі саласындағы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді және оларды қолдап отыруды жүзеге асырады;
3) бюджет процесі саласындағы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құру, дамыту, оларға жүйелік-техникалық қызмет көрсету және оларды қолдап отыру жөніндегі жобаларды басқаруды жүзеге асырады;
4) бюджет процесі саласындағы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің субъектілеріне консультациялық көмек көрсетеді;
5) бюджет процесі саласындағы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері ақпараттық қауіпсіздігінің Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.
2-тарау. Бюджеттің түрлері мен деңгейлері
6-бап. Бюджеттің түрлері мен деңгейлері туралы жалпы ережелер
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасында мынадай деңгейлердегі бюджеттер:
1) республикалық бюджет;
2) облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері;
3) аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет;
4) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттері бекітіледі, атқарылады және дербес бюджеттер болып табылады.
Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттері жергілікті бюджеттерге жатады.
2. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда, Қазақстан Республикасында төтенше мемлекеттік бюджет әзірленуі, бекітілуі және атқарылуы мүмкін.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.10.01. № 132-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Қазақстан Республикасында талдамалық ақпарат ретінде пайдаланылатын және бекітуге жатпайтын мемлекеттік және шоғырландырылған бюджеттер, облыс бюджеті, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті жасалады.
Мемлекеттік бюджет өз араларында өзара өтелетін операциялар ескерілместен, республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін, мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
Өз араларындағы өзара өтелетін операциялар ескерілмей, республикалық бюджетті, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдері мен шығыстарын, Жәбірленушілерге өтемақы қорының түсімдері мен төлемдерін, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының түсімдері мен шығыстарын, Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері мен шығыстарын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының түсімдері мен шығыстарын, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының түсімдері мен шығыстарын біріктіретін мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры шоғырландырылған бюджет болып табылады.
Облыс бюджеті өз араларында өзара өтелетін операциялар ескерілместен, облыстық бюджетті, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджетін біріктіретін орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
Өз араларында өзара өтелетін операциялар ескерілмей, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетті, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерін біріктіретін орталықтандырылған ақша қоры аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті болып табылады.
7-бап. Республикалық бюджет
1. Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және орталық мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылай қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың жалпы республикалық бағыттарын іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры республикалық бюджет болып табылады.
2. Республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен бекітіледі.
8-бап. Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері
1. Осы Кодекспен айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және облыстық деңгейдегі, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті мемлекеттік органдарының, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылай қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері болып табылады.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттері тиісінше облыстық мәслихаттардың, республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының шешімдерімен бекітіледі.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 9-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9-бап. Аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет
1. Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және аудандық (облыстық маңызы бар қала) деңгейдегі жергілікті мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және тиісті ауданда (облыстық маңызы бар қалада) мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет болып табылады.
2. Аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының шешімімен бекітіледі.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 9-1-баппен толықтырылды
9-1-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттері
1. Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің, оған ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеті болып табылады.
2. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттері жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілгеннен кейін аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының шешімімен бекітіледі.
10-бап. Төтенше мемлекеттік бюджет
1. Төтенше мемлекеттік бюджет республикалық және жергілікті бюджеттер негізінде қалыптастырылады және Қазақстан Республикасында төтенше немесе соғыс жағдайларында енгізіледі.
2. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қабылдануы туралы Қазақстан Республикасының Парламенті дереу хабардар етіледі.
3. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылу уақытында республикалық бюджет туралы заңның және барлық деңгейлердегі жергілікті бюджеттің бюджеттері туралы мәслихаттар шешімдерінің қолданылуы тоқтатыла тұрады.
4. Төтенше мемлекеттік бюджет төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген мерзім ішінде қолданыста болады.
Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылуы тоқтатылысымен республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау жүргізіледі.
3-тарау. Бюджет құрылымы
11-бап. Бюджет түсімдері
1. Кірістер, бюджет кредиттерін өтеу сомалары, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түскен түсімдер, қарыздар бюджеттің түсімдері болып табылады.
2. Салықтық, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер, трансферттік түсімдер бюджет кірістері болып табылады.
3. Нысаналы трансферттерді қоспағанда, кірістер нысаналы мақсатқа ие болмайды. Кірістердің жаңа түрлерін енгізу, қолданылып жүргендерінің күшін жою немесе оларды өзгерту осы Кодекске міндетті түрде өзгерістер немесе толықтырулар енгізіле отырып жүзеге асырылады.
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес белгіленген кедендік баждар, кедендік алымдар, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес белгіленген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары салықтық түсімдер болып табылады.
Алдағы кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу есебіне Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес енгізілетін аванстық төлемдер де салықтық түсімдерге жатады.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.30.04. № 34-VII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерге жатпайтын, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі), Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделгеннен басқа, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде белгіленген бюджетке төленетін міндетті, қайтарымсыз төлемдер, байланысты гранттар, шетелдіктер үшін туристік жарналар, сондай-ақ трансферттерден басқа, бюджетке өтеусіз негізде берілетін ақша салықтық емес түсімдер болып табылады.
6. Бюджетке:
1) мемлекеттік мекемелерге бекітілген мемлекеттік мүлікті сатудан;
2) мемлекеттік материалдық резервтен тауарлар сатудан;
3) мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін жеке меншікке сатудан немесе оларды тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруден не Қазақстан Республикасының заңдарында немесе халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен өзге де тәсілмен өткізуден;
4) мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан түсетін ақша негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер болып табылады.
7. Трансферттер түсімдері бюджеттің бір деңгейінен басқасына, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін трансферттер түсімдері болып табылады.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Бюджеттен алынған кредиттер бойынша негізгі борышты қайтаруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың төленген мемлекеттік кепілдіктер, экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер жөніндегі талаптарды қайтаруына байланысты бюджетке түсетін түсімдер бюджеттік кредиттерді өтеу сомалары болып табылады.
9. Мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер заңды тұлғалардың, оның ішінде мемлекеттік меншіктегі халықаралық ұйымдардың, мүліктік кешен түріндегі мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың қатысу үлестерін, бағалы қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың жедел басқаруындағы немесе шаруашылық жүргізуіндегі өзге де мемлекеттік мүлікті сатудан бюджетке түсетін түсімдер.
10. Қарыздар мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруға және (немесе) қарыз шарттарын жасасуға байланысты бюджетке ақша түсімдері болып табылады.
12-бап. Бюджет шығыстары
1. Шығындар, бюджет кредиттері, қаржы активтерін сатып алу, қарыздарды өтеу бюджеттің шығыстары болып табылады.
2. Шығындар қайтарымсыз негізде бөлінетін бюджет қаражаты болып табылады.
3. Бюджеттік кредиттер бюджеттен қайтарымды, жедел және ақылы негізде бөлінетін ақша болып табылады.
4. Қаржы активтерін сатып алу заңды тұлғалардың, оның ішінде халықаралық ұйымдардың қатысу үлестерін және бағалы қағаздарын мемлекеттік меншікке сатып алуға бағытталған бюджет қаражаты болып табылады.
2023.01.01. № 182-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 16 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Ішкі және сыртқы қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге бағытталатын бюджет қаражаты қарыздарды өтеу болып табылады.
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Республикалық бюджет (жоспарлы кезеңге) шығыстарының өсу қарқыны инфляция бойынша мақсатқа ұлғайтылған ұзақ мерзімді экономикалық өсу деңгейімен шектеледі.
Ұзақ мерзімді өсу деңгейі жоспарлы кезеңнің алдындағы он жылдағы нақты жалпы ішкі өнімнің орташа өсу мәні ретінде айқындалады.
Инфляция бойынша мақсат Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген жоспарлы кезеңге инфляция бойынша нысаналы бағдардың орталығы ретінде айқындалады.
245-бапқа сәйкес 13-бап алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
13-бап. Бюджет құрылымы
1. Бюджет құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:
1) кірістер:
салықтық түсімдер;
салықтық емес түсімдер;
негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер;
трансферттер түсімі;
2) шығындар;
3) таза бюджеттік кредиттеу:
бюджеттік кредиттер;
бюджеттік кредиттерді өтеу;
4) қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо:
қаржы активтерін сатып алу;
мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер;
5) бюджет тапшылығы (профициті);
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті);
6) бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану):
қарыздар түсімі;
қарыздарды өтеу;
бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары.
2011.24.11. № 495-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 14-бап өзгертілді; 2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 14-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14-бап. Республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті)
1. Қарыздарды өтеуді қоспағанда, республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті) қарыздар түсімдерін, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан трансферттер түсімдерін және шикі мұнайға салынатын кедендік әкету бажын алып тастағандағы республикалық немесе мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер мен республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің шығыстары арасындағы айырмаға тең.
Теріс белгімен алынған шама - республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы, оң белгімен алынғаны республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес профициті болып табылады.
2. Республикалық бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығының (профицитінің) мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі.
Мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығының (профицитінің) мөлшері бекітілмейді және талдамалық мақсаттарда пайдаланылады.
Бюджет шығыстарының мұнайға қатысты түсімдерге тәуелділігін төмендету үшін ұзақ мерзімді кезеңдегі мұнайға қатысты емес тапшылықтың мөлшері экономиканың мұнайға қатысты емес секторын нысаналы түрде дамыту есебінен азайтылуға тиіс.
15-бап. Таза бюджеттік кредиттеу
Таза бюджеттік кредиттеу бюджеттік кредиттердің және бюджеттік кредиттерді өтеудің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
16-бап. Қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо
1. Қаржы активтерімен операцияларға:
1) қаржы активтерін сатып алу;
2) мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер кіреді.
2. Қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо қаржы активтерін сатып алу және мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
3. Қаржы активтерін сатып алу және мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
245-бапқа сәйкес 17-бап алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
17-бап. Бюджет тапшылығы (профициті)
Бюджет тапшылығы (профициті) кірістер мен шығындар, таза бюджеттік кредиттеу және қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо арасындағы айырмаға тең.
Tepіc белгісімен алынған шама - бюджет тапшылығы, оң белгімен алынғаны - бюджет профициті болып табылады.
245-бапқа сәйкес 18-бап алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
18-бап. Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану)
1. Бюджет тапшылығын қаржыландыру қарыз алу және бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары есебінен бюджет тапшылығын жабу жолымен қамтамасыз етіледі;
Бюджет тапшылығын қаржыландыру көлемі алынған қарыздар, бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары сомасының қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасынан асып түсуі ретінде айқындалады.
Бюджет тапшылығын қаржыландыру мәні оң белгімен белгіленеді және бюджет тапшылығының шамасына сәйкес келеді.
2. Бюджет профицитін пайдалану қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге бюджет профицитін, қарыздар қаражатын, бюджеттің пайдаланылатын қаражаты қалдықтарын жұмсау жолымен жүзеге асырылады.
Бюджет профицитін пайдалану көлемі қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасының алынған қарыздар және бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары сомасынан асып түсуі ретінде айқындалады.
Бюджет профицитін пайдалану мәні теріс белгімен белгіленеді және бюджет профицитінің шамасына сәйкес келеді.
4-тарау. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтері
19-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтері туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Yкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтері республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу кезінде жоспарланбаған шығындарды, олардың тосындығына және ағымдағы қаржы жылында шұғыл қаржыландыруды талап ететіндігіне байланысты қаржыландыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттер құрамында құрылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервіне:
1) төтенше резерв;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз етуге арналған резерв;
2) шұғыл шығындарға арналған резерв;
2-1) 2020.25.12. № 391-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға арналған резерв;
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға арналған резерв кіреді.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың атқарушы органдарының резервіне:
1) төтенше резерв:
2) шұғыл шығындарға арналған резерв;
3) соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға арналған резерв;
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттердің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға арналған резерв кіреді.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) атқарушы органдарының резервіне:
1) төтенше резерв;
2) шұғыл шығындарға арналған резерв;
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға арналған резерв;
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға арналған резерв кіреді.
245-бапқа сәйкес 19-баптың 5-тармағы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
5. Қазақстан Республикасы Үкіметі резервінің жалпы көлемі республикалық бюджет туралы заңмен белгіленеді.
Жергілікті атқарушы орган резервінің жалпы көлемі трансферттер мен қарыздарды есептемегенде, тиісті жергілікті бюджет түсімдері көлемінің екі пайызынан аспауға тиіс.
245-бапқа сәйкес 19-баптың 6-тармағы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
2011.24.11. № 495-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.07.04. № 487-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен ақша бөлу тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қаулыларымен, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның қаржы жылы аяқталғаннан кейін күшін жоятын құқықтық актілерімен ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық немесе жергілікті бюджеттерде бекітілген көлемдер шегінде жүзеге асырылады.
Бір қаржы жылынан астам іске асыру мерзімімен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың, сондай-ақ адам өмірінің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына және олардың денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлардың зардаптарын жоюға байланысты авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын және өзге де іс-шараларды жүргізу үшін шығындардың жалпы сомасы айқындала отырып және ағымдағы қаржы жылының сомалары және Қазақстан Республикасының Үкіметі кейінгі қаржы жылдарында қосымша шешім қабылдайтын сомалар көрсетіле отырып, Үкіметтің резервінен қаражат бөлінеді.
Резерв түрлерінің біріне көзделген қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның резервтері қаражатының жалпы көлемін қайта бөлу арқылы тиісті резервтің жоспарлы мақсаттылығын ұлғайтады.
7. 2012.16.02. № 557-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
20-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда; 2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Төтенше резерв Қазақстан Республикасының аумағында әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою, төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүргізу мақсатында және Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттерге ресми гуманитарлық көмек көрсетуі үшін пайдаланылады.
Тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың қаулыларында көзделген әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған іс-шараларға төтенше резервтен бөлінетін шығыстарды қаржыландыруды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің негіздейтін құжаттарды ұсынуына қарай, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдар жүзеге асыруы мүмкін.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз етуге арналған резерв төтенше жағдайлар аймақтарында, эвакуациялау маршруттарында және эвакуацияланатын адамдар орналасқан жерлерде адамдардың өмірін сақтауға және денсаулығын қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін пайдаланылады.
2. Шұғыл шығындарға арналған резерв Қазақстан Республикасының немесе оның әкімшілік-аумақтық бірлігінің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдайларды жою мақсатында пайдаланылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарына арналған резерві сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерімен айқындалатын өзге де күтілмеген шығындарға пайдаланылуы мүмкін.
2-1. 2020.25.12. № 391-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындау резерві соттардың шешімдері бойынша Қазақстан Республикасы Yкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың міндеттемелерін орындауға пайдаланылады.
2016.07.04. № 487-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Кезектi қаржы жылында облыстық бюджетте, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнде қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда, кезектi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте олардың бюджеттерiн кредиттеу үшiн резерв көзделедi.
Кезекті қаржы жылында аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттердің қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда кезектi қаржы жылына арналған облыстық бюджетте олардың бюджеттерін кредиттеу үшiн резерв көзделедi.
Кезекті қаржы жылында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда, кезектi қаржы жылына арналған аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетте олардың бюджеттерін кредиттеу үшiн резерв көзделедi.