5. Қатаң режимдегi түзеу колонияларында аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған, сондай-ақ сотталушы бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген болса, қылмыстар қайталанған жағдайда сотталған еркектер мен қылмыстар аса қауiптi қайталанған жағдайда әйелдер жазасын өтейдi.
6. Айрықша режимдегi түзеу колонияларында қылмыстар аса қауiптi қайталанған жағдайда еркектер, өмiр бойы бас бостандығынан айырылғандар, сондай-ақ өлiмге кесу түріндегі жазасы кешiрiм жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар жазасын өтейдi.
7. Мәжбүрлеп және мiндеттi емдеудi жүзеге асыратын түзеу мекемелерiнде осы Кодекстiң 16-бабының 1 және 4-тармақтарында аталып өткен сотталғандар жазасын өтейдi.
8. Түрмелерде ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшiн, қылмыстар аса қауiптi қайталанған жағдайда бес жылдан астам мерзiмге сотталған, сондай-ақ жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзып, түзеу колонияларынан ауыстырылған адамдар жазасын өтейдi, сондай-ақ өлiм жазасын орындауға мораторий енгiзiлгенге дейiн немесе мораторий қолданылған уақытта өздерiне қатысты өлiм жазасы туралы үкiм күшiне енген адамдар ұсталады.
9. Тәрбиелеу колонияларында бас бостандығынан айыруға сотталған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ жиырма жасқа жеткенге дейiн тәрбиелеу колонияларында қалдырылған сотталғандар жазасын өтейдi.
69-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырулар және өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы № 529-II Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
70-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды жазасын өтеуге жiберу
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар тергеушiлiк оқшаулау орнының әкiмшiлiгi соттың үкімі заңды күшiне енгенi туралы хабарламаны алған күннен бастап он күн мерзiмнен кешiктiрiлмей жазасын өтеуге жiберiледi. Осы мерзiм iшiнде сотталушының туыстарымен немесе өзге адамдармен қысқа мерзiмдi кездесуге құқығы бар. Сотталғандарды түзеу мекемелерiне жiберу тәртібін Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі белгiлейдi.
2. Тергеушiлiк оқшаулау орнының әкiмшiлiгi сотталушының қалауы бойынша туыстарының бiрiн не заңды өкiлiн оның жазасын өтеу үшiн қайда жiберiлiп отырғаны туралы хабардар етуге мiндеттi.
70-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 29 желтоқсандағы № 25-III Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
71-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың орнын ауыстыру
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын өтеу орнына жiберiледi және бiр жазасын өтеу орнынан екiншiсiне айдап апару арқылы ауыстырылады.
2. Сотталғандарды айдап апару арқылы орнын ауыстыру ұстау ережелерi сақтала отырып: еркектер әйелдерден бөлек, кәмелетке толмағандар - ересектерден бөлек; өлiм жазасына кесiлгендер - сотталғандардың басқа санаттарынан бөлек; бiр қылмыстық iс бойынша өтушi тергелiп-сотталғандар - бөлек-бөлек, өкпе туберкулезiнiң ашық түрiмен ауыратындар немесе соз ауруынан емделудiң толық курсынан өтпегендер, жүйкесi ауыратындар, СПИД-пен ауыратындар және ВИЧ жұқтырғандар - бiр-бiрiнен бөлек және денi саулардан бөлек, қажет болған жағдайда дәрiгердiң қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерiнiң ерiп жүруiмен жүзеге асырылады.
3. Сотталғандарды айдап апару арқылы орнын ауыстыру кезiнде олар қажеттi тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық жағдайлармен қамтамасыз етiледi.
4. Сотталғандарды орнын ауыстыру кезiнде оларды мекеме (жөнелтушi орган) маусымдық киіммен, аяқ киіммен, сондай-ақ жолдағы бүкiл кезеңде сотталғандар үшiн белгiленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етедi.
5. Сотталғандардың орнын ауыстыру мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
6. Сотталғандардың орнын ауыстыру тәртібі осы Кодекске сәйкес қабылданатын нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
72-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдыру
1. Жазасын өтеу жалпы режимдегi түзеу колониясына тағайындалған, бес жылдан аспайтын мерзiмге бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар ерекше жағдайларда өздерiнiң келісімiмен шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшiн тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдырылуы мүмкiн.
2. Сотталғандарды шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшiн қалдыру сотталушының жазбаша келісімi болған жағдайда тергеушiлiк оқшаулау орны немесе түрме бастығының қаулысымен жүргiзiледi.
3. Тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшiн қалдырылған сотталғандар жалпы режимдегi түзеу колониялары үшiн осы Кодексте көзделген жағдайларда өзге адамдардан оқшау жабылмайтын жалпы камераларда ұсталады.
4. Басқа адам жасаған қылмыс туралы iс бойынша тергеу iс-әрекетiн жүргiзу қажет болған жағдайда жазасын түзеу колониясында немесе тәрбиелеу колониясында өтеумен бас бостандығынан айыруға сотталушы Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында белгiленген мерзiмге тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдырылуы мүмкiн.
5. Басқа адам жасаған қылмыс туралы iс бойынша сот қарауына қатысу қажет болған жағдайда сотталушы соттың қаулысы бойынша iстi сотта қарау уақытында тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдырылуы мүмкiн.
6. Егер сотталушы басқа iс бойынша қылмыстық жауапқа тартылып, ол жөнiнде қамауға алу түрiнде тыйым салу шарасы таңдап алынған болса, оны тергеушiлiк оқшаулау орнында ұстау мерзiмдерi Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарына сәйкес белгiленедi.
7. Сотталушы түзеу мекемесiнен тергеушiлiк оқшаулау орнына немесе түрмеге осы баптың 4, 5 және 6-тармақтарында аталған негiздер бойынша ауыстырылуы мүмкiн.
73-бап. Түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға мiнез-құлқына және еңбекке көзқарасына қарай түзеу мекемесiнiң түрi өзгертiлуi мүмкiн.
2. Өзiн жақсы жағынан көрсеткен сотталғандар жазасын одан әрi өтеу үшiн:
сотталғандар түрмеде сот үкімі бойынша тағайындалған мерзiмiнiң кемiнде жартысын өтегеннен кейiн түрмеден түзеу колониясына;
ұстаудың жеңiлдетiлген жағдайларындағы сотталғандар ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар жасағаны үшiн жаза мерзiмiнiң кемiнде төрттен бiрiн, ауыр қылмыстар жасағаны үшiн жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн өтегеннен кейiн, ал аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн сотталғандар немесе бас бостандығын айыруды өтеуден шартты мерзiмiнен бұрын босатылған және жазаның өтелмей қалған кезеңiнде жаңа қылмыстар жасаған сотталғандар жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екiсiн өтегеннен кейiн жалпы және қатаң режимдегi түзеу колонияларынан колония-қонысқа ауыстырылуы мүмкiн.
3. Мыналар:
қылмыстардың аса қауiптi қайталануы жағдайында сотталғандар;
өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ өмiр бойы бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртібімен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар;
өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар;
мiндеттi емделуден өтпеген, сондай-ақ жабық үлгiдегi медицина мекемелерiнде арнайы емдеудi талап ететiн сотталғандар;
колония-қонысқа ауыстыруға жазбаша түрде келісім бермеген сотталғандар колония-қонысқа көшiрiлуге жатпайды.
4. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзушылар болып табылатын сотталғандар:
колония-қоныстан бұрын сот айқындаған түрдегi түзеу колониясына;
сот үкімі бойынша өздерi жiберiлген колония-қоныстан жалпы режимдегi түзеу колониясына;
жалпы және қатаң режимдегi түзеу колонияларынан түрмеге өздерi жiберiлген режим түріндегі түзеу колониясында жазаның қалған мерзiмiн өтеуге үш жылдан аспайтын мерзiмге түрмеге ауыстырылуы мүмкiн.
5. Түзеу мекемесiнiң түрiн өзгертудi түзеу мекемесi бастығының ұсынуы негiзiнде сот жүзеге асырады.
73-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
74-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды түзеу мекемелерiне қабылдау
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды түзеу мекемелерiне Iшкi тәртiп ережелерiнде белгiленген тәртiппен түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi қабылдайды.
2. Түзеу мекемелерiне келген сотталғандар он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге карантин бөлiмшесiне орналастырылады. Сотталғандар карантин бөлiмшесiнде болған кезеңiнде әдеттегi жазаны өтеу жағдайларында болады.
75-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды түзеу мекемелерiнде бөлек ұстау
1. Түзеу мекемелерiнде бас бостандығынан айыруға сотталған еркектер мен әйелдердi, кәмелетке толмағандар мен ересектердi бөлек ұстау белгiленедi.
2. Бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген сотталғандардан бөлек ұсталады. Бiр түзеу мекемесiнде бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған әйелдер бұл жазаны бұрын өтеген әйелдерден бөлек ұсталуы мүмкiн. Қылмыстар аса қауiптi қайталанған жағдайда сотталғандар; өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар; өмiр бойы бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртібімен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар; өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар басқа сотталғандардан оқшау, сондай-ақ бөлек ұсталады.
3. Сотталған бұрынғы сот және құқық қорғау органдарының қызметкерлерi бөлек түзеу мекемелерiнде ұсталады. Бұл мекемелерге өзге де сотталғандар жiберiлуi мүмкiн.
4. Сотталғандарды бөлек ұстаудың осы бапта белгiленген талаптары мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыру мекемелерiне, сондай-ақ балалар үйлерi бар түзеу мекемелерiне қолданылмайды. Сотталғандар аталған мекемелерге жiберiледi, сот тағайындаған колонияның түрi үшiн заңмен белгiленген жағдайларда ұсталады.
5. Әртүрлi жұқпалы аурулармен ауырған сотталғандар жеке-жеке және денi сау сотталғандардан бөлек ұсталады.
76-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бүкiл жаза мерзiмiн бiр түзеу мекемесiнде өтеуi
1. Бас бостандығынан айыруға сотталушы жазаның бүкiл мерзiмiн, әдетте, бiр түзеу колониясында, түрмеде немесе тәрбиелеу колониясында өтеуге тиiс.
2. Сотталушыны жазасын одан әрi өтеу үшiн бiр колониядан сондай түрдегi басқа колонияға көшiруге ол ауырған жағдайда не оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн, түзеу мекемесiн қайта ұйымдастыру немесе тарату кезiнде, өндiрiске қажет болған жағдайда сотталушының келісімiмен, сондай-ақ сотталушының сол түзеу мекемесiнде одан әрi болуына кедергi жасайтын өзге де ерекше мән-жайлар кезiнде жол берiледi.
12-тарау
ТҮЗЕУ МЕКЕМЕЛЕРIНДЕГI РЕЖИМ ЖӘНЕ ОНЫ
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚҰРАЛДАРЫ
77-бап. Түзеу мекемелеріндегі режимнiң негiзгi талаптары
1. Түзеу мекемелеріндегі режим - сотталғандарды күзету мен оқшаулауды қамтамасыз ететiн заңда және заңға сәйкес нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген жазаны атқару мен өтеу тәртібі; оларды ұдайы қадағалау; өздерiне жүктелген мiндеттердi атқару; олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн жүзеге асыру; сотталғандар мен қызметкерлердiң қауiпсiздiгi; сотталғандардың түрлi санаттарын бөлек ұстау; сот тағайындаған түзеу мекемесiнiң түрiне қарай ұстаудың түрлi жағдайлары; жазаны өтеу шарттарын өзгерту.
2. Режим сотталғандарды түзеудiң басқа құралдарын қолдануға жағдайлар жасайды.
3. Түзеу мекемелерiнде Әдiлет министрлігі бекiтетiн iшкi тәртiп ережелерi қолданылады.
4. Түзеу мекемелерiнде сотталғандар нормативтiк құқықтық актiлермен айқындалатын белгiленген үлгiдегi киімдi киiп жүредi.
5. Сотталғандар, олардың заттары мен киім-кешегi, сондай-ақ түзеу мекемесiнiң үй-жайы тiнтiледi және тексерiледi. Жеке тiнтудi сотталғандармен бiр жыныстағы адамдар жүргiзедi. Тұрғын үй-жайды оларда сотталғандар болған кезде тiнтуге кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайда жол берiледi.
6. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi мекеменiң аумағындағы және оған жапсарлас режимдiк талаптар белгiленген аумақтардағы адамдарға, олардың заттарына, көлiк құралдарына тексеру жүргiзуде, сондай-ақ тiзбесi Қазақстан Республикасының заңдарымен және түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленетiн тыйым салынған заттар мен құжаттарды алып қоюға құқылы.
6-1. Түзеу мекемесiне iргелес аумақтың шекарасын оның әкiмшiлiгi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен келісім бойынша белгiлейдi.
7. Тексерулер жүргiзудiң тәртібін Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі белгiлейдi.
8. Сотталғандардың өзiнде болуға рұқсат етiлетiн заттар мен нәрселердiң тiзбесi түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi. Сотталғандардың ақшаны, бағалы қағаздар мен бағалы заттарды, сондай-ақ тiзбеде көрсетiлмеген нәрселердi өзiнде сақтауына жол берiлмейдi.
9. Сотталғандардан табылған ақша, бағалы қағаздар мен өзге де бағалы заттар алынып, түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiне сәйкес түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi сотталушы босатылғанға дейiн жазасын өтеу кезiнде оларды пайдалану және билiк ету құқығынсыз сақтап қояды. Сотталғандардан алынған және тыйым салынған нәрселер, заттар мен тамақ өнiмдерi сақтауға өткiзiледi не соттың шешiмi бойынша жойып жiберiледi.
10. Сотталғандардың белгiленген тәртiппен сатып алған бағалы қағаздарын сақтауды түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi қамтамасыз етедi.
77-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шiлдедегi № 244-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістермен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 20 желтоқсандағы № 13-III Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
78-бап. Қадағалау мен бақылаудың техникалық құралдары
1. Түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi қашып шығу мен басқа қылмыстардың, жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзудың алдын алу, сотталғандардың мiнез-құлқы туралы қажеттi ақпарат алу үшiн дыбыстық-бейнелiк, электронды және өзге де техникалық құралдарды пайдалануға құқылы.
2. Түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi сотталғандарға қадағалау мен бақылаудың бiр мезгiлде қорғау мiндетiн атқаратын, бұзылған жағдайда сотталғандардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiруi ықтимал техникалық құралдары қолданылатыны туралы хабарлауға мiндеттi.
3. Қадағалау мен бақылаудың техникалық құралдарының тiзбесi және оларды пайдаланудың тәртібі нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
79-бап. Түзеу мекемелеріндегі жедел-iздестiру қызметi
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес түзеу мекемелерiнде жедел-iздестiру қызметi жүзеге асырылады, оның мiндетi мыналар болып табылады:
жазаларды атқарудың тәртібі мен ережелерiн, сотталғандардың, түзеу мекемелерiнiң қызметкерлерi мен өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
түзеу мекемелеріндегі әзiрленiп жатқан және жасалмақшы қылмыстар мен жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзуды анықтау, ашу, жолын кесу және алдын алу;
түзеу мекемелерiнен қашып кеткен сотталғандарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыруды өтеуден жалтарып жүрген сотталғандарды белгiленген тәртiппен iздестiру;
сотталғандардың түзеу мекемесiне келгенге дейiн жасаған қылмыстарын анықтау мен ашуға жәрдемдесу.
2. Жедел-iздестiру жұмысын түзеу мекемелерiнiң оралымды қызметтерi жүзеге асырады.
80-бап. Түзеу мекемелеріндегі айрықша жағдайлар режимi
1. Табиғи апат, түзеу мекемесi орналасқан ауданға төтенше, ерекше жағдай немесе соғыс жағдайы енгiзiлген, сотталғандардың топтасып бағынбаушылығы жағдайларында, сондай-ақ жаппай тәртiпсiздiктер кезiнде түзеу мекемесiнде ерекше жағдайлар режимi енгiзiлуi мүмкiн.
2. Ерекше жағдайлар режимi қолданылған кезеңде түзеу мекемесiнде сотталғандардың осы Кодексте көзделген кейбір құқықтарының жүзеге асырылуы тоқтатыла тұруы, күзет пен қадағалаудың күшейтiлген нұсқасы, объектiлерге жiберудiң ерекше тәртібі енгiзiлуi, күн тәртібінiң өзгертiлуi, өндiрiстiк, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени-ағартушылық, медициналық-санитариялық және өзге қызметтердiң жұмысы шектелуi мүмкiн.
3. Ерекше жағдайлар режимi Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келiсе отырып, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрінің шешiмi бойынша отыз тәулiкке дейiнгi мерзiмге енгiзiледi. Айрықша реттерде ерекше жағдайлар режимiнiң қолданылу уақыты осы бапта белгiленген тәртiппен қосымша отыз тәулiкке ұзартылуы мүмкiн.
80-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шiлдедегi № 244-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
81-бап. Қауiпсiздiк шаралары және оларды қолдану негiздерi
1. Егер сотталғандар түзеу мекемелерiнiң қызметкерлерiне қарсылық көрсетсе, олардың заңды талаптарына қасақана бағынбаса, бой бермеушiлiк танытса, жаппай тәртiпсiздiктерге, аманаттар басып алуға қатысса немесе осы секiлдi өзге де iс-әрекеттер жасаса, азаматтарға шабуыл жасаса, сондай-ақ түзеу мекемелерiнен қашып шығу немесе қашқандарды ұстау кезiнде сотталғандарға аталған құқыққа қарсы әрекеттердi тыю, сондай-ақ бұл адамдардың айналасындағыларға немесе өздерiне өздерi зиян келтiруiне жол бермеу мақсатында дене күшi, арнаулы құралдар мен қару қолданылады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған қауiпсiздiк шараларын қолдану тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Өмiрiне нақты қатер төнгенi туралы деректер түскен сотталушылардың сазайын тарттырудан қорғау қажет болған жағдайда мұндай адамдарды жалпы негiздерде бiр айға дейiнгi мерзiмде жеке камераларда ұстауға рұқсат етiледi.
13-тарау
ТҮЗЕУ МЕКЕМЕЛЕРIНДЕ ЖАЗАНЫ ӨТЕУ ЖАFДАЙЛАРЫ
82-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазасын өтеу жағдайлары
1. Жалпы немесе қатаң режимдегi бiр түзеу колониясының, сондай-ақ тәрбиелеу колониясының шектерiнде сотталғандар жазаны өтеудiң дағдылы, қатаң, жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларында болуы мүмкiн.
2. Ерекше режимдегi түзеу колониясында сотталғандар жазаны өтеудiң дағдылы, қатаң және жеңiлдетiлген жағдайларында болуы мүмкiн.
3. Түрмеде ұсталатын сотталғандар үшiн режимнiң жалпы және қатаң түрлерi белгiленедi.
4. Сотталғандарды осы Кодекстiң 116, 118, 120, 123, 126, 129-баптарында аталған негiздер бойынша бiр жағдайдан екiншiсiне ауыстыру түзеу мекемесi комиссиясының шешiмiмен жүргiзiледi, оның жұмысына облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының өкiлдерi қатыса алады. Түзеу мекемесiнiң комиссиясы түрмеде отырған сотталғандарды режимнiң жалпы түрiнен қатаң және қатаңынан жалпы режимге ауыстыру туралы мәселенi де шешедi.
5. Сотталушы түзеу колониясындағы жазаны өтеудiң қатаң жағдайларына немесе түрмедегi режимнiң қатаң түрiне ауыстыруға келiспеген жағдайда ол ауыстыру туралы заңда белгiленген тәртiппен шағым жасауға құқылы.
82-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 20 желтоқсандағы № 13-III Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
83-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажет заттарды сатып алуы
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажет заттарды жазасын өтеу кезеңiнде тапқан ақшасына, сондай-ақ алатын зейнетақылары мен әлеуметтiк жәрдемақыларының есебiнен шектеу қоюсыз қолма-қол есеп айырыспай сатып алуына болады.
2. Сотталғандардың жұмсауына рұқсат етiлетiн ақшаның жалпы сомасы, олардың жазасын өтеу кезiнде тапқанын қоспағанда, осы Кодекстiң 117, 119, 121, 127, 129-баптарымен реттеледi.
3. Рұқсат етiлген ақша сомасы ағымдағы айда жұмсалмаған жағдайда сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды жұмсалмаған сомаға кейiнгi айларда сатып алуына болады.
4. Жүктi әйелдердiң, жанында балалары бар әйелдердiң тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттың есебiнен, алты айлық есептiк көрсеткiш шегiнде сатып алуына болады.
5. I және II топтағы мүгедектердiң, сондай-ақ емдеу түзеу мекемелерiнде ұсталатын сотталғандардың тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттың есебiнен, төрт айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде сатып алуына болады.
6. Сотталғандарға сатуға тыйым салынған тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттардың тiзбесi және олардың саны түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi.
83-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
84-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың кездесулерi
1. Сотталғандарға түзеу мекемесiнiң аумағында ұзақтығы екi сағаттан төрт сағатқа дейiн қысқа мерзiмдi, ұзақтығы бiр тәулiктен үш тәулiкке дейiн ұзақ кездесулер берiледi. Осы Кодексте көзделген жағдайларда сотталғандарға түзеу мекемесiнен тыс тұру арқылы ұзақтығы бес тәулiк болатын ұзақ мерзiмдi кездесулер берiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда кездесудiң тәртібі мен өтетiн жерiн түзеу мекемесiнiң бастығы белгiлейдi.
2. Туған-туыстарымен немесе өзге адамдармен қысқа мерзiмдi кездесулер түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi өкiлiнiң қатысуымен берiледi. Ұзақ кездесулер жұбайымен /зайыбымен/ және жақын туыстарымен /ата-аналар, балалар, асырап алғандар, асырап алынғандар, ағалы-iнiлiлер, апалы-сiңлiлер, атасы, әжесi, немерелерi/, ерекше жағдайларда түзеу мекемесi бастығының рұқсаты бойынша өзге адамдармен бiрге тұру құқығымен берiледi.
3. Сотталғандарға өздерiнiң өтiнiшi бойынша ұзақ кездесудi қысқа мерзiмдiсiмен, қысқа мерзiмдi немесе ұзақ кездесудi - телефон арқылы сөйлесумен, ал тәрбиелеу колонияларында мекемеден тыс бiрге тұратын ұзақ кездесудi - колониядан тысқары шығатын қысқа мерзiмдiсiмен ауыстыруға рұқсат етiледi. Ауыстыру тәртібін Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі белгiлейдi.
4. Сотталғандарға заң көмегiн алу үшiн олардың арызы бойынша адвокаттармен кездесуге рұқсат берiледi. Сотталушы мен адвокаттың қалауы бойынша кездесудi оңаша беруге болады.
84-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шiлдедегi № 244-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
85-бап. Сотталғандардың посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдер алуы
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға түзеу мекемелерiнде осы Кодекстiң 117, 119, 121, 123, 129-баптарында белгiленген мөлшерде посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдер алуға рұқсат етiледi. Бiр посылканың немесе бандерольдың ең жоғары салмағы почта ережелерiмен айқындалады. Бiр сәлемдеменiң салмағы бiр посылкаға белгiленген салмақтан аспауға тиiс.
2. Ауру сотталғандардың, I және II топтағы мүгедектердiң, жүктi сотталған әйелдер мен балалары түзеу мекемесiнiң балалар үйлерiнде жүрген сотталған әйелдердiң мөлшерi мен түр-түрi медициналық қорытындыда белгiленген қосымша посылкалар мен сәлемдемелер алуына болады.
3. Сотталғандардың медициналық қорытындыға сәйкес алатын дәрiлiк заттары мен медициналық мақсаттағы бұйымдары осы баптың 1-тармағында айқындалған посылкалардың, сәлемдемелер мен бандерольдердiң санына қосылмайды. Олар сол сотталғандарды емдеу үшiн түзеу мекемесiнiң медициналық бөлiмiне жiберiледi.
4. Посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдер тексерiледi.
5. Сотталғандардың посылкаларды, сәлемдемелер мен бандерольдердi алу тәртібін Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі белгiлейдi.
6. Сотталғандар түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен посылкалар мен бандерольдер жөнелте алады.
85-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шiлдедегi № 244-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
86-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың хат алысуы, ақша аударымдарын жiберуi мен алуы
1. Сотталғандарға хаттар мен жедел хаттарды санына шек қоймай өз есебiнен алуға және жiберуге рұқсат етiледi.
2. Сотталғандардың жiберген және алған хат-хабарын цензура тексередi.
3. Туыстар болып табылмайтын, бас бостандығынан айыру орындарында ұсталушы сотталғандардың арасында хат алысуға түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен жол берiледi.
4. Сотталғандар ақша аударымдарын алуға, сондай-ақ жақын туыстарына, ал әкiмшiлiктiң рұқсатымен ақша аударымын өзге адамдарға жiберуге құқылы.
87-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың телефон арқылы сөйлесуi
1. Сотталған адамның телефон арқылы әр сөйлескенде ұзақтығы он бec минутқа дейiн сөйлесуге құқығы бар. Телефон арқылы сөйлесу ақысы сотталғандардың немесе олардың жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының жеке қаражатынан төленедi. Техникалық мүмкiндiктер болмаған жағдайда телефон арқылы сөйлесу қысқа мерзiмдi кездесумен ауыстырылуы мүмкiн.
2. Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-ІІ Заңымен алынып тасталды.
3. Қатаң ұстау жағдайындағы сотталғандарға, сондай-ақ жазалау шарасын айыптылық, тәртiптiк оқшаулау орындарында, камералық үлгiдегi үй-жайларда және жалғыз адамдық камераларда өтеушiлерге телефон арқылы сөйлесуге ерекше жеке жағдайлар кезiнде ғана рұқсат етiлуi мүмкiн.
4. Түзеу мекемелерiнде ұсталатын сотталғандардың арасында телефон арқылы сөйлесуге тыйым салынады.