31-бап. Банкiлер жүргiзетiн операцияларға қойылатын жалпы талаптар
1. Банкiлер банк қызметiн операцияларды жүргiзудiң жалпы шараттарын белгiлейтiн ережелер мен iшкi ережелер болған жағдайда ғана жүзеге асыруға құқылы.
2. Банк операцияларын жүргiзудiң жалпы шарттары туралы ережелерiн банк директорларының кеңесі бекітуге және оларда мынадай мәлiметтер мен рәсiмдер болуға тиiс:
а) қабылданатын депозиттер мен берiлетiн несиелердiң шектi сомасы мен мерзiмi;
б) депозиттер мен несиелер бойынша сыйақы ставкасының шектiк мөлшерi;
в) депозиттер мен несиелер бойынша сыйақы төлеудiң шарттары;
г) банк қабылдайтын қамтамасыз етуге қойылатын талаптар;
д) банк операцияларын жүргiзу ставкалары мен тарифтерi;
е) банк пен оның клиентiнiң құқықтары мен мiндеттерi, олардың жауапкершiлiгi;
ж) банк директорларының кеңесі банк операцияларын жүргiзудiң жалпы шарттарына енгізу қажет деп есептейтiн басқа шарттар, талаптар мен шектеулер.
3. Банкінің iшкi ережелерi:
а) банк бөлiмшелерiнiң құрылымын, мiндеттерiн, қызметi мен өкiлеттiгiн;
б) iшкi аудит қызметiнiң, несие комитетi мен басқа да тұрақты жұмыс iстейтiн органдар қызметiнiң құрылымын, мiндеттерiн, қызметi мен өкiлеттiгiн;
в) құрылымдық бөлiмшелер басшыларының құқықтары мен мiндеттерiн;
г) банкінің атынан және оның есебiнен мәмiле жасаған кездегi лауазымды адамдар мен банк қызметкерлерiнiң өкiлеттiгiн белгiлеуге тиiс.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 32-бап өзгертiлдi
32-бап. Банкінің банк операцияларын жүргiзудiң жалпы шарттарын ашу жөніндегі мiндетi
1. Банк операцияларын жүргiзудiң жалпы шарттары ашық ақпарат болып табылады және ол коммерциялық немесе банк құпиясының мәнi бола алмайды. Бұл қалып осы Заңға сәйкес банк құпиясына не қолданылып жүрген заңдарға сәйкес коммерциялық құпия санатына жатқызылған нақты банк операциясын жүргiзу шарттарына қолданылмайды.
2. Банкiлер клиенттiң бірiншi талап етуi бойынша банк операцияларын жүргiзудiң жалпы шарттар туралы ережесін беруге мiндеттi.
3. Банкiлердiң клиентке банк операциясын жүргiзуге байланысты ықтимал тәуекелдер туралы ақпарат беруден бас тартуға құқығы жоқ.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 33-бап өзгертiлдi
33-бап. Банк пен клиент арасындағы қатынастардың шарттық сипаты
1. Банкiлер арасындағы, сондай-ақ банкiлер мен олардың клиенттерi арасындағы қатынастар, егер Қазақстан Республикасының Заңдарында өзгеше көзделмесе, шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Банк клиенттерi, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кредитор-банктi хабардар ете отырып, басқа банктерде банктiк шоттар ашуға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 06.07.04 ж. № 572-II Заңдарымен 34-бап өзгертiлдi
34-бап. Заем операциясы
1. Заем операциясы дегенiмiз банктiң немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың басқа тұлғаларға қайтарымдылық және ақы төлеу мерзімі шартымен ақша беруi болып табылады.
1-1. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның кредиттік бюролардың деректер базасына қарыз алушы және жасалатын мәміле (қарыз операциясы) туралы мәліметтер, сондай-ақ тараптардың өз міндеттемелерін орындауына байланысты ақпарат беруіне қарыз алушының жазбаша келісімінің болуы қарыз беру туралы шарт жасаудың міндетті талабы болып табылады.
2. Банкінің қарыз операциясы оның банк директорларының кеңесі бекiтетiн Iшкi кредит саясаты туралы ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
3. Банкінің заем комитетi iшкi несие саясатын жүзеге асырушы орган болып табылады.
4. Iшкi заем саясаты туралы ережелер қарыз операцияларын жүзеге асыру кезiнде тәуекелдi бәсеңдету мақсатында жасалып, мыналарды:
а) заңды және жеке тұлғаларға заем беру шарттарын;
б) лауазымды адамдар мен банк қызметкерлерiне заем беру шарттарын;
в) заем комитетiнiң ұйымдық құрылымын, қызметi мен өкiлеттiгiн;
г) заем комитетi мүшелерiнiң жауапкершiлiгiн;
д) заем берудiң шектi өлшемiн;
е) заем шарттарын бекіту рәсiмiн белгiлейдi.
5. Осы баптың 2-4-тармақтарында белгiленген қалыптар банктердiң кепiлдiктер және кепiлдемелер беру жөніндегі операцияларына қолданылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 35-бап өзгертiлдi
35-бап. Несиелердiң қайтарымдылығын қамтамасыз ету
1. Несиелердiң қайтарымдылығы айыпақымен, кепiлмен, кепiлдiкпен, кепiлдемемен және заңдармен немесе шартпен көзделген басқа әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
2. Клиенттiң несиенi қайтаруға жоғары қабiлеттiлiгi мен сенімдiлiгi болған жағдайда банк несиенi қамтамасыз етусiз-ақ (банкiлiк несие) беру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
Банк бір заемшыға осы заемшының банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардан алған заем қаражатының көлемiн шегерiп тастағанда активтердiң орташа жылдық құнынан асып кететiн жалпы сомаға банк кредитiн беруге немесе қамтамасыз етiлмеген шартты мiндеттеменi қабылдауға құқылы емес. Заемшының активтерінің орташа жылдық құны есепті жылдың басынан осы кредитті алған күнге дейінгі кезеңге есептеледі.
3. Кепiл туралы шартпен, сондай-ақ заң актілерімен көзделген реттерде кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс тәртiппен сауда (аукцион) өткізу арқылы өз бетiмен өткізуге құқылы.
4. Осы баптың 1-3-тармақтарында белгiленген қалыптар банктердiң кепiлдiктер мен кепiлдемелер беру жөніндегі операцияларын қамтамасыз етуге қолданылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 29.06.98 ж. № 236-1 Заңдарымен 36-бап өзгертiлдi
36-бап. Төлеуге қабiлетсiз қарыз алушыға қатысты қолданылатын шаралар
Несие берушi банк несие шарты бойынша өз мiндеттемелерiн орындамаған қарыз алушыға:
жаңадан несие бермеуге;
қарыз алушының кез келген есепшотындағы ақшасынан (егер бұл несие шартында ескерiлген болса) қарыз алушының келісімiнсiз өндiрiп алуға;
төлеуге қабiлетсiз қарыз алушыны Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банкрот деп тану туралы сотқа талап арызын беруге құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 37-бап жаңа редакцияда
37-бап. Талап қою және қуынымның ескiру мерзімi
Банктердiң кредит шарттарын тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн қарыз алушыларға қойған талаптарына талап қою мен қуынымның ескiру мерзiмi қолданылмайды.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1 Заңдарымен 38-бап өзгертiлдi
38-бап. Төлемдер және ақшалай қаражаттар аударуды жүзеге асыру
1. Банктер Қазақстан Республикасының аумағында төлемдер мен ақша аударымдарын заңдарда белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
2. Ақша және төлемдер аудару тиiстi дәрежеде жүзеге асырылған ретте банк Қазақстан Республикасының заңдарына және клиентпен (депозитормен) жасасқан шартқа сәйкес жауапты болады.
3. Ақшаның халықаралық төлемдерін және аударылымдарын банкiлер халықаралық банк тәжiрибесiнде қолданылатын және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына қайшы келмейтiн түрлерiнде әдiстер мен тәртiп бойынша жүзеге асырады.
4. Банк төлем құжатының қолдан жасалғандығын растайтын құжаттар болған жағдайда, сондай-ақ олардың қате есептелу фактiсi анықталған жағдайда клиенттердiң (депозиторлардың) есепшотынан есептелген ақшаны олардың келісімiнсiз есептен алып қоюға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 39-бап жаңа редакцияда
39-бап. Ставкалар мен тарифтер
Сыйақылар мен комиссиялардың ставкаларын, сондай-ақ банк қызметi көрсетiлгенi үшiн тарифтердi банкiлер дербес белгiлейдi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 40-бап өзгертiлдi
40-бап. Банкiмен ерекше қатынастар арқылы байланысты адамдарға жеңiлдiк жағдайлар жасауға тыйым салу
1. Банкiмен ерекше қатынастар арқылы байланысты адамдарға жеңiлдiк жағдайлар жасауға банкiлерге тыйым салынады.
2. Жеңiлдiк жағдайлар жасау дегенiмiз:
табиғатына, мақсатына, ерекшелiктерiне және тәуекел етуiне қарай банк өзiмен ерекше қатынастар арқылы байланысты адамдар болып табылмайтын клиенттермен мәмiле жасай қоймайтын, банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен немесе оның мүддесіне мәмiле жасасу.
Банк өзімен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға қамтамасыз етусіз заемдар (бланктік заемдар) бере алмайды.
банк операциясын орындағаны немесе басқа клиенттерден талап етiлетiнiне қарағанда төмен қамтамасыз етудi қабылдағаны үшiн сыйақылар мен төлемдер өндiрiп алу.
3. Банкiмен ерекше қатынастар арқылы байланысты адамдар деп мыналар танылады:
а) аталған банкінің кез келген лауазымды адамы немесе басшы қызметкерi, сондай-ақ олардың жақын туыстары;
б) аталған банкінің iрi қатысушысы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға не банкінің iрi қатысушысының лауазымды адамы, сондай-ақ олардың жұбайлары және жақын туыстары;
в) осы баптың 3-тармағының (а) және (б) тармақшаларында көрсетiлген адамдар iрi қатысушысы болып табылатын заңды тұлға;
г) өзiне қатысты жағынан осы банк iрi қатысушысы болып табылатынын заңды тұлға, осы заңды тұлғаның лауазымды адамдары, олардың жақын туыстары.
3-1. Банк қандай да бір тұлғамен оған:
банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға алдындағы міндеттемені төлеуге;
банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғадан қандай да бір мүлікті сатып алуға;
банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға эмитациялаған бағалы қағаздарды сатып алуға мүмкіндік беру мақсатымен мәміле жасай алмайды.
4. Заңды тұлғаның iрi қатысушысы деп мұндай иеленушi мемлекет болып табылатын жағдайларды қоспағанда, осы заңды тұлға акцияларының (қатысушылар салымдарының) он процентiнен астамын дауыс құқығымен тiкелей немесе жанамалап иеленушi танылады.
5. Өзара байланысты заңды тұлғалар тобының біреуiмен ерекше қатынастар арқылы байланысты адам олардың әрқайсысымен ерекше қатынастар арқылы байланысты адам деп танылады.
6. Екi және одан көп заңды тұлғалар, егер олардың ең болмағанда біреуi екiншiсiнiң iрi қатысушысы болса, өзара байланысты заңды тұлғалар тобы деп танылады.
7. Банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен мәміле жасау осы баптың 1-тармағының талаптары ескеріле отырып, банктің директорлар кеңесінің шешімі бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Банкпен ерекше қатынастарға байланысты тұлғаларға берiлген (тұлғаларда орналастырылған) активтерге қатысты талаптардың құқықтарынан бас тарту акционерлердiң жалпы жиналысында кейiннен хабарлана отырып, жүзеге асырылады.
Банктің басшы қызметкері банк пен:
олардың өздерінің;
өзінің кез келген жақын туысының;
өзі немесе өзінің жақын туыстарының бірі лауазымды адамы немесе ірі қатысушысы болып табылатын кез келген заңды тұлғамен арадағы кез келген мәмілені қарауға және ол бойынша шешім қабылдауға қатыспауы тиіс.
Банк және банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға арасындағы кез келген мәміле бойынша директорлар кеңесінің шешімі оның барлық шарттарын директорлар кеңесі қарағаннан кейін ғана қабылдануы мүмкін.
8. Банк уәкiлеттi органға өзімен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалармен жасалған барлық мәмілелер туралы уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген нысандар бойынша ақпарат беруге міндетті.
4-тарау. Банкiлердiң қызметiн реттеу және
депозиторлардың мүддесiн қорғау
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.08.05. № 69-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 41-бап өзгертiлдi
41-бап. Банктерге және олардың лауазымды адамдарына қолданылатын шаралар. Банктiк реттеу тәсiлдерi
Банкiлердiң қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету, олардың депозиторларының мүдделерiн қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ақша-несие жүйесiнiң тұрақтылығын ұстап тұру мақсатында уәкiлеттi орган банкiлердiң қызметiн реттеудi, соның iшiнде:
күдiктi және сенімсiз активтерге қарсы провизияларды қоса, пруденциалдық қалыптарды және банкiлер сақтауға мiндеттi басқа да нормалар мен лимиттердi белгiлеу;
банкiлер орындауға мiндеттi нормативтiк құқықтық құжаттарды басып шығару;
банкiлердiң қызметiн инспекциялау (тексеру);
банкінің қаржы жағдайын сауықтыру жөнiнде ұсыныстар беру;
банкiлерге немесе олардың лауазымды адамдарына ықпал етудiң шектеулi шараларын қолдану;
банкiлерге санкциялар салу арқылы реттеудi жүзеге асырады.
Банктердің қызметін реттеу жекелеген банктерге қатысты да, шоғырландырылған негізде де, яғни банк тобына қатысты да жүзеге асырылады. Шоғырландырылған қадағалау ережелерін уәкiлеттi орган белгілейді.
ҚР 07.12.96 ж. № 50-1; 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.08.05. № 69-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 42-бап өзгертiлдi
42-бап. Пруденциалдық қалыптар және сақталуға мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттер
1. Банкiлер мiндеттi түрде сақтау үшiн уәкiлеттi орган белгiлейтiн пруденциалдық қалыптардың құрамына:
банкінің жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерi;
өз капиталы жеткiлiктiлiгiнің коэффицентi;
бір қарыз алушыға жасалатын тәуекелдiң ең көп мөлшерi;
өтiмдiлiк коэффицентi;
ашық валюталық позиция лимиттерi енедi.
Банктер тобы міндетті түрде сақтау үшін уәкiлеттi орган белгілейтін пруденциалдық нормативтердің құрамына:
жарғылық капиталдың ең аз мөлшері;
өз капиталы жеткіліктілігінің коэффиценті;
бір қарыз алушыға жасалатын тәуекелдің ең көп мөлшері енеді.
Уәкiлеттi орган халықаралық банк тәжiрибесiнде пайдаланылатын қосымша пруденциалдық қалыптар және өзге де орындалуы мiндеттi нормалар мен лимиттер белгiлеуге құқылы.
Уәкiлеттi орган банк заңдарына сәйкес банктерді және (немесе) банк холдингтерін не олардың лауазымды адамдарын пруденциалдық нормативтерді және (немесе) сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді банктің бұзғаны үшін жауапқа тарту жөнінде шаралар қолданады.
2. Банктiң қаржы жағдайының қойылатын талаптарға сәйкестiгi туралы мәселенi шешу мақсатында уәкiлеттi орган белгiлi бір күнге банк және банк тобы капиталының мөлшерiн белгiлеуге құқылы.
3. Пруденциалдық қалыптардың қалыптық және өзге де орындалуы мiндеттi нормалар мен лимиттердi маңызы мен есептеу әдiстемелерiн, белгiлi бір күнге шектi банк және банк тобы капиталының мөлшерiн, ашық валюталық позицияларды есептеу тәртібі мен олардың лимиттерiн, оларды сақтау әдiстерi мен есептеу әдiстемесiн, тиiстi есеп беру түрлерi мен оны табыс ету мерзiмдерiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
4. Банк уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген өз капиталы жеткіліктілігінің коэффициентін бұзған жағдайда, банк уәкiлеттi органға қайта капиталдандыру жоспарын жіберуі тиіс. Жоспарды бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шараларды және олардың мерзімін егжей-тегжейлі көрсете отырып, өз капиталы жеткіліктілігінің коэффициентін бұзған күннен бастап бір айдың ішінде ұсыну қажет.
5. Банк холдингтері уәкiлеттi органның банк тобының өз капиталы жеткіліктілігінің коэффициенттерін қолдау жөніндегі нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шараларды қолдануға тиіс.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 12.08.97 ж. № 200-1; 29.06.98 ж. № 236-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 10.07.03 ж. № 483-II (ы ред. қара) Заңдарымен 43-бап өзгертiлдi
43-бап. Резервтiк капитал мен күдiктi және сенімсiз активтерге қарсы провизиялар (резервтер)
1. Банк қызметiн жүзеге асыруға байланысты залалдардың орнын жабу мақсатында банкiлер резервтiк капитал құруға мiндеттi. Резервтiк капитал дивидендтер төленгенге дейiн жай акциялар бойынша банкiлердiң таза кiрiсi есебiнен құрылады. Банкінің резервтiк капиталының ең төменгi мөлшерiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
2. Жүргiзiлiп жатқан операциялардың сипаты мен ауқымына сәйкес өз қызметiн бақылауды және оның сенімдiлiгiн тиiстi дәрежеде қамтамасыз ету мақсатында банкiлер күдiктi және сенімсiз талаптарды бөле отырып және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi орган белгiлейтiн тәртiп пен шарттар бойынша оларға қарсы провизия (резервтер) жасай отырып, берiлген несиелер мен басқа да активтердi классификациялауды жүзеге асыруға мiндеттi.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 44-бап өзгертілдi
44-бап. Банкiлердiң қызметiн инспекциялау (тексеру)
1. Банкiлердiң қызметiн инспекциялауды уәкiлеттi орган дербес не басқа ұйымдарды қатыстыра отырып жүргiзедi.
Уәкiлеттi орган банктердің қызметіне инспекция жүргізу кезінде банктердің аффилиирлендірілген тұлғаларының қызметін уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес олардың банктер қызметіне ықпал ету дәрежесі мен сипатын айқындау мақсатында ғана тексеруге құқылы.
2. Уәкiлеттi органның тексеру жөніндегі тапсырмасында көрсетiлген мәселелер бойынша банкiлер, сондай-ақ олардың аффилиирлендірілген тұлғалары инспекциялаушы органға көмек көрсетуге, сондай-ақ кез келген лауазымды адамдар мен қызметкерлерге сауал-сұрақ қою мүмкiндiгiн және тексерудi орындау үшiн қажеттi кез келген ақпарат көздерiн алуды қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Уәкiлеттi органның қызметкерлерiне банкiлердiң қызметiн инспекциялау барысында алынған мәлiметтердi жария етуге не үшiншi адамдарға беруге тыйым салынады.
4. Инспекциялауды жүзеге асырушы адамдар банкiлердiң қызметiн тексеру барысында алынған және банкiлiк не коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтердi жария еткенi үшiн жауапты болады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) заңдарымен 45-бап өзгертiлдi
45-бап. Банкінің қаржы жағдайын сауықтыру жөніндегі ұсыныстар
Банкінің қаржы жағдайы нашарлаған реттерде уәкiлеттi орган оның акционерлерi алдына қаржыны сауықтыру, басшылықты ауыстыру қажеттiгi туралы немесе:
депозиттер қабылдауды шектеу туралы;
жарғылық капиталды ұлғайту туралы;
дивидендтер төлеудi тоқтатып, провизияларды ұлғайту туралы;
жекелеген филиалдар мен өкiлдiктердi жабу арқылы, сондай-ақ қызметкерлердi қосымша жалдауды тоқтату немесе шектеу арқылы шығындарды азайту туралы;
банкінің кез келген лауазымды адамдарын немесе қызметкерлерiн мүлдем немесе уақытша қызметтен шеттету туралы;
жоғары тәуекел деңгейлi банк операцияларының кейбір түрлерiн тоқтата тұру немесе шектеу туралы ұсыныстар берудi қоса, банкіні қайта құру қажеттiгi жөнiнде мәселе қоюға құқылы.
ҚР Президентінің 27.01.96 ж. № 2830 Заң күші бар Жарлығымен; ҚР 11.07.97 № 154-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.08.05. № 69-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 46-бап өзгертiлдi
46-бап. Ықпал етудiң шектеулi шаралары
1. Уәкiлеттi органның пруденциалдық қалыптарының және сақталуға мiндеттi басқа да нормалары мен лимиттерiнiң бұзылғанын, нормативтiк құқықтық құжаттарының бұзылғанын уәкiлеттi орган тапқан, банкінің лауазымды адамдары мен қызметкерлерiнiң оның қаржы қауiпсiздiгi мен тұрақтылығына, сондай-ақ оның депозиторларының, клиенттерi мен корреспонденттерiнiң мүдделерiне қауiп төндiретiндей заңсыз әрекеттерiн немесе әрекетсiздiгiн анықтаған реттерде уәкiлеттi орган банкiге мынадай шектеулi ықпал ету шараларының бірiн қолдануға:
а) мiндеттеме-хат талап етуге;
б) банкiмен жазбаша келісім жасасуға;
в) ескерту жасауға;
г) атқарылуға мiндеттi жазбаша нұсқама беруге құқылы.
2. Банкінің мiндеттеме-хатында орын алып отырған кемшiлiктердi мойындау фактiсi және банк басшылығының жоспарланған шаралар тiзбесiн көрсете отырып, оларды қатаң белгiленген мерзiмде қоятындығы туралы кепiлдемесi болуға тиiс.
3. Жазбаша келісім - бұл анықталған кемшiлiктердi дереу жою қажеттiгi туралы және осыған байланысты бірiншi кезектегi шараларды бекіту туралы банк пен уәкiлеттi орган арасындағы келісім.
4. Жазбаша нұсқама - анықталған кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған орындалуы мiндеттi түзету шараларын қолдану туралы банкке нұсқау.
Уәкiлеттi органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
5. Банк мiндеттеме-хаттың, жазбаша келісімнiң немесе жазбаша нұсқаманың осы құжатта көрсетiлген мерзiмде орындалғаны туралы уәкiлеттi органды хабардар етуге мiндеттi.
6. Егер орын алып отырған кемшiлiктер уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде жойылмаған ретте, жазбаша ескерту осы Заңның 47-бабында көзделген санкцияларды банкiге қолдану мүмкiндiгi туралы уәкiлеттi органның хабардар етуi болып табылады.
7. Ықпал етудiң шектеулi шараларын қолдану тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
8. Осы бапта келтірілген шаралар, егер уәкiлеттi орган осы тұлғалардың, оның лауазымды адамдарының немесе қызметкерлерінің жолсыздықтары, заңсыз әрекеті немесе әрекетсіздігі банктің қаржылық жағдайын нашарлатқанын анықтаса, банктің аффилиирлендірілген тұлғаларына қатысты да қолданылуы мүмкін.
9. Ұлттық Банк реттелуi өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын бұзу анықталған жағдайда, банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға осы баптың 1-тармағының а), в), г) тармақшаларында көрсетiлген ықпал ету шараларын қолдануға құқылы.
ҚР Президентінің 27.01.96 ж. № 2830 Заң күші бар Жарлығымен; ҚР 07.12.96 ж. № 50-1; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.08.05. № 69-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 47-бап өзгертiлдi
47-бап. Санкциялар
1. Уәкiлеттi орган төменде көрсетiлген негiздер бойынша банкiге бұрын қолданылған ықпал ету шараларына қарамастан оған санкциялар қолдануға құқылы.
2. Санкциялар ретiнде уәкiлеттi орган мынадай шаралар қолдануға:
а) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген негiздер бойынша айыппұл салуға;
б) осы Заңның 48-бабында белгiленген негiздер бойынша барлық немесе жекелеген банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензияны тоқтата тұруға не оны қайтарып алуға;
в) осы Заңның 62-67-баптарында белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша банкіні консервациялауға;
г) осы Заңның 49-бабында көзделген негiздер бойынша банк ашуға берiлген рұқсатты қайтарып алуға құқылы;
д) банк капиталы iс жүзiнде болмаған жағдайда және осы Заңның 48-бабы 1-тармағының г) тармақшасында көзделген негiздемелер бар болса, Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісім бойынша банк акцияларын (акционерлердiң үлесiн) уәкiлеттi орган белгiлеген баға бойынша акцияларды, кейiннен жаңа инвесторға сатып алынған баға бойынша мiндеттi түрде дереу сату, сонымен бір мезгiлде банк пен оның акционерлерiнiң барлық құқықтары мен міндеттемелерiн беру шартымен, мәжбүрлеп сатып алу туралы уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күнгi банктiң нақты капиталының мөлшерiн негiзге ала отырып шешiм қабылдау;
е) осы Заңның 20-бабында көрсетiлген адамдарды осы мәселенi банктiң тиiстi органы қарағанға дейiн, банктiң аталған басшы қызметкерiнiң (қызметкерлерiнiң) iс-әрекетiнiң қолданылып жүрген заң талаптарына сай келмейтiнiн тануға жеткiлiктi мәлiметтер негiзiнде лауазымды мiндеттерiн атқарудан шеттету.
ж) банкті салымдарға (депозиттерге) міндетті ұжымдық кепілдік беру (оларды сақтандыру) жүйесінен шығару туралы салымдарға (депозиттерге) міндетті ұжымдық кепілдік беру (оларды сақтандыру) жөніндегі ұйымға қойылатын талап;
з) банктің және (немесе) банк тобының өз капиталы жеткіліктілігінің коэффициенттерінің мәндері уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарымен белгіленген нормативтерден елу проценттен аз деңгейге дейін төмендеген жағдайда, банк осы Заңның 60-бабы және Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен кредиттік серіктестік болып қайта құрылуға міндетті.
Банк осы тармақшаның бірінші абзацында айтылған құқықтан бас тартқан немесе осы Заңның 61-бабында көрсетілген негіздер бойынша банктің кредиттік серіктестік болып қайта құрылуына рұқсат беруден бас тартылған жағдайда, уәкiлеттi орган банк акцияларын осы Заңның 47-1-бабының 3-тармағына сәйкес, ол (олар) осы Заң талаптарын сақтаған жағдайда, кейіннен жаңа инвесторға (инвесторларға) иеліктен шығарып беру үшін банк акцияларын уәкiлеттi органның сенімгерлікпен басқаруына беру жөнінде банк акционерлерімен шарт жасасу туралы шешім қабылдауға құқылы.
Акционерлер акцияларын сенімгерлікпен басқаруға беруден бас тартқан жағдайда уәкiлеттi орган шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.
3. Уәкiлеттi орган осы баптың 2-тармағының e) тармақшасында көзделген санкцияны қолданған жағдайда, қызметiнен шеттетiлген қызметкерлердi жұмыстан босату туралы шешiмдi оларды тиiстi қызметтерге тағайындаған немесе сайлаған органдар қабылдайды.
4. алынып тасталды
5. банк операцияларын жүргiзуге арналған банк лицензиясын (лицензияларын) қайтарып алу туралы шешiмi оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi.
6. Уәкiлеттi орган банк операцияларын жүргiзуге арналған банк лицензиясын (лицензияларын) қайтарып алғаннан кейiн банктiң уақытша әкiмшiлiгiн (уақытша әкімін) тағайындайды, оған барлық басқару органының өкiлеттiгi көшедi.
Банктiң бұрынғы iс-әрекет етушi органдарының өкiлеттiгi тоқтатылады.
6-1. Ұлттық Банк бұрын қолданылған ықпал ету шараларына қарамастан банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға санкциялар қолдануға құқылы. Ұлттық Банк санкция ретiнде банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға осы баптың 2-тармағының а) тармақшасында көрсетiлген шараларды, сондай-ақ лицензиясын Ұлттық Банк беретiн, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға осы баптың 2-тармағының б) тармақшасында көрсетiлген шараларды қолдануға құқылы.