20. ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен алынып тасталды
21. ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен алынып тасталды
22. ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен алынып тасталды
23. ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен алынып тасталды
24. ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен алынып тасталды
5-тарау. Контрактiлер
11.08.99 ж. N 467-1; 01.12.04 ж. N 2-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 25-бап өзгертілді
25-бап. Контрактiлердiң түрлерi
1. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн келiсiм-шарттардың мынадай түрлерi қолданылады:
1) өнiмдi бөлу туралы;
2) концессия туралы;
3) мердiгерлiк және өтемдi қызметтер көрсету (сервистiк келiсiм-шарт) туралы.
Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi нақты операциялардың талаптарына және басқа мән-жайларына байланысты келiсiм-шарттардың аралас және өзге де түрлерiне жол берiледi.
Келiсiм-шартты жасасу, орындау, өзгерту немесе тоқтату тәртiбi осы Заңға және Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Нақты мұнай операцияларының шарттарына және басқа жағдайларға қарай контрактiлердiң құрастырылған және өзге де нысандарына рұқсат етiледi.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен 26-бап жаңа редакцияда; 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен 26-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
26-бап. Контрактiнiң қолданылу шарты мен мерзiмi
1. Барлау жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған келiсiм-шарт алты жылға дейiнгi мерзiмге жасалады. Мердiгердiң контрактiнiң қолданылу мерзiмiн контрактiде және жұмыс бағдарламасында айқындалған мiндеттемелердi мердiгер орындаған жағдайда ұзартуға құқығы бар. Контрактiнiң қолданылу мерзiмi әрбiр кезеңi екi жылға дейiн ұзақтықпен екi рет ұзартылуы мүмкiн. Мұнай табылған жағдайда мердiгердiң контрактiнiң қолданылу мерзiмiн коммерциялық табуды бағалау үшiн қажеттi кезеңге ұзартуға құқығы бар. Егер мердiгер келiсiм-шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн үш айдан кешiктiрмей құзыреттi органға өтiнiш жасаса, барлау жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған келiсiм-шарттың мерзiмi ұзартылуы мүмкiн.
2. Өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған келiсiм-шарт жиырма бес жылға дейiнгi мерзiмге жасалады. Кен орындарында қоры жүз миллион тоннадан асатын шикi мұнайды және (немесе) жүз миллиард текше метрден асатын табиғи газды алуға арналған өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған келiсiм-шарт қырық бес жылға дейiнгi мерзiмге жасалуы мүмкiн. Егер мердiгер мерзiмдi ұзартуға келiсiм-шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн он екi айдан кешiктiрмей өтiнiш жасаса, мердiгер мен құзыреттi органның өзара келiсiмi бойынша өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған келiсiм-шарттың мерзiмi ұзартылуы мүмкiн.
3. Бiрлескен барлау мен өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған келiсiм-шарт ұзартудың мүмкiн мерзiмдерi ескерiле отырып, барлау мен өндiру мерзiмiн қамтитын мерзiмге жасалады. Бұл ретте мерзiмдердi ұзартуға осы баптың 1 және 2-тармақтарымен белгiленген ережелер қолданылады.
4. Контрактiнiң қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiм ол құзыреттi органға келiп түскен күннен бастап 3 айдан кешiктiрiлмей қаралуы тиiс. Құзыреттi орган оң шешiм қабылдаған жағдайда контрактiге тиiстi өзгерiстер енгiзiледi.
5. Контракт шарттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келуi тиiс. Келiсiм-шарт талаптарының конкурстық ұсыныс талаптарымен салыстырғанда Қазақстан Республикасына қатысты тиiмдiлiгi аз болуы мүмкiн емес.
6. Келiсiм-шарттың талаптары тараптардың өзара келiсiмiмен айқындалады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
7. 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен жаңа 26-1-баппен толықтырылды
26-1-бап. Контрактiнiң қолданылуының аумақтық аясы
1. Қазақстан Республикасының аумағы, блоктардың шекарасы Қазақстан Республикасының шекарасымен түйісетін жағдайларды қоспағанда, тiк бұрыш нысанындағы блоктарға бөлiнедi. Әрбiр блогының өзiнiң реттiк нөмiрi және географиялық координаттары бар блоктардың картасын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
2. Контракт аумағы өзiне бiр блокты немесе бiр-бiрiмен аралас, сондай-ақ бөлек-бөлек блоктар жүйесiн қамтиды. Контракт аумағы ретiнде бөлiнетiн блок (блоктар) белгiлi бiр тереңдiкпен шектелiне алады (шектелiнуi мүмкiн). Теңiзде мұнай операцияларын жүргiзуге арналған құқықты беру кезiнде контракт аумағы оның шекараларының географиялық координаттары көрсетiле отырып, контрактiде көрсетiлген қызметке рұқсат етiлетiн шектердегi теңiз табанының алаңымен айқындалады.
3. Егер мұнай операцияларының процесiнде кен орындары жерлерiнiң географиялық шекаралары контракт аумағының шегiнен шығып кеткендiгi анықталса, онда оны кеңейту туралы мәселенi құзыреттi орган қосымша шешуi тиiс.
4. Контракт аумағын қайтарудың тәртiбi контрактiде айқындалады.
5. Контракт аумағының бөлiктерiн қайтару контракт аумағынан қайтарылатын бөлiктердi қоспағанда, геологиялық бөлудi қайта ресiмдеу жолымен жүзеге асырылады. Аумақтарды қайтаруға байланысты ресiмделетiн геологиялық бөлудi жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган дайындайды және бередi.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен 27-бап өзгертілді; 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
27-бап. Келiсiм-шартты жасасу, өзгерту мен тоқтату және мұнай операцияларын тоқтата тұру
Келiсiм-шартты жасасу, өзгерту және тоқтату, сондай-ақ мұнай операцияларын тоқтата тұру "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
28. ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен алынып тасталды
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен жаңа 28-1-баппен толықтырылды
28-1-бап. 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен алынып тасталды (бұр.ред. қара)
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен 29-бап өзгертілді
29-бап. 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен алынып тасталды (бұр.ред. қара)
6-тарау. Мұнай операцияларын жүргiзу
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен 30-бап жаңа редакцияда; 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен 30-бап өзгертілді (бұр.ред. қара)
30-бап. Мұнай операцияларын жүргiзудiң шарттары
1. Мұнай операцияларын жүзеге асырушы мердiгер мұнай операцияларын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, сондай-ақ контрактiде айқындалған тәртiп пен шарттарда жүргiзуге мiндеттi. Көмiрсутегi шикiзатының кен орындарын барлау және әзiрлеу бекiтiлген техникалық жобаларға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Барлау мен өндiрудi және бiрлескен барлау мен өндiрудi жүзеге асыратын мердiгер барлау мен өндiру жөнiндегi операцияларды келiсiм-шарттарға сәйкес жүргiзуге мiндеттi.
3. Мердiгер барлау мен өндiрудi жүргiзу кезiнде кен орындарын әзiрлеудiң оң тәжiрибесiн басшылыққа aлуғa мiндеттi.
4. Барлауды жүзеге асыратын мердiгер кен орындарын, егер ол келiсiм-шартта көзделсе, сынамалы пайдалануды жүргiзуге құқығы бар.
5. Кен орнындағы мұнайдың қоры, сондай-ақ мұнайдың алыну деңгейi Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттiк органы жүргiзетiн мемлекеттiк сараптауға және бекiтуге жатады.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен жаңа 30-1-баппен толықтырылды; 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен 30-1-бап өзгертілді (бұр.ред. қара)
30-1-бап. Жұмыс бағдарламасы және жылдық жұмыс бағдарламасы
1. 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен алынып тасталды (бұр.ред. қара)
2. 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен алынып тасталды (бұр.ред. қара)
3. Жұмыс бағдарламасы контрактiге қосымша болып табылады және контрактiнiң қолданылуының бүкiл кезеңi iшiнде барлау жүргiзудiң және (немесе) өндiрудiң шарттарын айқындайды.
4. Барлау мен өндiрудi жүзеге асыруға арналған жылдық жұмыс бағдарламасы контракт айқындайтын тәртiп пен мерзiмде жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен мiндеттi түрде келiсiлуi тиiс. Егер контрактiде өзгеше белгiленбесе, жылдық жұмыс жоспары әрбiр күнтiзбелiк жылдың контракт жасалған айынан кейiнгi айының 30-нан кешiктiрiлмей бекiтiлуi тиiс. Жылдық жұмыс жоспарына барлау мен өндiру бағдарламалары кiредi, жүргiзiлетiн iс-шаралар мен жұмыстарды барлау мен өндiру процесiнде мердiгер жүзеге асыратын осындай жұмыстарды орындау мен қажеттi жабдықты сатып алуға байланысты шығыстарды егжей-тегжейлi айқындайды, сондай-ақ осы жұмыс бағдарламасы бекiтiлетiн күнтiзбелiк жылдағы өндiрудiң ең төмен және ең жоғары деңгейлерiн белгiлейдi.
5. Жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган құзыреттi органға жылдық жұмыс бағдарламаларын келiсу хаттамаларының көшiрмелерiн осындай бағдарламалар бекiтiлген күннен бастап екi апта мерзiмде бередi.
6. Құзыреттi орган мердiгерден өзiнiң бастамашылығы бойынша не жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органның қорытындысының негiзiнде, жылдық бағдарламасының жобасы кен орындарын игерудiң оң практикасына сәйкес келмейдi не жер қойнауын пайдалану принциптерiн бұзуға әкеп соғады не адамдардың өмiрi мен денсаулығы не орта үшiн қолайсыз зардаптардың тәуекелiн негiзсiз өсiруге байланысты деген талаппен жылдық жұмыс бағдарламасының жобасын өзгертудi талап етуге құқылы. Егер мердiгер құзыреттi органның талаптарымен келiспесе, ал құзыреттi орган өзiнiң талаптарын қайтарып алуға келiспесе, мердiгер дауды осы Заңның 58-бабына сәйкес шешудi талап етуге құқылы.
7. Жылдық жұмыс бағдарламасына мердiгер ұсынған кез келген өзгерiс жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен мiндеттi түрде келiсiлуi тиiс.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен жаңа 30-2-баппен толықтырылды
30-2-бап. Мұнай операцияларын жүргiзу процесiнде авариялар мен өзге де қауiптi жағдайларды болдырмау жөнiндегi iс-шаралар
1. Мұнай операцияларын осы Заңға сәйкес жүзеге асыратын мердiгер мұнай операцияларын жүргiзу процесiнде кен орындарын игерудiң оң практикасын және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарын басшылыққа ала отырып адамдардың өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға, сондай-ақ меншiктi жоюға қатер тудыратын авариялар мен өзге де қауiптi жағдайларды болдырмау жөнiнде барлық қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.
2. Мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердiгер мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде авариялар мен өзге де қауiптi жағдайларды болдырмау жөнiндегi iс-шаралар бағдарламасын әзiрлеуге және оны жылдық жұмыс бағдарламасымен бiрге барлау жүргiзу мен өндiру кезiнде не жыл сайын, мұнайгаз құбырларының құрылысын Салу және оны пайдалану кезiнде, сондай-ақ мұнайдың жер асты сақтау қоймалары мен резервуарларын Салуда және оны пайдалану кезiнде жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органда бекiтуге мiндеттi.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен жаңа 30-3-баппен толықтырылды; 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен 30-3-бап өзгертілді (бұр.ред. қара)
30-3-бап. Кен орнын бағалау
1. Егер барлау жүргiзушi мердiгер кен орнын ашқан жағдайда осы мердiгер бұл туралы құзыреттi органға және жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға хабарлауға, кен орнын бағалау жүргiзуге және контрактіде белгiленген тәртiп пен шарттарда оның коммерциялық немесе коммерциялық емес мәнi туралы қорытынды әзiрлеуге мiндеттi.
2. Егер контрактiде өзгеше белгiленбесе, мердiгер құзыреттi орган мен жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға кен орнының ашылуы туралы осындай ашылу кезiнен бастап он күннiң iшiнде хабарлауға және кен орнын алдын ала бағалау жүргiзуге кiрiсуге мiндеттi.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен 30-4-баппен толықтырылды; 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен 30-4-бап өзгертілді (бұр.ред. қара)
30-4-бап. Табиғи газды барлау және өндiру
1. Табиғи газды коммерциялық табу жағдайында мердiгер кен орнына өндiрудiң басталуы қандай деңгейдi талап етсе, сондай шамада, контрактiде өзгеше белгiленбеген жағдайда барлауды жүзеге асыруға мiндеттi.
2. Табылған кен орнынан табиғи газды беру бойынша мәмiле жасалғанға дейiн құзыреттi органның табиғи газды өндiрудi талап етуге құқығы жоқ, ал мердiгер бастауға мiндеттi емес. Бұл ретте контрактiнiң қолданылу мерзiмi табиғи газ табылған кен орнынан, егер контрактiде өзгеше көзделмесе, табиғи газды беру бойынша тиiстi мәмiлелер жасау кезiне дейiн үзiледi.
3. Егер мердiгер табиғи газды беру бойынша бiр жыл iшiнде мәмiлелер жасамаған болса, құзыреттi орган үшiншi тұлғаның мердiгермен мәмiле жасауға келiсуi жағдайында мердiгерден ақылға сыйымды жағдайда үшiншi тұлғамен, оның iшiнде берiлетiн газды кейiн қайта сату мақсатында отандық не шетелдiк тұтынушыларға газды беру жөнiнде шарт жасауын талап етуге құқылы.
Егер мердiгер және құзыреттi орган белгiлеген мұндай үшiншi тұлға осы мәселе бойынша келiсiмге келе алмайтын болса, олар бұл дауды сот тәртiбiмен шешудi талап етуге құқылы.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен 30-5-баппен толықтырылды; 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен 30-5-бап жаңа редакцияда (бұр.ред. қара)
30-5-бап. Iлеспе және (немесе) табиғи газды кәдеге жарату, жағу
1. Iлеспе және (немесе) табиғи газды кәдеге жаратпайынша, мұнай-газ кен орындарын өнеркәсiптiк әзiрлеуге тыйым салынады.
2. Авариялық жағдайды және халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға төнетiн қауiптi қоспағанда, iлеспе және (немесе) табиғи газды алау етiп жағуға тыйым салынады.
3. Ұңғымаларды сынау кезiнде iлеспе және (немесе) табиғи газды және кен орындарын сынамалы пайдалану кезiнде iлеспе газды үш жылдан аспайтындай жалпы мерзiммен жағуға жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органның рұқсатымен және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның келiсiмi бойынша ерекше жағдайларда жол берiледi.
4. Iлеспе және (немесе) табиғи газ жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкілетті органның рұқсатынсыз жағылған жағдайда, осы баптың 3-тармағына сәйкес мердiгер жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органға мұндай жағу туралы он күн iшiнде жазбаша хабарлауға мiндеттi. Мұндай хабарлама iлеспе және (немесе) табиғи газды жағудың себептерi мен жағылған газдың көлемi жөнiндегi мәлiметтердi қамтуға тиiс.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен жаңа 30-6-баппен толықтырылды
30-6-бап. Мердiгердiң барлау жүргiзу мен өндiру нәтижесiнде орын алған шығыстарын өтеу
1. Мердiгердiң барлау мен өндiру процесiнде шеккен шығындары контрактiде көзделген тәртiп пен жағдайларда өтелуге тиiс.
2. Егер контрактпен өзгеше белгiленбесе, мердiгердiң барлау процесiнде шеккен шығындарын өтеу өндiру басталғаннан кейiн ғана мердiгерге меншiгiне шығындарды өтеу үшiн өндiрiлетiн мұнайдың үлесiн беру есебiнен жүргiзiледi.
3. Егер контрактiде өзгеше белгiленбесе, мердiгер өндiрiлген мұнайдың 50 процентi құнынан аспайтын көлемде өзiнiң шығыстарын күнтiзбелiк жылда өтеудi талап етуге құқығы жоқ. Бұл ретте шығындарды өтеуге бөлiнетiн мұнайдың құны салық заңдарымен белгiленген амортизациялық аударымдардың ставкасынан аспайды. Күнтiзбелiк жылда өтелмеген шығындар өтеу үшiн келесi күнтiзбелiк жылға ауыстырылады.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен жаңа 30-7-баппен толықтырылды
30-7-бап. Мердiгердiң жабдық пен өзге мүлiкке меншiгi
1. Барлау жүргiзу мен өндiру үшiн мердiгер пайдаланған жабдық пен өзге мүлiкке, ақшаны, бағалы қағаздар мен басқа да өндiрiстiк емес мүлiктi қоспағанда меншiк құқығының көшу, сондай-ақ мұндай көшудiң өтем мәселелерi контрактiде белгiленедi.
2. Жабдық пен мүлiкке меншiк құқығының Қазақстан Республикасына көшуiне қарамастан, контракт аумағынан мұндай жабдық пен мүлiктi жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органның немесе құзыреттi органның талап етуi бойынша контрактiнiң қолданылу мерзiмi iшiнде сондай-ақ мұндай жабдықтың немесе мүлiктiң басқа жер қойнауын пайдаланушыға берiлген жағдайларын қоспағанда, құзыреттi органның нұсқауына сәйкес, не контрактiде өзгеше белгiленген кезде, контрактiнiң қолданылу мерзiмi өткен кезден бастап бiр жылдың iшiнде мұндай мүлiк пен жабдықты контракт аумағында өзiнiң есебiнен бөлшектеу не әкету мiндеттiлiгi мердiгерде сақталады.
3. Мұндай жабдық пен мүлiктiң тиесiлiлiгiне қарамастан контракт аумағынан жабдық пен өзге мүлiктi бөлшектеу мен әкетудi мердiгер адамдардың өмiрi, денсаулығы және қоршаған орта үшiн қауiпсiз тәсiлмен Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына және құзыреттi органның нұсқауларына сәйкес жүзеге асыруға тиіс.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен жаңа 30-8-баппен толықтырылды
30-8-бап. Шекара маңындағы кен орындарында барлау мен өндiрудiң ерекшелiгi
1. Егер жүргiзiлетiн барлаудың немесе өндiрудiң нәтижесiнде мердiгер кен орны шекара маңындағы кен орны болып табылатындығын анықтаған жағдайда мұндай мердiгер бұл туралы құзыреттi органға дереу хабарлауға мiндеттi.
2. Аумағында не құқықтық құзыретiнде осы шекара маңындағы кен орнының бiр бөлiгi бар мемлекетпен Қазақстан Республикасының тиiстi халықаралық келiсiмдерi болмаған жағдайда, құзыреттi орган шекара маңындағы кен орнында мұндай мемлекетпен тиiстi келiсiмге қол жеткiзгенге дейiн барлау мен өндiрудi тоқтата тұруды талап етуге құқылы. Бұл ретте контракт құзыреттi орган жүргiзiлген барлау мен өндiрудi қайта бастауға рұқсат бергенге дейiн өзiнiң қолданылуын үзген болып есептеледi.
3. Осы Заңның және Қазақстан Республикасының жер қойнауы туралы заңдарының нормалары шекара маңындағы кен орнында барлау мен өндiру жөнiндегi қатынастарға Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шартқа қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен жаңа 30-9-баппен толықтырылды; 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен 30-9-бап өзгертілді (бұр.ред. қара)
30-9-бап. Сақтық аймағының шектерiнде мұнай операцияларын жүргiзу
1. Сақтық аймағының шектерiнде мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердiгер осы мұнай операцияларын теңiз суының деңгейi көтерiлген жағдайда теңiздiң ластануын болдырмайтындай не барынша төмендететiндей етiп жүргiзуге мiндеттi.
2. Сақтық аймағының шектерiнде мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердiгер мұнай операцияларын жүргiзудің және теңiз суының деңгейi көтерiлуiнің нәтижесiнде теңiз ластанған жағдайда қоршаған ортаға не басқа жеке немесе заңды тұлғаларға келтiрiлген залал үшiн жауапкершiлiкте болады.
3. Сақтық аймағының шектерiнде мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердiгер теңiздiң ластануын болдырмау жөнiнде арнаулы бағдарламаларды әзiрлеуге және мұндай бағдарламаларды осы Заңның 30-2-бабында белгiленген тәртiппен бекiтуге мiндеттi.
Мұндай бағдарламалар теңiз аясын қорғаудың тиiстi дәрежесiмен барлау және өндiру объектiлерiн жедел консервациялау бағдарламасын, су басқан аймақтан сақталған мұнайды, материалдарды, бұрғылау ерiтiндiлерiн және қоршаған ортаға, теңiз бен өзге шаруашылық қызметiн дұрыс пайдалануға зиян келтiруге қабiлеттi өзге де заттарды әкетудi, сондай-ақ теңiз ластанған жағдайда суды бөгеу мен тазалау жөнiндегi бағдарламаларды қамтуы тиiс.
4. Теңiз ластанған жағдайда осы бапқа сәйкес мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердiгер қолданған ластанудың алдын алу жөнiндегi шараларына қарамастан, мұндай мердiгер өзiнiң қолы жететiн барлық құралдармен теңiздiң ластануының зардаптарын жою не қауiптiлiгiн төмендету үшiн барлық мүмкiн шараларды қолдануға мiндеттi.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен 31-бап жаңа редакцияда; 01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен 31-бап өзгертілді (бұр.ред. қара)
31-бап. Кен орнында бiрыңғай объект ретiнде барлау және өндiру
1. Егер барлауды, өндiрудi немесе бiрлесiп барлау мен өндiрудi жүзеге асыратын мердiгер контракт аумағындағы кен орнының, сондай-ақ контракт аумағының шегiнен тысқары аумаққа iргелес орналасқандығын анықтаса, бұл мердiгер құзыреттi органға одан әрi барлау жүргiзу және өндiру үшiн табылған кен орнының мүмкiн болатын шекараларының шектерiнде контракт аумағын кеңейту мақсатында дереу өтiнiш жасауға мiндеттi.
2. Келiсiм-шарттық аумақты өзгерту келiсiм-шартқа, оның iшiнде геологиялық және (немесе) тау-кендiк бөлуге, тиiстi өзгерiстер енгiзу арқылы жүзеге асырылады.
3. Егер осы баптың 1-тармағында белгiленген кен орнының қандай да болсын бөлiгi басқа мердiгердiң контракт аумағының шегiнде болған жағдайда, осы мердiгерлер өздерiнiң таңдауы бойынша:
1) осы кен орнында барлау жүргiзу және (немесе) өндiру құқығына ие тек бiр ғана мердiгер немесе бiр контрактiнiң негiзiнде iшiнара құқыққа ие бiрнеше мердiгер қалатындай етiп жер қойнауын пайдалану құқығын беру кезiнде белгiленген беру рәсiмдерiн сақтай отырып барлау жүргiзу және (немесе) өндiруге арналған өздерiнiң құқықтарын беруге;
2) кен орнына, бiрыңғай тұтас нәрсе ретiнде, бiрлесiп барлау жүргiзу мен өндiру туралы шарт жасасуға, мұндай шарт туралы құзыреттi органмен алдын ала келiсуге мiндеттi.
4. Мердiгерлер осы баптың 3-тармағын сақтамаған жағдайда, құзыреттi орган бiрыңғай объект ретiнде, кен орнында бiрлесiп барлау мен өндiру туралы мердiгерлердi шарт жасасуға сот тәртiбiмен мәжбүр етуге құқылы. Бiрлесiп барлау мен өндiру не өндiру туралы шартты жасау кезiнде бүкiл кен орны үшiн жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен мiндеттi түрде келiсуге жататын жұмыстардың бiрыңғай жұмыс және жылдық бағдарламаларын әзiрлейдi.
5. Бiрлесiп барлау мен өндiрудi жүзеге асыратын мердiгерлер өздерiне контрактпен, сондай-ақ жұмыс және жылдық жұмыс бағдарламаларымен жүктелген мiндеттердi орындау бойынша ортақ жауапкершiлiкте болады.
32. ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен алып тасталды
33. ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен алып тасталды
34. ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен алып тасталды
35-бап. Қазақстан Республикасының мұнай сатып алуға құқығы
1. Шетелдiк жер қойнауын пайдаланушының немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес жер қойнауын пайдаланушысының үлесiнен әлемдiк нарықтық баға бойынша мұнай сатып алуға Қазақстан Республикасының бiрiншi кезекте құқығы бар. Сатып алынатын мұнайдың шектi көлемi, баға белгiлеу тәртiбi мен төлем түрi контрактiде көрсетiледi.
2. Мемлекеттiк жер қойнауын пайдаланушыдан мұнай сатып алудың шарттарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
36-бап. Мұнайды уақытша алып қою және оның өтемi
1. Соғыс, табиғи зiлзала жағдайында немесе төтенше жағдайлар туралы заңдарда көзделген өзге де реттерде Қазақстан Республикасының Үкiметi жер қойнауын пайдаланушыға тиесiлi мұнайдың бiр бөлiгiн немесе бәрiн меншiк құқығымен немесе шаруашылық жүргiзу құқығымен уақытша алып қою құқығына ие болады. Уақытша алып қою сондай төтенше жағдайлар кезiнде Қазақстан Республикасының мұқтажын қамтамасыз ету үшiн қажеттi мөлшерде жүзеге асырылады. Бұл ретте уақытша алып қою олардың меншiк нысаны мен қай мемлекетке жататындығына қарамастан барлық жер қойнауын пайдаланушылардан нақты өндiрiлген мұнай деңгейiне қарай бiрдей тепе-теңдiкте жүргiзiледi.
2. Қазақстан Республикасы уақытша алынған мұнай үшiн шетелдiк жер қойнауын пайдаланушыға еркiн айналыстағы валютамен, ал ұлттық жер қойнауын пайдаланушыға ұлттық валютамен уақытша алып қойған күнi қолданылған әлемдiк нарықтық баға бойынша заттай немесе оның құнын төлеу арқылы өтеуге кепiлдiк бередi.
ҚР 11.08.99 ж. N 467-1 Заңымен жаңа 6-1-тараумен толықтырылды
6-1-тарау. Теңiзде және iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын
жүргiзу
01.12.04 ж. N 2-III ҚР Заңымен 36-1-бап өзгертілді (бұр.ред. қара)
36-1-бап. Теңiзде және iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзудiң жалпы шарттары
1. Теңiзде мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердiгер осы операцияларды әдетте теңiздiң нақты учаскесiнде жүзеге асырылатын теңiз кеме қатынасына, балық аулауға және өзге де заңды қызметке кедергi және зиян келтiрмейтiндей етiп жүзеге асыруға тиiс. Бұл ретте теңiздi осындай заңды түрде пайдалануды жүзеге асыратын мердiгерлер өз кезегiнде теңiз қорғаныш аймағының немесе қауiпсiздiк аймағының режимiн сақтауға тиiс.
2. Теңiзде мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердiгерлер теңiзде қоршаған ортаны қорғаудың ең Таңдаулы практикасын басшылыққа алуға мiндеттi.
3. Теңiзде мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердiгер теңiзде жүргiзiлген мұнай операцияларының нәтижесiнде пайда болған теңiздiң ластануы жағдайында қоршаған ортаға және жеке немесе заңды тұлғаларға келтірілген зиян мен залал үшiн, мұндай тұлғаның кiнәсінің болу-болмауына қарамастан, жауапкершiлiкте болады.
4. Теңiзде мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердiгер теңiздiң ластануын болдырмау жөнiндегi арнаулы бағдарламаларды әзiрлеуге және мұндай бағдарламаларды осы Заңның 30-2-бабында белгiленген тәртiппен бекiтуге мiндеттi. Мұндай бағдарламаларда жүргiзілетiн мұнай операцияларына iшкi бақылау, қызметкерлердi оқыту, скважиналарды бақылауға алу жөнiндегi iс-шаралар, авариялық және өзге де қауiптi жағдайлар пайда болған және теңiз ластанған жағдайда қажеттi жабдықтармен және материалдармен қамтамасыз етудi не сондай-ақ теңiзде аварияларды және олардың зардаптарын жоюға маманданған өзге де ұйымдарды тартуды қамтуға тиiс.