Табиғи монополия саласына жататын, ұсынылатын қызметтерге (тауарларға,
жұмыстарға) арналған үлгi шарттарды бекiту туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2003 ж. 28 қарашадағы N 1194 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 05.03.04 ж. N 278; 23.04.04 ж. N 458;
03.06.04 ж. N 616; 24.08.04 ж. N 894 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2005 ж. 26 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шiлдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Табиғи монополия саласына жататын, ұсынылатын қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) арналған үлгі шарттар бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов
|
Электр энергиясын желiге берудi және тұтынуды техникалық
диспетчерлендiру жөнiндегi қызметтер көрсетуге арналған
үлгi шарт
Электр энергиясын өңiраралық деңгейдiң желiлерi арқылы беру
жөнiнде қызметтер көрсетуге арналған үлгі шарт
Табиғи газды тасымалдау жөнiндегi қызметтердi көрсетудi
ұсынуға арналған үлгі шарт
Табиғи газды сақтау жөнiндегi қызметтер көрсетудi
ұсынуға арналған үлгі шарт
Топтық резервуарлық қондырғылар арқылы газ жеткізу қызметтерін
көрсетуге арналған үлгі шарт
Сумен жабдықтау және/немесе сарқынды суды бұру жөнiнде қызметтер
көрсетудi ұсынуға арналған үлгі шарт
Мұнай тасымалдау жөніндегі қызметтер көрсетуді ұсынуға
арналған үлгі шарт
Аэронавигация қызметтерiн көрсетуге арналған үлгі шарт
Телекоммуникациялар қызметтер көрсетуiн жергiлiктi желiлер
торабын пайдаланып ұсынуға арналған үлгi шарт
Кейiннен порттан шығын жүк операцияларын жүргiзу және/немесе
өзге мақсаттар үшiн теңiз портына кеменiң кіргенi үшiн
(кеменің кiруi) теңiз портының қызметтер көрсетуiне арналған
үлгі шарт
Теңiз портының тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi қызметтер
көрсетуiне арналған үлгі шарт
Әуежайлар қызметтерiн көрсетуге арналған үлгі шарт
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң
2003 жылғы 28 қарашадағы
N 1194 қаулысымен
бекiтiлген
ҚР Үкіметінің 05.03.04 ж. N 278 қаулысымен тақырыбы және мәтін өзгертілді (бұр. ред. қара)
Электр энергиясын желiге берудi және тұтынуды техникалық
диспетчерлендiру жөнiндегi қызметтер көрсетуге арналған
үлгi шарт
__________________________ 200__жылғы "__"________
(шарттың жасалатын орны)
Бұдан әрi Орындаушы деп аталатын энергия көздерi шинынан электр
энергиясын берудi техникалық диспетчерлендiру жөнiндегi қызметтердi
беретiн _________________атынан
(қызметті ұсынатын субъектiнiң атауы, құрылтай құжаттары,
мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк, берген күнi мен орган)
________________________________________________________негiзiнде
әрекет ететiн____________________________________________________
(лауазымы, аты-жөнi)
бiр тараптан және бұдан әрi Тапсырысшы деп
аталатын_________________________________________________________
___________________________________________________________атынан
(пайдаланушының деректемелерi құрылтай құжаттары, мемлекеттiк тiркеу
туралы куәлiк, берген күнi мен орган.)
______________негiзiнде әрекет ететiн____________________________
(лауазымы, аты-жөнi)
екiншi тараптан, мына төмендегілер туралы осы Шартты (бұдан әрi -
Шарт) жасасты.
1. Шартта қолданылатын негiзгi ұғымдар
1. Шартта мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
электр энергиясының/электр энергияның шартты көлемi техникалық диспетчерлендiруге жататын электр энергиясының көлемi;
өтiнiм - Тапсырысшының уәкiлеттi өкiлi қол қойған және Шартта белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде Орындаушыға жолданатын, электр энергиясының көлемi, электр энергиясын беру уақытының кезеңi, осы кезең iшiнде қуаты жөнiндегi көлемдi бөлу туралы ақпаратты қамтитын жазбаша құжат. Өтінiм айлық, тәулiктiк және жедел болуы мүмкiн;
электр энергиясының нормативтiк сапасы - Шартты орындау сәтiнде бекітілген талаптар мен стандарттарға сәйкес келетін электр энергиясының сапасы;
коммерциялық есептеу құралы - заңнамада белгiленген тәртiппен қолдануға рұқсат етiлген электр энергиясын коммерциялық есептеуге арналған техникалық құрылғы;
электр қуаты резервтерiнiң ПУЛ-ы (бұдан әрi - ЭҚР ПУЛ) генераторлар мен электр беру желiлерi күтпеген жерде iстен шыққан жағдайда тұтынушыларды энергиямен үздiксiз қамтамасыз ету үшiн электр қуатының қажеттi көлемiн, құрылымын қалыптастыру және резервтерiн орналастыру мақсатында электр станцияларымен және жекелеген көтерме тұтынушылармен epiкті негізде құрылған коммерциялық емес ұйым;
есептi кезең - Шартта техникалық диспетчерлеу бойынша Орындаушы қызметiмен есеп айырысу жүргiзiлетiн, бiр күнтiзбелiк айға тең бiрiншi күннiң 00-00 сағатынан бастап айдың соңғы күнiнiң 24-00 сағатына дейiнгi уақыт кезеңi ретiнде Шартта белгіленген кезең;
реттеушi орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғи монополия субъектiлерiнiң тарифтерiн (бағаларын, алым ставкаларын) мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
рыноктық оператор - электр энергиясын өндiру және тұтыну режимдерiн коммерциялық диспетчерлеуді жүзеге асыратын ұйым;
тәулiктік кесте - Қазақстан Республикасының электр энергиясының рыногы субъектiлерiнiң әрбiр күнтiзбелiк тәулiктiң жергiлiктi уақытының 00-00 сағатынан 24-00 сағатына дейiн электр энергиясын өндiрудiң, берудiң, жеткiзудiң және тұтынудың орташа сағаттық шамасын регламенттейтiн рыноктық оператор жасаған және белгiленген тәртіппен бекітілген құжат;
техникалық диспетчерлендiру - Қазақстан Республикасының Бiрыңғай электр энергетикасы жүйесiнде (бұдан әрi - ҚP БЭЭЖ) электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимдерiн орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқарудан тұратын Орындаушы көрсететiн қызмет;
техникалық оператор - жасалған шарттарға, қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмдер мен нормативтiк-техникалық құжаттарға сәйкес электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимдерiн жедел-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыратын ұйым;
iс жүзiндегi теңгерiм - есеп айырысу кезеңiнде осы рынок субъектiлерi электр энергиясының көтерме рыногында өндiрген, жеткізген және тұтынған электр энергиясының көлемiн атаулы бөлудi белгiлейтiн құжат;
нақты көлемi - желiлердiң тиесілілігіне қарамастан, кернеулердiң барлық сыныптарының желiсiне (желiлерi арқылы), оның ішінде Тапсырысшының желiсiне Тапсырысшы берген (импорттайтын) электр энергиясының көлемi;
уәкiлеттi орган - электр энергетикасына байланысты қатынастарды реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
орталық диспетчерлiк басқару (бұдан әрi - ОДБ) - электр энергиясын беру жүйелерiн теңгерудi, оның сенiмдiлiгiн қамтамасыз ету мен сапасын қамтамасыз етудi қоса алғанда, ҚР БЭЭЖ пайдалануға жауап беретiн техникалық оператордың өңiрлiк бөлiмшелерiмен бiрге құрылымдық бөлiмшесi; электр желiлерi - Орындаушыға да және/немесе Тапсырысшыға да, сондай-ақ үшiншi тұлғаларға да меншiк құқығында, заттық құқықта немесе заңда белгiленген өзге де негiздер бойынша тиесiлi электр энергиясын беруге және/немесе бөлуге арналған кiшi станциялардың, бөлуші құрылғылардың және бiрiктiрушi электр желiлерiнiң жиынтығы.
2. Шарттың мәнi
2. Орындаушы желiге электр энергиясын бepуді техникалық диспетчерлеуді және Тапсырысшының энергоқұрылғыларының қосарлас жұмысын ҚР БЭЭЖ құрамында қамтамасыз етедi.
3. Электр энергиясын желiге берудi және тұтынуды техникалық диспетчерлеу бойынша қызметтер көрсетудiң техникалық талаптары мен сипаттамалары:
_________________________________________________________________
(осы тармақта нормативтiк техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес
_________________________________________________________________
келуге тиiс Шарттың мәнiнiң техникалық талаптары мен сипаттамалары көзделедi)
4. Тапсырысшы Орындаушының техникалық диспетчерлендіру жөнiндегi қызметтерiн Шартта белгiленген мөлшерде және тәртіппен төлеуге мiндеттенеді.
3. Техникалық диспетчерлендiрудi қамтамасыз ету талаптары
5. Техникалық диспетчерлендiру жөнiндегi қызметтер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және осы Шартқа сәйкес көрсетiледі.
6. Техникалық диспетчерлендiру режимiне заңнамада белгiленген тәртiппен техникалық оператормен келiсiлген және рыноктық оператор бекiткен Тапсырысшының электр қондырғысынан электр энергиясын беретiн тәулiктiк кесте жатады.
7. Электр энергиясын өндiру мен тұтынудың тәулiктiк кестесiн Тапсырысшы тұтынушылардың келiсiлген тәулiктiк өтiнiмдерi негiзiнде түзетулерді ескере отырып, оның тұтынушылармен жасалған тiкелей шарттары негiзiнде жасайды.
8. Электр қуаты маңызының жол берiлген ауытқуы Тапсырысшы мен Орындаушы арасындағы қуатты реттеуге арналған жекелеген шартқа сәйкес белгiленедi. Қуатты реттеу жөнiндегi қызметтер көрсетуге арналған шарт болмаған кезде жол берiлген ауытқулар нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес белгiленеді. Егер Тапсырысшы жол берiлген ауытқуды бекітілген тәулiктiк кестеден жоғарылатқан жағдайда, Орындаушының алдын ала ескертуден кейiн Тапсырысшының тұтыну және/немесе генерация режимiн тәулiктiк кестеде мәлiмделген мәнге дейiн өзгертуге құқығы бар.
4. Берiлетiн электр энергиясының есебi
9. Тапсырысшы берген электр энергиясының iс жүзiндегі көлемi бiрiншi күннiң 00-00 сағатынан бастап есептi кезеңнiң соңғы айының 24 сағатына дейiн Тапсырысшы мен электр желiлерi иелерiнiң пайдалану жауапкершiлiгi бөлiмiнiң шекарасында белгiленген коммерциялық есептеу құралдарының көрсеткiштерi бойынша есептiден кейiнгі айдың бесiншi күнiнен кешiктiрмей коммерциялық есептеу құралдарының көрсеткіштерiн салыстыру актiсiн тараптардың қол қоюымен айқындалады.
10. Электр энергиясын берудiң шартты шамасының айлық көлемi бойынша түзетудi тараптар айдың басталуына дейiн он күннен кешiктiрмей жедел келiседі. Айлық көлемге түзетуге техникалық диспетчерлендiру жөнiндегi қызметтердiң шартты тоқсандық көлемiнiң шегінде ғана рұқсат етіледi.
Электр энергиясын берудiң желiге берудiң және тұтынудың шартты шамасының тоқсандық көлемi бойынша ұсыныстарды тараптар тоқсанның басталуына дейiн алпыс күннен кешiктiрмей жедел келiседі.
11. Коммерциялық есептеу құралдары тексерiлуге және оларға пломба салынуға тиiс. Тараптар бiр-бiрiне тәулiктiң жұмыс сағаты iшiнде көрсеткiштердi алу, тексеру және сынап көру мақсатында рұқсат беруi тиiс. Егер көрсеткiштерi алған кезде тараптардың бiреуi болмаса, онда екiншi тарапқа көрсеткiштердi өз бетiмен алуға рұқсат етiледі.
12. Тараптар олардың теңгерiмiндегi есептеуiштерге және басқа да өлшеуiш құралдарына метрологиялық тексерулердi өз есебiнен тиiстi метрологиялық стандарттарда көзделген мерзiмдерде жүргiзеді.
Тараптар талап етушi Тарап есебiнен жүргiзiлетiн қосымша тексерiс жүргiзудi талап ете алады.
Егер қосымша тексеру кезiнде есептеуiштердің көрсеткiшi олардың дәлдiк сыныбымен жiберiлген қателiктен жоғары болса, онда қосымша тексеру бойынша шығындарды құралдардың иесi төлейді.
13. Электр энергиясы есебiнiң өзгеруiмен немесе бұзылуымен байланысты жұмыстардың кез келген түрiн жүргiзген кезде Тапсырысшы жұмысты бастаудан бұрын ол туралы Орындаушыға жазбаша түрде хабарлауға және тиiстi рұқсат алуға мiндеттi. Тапсырысшының жөндеудi жүргiзген кезеңiнде электр энергиясын есептеу Орындаушымен келiсiлген уақытша сызба бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн.
5. Тараптардың құқықтары мен мiндеттерi
14. Орындаушының шарттық талаптар бұзылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электр энергиясын желiге берудi және тұтынуды техникалық диспетчерлендiру жөнiндегі қызметтер көрсетудi тоқтатуға құқығы бар.
15. Орындаушы:
1) электр энергиясын көтерме рыноктың барлық қатысушыларына тең жағдайда ұсынуға;
2) тарифтердi белгiлеу бөлiгiнде электр энергиясын желiге берудi және тұтынуды техникалық диспетчерлендiру жөнiндегi қызметтер көрсету шарттарын жасасу кезiнде реттеушi органның шешiмдерiн басшылыққа алуға;
3) электр энергиясын желiге беруде және тұтынуда техникалық диспетчерлендiру жөнiндегi қызметтер көрсетудi, тоқтатуда немесе шектеуде шартта белгiленбеген үзiлiстердi жiбермеуге мiндеттi.
16. Тапсырысшы:
1) тоқ қабылдаушының және коммерциялық есептеу құралдарының тиесiлi техникалық жағдайын ұстауға, нормативтiк құқықтық кесiмдермен белгiленетiн техникалық жағдайға қойылатын талаптарды орындауға;
2) электр энергиясын желiге берудiң және тұтынудың бекiтiлген тәулiктік кестесiн сақтауға;
3) электр энергиясының стандартты жиiлiгiн бiрыңғай электр энергиясының жүйесiнде ұстауға бағытталған нормативтiк талаптарды орындауға;
4) алынып тасталды
5) Орындаушының қызметкерлерiн, сондай-ақ Мемэнергияқадағалау қызметкерлерiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiне сәйкес энергия құрылғылардың техникалық жағдайын бақылауды жүзеге асыру және пайдалану қауiпсiздiгi үшiн коммерциялық есептеу құралдарына жiберуге мiндеттi.
6. Тараптарға қойылатын талаптар
17. Орындаушыға қойылатын талаптар:
1) Тапсырысшымен келiсiм бойынша есептi кезең қорытындылары бойынша электр энергиясын желiге берудiң және тұтынудың шартты шамасын сақтаған кезде Тапсырысшы жұмысының бекiтiлген тәулiктiк режимiн өзгерту;
2) Тапсырысшының генерацияланатын қуаты төмендеген (жоғалған) немесе басқа жеткiзушiлермен Тапсырысшы атына электр энергиясын жiберу төмендеген кезде Тапсырысшы тiзiм бойынша желiге берудiң төмендеу шамасына оны тұтынатындарға шектеу енгiзу. Тiзiм болмаған жағдайда алдын ала ескертуден кейiн жиырма минут өткен соң өзiнiң қалауы бойынша оның тұтынушыларын шектеудi жүргiзедi. Егер Тапсырысшы ЭҚР ПУЛ-ге қатысушы болып табылса немесе Тапсырысшы қуатты басқа генерация көзiнен ауыстыруды қамтамасыз етсе және жеткiзушiлермен резервтiк қуат тек iс жүзiнде көтерiлген жағдайда тұтынушыларға шектеу енгiзiлмейдi;
3) Тапсырысшы жедел түзетулер мен басқа да iс жүзiндегi ауытқуларға арналған қолданыстағы шартты құқықтарын ескере отырып, бекiтiлген тәулiктiк кестенi орындамаған кезде желiге берудiң төмендету шамасына Тапсырысшы тiзiмi бойынша оның тұтынушыларына шектеу енгiзу. Тiзiм болмаған жағдайда алдын ала ескертуден кейiн жиырма минут өткен соң өзiнiң қалауы бойынша оның тұтынушыларын шектеудi жүргізеді;
4) Тапсырысшы Шарт бойынша өзiнiң мiндеттерiн орындамаған кезде Тапсырысшыға кемiнде 72 сағат бұрын алдын ала хабарлап, техникалық диспетчерлендiру жөнiндегi қызмет көрсетуi тоқтата тұру не тоқтату. Бұл ретте техникалық диспетчерлендiру жөнiндегi қызметтердi тоқтату Тапсырысшының Шарт талаптарын орындағанға дейiн Тапсырысшының энергия көзiн оқшауланған жұмысқа бөлу арқылы iске асуы мүмкiн, бұл ретте Орындаушы қызмет көрсетудi тоқтатудың мүмкiн болатын салдарына жауапкершiлiк жүктемейдi.
5) Тапсырысшы тұтынушылары мен үшiншi тарап тұтынушыларына шектеу енгiзу жөнiндегi iс-шараларды iске асыру үшiн Тапсырысшының электр станциялары мен кiшi станцияларының электр бөлушi құрылғыларын қосуды жүргiзу.
18. Тапсырысшыға қойылатын талаптар:
1) Орындаушыдан осы Шарт бойынша мiндеттерiн орындауды талап ету;
2) Орындаушының iс-қимылын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дауласу.
19. Орындаушы:
1) ҚР БЭЭЖ құрамында Тапсырысшының қосарлы жұмысының сенiмдiлiгін, соның iшiнде Тапсырысшы мен үшiншi тұлға объектілерiнде аварияға қарсы басқару құралдары есебiнен қамтамасыз етуге;
2) өтiнiмдерге техникалық өңдеулердi жүзеге асыруға және алғашқы жабдықтарды, релелiк қорғау құрылғылары мен автоматиканы, сондай-ақ жедел басқару мен ОДБ қарамағындағы Тапсырысшының диспетчерлiк-технологиялық басқару құралдарының аварияға қарсы автоматикасын жөндеуге шығару үшiн жағдай жасауға және жөндеу жұмыстарын жүргізуде қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге немесе Тапсырысшы объектiлерiнде сынақтар жүргiзу үшiн электр желiлерiнде қажеттi қосуды жүргiзуге;
3) Тапсырысшыға электр энергиясын бергенi үшiн төлем болмаған немесе уақтылы ақы төлемеген кезде Тапсырысшының өтiнiмiн орындауға. Бұл ретте Тапсырысшының өтiнiм беру мерзiмi шектеудi енгiзгенге дейiн кемiнде төрт тәулiктен кем болмауға тиiс. Тұтынушыларды заңсыз шектеуге жауапкершiлiктi Тапсырысшы жүктейдi;
4) Тапсырысшының энергия көзiнiң (электр станциясының) қуатын энергия көздерiнiң (электр станцияларының) өз мұқтаждарын жоғалтып, нөлге дейiн толық берген кезде өз мұқтаждарын қуаттандыруды қалпына келтiру үшiн Тапсырысшының энергия көздерi шинына кернеу берудi жүзеге асыруға;
5) Тапсырысшының энергия көзi жабдықтарының қалыпты жұмыс режимiнiң бұзылуына әкелген ҚР БЭЭЖ қалыпты режимiнiң бұзылу себептерi туралы Тапсырысшыға уақтылы хабарлауға;
6) Тапсырысшыға қажетті технологиялық ақпарат беретiн тораптардың және кiшi станциялардың сипаттамасы мен сызбасын, Шарт талаптарын орындауға тiкелей жауапты және жедел келiссөз жүргiзуге құқы бар тұлғалар тiзiмiн ұсынуға;
7) Тапсырысшы өкiлдерiнiң Орындаушының Шарт талаптарын орындағаны туралы толық ақпаратты алу үшiн қол жетiмдiлiгiнiң техникалық мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
8) диспетчерлiк-техникалық тәртiптi сақтауға, Тапсырысшының энергия көзi жұмысының режимiн бұзуға әкелуi мүмкiн iс-қимылдарды болдырмауға, нормативтiк құжаттардың, нұсқаулардың талаптарын орындауға, өзiнiң iс-қимылымен Тапсырысшының коммерциялық қызметiне зиян келтiрмеуге;
9) Тапсырысшыға оның өтiнiмi бойынша тәулiктiк кестеге қажеттi жедел түзетулердi келiсуге. Осындай түзетулерді келiсуден негiзсiз бас тартуды болдырмауға;
10) Тапсырысшыға Орындаушының желiлерiне тiкелей қосылған оның тіке тұтынушыларымен тұтынылған көлемi жөнiндегі күн сайынғы ақпаратты ұсынуға;
11) Орындаушының жедел басқаруындағы және қарамағындағы 110-220-500-1150 киловольт желiсiндегi есептердi жүргiзуге және тұрақтылық пен аварияға қарсы басқару мәселесiн пысықтауға;
12) автоматикалық жиiлiк жүктемесiнiң кестесiн беруге;
13) Орындаушының электр энергиясы объектiлерiндегi жиiлiк және кернеудiң талап етiлген деңгейiн нормативтiк-техникалық кесiмдер мен стандарттарға сәйкес қалыпты режимде ұстауға;
14) Орындаушының бақылау нүктелерiнде кернеу кестелерiн тоқсанына бiр реттен жиi емес беруге;
15) Орындаушының жедел басқаруындағы және қарамағындағы электржелiлiк және электр энергиясы жабдықтарына, релелiк қорғау, автоматика мен аварияға қарсы автоматика құрылғыларына күрделi және ағымдағы жөндеудiң жылдық және айлық кестесiн қарауға және келiсуге;
16) Орындаушының жедел басқаруындағы және қарамағындағы релелiк қорғау, автоматика мен аварияға қарсы автоматика құрылғылары үшін қажетті есептердi орындауға және оларды орнатуды, әзiрлеудi немесе олардың қағидатты (құрылымдық) сызбаларын келiсуге мiндеттi.
20. Тапсырысшы:
1) электр энергиясын беруге және/немесе тұтынуға жасалған шарттар негiзiнде ОДБ-ға тәулiктiк кестенi орындайтын күннiң алдындағы күннiң 10-00 сағатына дейiнгi жүктелiмдi жүргiзудiң сағаттық кестесiн ұсынуға;
2) ОДБ электр жүктелiмiнiң диспетчерлiк реттеу жөнiндегi талаптарын орындауға және белгіленген тәртiппен ресiмделген электр жүктелiмiнiң тәулiктiк кестесiн сөзсiз орындауға қабылдауға;
3) электр энергиясының көлемiне және тұтынылатын қуат кестесiне жедел түзетулер енгiзу қажет болған кезде Тапсырысшы ағымдағы тәулiк iшiнде барлық жедел түзетулердi алдын ала Орындаушымен келiсуге мiндеттенедi. Тапсырысшы Орындаушының келiсiмiн алғаннан кейiн ғана ағымдағы режимге жедел түзету жүргiзедi. Орындаушымен келiсiлмей режимге жедел түзету жүргiзу жөнiндегі жауапкершiлiктi Тапсырысшы жүктейдi;
4) қажеттi көлемде электр энергиясы мен қуатын есептеудi қамтамасыз етуге;
5) Тапсырысшының желiге беру жөнiндегi телеметриялық ақпаратты ОДБ-ға берудi ұйымдастыруға;
6) БЭЭЖ ұзақ мерзiмдi, қысқа мерзiмдi және тәулiктiк режимдерiн жоспарлау үшiн салалық нұсқаулықтармен көзделген ақпаратты, оның көлемiн және түсу мерзiмiн ОДБ-ға беруге;
7) күн сайын 10-00 сағатқа дейiн ОДБ-ға өткен тәулiкте берiлген электр энергиясының iс жүзiндегi көлемi туралы ақпаратты беруге;
8) Орындаушының талабы бойынша қысқы және жазғы жұмыс күндерiне тән белсендi және реактивтi қуат генерациясы бойынша өлшеу нәтижелерiн ұсынуға;
9) әрбiр күнтiзбелiк жылдың қаңтарында ОДБ-ға қажеттi технологиялық ақпаратты, электр станцияларының сипаты мен сызбасын, байланыс арналары мен телемеханика ұйымдарының релелiк қорғау мен автоматика және аварияға қарсы автоматика құрылғыларының атқарушы сызбаларын, жедел қосу және келiссөздер жүргiзуге құқығы бар тұлғалар тiзiмiн, сондай-ақ байланыс, телемеханика, релелiк қорғау мен автоматика және аварияға қарсы автоматика құралдарын пайдалануға жауапты тұлғалар тiзiмiн ұсынуға. Олардың өзгерiстерi туралы уақтылы хабарлауға;
10) диспетчерлiк-технологиялық тәртiптi сақтауға, энергия бiрлестiктерiнiң жұмыс режимiн бұзуға әкелуi мүмкiн iс-қимылдарды болдырмауға, директивтi құжаттар, өзара қарым-қатынастар туралы нұсқаулар мен ереже талаптарын орындауға, өзiнiң Орындаушымен келiсiлмеген iс-қимылдарымен энергия рыногының басқа субъектiлерiне зиян келтiрмеуге;
11) салалық нұсқаулықтарға сәйкес жұмыс режимiнiң барлық бұзушылықтары, стихиялық құбылыстар және қайғылы оқиғалар туралы ОДБ-ға жедел және толық хабарлауға;
12) өзiнiң алғашқы жабдықтарын қалыпты пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге (жөндеу және реттеу жұмыстарын уақтылы жүргiзу) және ОДБ берген релелiк қорғау және аварияға қарсы автоматика, автоматикалық жиiлiк жүктелiмi құрылғыларының сипаттамасын, көлемiн және орнатуды орындауға;
13) диспетчерлiк басқару мақсаты үшiн қажеттi келiсiлген хаттамалар бойынша телеметриялық ақпарат көлемiн берудi қамтамасыз етуге. Телеметриялық ақпарат көлемiн ОДБ айқындайды;
14) жедел-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыру үшiн жалға алынған байланыс арнасын ұйымдастыруды қамтамасыз етуге;
15) жедел ақпараттық кешеннiң және бағдарламалық-техникалық кешеннiң бiрыңғай энергетикалық компьютерлiк телекоммуникация желiсi құрамындағы ақпаратты алмасу жөнiндегі жұмысты қамтамасыз eтуге мiндетті.
21. Орындаушы өзiнiң өкiлеттiктерiн жоғарылатқан немесе оның тарапынан заңсыз iс-қимыл жасаған жағдайда Тапсырысшыға келтiрген зиянның, Тапсырысшының Шарт талаптарын толық орындаған жағдайда ғана орнын толтыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
22. Тараптар тоқсан сайын, тоқсанның соңғы күнгi жағдайы бойынша келiспеушiлiктердi көрсетiп немесе оларсыз өзара есеп айырысуды салыстыру актiсiне алған күнiнен бастап он бес күн iшiнде қол қоюға мiндеттi.
7. Есеп айырысу тәртібi
23. Орындаушының техникалық диспетчерлендiру жөнiндегi қызметтерiне ақы төлеуi реттеушi орган бекiткен тарифке сәйкес жүргiзiледi.
24. Тариф өзгерген жағдайда Орындаушы жазбаша немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұл туралы жаңа тариф қолданысқа енгiзiлгенге дейiн он күнтiзбелiк күн бұрын Тапсырысшыға хабарлама бередi.
Түпкiлiктi есеп айырысуды Тапсырысшы Орындаушының көрсетілген қызметтердiң көлемiн салыстыру актiсiнiң негiзiнде төлемге ұсынылған шот-фактурасын iс жүзiнде берген сәттен бастап бес банктік күн iшiнде жүргізеді.
25. Егер бiр тарап коммерциялық есептеу құралдарының көрсеткiштерiн салыстыру актiсiне қол қоюдан бас тартқан жағдайда, iс жүзiндегi теңгерiм көрсетілген қызметтердiң iс жүзiндегi көлемiн растайтын құжат болып табылады.
26. Өткен кезеңдер үшiн берешек болған кезде, бiрiншi кезекте төлем осы берешектi өтеуге жiберiледi. Тапсырысшы есеп айырысу кезеңi үшiн iс жүзiндегiден артық сома төлеген жағдайда, осы артық айырма келесi есеп айырысу кезеңiнiң аванстық төлемiне автоматты түрде есептеледi (не тараптардың келiсiмi бойынша Орындаушының алдындағы Тапсырысшының өзге мiндеттемелерi бойынша берешегін өтеу есебiне, егер осындай болса). Егер Тапсырысшы Орындаушының келесi есеп айырысу кезеңiне қызметiнен бас тартса, Тапсырысшының өзге, оның iшiнде Орындаушының алдындағы (егep осындай болса) ақша мiндеттемелерi бойынша берешегін өтеуге жұмсалған соманы қоспағанда, артық төленген сома қайтарылады.
27. Егер Тапсырысшы ұсынылған шоттың дұрыстығына дауласса, ол Орындаушыны осы шотты алған күннен бастап он күнтiзбелiк күн iшiнде хабардар етедi және Тапсырысшыға қарсылықтарын баяндай отырып, жазбаша өтiнiш бередi. Бұл ретте Тапсырысшы жоғарыда көрсетiлген мерзiмдерде шоттың дауласпаған бөлiгiн төлеуге мiндеттi.
28. Электр энергиясын желiге берудi және тұтынуды техникалық диспетчерлендiру жөнiндегi Орындаушының қызметiне ақы төлеу жөнiнде Тапсырысшының мiндеттемелерiн орындау шот-фактурада көрсетiлген деректемелер бойынша Орындаушының ағымдағы шотына немесе Тапсырысшыға жiберiлген хабарламада Орындаушы көрсеткен деректемелер бойынша үшiншi тараптың ағымдағы шотына ақша есептеу болып танылады.