1. Егер экспедиция шартынан экспедитордың өз мiндеттерiн жеке өзiнiң атқаруы мiндетi туындамаса, экспедитор өз мiндеттерiн орындауға басқа тұлғаларды тартуға құқылы.
2. Мiндеттеменiң орындалуын үшiншi тұлғаға жүктеу экспедиторды шарттың орындалуы үшiн клиенттiң алдындағы жауаптылықтан босатпайды.
712-бап. Ұстап қалу құқығы
Экспедитор жүктi тек оның экспедициялық қызмет көрсетулерi үшiн алуы тиiс сыйақының төленбеуiне байланысты ғана ұстап қалуға құқылы.
713-бап. Көлiк экспедициясы шарты бойынша экспедитордың жауапкершiлiгi
1. Экспедиция шарты жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн экспедитор осы Кодекстiң 20-тарауындағы ережелерге сәйкес белгiленген негiздер мен мөлшер бойынша жауапты болады.
2. Егер экспедитор мiндеттi бұзу тасымалдау шарттарының тиiстi дәрежеде орындалмауынан пайда болғанын дәлелдесе, экспедитордың жүк жөнелтушi (алушы) алдындағы жауаптылығы да экспедитордың алдында тиiстi тасымалдаушы жауап беретiн ережелермен белгiленедi.
714-бап. Көлiк экспедициясы шартын орындаудан бiржақты бас тарту
1. Жүк жөнелтушi (алушы) немесе экспедитор, бұл туралы басқа тарапқа қисынды мерзiмде ескерте отырып, көлiк экспедициясы шартын орындаудан бас тартуға құқылы.
2. Шартты орындаудан бiржақты бас тарту кезiнде бас тартуды мәлiмдеген тарап екiншi тарапқа шарттың бұзылуынан келтiрiлген залалды өтейдi.
36-тарау. Заем
715-бап. Заем шарты
1. Заем шарты бойынша бiр тарап (заем берушi) басқа тараптың (заемшының) меншiгiне (шаруашылық жүргiзуiне, оралымды басқаруына) ақша немесе тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды бередi, ал осы Кодексте немесе шартта көзделген жағдайларда оларды беруге мiндеттенедi, ал заемшы заем берушіге дәл осындай ақша сомасын немесе осы тектегi және сападағы заттардың тең мөлшерiн уақытында қайтаруға мiндеттенедi.
2. Орындалуы ақша немесе тектiк белгiсiмен айқындалған заттарды беруге байланысты шарттарда заем, егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе және тиiстi мiндеттемелердiң мәнiне қайшы келмейтiн болса, аванс, алдын ала ақы төлеу, тауарларға (жұмысқа және қызмет көрсетулерге) мерзiмiн ұзартып және бөлiп-бөлiп төлеу түрiнде беру көзделуi мүмкiн.
3. Заңды тұлғалар мен азаматтарға кәсiпкерлiк қызмет ретiнде азаматтардан заем түрінде ақша тартуға тыйым салынады және мұндай шарттар олар жасалған кезден бастап жарамсыз деп танылады.
Бұл тыйым салу заемшылар депозиттер қабылдауға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы бар банктер болған жағдайларда, сондай-ақ шығарылуы заңдарда белгiленген тәртiппен тіркелген бағалы қағаздарға ақшаны айырбасқа қабылдау жағдайларында қолданылмайды.
716-бап. Заем шартының нысаны
1. Заем шарты осы Кодекстiң 151-152-баптарының ережелерiне сәйкес нысанда жасалуға тиiс.
2. Заем шарты заемшының облигациясы, қолхаты немесе оған заем берушiнiң белгiлi бiр соманы немесе заттардың белгiлi бiр мөлшерiн бергендiгiн куәландыратын өзге де құжат болған жағдайда да тиiстi жазбаша нысанда жасалды деп танылады.
717-бап. Заем шартын жасасу
Заем шарты, егер осы Кодексте немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, ақша немесе заттар берiлген кезден бастап жасалды деп есептеледi.
Шартта ақшаны немесе заттарды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) беру көзделген жағдайларда, егер шартта өзгеше көзделмесе, олардың бiрiншi бөлiгi берiлген кезден бастап шарт жасалды деп есептеледi.
718-бап. Заем шарты бойынша сыйақы
1. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасын пайдаланғаны үшiн заемшы шартта белгiленген мөлшерде заем берушiге сыйақы төлейдi.
2. Егер заем шарты бойынша заемшыға заттар берiлсе, сыйақы төлеу олардың көлемі мен нысаны (ақшалай немесе заттай) шартта көзделген жағдайда жүргiзiледi.
3. Сыйақы төлеудiң тәртiбi мен мерзiмi заем шартында белгiленедi.
Егер сыйақы төлеу тәртiбi мен мерзiмi шартта белгiленбесе, ол ай сайын төленедi.
4. Егер заемшы заем нысанасын мерзiмiнде қайтармаса, сыйақы заем нысанасын пайдаланған бүкiл кезеңге төленедi.
719-бап. Заем нысанасын беру
1. Заем нысанасын шартта көзделген мерзiмде, мөлшерде және жағдайда берiледi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заемшыға берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша қаражаты есептелген кезден бастап берiлген деп есептеледi.
2. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заемшы заем берудiң шартта белгiленген мерзiмiне дейін заем берушiнi бұл туралы хабардар ете отырып, заем алудан толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.
3. Тектiк белгiлерiмен айқындалатын заттарды заемға берген кезде олардың саны, түр-түрi, жинақтылығы, сапасы, ыдысы және (немесе) буып-түйiлуi туралы шарттарды орындау, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарларды сатып алу-сату шарттары туралы (осы Кодекстiң 406-492-баптары) ережелерге сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
720-бап. Нысаналы заем
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасыз болады және заемшы алынған заем нысанасын өз қалауы бойынша пайдаланады.
2. Шарт заемшының заем нысанасын белгiлi бiр мақсатқа пайдалануы шартымен (нысаналы заем) жасалған жағдайда, заем берушiнiң заемның нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар, ал заемшы заем берушiнiң осындай бақылауды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Заемшы заем нысанасын нысаналы пайдалану жөнiндегi мiндеттердi, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көзделген мiндеттердi орындамаған жағдайда заем берушi заем нысанасының берiлмеген бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
721-бап. Заемшының мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету
1. Заем нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi орындау осы Кодексте көзделген әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда заемшы, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заем берушiге заемның қамтамасыз етiлуiн бақылауға мүмкiндiк беруге мiндеттi.
2. Заемшы нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөніндегі қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi орындамаған кезде, сондай-ақ заем берушi жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша қамтамасыз етудi жоғалтқан немесе оның шарттарын нашарлатқан жағдайда заем берушi заем нысанасының тиiсiнше ұсынылмаған бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
722-бап. Заем нысанасын қайтару
1. Заемшы шартта көзделген тәртiппен және мерзiмде заем нысанасын қайтаруға мiндеттi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заем берушiге берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша есептелген кезде қайтарылды деп есептеледi.
Егер заем нысанасын қайтару мерзiмi шартта белгiленбесе, оны заемшы ол туралы заем берушi талап еткен күннен бастап отыз күн iшiнде қайтаруы тиiс.
Сыйақы төлеу туралы шартсыз берiлген заем нысанасы мерзiмiнен бұрын қайтарылуы мүмкiн. Сыйақы төлеу шартымен берiлген заем нысанасы заем берушінің келісімімен не, егер ол шартта көзделсе, мерзімінен бұрын қайтарылуы мүмкін.
Егер шартта өзгеше белгiленбесе, заем бойынша сыйақы кез келген уақытта мерзiмiнен бұрын төленуi мүмкiн.
2. Заем берушiнiң келiсiмiмен заемшының мiндеттемелерi: ақша заемы шарты бойынша - борыш есебiне тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды қабылдаумен; заттар заемы шарты бойынша - борыштың есебiне ақша қабылдаумен орындалуы мүмкiн. Аталған заттардың құны тараптардың келiсiмiмен айқындалады.
3. Егер шартта заемды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) қайтару көзделсе, заемшы заем нысанасының кезектi бөлiгiн қайтару үшiн белгiленген мерзiмдi бұзған жағдайда заем берушi заем нысанасының қалған барлық бөлiгiнiң тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
4. Егер шартта заем бойынша сыйақыны заем нысанасының өзiн қайтару мерзiмдерiнен бұрын төлеу көзделсе, сыйақыны төлеу үшiн белгiленген мерзiм бұзылған жағдайда заем берушi заемшыдан заем нысанасын тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
723-бап. Заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талапты қанағаттандыру мерзімі
Заем берушi 720-баптың З-тармағында, 721-баптың 2-тармағында, 722-баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талаптар қойған кезде заем нысанасын қайтарудың және ол бойынша сыйақыны төлеудiң жаңа мерзiмi осы Кодекстiң 722-бабының 1-тармағында белгiленген ереже бойынша есептеледi.
724-бап. Заем шартын даулау
1. Заемшы заем берушiден өзiнiң заем нысанасын (ақшаны немесе заттарды) iс жүзiнде алмағандығын немесе шартта көрсетiлгеннен аз мөлшерде немесе аз санда алынғанын дәлелдей отырып, заем шартын даулауға құқылы.
2. Заем шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс жағдайларда (осы Кодекстiң 716-бабы), шарт алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың, тараптар өкiлдерiнiң қаскүнемдiк келiсiмiнiң немесе ауыр мән-жайлар тоғысуының ықпалымен жасалған жағдайларды қоспағанда (осы Кодекстiң 159-бабының 9 және 10-тармақтары), оны куәгерлiк көрсетулер арқылы даулауға жол берiлмейдi.
725-бап. Заем шартында мiндеттеменi жаңалау
1. Сатып алу-сату, мүлiктi жалға алу немесе өзге негiздегi мәмiлелерден пайда болған кез келген мiндеттеме тараптардың келiсiмi бойынша заем шартымен ресiмделуi мүмкiн.
2. Мiндеттеменi заем шартына ресiмдеу жаңалау туралы талаптарды (осы Кодекстiң 372-бабы) сақтай отырып жүзеге асырылады және заем шарты үшiн көзделген (осы Кодекстiң 716-бабы) нысанда жасалады.
726-бап. Мемлекеттiк заем шарты
1. Мемлекеттiк заем шарты бойынша заемшы - мемлекет, ал заем беруші - азамат немесе заңды тұлға болады.
2. Мемлекеттiк заемдар ерiктi болып табылады.
3. Мемлекеттiк заем шарты заем игерушiнiң шығарылған мемлекеттiк облигацияларды, сондай-ақ заем берушiнiң заемшыдан одан қарызға берілген ақшаны немесе заем талаптарына байланысты өзге де мүліктік баламаны, белгiленген сыйақыны немесе өзге де мүлiктiк құқықтарды осы заемды айналымға шығару шарттарында көзделген мерзiмде алу құқығын куәландыратын басқа да мемлекеттiк бағалы қағаздарды (құжаттық немесе құжаттық емес) алу жолымен жасалады.
4. Мемлекеттiк заем шартынан туындайтын өз мiндеттемелерi бойынша, заемшы тиiстi қазынаның мүлкiмен жауап бередi.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк заем қатынастарына қатысу ерекшелiктерi заң актiлерiмен белгiленуi мүмкiн.
727-бап. Банк заемы шарты
1. Банк заемы шарты бойынша заем берушi заемшыға қарызға ақша беруге мiндеттенедi.
2. Банк заемы шартына осы Кодекстiң 728-бабында көзделген ерекшелiктерiмен қоса заем шартына қатысты ережелер қолданылады.
728-бап. Банк заемы шартының ерекшелiктерi
Банк заемы шартының мынадай ерекшелiктерi бар:
1) заем берушi ақша нысанында заем беруге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы бар банк немесе өзге де заңды тұлға болады;
2) шарттың нысанасы алдағы уақытта берiлуi мүмкiн ақша болып табылады. Соңғы жағдайда шарт, егер осы шартта өзгеше көзделмесе, оның жасалған кезiнен бастап (осы Кодекстiң 393-бабының 1-тармағы) күшiне ендi деп есептеледi;
3) шарт жазбаша түрде жасалуы тиiс. Жазбаша түрдi сақтамау банк заемы шартының жарамсыздығына әкеп соғады;
4) заемды мемлекеттiк банктер берген немесе ол мемлекеттiң ақша қорларының есебiнен берiлген жағдайда заем берудiң тәртiбi мен шарттары заң актiлерiмен, сондай-ақ уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың актiлерiмен реттелуi мүмкiн. Бұл жағдайда заем беру заем берушiнiң мiндетi болып табылады, ал оның жасасқан шарты аталған заң актiлерiнде және (немесе) уәкiлеттi органдардың актiлерiнде белгiленген ол үшiн мiндеттi ережелерге сәйкес болуға тиiс;
5) банктiк заем шартына, банк заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 722-бабы 2-тармағының ережелерi қолданылмайды.
37-тарау. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру
(факторинг)
729-бап. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру (факторинг) шарты
1. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты бойынша бiр тарап (қаржы агентi) ақшаны басқа тараптың (клиенттiң) билiгiне бередi немесе беруге мiндеттенедi, ал клиент қаржы агентiне клиенттiң (кредит берушiнiң) осы үшiншi тұлғамен (борышқормен) қатынастарынан туындайтын өзiнiң ақшалай талабын қаржы агентiне бередi немесе беруге мiндеттенедi.
Борышқорға ақшалай талабын клиент қаржы агентіне сонымен бірге клиенттің қаржы агенті алдындағы міндеттемелерін атқаруын қамтамасыз ету мақсатында да беруi мүмкiн.
2. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру шарты бойынша қаржы агентінің мiндеттемелерi клиент үшiн бухгалтерлiк есеп жүргiзудi және берудiң нысанасы болып табылатын ақшалай талаптарға (ақшалай талаптар бойынша шоттар ашу) қатысты құжаттар ұсынуды, сондай-ақ клиентке осы талаптарға байланысты өзге де қаржылық қызмет көрсетуді қамтуы мүмкiн.
3. Осы Кодекспен белгiленген (осы Кодекстiң 339-347-баптары) талаптарды беру туралы жалпы ережелер, егер осы тарауда өзгеше көзделмесе, ақшалай талапты берiп қаржыландыруға қолданылады.
730-бап. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру туралы шарттың нысаны
Ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты осы Кодекстiң 346-бабында белгіленген талаптарды сақтай отырып жазбаша түрде жасалуға тиiс.
731-бап. Қаржыландыруды алу мақсатындағы берiлген ақшалай талап
1. Төлем мерзiмi келген ақшалай талап (қойылып келген талап) та, болашақта туындайтын ақша алу (келешектегi талап) құқығы да қаржы беру нысанасы болуы мүмкiн.
Беру нысанасы болып табылатын ақша талабы клиенттiң қаржы агентiмен жасасқан шартында қолданылып келген ақшалай талапты шарт жасалған кезде, ал келешектегi талапты - ол туындаған кезден кешiктiрмей бiрыңғайландыруға мүмкiндiк беретiндей болып белгiленуге тиiс.
2. Қолданылып келген ақшалай талап шарт жасалған кезден бастап, егер онда өзгеше көзделмесе, қаржы агентiне ауысты деп есептеледi.
Келешектегi ақшалай талапты беру кезiнде шартта көзделген талапты берудiң нысанасы болып табылатын ақшаны борышкерден алу құқығының өзi пайда болғаннан кейiн қаржы агентiне ауысты деп есептеледi.
Егер ақшалай талапты беру белгiлi бiр оқиғамен байланысты болса, ол осы оқиға басталғаннан кейiн күшiне енедi. Мұндай жағдайда ақшалай талапты берудi қосымша ресiмдеу талап етiлмейдi.
732-бап. Клиенттiң қаржы агентiнiң алдындағы жауапкершiлiгi
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, беру нысанасы болып табылатын ақшалай талаптың жарамсыздығы үшiн қаржы агентiнiң алдында клиент жауапты болады.
2. Егер клиент ақшалай талапты беру құқығына ие болса және осы талапты беру кезiнде борышқордың ол талапты орындамауға құқығы болатын мән-жайлар оған белгiсiз болса, беру нысанасы болып табылатын ақшалай талап жарамды деп танылады.
3. Егер клиент пен қаржы агентiнiң арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, клиент қаржы агентi оны орындауды ұсынған жағдайда беру нысанасы болып табылатын талапты борышқордың орындамағаны немесе тиiстi түрде орындамағаны үшiн жауап бермейдi.
733-бап. Талапты беруге тыйым салудың жарамсыздығы
Қаржы агентiне ақшалай талапты беру, тiптi клиент пен оның борышқоры арасында оған тыйым салу немесе оны шектеу туралы келiсiм болғанда да жарамды болып табылады.
734-бап. Ақшалай талапты кейiн беру
Егер ақшалай талапты берiп қаржыландыру шартында өзгеше көзделмесе, қаржы агентiнiң ақшалай талапты кейiн беруiне жол берiлмейдi.
Шартта ақшалай талапты кейiн беруге жол берiлген жағдайларда оған тиiсiнше осы тараудың ережелерi қолданылады.
735-бап. Борышқордың қаржы агентiне ақшалай талапты орындауы
1. Борышқор қаржы агентiне ол клиенттен немесе қаржы агентiнен ақшалай талаптың аталған қаржы агентiне берiлгендiгi туралы жазбаша хабарлама алған жағдайда төлем жүргiзуге мiндеттi.
Хабарламада орындалуға жататын ақшалай талап нақты белгiленуге және төлем жүргiзiлуi тиiс қаржы агентi көрсетiлуi керек.
2. Борышқордың өтiнiшi бойынша қаржы агентi қисынды мерзiмде борышқорға ақшалай талаптың қаржы агентiне шындығында берiлгенiне дәлелдеме ұсынуға мiндеттi. Егер қаржы агентi бұл мiндеттi орындамаса, борышқор клиенттiң алдындағы өзінің міндеттемелерiн орындау үшiн оған аталған талап бойынша төлем жүргiзуге құқылы.
3. Борышқордың қаржы агентi алдында ақшалай талапты орындауы осы баптың ережелерiне сәйкес борышқорды клиенттiң алдындағы тиiстi мiндеттемелерiнен босатады.
736-бап. Қаржы агентiнiң борышқордан алынған сомаларға құқықтары
1. Егер ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты бойынша клиенттi қаржыландыру одан осы талапты қаржы агентiнiң сатып алуы жолымен жүзеге асырылса, соңғысы борышқордан талапты орындау үшiн алатын барлық сомаға құқықты иемденедi, ал клиент өзi алған сома қаржы агентi клиентке төлеген сомадан аз болғаны үшiн қаржы агентi алдында жауап бермейдi.
2. Егер қаржы агентiне ақшалай талапты беру клиенттiң агент алдындағы өзiнiң мiндеттемесiн орындауды қамтамасыз ету әдiсi ретiнде жүзеге асырылса және талапты берiп қаржыландыру шартында өзгеше көзделмесе, қаржы агентi клиентке есеп табыс етуге және оған талапты берiп қамтамасыз етілген клиент мiндеттемелерi сомасынан асатын соманы беруге мiндеттi. Егер қаржы агентi борышқордан алған ақша клиенттiң қаржы агентiне талапты берумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелерi сомасынан аз болып шықса, клиент мiндеттемелердiң қалған бөлiктерi бойынша жауапты болады.
737-бап. Борышқордың қарсы талаптары
Қаржы агентi борышқорға төлем жүргiзудi талап еткен жағдайда, борышқор осы Кодекстiң 370-бабына сәйкес талаптың қаржы агентiне берiлгенi туралы жазбаша хабарламаны өзi алған уақытта борышқорда болған, клиентпен арадағы шартқа негiзделген өзінің ақшалай талаптарын есепке алуға ұсынуға құқылы.
Егер клиент борышқор алдында мiндеттемелерi бар екенi туралы оған хабарламаса, қаржы агентi есепке алудан бас тартуға құқылы.
738-бап. Қаржы агентi алған сомаларды борышқорға қайтару
1. Клиент борышқормен жасалған шарт бойынша өзiнiң мiндеттемелерiн бұзған жағдайда, соңғысы агентке ауысқан талаптар бойынша өзi төлеген сомаларды, егер борышқордың осындай соманы тiкелей клиенттен алуға құқығы болса, қайтаруды қаржы агентiнен талап етуге құқығы жоқ.
2. Талапты берудiң нәтижесiнде қаржы агентiне төленген соманы тiкелей клиенттен алуға құқығы бар борышқордың қаржы агентiнен бұл сомаларды қайтаруды, егер соңғысының клиент алдындағы талаптың берiлуi бойынша оны қаржыландыруды жүзеге асырудағы мiндеттерiн орындамағаны не борышқордың алдындағы талаптың берiлуiне байланысты қаржыландыруға жататын мiндеттеменi клиенттiң орындамағанын бiле тұра қаржыландыруды жүргiзгенi дәлелденсе, дегенмен де талап етуге құқылы.
38-тарау. Банктік қызмет көрсету
1. Жалпы ережелер
739-бап. Банктiк қызмет көрсету шарты
1. Банктiк қызмет көрсету шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) тапсырмасы бойынша банктiк қызмет көрсетуге, ал клиент, егер шартта өзгеше көзделмесе, осы көрсетiлген қызметке ақы төлеуге мiндеттенедi.
2. Банктiк қызмет көрсету шарты:
1) банктiк шот шарты;
2) ақша аудару шарты;
3) банк салымы шарты;
4) заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген өзге де шарт түрлері болып бөлінеді.
3. Банк клиенттiң өз ақшасына кедергiсiз иелiк жасау құқығына кепiлдiк бере отырып, шотта бар ақшаны пайдалана алады.
ҚР 29.03.2000 N 42-II Заңына сәйкес 740-бап өзгерді
740-бап. Банктегі ақшаларға билік етуге шектеулер
1. Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегi ақшаларына тек соттар, тергеу орындары және анықтау органдары және атқарушылық iс жүргiзу органдары өздерiнiң iс жүргiзуiндегi қылмыстық және азаматтық iстер және атқарушылық іс жүргiзу iстерi бойынша қылмыстық iс жүргiзу және азаматтық iс жүргiзу заңдарында және атқарушылық іс жүргізу туралы заңдарда белгiленген тәртiппен және негiздерде тыйым сала алады.
2. Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегі ақшаларына тыйым салу мерзiмi тиiстi iстердi жүргiзу үшiн қылмыстық iс жүргiзу және азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген мерзiмдерден аспауға тиiс.
3. Тергеу органдары мен анықтау органдарының клиенттiң ақшасына тыйым салу туралы шешімдеріне заң актілерінде белгіленген тәртiппен сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
ҚР 29.03.2000 N 42-II; 24.12.2001 N 276-II; 13.03.03 ж. N 394-II Заңдарына сәйкес 741-бап өзгерді
741-бап. Клиенттің келісімінсіз ақшаны алып қою
Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегi ақшаларын олардың келiсiмiнсiз алып қою тек соттың заңды күшiне енген үкiмiнiң немесе шешiмiнiң, сот бұйрығының негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң актісінде көзделген жағдайларда ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
ҚР 29.03.00 ж. N 42-II; 13.03.03 ж. N 394-II Заңдарына сәйкес 742-бап өзгерді
742-бап. Клиенттiң ақшасын алу кезектiлiгi
1. Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған барлық талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болған жағдайда, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, ақшаны алу клиенттiң немесе өзге тұлғалардың өкiмдерi түсу ретiне қарай (күнтiзбелiк кезектiлiк) жүзеге асырылады.
2. Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған кезектi талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда банк сомасы аталған талапты қанағаттандыруға жеткiлiктi, клиенттің пайдасына түсетiн ақшаны жинақтайды. Клиентке бiрнеше талап қойылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, банк клиенттiң ақшасын мынадай кезектiлiк бойынша алуды жүргiзедi:
1) бiрiншi кезекте адам өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттердi өтеу жөнiндегi талаптарды қанағаттандыруды көздейтiн атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүзеге асырылады;
2) екiншi кезекте еңбек шарты бойынша, оның iшiнде келiсiм-шарт бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен демалыс жәрдемақылары мен еңбекақы төлеу бойынша, авторлық шарт жөнiндегi сыйақы төлеу бойынша есеп айырысу үшiн ақша алуды көздейтiн атқарушы құжаттар бойынша, клиенттің жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын аудару жөніндегі міндеттемелері бойынша ақша алу жүргiзiледi;
3) үшiншi кезекте клиенттiң бюджет алдындағы мiндеттемелерi бойынша ақша алу жүргiзiледі;
4) төртiншi кезекте басқа да ақшалай талаптарын қанағаттандыру көзделген атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүргiзiледi;
5) бесiншi кезекте клиентке қойылған басқа да талаптарды қанағаттандыру үшін күнтiзбелiк кезектiлiк тәртiбiмен ақша алу жүргiзiледi.
Бiр кезекке жататын талаптар бойынша банктен ақша алу атқарушы құжаттардың түскен уақыты бойынша кезектiлiкпен жүргiзiледi.
3. Клиент болып табылатын заңды тұлға тараған кезде кредит берушiлердiң талабын қанағаттандыру осы Кодекстiң 51-бабында көзделген кезектiлiкпен жүргiзiледi.
743-бап. Банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың банктiк қызмет көрсетуi
Банктiк қызмет көрсетудiң жекелеген түрлерiн банктiк қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар көрсетуге құқылы.
Мұндай ұйымдардың банктік қызметтің жекелеген түрлерін көрсетуi осы Кодекспен және банк қызметiн реттейтiн заң актілерiмен белгіленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
744-бап. Банктiк қызмет көрсетуге ақы төлеу
Клиент банктiк қызмет көрсету шарты бойынша өзiне банк көрсеткен қызметтерге шартта көзделген ережелер мен тәртiп бойынша ақы төлейдi.
745-бап. Банк құпиясы
Банк құпиясын жария етпеуге банк кепiлдiк бередi.
Банк құпиясын құрайтын мәлiметтер тiзбесi және оны беру негiздерi банк қызметiн реттейтiн заң актiлерiмен белгiленедi.
ҚР 29.03.2000 N 42-II Заңына сәйкес 746-бап жаңа редакцияда
746-бап. Клиенттерге банктiк қызмет көрсету шарттарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар клиенттерге банктiк қызмет көрсетуге байланысты бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының банк қызметiн реттейтiн заң актiлерiнде және банктiк қызмет көрсету шарттарында белгiленген шекте жауап бередi.
2. Банктiк шот
ҚР 29.11.1999 N 486-I Заңына сәйкес 747-бап өзгерді
747-бап. Банктiк шот шарты
1. Банктiк шот шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) пайдасына түсетiн ақшаны қабылдауға, клиенттiң клиентке немесе үшiншi тұлғаларға ақшаның тиiстi сомаларын аудару (беру) туралы өкiмдерiн орындауға және банктiк шот шартында көзделген басқа да қызметтердi көрсетуге мiндеттенедi.
Банктiк шот шарты бойынша клиентке немесе ол көрсеткен адамға клиенттiң банктегi ақшасына есеп жүргiзу мақсатында тараптар келiскен шарттар бойынша клиенттiң бiр ыңғайландырылған дербес коды берiледi. Клиенттiң бiр iзге түсiрiлген дербес кодын беру, жою, банктiң клиент ақшасына есеп жүргiзу тәртiбi банктiк заңдармен белгiленедi.
2. Заңды тұлғалар мен азаматтар қызмет көрсету банктерiн өз бетiнше таңдайды және олар банктiк шот шартын бiр банкпен де, бiрнеше банкпен де жасауға құқылы.
3. Егер заң актілерінде немесе тараптар келісімінде өзгеше белгіленбесе, банктік шот шарты мерзімсіз болып табылады.
748-бап. Банктік шот шартының нысаны
1. Банктiк шот шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2. Банктiк шот шартының жазбаша түрiн сақтау осы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
749-бап. Клиенттiң ақшасына билiк ету
1. Банк клиенттiң банктегi ақшасын алып қоюды егер заң актiлерiнде немесе банктiк шот шартында өзгеше көзделмесе, клиент өкiмiнiң негiзiнде жүзеге асырады.
Егер заңдарда немесе банктiк шот шартында өзгеше көзделмесе, банк клиенттiң ақшаны пайдалану бағытын белгiлеу мен бақылауға және оның өз қалауынша ақшаға билiк ету құқығына заңдарда көзделмеген шек қоюға құқығы жоқ.
2. Егер ақшаны азамат салған болса, банктегi ақшаға билiк ету құқығын не азаматтың өзi, не ол осы құқықты сенiп берген адам пайдаланады.