40. Міндеттемелер мен төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізу үшін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өтінімдерін қарайды және олар мақұлдаған жағдайда, төлемдер мен міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтама қалыптастырады.
Анықтаманы қалыптастыру осы Ереженің 36-тармағында көзделген тәртіппен, сондай-ақ мынадай шарттарды ескере отырып жүргізіледі:
осы Ереженің 23-тармағына сәйкес жыл бойынша және ай бойынша түсімдердің жиынтық жоспарының және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының теңгерімділігін сақтау;
жиынтық жоспардың "Республикалық және жергілікті бюджеттердің тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану)" бөлімінде түсімдер мен өтеудің көлемдерін өзгерту бюджеттің тапшылығын қаржыландырудың (профицитін пайдаланудың) бекітілген (нақтыланған) көлемін сақтау шартымен ғана жүзеге асырылады.
41. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің атқарылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да мемлекеттік органдардың өтінімдерін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган ол түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган ұсынылған өзгерістер бойынша негіздемені және осы Ереженің 36-38-тармақтарында белгіленген шарттардың сақталуын тексереді.
Егер бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері өтінімдерінің сомасы ағымдағы қаржы жылының басынан бастап түзетуші кезең бойынша бюджетке түсімдерден жасалатын төлемдер бойынша шығыстарды арттыруға әкелсе, сондай-ақ бұл ретте осы Ереженің 36-39-тармақтарында айқындалатын басқа да шарттар бұзылса, онда бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне өтінімнің қабылданбауы туралы хабарлайды.
42. Бюджеттік бағдарлама әкімшісі бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органнан немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті атқарушы органнан алған төлемдер мен міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтаманың негізінде дәл сол күні бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізеді және жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды бекітеді.
Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісі жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды 3 (үш) данада бекітеді, олардың біреуін мемлекеттік мекемеге, екіншісін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді және үшіншісін өзінде қалдырады.
Жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісі жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды 4 (төрт) данада бекітеді, олардың біреуін мемлекеттік мекемеге жібереді, екіншісін өзінде қалдырады және қалған екі данасын бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға береді, соңғысы бекітілген анықтаманың бір данасын осы Ережеге 17-қосымшаға сәйкес нысан бойынша екі данадағы тізіліммен аумақтық қазынашылық бөлімшесіне береді.
Мемлекеттік мекемелерді жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды бюджеттік бағдарламаның әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға мынадай тәртіппен береді:
жиынтық қаржыландыру жоспарларына енгізілетін өзгерістерге қатысты жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды Жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтаманы бекіткен күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей береді;
жиынтық қаржыландыру жоспарларына енгізілетін өзгерістерге қатысы жоқ жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды ағымдағы айдың жиырмасыншы күнінен кешіктірмей, ал ағымдағы қаржы жылының соңғы айында ағымдағы жылдың оныншы күнінен кешіктірмей береді.
Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті атқарушы органдар бюджеттік бағдарламалар әкімшілері берген жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде оларды аумақтық қазынашылық органдарына береді.
Мемлекеттік мекемелер жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтаманы бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бекітілгеннен кейінгі және тиісті қазынашылықтың органына бергенге дейінгі кезеңде міндеттемелерді қабылдау немесе кассалық шығыстардың жүргізу салдарынан жоспарлы жұмсалымдар жетіспеген кезде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе аумақтық қазынашылық органы анықтаманы республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға орындамай қайтарады.
43. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдар жиынтық қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге арналған анықтаманы бекіткен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде оны тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне қағаз тасығышта, сондай-ақ жиынтық қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтамаға сәйкес келетініне тексерілген жеке жоспарларға өзгерістер енгізу туралы анықтамалардың жобаларын магнит тасығыштарда жеткізеді.
44. Өзгертілген заңнамалық актілерді, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын іске асыру үшін қажетті өзгерістерді қоспағандағы айлардағы (өткен есепті кезең үшін) түсімдердің бекітілген жиынтық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
Салық, кеден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің орындалуын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға ұсынылған өзгерістердің негіздемесі мен есептері бар түсімдердің жоспарларын өзгертуге арналған өтінімді есепті кезеңнің аяқталуына дейін кем дегенде жеті күн бұрын береді. Ұсынылған өзгерістердің заңдылығы мен негізділігі кезінде есепті кезең аяқталғанға дейін кем дегенде екі жұмыс күнде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган бюджеттік түсімдер мәселелеріне жетекшілік ететін басшы бекітетін және оның негізінде Түсімдердің жиынтық жоспарына өзгерістер енгізілетін кірістер бойынша түсімдер жоспарына өзгерістер енгізу туралы анықтаманы қалыптастырады.
45. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган түсімдердің жиынтық жоспарына өзгерістер енгізу туралы бекітілген анықтамалардың негізінде салық, кеден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің орындалуын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға республикалық бюджет кірістері түсімдерінің өзгертілген жоспарын жібереді.
Бұл ретте, егер республикалық бюджет кірістері түсімдерінің ұсынылатын жоспарларында ерекшеліктер бойынша жоспарларды өзгерту айлық жоспарлы соманы өзгертпей тек облыстар бөлінісінде ғана жүргізілсе, онда Анықтама осы Ереженің 26-қосымшасына сәйкес нысанда жасалады.
46. Түсімдердің жиынтық жоспарына және кредиттер, қарыздар түсімдерінің, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түскен түсімдердің жоспарларына өзгерістер енгізуді бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган кредит шарттарына, қарыздардың шарттарына, борышты қайта құрылымдау туралы келісімдерге өзгерістер негізінде және осы Ереженің 35-тармағында белгіленген тәртіппен мемлекеттің қаржылық активтерін сату жоспарының өзгерістері негізінде аталған түсімдердің тізбесі бойынша оларға өзара қатынасы бар органдардың өтінімдері бойынша жүзеге асырады.
Түсімдердің жиынтық жоспарына және жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берілетін бюджеттік кредиттер бойынша сыйақылардың (мүдделердің), жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берілетін бюджеттік кредиттерді өтеу сомасының жоғары тұрған бюджетке түсетін түсімдер жоспарына өзгерістер енгізуді төмен тұрған бюджеттер кірістерінің жоспарын асыра орындаудың, кредит шарттарының талаптарын өзгерту негізінде және жоғары тұрған бюджет түсімдерінің бірдей ай сайынғы сомасын және төмен тұрған бюджеттердің тиісті шығыстарының сомасын сақтап қалу мақсатында төмен тұрған бюджеттерді атқару жөніндегі уәкілетті органдардың өтінімі бойынша жоғары тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
47. Кірістердің түсімдері, кредиттерді өтеу, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түскен кірістер, қарыздарды өтеу жоспарларын өзгертуге өтінімдер қабылданбаған кезде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган бас тарту себептері мен негіздемесін көрсете отырып, өтінім берген мемлекеттік органға, төмен тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға жоспарларды өзгертуден бас тартатыны туралы хабар береді.
48. Жоғары тұрған бюджеттен трансферттер мен кредиттер алатын төлемдер мен міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарларына өзгертулер енгізу туралы анықтаманы төмен тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган Ереженің осы бөлімінде белгіленген тәртіппен және жоғары тұрған бюджеттің тиісті бюджеттік бағдарламаларының әкімшісі ұсынған жоғары тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның анықтамасы негізінде осы Ережеге 27-28-қосымшаларға сәйкес қалыптастырады.
Борышқа қызмет көрсету мен оны өтеуге байланысты шығыстар бойынша төмен тұрған бюджетті қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізу туралы анықтаманы төмен тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган Ереженің осы бөлімінде белгіленген тәртіппен және жоғары тұрған бюджеттің уәкілетті органы ұсынған жоғары тұрған бюджеттің түсімдердің жиынтық жоспарына өзгерістер енгізу туралы анықтама негізінде қалыптастырады.
49. Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті атқарушы орган жергілікті бюджет бойынша түсімдер мен қаржыландырудың өзгертілген жиынтық жоспары, міндеттемелер жөніндегі жиынтық қаржыландыру жоспары анықтамасының бір данасын оны бекіткен күннен кейін екі жұмыс күні ішінде аумақтық қазынашылық бөлімшесіне қағаз және магнит тасығыштарда береді.
50. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетін атқару жөніндегі жергілікті атқарушы орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға электрондық дерекқор түрінде есептіден кейінгі айдың 15 күнінен кешіктірмейтін мерзімде облыс, республикалық маңызы бар қала, астана бойынша кірістер түсімдерінің нақтыланған жиынтық жоспарын береді, кейіннен оны қағаз тасығышта растайды. Бюджетті атқару жөніндегі орталық өкілетті орган салық, және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің орындалуын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органға жергілікті бюджеттердің кірістері түсімдерінің нақтыланған жоспарын жібереді.
51. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға немесе тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бюджеттерді нақтылау кезінде мемлекеттік мекемелер дербес қаржыландыру жоспарларын, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері - бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларын, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган - жиынтық қаржыландыру жоспарын, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарын осы Ереженің 6-тарауында белгіленген тәртіппен оларға өзгерістер енгізу арқылы нақтылайды.
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жылдық қаржыландыру жоспарын бекіткеннен кейін бес жұмыс күні ішінде қосымша және өзгертілген бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға жылдық жоспарлы сома өзгертілген бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша қаржыландыру жоспарларын өзгертуге өтінім ұсынады.
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қосымша бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға осы Ереженің 7-15-тармақтарына сәйкес міндеттемелер мен төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру жоспарларының жобаларын тапсырады.
52. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға немесе тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бюджетті нақтылауға дейін жиынтық жоспарларға бюджеттерді түзету негізінде және түсімдер мен шығыстар сомасын олардың экономикалық сипаттамалары бойынша өзгертуді, сондай-ақ оларды ай сайынғы бөлуде өзгертуді талап ететін орынды факторлар туындаған кезде енгізілетін ай сайынғы, сол сияқты шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері бойынша түсімдер мен шығыстар сомасының барлық ағымдағы өзгерістері (бұдан әрі - бюджетті түзету) бекітілген бюджеттің электрондық дерек қорының қайталама көшірмесінде жүзеге асырылады.
Бекітілген бюджеттің электрондық дерекқорының қайталама көшірмесіне енгізілетін түзетулер нәтижесінде түзетілген бюджет қалыптастырылады.
53. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға және жергілікті бюджет туралы мәслихат шешіміне, бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлуге байланысты түзетуді қоспағанда, бюджетті нақтылауға дейін жүргізілген түзетуді де ескеретін жылдық қаржыландыру жоспарына енгізілетін өзгерістерді бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен тиісті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджетті іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органның қаулыларына сәйкес қалыптастырылған түсімдер мен жиынтық қаржыландыру жоспары, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспары тиісті қаржы жылына арналған нақтыланған бюджетке сәйкес келеді.
Нақтыланған бюджет бойынша жиынтық жоспарларды қалыптастыру түзетілген бюджетті нақтылағанға дейін қалыптастырылған оның электрондық базасында жүзеге асырылады. Нақтыланған бюджеттің базасын қалыптастыру үдерісі аяқталғаннан кейін деректер электрондық дерек қор көшірмесі түрінде сақталады, оған өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
Нақтыланған бюджеттің қалыптастырылған базасының қайталама көшірмесіне бөлінетін бюджеттік бағдарламалар бойынша, сондай-ақ басқа да кейінгі орынды өзгерістер бойынша қаржы жылының басынан бастап қолда бар анықтамалар енгізіледі, нәтижесінде түзетілген бюджет қалыптастырылады.
54. Бюджет кодексінің 117-бабының 3-тармағының 3) тармақшасына және 4-тармағына сәйкес бір бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бойынша бюджетте бекітілген бюджеттік бағдарламаның қаражатын түрлі бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында бөлу туралы шешім қабылданған кезде, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган осы Ереженің 6-тарауында белгіленген тәртіппен бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган қалыптастыратын түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізу туралы анықтамалардың негізінде түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жолымен түзетілген бюджетте осы өзгерістерді көрсетеді.
55. Ағымдағы қаржы жылында өткен жылдың бюджетінде бекітілген, бірақ оның бекітілген жылдық көлемінен он пайыздан аспайтын бюджеттік инвестициялық жобаларды бюджет қаражатының бос қалдықтарының есебінен қаржыландыруды аяқтауға бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган ағымдағы қаржы жылының 10 қаңтарына бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға бюджет қаражатының бос қалдықтары туралы, өткен қаржы жылында іс-шараларды толық орындамау себептерін көрсете отырып, инвестициялық жобалар және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде бюджеттік даму бағдарламалары бойынша қаржыландыру жоспарларының орындалуы туралы ақпаратты, сондай-ақ сыртқы қарыздар, гранттар мен бюджеттік кредиттер қаражаты есебінен іске асырылатын бюджеттік даму бағдарламаларын қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша орындалмаған шарттардың тізбесін береді.
56. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы ереженің 55-тармағында көрсетілген ақпараттың негізінде бюджет комиссиясының қарауына белгіленген тәртіппен өткен қаржы жылында жасалған шарттар бойынша төленбеген міндеттемелері бар бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін, осы жобаларды ағымдағы қаржы жылында бюджет қаражатының бар бос қалдықтары шегінде қаржыландыру жөнінде ұсыныс енгізеді.
57. Бюджет комиссиясының шешімі негізінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы және бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Yкіметінің қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның қаулыларының жобаларын әзірлейді және оны белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне немесе тиісті жергілікті атқарушы органның әкімдігіне енгізеді.
58. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы және республикалық, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қаулыларына қол қойылған күнінен бастап бес күн ішінде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға түзетілген дамуға берілетін бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша өзгертілген қаржыландырудың жылдық жоспарын, сондай-ақ ағымдағы жылы қаржыландыруға бюджет комиссиясы мақұлдаған шарттардың тізбесін жеткізеді.
59. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган осы Ереженің 57, 58-тармақтарында санамаланған нормативтік құқықтық актілердің негізінде осы Ереженің 6-тарауында айқындалған тәртіппен түсімдер мен жиынтық қаржыландыру жоспарына және міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізеді.
60. Республикалық бюджет туралы заңды және тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органның қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бюджет көрсеткіштерінің өзгерістерін, бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлуді және шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері және шығыстар мен түсімдерді айлар бойынша бөлу бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның өтінімдері негізінде жиынтық жоспарларға (орынды факторлар туындаған кезде) енгізілетін өзгерістерді ескере отырып, бекітілген немесе нақтыланған бюджетке сәйкес келетін түсімдер мен жиынтық қаржыландыру жоспары, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспары түзетілген бюджетке сәйкес келеді.
61. Қаржы жылының ішінде орталық мемлекеттік органдарды, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарды және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерді құрған, таратқан, қайта ұйымдастырған, олардың функцияларын өзгерткен жағдайда бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган таратылған және қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органдардың құқықтық мирасқорлары жаңадан құрылған мемлекеттік органдардың және оның ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердің функцияларын айқындайтын нормативтік құқықтық актілердің негізінде ҚР ББС-ке өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган белгіленген тәртіппен және бес күн мерзімде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы, бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, оларды бекіткеннен кейін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға және бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне өзгертілген жылдық жоспарды жеткізеді.
Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган осы ереженің 6-тарауында белгіленген тәртіппен жоспарлы жұмсалымдарды ауыстыру бөлігінде түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізеді және бұрын берілген рұқсаттарды және кассалық шығыстарды ауыстыруды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстың жергілікті атқарушы органының резервінен қаражат бөлу кезінде төмен тұрған бюджетті түзету осы Ереженің 6-тарауында белгіленген тәртіппен кейіннен түсімдер мен жиынтық қаржыландыру жоспарына, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып, тиісті қаржы жылына жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы мәслихатта бюджетті нақтыламастан төмен тұрған бюджеттің жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
Бұрын берілген рұқсатнамалар мен кассалық шығыстардың жоспарлық тағайындауларын көшіру мемлекеттік мекеменің хаты негізінде мынадай жағдайларда:
мемлекеттік мекеменің орналасқан орнының өзгергенде;
шығыстардың экономикалық жіктеуішінің ерекшелігінің құрылымына шығыстардың түрлерін өзгерту бөлігіне өзгерістер енгізгенде;
шығыстардың экономикалық жіктеуішінің ерекшеліктерін дұрыс емес қолданған кезде аумақтық қазынашылық бөлімшелері жүзеге асырады.
3-бөлім. Бюджетті атқару
7-тарау. Бюджеттің атқарылуы туралы жалпы ереже
62. Бюджеттің атқарылуы бюджеттік бағдарламалардың мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған іс-шараларды іске асыру мақсатында бюджетке барлық бюджет түсімдерінің түрлерін толық және уақтылы төлеумен, оларды Бірыңғай қазынашылық шотына (бұдан әрі - БҚШ) есепке алумен және БҚШ-тан төлемдер мен аударымдарды уақтылы жүзеге асырумен қамтамасыз етіледі.
63. Бюджеттің атқарылуы кассалық негізде жүзеге асырылады. БҚШ-ға түсімдерді есепке алу және оларды БҚШ-тан есептен шығару жөніндегі операциялар ақша нысанында есептеледі.
Түсімдер мен шығыстар бойынша есептерді беру нысанын, тәртібі мен мерзімдерін бюджетті атқару бойынша орталық уәкілетті орган белгілейді.
4-бөлім. Ұлттық валютада түсімдер бойынша бюджеттің атқарылуы
8-тарау. Түсімдерді есепке алу мен бөлу
64. Бюджет кодексіне, "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі), республикалық бюджет туралы заңға және тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттерді бекіту туралы мәслихаттардың шешімдеріне және Қазақстан Республикасының басқа да заңнама актілеріне сәйкес ұлттық валютада бюджетке түсетін түсімдер ҚР ББС кірістер сыныптамасының кодтары бойынша БҚШ-ға есептеледі.
Деректемелер төлем құжатының "Бюджеттік сыныптама кодтары" деген тор көзіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген ҚР ББС-қа сәйкес толтырылады.
65. Түсімдердің жинақ шотынан тиісті бюджеттер арасында республикалық, жергілікті бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі - Ұлттық қор) арасында соманы күн сайын толық бөлу, артық төленген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомасын қайтару, түсімдердің бюджеттік сыныптамасының кодтары арасында немесе аумақтық салық қызметі органдарының арасында артық төленген салықты есепке алу жүзеге асырылады.
66. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган күн сайын:
1) "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі - ҚБЕО) төлем жүйесі арқылы екінші деңгейдегі банктерден немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан бюджетке түсетін түсімдер жөніндегі электрондық төлем құжаттарын заңнамада белгіленген тәртіппен қабылдайды;
2) электрондық төлем құжаттарының ресімделу дұрыстығын және толықтығын тексеруді жүзеге асырады;
3) электрондық төлем құжаттары негізінде Түсімдердің жинақ шотына түсімдердің түсуін есепке алуды жүргізеді;
4) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және тиісті мәслихаттардың шешімдеріне сәйкес кірістерді бөлу нормативтері бойынша түсімдер сомасын кейіннен тиісті қолма-қол ақшаны бақылау шотына есептей отырып, республикалық, жергілікті бюджеттер мен Ұлттық қор арасында бөлуді және Ұлттық қорға жіберілетін бюджетке түсетін түсімдер сомасын ҚР ҰБ-дағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шоттарына аударуды жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2007.22.10. № 977 қаулысымен 67-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
67. Түсімдерді бөлуді бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бұйрығымен бекітілетін» «Бюджет деңгейлері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақша бақылау шоты арасындағы түсімдер сыныптамасының түсімдерін бөлу» кестесінің, мұнай операцияларын жүргізу, келісім-шарттар жасасу мен оларды орындау саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган тоқсан сайын беретін мұнай операцияларымен айналысатын, сондай-ақ шикі мұнайды және газ конденсатын іске асыратын заңды тұлғалардың тізбесінің және облыс мәслихатының шешімімен белгіленетін облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті және оның аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттері арасындағы түсімдерді бөлу нормативтерінің негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.