ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 533 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2005 жылғы 13 желтоқсандағы
№ 1240 қаулысымен
Бекітілген
Адамдар, көлік құралдары мен жүктер Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік шекарасынан өтетін кезде оларды өткізу
пункттерінде бақылауды жүргізу тәртібі туралы
нұсқаулық
(2006.17.08. берілген өзгерістерімен)
Осы адамдар, көлік құралдары мен жүктер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтетін кезде оларды өткізу пункттерінде бақылауды жүргізу тәртібі туралы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) адамдар, көлік құралдары мен жүктер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтетін кезде оларды өткізу пункттерінде бақылауды ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін белгілейді.
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтуге белгіленген өткізу пункттерінде ғана жол беріледі. Шекарадан өту кезінде адамдар, көлік құралдары, тауарлар және жүктер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекаралық, кедендік және өзге де түрдегі (көліктік, санитарлық-карантиндік, ветеринарлық, фитосанитарлық) бақылауға жатады.
2. Өткізу пунктінде мемлекеттік бақылаудың тиісті түрлері мынадай дәйектілікпен жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасына кіру кезінде:
шекаралық;
санитарлық-карантиндік;
ветеринарлық;
фитосанитарлық;
көліктік;
кедендік.
2) Қазақстан Республикасынан шығу кезінде:
санитарлық-карантиндік;
ветеринарлық;
фитосанитарлық;
көліктік;
кедендік;
шекаралық.
Бақылау операцияларын жүзеге асырудың дәйектілігі өткізу пунктінің нақты жағдайлары негізге алына отырып, мемлекеттік бақылау органдарының келісілген шешімі бойынша өзгеруі мүмкін. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде және ел аумағына жұқпалы және паразиттік аурулардың әкелінуін болдырмау мақсатында санитарлық-карантиндік бақылау басқа бақылау түрлерінен бұрын болады.
2. Шекаралық бақылау
3. Өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылауды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелері жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жалпы жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
4. Шекаралық бақылау мынадай нысанда жүзеге асырылады:
Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келу (кету) құқығына негіздемелердің жеткіліктілігін анықтау мақсатында мемлекеттік шекарадан өту құқығына арналған құжаттарды тексеру;
көлік құралдары мен жүктерді тексеру;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілетін шекара режимін қамтамасыз ету жөніндегі әскери, режимдік іс-қимылдар, жедел және әкімшілік іс-қимылдар.
5. Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінен тыс жерлерде шекаралық бақылау жүргізуге жол берілмейді.
6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өту құқығына арналған құжаттарды тексеру құжаттардың түпнұсқасын тексеру және шекарадан өту құқығына негіздемелердің жеткіліктілігін анықтау үшін компьютерлік және өзге техникамен жарақталған арнайы павильондарда (паспорттық бақылау кабиналарында) жүзеге асырылады.
7. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріне келген және шекара арқылы өту үшін жеткілікті негіздемелері жоқ адамдар Қазақстан Республикасына кірер кезде Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық конвенциялардың, келісімдердің талаптарына сәйкес шекара арқылы өткізілмейді және олар келген немесе азаматы болып табылатын елге қайтарылады.
Қазақстан Республикасынан шыққан кезде мұндай адамдар Қазақстан Республикасының шекарасынан өту құқығына арналған тиісті құжаттарды алғанға дейін шекарадан өткізілмейді.
8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктіне келген адамдарға шекарадан өтуге мынадай негіздемелер бойынша бас тартылуы мүмкін:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өту құқығына тиісінше ресімделген құжаттары болмағанда;
егер аталған азаматқа бұрын Қазақстан Республикасы аумағынан әкімшілік жолмен кетіру шарасы қолданылса;
Қазақстанға келу мақсаты мәлімделгеніне сәйкес келмейді деуге жеткілікті негіздемелер болғанда.
9. Шекара арқылы өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау рәсімі мыналардан тұрады: Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктіне келгеннен кейін келу кезектілігі тәртібімен Қазақстан Республикасының олар азаматтары болып табылатын мемлекеттермен жасасқан үкіметаралық келісімдеріне сәйкес белгіленген мемлекеттік шекарадан өту құқығына арналған құжаттарының бірін бақылауға өз қолымен ұсынады.
Шекара арқылы автомашинамен жолаушы ретінде өтетін адамдар шекаралық бақылаудан арнайы павильондарда (ғимараттарда), ал көлік құралдарының жүргізушілері - тексеру алаңдарында, тікелей өз автомашиналарының қасында өтеді. Әуе, теңіз көліктерімен келген адамдар - әуежайлардың, теңіз кемежайларының арнайы павильондарында (залдарында), ал темір жол көлігімен келгендер тікелей шетелге баратын поездардың вагондарында немесе шекаралық станциялардағы жабдықталған залдарда өтеді.
10. Кезектен тыс шекаралық бақылау:
мемлекет және үкімет басшылары, үкімет және парламент делегацияларының басшылары, Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық және сауда өкілдіктерінің басшылары, Қазақстан Республикасында тіркелген шетел дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары отырған;
ауыр науқастарды, балаларды, тез бұзылатын жүктерді, жануарларды, радиоактивті материалдарды таситын;
тұрақты түрде жолаушылар тасымалдайтын автокөліктерге қатысты жүргізіледі.
11. Мемлекеттік шекара арқылы жүретін барлық қазақстандық және шетелдік көлік шекаралық бақылау процесінде адамдарды паспорттық бақылаумен бір мезгілде жүргізілетін тексеруге ұшырайды.
12. Көлік пен жүктерді тексеру жалпы және тереңдетілген болуы мүмкін. Жалпы тексеру дағдылы тәртіппен көлік құралының сыртқы және ішкі бөліктерін дәйекті түрде тексеру арқылы жүзеге асырылады.
13. Көлік құралын тереңдетілген тексеру автомашинада құпия орынның, жасырынған адамдардың бар екенін көрсететін белгілер анықталған немесе мәліметтер болған кезде; тасымалданатын контейнерлерде орамдардың тұтастығы, пломбылар, мөрлер бұзылған кезде, сондай-ақ құзыретті органдардың мұндай тексеру жүргізуге нұсқауы болған кезде жүргізіледі.
14. Көлік құралдарын тексеру барысында мынадай ережелер сақталады:
автокөлікті тексеру жүргізушіден Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өту құқығына арналған құжаттарын тексергеннен кейін ғана, басқа көлік құралдарын тексеру шетелге баратын жолаушылар түскеннен (кеткеннен) кейін басталады;
тексеру алдында автомашина (поезд купесінің, теплоход каютасының жолаушыларын) жүргізушісінен (иесінен) онда тексеруден жасырған заттардың бар-жоғы нақтыланады, ал автобустар мен жеңіл автомашиналардан жол жүгі мен қол жүктері түсіріледі, оларды кеден қызметкерлері жолаушылардан бөлек қарайды;
көлік құралдарын қарауды шекаралық наряд кеден қызметкерлерімен бірлесіп және міндетті түрде автомашина жүргізушісінің (иесінің) қатысуымен жүзеге асырады.
15. Пломбаланған автофургондарды, контейнерлерді және ірі көлемді жүктерді қарау кезінде қызметтік иттер мен арнайы техника қолданылады.
16. 1975 жылғы «Халықаралық жол тасымалы кітапшасын қолданумен жүктерді халықаралық тасымалдау туралы» Кеден конвенциясында жазылған ережелерді сақтай отырып, жүктерді пломбаланған автомашиналарда немесе пломбаланған контейнерлерде тасымалдайтын автокөлік құралдары автомашинада құпия орындардың, жасырынған адамдардың бар екендігін көрсететін белгілер немесе басқа да деректер, тасымалданатын контейнерлердегі орамдар бүтіндігінің, пломбалардың, мөрлердің бұзылуы, сондай-ақ құзыретті органдардың мұндай тексеруді жүргізуге нұсқауы болмаған жағдайда, ашылмайды және жүк тексерілмейді.
17. Егер автомашиналарды (контейнерлерді) қарау кезінде пломбылардың жарамсыздығы немесе онда мемлекеттік шекараны бұзушылардың не заңсыз тасымалданатын материалдар мен заттардың жасырылуы мүмкін екендігін көрсететін белгілер анықталса, пломбаланған автомашина (контейнер) комиссиямен ашылады және жүкке толық тексеріс жүргізіледі.
18. Кеден бекеттері жоқ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы оңайлатылған өткізу пункттерінде жүктерді және жеке пайдалануға арналған (өндірістік немесе өзге де коммерциялық қызметтерге арналмаған) өзге де мүлікті тексеруді және өткізуді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бақылау-өткізу пункттері жүргізеді.
3. Кедендік бақылау
19. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде кедендік бақылау Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады және кеден органдарының ерекше құзыретінде болады.
4. Ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау
20. Ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің уәкілетті органы Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы», «Өсімдіктер карантині туралы» заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырады.
21. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау өткізілетін бақылаудағы жүктердің көлеміне қарамастан міндетті тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Көліктік бақылау
22. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобильдік өткізу пунктінде автокөлік құралдарын көліктік бақылауды «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау органдары жүзеге асырады.
23. Автомобильдік өткізу пункттеріндегі қызметтік міндеттерін атқаратын көліктік бақылау органдарының қызметкерлері автокөлік құралдарының өтуін бақылауды мынадай тәртіппен жүзеге асырады:
ҚР Үкіметінің 2006.17.08. № 774 Қаулысымен 1) тармақша өзгертілді
1) жол жүру құжаттарын (рұқсат қағазын, тауарлық-көліктік жүк құжатын (СМR), халықаралық жол тасымалы кітапшасын (ТIR Саrnеt), жол парағын, техникалық паспортын), тахографтың немесе жүргізушілердің еңбек ету және демалу режимінің есебін тіркеу парағының, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру және/немесе автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарының, халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру құқығына есеп құжаттарының (лицензиясының) болуын (шетелдік тасымалдаушыларда - егер олардың мемлекеттерінің заңнамасында ондай көзделсе) тексереді;
ҚР Үкіметінің 2006.17.08. № 774 Қаулысымен 2) тармақша өзгертілді
2) рұқсат қағазы, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы және/немесе көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттары болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес шаралар қолданылады;
3) тауарлық-көліктік жүк құжаты, жол парағы, техникалық паспорты болмаған жағдайда автокөлік құралы жалпы лектен шығарылады және оның Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне жол бермеу жөнінде шаралар қолданылады;
4) автокөлік құралы жолаушылар мен жүктердің тасымалдарын тұрақты түрде жүзеге асырған кезде, мынадай тиісті рұқсат беру құжаттарының болуы тексеріледі:
осы бағыт бойынша жолаушылар тасымалдарына арналған рұқсат беру қағазының (куәліктің) түпнұсқасы;
аумақтары бойынша бағыт өтетін мемлекеттердің құзыретті органдарымен келісілген осы бағыт бойынша қозғалыс кестесінің түпнұсқасы (автобус салонында);
аумақтары бойынша бағыт өтетін мемлекеттердің құзыретті органдарымен келісілген мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері көрсетілген бағыт схемасының көшірмесі (автобус салонында);
5) тұрақты емес жолаушылар тасымалдары кезінде:
егер бұл халықаралық автомобильдік қатынас туралы тиісті келісімде көзделсе, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүруге рұқсат қағазының;
жолаушылар тізімінің;
шетелдік автокөлік құралдарының кіруін тіркеу талонының (мемлекеттерімен рұқсат берусіз жол жүру жүйесі белгіленген тасымалдаушылар үшін) болуы тексеріледі.
6. Санитарлық-карантиндік бақылау
24. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылауды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы, көліктегі мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жүргізеді.