17-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың бақылауы
1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары өздерiнiң аумағында орналасқан түзеу мекемелерiнiң, қамау үйлерiнiң қызметiне бақылау жасауды осы Кодекске сәйкес жүзеге асырады.
2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары өздерiнiң аумағында орналасқан қылмыстық-атқару инспекцияларының қызметiне бақылау жасауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
17-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 20 желтоқсандағы № 13-III Заңының редакциясында.
18-бап. Сот бақылауы
1. Жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату туралы, жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiне ауыстыру туралы, сотталушының ауыруына байланысты жазадан босату туралы, адамның жеке басына қарсы жасаған ауыр және аса ауыр қылмыстары үшiн бес жылдан артық мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталғандарды қоспағанда, жүктi әйелдердiң және сегiз жасқа дейiн балалары бар әйелдердiң жазаларын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы, сондай-ақ түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту туралы мәселелердi шешу кезiнде жазалардың атқарылуын сот бақылайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда сотталғандар мен өзге де адамдардың жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың iс-әрекетiне жасаған шағымдарын сот қарайды.
3. Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар үкiм шығарған сотқа сотталғандардың қоғамдық жұмыстарды, түзеу жұмыстарын, бас бостандығын шектеудi, қамауды, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауды, бас бостандығынан айыруды өтеуiнiң басталғаны және оның орны, айыппұл салу, белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнайы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградалардан айыру, әскери қызмет бойынша шектеу, мүлкiн тәркiлеу, өлiм жазасы түріндегі жазалардың атқарылуы туралы хабарлайды.
19-бап. Ведомстволық бақылау
Жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың қызметiне жоғары тұрған басқару органдары мен лауазымды адамдардың тарапынан ведомстволық бақылау жүзеге асырылады. Ведомстволық бақылауды жүзеге асыру тәртібі нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
19-1-бап. Қоғамдық бақылау
1. Қоғамдық бақылауды қоғамдық бiрлестiктер түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ұстау жағдайлары, медициналық-санитарлық қамтамасыз ету, еңбегiн, бос уақытын және оларды оқытуды ұйымдастыру бөлiгіндегі құқықтары мен заңды мүдделерiн жүзеге асыруына жәрдемдесу мақсатында жүзеге асырады.
2. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайтын тәртiппен облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) қоғамдық байқау комиссиялары құрылады.
3. Қоғамдық байқау комиссиялары түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының әкiмшiлiктерiне түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында ұсталатын адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн жәрдемдесуге құқылы.
4. Түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторлары әкiмшiлiктерiнiң қызметiн қоғамдық бақылау және қоғамдық байқау комиссияларының оларға жәрдемдесуi ерiктілік, тең құқықтық, өзiн-өзi басқару және заңдылық принциптерi негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Қоғамдық бақылауды жүзеге асырған кезде түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының қызметiне, сондай-ақ жедел-iздестiру, қылмыстық iс жүргiзу қызметi мен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу жөніндегі қызметiне араласуға жол берiлмейдi.
19-1-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 29 желтоқсандағы № 25-III Заңымен енгiзiлдi.
19-2-бап. Қоғамдық байқау комиссиясының өкiлеттiгi
1. Қоғамдық байқау комиссиясы, сондай-ақ қоғамдық байқау комиссиясының мүшелерi:
1) түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларына қоғамдық байқау комиссиясының кемiнде екi мүшесi құрамында қылмыстық-атқару жүйесiнiң уәкiлеттi органы белгiлеген тәртiппен кедергiсiз кiруге;
2) сотталғандармен олардың келісімi болған кезде әңгiмелесуге, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылу мәселелерi жөніндегі өтiнiштерi мен шағымдарын қабылдауға;
3) түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларындағы адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге байланысты мәселелер жөнiнде түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының әкiмшiлiгiне және (немесе) прокуратура органдарына өтiнiш жасауға құқылы.
2. Түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында ерекше режим енгiзiлген кезеңде қоғамдық байқау комиссиясының аталған мекемелерге бару жөніндегі өкiлеттiгi тоқтатыла тұрады.
3. Қоғамдық байқау комиссиясының мүшелерi өз өкiлеттiктерiн орындау кезiнде түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының қызметiн қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлердiң ережелерiн сақтауға, сондай-ақ аталған мекемелер әкiмшiлiгiнiң заңды талаптарына бағынуға мiндеттi. Қоғамдық бақылау iс-шараларын өткізу iс жүргiзу әрекеттерiн жүзеге асыруға кедергi келтiрмеуге тиiс.
19-2-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 29 желтоқсандағы № 25-III Заңымен енгiзiлдi.
20-бап. Қылмыстық-атқару iсiн жүргiзудегi қадағалау
Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiгiнiң заңдарды сақтауын қадағалауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оған бағынышты прокурорлар жүзеге асырады.
21-бап. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерiнде болу
1. Жазаларды атқарушы мекемелерде, тергеу изоляторларында арнаулы рұқсатсыз болуға мыналардың құқығы бар:
1) Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары, сондай-ақ тиiстi аумақтардың шегiнде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және республика астанасының әкiмдерi;
2) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оған бағынышты прокурорлар;
3) Қылмыстық-атқару жүйесiнiң жоғары тұрған органдарының қызметкерлерi.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен өзге де адамдардың жазаны атқарушы мекемелерге, тергеу изоляторларына сол мекемелер әкiмшiлiгiнiң немесе қылмыстық-атқару жүйесiнiң жоғары тұрған органдарының арнаулы рұқсаты бойынша қылмыстық-атқару жүйесiнiң уәкiлеттi органы белгiлеген тәртiппен болуға құқығы бар.
3. Сезiктiлердiң, айыпталушылардың және сотталғандардың қауiпсiздiгi мен олардың күзетiн қамтамасыз етушi объектiлердi кино, фото және бейнекөрiнiске түсiру түзеу мекемесi, тергеу изоляторы әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен жүзеге асырылады.
4. Сотталғандарды кино, фото және бейнекөрiнiске түсiру, олармен сұхбат жүргiзу, соның iшiнде аудиобейнетехника құралдарын пайдаланып жүргiзу сотталғандардың өз келісімiмен жүзеге асырылады.
21-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 29 желтоқсандағы № 25-III Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырулармен.
Ерекше бөлiм
2-бөлiм
СОТТАЛУШЫНЫ ҚОFАМНАН ОҚШАУЛАУFА БАЙЛАНЫСТЫ
ЕМЕС ЖАЗАЛАРДЫ АТҚАРУ
4-тарау
АЙЫППҰЛ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ
22-бап. Айыппұл түріндегі жазаны атқару тәртібі
1. Сотталушы үкiм заңды күшiне енген соң бiр айдан кешiктiрмей айыппұл төлеуге мiндеттi.
2. Сотталушының айыппұлды бiр жолғы төлеуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, сотталушының өтiнiшi бойынша төлемнiң мерзiмiн ұзартуға немесе алты айға дейiн бөлiп-бөлiп төлетуге жол берiледi.
3. Сотталушы айыппұлды ерiктi түрде төлемеген кезде жазаны атқару сот берген атқару парағының негiзiнде мәжбүрлеп жүргiзiледi. Айыппұл сотталушының мүлкiнен, соның iшiнде оның сотта айқындалған ортақ меншiк құқықтарындағы мүлiктегi үлесiнен өндiрiп алынуы мүмкiн.
4. Айыппұлды өндiрiп алу кезiнде осы Кодекске қосымшамен белгiленген тiзбеге сәйкес тәркiлеуге жатпайтын мүлiктi алып қоюға болмайды.
23-бап. Айыппұл төлеуден қасақана жалтару
1. Айыппұлды осы Кодекстiң 22-бабының 1-тармағында белгiленген мерзiмде төлемеген және өзiнiң кiрiстерi мен мүлкiн мәжбүрлеп өндiрiп алудан жасырушы сотталушы айыппұл төлеуден қасақана жалтарушы деп танылады.
2. Айыппұл төлеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде сот атқарушысы сотқа айыппұлды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 40-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес жазаның басқа түрiмен ауыстыру туралы ұсыныс жiбередi.
5-тарау
БЕЛГIЛI БIР ЛАУАЗЫМДА БОЛУ НЕМЕСЕ БЕЛГIЛI БIР ҚЫЗМЕТПЕН
АЙНАЛЫСУ ҚҰҚЫFЫНАН АЙЫРУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ
24-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу түріндегі жазаның атқарылуын ұйымдастыру
1. Негiзгi жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі, сондай-ақ негiзгi жазаға қосымша ретiнде айыппұл, түзеу жұмыстары немесе қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі, сондай-ақ шартты соттау кезіндегі жазаның атқарылуын ұйымдастыруды сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы жүзеге асырады.
2. Бас бостандығын шектеу, қамау, бас бостандығынан айыру немесе тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түріндегі негiзгi жазаға қосымша ретiнде тағайындалған бұл жазаның атқарылуын ұйымдастыруды негiзгi жазаны атқарушы орган, ал негiзгi жазаны өтеген соң - сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы жүзеге асырады.
3. Қылмыстық-атқару инспекциясы:
сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
сотталғандардың сот үкімінде көзделген белгiлi бiр лауазымда болуына немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуына тыйым салудың сақталуын бақылайды;
сотталушының жұмыс орны бойынша ұйым әкiмшiлiгiнiң, сондай-ақ сотталушыға тыйым салынған қызметтiң тиiстi түрлерiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқығы бар органдардың үкiмдi орындауын тексередi;
сотталушымен тәрбие жұмысын жүргiзудi ұйымдастырады.
4. Өзiнде жазаның негiзгi түрiн өтеп жүрген, сондай-ақ белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаға сотталған адамды мекеменiң (ұйымның) әкiмшiлiгi сотталушының орындауына тыйым салынған жұмыстарға тарта алмайды.
5. Сотталғандар әскери қызметке шақырылған немесе олар баламалы арнайы мемлекеттік қызметке кiрген жағдайларда қылмыстық-атқару инспекциялары әскери комиссариатқа немесе сотталғандардың тұрғылықты жерi бойынша қызмет өткеру кезiнде сол жазаны атқаруға арналған сот үкімінiң көшiрмесiн жiбередi.
25-бап. Ұйымдар әкiмшiлiктерiнiң сот үкімін атқару жөніндегі мiндеттерi
1. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінiң талаптары сотталушының жұмыс орны бойынша меншiк нысанына қарамастан ұйымдардың әкiмшiлiктерi үшiн мiндеттi.
2. Сотталушының жұмыс орны бойынша ұйымның әкiмшiлiгi:
сот үкімінiң көшiрмесiн не қылмыстық-атқару инспекциясының хабарламасын алған соң үш күннен кешiктiрмей сотталушыны лауазымынан немесе ол айналысу құқығынан айырылған қызмет түрiнен босатуға; сотталушының еңбек кiтапшасына оның қандай лауазымда болу құқығынан қандай негiзде, қандай мерзiмге айырылғаны немесе қызметтiң қандай түрiнен айырылғаны туралы жазба жазуға; қылмыстық-атқару инспекциясына сот үкімінiң талаптарын орындау туралы хабарлауға;
қылмыстық-атқару инспекциясының талап етуi бойынша жазаны атқаруға байланысты құжаттарды табыс етуге;
сотталушымен еңбек шарты өзгерген немесе тоқтатылған жағдайда бұл туралы қылмыстық-атқару инспекциясына үш күн мерзiм iшiнде хабарлауға мiндеттi.
26-бап. Белгiлi бiр қызметпен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқықты органдардың мiндеттерi
1. Сотталғандарды белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінiң талаптары қызметтiң тиiстi түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқықты органдар үшiн мiндеттi.
2. Аталған органдар сот үкімінiң көшiрмесiн немесе қылмыстық-атқару инспекциясының хабарламасын алған соң үш күннен кешiктiрмей сотталушыға тыйым салынған қызмет түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға, осы адамға қызметтiң көрсетiлген түрiмен айналысуға құқық беретiн тиiстi құжатты қайтарып алуға және бұл туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлама жiберуге мiндеттi.
27-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу
құқығынан айыру түріндегі жазаны атқару мерзiмдерiнiң есептелуi
1. Негiзгi жаза ретiнде немесе айыппұлға, қоғамдық жұмыстарға немесе түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ шартты соттау кезiнде қосымша жаза түрi ретiнде тағайындалған белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мерзiмi, егер бұл жағдайда қосымша жазаның атқарылуы кейiнге қалдырылмаса, сот үкімі заңды күшiне енген кезден бастап есептеледi.
2. Бас бостандығын шектеуге, қамауға, бас бостандығынан айыруға немесе тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауға қосымша жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза қолдану кезiнде ол жазаның аталған негiзгi түрлерiн өтеудiң бүкiл уақытына қолданылады, бiрақ бұл орайда оның мерзiмi оларды өтеу кезiнен бастап есептеледi.
28-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу
құқығынан айыру түріндегі жазаға сотталушының мiндеттерi
Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаға сотталғандар сот үкімінiң талаптарын орындауға, қылмыстық-атқару инспекциясының талап етуi бойынша аталған жазаны атқаруға байланысты құжаттарды беруге, жұмыс орны, оның өзгергенi және одан босағаны туралы инспекцияға хабарлауға, сондай-ақ шақыру бойынша инспекцияға келуге мiндеттi. Сотталушы келмей қалған жағдайда оған ерiксiз келтiру қолданылуы мүмкiн.
29-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу
құқығынан айыру туралы сот үкімін орындамаудың салдары
Соттың белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы үкімінiң орындалмауына кiнәлi өкiмет өкiлдерi, мемлекеттік қызметшiлер, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының қызметшiлерi, мемлекеттік мекемелердiң, коммерциялық немесе өзге де ұйымдардың қызметшiлерi, сондай-ақ сот үкімінiң талаптарын бұзушы сотталғандар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
6-тарау
ҚОFАМДЫҚ ЖҰМЫСТАРFА ТАРТУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ
30-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны атқару тәртібі
1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясының келісімiмен облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқару органдары, республикалық маңызы бар қаладағы (астанадағы) ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi белгiлейтiн объектiлерде қылмыстық-атқару инспекциясы атқарады.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза жөніндегі сот үкімі соттың тиiстi өкімі үкiмнiң (ұйғарымның, қаулының) көшiрмесiмен қоса қылмыстық-атқару инспекциясына келiп түскен күннен бастап он күн мерзiмнен кешiктiрiлмей атқарылады.
3. Қылмыстық-атқару инспекциясы:
сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
оларға жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiн түсiндiредi;
аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарында қоғамдық жұмыстардың объектiлерiн сұратып алады;
сотталғандардың мiнез-құлқын бақылайды;
жазаны өтеуден жалтарған сотталғандарды ұстау туралы шешiм қабылдайды;
олардың атқарған уақытының жиынтық есебiн жүргiзедi және сотталғандардың орындаған жұмыстары үшiн қаржы қаражатының тиiстi бюджеттерге уақытылы түсуiн бақылайды.
30-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 20 желтоқсандағы № 13-III Заңымен енгiзiлген өзгерістермен.
31-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны атқару ережелерi
1. Сотталғандар:
жазаны өтеудiң белгiленген тәртібі мен ережелерiн сақтауға, еңбекке адал қарауға;
өздерiне белгiленген объектiлерде жұмыс iстеуге және сот белгiлеген қоғамдық жұмыстардың мерзiмiн атқаруға;
тұрғылықты жерiнiң өзгергенi туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлап отыруға мiндеттi.
2. Сотталушыға негiзгi жұмыс орны бойынша кезектi демалыстың берiлуi қоғамдық жұмыстар орындауды тоқтатпайды.
3. Сотталушы бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедек деп танылған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа оны жазасын одан әрi өтеуден босату туралы, ал сотталған әйел жүктi болған жағдайда - оның жазасын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс жасайды.
32-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза мерзiмiнiң есептелуi
1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаның мерзiмi сотталушы қоғамдық жұмыстарды орындаған сағаттармен есептеледi.
2. Қоғамдық жұмыстар уақыты демалыс күндерi мен сотталушы негiзгi жұмыспен немесе оқумен айналыспаған күндерi - төрт сағаттан; жұмыс күндерi - жұмыс немесе оқу аяқталған соң екi сағаттан, ал сотталушының келісімiмен - төрт сағаттан аспауы керек. Қоғамдық жұмыстар уақыты апта iшiнде, әдетте, он екi сағаттан кем болмауы керек. Дәлелдi себептерi болған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотталушыға апта iшiнде
саны аз сағат жұмыс iстеуге рұқсат беруге құқылы.
33-бап. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеу
орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң мiндеттерi
1. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеу орны бойынша ұйымдардың әкiмшiлiгiне сотталғандардың өздерiне белгiленген жұмыстарды орындауына бақылау жасау, қылмыстық-атқару инспекциясына жұмыс iстелген сағаттар саны туралы немесе сотталғандардың жазаны өтеуден жалтаруы туралы хабарлау жүктеледi.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаға сотталған адамдардың еңбегiн ұйымның пайдалануы өтеусiз негiзде жүзеге асырылады. Сотталған адамдар орындаған жұмыстың көлемi мен құны ұйымда қолданылып жүрген бағалау бойынша бөлек есептеледi және есептелген ақшалай қаражат тиiстi бюджетке аударылады.
33-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
34-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтару
Сотталушы:
қоғамдық жұмыстарға дәлелдi себептерсiз бiр айдың iшiнде екi реттен астам шықпаса;
еңбек тәртібін бiр айдың iшiнде екi реттен артық бұзса;
жазаны өтеуден жалтару мақсатымен жасырынса, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтарған деп танылады.
35-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеушi адамдардың жауаптылығы
1. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiн бұзғаны үшiн қылмыстық-атқару инспекциясы оған Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарына сәйкес жауапты болатынын ескертедi.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде қылмыстық-атқару инспекциясы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес сотқа қоғамдық жұмыстарды жазаның басқа түрлерiмен ауыстыру туралы ұсыныс жасайды.
7-тарау
ТҮЗЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ АТҚАРУ
36-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны атқару тәртібі
1. Түзеу жұмыстары сотталушының негiзгi жұмыс орны бойынша өтеледi.
2. Түзеу жұмыстарына сотталғандар жазаны өтеуге қылмыстық-атқару инспекциясына үкiмнiң (ұйғарымның, қаулының) көшiрмесi мен соттың тиiстi өкімі келiп түскен күннен бастап он бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей тартылады.
3. Қылмыстық-атқару инспекциялары:
сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiн түсiндiредi;
сотталғандардың жазаны өтеу ережелерiн сақтауын және сотталғандардың жұмыс орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң үкiм талаптарын атқаруын бақылайды;
сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргiзедi;
сотталғандардың мiнез-құлқын бақылайды, қажет болған жағдайда оларды еңбекке орналастыру үшiн жұмыспен қамту орталықтарына жiбередi;
шақыру бойынша немесе тiркелуге дәлелдi себептерсiз келмеген сотталғандарды ерiксiз келтiру туралы шешiм қабылдайды;
сотталғандарды iздеу жөніндегі алғашқы шараларды жүргiзедi, тұратын жерi белгiсiз сотталғандар туралы материалдарды әзiрлеп, тиiстi қызметке бередi;
жазаны өтеу кезеңiнде өз қалауы бойынша жұмыстан босауға рұқсат бередi.
37-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу ережелерi
1. Түзеу жұмыстарына сотталғандар жазаны өтеудiң белгiленген тәртібі мен ережелерiн сақтауға, еңбекке адал қарауға, өздерiне қылмыстық-атқару инспекциясы жүктеген мiндеттердi орындауға және оның шақыруы бойынша тiркелу үшiн айына екi рет келуге мiндеттi.
2. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың табысынан сот үкімімен белгiленген мөлшерде ақы ұсталып қалады.
3. Жазаны өтеу мерзiмi iшiнде сотталғандарға қылмыстық-атқару инспекциясының жазбаша рұқсатынсыз өз қалауы бойынша жұмыстан босауына тыйым салынады. Рұқсат жұмыстан босау себептерiнiң негiздiлiгiн тексерген соң берiлуi мүмкiн. Жұмыстан босауға рұқсат беруден бас тарту дәлелденуге тиiс. Бас тарту туралы шешiмге заңда белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
4. Сотталушы қылмыстық-атқару инспекциясына жұмыс орны мен тұратын жерiнiң өзгергенi туралы он күн мерзiмде хабарлауға мiндеттi.
5. Сотталушы жұмыс iстейтiн ұйымның әкiмшiлiгi жазаны өтеу уақытында қылмыстық-атқарушы инспекцияның келісімi бойынша кезектi демалыс, сондай-ақ он күнге және одан да көп күнге қосымша демалыс бередi. Сотталғандарға еңбек заңдарында көзделген демалыстың өзге түрлерi жалпы негiздерде берiледi.
38-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жаза мерзiмiнiң есептелуi
1. Түзеу жұмыстарының мерзiмi сотталушы жұмыс iстеген және оның табысынан ақы ұсталып қалған жылдармен және айлармен есептеледi. Сотталушының жұмыс iстеген күндерiнiң саны соттың жаза мерзiмiн белгiлеген әрбiр айындағы жұмыс күндерiнiң санынан кем болмауға тиiс. Егер сотталушы көрсетiлген күндер санында жұмыс iстемесе және жұмыс iстелмеген күндердi жаза мерзiмiне есептеу үшiн осы Кодексте белгiленген негiздеме болмаса, түзеу жұмыстарын өтеу сотталушының тиiстi жұмыс күндерiнiң санында толық жұмыс iстегенге дейiн жалғастырылады.
2. Ұйым әкiмшiлiгiнiң сот үкімінiң (қаулысының) көшiрмесiн алған күнi жазаны өтеу мерзiмiнiң басталуы болып табылады.
3. Сотталушының дәлелдi себептермен жұмыс iстемеген уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi. Бұл мерзiмге сотталушы ресми түрде жұмыссыз деп танылған уақыт та есептеледi.
4. Сотталушы қатарынан төрт айдан астам ұзақ ауырған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа оны жазасын өтеуден босату туралы ұсыныс жасайды.
5. Жазаны өтеу кезiнде сотталушы әйел жүктi болған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа жүктілігi бойынша демалыс берiлген кезден бастап оның жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс жасайды.
6. Жұмыс уақытының жиынтық есебi қолданылатын ұйымдарда жұмыс iстейiн сотталғандардың жазасын өтеу мерзiмi есептi кезең үшiн белгiленген жұмыс сағатының санынан аспайтын жұмыс уақытының ұзақтығы негiзге ала отырып есептеледi.
7. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сотталушының жұмыс iстемеген уақыты; алкогольдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық масаңданудан болған немесе соларға байланысты iс-әрекеттерден болған ауыру уақыты; қамау түріндегі әкiмшiлiк жазаны өтеу, сондай-ақ жазаны өтеу кезеңiнде басқа iс бойынша тыйым салу шарасы тәртібінде қамау уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептелмейдi.
39-бап. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың оны өтеу орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң мiндеттерi
Түзеу жұмыстарына сотталғандардың оны өтеу орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiне:
сотталушының табысынан ұсталып қалатын ақыны дұрыс және уақтылы жүргiзу мен ұсталған сомаларды белгiленген тәртiппен аударып отыру;