3) банктiң iрi қатысушысының (банк холдингiнiң) iрi қатысушысы (акционерi) болып табылатын әрбір ұйымның атауы, оның жарғылық капиталға қатысу үлесiнiң мөлшерi (оған тиесiлi акциялардың саны), осы ұйымның қызмет түрiнiң немесе түрлерiнiң сипаттамасы және қаржылық есептiлiгi қамтылатын, бірақ бұлармен шектелмейтiн ақпарат көрсетiлуге тиiс.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 11.06.04 ж. № 562-II Заңдарымен 55-бап өзгертiлдi
55-бап. Банк қызметiнiң негiзгi көрсеткiштерiн жариялау
Банкiлер осы Заңның 19-бабы 4-тармағының талаптарына сай келетiн аудиторлық ұйым (аудитор) есепте берiлген мәлiметтердiң дұрыстығын растағаннан кейiн және банк акционерлерiнiң жылдық жиналысы жылдық балансты және кiрiстер мен шығыстар туралы есептi бекiткеннен кейiн уәкiлеттi органмен келісім бойынша Ұлттық Банк белгiлеген түрлер мен мерзiмдерде жылдық балансты және кірістер мен шығыстар туралы есепті қоса, жылдық есебiн жариялайды.
Банктер тоқсан сайын уәкiлеттi орган және (немесе) Ұлттық Банк белгiлеген нысан бойынша және мерзiмде балансын, пайдасы мен шығыны туралы есебiн, олардың аудиторлық мақұлдауынсыз-ақ жариялап отырады.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен 56-бап өзгертiлдi
56-бап. Құжаттарды есепке алу және сақтау
1. Банкiлер бухгалтерлiк есепте және есеп берудi жасау кезiнде пайдаланылатын құжаттардың қатаң есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Сақталуға тиiс негiзгi құжаттар тiзбесiн және олардың сақталу мерзiмiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II Заңымен 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда
6-тарау. Банктерге және олардың аффилиирлендірілген
тұлғаларына аудит
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 29.06.98 ж. № 236-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 57-бап өзгертiлдi
57-бап. Банктерге және олардың аффилиирлендірілген тұлғаларына аудит
1. Бухгалтерлiк есептi және есеп берудi, бастапқы құжаттарды және банк қызметi туралы басқа да ақпарат аудитiн аудиторлық қызмет туралы заңдарға сәйкес аудит жүргiзуге құқылы және осы Заңның 19-бабы 4-тармағының талаптарына сай келетiн аудиторлық ұйым (аудитор) жүргiзе алады.
1-1. Қаржы жылының қорытындылары бойынша аудит жүргізу банктерге, банк холдингтеріне және банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйымдарға міндетті болып табылады, ол туралы есептің көшірмесі мен аудиторлық ұйымның ұсыныстарын осы құжаттарды алған күннен бастап немесе оларды банктерге, банк холдингтеріне және банк (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйымдарға бергеннен кейін отыз күн ішінде банктер, банк холдингтері және банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйымдар немесе аудиторлық ұйымдар уәкiлеттi органға табыс етуге тиіс.
Банктің және банк холдингінің шоғырландырылған жылдық қаржылық есебін банктерге аудит жүргізуге құқылы аудиторлық ұйым куәландыруға тиіс.
2. Банк қызметiне аудит жүргiзуге лицензияларды уәкiлеттi орган бередi.
3. Банктерге аудит мыналарды анықтау мақсатында жүргiзiледi:
жүргiзiлген банк операцияларының есепте және есеп беруде дер кезiнде, толық және дәлме-дәл көрсетiлуi;
жүргiзiлген банк операцияларының осы Заңға, қолданылып жүрген заңдарға және уәкiлеттi орган мен Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкестiгi;
жүргiзiлген банк операцияларының оларды жүргiзудiң жалпы шарттарына сәйкестiгi, сондай-ақ банк операцияларын жүргiзу тәртібінiң банкінің iшкi ережелерiне сәйкестiгi.
4. Аудит нәтижелерiн және өз тұжырымдарын аудиторлық ұйым (аудитор) Директорлар кеңесi мен банк Басқармасына табыс етiлетiн есепте баяндайды.
Аудиторлық ұйымның (аудитордың) банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық жағдайы туралы есебi жеке құжат түрінде ресімделеді және коммерциялық құпия болмайды.
Аудиторлық ұйымның (аудитордың) есебiн жасау тәртібіне қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
5. Аудиторлық ұйым (аудитор) банкiде жүргiзiлген аудит туралы қорытындының көшiрмесiн уәкiлеттi органға оның талап етуi бойынша табыс етуге мiндеттi.
6. Банк, банк холдингі және банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйым аудиторлық ұйым аудиторлық ұйымның жүргізілген аудит туралы есебінде көрсетілетін банктің немесе банк тобының қаржылық жағдайына әсер ететін жолсыздықтарды банк, банк холдингі және банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйым аталған есепті алған күннен бастап үш ай ішінде жоймаған жағдайда, уәкiлеттi орган жолсыздықтар жойылғанға дейін:
банкке қатысты - осы Заңның 47-бабының 2-тармағының ж) тармақшасында көзделген санкцияларды;
банк холдингіне, банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйымға қатысты осы Заңның 47-1-бабының 2-тармағында көзделген шараларды қолдануға құқылы;
осы есепті алған күннен бастап бір жыл ішінде жолсыздықтарды жоймаған жағдайда уәкiлеттi орган:
банкке қатысты - осы Заңның 48-бабының 1-тармағының о) тармақшасы негізінде банктің лицензиясын қайтарып алуға;
банк холдингіне қатысты осы Заңның 47-1-бабының 3-тармағында көзделген шараларды қолдануға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 58-бап өзгертiлдi
58-бап. Банк қызметiн тексеруге байланысты аудиторлық қызметтi лицензиялау
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға құқылы кез келген заңды немесе жеке тұлға банк қызметiне аудит жүргiзуге лицензия беру туралы өтiнiшпен уәкiлеттi органға жолдануға құқылы.
2. Банк қызметiне аудит жүргiзуге лицензияларды беру, олардың қолданылуын тоқтату және оларды керi қайтарып алу тәртібі және шарттары, өтiнiш берушiге қойылатын талаптар осы Заңда белгiленген талаптар ескерiле отырып, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен айқындалады.
3. алынып тасталды
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 29.06.98 ж. № 236-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 59-бап өзгертiлдi
59-бап. Банк қызметіне аудиторлық ұйымның (аудитордың) аудит жүргізу жөніндегі есебін жарамсыз деп тану. Банк қызметіне аудит жүргізуге берілген лицензияны қайтарып алу, тоқтата тұру үшін негіздер
1. Егер:
а) аудиторлық ұйым (аудитор) банкінің немесе оның құрылтайшысының тiкелей немесе жанама қатысушысы болса;
б) аудитордың не аудиторлық ұйымның басшы немесе тексеру жүргiзушi қызметкерлерiнiң кез келгенiнiң жақын туысы немесе зайыбының (жұбайының) жақын туысы - тексерiлетiн банкінің басшы қызметкерi болса;
в) аудиторлық ұйымның (аудитордың) банк алдында ақшалай мiндеттемесi болса, аудиторлық ұйымның (аудитордың) жүргiзiлген тексеру туралы есебi барлық жағдайда жарамсыз деп танылады;
г) аудиторлық ұйымда (аудиторда) банк қызметiне аудит жүргiзуге уәкiлеттi органның лицензиясы болмаса;
д) есеп уәкiлеттi орган белгiлеген стандарттарға немесе банк қызметiне аудит жүргізудің нәтижелерiн ресiмдеу тәртібінiң талаптарына сай келмесе, сондай-ақ қолданылып жүрген заңдарда көзделген өзге де жағдайларда.
2. Банк аудитін жүргiзуге лицензияны уәкiлеттi орган мынадай кез келген негiздер бойынша қайтарып алады, тоқтата тұрады:
а) аудиторлық ұйымның (аудитордың) жүргiзiлген тексерулер туралы есептерiн уәкiлеттi орган екi және одан да көп рет жарамсыз деп таныса;
б) аудит барысында алынған және банкiлiк немесе коммерциялық құпия мәнiн құрайтын мәлiметтердi жария ету немесе үшiншi адамдарға (уәкiлеттi органнан басқа) беру;
в) жүргiзiлген аудиттiң (аудиторлық растаудың) нәтижелерi туралы есебiнiң көшiрмесiн уәкiлеттi органның сұратуы бойынша табыс етпесе;
г) аудиторлық ұйым (аудитор) аудиторлық қызметке қатысты мәселелер бойынша көрiнеу бұрыс есептер (растамалар) берген болса;
д) аудиторлық ұйымда уәкiлеттi органның банк қызметiне аудит жүргiзуге құқық беретiн лицензиясы бар аудитордың болмауы;
е) аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға лицензияны қайтарып алу туралы шешiм бар болса;
ж) банк қызметiне аудит жүргiзуге құқық беретiн лицензия берiлген күннен бастап бір жыл iшiнде оның негiзiнде берiлген мәлiметтердiң күмәндi екенi анықталса.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен II бөлiмнiң атауы толықтырылды
II Бөлiм. Банкiлердiң құқықтық мәртебесiн өзгерту
және қызметiн тоқтату ерекшелiктерiнiң
шарттары
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 7-тараудың атауы жаңа редакцияда
7-тарау. Банктердi ерiктi түрде қайта құру
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 60-бап өзгертiлдi
60-бап. Банкiлердi ерiктi түрде қайта құрудың жалпы шарттары
1. Банкiлердi ерiктi түрде қайта құру (қосу, бірiктiру, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру) уәкiлеттi органның рұқсатымен акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Осы банк акционерлерiнiң жалпы жиналысы шешiмiнiң болуы банкіні ерiктi түрде қайта құруды жүргiзуге рұқсат алу үшiн уәкiлеттi органға өтiнiш беруге негiз болып табылады.
3. Банкіні ерiктi қайта құруға уәкiлеттi органның рұқсатын алу туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса тiркелуге тиiс:
а) банкінің жоғары органының оны қайта құру туралы шешiмi;
б) банкіні қайта құрудың көзделiп отырған шарттарын, түрлерiн, тәртібі мен мерзiмдерiн сипаттайтын құжаттар;
в) банкінің ол қайта құрылғаннан кейiнгi және (немесе) банкіні қайта құру нәтижесiнде құрылған заңды тұлғалардың есеп айырысу балансын қоса, қайта құру салдарының қаржылық болжамы.
4. Банкіні қайта құруды жүргiзуге рұқсат алу туралы өтiнiштi уәкiлеттi орган оны қабылдаған күннен бастап екi ай iшiнде қарауға тиiс.
5. Қайта құрылатын банк қайта құруды жүргiзуге уәкiлеттi органнан рұқсат алған күннен бастап екi апта iшiнде алдағы болатын өзгерістер туралы өзiнiң барлық депозиторларын, клиенттерiн, корреспонденттерi мен қарыз алушыларын тiкелей хабардар ету арқылы және кемiнде екi республикалық газетке тиiстi хабарландыру жариялау арқылы хабардар етуге мiндеттi.
6. Қайта құру нәтижесiнде құрылған заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу немесе қайта тiркеу қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүргiзiледi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен 61-бап өзгертiлдi
61-бап. Банкіні ерiктi түрде қайта құруға рұқсат беруден бас тарту
Банкіні ерiктi түрде қайта құруға уәкiлеттi органның рұқсат беруден бас тартуы мынадай кез келген негiздер бойынша жүргiзiледi:
а) ерiктi түрде қайта құрылатын банкiлер жоғары органдарының тиiстi шешiмдерiнiң болмауы;
б) көзделiп отырған ерiктi түрде қайта құру салдарынан депозиторлар мүдделерiнiң бұзылуы;
в) көзделiп отырған ерiктi түрде қайта құру салдарынан пруденциалдық қалыптардың және сақталуға мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердiң бұзылуы;
г) көзделiп отырған ерiктi түрде қайта құру салдарынан монополияға қарсы заң талаптарының бұзылуы.
8-тарау. Банкіні консервациялау
ҚР Президентінің 27.01.96 ж. № 2830 Заң күші бар Жарлығымен; ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен 62-бап өзгертiлдi
62-бап. Банкіні консервациялау ұғымы
1. Банкіні консервациялау уәкiлеттi органның шешiмi бойынша банкінің қаржы жағдайын сауықтыру және оның жұмыс сапасын жақсарту мақсатында банкiге қатысты әкiмшiлiк, заңдық, қаржылық, ұйымдық-техникалық және басқа да шаралар мен рәсiмдер кешенiн мәжбүрлi түрде жүргiзудi бiлдiредi.
2. Банк мынадай негiздердiң кез келгенi бойынша консервациялауға ұшырауы мүмкiн:
а) өз капиталының жеткiлiктiлiгi коэффициентiнiң ұдайы (қатарынан 3 ай орындалмауы);
б) Осы Заңның 48-бабында көзделген негiздер бойынша.
3. Консервациялау режимiн белгiлеу уәкiлеттi органның шектеулi (бір жылға дейiн) мерзiмге банкіні басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiктi немесе уақытша банк басқарушысын тағайындауын бiлдiредi.
4. Банкіні консервациялау банкінің өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. Уәкiлеттi органның консервациялауды жүргiзу туралы шешіміне банк акционерлерi он күн мерзiмде сот тәртібімен шағым жасай алады. Аталған шешiмге шағым беру банкіні консервациялауды тоқтатпайды.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен 63-бап өзгертiлдi
63-бап. Банкіні басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы)
1. Уақытша әкiмшiлiктi (уақытша банк басқарушысын) уәкiлеттi орган оның қызметкерлерi не осы Заңның 20-бабының 3-5-тармақтарында белгiленген ең төменгi талаптарға сай келетiн, оның қызметкерлерi болып табылмайтын адамдар арасынан тағайындайды.
2. Уақытша әкiмшiлiктiң басшысы мен мүшелерiнiң (уақытша банк басқарушысы) құқықтары мен мiндеттерi, сондай-ақ олардың еңбегiне ақы төлеу шарты уәкiлеттi орган пен уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) арасында жасалатын жеке шарт бойынша белгiленедi.
3. Уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) өз қызметiнде осы Заңды, уәкiлеттi органның қалыптық құқықтық құжаттарын және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарын басшылыққа алады.
4. уәкiлеттi орган уақытша әкiмшiлiк мүшелерiн (уақытша банк басқарушысын) кез келген сәтте ауыстыруға құқылы.
5. Банкiге келтiрiлген залал үшiн уақытша әкiмшiлiк басшысы мен мүшелерi (уақытша басқарушы) қолданылып жүрген заңдармен белгiленген жауаптылықты көтередi. Уақытша әкiмшiлiк басшысы мен мүшелерiне (уақытша банк басқарушысына) қалыпты өндiрiстiк тәуекел санатына жатқызылуы мүмкiн залал үшiн жауапкершiлiк жүктеуге жол берiлмейдi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 64-бап өзгертiлдi
64-бап. Банкіні консервациялауды жүргiзу туралы қаулы
1. Уәкiлеттi органның банкке консервациялау жүргiзу туралы шешiмiнде мыналар болуға тиiс:
а) банкінің атауы және оның орналасқан жерi;
б) банкіні консервациялау туралы шешiмнiң негiздемесi;
в) консервация күшiнiң басталуы мен мерзімi;
г) банк қызметiне қойылатын шектеулер тiзбесi;
д) уақытша әкiмшiлiктiң дербес құрамы немесе уақытша банк басқарушысының фамилиясы, аты, әкесiнiң аты;
е) консервациялау режимiнде тұрған банкінің басшы қызметкерлерiне өз жұмысы туралы есеп, табыстары туралы декларация, меншiгiнiң бар екендiгi және оның мөлшерi туралы мәлiметтер әзiрлеу және осы құжаттарды уақытша әкiмшiлiкке (уақытша банк басқарушысына) беру туралы нұсқама;
ж) уақытша әкiмшiлiкке (уақытша басқарушыға) берiлетiн ұсыныстар.
2. Уәкiлеттi органның банкке консервациялау жүргiзу туралы шешiмi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына таратылатын мерзiмдiк екi баспа басылымында жарияланады.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II Заңымен 64-бап өзгертiлдi
65-бап. Консервациялау кезеңiнде банкіні басқару ерекшелiктерi. Уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша банк басқарушысының) банкіні басқару жөніндегі өкiлеттiгi
1. Консервациялау күшiнiң басталуымен және оның мерзiмiне:
а) банк акционерлерiнiң оны басқару жөніндегі құқығы тоқтатыла тұрады;
б) банк органдары мен оның басшы қызметкерлерiнiң өкiлеттiгi тоқтатыла тұрады;
в) банкіні басқару жөніндегі барлық өкiлеттiк уақытша әкiмшiлiкке (уақытша басқарушыға) көшедi;
г) уақытша әкiмшiлiкке (уақытша банк басқарушысына) айтпастан және оның жазбаша келісімiнсiз банкінің атынан және оның есебiнен жасалған барлық мәмiлелер жарамсыз деп танылады.
2. Уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы):
а) осы Заңның 66-бабының талаптарын ескере отырып банк қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша дербес шешiм қабылдауға;
б) қажет болған жағдайда консервациялау кезеңiнде қабылданған депозиттер бойынша банкінің мiндеттемелерiн толық немесе iшiнара тоқтата тұруға;
в) қажет болған жағдайда банк қаражатын салуды көздейтiн банк жасасқан шарттарды бұзуға не оларға, ставкаларын, тарифтерiн және қолданылу мерзiмiн өзгертудi қоса, біржақты тәртiппен өзгерістер мен толықтырулар енгізуге;
г) банкінің атынан кез келген шарттар мен құжаттарға қол қоюға;
д) банкінің атынан және оның мүддесi үшiн ақы талабын қоюға;
е) банк қызметкерлерiн қызметтен босату, қызметiн төмендету немесе қызметтен уақытша шеттету, олардың арасында мiндеттер бөлiсу туралы бұйрықтарды қоса, бұйрықтар шығаруға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен 66-бап өзгертiлдi
66-бап. Уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша банк басқарушысының) банкіні басқару жөніндегі қызметiн бақылау
1. Банкіні консервациялау мерзiмi iшiнде уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша басқарушының) қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады, ол: а) уақытша әкiмшiлiкке (уақытша банк басқарушысына) банкіні консервациялау кезеңiнде шаралардың негiзгi бағыттары туралы ұсыныстар беруге (негiзгi шаралар жоспарын ұсынуға);
б) уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) орындауға мiндеттi жазбаша нұсқаулар беруге;
в) уақытша әкiмшiлiктен (уақытша банк басқарушысынан) өз қызметi мен банк қызметi туралы кез келген ақпарат берудi талап етуге;
г) уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша банк басқарушысының) iстелген жұмыс туралы есебiн тыңдауға;
д) консервациялау мерзiмiн ұзартуға;
е) банкіні консервациялаудың аяқталғаны туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) қызметiн егжей-тегжейлi регламенттеу және оның үшiншi жақтармен өзара қарым-қатынасының қағидаттары уәкiлеттi органның қалыптық құқықтық құжаттарымен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 67-бап өзгертiлдi
67-бап. Консервациялауды тоқтату
1. Банкіні консервациялау мынадай негiздер бойынша тоқтатылады:
а) уәкiлеттi органның шешiмiмен белгiленген консервациялау мерзiмiнiң аяқталуы;
б) уәкiлеттi органның консервациялауды мерзiмiнен бұрын аяқтау туралы шешiм қабылдауы.
2. Банкінің қаржы жағдайының сауығуына және жұмыс сапасының жақсаруына байланысты оны консервациялауды тоқтату (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын) осы банкiге қатысты уәкiлеттi орган немесе уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) белгiлеген барлық шектеулердiң алынып тасталуына әкеп соғады. Бұл орайда консервациялау мерзiмi iшiнде банкінің құрылтай құжаттарына, басқару органдарына және қызметкерлерiнiң құрамына енгiзiлген өзгерістер мен толықтырулар күшiнде қала бередi.
3. Егер банкіні консервациялау оның қаржы жағдайы мен жұмыс сапасын сауықтыруға жеткiзбеген жағдайда, уәкiлеттi орган банк заңдарында көзделген негiзде банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензияны қайтарып алуға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 9-тарау жаңа редакцияда
9-тарау. Банктердi тарату және ерiксiз қайта құру
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 68-бап өзгертiлдi
68-бап. Банктердi тарату түрлерi мен негiздерi
1. Банк:
а) уәкiлеттi органның рұқсаты болған жағдайда (ерiктi тарату), оның акционерлерiнiң шешiмi бойынша;
б) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген реттерде (ерiксiз тарату) соттың шешiмi бойынша;
в) алынып тасталды
2. Банктердiң қызметiн тоқтату, оның ішінде банкроттық негіз бойынша тоқтату және осы Заңның талаптарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II Заңымен 68-1-баппен толықтырылды ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) 68-1-бап өзгертілді
68-1-бап. Ерікті және еріксіз таратылатын банктер кредиторларының комитеті
1. Кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету және олардың банктерді ерікті және еріксіз тарату рәсімдеріне қатысуымен шешімдер қабылдау мақсатында кредиторлар комитеті құрылады.
Ерікті немесе мәжбүрлеп таратылатын банк кредиторлары комитетінің құрамын банктің тарату комиссиясының ұсынысы бойынша уәкiлеттi орган бекітеді.
2. Кредиторлар комитетінің құрылу және қызметі ерекшеліктері уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 69-бап өзгертiлдi
69-бап. Ерiктi тарату
1. Банк акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде өзiн ерiктi түрде таратуға рұқсат беру туралы уәкiлеттi органға өтiнiш жасауға құқылы.
Өтiнiшке банктiң қызметiн тоқтату мерзiмi және оған әзiрлiк кезеңдерi туралы акционерлердiң жалпы жиналысы бекiткен шаралар тiзбесi, банк мiндеттемелерi бойынша оның есеп айырысуларының жүзеге асырылуы үшiн банк қаражатының жеткiлiктiлiгiн дәлелдейтiн баланстық есеп, тарату комиссиясының мүшелiгiне кандидаттар, оның iшiнде филиалдарда не өкiлдiктерде құрылатын оның бөлiмшелерiнiң тiзiмi және басқа қажеттi мәлiметтер қоса тiркелуi тиiс. Қажеттi мәлiметтер тiзбесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
2. Банктiң ерiктi түрде тарауына рұқсат алу туралы өтiнiшiн уәкiлеттi орган тиiстi түрде ресiмделген құжаттарды қабылдаған күннен бастап екi ай iшiнде қарауға тиiс.
Банктiң ерiктi түрде тарауына рұқсат беруден бас тартқан жағдайда уәкiлеттi орган бұл туралы дәлелдi шешiм қабылдап, банкке хабарлайды.
3. алынып тасталды
4. Ерiктi түрде тарауға рұқсат алған жағдайда банк тарату комиссиясын банктiң филиалдары мен өкiлдiктерiн ескере отырып, құрады, оған банктiң мүлкi мен iсiн басқару жөніндегі өкiлеттiк ауысады.
Ерiктi түрде таратылатын банктердiң тарату комиссиялары қызметiнiң ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
4-1. Ерікті таратылатын банктің тарату комиссиясының қызметіне бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Ерiктi түрде тарауға рұқсат алғаннан кейiн банк бұл туралы ақпаратты әдiлет орталық органының ресми басылымдарында жариялауға тиiс.
6. Тарату комиссиясы банктi тарату туралы баланс пен есептi бекiткеннен кейiн жетi күн мерзiмде оны Әдiлет министрлігі мен уәкiлеттi органға табыс етуге мiндеттi.
Банктi тарату аяқталған кезде тарату комиссиясы құжаттарды сақтау үшiн белгiленген тәртiппен мұрағатқа тапсыруға және бұл жөнiнде уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
7. Барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға қаржысы жеткiлiксiз болған жағдайда, банк банкроттық негіздер бойынша ерiксiз түрде таратылуы тиiс.
7-1. Ерiктi түрде таратылу процесiн аяқтаудың мүмкiн еместiгiне байланысты уәкiлеттi орган банктiң жұмысын ерiксiз тоқтату (тарату) туралы сотқа жүгiнуге құқылы.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II Заңымен 70-бап өзгертiлдi
70-бап. Банктердi ерiксiз тарату түрлерi
Банктердi ерiксiз таратуды сот:
а) банк банкроттығына;
б) банк заңдарында көзделген негiздер бойынша банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензияларды қайтарып алуға;
в) банк заңдарында көздеген басқа негiздер бойынша банк қызметiн тоқтату туралы уәкiлеттi мемлекеттік органдардың, заңды немесе жеке тұлғалардың өтiнiшiне (қуынымына) байланысты жүргiзедi.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) 71-бап өзгертілді
71-бап. Банктi банкрот деп тану
1. Банктiң төлем төлеуге қабiлетсiздiгi мен дәрменсiздiгi уәкiлеттi органның сотқа берген банк капиталының мөлшерiн, пруденциалдық нормативтердiң (және мiндеттi сақталуға тиiстi өзге нормалар мен лимиттердiң) есеп айырысу әдiстемелерiн ескере отырып жасаған қорытындысында анықталады.
2. Банктiң белгiленген тәртiп бойынша сот шешiмiмен ғана банкрот деп танылуы мүмкiн. Дәрменсiз банктi оның кредиторлары мен банктiң өз шешiмi бойынша таратудың соттан тыс рәсiмiне жол берiлмейдi.
3. Тараптардың банктiң банкроттығы туралы iс бойынша тату келісім жасауларына мүмкiндiк берiлмейдi.
4. Сот банктi банкрот деп тану және оны мәжбүрлеп тарату туралы шешiмдi уәкiлеттi органға жiбередi.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 72-бап өзгертiлдi
72-бап. Өзге негiздер бойынша банктi тарату
1. Банктердi ерiксiз тарату уәкiлдiк берiлген мемлекеттік органның, заңды немесе жеке тұлғаның өтiнiшi (қуынымы) бойынша (банк операцияларын жүргiзуге берiлген банк лицензияларын қайтарып алу туралы шешiмi жоқ болған жағдайда) сот iс қозғаған жағдайларда осы Заңға сәйкес жүргiзiледi.
2. Банктi ерiксiз тарату туралы шешiмдi сот уәкiлеттi органға жiбередi.
Осы Заңның 70 бабының в) тармақшасында көзделген негiзде қозғалған iс бойынша банктi ерiксiз тарату туралы сот шешiм қабылдаған күннен бастап банктiң банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензияларын қайтарып алады.
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 73-бап өзгертiлдi
73-бап. Ерiксiз таратуды жүргiзудiң шарттары мен тәртібі
1. Сот банктi мәжбүрлеп тарату туралы iстi қозғаған күннен бастап:
1) банк құрылтайшыларының (қатысушыларының), органдарының банктiң мүлкiне билiк етуге құқығы жоқ;
2) соттардың таратылатын банкке қатысты бұрын қабылдаған шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;
3) кредиторлардың банкке қойған кез келген талаптары, банктi ұстап тұруға арналған ағымдағы шығыстарға байланысты талаптарды қоспағанда, тек тарату iсiнде ғана қойылуы мүмкiн;
4) кредиторлардың, салық органдарының талаптары бойынша банктiң банк шоттарынан ақшаны, оның iшiнде даусыз (акцептсiз) тәртiппен қанағаттандыруға жататын ақшаны өндiрiп алуға, сондай-ақ банктiң мүлкiнен өндiрiп алуға жол берiлмейдi;
5) банктiң лауазымды тұлғаларына оларға тиесiлi банк акцияларын иелiктен шығаруға тыйым салынады.