18. Республикалық бюджет кірістері түсімдерінің жоспарларын осы Ережеге 9-12-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша салық, кеден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар ұсынатын аумақтық бөліністегі кірістердің түсімдері жоспарларының жобаларын және оларға есептерді, негіздемелерді ескере отырып, республикалық бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган қалыптастырады.
Жергілікті бюджет кірістері түсімдерінің жоспарларын осы Ережеге 9-12-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша салық, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар ұсынатын кірістердің түсімдері жоспарларының жобаларын және оларға есептерді ескере отырып, республикалық бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган қалыптастырады.
Осы жобалар тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын, тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысы қабылданғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде ұсынылады.
Бюджеттік алу түсімдерінің жоспарларын жоғары тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімін іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органның қаулысына сәйкес және төмен тұрған бюджеттерден бюджеттік алуды айлық аударымдардың және төмен тұрған бюджеттер түсімдерінің айлық болжамды мөлшерін қолдана отырып, есептеудің негізінде осы Ереженің 10-тарауында айқындалған тәртіппен қалыптастырылады.
19. Кірістер түсімдерін, бюджеттік кредиттерді өтеуді, қаржылық активтер мен қарыздарды сатудан түскен түсімдерді айға бөлуді Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес бюджетке төленетін төлемдерді төлеудің белгіленген мерзімдерін, өткен жылдарға бюджетке түсетін түсімдердің серпінін, мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілік серпінін және бағалы қағаздар нарығындағы сұраныстар мен ұсыныстар деңгейін талдауды, жасалған кредиттік шарттар, қарыз шарттары, гранттар туралы келісімдер талаптарын ескере отырып, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
Жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берілген бюджеттік кредиттер бойынша, жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берілген бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша сыйақылар (мүдделер) жөніндегі жоспарлардың жобаларын бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган аталған түсімдердің коды бойынша тұтастай және сол сияқты төмен тұрған бюджеттер бөлінісінде жасайды.
5-тарау. Түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру
жоспарын жасау және бекіту тәртібi
20. Түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландырудың жоспары түсімдер сыныптамасының, шығыстардың ведомстволық және экономикалық сыныптамасының негізінде осы Ережеге 13-15-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша, Түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары түсімдер сыныптамасының және шығыстардың функционалдық сыныптамасының негізінде осы Ережеге 16-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалады.
21. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарын жылдық қаржыландыру жоспары бекітілгеннен кейін екі аптаның ішінде жасайды және бекітеді.
22. Түсімдердің жиынтық жоспары кірістер, бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша түсімдер жоспарларының жобаларын, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түскен түсімдерді, түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына қосу үшін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған қарыздарды жиынтықтау жолымен жасалады.
23. Төлемдер бойынша түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспары түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарына енгізу үшін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін қаржыландыру жоспарларының жобаларын жиынтықтау жолымен және мынадай шарттарды ескере отырып жасалады:
қаржыландырудың жиынтық жоспарларының бюджеттік бағдарламаларының және кіші бағдарламаларының жылдық сомалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қабылдаған қаулысына немесе мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешіміне, ал бастапқы бекіткен кезде шығыстардың экономикалық сыныптамасы бойынша жылдық қаржыландыру жоспарына сәйкес келуі тиіс;
жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берілетін трансферттер мен кредиттердің сомасы төмен тұрған бюджеттің түсімдері мен қаржыландырудың жиынтық жоспарындағы, міндеттемелері бойынша жиынтық жоспарындағы сияқты дәл сондай көлемде және дәл сол айларда жоғары тұрған бюджетті қаржыландырудың жиынтық жоспарларында ескеріледі;
төмен тұрған бюджеттен жоғары тұрған бюджетке берілетін трансферттер, кредиттерді қайтару сомасы және жоғары тұрған бюджеттен алынған кредиттер бойынша төмен тұрған бюджеттің сыйақыларды (мүдделерді) төлеу сомасы жоғары тұрған бюджеттің түсімдері бойынша жиынтық жоспарындағы сияқты дәл сол көлемде және дәл сол айларда төмен тұрған бюджетті қаржыландырудың жиынтық жоспарларында ескеріледі;
бюджетке түсетін түсімдердің және төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландырудың жылдық және айлық жоспарлары түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарында теңгерімделуі тиіс.
24. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға және жергілікті бюджет туралы мәслихат шешіміне және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен жылдық қаржыландыру жоспарына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды және жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімін іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органның қаулыларымен бастапқы қалыптастырылған және бекітілген түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары тиісті қаржы жылына арналған бекітілген бюджетке сәйкес келуі тиіс.
Бастапқы қалыптастырылған және бекітілген жиынтық жоспарлар электрондық дерекқор көшірмесі түрінде қаржы жылының соңына дейін сақталады, оған өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
25. Облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерін атқару жөніндегі уәкілетті органдар тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы Үкіметтің қаулысын бекіткеннен кейін бес жұмыс күні ішінде төмен тұрған бюджеттерге трансферттер мен бюджеттік кредиттерді бөлуге байланысты бюджеттік бағдарламаларға әкімшілік ететін орталық атқарушы органға трансферттер мен бюджеттік кредиттер сомасын оған тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен көзделген айлар бойынша бөлуді береді.
26. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерін атқару жөніндегі уәкілетті орган облыстық бюджеттерді бекіткеннен кейін бес жұмыс күні ішінде төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттерді бөлуге байланысты бюджеттік бағдарламаларға әкімшілік ететін жергілікті атқарушы органға облыстық бюджеттен аудандардың бюджеттеріне (облыстық маңызы бар қалаларға) берілетін трансферттер мен бюджеттік кредиттер сомасын айлар бойынша бөлуді береді.
27. Түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, республикалық бюджет бойынша міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның басшысы немесе өзі өкілеттік берген тұлға бекітеді, оның әзірленуіне жауапты бөлімшенің басшысы қол қояды және олардың мөрімен расталады. Жергілікті бюджеттер бойынша бюджетті атқару жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органның басшысы немесе өзі өкілеттік берген тұлға бекітеді, оның әзірленуіне жауапты бөлімшенің басшысы қол қояды және олардың мөрімен расталады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның басшысы немесе өзі өкілеттік берген тұлға және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның басшысы болмаған жағдайда, түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын оларға міндетін атқаруды жүктеу туралы бұйрыққа сәйкес олардың міндеттерін атқаратын тұлғалар бекітеді.
28. Жоғары тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспары бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде бюджеттік алулар, жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берілген кредиттер мен кредиттерді қайтару бойынша сыйақылар (мүдделер) сомасын ай бойынша бөлуді төмен тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға, қаржыландырудың жиынтық жоспарларымен бекітілген міндеттемелер мен төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландырудың жылдық сомаларын айлар бойынша бөлуді бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жеткізеді.
Жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландырудың жоспарларын бекіткеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төмен тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға жоғары тұрған бюджеттен берілетін трансферттер мен кредиттердің сомаларын айлар бойынша бөлуді жеткізеді.
29. Түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары бекітілгеннен кейін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган екі жұмыс күні ішінде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарға қаржыландырудың жиынтық жоспарымен бекітілген республикалық бюджетке түсетін түсімдер жоспарының айлар бойынша бөлуді жібереді.
ҚР Үкіметінің 2008.25.03. № 283 Қаулысымен 30-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
30. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қаржыландырудың жиынтық жоспарларымен бекітілген міндеттемелер мен төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаларды қаржыландырудың жылдық сомасын айлар бойынша бөлуді алғаннан кейін 3 (үш) күнтізбелік күн ішінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін қаржыландырудың жоспарлары мен жеке қаржыландыру жоспарларын бекітеді және өзіне ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер бойынша бекітілген жеке қаржыландыру жоспарларын қағаз және магнит тасығыштарында:
республикалық бюджет бойынша - бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға;
жергілікті бюджет бойынша - бюджетті атқару жөніндегі жергілікті атқарушы органға береді.
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін қаржыландыру жоспарлары мен жеке қаржыландыру жоспарларын орталық атқарушы орган басшысының келісімінен кейін орталық атқарушы органның жауапты хатшысы (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға), ал мұндай болмаған жағдайда - бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің басшысы бекітеді.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің басшысы немесе ол өкілеттік берген тұлға, орталық атқарушы органның жауапты хатшысы (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға) болмаған жағдайда, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін қаржыландырудың жоспарлары мен жеке қаржыландыру жоспарларын бұйрыққа сәйкес олардың міндеттерін атқаратын тұлғалар бекітеді.
Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган бюджеттік бағдарлама әкімшісі барлық мемлекеттік мекемелер бойынша бекітілген жеке қаржыландыру жоспарларын ұсынғаннан кейін бес күнтізбелік күн ішінде міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың барлық жеке жоспарларының жалпы сомасының әрбір бағдарлама, кіші бағдарлама және ҚР ББС ерекшелігі бойынша және айлар бойынша түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарының, міндеттемелер бойынша жиынтық жоспарының сомасына сәйкес келуін тексеруді жүргізеді және аумақтық қазынашылық бөлімшесіне бекітілген жиынтық қаржыландыру жоспарының бір данасын бекітілген жеке қаржыландыру жоспарларымен, осы Ережеге 17-қосымшаға сәйкес нысан бойынша екі данадағы тізіліммен бірге қағаз және магнит тасығыштарында береді.
Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті атқарушы орган түсімдер мен жиынтық қаржыландыру жоспарының, жергілікті бюджет бойынша міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының және мемлекеттік мекемелерді жеке қаржыландыру жоспарларының сәйкес келуін сондай-ақ олардың аумақтық қазынашылық бөлімшесіне уақтылы ұсынылуын қамтамасыз етеді.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық Уәкілетті Орган және аумақтық қазынашылық бөлімшелері республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың барлық мемлекеттік мекемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын ұсынғаннан кейін сегіз жұмыс күні ішінде міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың барлық жеке жоспарларының жалпы сомасының әрбір бағдарлама, кіші бағдарлама және ҚР ББС ерекшелігі бойынша, айлар бойынша түсімдер мен жиынтық қаржыландыру жоспарының, міндеттемелер бойынша жиынтық жоспарының сомасына сәйкес келуін тексеруді жүргізеді және Қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі - ҚБАЖ) енгізеді.
Белгіленген талаптар орындалмаған кезде жеке қаржыландыру жоспарларды түзету үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне, аумақтық қазынашылық бөлімшесі бюджетті атқару жөніндегі жергілікті атқарушы органға қайтарылады.
31. Түсімдер мен жиынтық қаржыландыру жоспары, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары бекітілгеннен кейін төмен тұрған бюджеттерді атқару жөніндегі уәкілетті органдар үш жұмыс күні ішінде тиісті бюджеттерге бекітілген түсімдердің жиынтық жоспарын айға бөлуді (ерекшеліктердің деңгейіне дейін) жоғары тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
32. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган төмен тұрған бюджеттерді атқару жөніндегі уәкілетті органдардан қабылдаған түсімдердің жиынтық жоспарларын (ерекшеліктердің деңгейіне дейін) 2 (екі) жұмыс күнінде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік органға жеткізеді.
33. Бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар бюджеттік бағдарлама паспорттарын бекіткен күннен бастап он жұмыс күні ішінде оларды аумақтық қазынашылық бөлімшесіне ұсынуды және оларға өзгерістерді беруді қамтамасыз етеді.
34. Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі - Бюджет кодексі) нормаларына сәйкес алдағы қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған республикалық немесе жергілікті қаржы жоспары туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын немесе жергілікті атқарушы органның шешімін шығарған кезде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган осы Ереженің 7-34-тармақтарында белгіленген тәртіппен және мерзімде алдағы қаржы жылына арналған бюджеттің жобасының төрттен бір бөлігі көлемінде тиісті қаржы жылының бірінші тоқсанына түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарын жасайды.
6-тарау. Түсімдер мен жиынтық қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу тәртібi
ҚР Үкіметінің 2007.17.08. № 701 Қаулысымен 35-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
35. Бюджет кодексінде айқындалған жағдайларда, сондай-ақ бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлген кезде, республикалық және жергілікті бюджеттердің ай сайынғы түсімдері мен шығыстарын түзетуді және міндеттемелер бойынша қаржыландыру жоспарларындағы шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері арасында соманы түзетуді талап ететін факторлар пайда болған кезде түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін қаржыландыру жоспарларына, бюджетке түсетін түсімдер жоспарларына, жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жүргізіледі.
Түсімдер мен жиынтық қаржыландыру жоспарына, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінен алынған есепке және өзгерістер негіздемесіне қоса берілетін бюджетке түсетін түсімдер жоспарларын, төлемдер мен міндеттемелер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларын өзгертуге өтінімдер негізінде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган қалыптастыратын түсімдердің жиынтық жоспарына, төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландырудың жиынтық жоспарына және міндеттемелер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізу туралы анықтамалар арқылы жүзеге асырылады.
Өтінімдер мен анықтамалардағы өзгерістер сомасы мың теңгемен, бөлшек қалдығы бар, үтірден кейін бір белгіден аспайтын санмен көрсетіледі. Өтінімдер мен анықтамалар осы Ережеге 18-25, 25-1, 25-2-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша жасалады.
36. Қаржыландырудың жиынтық жоспарларына өзгерістер енгізуге байланысты жұмыс мемлекеттік мекеме дербес қаржыландыру жоспарын өзгертуге өтінім (бұдан әрі - мемлекеттік мекеменің өтінімі) қалыптастырғаннан басталады. Мемлекеттік мекеменің өтінімі негізінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі төлемдер мен міндеттемелер бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшісін қаржыландырудың жоспарларын өзгертуге өтінім (бұдан әрі - бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің өтінімі) қалыптастырады. Түсімдер мен жиынтық қаржыландыру жоспарына, міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізуге өтінім қалыптастырғанға дейін немесе түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын өзгертпестен жеке қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізуге мемлекеттік мекеменің өтінімін қарағанға дейін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға, ал жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі 4-20 "Шығыстар бойынша жиынтық есеп" нысанын алу үшін өзі орналасқан жері бойынша аумақтық қазынашылық органына өтініш жасайды, аумақтық қазынашылық органы қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу рәсімі аяқталғанға дейін жоспарлы жұмсалымдарды өзгерту жоспарланған бағдарламалар, кіші бағдарламалар, ерекшеліктер бойынша мемлекеттік мекеменің міндеттемелерін тіркеуді және оның төлемдерін жүргізуді тоқтата тұрады.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің өтінімімен бір мезгілде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға және жергілікті уәкілетті органдарға қаржыландырудың жиынтық жоспарларына өзгерістер енгізуге байланысты жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге арналған анықтамалардың жобалары магнит тасығыштарында ұсынылады.
Шығыстардың бюджеттік сыныптамасының тиісті кодтары бойынша операцияларды тоқтата тұрған және аумақтық қазынашылық бөлімшесінде оқшаулаған кезде бюджеттік бағдарлама әкімшісі өзінің ведомстволық бағынысындағы мемлекеттік мекемелерге жоспарланған қайта ауыстыру туралы хабарлайды. Бұл ретте мемлекеттік мекемелерге шығыстардың бюджеттік сыныптамасының өзгертілетін кодтары бойынша операцияларды қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу рәсімі аяқталғанға дейін жүргізуге тыйым салынады.
Мемлекеттік мекеменің өтінімі мыналарды ескере отырып қалыптастырылады:
жоспарлы тағайындаулар, рұқсаттар мен кассалық шығыстардың сомалары арасындағы сәйкестікті сақтауды;
төлемдер бойынша жоспарлардың сомасы жылдың басынан басталған кезеңде сол қаржы жылының кезеңіне міндеттемелер бойынша жоспарлардың сомасынан асып кетпеуі тиіс болған кезде міндеттемелер бойынша қаржыландыру жоспары мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспары арасындағы ара қатынасты сақтауды;
қабылданған, бірақ ақы төленбеген міндеттемелерді;
инкассалық өкімдердің болуын;
жоспарлы соманы және шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері бойынша берілген рұқсаттарды азайту қабылданған міндеттемелерді шегере отырып, жоспарлы тағайындаулардың сомасына жүргізілуі мүмкін;
жоспарлы сомаларды бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының бір-бір ерекшеліктері бойынша арттыру (кеміту) басқа ерекшеліктер бойынша жоспарлы соманы кеміту (арттыру) есебінен Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органның қаулысымен қабылданған бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша жылдық сома шегінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Мемлекеттік мекеменің өтініміне оның басшысы немесе өзі уәкілеттік берген тұлға қол қояды және өзгерістерге есептер мен олардың негіздемесі тиісті бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне қоса беріледі.
37. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің өтінімін бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша сома шегінде мемлекеттік мекеменің өтінімдеріне сәйкес бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі қалыптастырады.
Жоғары тұрған бюджеттен трансферттер мен кредиттер алатын төлемдер мен міндеттемелер бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін қаржыландырудың жоспарларын өзгертуге өтінімді төмен тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының тиісті әкімшісіне береді, оның негізінде жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшісі осы бөлімде белгілеген тәртіппен жоғары тұрған бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға өтінім береді.
Өтінімді қалыптастыру кезінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері осы Ереженің 36-тармағында айтылған шарттарды сақтайды.
38. Ағымдағы айдың қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге арналған өтінімді республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға мынадай тәртіппен береді:
аумақтық бөлімшелері және ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелері жоқ республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілері ағымдағы айдың қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге арналған өтінімді ұсынылатын өзгерістерге есептерді және олардың негіздемесін қоса бере отырып, ағымдағы айдың бесінші күніне дейін береді;
аумақтық бөлімшелері және ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелері бар республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілері ағымдағы айдың қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге арналған өтінімді ұсынылатын өзгерістерге есептерді және олардың негіздемесін қоса бере отырып, ағымдағы айдың он бесінші күніне дейін береді.
Ағымдағы айдың қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге арналған өтінімді жергілікті бюджеттік бағдарлама әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ұсынылатын өзгерістерге есептерді және олардың негіздемесін қоса бере отырып, ағымдағы айдың он бесінші күніне дейін береді.
ҚР Үкіметінің 2008.25.03. № 283 Қаулысымен 39-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
39. Қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге арналған өтінімді бюджеттік бағдарлама әкімшілері айына кемінде бір рет береді.
Қаржыландыру жоспарларын өзгертуге бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің өтінімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша, сондай-ақ өкілдік шығындарға қаражат бөлуге немесе атқарушы парақтарды орындау үшін - шектеусіз, ал соңғы айда - ағымдағы қаржы жылының аяқталуына үш жұмыс күні қалғанда қабылданады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік борышқа қызмет көрсету мен өтеуді, бағамдық айырманы, форс-мажор жағдаяттарын, бағаның өзгеруі мен заттай тұтыну көлемі есебінен пайда болған жете пайдаланылмаған қаражат қалдықтарын, бос қызмет орындарының бар болуы, ақысыз демалыс беру және уақытша еңбекке жарамсыз парақтары бойынша төлемдер есебінен ағымдағы шығындар бойынша үнемдеуді, Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві жөнінде Үкімет шешімдері қабылданбаған оның бөлінбеген қалдығын қоспағанда, жоспарланғанға қарағанда бюджет қаражатын алушылардың іс жүзіндегі санын азайтуға, кредиттер, қарыздар бойынша сыйақы (мүдде) ставкасын өзгертуге жол берілмейді.
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға бюджеттік бағдарламалардың әкімшісін қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге өтінімді қағаз түрінде және магниттік тасығыштармен береді.
Қаржыландыру жоспарларын өзгертуге бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің өтініміне орталық атқарушы орган басшысының келісімінен кейін орталық атқарушы органның жауапты хатшысы (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға), ал мұндай болмаған жағдайда - қаржыландыру жоспарын жасауға жауапты бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің басшысы және бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің құрылымдық бөлімшесінің басшысы, ал олар болмаған кезеңде - тиісті бұйрықтармен олардың міндеттерін орындау жүктелген тұлғалар қол қояды және ол бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің мөрімен расталады.