2. Корпорациялық табыс салығы жөнiндегi декларация декларациядан және корпорациялық табыс салығы бойынша салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлер туралы ақпараттарды ашу жөнiндегi қосымшалардан тұрады.
5-бөлім. Инвестициялық салық преференциялары
ҚР 08.01.03 ж. N 375-II Заңымен 138-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңымен 138-бап өзгертілді
138-бап. Инвестициялық салық преференциялары
Инвестициялық салық преференциялары корпорациялық табыс салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша беріледі.
Инвестициялық салық преференциялары дегеніміз жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мен жаңарту мақсатында инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын салық төлеушi заңды тұлғалардың жылдық жиынтық табысынан қосымша шегерімдер жасауға құқық беру, мұндай салық төлеушілерді жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мен жаңарту мақсатында инвестициялық жоба шеңберінде жаңадан пайдалануға берілген тіркелген активтер бойынша мүлік салығын төлеуден босату, сондай-ақ инвестициялық жобаны іске асыру үшін иемденіп алынған және пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын төлеуден босату.
ҚР 08.01.03 ж. N 375-II Заңымен 139-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңымен 139-бап өзгертілді
139-бап. Инвестициялық салық преференцияларын қолдану тәртібі
1. Инвестициялық салық преференциялары (бұдан әрi - преференциялар) инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын салық төлеушi заңды тұлғаларға берiледi.
2. Преференциялар салық төлеушілерге преференцияларды қолданудың басталу күнін белгілейтін келісім-шартқа (оның нотариалдық жолмен куәландырылған көшірмесі салык төлеушінің тіркелген жері бойынша салық органына беріледі) сәйкес мынадай мерзімдерде:
келiсiм-шарт жасалған кезде шаруашылық қызметтi жүзеге асыратын салық төлеушiлер - осы Кодекстiң 107-бабы 1-тармағының 1) - 8) тармақшаларында көрсетiлген, амортизацияға жатпайтын тiркелген активтердi қоспағанда, тiркелген активтер инвестициялық жобалар шеңберiнде iске қосылған жылдан кейiнгi жылдың 1 қаңтарынан бастап;
жаңадан тіркелген салық төлеушілерге - тіркелген активтер іске қосылған кезден бастап беріледі.
Корпорациялық табыс салығы бойынша преференциялар салық төлеушіге жиынтық жылдық табыстан амортизацияға жатпайтын тiркелген активтердi қоспағанда, iске қосылатын тіркелген активтердің құнын преференциялардың қолданылу мерзіміне қарай теңдей үлестермен шегерімге жатқызуға құқық береді.
Преференциялар беру тәртібі және жағдайлары Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарымен айқындалады.
3. Корпорациялық табыс салығы бойынша преференцияларды қолдану үшін салық төлеуші жаңадан іске қосылатын тіркелген активтер бойынша олардың құнын ішкі топтың құн балансына енгізбейді және олар бойынша бөлек есеп жүргізеді.
4. Мүлік салығы бойынша преференцияларды қолдану мерзімі біткеннен кейін салық төлеуші осы Кодекстің 351-360-баптарында белгіленген тәртіппен мүлік салығын және 323-344-бапттарында белгіленген тәртіппен жер салығын төлей бастайды.
5. Преференцияларды қолдану мерзімі тіркелген активтерге инвестициялардың көлеміне қарай әрбір жекелеген жағдайда айқындалады, бірақ ол осы баптың 2-тармағында аталған күннен бастап бес жылдан аспауға тиіс.
ҚР 08.01.03 ж. N 375-II Заңымен 140-бап жаңа редакцияда (бұрынғы ред. қара)
140-бап. Преференциялардың қолданылуын тоқтату
1. Преференциялардың қолданылуы осы Кодекстің 139-бабының 5-тармағын ескере отырып, келісім-шартта көрсетілген мерзімде тоқтатылады не мұндай мерзім біткенге дейін тоқтатылуы мүмкін.
Преференциялардың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтату тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарында белгіленген жағдайларда оны тараптардың әрқайсысы біржақты тәртіппен жүзеге асыруы мүмкін.
2. Преференциялардың қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде салық төлеуші салықтарды төлейді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапты болады.
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен 5-1-бөліммен толықтырылды
5-1-бөлiм. Салық төлеушiлердiң жекелеген санаттарына
салық салу ерекшелiктерi
22-1 тарау. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында
қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарға салық салу
140-1-бап. Жалпы ережелер
1. Бiр мезгiлде мынадай шарттарға сай келетiн:
1) арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарындағы салық органдарында тiркеу есебiнде тұратын;
2) арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарынан тыс жерлерде құрылымдық бөлiмшелерi жоқ;
3) арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сәйкес келетiн мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асыру:
бағдарламалық қамтамасыз етудi, деректер базасын және аппараттық құралдарды жобалау, әзiрлеу, енгiзу және олардың тәжiрибелiк өндiрiсi мен өндiрiсi;
және (немесе) жасанды иммундық және нейрондық жүйелер негiзiнде жаңа ақпараттық технологияларды жасау;
және (немесе) ақпараттық технологиялар саласында жобаларды жасау және енгiзу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргiзу нәтижесiнде алуға жататын (алынған) табыстары жылдық жиынтық табысының кемiнде 90 процентiн құрайтын заңды тұлғалар осы Кодекстiң мақсаттары үшiн арнайы экономикалық aймақтардың аумақтарында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдар деп танылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерi бойынша жұмыстар мен қызмет көрсетулердiң нақты түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
2. Алынған (алынуға жататын) табыстарды осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерiнен алынған табыстарға жатқызу арнаулы экономикалық аймақтардың аумақтарында құрылған атқарушы органның тиiстi өнеркәсiп саласын басқару мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен және нысанда уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсе отырып берген растауы негiзiнде жүзеге асырылады.
140-2 бап. Салықтарды есептеу, төлеу тәртiбi мен мерзiмдерi
1. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдардың салықтарды есептеуi осы баптың 2 және 4-тармақтарында көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Бюджетке төленуге тиiстi корпорациялық табыс салығының сомасын айқындау кезiнде корпорациялық табыс салығының осы Кодекстiң 125-бабына сәйкес есептелген сомасы 50 процентке азайтылады.
Осы тармақта көзделген салық сомасын кемiту осы Кодекстiң 126-бабына сәйкес айқындалатын корпорациялық табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларын есептеу кезiнде де қолданылады.
3. Корпорациялық табыс салығын төлеу және аванстық төлемдердi енгiзу осы Кодекстiң 127-бабында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жүзеге асырылады.
4. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында орналасқан және осы Кодекстiң 140-1-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерiн жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын салық салу объектiлерi бойынша:
1) жер салығын есептеу кезiнде тиiстi ставкаларға 0 коэффициентi;
2) мүлiк салығын есептеу кезiнде салық салу объектiлерiнiң жылдық орташа құнына 0 проценттiк ставка қолданылады.
5. Осы Кодекстiң 140-1-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында аталған қызмет көрсетулердi iске асыру жөнiндегi айналымдар қосылған құн салығынан босатылады.
140-3-бап. Салық кезеңi және салық есептiлiгi
Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салық кезеңi, салық есептiлiгiн беру тәртiбi мен мерзiмдерi осы Кодекске сәйкес айқындалады.
6-бөлім. Жеке табыс салығы
23-тарау. Жалпы ережелер
141-бап. Төлеушiлер
Осы Кодекстiң 143-бабына сәйкес айқындалатын салық салу объектiлерi бар жеке тұлғалар жеке табыс салығын төлеушiлер (бөлiм бойынша бұдан әрi салық төлеушiлер) болып табылады.
142-бап. Резидент емес жеке тұлғаларға салық салу ерекшелiктерi
Резидент емес жеке тұлғалар осы Кодекстiң 187-192-баптарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, 141-174-баптарына сәйкес жеке табыс салығы бойынша салықты есептеп, төлейдi және жеке табыс салығы бойынша салық декларациясын табыс етедi.
143-бап. Салық салу объектiлерi
Осы Кодекстiң 144-бабында көрсетiлген табыстарды қоспағанда, жеке табыс салығы салынатын объектiлер мыналар:
1) төлем көзiнен салық салынатын табыстар;
2) төлем көзiнен салық салынбайтын табыстар.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 10.07.03 ж. N 483-II (01.01.04 ж. күшіне енеді) (қолданыстағы ред. қара) Заңдарымен 144-бап өзгертілді
144-бап. Салық салынуға жатпайтын табыстар
1. Жеке тұлғалар табыстарының мынадай түрлерiне салық салынуға тиiс емес:
1) еңбекақы төлеуге байланысты төлемдердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен төленетiн атаулы әлеуметтiк көмек, жәрдемақылар мен өтемдер;
2) балаларға және асырауындағы адамдарға алынған алименттер;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметкерге еңбек мiндеттерiн орындау кезiнде мертiгуiне немесе денсаулығының өзге де зақымдануына байланысты келтiрiлген зиянның орнын толтыру (жоғалтқан жалақысы бөлiгiндегi орнын толтырудан басқа);
4) жеке тұлғалардың қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның лицензиялары бар банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы салымдары бойынша оларға төленетiн сыйақылар және борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы;
5) мемлекеттiк бағалы қағаздармен және агенттік облигациялармен жасалған операциялардан түскен табыстар;
6) әскери қызмет міндеттерін атқарған кезде әскери қызметшілерге, белгіленген тәртіппен арнайы атақ берілген, оны қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты алған ішкі істер органдарының және мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қызметкерлеріне берілетін төлемдердің барлық түрі;
7) лотерея бойынша 5 айлық есептiк көрсеткiш шегiндегi ұтыстар;
8) тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiнде белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнде мемлекеттiк бюджет және гранттар қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын қоғамдық жұмыстарды орындауға және кәсiби оқуларға байланысты төлемдер;
9) гранттар қаражаты есебiнен төленетiн төлемдер (еңбекақы түрiндегi төлемдерден басқа);
10) тұрақты жұмысы жолда өтетiн немесе жүрiп-тұру сипатында болатын не қызмет көрсететiн учаскелер шегiнде қызмет бабындағы сапарлармен байланысты жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде төленетiн төлемдер;
11) экологиялық апат немесе ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төленетiн төлемдер;
12) 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушылардың және оларға теңестiрiлетiн адамдардың, I және II топтағы мүгедектердiң, сондай-ақ бала кезiнен мүгедек адамның ата-аналарының бiреуiнiң салық жылы iшiндегi айлық есептiк көрсеткiштiң 480 еселенген шегiндегi табыстары; III топтағы мүгедектердің бiр жыл iшiндегi - айлық есептiк көрсеткiштің 240 еселенген шегiндегi табысы;
13) өткізілер күні қор биржасының "А" және "В" ресми тізімінде тұратын акциялар мен облигацияларды өткiзу кезіндегі құн өсiмiнен алынатын табысы;
14) мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен төленетiн бiржолғы төлемдер (еңбекақы түрiндегi төлемдерден басқа);
15) салық жылы iшiнде медициналық қызмет көрсетулердiң (косметологиялық қызмет көрсетулерден басқа) ақысын төлеу үшiн, бала туған кезде, жерлеу үшiн берiлетiн, құжатпен расталған, айлық есептiк көрсеткiштің 50 еселенген шегiндегi төлемдер;
16) қызметтiк iссапарлар кезiнде осы Кодекстiң 93-бабында белгiленген мөлшерде төленетiн өтемдер;
17) қызметкер ұйымымен бiрге басқа жерге жұмысқа ауысқан не көшкен кездегi жол жүруi, мүлкiн көшiруi, үй-жай жалдауы бойынша құжатпен расталған шығындардың өтемдерi;
18) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын дипломатиялық немесе консулдық қызметкерлердiң ресми табыстары;
19) шет мемлекеттiң мемлекеттiк қызметiнде жүрген шетелдiк жеке тұлғалардың сол елде салық салынуға тиiс ресми табыстары;
20) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасының шет елдердегi дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнде қызметте жүрген жеке тұлғалардың мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен шетелдiк валютамен төленетiн ресми табыстары;
21) Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталықтан берiлетiн зейнетақы төлемдерi;
22) ерiктi зейнетақы жарналарының есебiнен жүзеге асырылатын зейнетақы және сақтандыру төлемдерi;
23) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде дала жағдайында геологиялық-барлау, топографиялық-геодезиялық және iздестiру жұмыстарымен шұғылданатын қызметкерлердiң далалық жабдықталым ақшасы;
24) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде республикалық бюджет қаражаты есебiнен төленетiн тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақылар (мемлекеттiң сыйлықақылары);
25) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыс берушiнiң қызметкерлердi өздерiнің өндiрiстiк қызметiне байланысты мамандық бойынша оқытуға және бiлiктiлiгiн арттыруға бағытталған шығыстары;
26) жұмыс берушінің вахталық әдiспен жұмыс iстейтiн адамдарға өндiрiс объектiсiнде болу кезеңiнде жұмыстарды орындауы мен ауысымаралық демалысы үшiн жағдай жасай отырып, олардың тұрмыс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету үшiн тұрғын үй жалдауына және осы Кодекстiң 93-бабына сәйкес белгiленген тәулiкақы шегiнде тамақтануға арналған шығыстары; қызметкерлердi жұмыс орнына дейiн және керi қарай жеткiзуге байланысты шығыстар;
27) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде, жүктi болғанда және босанғанда берiлетiн әлеуметтiк жәрдемақылар, сондай-ақ ұл бала немесе қыз бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) берiлетiн әлеуметтiк жәрдемақылар;
28) бiлiм беру ұйымдарында оқитындарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мемлекеттiк стипендияларға арналған мөлшерде төленетiн стипендиялар;
29) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген нормалар бойынша берiлген арнаулы киiмнiң, арнаулы аяқкиiмнiң, басқа да жеке қорғану және алғашқы медициналық көмек құралдарының, сабынның, зарарсыздандыру құралдарының, сүт немесе құндылығы соған тең басқа да емдеу-профилактикаға арналған азық-түлiк өнiмдерiнiң құны;
30) өздерінің қызметін жүзеге асыру мақсатында жеке кәсіпкер, жеке нотариус, адвокат алған мүлікті қоспағанда, жеке тұлға басқа жеке тұлғадан сыйға немесе мұраға алған мүліктің құны;
31) iзгiлiк, қайырымдылық көмек түрiнде алынған мүлiктiң құны;
31-1) он алты жасқа толмаған балалар үшін балалар лагеріне жолдамалардың құны;
32) еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн орындау кезiнде қызметкердiң өмiрiне және денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнің жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерi;
33) осы Кодекстiң 161-бабында көзделген табыстарды қоспағанда, шарттың қолданылу кезеңiндегi сақтандырудың кез келген түрi кезiнде төленетiн, сақтандыру оқиғасына байланысты сақтандыру төлемдерiнiң сомалары;
34) өз қызметкерлерiн мiндеттi сақтандыру шарттары бойынша жұмыс берушi төлейтiн сақтандыру сыйлықақыларының сомалары;
35) төлем көзiнен салық ұсталғандығын растайтын құжаттар болған жағдайда, бұрын төлем көзiнен салық салынған дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар сомалары;
36) материалдық нұқсанның орнын толтырудың сот шешiмi бойынша тағайындалған сомалары;
37) жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша жасасқан сақтандыру сыйлықақыларын (аннуитет) төлеу үшiн өмiрдi сақтандыру жөнiнде сақтандыру ұйымдарына жiберген зейнетақы жинағының сомалары.
2. Осы Кодекстің 149-бабында көрсетiлген табыстарды қоспағанда, осы баптың 1-тармағының 12) тармақшасында көрсетiлген жеңiлдiктердi алу үшiн салық төлеушiлер тiркеу есебiндегi орны бойынша салық органына жеке табыс салығы бойынша декларация тапсыруы қажет.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңдарымен 145-бап өзгертілді
145-бап. Салық ставкалары
1. Осы баптың 1-1, 2 және 3-тармақтарында көрсетiлген табыстарды қоспағанда, салық төлеушiнiң салық жылы iшiндегi салық салынатын табыстарына мынадай ставкалар бойынша салық салынуға тиiс:
Салық төлеушiнiң салық салынатын табысы | Ставкасы |
15 еселенген жылдық есептiк көрсеткiшке дейiн 15 еселенгеннен бастап 40 еселенген жылдық есептiк көрсеткiшке дейiн 40 еселенгеннен бастап 200 еселенген жылдық есептiк көрсеткiшке дейiн 200 еселенгеннен бастап 600 еселенген жылдық есептiк көрсеткiшке дейiн 600 еселенген жылдық есептiк көрсеткiштен бастап және одан жоғары | салық салынатын табыс сомасынан 5 процент 15 еселенген жылдық есептiк көрсеткiштен салық сомасы + одан асатын сомадан 8 процент 40 еселенген жылдық есептiк көрсеткiштен салық сомасы + одан асатын сомадан 13 процент 200 еселенген жылдық есептiк көрсеткiштен салық сомасы + одан асатын сомадан 15 процент 600 еселенген жылдық есептiк көрсеткiштен салық сомасы + одан асатын сомадан 20 процент |
1-1. Қызметкерлердің Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына
арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген, жылына ең
төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен аспайтын жалақысының төлем
көздерінен салық салынатын кірістеріне, қызметкерлердің тоқсан ішіндегі
орташа айлық кірісі ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайтын жағдайда "0"
ставкасы бойынша салық салынуға тиіс.
2. Дивидендтер, сыйақылар (жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша
сыйақыларды қоспағанда) мен ұтыстар түріндегі табыстарға 15 проценттік
ставка бойынша салық салынады.
3. Адвокаттардың және нотариустардың табыстарына 10 проценттік
ставка бойынша салық салынады.
24-тарау. Төлем көзінен салық салынатын табыстар
146-бап. Салық төлеушінің төлем көзінен салық салынатын табыстары
Салық төлеушінің төлем көзінен салық салынатын табыстарына:
1) қызметкердің табысы;
2) бiржолғы төлемдерден алынған табыс;
3) жинақтаушы зейнетақы қорларынан берiлетiн зейнетақы төлемдерi;
4) дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түрiндегi табыс;
5) стипендиялар;
6) жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табысы жатады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 147-бап өзгертілді
147-бап. Салықты есептеу және төлеу
1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық агенттерi жеке табыс салығын есептеу мен ұстап қалуды төлем көзiнен салық салынатын табыс төленетiн күннен кешiктiрмей жүргізедi.
2. Салық агенттері, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, төленген кірістер бойынша салықты аударуды төлем төленетін айдан кейінгі айдың 5-іне дейін өзінің орналасқан жерi бойынша жүзеге асырады.
2-1. Салық агенттері тиісті бюджеттерге құрылымдық бөлімшелер бойынша салық төлеуді Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
3. Осы Кодекстiң 378-бабының 1-тармағында және 385-бабының 1-тармағында көрсетiлген қызмет түрлерi бойынша арнаулы салық режимдерiн қолданатын салық агенттерiнiң жеке табыс салығын төлеу тәртiбi мен мерзiмдерi осы Кодекстiң 383 және 390-баптарында белгiленген.
4. Депозитарлық қолхат бойынша кірістер төлеу көзі осындай депозитарлық қолхаттың базалық активінің эмитенті болып табылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 148-бап өзгертілді
148-бап. Жеке табыс салығы бойынша есеп-қисап
1. Салық агенттері жеке табыс салығы бойынша есеп-қисапты салық органына салық төленетін жер бойынша есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-нен кешіктірмей табыс етеді.
Жеке табыс салығы бойынша есеп-қисапқа қосымшада, осы Кодекстің 144-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген кірістерді қоспағанда, жеке тұлғаның төленген кірістері туралы мәліметтер көрсетіледі.
2. Осы Кодекстiң 378-бабының 1-тармағында және 385-бабының 1-тармағында көрсетiлген қызмет түрлерi бойынша арнаулы салық режимдерiн қолданатын салық агенттерi жеке табыс салығы бойынша есеп-қисапты осы Кодекстiң 384 және 390-баптарына сәйкес табыс етедi.
§ 1. Қызметкердiң төлем көзiнен салық салынатын табысы
149-бап. Қызметкердiң төлем көзiнен салық салынатын табысы
1. Қызметкердің жұмыс берушi есептеген, осы Кодекстiң 152-бабында көзделген салық шегерiмдерi сомасына азайтылған табыстары төлем көзiнен салық салынатын табысы болып табылады.
2. Жұмыс берушi материалдық, әлеуметтiк игiлiктер немесе өзге де материалдық пайда түрiнде берген табыстарды қоса алғанда, жұмыс берушi төлейтiн ақшалай немесе заттай нысандағы кез келген табыстар қызметкердiң табыстарына жатады.
150-бап. Қызметкердiң заттай нысандағы табысы
1. Қызметкердiң заттай нысанда алған табысына:
1) заттай нысандағы еңбекақы;
2) қызметкер алған тауарлар, қызметкердің мүддесiн көздеп орындалған жұмыстар, қызметкерге өтеусiз негiзде көрсетiлген қызметтер;
3) қызметкердiң үшiншi тұлғалардан алған тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) құнын жұмыс берушiнiң төлеуi кiредi.
2. Қосылған құн салығы мен акциздердiң тиiстi сомасын қоса алғанда, заттай нысандағы тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердiң) құны қызметкердің осындай нысандағы табысы болып табылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 151-бап өзгертілді
151-бап. Қызметкердiң материалдық пайда түрiндегi табысы
Қызметкердің материалдық пайда түрiнде алған табысы мыналарды да қамтиды:
1) қызметкерге сатылатын тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) құны мен осы тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) сатып алу бағасы немесе олардың өзiндiк құны арасындағы терiс айырма;
2) жұмыс берушiнiң шешiмi бойынша қызметкердiң оның алдындағы қарызының немесе мiндеттемесiнiң сомасын есептен шығару;
3) жұмыс берушiнің өз қызметкерлерiнің сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге жұмсаған шығыстары;
4) жұмыс берушiнің қызметкердің өз қызметiне байланысты емес шығындарының орнын толтыруға жұмсаған шығыстары.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 152-бап өзгертілді
152-бап. Салық шегерiмдерi
1. Қызметкердiң төлем көзiнен салық салынатын табысын анықтау кезiнде салық жылы iшiндегi әрбiр ай үшiн шегерiмге мыналар жатқызылады:
1) Қазақстан Республикасының заң актiсiнде табысты есептеудiң тиiстi айға белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiндегi сома;
2) асырауындағы адам пайда болған айдан бастап қызметкердiң асырауындағы отбасының әрбiр мүшесiне айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiндегi сома. Аталған шегерiмдер бiр салық төлеушiнiң табысына - отбасы мүшесiне қолданылады.
Бiрге тұратын және ортақ шаруашылық жүргiзетiн ерлi-зайыптылар, балалары мен ата-анасы (оның iшiнде уақытша болмағандар) отбасы деп танылады.
Асырауындағы адам, салық төлеушiнiң табысы есебiнен өмiр сүретiн және айына бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен асатын жеке табыс көзi жоқ, салық төлеушiнің отбасы мүшесi;
3) жинақтаушы зейнетақы қорларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде төленетiн мiндеттi зейнетақы жарналары.
4) Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген сомасынан аспайтын мөлшерде өз пайдасына енгізген ерікті зейнетақы жарналары.
2. Салық төлеушiге осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларына сәйкес шегерiм жасау құқығы өзi берген өтiнiштің және салық төлеушi табыс еткен растаушы құжаттардың (асырауындағыларға) негiзiнде жұмыс берушiлердің бiрiнен алатын табыстары бойынша берiледi.