Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестациялау туралы ережені
бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 3
қыркүйектегі № 1305 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 16.04.02 ж. № 439; 08.11.02 ж. № 1182
қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 30 наурыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Білім туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестациялау туралы ереже бекітілсін.
2. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Н. Балғымбаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
1999 жылғы 3 қыркүйектегі № 1305 қаулысымен
бекітілген
Білім беру ұйымдарын мемлекеттік
аттестациялау туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
1. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестациялау туралы ереже (бұдан әрi - Ереже) "Білiм туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрлендi.
2. Мемлекеттік аттестациялау (бұдан әрi - аттестациялау), меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызмет көрсетулерiнiң білім берудiң тиiстi деңгейiнiң жалпы мiндеттi білім беру стандарттарының талаптарына сәйкестiгiн мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiлетiн рәсiм болып табылады.
3. Білім беру ұйымдарын аттестациялаудың негiзгi принциптерi объективтiлiк, мiндеттілiк, мерзiмдiлiк және жариялылық болып табылады.
4. Аттестациялау білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңдарын сақтауын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiледi.
2. Мемлекеттік аттестациялауды жүргiзудiң тәртібі
5. Қазақстан Республикасының білім саласындағы орталық атқарушы органы мен облыстардың, Алматы және Астана қалаларының білім беру басқармалары (департаменттерi) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңдарына сәйкес меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарына аттестациялауды жүргізуді ұйымдастырады.
ҚР Үкіметінің 16.04.02 ж. № 439 (бұрынғы ред. қара); 08.11.02 ж. № 1182 қаулыларымен 6-тармақ өзгертілді
6. Орта кәсiптiк, жоғары кәсiптiк және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк білім беру ұйымдарын аттестациялауды Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы ұйымдастырады.
Жалпы бастауыш, негiзгi жалпы және жалпы орта, бастауыш кәсiптiк білім беретiн білім беру ұйымдарын, сондай-ақ мектепке дейiнгi және мектептен тыс білім беру ұйымдарын аттестациялауды облыстардың, Алматы және Астана қалаларының білім беру басқармалары (департаменттерi) ұйымдастырады.
Білім беру ұйымдарының білім берудiң тиiстi деңгейiнiң жалпыға мiндеттi мемлекеттік стандарттарын орындауын және білім беру қызметiн лицензиялау кезiнде қойылатын білiктілiк талаптарын сақтауын бақылау мақсатында аттестаттау мамандықтар бөлiнiсiнде жүзеге асырылады.
7. Білім беру ұйымдары бес жылда бір реттен артық аттестацияланбайды.
ҚР Үкіметінің 16.04.02 ж. № 439 (бұрынғы ред. қара) қаулысымен 8-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 08.11.02 ж. № 1182 қаулысымен 8-тармақ жаңа редакцияда
8. Аттестаттау өткiзудiң тәртібі туралы нұсқаулықтарды, аттестаттаудың бағдарламалары мен көрсеткіштерiн, сондай-ақ білiм беру ұйымдарын аттестаттау кезiнде қажеттi құжаттардың тiзбесiн қарауында білім беру ұйымдары бар мемлекеттік органдардың қатысуымен өзiнiң құзыретіне сәйкес Қазақстан Республикасының білiм беру саласындағы орталық атқарушы органы әзiрлейдi және бекiтедi.
9. Аттестациялауды жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы мен облыстардың, Алматы және Астана қалаларының білім беру басқармалары (департаменттерi) өз құзыреттерiне сәйкес Аттестациялық комиссия құрады.
Аттестациялық комиссияның құрамы мен ол туралы ереженi білім саласындағы тиiстi мемлекеттік органдар бекiтедi.
ҚР Үкіметінің 16.04.02 ж. № 439 қаулысымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұрынғы ред. қара)
10. Аттестациялық комиссиялар құрамына мыналар кіреді:
1) білім беру саласындағы тиісті мемлекеттік органдар өкілдері;
2) қарамағында білім беру ұйымдары бар мемлекеттік органдар, сондай-ақ орта кәсіптік, жоғары кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беретін білім беру ұйымдарын аттестациялауды жүргізу кезінде өздерінің құзыретіне қарай мүдделі орталық атқарушы органның өкілдері;
3) білім беру ұйымдарының өкілдері және Қазақстан Республикасының жетекші педагог қызметкерлері.
11. Аттестациялық комиссия аттестациялауды білім беру саласындағы орталық атқарушы орган, сондай-ақ облыстардың, Алматы және Астана қалаларының білім беру басқармалары (департаменттерi) бекiтетiн білім беру ұйымын аттестациялау кестесiне сәйкес, әр білім беру ұйымы үшін 10 күннен аспайтын мерзімде жүргізеді.
Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы мен облыстардың, Алматы және Астана қалаларының білім беру басқармалары (департаменттерi) аталған мерзiмдi, Аттестациялық комиссияның дәлелді өтiнiшiнiң негiзiнде, үш күннен аспайтын мерзiмге ұзарта алады.
ҚР Үкіметінің 16.04.02 ж. № 439 қаулысымен 12-тармақ өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
12. Аттестациялау кестелерi білім беру ұйымдарына аттестациялау басталардан үш ай бұрын хабарланады.
Бекітілген аттестациялау кестелеріне өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда білім беру ұйымдары осы тармақтың бірінші абзацында белгіленген мерзімде хабарландырылуы тиіс.
13. Аттестациялау кестелерiне сәйкес аттестациялауға жататын білім беру ұйымдары аттестациялау басталғанға дейiн бір ай мерзiмнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органына және (немесе) облыстардың, Алматы және Астана қалаларының білім басқармаларына (департаменттеріне) құжаттар ұсынады.
14. Білім беру ұйымдарын аттестациялауды жүргiзуге арналған шығыстар білім беру ұйымдары құрылтайшыларының есебiнен жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 16.04.02 ж. № 439 (бұрынғы ред. қара); 08.11.02 ж. № 1182 қаулыларымен 15-тармақ жаңа редакцияда
15. Аттестациялық комиссиялардың шешiмдерi олар шығарылғаннан кейiн он күннен кешiктiрмей білiм беру саласындағы тиісті мемлекеттік органдардың бұйрықтарымен бекітілуге тиiс.
Аттестациялық комиссия мынадай дәлелді шешiмдер қабылдауға құқылы:
1) аттестатталсын;
2) аттестатталмасын.
Білім беру ұйымын "аттестаттау" туралы шешiм, егер:
1) білім беру қызметi білім берудiң тиiстi деңгейiнiң жалпыға мiндеттi мемлекеттік стандарттарының талаптарына және білiм беру қызметін лицензиялау кезiнде қойылатын біліктiлiк талаптарына толық сәйкес болса;
2) кешендi тестiлеудiң нәтижелерi бойынша оқитындар Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы нормативті белгiлеген шектi деңгейден жоғары баға алса, қабылданады.
"Аттестатталмасын" деген шешiм білім беру ұйымы аттестаттаудың көрсетiлген шарттарының ең болмағанда біреуiн орындамаған жағдайда қабылданады.
Аттестациялық комиссиялардың шешiмдерi білім беру саласындағы мемлекеттік органдардың қайта қарауына жатпайды.
ҚР Үкіметінің 08.11.02 ж. № 1182 қаулысымен 16-тармақ жаңа редакцияда
16. Тиiстi білім беру деңгейiнiң жалпы мiндетті мемлекеттік стандарттарының орындалмағаны және білім беру қызметiн жүргiзу құқығына берiлген лицензияда қамтылған талаптарды орындамағанын куәландыратын, кәсіптік орта, кәсiптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсіптік білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдарының аттестатталмау фактiсi білім беру ұйымының аттестатталмаған мамандықтары бойынша лицензиясын қайтарып алу және қайтарып алынған лицензиялардың лицензиарға қайтарылған сәтіне дейiн білім беру ұйымы лицензиясының қолданысын тоқтата тұру үшiн негiз болады.
ҚР Үкіметінің 16.04.02 ж. № 439 қаулысымен 17-тармақ өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
17. Білім беру саласындағы орталық атқарушы органның жанынан, аттестацияланатын білім беру ұйымдарының апелляциясын қарауға құқығы бар республикалық аттестациялық комиссия құрылады.
18. Аттестациялық комиссияның шешіміне білім беру ұйымдары заңдарда белгіленген тәртіппен шағымдануы мүмкін.
19. Шетелдік білім беру ұйымдары мен халықаралық білім беру ұйымдарының филиалдарын аттестациялау, егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.