Осы Заңның 70 бабының в) тармақшасында көзделген негiзде қозғалған iс бойынша банктi ерiксiз тарату туралы сот шешiм қабылдаған күннен бастап банктiң банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензияларын қайтарып алады.
ҚР 16.07.99 ж. N 436-1; 02.03.01 ж. N 162-II; 10.07.03 ж. N 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 73-бап өзгертiлдi
73-бап. Ерiксiз таратуды жүргiзудiң шарттары мен тәртiбi
1. Сот банктi мәжбүрлеп тарату туралы iстi қозғаған күннен бастап:
1) банк құрылтайшыларының (қатысушыларының), органдарының банктiң мүлкiне билiк етуге құқығы жоқ;
2) соттардың таратылатын банкке қатысты бұрын қабылдаған шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;
3) кредиторлардың банкке қойған кез келген талаптары, банктi ұстап тұруға арналған ағымдағы шығыстарға байланысты талаптарды қоспағанда, тек тарату iсiнде ғана қойылуы мүмкiн;
4) кредиторлардың, салық органдарының талаптары бойынша банктiң банк шоттарынан ақшаны, оның iшiнде даусыз (акцептсiз) тәртiппен қанағаттандыруға жататын ақшаны өндiрiп алуға, сондай-ақ банктiң мүлкiнен өндiрiп алуға жол берiлмейдi;
5) банктiң лауазымды тұлғаларына оларға тиесiлi банк акцияларын иелiктен шығаруға тыйым салынады.
1-1. Банктерді банкроттық негізде тарату осы Заңға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Банктi таратумен байланысты барлық шығыстар, осы Заңның 48-1 бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сол банктiң қаражаты есебiнен ғана жүргiзiледi.
3. Банк мүлкiн бағалауды тарату комиссиясы қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүргiзедi.
4. Таратылатын банктiң аралық тарату балансын және кредиторлар талаптарының тiзiлiмiн уәкiлеттi орган бекiтедi.
5. Таратылатын банктiң мүлкiн сатуды банктi тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жүргiзедi.
6. Банктi, оның iшiнде банкрот болу негiзi бойынша таратылатын банктi тарату комиссиясының қызметiне бақылау жасауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
6-1. Банктi тарату туралы шешiм қабылдаған сот уәкiлеттi органнан банктің тарату комиссиясының қызметіне байланысты кез келген ақпаратты сұратып алуға құқылы.
7. Тарату комиссиясы сотқа уәкiлеттi органмен келiсiлген тарату туралы есептiлiктi және тарату балансын ұсынады.
Сот тарату туралы есептiлiктi және тарату балансын бекiтiп, тарату iсiнiң аяқталғаны туралы ұйғарым шығарады.
Тарату комиссиясы сот ұйғарымының көшiрмесiн заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын әдiлет органына және уәкiлеттi органға жiбередi.
Банктi тарату аяқталған кезде тарату комиссиясы құжаттарды сақтау үшiн белгiленген тәртiппен мұрағатқа тапсыруға және бұл жөнiнде уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
ҚР 02.03.01 ж. N 162-II; 10.07.03 ж. N 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 74-бап өзгертiлдi
74-бап. Ерiксiз таратылатын банктiң тарату комиссиясы
1. Банктi тарату туралы, оның iшiнде банкроттық негiз бойынша тарату туралы шешiм қабылданғаннан кейiн сот тарату iсiн қозғайды және уәкiлеттi органға оның филиалдары мен өкiлдiктерiн ескере отырып, банктiң тарату комиссиясын құру жөнiнде мiндеттер жүктейдi.
Банктi тарату комиссиясы банк iстерiн аяқтау және оның кредиторларымен есеп айырысуын қамтамасыз ету үшiн шаралар қолданады.
Мәжбүрлеп таратылатын банктердiң тарату комиссияларын тағайындау тәртiбi, тарату комиссиясының төрағасына және мүшелерiне қойылатын талаптар, сондай-ақ таратуды жүзеге асыру тәртiбi және тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен айқындалады.
Банктiң тарату комиссиясының төрағасына, мүшелерiне және өзге де тартылған қызметкерлерiне төленетiн ай сайынғы сыйақының мөлшерi олардың әрқайсысына тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленетiн он еселенген ең төменгi жалақыдан аспауға тиiс.
2. алынып тасталды
3. алынып тасталды
ҚР 29.06.98 ж. N 236-1; 03.06.03 ж. N 427-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 74-1-бап өзгертiлдi
74-1-бап. Банктердi тарату кезiндегi тарату, конкурстық массасын қалыптастыру ерекшелiктерi
1. Банктiң тарату, конкурстық массасы осы Заңда белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып, қолданылып жүрген заңдарда айқындалған тәртiппен қалыптасады.
1-1. Банктiң тарату конкурстық массасына ипотекалық облигациялар бойынша мынадай қамтамасыз ету болып табылатын кепiл мүлкi: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқықтары (ипотекалық куәлiктердi қоса алғанда), сондай-ақ аталған облигацияларды ұстаушыларда оларға меншiк құқығы туындаған немесе оларға мәмiлелер не Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де негіздер бойынша ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздары енгiзiлмейдi. Тарату комиссиясы аталған мүлiктi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарына сәйкес кредиторлармен - ипотекалық облигацияларды ұстаушылармен есеп айырысу үшiн ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың өкiлiне бередi.
2. Кастодиан-банктi таратқанда тарату, конкурстық массасына оған сақтау және есепке алу үшiн сенiп тапсырылған үшiншi тұлғаларға тиесiлi бағалы қағаздар және мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорларының меншiк капиталының қаржыларын қоспағанда, мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерi қосылмайды және мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорларының өтiнiшi бойынша басқа банкке аударылады.
ҚР 29.03.00 ж. N 42-II; 02.03.01 ж. N 162-II; 10.07.03 ж. N 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 74-2-бап өзгертiлдi
74-2-бап. Таратылатын банк кредиторларының талаптарын қанағаттандырудың кезектілігі
1. Таратылатын таратылатын банк кредиторларының, оның iшiнде оның банкроттығымен байланысты талаптары осы бапта белгiленген тәртiппен қанағаттандырылады.
2. Тарату өндiрiсiмен байланысты шығыстар, оның iшiнде банктiң тарату комиссиясының қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi шығыстар, сондай-ақ таратылатын банктiң негiзгi қызметтерiн қамтамасыз ету қажеттiгiнен туындайтын шығыстар кезектен тыс және тұрақты төленiп отырады.
3. Белгiленген тәртiппен танылған кредиторлардың талаптары мынадай кезектiлiкпен қанағаттандырылуға тиіс:
а) бiрiншi кезекте азаматтардың өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жауап бере отырып, таратылатын банк олардың талаптарын тиiстi мерзiмдiк төлемдердi капитализациялау жолымен қанағаттандырады;
б) екiншi кезекте еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдардың еңбекақысын төлеу жөнiнде және авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөнiнде есеп айырысулар жүргiзiледi;
в) үшiншi кезекте депозиттер және ақша аудару жөнiнде жеке тұлғалардың, ұйымның салымдарға (депозиттерге) міндетті ұжымдық кепілдік беру (оларды сақтандыру) жөніндегі, еріксіз таратылатын банк ұсынған есепке сәйкес сома көлемінде өтем төлеу бойынша міндеттемелерді орындау жөніндегі алдағы талаптары, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері есебінен жүзеге асырылған депозиттер бойынша талаптары қанағаттандырылады;
г) төртiншi кезекте тек қана қайырымдылық қызметiмен айналысатын коммерциялық емес ұйымдармен, Ұлы Отан соғысы ардагерлерi ұйымдарымен және оған теңестiрiлген адамдардың ұйымдарымен, Қазақстан Республикасы мүгедектерiнiң ерiктi қоғамымен, Қазақ зағиптар қоғамымен, Қазақ саңыраулар қоғамымен, осы заңды тұлғалардың меншiгi болып табылатын және олардың қаржысының есебiнен құрылған өндiрiстiк ұйымдармен, олардың банктiк шоттарында бар және депозитке орналастырылған қаржысы бойынша басқа да мүгедектердiң ұйымдарымен есеп айырысулар жүзеге асырылады;
г-1) бесінші кезекте сақтандыру ұйымдарымен олардың, таратылатын банкте ашылған банктік шоттарындағы қаражаттары бойынша есеп айырысулар жүзеге асырылады;
д) алтыншы кезекте таратылатын банктiң мүлкiн кепiлге алумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер бойынша кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады;
е) жетінші кезекте салық, алым және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ республикалық бюджеттен берілген кредиттерді қайтару бойынша міндетті төлемдер бойынша қарыздар өтеледi;
ж) сегізінші кезекте заңды тұлғалардың таратылатын банктің, таратылатын банкте ашылған банк шоттарындағы қаражаттары бойынша талаптары қанағаттандырылады;
з) тоғызыншы кезекте банкаралық кредиттер бойынша банктермен және таратылатын банктiң мүлкiн кепiлге алумен қамтамасыз етiлмеген депозит салымдары бойынша заңды тұлғалармен есеп айырысу жүзеге асырылады;
и) оныншы кезекте басқа кредиторлармен есеп айырысулар заң актiлерiне сәйкес жүргiзiледi.
4. Әр кезектің талабы өзінің алдындағы кезектің талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін орындалады.
Кредитордың талаптары оның келісімімен заңға қайшы келмейтін тәсілдермен, оның ішінде ақшалай нысанда және (немесе) мүлікті заттай беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкін.
Бір кезектегі кредиторлардың талаптары қанағаттандырылған кезде таратылатын банктің ақшасы және (немесе) өзге де мүлкі осы кезектегі кредиторлардың арасында қанағаттандыруға тиісті талаптар сомасына бара-бар бөлінеді.
ҚР 10.07.03 ж. N 483-II (бұр. ред. қара) 74-3-бап өзгертілді
74-3-бап. Банктi ерiксiз қайта құру. Оңалту рәсiмдерi
1. Банктi ерiксiз қайта құру қолданылып жүрген заңдарға сәйкес соттың шешiмiмен, осы Заңда көзделген ерекшелiктердi ескере отырып жүргiзiледi.
Банкке қатысты оңалту рәсiмi соттың шешiмi бойынша банктi мәжбүрлеп тарату жөнiндегi шаралар шеңберiнде, оның төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiру және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шарттар мен талаптарды орындау мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiледi.
2. Сот банктi ерiксiз қайта құру не банкке қатысты оңалту рәсiмдерiн жүргiзу туралы мәселенi уәкiлеттi органның тиiстi қорытындысы негiзiнде ғана шешуге құқылы.
Банктi ерiксiз қайта құруды жүргiзудiң, оңалту рәсiмдерiнiң мiндеттi шарты банктiң өзiнде бар барлық депозиттердi мүдделi адамдарға ерiксiз қайта құру туралы шешiм қабылдаған күннен бастап бiр жылдың iшiнде қайтаруы болып табылады.
Осы шартты орындамау банктi ерiксiз таратуға әкеп соғады.
2-1. Банк өзiнiң төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiру және (немесе) анықталған кемшiлiктердi жою мүмкiндiгi болған кезде оның банктi мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру туралы мәселенi қарауына байланысты оған қатысты оңалту рәсiмдерiн қолдану туралы сотқа өтiнiш мәлiмдеуге құқылы. Банктi оңалту жоспары банктiң өтiнiшiмен қоса берiлуге тиiс.
Банк өтiнiшiнiң бiр данасы қоса берiлетiн құжаттармен бiрге уәкiлеттi органға ұсынылады.
2-2. Банктiң оңалту жоспары уәкiлеттi органмен алдын ала келiсiлуi тиiс және оны ұсынылған күннен бастап он күн iшiнде сот бекiтедi.
Банктiң оңалту жоспарын өзгертуге сот шешiмi бойынша уәкiлеттi органның келiсiмiмен жол берiледi.
2-3. Банкке қатысты оңалту рәсiмдерiн жүзеге асыру кезеңiнiң ұзақтығы алты айдан аспауға тиiс. Оңалту рәсiмдерiнiң басталу және аяқталу мерзiмдерiн сот айқындайды. Банктiң сот бекiткен оңалту жоспары банк пен оның лауазымды тұлғалары үшiн орындалуы мiндеттi құжат болып табылады.
2-4. Банк оңалту рәсiмiн уәкiлеттi органның бақылауымен жүргiзедi. Оңалту рәсiмi кезеңiндегi банк қызметi осы баптың талаптары ескерiле отырып, әдеттегiдей тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Сот банктi ерiксiз тарату туралы шешiм қабылдаған жағдайда (iс қозғау негiзiне қарамастан), оны жүргiзу, осы баптың 2-1, 2-4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, банктiң сот бекiткен арнайы басқарушысына (басқару жөнiнде уәкiлеттiк берiлген адамдарға) тапсырылады.
Банктiң арнайы басқарушысы (басқару жөнiндегi уәкiлеттiк берiлген адамдар) сот пен банк кредиторларына өз қызметi туралы ай сайын хабарлап тұруға мiндеттi.
4. Банктi қайта құруға қатысушы үшiншi адам банктiң басқа коммерциялық ұйымға қосылуына немесе бiрiгуiне байланысты арнайы басқарушыға (басқару жөнiндегi уәкiлеттiк берiлген адамдарға) оның (олардың) қаржылық әлеуетiн және банктi қайта құрудың мақсатқа сай екенiн негiздейтiн қажеттi құжаттарды (деректердi) беруге мiндеттi.
5. Банктi ерiксiз қайта құру сот белгiлеген тәртiппен және ол бекiткен кесте мен шаралар жоспарына сәйкес жүргiзiледi.
6. Банктiң арнайы басқарушысының (басқару жөнiндегi уәкiлеттiк берiлген адамдардың) банктi ерiксiз қайта құрудың аяқталғаны туралы есебiн сот бекiтедi.
7. Аталған сот рәсiмдерi шеңберiнде банктi қайта құру жүргiзiлгенiн растайтын ресми құжат күшiне енгеннен кейiн 5 күн мерзiм iшiнде банктiң құқықтық мұрагерi болып табылатын ұйым екi республикалық газетте қажеттi ақпараттың жариялануын қамтамасыз етуге мiндеттi.
8. Банктi ерiксiз таратуды жүзеге асырумен байланысты шығыстар оның қаржысы есебiнен жүргiзiледi.
9. Банктi мәжбүрлеп қайта ұйымдастыруды және оған қатысты оңалту рәсiмдерiн жүргiзудi жүзеге асырудың өзге де мәселелерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен айқындалады.
ҚР 02.03.01 ж. N 162-II Заңымен 74-4-бап өзгертiлдi; ҚР 10.07.03 ж. N 483-II (бұр. ред. қара) 74-4-бап жаңа редакцияда
74-4-бап. Уәкiлеттi органның банктердi тарату процесiндегi бақылау өкiлеттiктерi
1. Уәкiлеттi орган ерiктi және мәжбүрлеп, оның iшiнде банкроттық негiз бойынша таратылатын банктердiң тарату комиссияларының қызметiне бақылау жүргізуді жүзеге асыру мақсатында:
1) тарату комиссияларынан атқарылған жұмыс туралы есептер, ал қажет болған жағдайда, қосымша ақпарат алуға;
2) тарату комиссияларының есеп және қосымша ақпарат беру нысанын, мерзiмдерi мен кезеңдiлiгiн белгiлеуге;
3) тарату комиссияларының қызметiне тексеру жүргiзуге;
4) тарату комиссияларының қызметiнде Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын, кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылықтар анықталған жағдайда, тарату комиссиялары орындауға мiндеттi бұзушылықтарды жою туралы жазбаша нұсқамалар шығаруға, нұсқамалардың орындалу мерзiмiн белгiлеуге;
5) тарату комиссиясы жазбаша нұсқаманы белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда, кредиторлардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшiн сотқа не прокуратура органдарына жүгінуге құқылы.
2. Уәкiлеттi орган банктердiң қызметiн мәжбүрлеп тоқтату туралы iстi соттың қарауына қатысты банктерден қажеттi ақпарат алуға құқылы.
3. Тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарын бұзған жағдайда тарату комиссиясының төрағасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
III Бөлiм
Қорытынды ережелер
ҚР 29.06.98 ж. N 236-1 Заңымен 9-1 тараумен толықтырылды; ҚР 10.07.03 ж. N 483-II (бұр. ред. қара) 9-1-тарау алынып тасталды
9-1-тарау. Банк қызметiне байланысты құқық бұзушылық
үшiн жауапкершiлiк
10-тарау. Қорытынды ережелер
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.01 N 162-II; 10.07.03 ж. N 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 75-бап өзгертiлдi
75-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заңның қалыптары өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыратын барлық банкiлерге, соның iшiнде оларды ұйымдастырудың бастапқы кезеңiн регламенттейтiн жекелеген заңдық және қалыптық құжаттардың негiзiнде айрықша тәртiппен құрылған банкiлерге де, сондай-ақ банктердің тікелей және жанама қатысушылары болып табылатын тұлғаларға да қолданылады.
2. Олардың әрқайсысы үшiн рұқсат етiлген банк операциялары түрлерiнiң тiзбелерiн, оларға банк операцияларын жүргiзуге лицензия берудiң негiздерi мен олардың қызметiн ықтимал шектеулердi қоса алғанда, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың құқықтық мәртебесi, құрылу тәртiбi, лицензиялануы, қызметiнiң реттелуi мен тоқтатылуы осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен және өздерiнiң құзыретi шегiнде уәкiлеттi органның және (немесе) Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
Мемлекеттік органдардың бөлімшелері болып табылатын ұйымдар банк операцияларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің жоғарыда аталған ұйымдарды құру, қызметі, қызметін реттеу және тоқтату тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, оларды жүзеге асыруды үшінші тұлғаларға беру құқығынсыз, тек қана мемлекеттік бюджетке қатысты және соның қаражаттары есебінен жүзеге асыруға құқылы.
3. Осы Заңның ережелерi Ұлттық Банкiге бұл Заңға тiкелей көзделген жағдайларда ғана қолданылады.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 76-бап өзгертiлдi; ҚР 29.06.98 ж. N 236-1 Заңымен 76-бап алынып тасталды
76-бап. алынып тасталды
ҚР 10.07.03 ж. N 483-II (бұр. ред. қара) 77-бап өзгертілді
77-бап. Ұлттық Банктiң iс-әрекетiне шағым беру
Уәкiлеттi органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң банк қызметiн реттеу саласындағы iс-әрекеттерiне сот тәртiбiмен шағым берiлуi мүмкiн.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 78-бап өзгертiлдi
78-бап. Осы Заңның күшiне енуi
1. Осы Заң жарияланған күннен бастап күшiне енедi.
2. Осы Заң күшiне енген күннен бастап, "Қазақстан Республикасындағы банкiлер туралы" 1993 жылғы 14 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы заңының қолданылу кезеңiнде банкiлердiң жарғылық капиталын қалыптастыру тәртiбiн бұзушылықтарға жол берiлгендiгi анықталған жағдайда, банкiлерге осы Заңда көзделген санкциялар қолданылады.
Қазақстан Республикасының