Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы
өткізу пункттерінің жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 желтоқсандағы № 1240 Қаулысы
(2006.17.08. берілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2007 жылғы 29 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 13 қаңтардағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің жұмысын белгілеу және ұйымдастыру ережесі;
2) Адамдар, көлік құралдары мен жүктер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтетін кезде оларды өткізу пункттерінде бақылауды жүргізу тәртібі туралы нұсқаулық;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін жайластыруға және оларды техникалық жарақтандыруға қойылатын үлгі талаптар;
4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін санаттандыру ережесі және оларда орналастырылған бақылау органдарының үлгі штаттары бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2005 жылғы 13 желтоқсандағы
№ 1240 қаулысымен
Бекітілген
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы
арқылы өткізу пункттерінің жұмысын белгілеу және
ұйымдастыру ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің жұмысын белгілеу және ұйымдастыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің (бұдан әрі - өткізу пункттері) жұмысын белгілеу және ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Өткізу пункттері Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен халықаралық қатынасын қамтамасыз етуге арналған.
3. Өткізу пункттері Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес халықаралық қатынас үшін ашық теңіз және өзен кемежайларында, әуежайларда (әуе айлақтарда), шекаралық темір жол станциялары мен вокзалдарда, сондай-ақ шекара аймағының шегіндегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына тікелей жақын арнайы бөлінген жергілікті жер учаскелерінде және өзге де жерлерге орналастырылады.
Көрсетілген объектілер аумақтарының шегіндегі өткізу пункті шекара, кеден органдары және өзге де бақылау түрлері қызметін жүзеге асыратын өткізу пунктінің жұмысын қамтамасыз ететін, тиісті технологиялық жабдығы бар ғимараттар, үй-жайлар және құрылыстар кешенін қамтиды.
4. Жеке тұлғалардың мемлекеттік шекарадан өтуінің, ол арқылы көлік құралдарының, жүктердің, тауарлардың, жануарлардың, өсімдік өнімінің және өзге де мүліктің (бұдан әрі - көлік құралдары мен жүктер) өтуінің белгіленген ережелерінің сақталуын бақылауды қамтамасыз ету үшін өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шекаралық, кедендік, санитарлық-карантиндік, ветеринарлық, фитосанитарлық, көліктік бақылау бөлімшелері (бұдан әрі - бақылау органдары) құрылады.
5. Өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген бақылаудың басқа түрлерін ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың шекарадан өтетін көлік құралдарына, жүктерге және жолаушыларға қызмет көрсетумен байланысты емес шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыруына жол берілмейді.
6. Өткізу пункттері халықаралық қатынастың түріне, сипатына және жұмыс тәртібіне байланысты былайша жіктеледі:
қатынастар түрі бойынша - теңіз (өзен), әуе, автомобиль, темір жол, жаяу жүргінші;
халықаралық қатынастар сипаты бойынша - жолаушылар, жүктер, аралас;
жұмыс тәртібі бойынша - тұрақты, уақытша, маусымдық.
7. Өткізу пункттері:
азаматтығына (бодандығына) қарамастан жеке тұлғалардың және үшінші елдердің аумағында тіркелген көлік құралдарының мемлекеттік шекарадан өтуі үшін - көп жақты;
шекарадан Қазақстан Республикасының және шекаралас мемлекеттің азаматтары мен көлік құралдары ғана өтуі үшін екі жақты болуы мүмкін.
Екі жақты өткізу пункттері азаматтарды жеңілдетілген тәртіппен өткізу үшін жеңілдетілген болуы мүмкін.
8. Өткізу пункттерінің жіктелуін және қатынас түрін көрсете отырып, оларды ашу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері ресми баспасөзде жариялауға жатады және белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық (консулдық) өкілдіктеріне және мүдделі халықаралық ұйымдарға, Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық және консулдық өкілдіктеріне жеткізеді.
2. Өткізу пункттерін орнату тәртібі
9. Өткізу пунктін орнатудың орындылығын айқындау үшін мүдделі мемлекеттік орган (бұдан әрі - бастамашы) мемлекеттік органдарға мынадай материалдарды жібереді:
өткізу пунктін орнатудың орындылығын, жоспарланатын өткізу қабілетін және ашылу мерзімін, құрылысқа (қалпына келтіруге) кететін шығындардың есептемесін, жабдықты, техникалық жарақтауды, көлік, инженерлік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды құру мен дамытуды, сондай-ақ қаржыландыру көздерін көрсете отырып, оны орнату туралы қолдаухатты;
жергілікті (облыстық) атқарушы органның өз аумағында өткізу пунктін орнатуға келісімін (егер ол бастамашы болып табылмаған жағдайда);
бақылау органдарының өкілдеріне әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жасау жөніндегі бастамашының міндеттемесін.
Бақылау органдары олар ұсынған материалдарды қарайды және бір ай мерзімде бастамашыға өз қорытындысын жібереді. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мәселені шекаралас мемлекетпен келіседі, одан кейін бастамашы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері бойынша тиісті келісім жобасын дайындайды.
10. Бастамашы өткізу пунктін белгілеу туралы шешімді қабылдау үшін мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген, оның жіктемесі көрсетілген өткізу пунктін белгілеу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын Қазақстан Республикасы Үкіметіне ұсынады.
11. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктін белгілеу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған нормативтік құқықтық кесім объектілерді жобалауға, салуға (қайта жаңартуға), жайластыруға және өткізу пунктін жарақтандыруға қаржыландыруды ашу, көлік, инженерлік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылым құру және дамыту үшін, сондай-ақ онда бақылау органдарын құру үшін негіздеме болып табылады.
3. Өткізу пункттерінің жұмысын ұйымдастыру ережелері
12. Өткізу пунктін белгілеу туралы Үкіметтің шешімі қабылданғаннан кейін бастамашы өз құзыреті шегінде тапсырыс берушінің өткізу пунктін жобалау, салу (қайта құру), жабдықтау және техникалық жарақтандыру жөніндегі функциясын атқарады.
13. Тапсырыс беруші мүдделі мемлекеттік органдар ұсыныстарының негізінде өткізу пунктін жобалауды және салуды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қамтамасыз етеді.
14. Өткізу пунктін салу (қайта құру), жабдықтау және техникалық жарақтандыру аяқталғаннан кейін тапсырыс беруші, белгіленген тәртіппен аяқталған объектіні қабылдауды қамтамасыз етеді.
15. Өткізу пунктінің жалпы жұмыс тәртібі (жұмыстың басталу және аяқталу уақыты, технологиялық үзілістері, графиктері, мемлекеттік шекара арқылы жүретін көлік құралдары мен жүктердің қозғалыс кестелері) халықаралық келісіммен немесе көлік ұйымдары әкімшілігімен (әуежайдың, теңіз немесе өзен кемежайларының, шекаралық темір жол вокзалының, станциялардың және өзге де көлік кәсіпорындарының бастықтарымен) келісім бойынша бақылау органдары басшыларының бірлескен шешімімен бекітіледі.
Өткізу пунктінің жалпы жұмыс тәртібі шекаралас мемлекеттердің шекара өкілдерімен келісіледі.
16. Бақылау органдарының постыларын орналастыру аймағында бажсыз сауда дүкендерін қоспағанда қызмет көрсету саласының объектілерін орналастыруға тыйым салынады.
17. Нақты өткізу пункттерінің жергілікті жағдайларын ескере отырып, бақылау органдары басшыларының және көлік ұйымдары әкімшіліктерінің бірлескен шешімдерімен өткізу пунктінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы жеке тұлғаларды, көлік құралдары мен жүктерді өткізудің бірлескен технологиялық схемалары қолданысқа енгізіледі.
18. Бақылау органдары мен көлік ұйымдарының әкімшіліктері өткізу пункттерінде өздерінің қызметін мынадай негізгі бағыттар бойынша үйлестіреді:
өткізу пунктінде қалыптасқан жағдайды бірлесіп талдау, жолаушы және жүк лектерін өзгерту бойынша үрдістерді, жеке тұлғалардың мемлекеттік шекарадан өту және шекара арқылы көлік құралдары мен жүктерді өткізу ережелерін ықтимал бұзушылықтарды болжау;
өткізу пунктінің жұмысын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және іске асыру;
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтудің бірлескен технологиялық схемалары мен өзара іс-қимыл жоспарларын әзірлеу және бекіту.
19. Өткізу пункті уақытша немесе толық жабылуы мүмкін.
20. Өткізу пунктін уақытша жабу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша төтенше жағдайлар, дүлей зілзалалар, техногендік сипаттағы және көлік қатынасын жүзеге асыруға немесе бақылау органдарының жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейтін басқа да жағдайларда, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайларда жүргізілуі мүмкін.
Қажетті жағдайларда (мемлекеттік шекараны бұзушыларды іздеген, өткізу пункті ауданындағы криминогендік ахуал шиеленіскен жағдайларда, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы нашарлаған жағдайда және ел аумағына жұқпалы және паразиттік ауруларды әкелуді болдырмау мақсатында) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасымен, Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерімен келісім бойынша Шекара қызметі директорының шешімімен Қазақстан Республикасының шекара өкілдері шекаралас тараптың өкілдерін хабардар ете отырып, нақты өткізу пунктінің жұмысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.
21. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген тәртіппен өткізу пунктін уақытша жабу туралы шешімді қабылдау немесе бұзу туралы Қазақстан Республикасымен шекаралас мемлекеттерге, ал қажет болған жағдайда - басқа да мүдделі мемлекеттерге дипломатиялық арналар бойынша хабарланады.
22. Уақытша жабылатын өткізу пунктінің жұмысы қайта басталғанға дейін бақылау органдарының құрылымдық бөлімшелері таратылуға жатпайды және олар бағынысында болатын тиісті басшылардың шешімі бойынша пайдаланылады.
23. Өткізу пункті:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы көлік қатынасын тоқтату туралы Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының күшіне енуі;
Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын тиісті халықаралық шартқа өзгерістер енгізу немесе өткізу пунктінің одан әрі жұмыс істеуінің орынсыздығы немесе мүмкін болмайтындығы туралы Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының, облыстардың жергілікті атқарушы органдарының ұсынымы бойынша, одан Қазақстан Республикасының шығуы;
Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын тиісті халықаралық шарттан қатысушы мемлекеттің шығуы негізінде толық жабылуы мүмкін.
24. Өткізу пунктін толық жабу кезінде, жабудың бастамашысы өткізу пунктін жабу туралы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген қорытынды дайындайды және оны Үкіметтің қарауына енгізеді.
25. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін жабдықтау және ұстау үшін жауапкершілік теңгерімінде осы өткізу пункті болатын мемлекеттік органға жүктеледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2005 жылғы 13 желтоқсандағы
№ 1240 қаулысымен
Бекітілген
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін
санаттандыру ережесі және оларда орналастырылған бақылау органдарының
үлгі штаттары
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері жолаушылар мен жүк ағымдарының қарқындылығына, олардың жұмыс режиміне қарай мынадай санаттарға бөлінеді:
Өткізу пункт- терінің санаты | Жұмыс режі- мі (са- ғат) | Қозғалыстың қарқындылығы (күніне) | Өткізу пункттерінің ерекшеліктері |
жолаушы- лардың | көліктің |
1-санат. Көпжақты | 24 | 1000-нан астам | 200-ден астам | Әуежайларда, теңіз, өзеy кеме- жайларында, темір жол станцияларымен қарқынды қозғалыс- ты автомагистраль- дарда құрылады |
2-санат. Көпжақты | 24 | 800-ге дейін | 180-ге дейін |
3-санат. Көпжақты | 24 (12) | 500-ге дейін | 150-ге дейін |
4-санат. Екіжақты | 24 (12) | 400-ге дейін | 100-ге дейін |
5-санат. Екіжақты | 12 | 300-ге дейін | 50-ге дейін | Басқа автожолдарда құрылады |
6-санат Жеңілде- тілген өткізу пункті | 12 | 200-ге дейін | 30-ға дейін | Шекара маңындағы аудандардың тұрғындарын жеңілдетілген тәртіппен өткізу үшін құрылады |
Өткізу пункттерінің санаты негізге алына отырып, штат санының белгіленген лимиті шегінде бақылау органдарының мынадай үлгілік штаттары белгіленеді:
Өт- кізу пунк- тінің са- наты | Бақылау органдарының үлгілік штат саны | Ес- керту |
ҚР ҰҚК ШҚ БӨП | ҚМ КБК КБ | Кө- лік- тік бақы- лау | Денсау- лық сақтау- минінің СКП | Ауылшар- минінің ветери- нарлық бақылауы | Фито- сани- тарлық бақылау |
1* | 200 және одан астам | 100* | 12 | 10 | 10 | 10 | ** |
2 | 100 | 50 | 12 | 10 | 10 | 10 | ** |
3 | 60 | 40 | 9 | 10 | 10 | 10 | ** |
4 | 40 | 30 | 9 | 5 | 5 | 5 | ** |
5 | 20 | 20 | 9 | 5 | 5 | 5 | ** |
6 | 20-ға дейін | Барлық бақылау органдарының функциялары ҚР ҰҚК ШҚ БӨП-ке жүктелген, тауарлардың коммерциялық өткізілуі жүзеге асырылмайды | |
Ескерту:
- ҚР ҰҚК ШҚ БӨП - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бақылау-өткізу пункті.
- ҚМ КБККБ - Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің кеден бекеті.
- Денсаулық сақтау минінің СКП - Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-карантиндік пункті.
* - мемлекетаралық қатынастарды дамыту үшін маңызды мәні бар 1-санатты өткізу пункттерін (Астана, Алматы қалаларының әуежайлары), сондай-ақ қарқынды жол қатынасында орналасқан темір жол мен автомобильдік өткізу пункттерін орнату кезінде бақылау органдарының штаттары уәкілетті министрліктер мен ведомстволардың дәлелді ұсыныстары негізінде жеке шешімдермен белгіленеді.
** - қайтадан ашылатын өткізу пункттерін орнату кезінде бақылау органдарының көрсетілген штат санын бөлу өткізу пунктін ашу туралы Үкімет қаулысында көзделеді.