4. алып тасталды
5. Салық төлеушi, салық агентi салық есептiлiгiн жасаған кезде, оның iшiнде мұндай есептiлiктi оның өкiлi жасаған жағдайда, салық есептiлiгiнде көрсетiлген деректердiң дұрыстығы үшiн жауаптылық салық төлеушіге, салық агентiне жүктеледі.
6. Салық төлеушi, салық агентi салық есептiлiгiн тиiстi салық органдарына осы Кодексте белгiленген тәртiппен және мерзiмде табыс етедi.
7. Салық төлеушi қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде ол туралы салық органына жазбаша хабарлайды.
Салық төлеушiнi (заңды тұлғаны) қосу, бiрiктiру, бөлу жолымен қайта ұйымдастырған немесе таратқан кезде қайта ұйымдастырылған немесе таратылған әрбiр салық төлеушiге салық кезеңi басталғаннан қайта ұйымдастыру немесе тарату аяқталған күнге дейiн өткiзу актiсiнiң, тиiсiнше бөлу немесе тарату балансының негiзiнде бөлек салық есептiлiгi жасалады.
Осы тармақта көрсетiлген есептiлiк заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуына немесе таратылуына байланысты құжаттық тексерудi жүргiзу туралы өтiнiшпен бір уақытта өткiзу актiсiн, бөлу немесе тарату балансын бекiткен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде тапсырылады.
Заңды тұлғаны бөлiп шығару жолымен қайта ұйымдастыруға байланысты құжаттық тексерудi жүргiзу туралы өтiнiш бөлу балансын бекiткен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде тапсырылады.
Осы тармақтың ережелерi қайта құру, сондай-ақ басқа заңды тұлғаны бiрiктiру жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
8. Салық төлеушiлер, салық агенттерi салық есептiлiгiн өз қалауы бойынша:
1) өзi келу тәртiбiмен;
2) хабарланатын етiп почта арқылы тапсырыстық хатпен;
3) уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген жағдайларда ақпаратты компьютерлiк өңдеуге болатын электронды түрде табыс етуге құқылы.
9. Құжаттарды салық органы қабылдаған күн немесе есептiлiк жөнелтiлiмi электрондық почта арқылы жеткiзiлгендiгi туралы хабарланған күн салық есептiлiгi салық органына табыс етiлген күн болып табылады.
Почта ұйымына немесе өзге де байланыс ұйымына осы Кодексте белгiленген мерзiмнiң соңғы күнiнде сағат жиырма төртке дейiн тапсырылған салық есептiлiгi почта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдаған уақыты мен күнi қойылған белгiсi болса, мерзiмiнде табыс етiлген деп саналады.
10. Салық есептiлiгi алдын ала камералдық бақылаусыз қабылданады.
Егер салық есептілігінде:
1) салық төлеушінің тіркеу нөмірі көрсетілмесе не дұрыс көрсетілмесе;
2) салық кезеңі көрсетілмесе;
3) осы баптың қолтаңба мен салық есептілігін куәландыруға қатысты талаптары бұзылса;
4) уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген электрондық пiшiмнiң құрылымы бұзылса, салық есептiлiгi салық органына берiлмеген болып есептеледi.
70-бап. Салық декларациясын табыс ету мерзiмiн ұзарту
1. Салық төлеушiден салық декларациясын табыс етудiң осы Кодексте белгiленген мерзiмiне дейiн жазбаша өтiнiш алынған жағдайда, уәкiлеттi мемлекеттiк орган салық декларациясын табыс ету мерзiмiн үш айдан аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы.
2. Осы бапқа сәйкес салық декларациясын табыс ету мерзiмiн ұзарту салық төлеу мерзiмiн өзгертпейдi.
71-бап. Салық есептiлiгiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу
1. Салық декларациясына, есеп-қисабына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге осы Кодексте көзделген талап қою мерзiмi iшiнде жол берiледi.
2. Салық төлеушiнің салық декларациясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi және (немесе) есеп-қисапты осы өзгерiстер мен толықтырулар жатқызылатын салық кезеңi үшiн қосымша салық декларациясын және (немесе) есеп-қисап жасау жолымен жүргiзедi.
3. Қосымша салық декларациясындағы және (немесе) есеп-қисаптағы тиiстi жолдарда бұрын табыс етiлген салық декларациясымен және (немесе) есеп-қисаппен салыстырғанда анықталған айырманың сомасы ғана көрсетiледi.
4. Тексеру басталғанға дейiн қосымша салық декларациясын және (немесе) есеп-қисап табыс еткен кезде, салық төлеушi анықтаған салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасы бюджетке айыппұл есептелмей енгiзiлуге тиiс.
72-бап. Салық есептiлiгiн сақтау мерзiмi
1. Салық есептiлiгi осы Кодексте белгiленген талап қою мерзiмi iшiнде салық төлеушiлерде, салық агенттерiнде және салық органдарында сақталады.
2. Салық төлеушi, салық агентi - заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде қайта ұйымдастырылған тұлғаның қызмет кезеңi үшiн салық есептiлiгiн сақтау жөнiндегi мiндеттемелер оның құқық мирасқорына жүктеледi.
13-тарау. Операциялардың жекелеген түрлерінің
салық есебінің ерекшеліктері
§ 1. Трансферттiк бағаларды қолдану кезiндегi салық салу
ерекшелiктерi
73-бап. Трансферттiк бағаларды қолдану кезiндегi бақылау
Салық қызметi органдары мәмiлелер бойынша бағалардың дұрыс қолданылуына Қазақстан Республикасының трансферттiк бағалардың қолданылуын мемлекеттiк бақылау мәселелерiн реттейтiн заң актiсiнде көзделген тәртiппен және жағдайларда бақылау жасайды.
Мәмiле бағасының нарықтық бағадан ауытқу фактiсi анықталған жағдайда, салық органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық салу объектiлерi мен салық мiндеттемесiне түзету енгiзедi.
§ 2. Басқа жағдайларда салық салу ерекшелiктерi
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 29.11.03 ж. N 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 74-бап өзгертілді
74-бап. Қаржы лизингi
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалған лизинг шарты бойынша амортизациялауға жататын негiзгi құралдарды үш жылдан астам мерзiмге беру, егер ол мынадай талаптардың бiрiне сай келсе:
1) негiзгi құралдарды лизинг алушының меншiгiне беру және (немесе) лизинг алушыға негiзгi құралдарды тiркелген бағамен сатып алу жөнiнде құқық беру лизинг шартында белгiленсе;
2) қаржы лизингiнiң мерзiмi негiзгi құралдардың пайдалы қызметi мерзiмiнiң жетпiс бес процентiнен acca;
3) қаржы лизингiнiң барлық мерзiмi үшiн лизинг төлемдерiнің ағымдағы (дисконтталған) құны қаржы лизингi бойынша берілетiн негiзгі құралдар құнының тоқсан процентiнен асса, ол қаржы лизингi болып табылады.
Қаржы лизингiне (лизинг бойынша) берiлген (алынған) негiзгi құралдардың құны лизинг шарты жасалған кезiне айқындалады.
Салық салу мақсатында мұндай мәмiле лизинг алушының негiзгi құралдарды сатып алуы ретiнде қарастырылады. Бұл ретте лизинг алушы негiзгi құралдардың иесi ретiнде, ал лизинг төлемдерi лизинг алушыға берiлген кредит бойынша төлемдер ретiнде қарастырылады.
2. Осы баптың мақсаты үшiн қаржы лизингiнің мерзiмi лизинг алушының шартқа сәйкес қаржы лизингiн ұзартуға құқығы бар қосымша мерзiмдi қамтиды.
75-бап. Ортақ үлестiк меншiк
Ортақ үлестiк меншiк немесе кәсіпкерлiк қызметтi бiрлесiп жүргiзу туралы уағдаластық не заңды тұлға құрмай, екі және одан да көп иеленушi болуын көздейтiн өзге де уағдаластық болған жағдайда, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлер осы Кодексте белгiленген тәртіппен тиiсiнше әрбiр иеленушiде есепке алынып, салық салынады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 76-бап өзгертілді
76-бап. Жекелеген жағдайларда салық салу объектiлерiн анықтау тәртiбi
1. Есеп жүргiзу тәртiбi бұзылған жағдайда, дүлей күштiң салдарынан есеп құжаттамалары жоғалған немесе жойылған кезде салық қызметi органдары салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi жанама әдiстер (активтер, мiндеттемелер, айналымдар, шығындар, шығыстар) негiзiнде айқындайды.
1-1. Салық агенті қызметкердің толық жұмыс күні үшін табысын Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген жалақының ең төменгі мөлшерінен төмен мөлшерде есептеген жағдайда, салық органдары әлеуметтік салық салу объектісін ең төменгі жалақының аталған мөлшеріне қарай белгілейді.
2. Егер жеке тұлға өзiнiң тұтынуына, соның iшiнде мүлiк сатып алуына жұмсаған шығыстарына сәйкес келмейтiн табысты көрсетсе, салық органдары өткен кезеңдердiң табыстарын есептей отырып, олардың жасаған шығыстары негiзiнде табысы мен салығын айқындайды.
3. Басқа да тұлғалар мен органдар аталған табысты алудың заңдылығына талас тудырған жағдайларда да, табысқа салық салынуға тиiс.
4. Егер сот шешiмi бойынша табыс Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда бюджетке алып қоюға жатса, аталған табыс оған төленген салық сомасы шегерiле отырып алынады.
4-бөлім. Корпорациялық табыс салығы
14-тарау. Жалпы ережелер
77-бап. Төлеушiлер
1. Корпорациялық табыс салығын төлеушiлерге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден табыс алатын резидент емес заңды тұлғалар (бұдан әрi бөлiм бойынша - салық төлеушiлер) жатады.
2. Арнайы салық режимiн қолданушы заңды тұлғалар корпорациялық табыс салығын осы Кодекстiң 368-377, 385-397-баптарына сәйкес төлейдi.
78-бап. Салық салу объектiлерi
Мыналар:
1) салық салынатын табыс;
2) төлем көзiнен салық салынатын табыс;
3) Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның таза табысы корпорациялық табыс салығы салынатын объектiлер болып табылады.
15-тарау. Салық салынатын табыс
79-бап. Салық салынатын табыс
Салық салынатын табыс жылдық жиынтық табыс пен осы Кодекстiң 122-бабына сәйкес жасалған түзетулердi ескере отырып осы Кодекстiң 80-103, 105-114-баптарында көзделген шегерiмдер арасындағы айырма ретiнде айқындалады. Жылдық жиынтық табыс осы Кодекстiң 91-бабына сәйкес түзетiлуге тиiс.
§ 1. Жылдық жиынтық табыс
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (бұр. ред. қара) Заңымен 80-бап өзгертілді
80-бап. Жылдық жиынтық табыс
1. Резидент заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы салық кезеңi iшiнде Қазақстан Республикасы мен одан тыс жерлерден алынуға тиiс (алынған) табыстардан тұрады.
Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы осы Кодекстiң 184-бабына сәйкес анықталады.
2. Жылдық жиынтық табыста салық төлеушi табыстарының барлық түрлерi, соның iшiнде:
1) тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) өткiзуден түсетiн табыс;
2) үйлердi, ғимараттарды, құрылыстарды, сондай-ақ амортизациялауға жатпайтын активтердi өткiзу кезiндегi құн өсiмiнен түсетiн табыс;
3) мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыстар;
4) күмәндi мiндеттемелер бойынша түсетiн табыстар;
5) мүлiктi жалға беруден түсетiн табыстар;
6) Қазақстан Республикасының заңдарымен провизиялар жасауға рұқсат етiлген банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар жасаған провизиялардың мөлшерiн азайтудан түсетiн табыстар;
7) борышты талап етудi басқаға беруден түсетiн табыстар;
8) кәсiпкерлiк қызметтi шектеуге немесе тоқтатуға келiсiм үшiн алынған табыстар;
9) шығып қалған тiркелген активтер құнының iшкi топтың құн балансынан асып түсуiнен алынатын табыстар;
10) кен орындарын игеру зардаптарын жою жөнiндегi нақты шығыстар сомасынан кен орындарын игеру зардаптарын жою қорына аударылған соманың асып түсуiнен алынатын табыстар;
11) ортақ үлестiк меншiктен түсетiн табысты бөлу кезiнде алынатын табыстар;
12) бұрын негiзсiз ұсталып, бюджеттен қайтарылған айыппұлдардан басқа, борышкерге салынған немесе ол мойындаған айыппұлдар, өсiмпұлдар және санкциялардың басқа да түрлерi, егер осы сомалар бұрын шегерiп тасталмаған болса;
13) бұрын жүргiзiлген шегерiмдер бойынша алынған өтемақылар;
14) өтеусiз алынған мүлiк, орындалған жұмыстар, көрсетiлген қызметтер;
15) дивидендтер;
16) сыйақылар;
17) оң бағамдық айырма сомасының терiс бағамдық айырма сомасынан асып кетуi;
18) ұтыстар;
19) роялти;
20) әлеуметтiк сала объектiлерiн пайдалану кезiнде алынған табыстардың шығыстардан артығы қамтылады.
ҚР 29.11.03 ж. N 500-II Заңымен 81-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
81-бап. Тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзуден түсетiн табыс
1. Егер Қазақстан Республикасының трансферттiк бағаларды қолдану кезiнде мемлекеттiк бақылау жасау мәселелерi жөнiндегi заңдарында өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығы мен акциздi қоспағанда, өткiзiлген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердiң құны тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзуден түскен табыс болып табылады.
2. Тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзуден түскен табыс:
1) тауарлар толық немесе iшiнара қайтарылған;
2) мәмiле шарттары өзгерген;
3) өткiзiлген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн бағалар, өтемдер өзгерген;
4) теңгемен төлеген кезде өткiзiлген тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) құнындағы айырма алынған жағдайларда түзетiлуге тиiс.
Табысты түзету аталған өзгерiстер болған салық кезеңiнiң қорытындысы бойынша жүргiзiледi.
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. N 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 82-бап өзгертілді
82-бап. Үйлердi, ғимараттарды, құрылыстарды, сондай-ақ амортизациялауға жатпайтын активтердi өткiзу кезiндегi құн өсiмiнен түсетiн табыс
1. Құн өсiмiнен түсетiн табыс үйлердi, ғимараттарды, құрылыстарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк қажеттiлiктер үшiн сатып алынған активтердi қоспағанда, амортизациялауға жатпайтын басқа да активтердi өткiзу кезiнде құралады. Амортизациялауға жатпайтын активтерге:
1) жер учаскелерi;
2) құрылысы аяқталмаған объектiлер;
3) орнатылмаған жабдық;
4) салық төлеушi тауарларды өндiруде, жұмыстарды орындауда, қызметтер көрсетуде пайдаланбайтын негiзгi құралдар мен материалдық емес активтер;
5) бағалы қағаздар;
6) кез келген ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлғаға, консорциумдарға қатысу үлесi;
7) Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 1 қаңтарға дейiн қолданылған салық заңдарына сәйкес бұрын құны толық шегерiмге жатқызылған негiзгi құралдар;
8) осы Кодекстiң 138-140-баптарына сәйкес құны шегерiмге жатқызылған, инвестициялық жоба шеңберiнде пайдалануға берiлген тiркелген активтер жатады.
2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, өсiм аталған активтердi сату құны мен олардың баланстық құнының арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
Активтер өткiзiлген айдың бiрiншi күнiнде бухгалтерлiк баланста көрсетілген құны олардың баланстық құны болып табылады.
3. Кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын үйлердi, ғимараттарды, құрылыстарды өткiзу кезiнде құн өсiмi (залал) өткiзу құны мен салық есебiнде айқындалатын қалдық құнның арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
4. Бағалы қағаздарды өткiзу кезiндегi құн өсiмi мыналар:
борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, бағалы қағаздар бойынша өткiзу құны мен иемденiп алу құны арасындағы оң айырма;
борыштық бағалы қағаздар бойынша - өткiзу күнiндегi дисконт амортизациясы және (немесе) сыйлықақы ескерiлген, өткiзу құны мен иемденiп алу құны арасындағы купон есепке алынбаған оң айырма.
83-бап. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыстар
1. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыстарға:
1) салық төлеушiнiң мiндеттемелерiн оның кредиторының есептен шығаруы;
2) осы Кодекске сәйкес күмәндi деп танылған мiндеттемелердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген талап қою мерзiмiнiң өтуiне байланысты мiндеттемелердi есептен шығару;
3) сот шешiмi бойынша мiндеттемелердi есептен шығару жатады.
2. Мiндеттемелердi есептен шығару нәтижесiнде алынған табыс сомасы есептен шығарылған кредиторлық берешек сомасына тең болады.
84-бап. Күмәндi мiндеттемелер бойынша түсетiн табыстар
Иемденiп алынған тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша, сондай-ақ қызметкерлерге есептелген табыстар мен осы Кодекстiң 149-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын басқа да төлемдер бойынша туындаған және туындаған кезiнен бастап үш жыл iшiнде қанағаттандырылмаған мiндеттемелер күмәндi деп танылады және кредиторлық берешек туындаған кезде қабылданған ставка бойынша бюджетпен өзара есеп айырысуда қалпына келтiрiлуге тиiс қосылған құн салығын қоспағанда, салық төлеушiнiң жылдық жиынтық табысына қосылуға тиiс.
85-бап. Банктер жасаған провизиялардың мөлшерiн азайтудан түсетiн табыстар
Борышкер банктiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымның талабын орындаған кезде бұрын шегерiмдерге жатқызылған провизиялар сомалары жасалған провизиялардың мөлшерiн азайтудан түсетiн табыстар деп танылады. Бұл ретте, борышкер орындаған талап сомасына барабар мөлшердегi провизиялар сомасы табысқа енгiзiледi. Сондай-ақ цессия шартын жасасу жолымен жол беру туралы шарт, новация шарты, талап құқығын басқаға қайта беру негiзiнде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде борышкерге талаптар мөлшерiн азайту кезiнде бұрын шегерiмдерге жатқызылған провизиялар сомасы да табыстар деп танылады. Сонымен қатар талаптарды қайта сыныптау кезiнде бұрын шегерiмдерге жатқызылған провизиялардың азайтылған сомасы табыстар деп танылады.
86-бап. Борышты талап етудi басқаға беруден түсетiн табыстар
Салық төлеушiнiң негiзгi борышты талап етуi бойынша борышкер төлейтiн сома, ол негiзгi борыштан тыс төлейтiн соманы қоса және салық төлеушiнiң борышты иемденiп алу құны арасындағы оң айырма түрiнде айқындалатын табыстары борышты талап етудi басқаға беруден түсетiн табыстар болып табылады.
87-бап. Шығып қалған тiркелген активтер құнының iшкi топтың құн балансынан асып түсуiнен алынатын табыстар
Егер iшкi топтың шығып қалған тiркелген активтерiнiң құны салық кезеңiнiң басында iшкi топтың құн балансынан асып түссе, салық кезеңiнде келiп түскен тiркелген активтер құны есепке алына отырып, артық мөлшерi жылдық жиынтық табысқа енгiзiлуге тиiс. Осы iшкi топтың құн балансы салық кезеңiнiң аяғына қарай нөлге тең болады.
88-бап. Кен орындарын игеру салдарын жою жөнiндегi нақты шығыстар сомасынан кен орындарын игеру салдарын жою
қорына аударымдар сомасының асып түсуiнен
алынатын табыстар
1. Егер кен орындарын игеру салдарын жою жөнiндегi нақты шығыстар аталған қорға жасалған аударымдардан төмен болса, айырма жер қойнауын пайдаланушының жылдық жиынтық табысына енгiзiлуге тиiс.
2. Егер жер қойнауын пайдаланушы тиiстi мемлекеттiк уәкiлеттi орган бекiткен кен орындарын игеру салдарын жою бағдарламасында көзделген кезеңде кен орындарын игеру салдарын жою жөнiндегi жұмысты жүргiзбеген жағдайда, шегерiмдерге жатқызылған, кен орындарын игеру салдарын жою қорына (резервтiк қор) аударымдар сомалары олар жүргiзiлуге тиiс салық кезеңiнiң жылдық жиынтық табысына енгiзiлуге тиiс.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 04.07.03 ж. N 475-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 89-бап өзгертілді
89-бап. Бұрын жасалған шегерiмдер бойынша алынған өтемдер
1. Бұрын жасалған шегерiмдер бойынша өтем түрiнде алынған кiрiстерге:
1) бұрын шегерiмдерге жатқызылған және кейiнгi салық кезеңдерiнде өтелген күмәндi деп танылған талаптардың сомалары;
2) мемлекеттiк бюджет қаражатынан шығындарды (шығыстарды) жабуға арнап алынған сомалар;
3) бұрын шегерiмдерге жатқызылған шығыстарды (залалдарды) өтеу бойынша алынған басқа да өтемдер жатады.
Алынған өтем ол өтелген салық кезеңiнiң табысы болып табылады.
2. Сақтандыру ұйымының сақтанушыға жинақтаушы емес сақтандыру шартының әрекеті аяқталғаннан кейін немесе оны мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда қайтаруға тиіс (қайтарылатын) және сақтанушы бұрын шегерімге жатқызған сақтандыру сыйақыларының сомасы олар сақтанушыға қайтарылған (қайтарылуға тиiс) есептi салық кезеңiнiң жылдық жиынтық табысына жатқызылады, сақтандыру ұйымы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіп пен нысанда өзінің тіркелген жері бойынша салық органдарын кірістің пайда болуы туралы міндетті түрде хабардар етеді.
90-бап. Өтеусiз алынған мүлiк
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салық төлеушi өтеусiз алған кез келген мүлiк, сондай-ақ жұмыстар мен қызмет көрсетулер оның табысы болып табылады.
2. Мыналар:
1) жарғылық капиталға салым ретiнде алынған мүлiк;
2) мемлекеттiк бюджет қаражатынан алынған субсидиялар табыс ретiнде қаралмайды.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 04.07.03 ж. N 475-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. N 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 91-бап өзгертілді
91-бап. Жылдық жиынтық табысты түзету
1. Салық төлеушiлердiң жылдық жиынтық табысынан:
1) Қазақстан Республикасындағы төлем көзiнен бұрын салық салынған, Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасынан алынған дивидендтер;
2) эмитент өз акцияларын орналастыру кезiнде алған олардың құнының номиналдық құнынан асып кетуi және эмитенттiң өз акцияларын өткiзуi кезiндегi құн өсiмi;
3) қор биржасының "А" және "В" ресми тiзiмдерiнде өткізу күнінде тұрған акциялар мен облигацияларды өткiзу кезiнде құн өсiмiнен алынған табыс;
4) мемлекеттік бағалы қағаздармен және агенттік облигацияларымен жасалған операциялардан түскен табыстар;
5) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған ретте iзгiлiк көмек түрiнде алынған және мақсатты түрде пайдаланылған мүлiктiң құны;
6) мемлекеттiк кәсiпорынның Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi негiзiнде мемлекеттiк органнан немесе республикалық мемлекеттiк кәсiпорыннан өтеусiз негiзде алған негiзгi құрал-жабдықтарының құны;
7) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарына сәйкес алынған және жеке зейнетақы шоттарына жiберiлген инвестициялық табыстар;
8) Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңдарына сәйкес алынған және Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорының активтерiн ұлғайтуға жiберiлген инвестициялық табыстар алып тасталуға тиiс.
2. Активтердi бағалаудың салық төлеушi осының алдындағы салық кезеңiнде қолданған әдiсiнен өзге әдiске ауысқан кезде салық төлеушiнiң жылдық жиынтық табысы бағалаудың жаңа әдiсiн қолдану нәтижесiнде алынған оң айырма сомасына ұлғайтылуға және терiс айырма сомасына азайтылуға тиiс.
Активтердi бағалаудың өзге әдiсiне ауысуды салық төлеушi салық органына жазбаша хабарлап, салық кезеңiнің басынан бастап жүргiзедi.
§ 2. Шегерiмдер
92-бап. Шегерiмдер
1. Осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, салық төлеушiнiң жылдық жиынтық табыс алуымен байланысты шығыстары салық салынатын табысты анықтау кезiнде шегерiлуге тиiс.
2. Осы Кодексте шығыстарды нормалар шегiнде шегерiмдерге жатқызу жағдайлары айқындалған.
Шегерiмдердi жылдық жиынтық табысты алуға байланысты шығыстарды растайтын құжаттары болған кезде салық төлеушi жүргiзедi. Бұл шығыстар болашақтағы кезеңдердің шығыстарын қоспағанда, олар нақты жүргiзiлген салық кезеңiнде шегерiлуге жатады. Болашақтағы кезеңдердiң шығыстары қай салық кезеңiне қатысты болса, сол кезеңде шегерiлуге тиiс.
3. Табиғи монополистер шеккен залалдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген нормалар шегiнде шегерiлуге жатады.
4. Егер шығыстардың бiрнеше баптарында белгiлi бiр шығындар көзделсе, салық салынатын кiрiстi есептеу кезiнде көрсетiлген шығындар тек бiр рет шегерiледi.
5. Мемлекеттiк бюджетке енгiзiлуге тиiстiлерiн қоспағанда, жылдық жиынтық табыс табуға байланысты салынған немесе танылған айыппұлдар, өсiмпұлдар, тұрақсыздық айыбы шегерiп тасталуға тиiс.
ҚР 16.05.03 ж. N 416-II Заңымен 93-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
93-бап. Қызмет бабындағы iссапарлар кезiндегi және өкiлдiк шығыстар бойынша өтемдер сомаларын шегеру
1. Қызметтiк iссапарлар кезiндегi шегерiмге жататын өтемдерге:
1) бронь үшiн шығыстар ақысын қоса алғанда, iссапарға баратын жерге жетуге және қайтуға нақты шыққан шығыстар;
2) бронь үшiн шығыстар ақысын қоса алғанда, тұрғын үй-жайды жалдауға нақты шыққан шығыстар;
3) Қазақстан Республикасының шегiнде iссапарда болған уақытында тәулігiне екi айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын мөлшерде төленетiн тәулiктiк ақы;
4) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде iссапарда болған кезде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нормалар шегiнде төленетiн тәулiктiк ақы жатады.
2. Салық төлеушiнiң өзара ынтымақтастық орнату немесе оны қолдау мақсатында адамдарды, акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзуге, сондай-ақ директорлар кеңесiнiң отырысына келген қатысушыларды қабылдауға және оларға қызмет көрсетуге жұмсаған шығыстары өкiлдiк шығыстарға жатады. Аталған адамдарды ресми қабылдауды өткiзу, оларды көлiкпен қамтамасыз ету, келiссөз кезiнде дәмхана (фуршет) қызметiн көрсету, ұйым штатында тұрмайтын аудармашылардың қызметiне ақы төлеу жөнiндегі шығыстар өкiлдiк шығыстарға жатады.