4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жүк берушi кез келген уақытта сейфтен құндылықтарды алуға, оларды қайта қоюға, сақтаулы жатқан құжаттармен жұмыс iстеуге құқылы. Банктiң бұл орайда жүк берушiнiң құндылықтарды алғандығын және қайтарғандығын есепке алуға құқығы бар.
5. Жүк берушi сейфтегi құндылықтардың бiр бөлiгiн, оның ішінде уақытша алған жағдайда банк құндылықтардың қалған бөлігінің сақталуына жауапты болады.
6. Осы бапта белгiленген құндылықтарды банк сейфiнде сақтау ережелерi банк өз сейфін (сейфтің ұясын, сақтауға арналған бөлек үй-жайды) мүліктік жалдау талабымен басқа тұлғаға пайдалануға берген жағдайда қолданылмайды.
787-бап. Көлiк ұйымдарының сақтау камераларында сақтау
1. Көлiк ұйымдарының қарамағындағы сақтау камералары жол жүру құжаттарының болуына қарамастан жолаушылардың және өзге де азаматтардың заттарын сақтауға қабылдауға мiндеттi. Көлiк ұйымдарының сақтау камераларында сақтау шарты жария шарт деп танылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
2. Заттардың сақтау камерасына (автоматты камерадан басқа) қабылдануын растап жүк берушiге түбiртек немесе нөмiрлi жетон берiледi. Түбiртек немесе жетон жоғалған жағдайда сақтау камерасына өткiзiлген заттар жүк берушiге бұл заттардың оған тиесiлi екендiгiне дәлелдер көрсетуi бойынша берiледi.
3. Сақтау камерасына өткiзiлген заттардың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен жүк берушi шеккен залалдардың сомасы, егер заттарды сақтауға өткiзу кезiнде оған бағалау жүргiзiлген болса не егер тараптар өтелуге тиiстi залалдардың сомасына қатысты келiсiмге келген болса, жүк берушiге тәулiктiк мерзiмде төленедi.
4. Заттар сақтау камерасына арнайы ережелерде немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген шектердегi мерзiмге өткiзiледi. Көрсетiлген мерзiмде талап етiлмеген заттарды сақтау камерасы тағы да үш ай бойына сақтауға мiндеттi. Бұл мерзiм өткен соң талап етiлмеген заттар сатылуы, ал сатудан түскен сомалар осы Кодекстiң 181-бабына сәйкес бөлiнуi мүмкiн.
788-бап. Ұйымдардың киiмiлгiштерiнде сақтау
1. Егер затты сақтауға өткiзу кезiнде сақтағаны үшiн сыйақы беру айтылмаған болса, ұйымдардың киiмiлгiштерiнде сақтау тегiн болады деп ұйғарылады.
2. Сақтаушы заттың киiмiлгiште сақтауға қабылданғанын растап, жүк берушiге заттың сақтауға қабылданғандығын растайтын нөмiрлi жетон немесе басқа да таңба бередi.
3. Киiмiлгiшке өткiзiлген зат жетонды көрсеткен адамға берiледi. Бұл ретте сақтаушы жетонды көрсетушiнiң затты алуға өкiлеттiгiн тексеруге мiндеттi емес. Алайда сақтаушы жетонның оны көрсеткен адамға тиесiлi екендiгiне күмән келтiрсе, затты жетон көрсетушiге қайтаруды тоқтата тұруға құқылы.
4. Сақтаушы жүк берушi жетонды жоғалтып алғанда да киiмiлгiштен затты беруге құқылы, бiрақ оның киiмiлгiшке зат өткiзгендiгi фактiсi немесе оның жүк берушiнiкi екендiгi күмән тудырмауы немесе жүк өткiзушi оны дәлелдеуi керек.
789-бап. Қонақүйде сақтау
1. Қонақүй сақтаушы ретiнде, онда тұратын адамның қонақүйге енгізген ақшасын, өзге де валюталық құндылықтары мен бағалы қағаздарын қоспағанда, жоғалу мен бүлiну дүлей күштiң, заттың өз ерекшелiктерi салдарынан не тұратын адамның өзiнiң, оның қасында жүргендердiң немесе оған келушiлердiң кiнәсiнен болған жағдайлардан басқа кезде, бұл туралы ерекше келiсiм жасамай-ақ, заттың жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап береді.
2. Қонақүй ақшаның, өзге де валюталық құндылықтар мен бағалы қағаздардың жоғалғаны үшiн олар сақтауға қабылданған жағдайда ғана жауап бередi.
3. Қонақүйде тұратын адам өз затының жоғалғанын немесе бүлiнгенiн байқаған бойда бұл туралы дереу қонақүй әкiмшiлiгiне мәлiмдеуге мiндеттi. Бұлай жасамаған жағдайда қонақүй заттың сақталмағаны үшiн жауапкершiлiктен босатылады.
4. Қонақүй мұндай жауапкершiлiктi өзiне алмайтындығы туралы хабарлама бергенмен, онда тұратындардың заттарын сақтау жөнiндегi жауапкершiлiктен босатылмайды.
5. Осы баптың ережелерi мейманханаларға, демалыс үйлерiне, санаторийлерге, жатақханаларға және осы сияқты ұйымдарға, сондай-ақ ұйымға келушi азаматтардың сыртқы киiмдерiн, бас киімдерiн және өзге де заттарын сақтау үшiн арнайы орын бөлінген ұйымдарға қатыста да қолданылады.
790-бап. Даулы заттарды сақтау (секвестр)
1. Секвестр туралы шарт бойынша затқа деген құқық жөнiнде араларында дау туған екi немесе бiрнеше адам даулы затты даудың шешiлуi бойынша соттың шешiмi не дауласып жүрген барлық адамның келiсуi (шарттық секвестр) бойынша бұл зат кiмге берiлсе, соған қайтаруды мiндетiне алатын үшiншi адамға бередi.
2. Даулы зат соттың шешiмi бойынша секвестр тәртiбiмен сақтауға берiлуi мүмкiн (сот секвестрi).
Сот секвестрi бойынша сақтаушы сот тағайындаған адам да, дауласушы жақтардың өзара келiсуi бойынша белгiленген адам да болуы мүмкiн. Екi жағдайда да, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, сақтаушының келiсiмi талап етiледi.
3. Секвестр тәртiбiмен сақтауға қозғалатын да, қозғалмайтын да заттар берiлуi мүмкiн.
3. Тауар қоймасында сақтау
791-бап. Тауар қоймасы
Тауарлар сақтауды жүзеге асыратын және кәсiпкерлiк қызмет ретiнде сақтауға байланысты қызметтер көрсететiн коммерциялық ұйымдар тауар қоймасы деп танылады.
792-бап. Ортақ пайдаланылатын тауар қоймасы
1. Егер заң актiлерiне сәйкес шектеулi адамдар тобынан тауарлар қабылдайтын қоймалар қатарына жатқызылмаған болса, тауар қоймасы ортақ пайдаланылатын қойма деп танылады.
2. Ортақ пайдаланылатын тауар қоймасымен жасалатын қоймада сақтау шарты жария шарт деп танылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
793-бап. Тауар қоймасының мiндеттерi
1. Тауар қоймасы стандарттарда, техникалық талаптарда, технологиялық нұсқаулықтарда, сақтау жөнiндегi нұсқаулықтарда, тауарлардың жекелеген түрлерiн сақтау ережелерiнде, қойма үшiн мiндеттi өзге де арнаулы нормативтiк құжаттарда белгiленген сақтау талаптарын (режимiн) сақтауға мiндеттi.
2. Тауар қоймасы сақтауға қабылдау кезiнде өз есебінен тауарларға тексеру жүргiзуге мiндеттi.
3. Тауар қоймасы, тауар иесiне тауарларды немесе олардың үлгiлерiн тексеру егер сақтау иесiздендiре отырып жүзеге асырылатын болса, байқап көру және тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi шаралар қабылдауға мүмкiндiк беруге мiндеттi.
4. Тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн сақтау жағдайын дереу өзгерту қажет болған жағдайда тауар қоймасы талап етiлген шұғыл шараларды өз бетiнше қабылдауға құқылы. Ол тауар иесiне қабылданған шаралар туралы хабарлауға мiндеттi.
5. Тауардың бүлiнуi байқалған жағдайда қойма дереу акт жасауға және тауар иесiн оның тауар қоймасына мәлiмдеген мекен-жайы бойынша хабардар етуге мiндеттi.
794-бап. Тауар иесiнiң тауар қоймасына қоятын талаптары
Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауар иесi қоймадан тауар алу кезiнде дұрыс сақталмаудың салдарынан тауардың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi туралы, ал көзге байқалмайтын бүлiнулер туралы - оларды табу үшiн қажет әдеттегi мерзiм iшiнде тауар қоймасына мәлiмдеуге мiндеттi. Егер тауардың бүлiнгенi және кем шыққаны туралы тиiстi мерзiмде мәлiмденбеген болса, бұл залалдар оның қасақана пиғылынан немесе өрескел абайсыздығынан келтiрiлген жағдайларды қоспағанда, тауар қоймасы залалдар үшiн жауапты болмайды.
795-бап. Тауар қоймасының сақтау жөнiндегi шығындарының орнын толтыру
Қойманың жүк берушiнiң мүдделерiнде жүзеге асырылған (тауарларды сақтандыру, тиеу-түсiру жұмыстары, кеден баждарын төлеу және т.б.) қосымша операциялар бойынша, шартта көзделген немесе заң актiлерiнде көзделген шығындар ставкаларының орнын толтыруға құқығы бар. Бұл құқық сақталатын тауарды қойманың ұстап қалу құқығымен қамтамасыз етiледi.
796-бап. Тауар қоймасының сақтау шартынан бас тартуы
Егер жүк берушi елеулi зиян келтiруге қауiп төндiретiн тауарлардың қатерлi сипатын жасырса, тауар қоймасы сақтау шартын орындаудан бас тартуға құқылы.
797-бап. Қойма құжаттары
1. Тауар қоймалары тауарлардың сақтауға қабылданғандығын растап мынадай қойма құжаттарын:
1) жай қойма куәлiгiн;
2) қос қойма куәлiгiн беруi мүмкiн.
2. Қос қойма куәлiгi, оның әр бөлiгi және жай қойма куәлiгi бағалы қағаздар болып табылады.
3. Қос және жай қойма куәлiгi кепiл нысанасы бола алады.
798-бап. Жай қойма куәлiгi
1. Жай қойма куәлiгi ұсынушының атына берiледi.
2. Жай қойма куәлiгiнде осы Кодекстiң 799-бабының 2-тармағының 2), 3), 5)-10) тармақшаларында көзделген мәлiметтер, сондай-ақ оның ұсынушыға берiлгендiгi көрсетiлуге тиiс.
799-бап. Қос қойма куәлiгi
1. Қос қойма куәлiгi мазмұны бойынша бiрдей және қажет болған жағдайда бiреуiн басқасынан айыруға болатын қойма куәлiгiнен және кепiлдiк куәлiктен (варранттан) тұрады.
2. Қос қойма куәлiгiнiң әр бөлiгiнде:
1) қос қойма куәлiгiнiң тиiстi бөлiгiнiң атауы;
2) тауарды сақтауға қабылдаған қойманың атауы мен мекен-жайы;
3) қойма тiзiлiмi бойынша қойма куәлiгiнiң ағымдағы нөмiрi;
4) сақтауға тауар қабылданған ұйымның атауы немесе азаматтың аты-жөнi, сондай-ақ тауар иесiнiң орналасқан жерi (тұрғылықты жерi);
5) тауардың атауы мен мөлшерi, тауарларға арналған орындардың саны;
6) қабылданған тауардың сомасы;
7) сақтауға алынған тауардың, егер бұлай белгiленетiн болса, сақталу мерзiмi;
8) сақтауға ақы төлеудiң тарифтерi мен тәртiбі;
9) қойма куәлiгiнiң берiлген күнi;
10) уәкiлеттi адамның қолы және тауар қоймасының мөрi көрсетiлуге тиiс.
800-бап. Қос қойма куәлiгiн ұстаушының тауарға құқықтары
1. Қос қойма куәлiгiн ұстаушының қоймада сақтаулы тауарға толық көлемде билiк етуге құқығы бар.
2. Кепiл куәлiгiнен бөлiп алынған қойма куәлiгiн ұстаушы тауарға билiк етуге құқылы, бiрақ оны кепiл куәлiгi бойынша берiлген кредиттi өтегенге дейiн қоймадан ала алмайды. Қойма куәлiгiн ұстаушы тапсыру жазбаларын (индоссамент) жасау және құжаттың өзiн беру жолымен, бiрақ тауардың орнын ауыстырмай, қоймаға қойылған тауарға меншiк құқығын басқаға беруді жүзеге асыра алады.
3. Кепiл куәлiгi бөлiп алынбаған қойма куәлiгiн индоссамент бойынша алған сатып алушы кепiлден бос қойма тауарының иесiне айналады. Кепiл куәлiгiнсiз қойма куәлiгін алу кезiнде тауарға меншiк құқығы кепiл құқығымен жүктемеленген болып ұйғарылады. Кепiл талаптары туралы (тауарға кепiлдiк құқығын белгiлеудiң сомасы мен мерзiмi туралы) мәлiметтердi, мүдделi тұлғалар айқын көре алатын қойма тiзiлiмiнен алуға болады.
4. Кепiл куәлiгiн ұстаушының осы куәлiк бойынша берiлген қарыздың және сол бойынша сыйақының мөлшерiнде тауарға кепiл құқығы болады. Тауарға кепiл құқығын белгілеу кезiнде бұл туралы қойма куәлiгiне белгi жасалады.
5. Сатып алушы немесе сатушы кепiлмен қамтамасыз ететiн тиiстi соманы тауар қоймасына енгiзе отырып, тауарды кепiлден босата алады, оны тауар қоймасы кепiл куәлiгiн заңды ұстаушыға беруге мiндеттi.
6. Кепiл куәлiгiн ұстаушы оның кепiлмен қамтамасыз етiлген талаптарын мерзiмiнде қанағаттандырмаған жағдайда заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен оған кепiл куәлiгi бойынша берiлген тауарды сатуға және кепiл берушiнiң басқа да кредит берушiлерi алдындағы өз талаптарын артықшылықпен жабуға құқылы. Сатудан түскен сома жетпеген жағдайда кепiл куәлiгiн ұстаушы оның алынбаған бөлiгiн кепiл куәлiгiмен қамтамасыз етілген талаптарға ақы төлеу жөнінде бірге жауапты болатын барлық индоссанттардан өндiрiп алуы мүмкiн.
801-бап. Қойма және кепiл куәлiктерiн беру
Қойма куәлiгi мен кепiл куәлiгi беру жазбасы (индоссаменттер) бойынша бiрге немесе бөлек берiлуi мүмкiн.
802-бап. Қос қойма куәлiгi бойынша тауар беру
1. Тауар қоймасы қойма және кепiл куәлiктерiн (қос қойма куәлiгiн) ұстаушыға қоса алғандағы осы екi куәлiктiң орнына тауар бередi.
Кепiл куәлiгi жоқ, бiрақ ол бойынша қарыз сомасын енгiзген қойма куәлiгiн ұстаушыға тек тауар қойма куәлiгiне айырбастап және кепiл куәлiк бойынша барлық қарыз сомасының жарнасы талабымен берiледi.
2. Қойма және кепiл куәлiктерiн ұстаушы тауарды бөлiп-бөлiп берудi талап етуге құқылы. Бұл орайда бастапқы куәлiктердiң орнына оған қоймада қалған тауарларға жаңа куәлiктер берiледi.
3. Осы баптың талаптарына қарамастан кепiл куәлiгi жоқ және ол бойынша қарыз сомасын енгiзбеген қойма куәлiгiн ұстаушыға тауар берген тауар қоймасы кепiл куәлiгiн ұстаушының алдында ол бойынша барлық есептелетiн соманың төленуi үшiн жауапты болады.
40-тарау. Сақтандыру
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 803-бап өзгерді
803-бап. Сақтандыру шарты
1. Сақтандыру шарты бойынша бiр тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге мiндеттенедi, ал екiншi тарап (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе шартта белгiленген сома (сақтандыру сомасы) шегiнде өзiнiң пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн төлеуге мiндеттенедi.
2. Сақтандыру шарты негiзiнде не өзара сақтандыру қоғамына мүшелiк негiзiнде сақтандыру жүзеге асырылады.
804-бап. Осы Кодекспен реттелетiн сақтандыру қатынастары
Сақтандырушылар мен сақтанушылар арасындағы қатынастар, сондай-ақ олардың сақтандыру шартын жасау және оны орындау процесi кезiнде туындайтын сақтандырылғандармен және пайда алушылармен қатынастары осы Кодекспен реттеледi.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 805-бап жаңа редакцияда
805-бап. Сақтандыру нысандары
1. Сақтандыру нысандары:
1) мiндеттiлiк дәрежесi бойынша - ерiктi және мiндеттi;
2) сақтандыру объектiсi бойынша - жеке және мүлiктiк;
3) сақтандыру төлемiн жүзеге асыру негiздерi бойынша жинақтаушы және жинақтаушы емес болып табылады.
2. Сақтандыру қызметiн лицензиялау мақсатында заң актiлерiнде өзгеше жiктеу көзделуi мүмкiн.
806-бап. Мiндеттi және ерiктi сақтандыру
1. Мiндеттi сақтандыру - заң актiлерi талаптарына орай жүзеге асырылатын сақтандыру.
2. Мiндеттi сақтандырудың түрлерi, тәртiбi мен талаптары заң актiлерiмен белгiленедi.
3. Өз өмiрiн немесе денсаулығын сақтандыру мiндетiн азаматқа заң актiлерiмен де, шартпен де жүктеуге болмайды.
Мiндеттi сақтандыру сақтанушының есебiнен жүзеге асырылады.
4. Мiндеттi сақтандыру кезiнде сақтанушы сақтандырудың осы түрiн реттейтiн заң актiлерiнде жазылған талаптар бойынша сақтандырушымен шарт жасауға мiндеттi.
5. Мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырудың осы түрiн жүзеге асыруға лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалады. Мұндай шартты жасасу жоғарыда аталған сақтандырушы үшiн мiндеттi болып табылады.
6. Ерiктi сақтандыру - тараптардың еркiн бiлдiруiне орай жүзеге асырылатын сақтандыру.
Ерiктi сақтандырудың түрлерi, шарттары мен тәртiбi тараптардың келiсiмi бойынша белгiленедi.
807-бап. Сақтандыру объектiсi
1. Заңды тұлғаның немесе азаматтың кез келген мүддесi сақтандыру объектiсi бола алады.
Сақтандырудың мiндеттi түрлерi бойынша сақтандыру объектiсi сақтандырудың осы түрiн реттейтiн заң актiлерiмен айқындалады.
2. Сақтанушының құқыққа қайшы мүдделерi сақтандыруға жатпайды.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген мүдделер объектiсi болатын сақтандыру шарттары жарамсыз болып табылады.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 808-бап өзгерді
808-бап. Мiндеттi сақтандыру туралы ережелердiң бұзылу зардабы
1. Заң актiлерiне сәйкес пайдасына мiндеттi сақтандыру жүзеге асырылуы тиiс болған адам, егер оның сақтандырылмағандығы белгiлi болса, осы мiндет жүктелген тұлғадан оны сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.
2. Егер сақтандыру мiндетi жүктелген тұлға оны жүзеге асырмаса немесе сақтандыру шартын заң актiлерiнде көзделгенмен салыстырғанда сақтандырылғандардың жағдайын нашарлататындай жағдайда жасаған болса, бұл тұлға сақтандыру жағдайы басталған кезде дұрыс сақтандыру кезiнде сақтандыру төлемi қандай талаптарда жүзеге асырылатын болса, сақтандырылғандардың алдында сондай талаптарда жауапты болады.
3. Заң актiлерiмен сақтанушы болу мiндетi жүктелген тұлға осы Кодекстiң 806-бабының 5-тармағына сәйкес сақтандыруды жүзеге асыруға мiндеттi, алайда одан жалтаратын сақтандырушыны заң актiлерiнде көзделген талаптарда сақтандыру шартын жасауға мәжбүр етудi сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.
4. Сақтанушы ретiнде оны жүзеге асыруға мiндеттi тұлғалардың, сондай-ақ сақтандырушы ретiнде iс-қимыл жасауға мiндеттi сақтандыру ұйымының сақтандырудан жалтаруы заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соқтырады.
809-бап. Жеке және мүлiктiк сақтандыру
1. Азаматтың өмiрiн, денсаулығын, еңбекке қабiлеттiлiгiн және жеке басына байланысты өзге де мүдделерiн сақтандыру жеке сақтандыруға жатады. Жеке сақтандыру шарты бойынша сақтанушының өзi, сондай-ақ шартта аталған басқа (сақтандырылған) адам сақтандырылған болуы мүмкiн.
2. Мүлiктiк және кәсiпкерлiк тәуекелдер мен азаматтық-құқықтық жауаптылықты қоса алғанда, оларға байланысты мүдделердi сақтандыру мүлiктiк сақтандыруға жатады.
3. Мүлiктi сақтандыру кезiнде мүлiктiң жоғалуы (жойылуы) тәуекелi, жетiспеуi немесе бүлiнуi және осы Кодекстiң 115-бабында көзделген өзге де мүлiктiк игiлiктер мен құқықтар сақтандырылады.
4. Сақтанушының немесе пайда алушының мүлiктердi сақтандыруға мүддесi болмаған жағдайда жасалған мүлiктiк сақтандыру шарты жарамсыз болады.
5. Азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру кезiнде, үшiншi бiр адамдардың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне зиян келтiрудiң салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша жауапты болу (келтiрiлген зияндар үшiн жауаптылықты сақтандыру), сондай-ақ шарттардан туындайтын мiндеттемелер бойынша жауапты болу (шарт бойынша жауаптылықты сақтандыру) тәуекелiн сақтандырады.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес кодекс 809-1 баппен толықтырылды
809-1-бап. Жинақтаушы сақтандыру
1. Мына негiздемелердiң кез келгенi бойынша: сақтандыру шартында белгiленген кезең аяқталғанда не қайсысының бұрын туындауына байланысты сақтандыру жағдайы туған кезде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн сақтандыру жинақтаушы сақтандыру болып табылады.
2. Сақтандыру жағдайы туған кезде ғана сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн сақтандыру жинақтаушы емес сақтандыру болып табылады.
3. Аннуитет шарты - сақтандырушыны шартта белгiленген мерзiм iшiнде пайда алушының пайдасына мерзiмдi төлемдер түрiнде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға мiндеттi ететiн сақтандыру шарты.
4. Жинақтаушы сақтандыру шарттары тек қана жеке сақтандыру бойынша жасалуы мүмкiн.
5. Аннуитет шарты жинақтаушы сақтандыру шарттарына жатады.
810-бап. Кәсiпкерлiк тәуекелдi сақтандыру
1. Кәсiпкерлiк тәуекелдi сақтандыру кезiнде кәсiпкердің сақтанушы ретiнде iс-қимыл жасайтын келiсiм-шарт жасасушы агенттерiнiң өз мiндеттемелерiн бұзуынан болған кәсiпкерлiк қызметтiң залалдар тәуекелi немесе кәсiпкерге байланысты емес жағдайлармен осы қызмет шарттарының өзгеруiнен болған залалдар тәуекелi, соның iшiнде күтiлген кiрiстi алмай қалу тәуекелi сақтандырылады.
2. Кәсiпкерлiк тәуекелдердi сақтандыру шарты бойынша тек сол сақтанушының кәсiпкерлiк тәуекелi және тек соның пайдасына ғана сақтандырылуы мүмкiн.
Сақтанушы болып табылмайтын тұлғалардың кәсiпкерлiк тәуекелдi сақтандыру шарты немесе өзге тұлғаның (пайда алушының) пайдасына жасалған шарт жарамсыз болады.
811-бап. Зиян келтiргендiгi үшiн азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру
1. Зиян келтiргендiгi үшiн азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру кезiнде сақтанушының өз жауаптылығы да осындай жауаптылық жүктелуi мүмкiн болатын өзге тұлғаның жауаптылығы да сақтандырылады.
Зиян келтiргендiгi үшін азаматтық-құқықтық жауаптылығы сақтандырылған тұлға сақтандыру шартында аталуы тиiс. Егер бұл тұлға шартта аталмаған болса, онда сақтанушының өз жауаптылығы сақтандырылған болып есептеледi.
2. Зиян келтiргендiгi үшiн азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру шарты зиян келтiрiлуi мүмкiн, бұл жағдайда пайда алушы ретiнде iс-қимыл жасайтын тұлғаның пайдасына жасалған болып есептеледi.
812-бап. Шарт бойынша азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру
1. Шартты бұзғандығы үшiн азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру кезiнде сақтанушының өзiнің жауаптылық тәуекелі ғана сақтандырылуы мүмкін. Бұл талаптарға сәйкес келмейтiн сақтандыру шарты жарамсыз деп есептеледi.
2. Шартты бұзғандығы үшiн азаматтық-құқықтық жауаптылық тәуекелi шартта оның талаптарына сәйкес сақтанушы оның алдында азаматтық-құқықтық жағынан жауапты болуға тиіс тарап болып табылатын және бұл жағдайда пайда алушы ретiнде іс-қимыл жасайтын тұлғаның пайдасына сақтандырылған болып есептеледi.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 813-бап өзгерді
813-бап. Сақтанушы
1. Сақтанушы - сақтандырушымен сақтандыру шартын жасасқан тұлға.
2. Заңды тұлғалар мен азаматтар сақтанушылар бола алады.
3. Сақтанушы сақтандырудың ерiктi де, мiндеттi де нысандары бойынша сақтандырушыны таңдап алуға ерiктi.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 814-бап өзгерді
814-бап. Сақтандырушы
Сақтандырушы - сақтандыруды жүзеге асыратын, яғни сақтандыру жағдайы пайда болған кезде сақтанушыға немесе пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) шартта айқындалған соманың (сақтандыру сомасының) шегiнде сақтандыру төлемін жүргізуге мiндеттi тұлға.
Сақтандыру ұйымы ретiнде тiркелген және сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар заңды тұлға ғана сақтандырушы бола алады.
ҚР 18.12.2000 N 128-II Заңына сәйкес 815-бап өзгерді
815-бап. Сақтандырылған адам
1. Сақтандырылған адам - өзіне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтанушы бiр мезгiлде сақтандырылған адам болып табылады.
2. Мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiмен сақтанушыға үшiншi тұлғаны сақтандыруды жүзеге асыру мiндетi жүктелуi мүмкiн. Өз еркiмен сақтандыру кезiнде сақтанушы үшiншi тұлғаны сақтандыру шартында сақтандырылған адам ретінде айқындай алады. Бұл жағдайларда сақтандырылған адамның жеке басы және соған байланысты оның мүдделері (сақтандырылған адамды жеке сақтандыру) не сақтандырылған адамның мүлкі және мүліктік мүдделері (сақтандырылған адамның мүліктік сақтандырылуы) сақтандыру объектiсi болады.
Мүлiктi сақтандыру кезiнде сақтанушы болып табылмайтын сақтандырылған адам бұл мүлiктiң сақталуына мүдделi болуға тиiс.
3. Егер шарттың талаптары бойынша сақтанушы болып табылмайтын сақтандырылған адамға белгiлi бiр мiндеттер жүктелген болса, сақтанушы осы шартты жасасуға сақтандырылған адамның келісімін алуы тиіс.
Мiндеттi сақтандыру кезiнде, сондай-ақ топтастырып иесіздендірілген сақтандыру кезінде, шарт жасасу үшін оның өзі сақтандырылған адам ретiнде көрiнетiн үшiншi адамның келiсiмi талап етiлмейдi.
Өз еркiмен сақтандыру кезiнде адамдардың оның жеке басын немесе мүлкiн сақтандыру жөнiндегi қарсылығы шарт жасасудың мүмкiн еместiгiне, ал егер ол жасалып қойған болса - шарттың бұзылуына әкеп соғады.
4. Сақтанушыға үшiншi тұлғаны сақтандыру мiндетi жүктелген жағдайда, аталған тұлға сақтанушыдан бұл мiндеттiң орындалуы туралы есеп талап етуге, ал заң актiлерiнде көзделген жағдайларда - оның сақтандырылған адам болып табылатындығын дәлелдейтiн құжатты алуға құқылы.
Сақтанушы үшiншi адамды сақтандыру жөнiндегi өз мiндетiн орындамаған немесе дұрыс орындамаған жағдайда, соңғысы осы Кодекстiң 808-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген шараларды қолдануға құқылы.
5. Кәмелетке толмаған азамат сақтандырылған болып табылатын жағдайда оның құқықтары осы Кодекстiң 22-24-баптарында көзделген тәртiппен iске асырылады.
6. Сақтандырылған адамның пайдасына шарт жасасу, сақтанушыны осы шарт бойынша мiндеттердi орындаудан босатпайды.
Үшiншi адамды сақтандыру сақтанушының есебiнен жүзеге асырылады.
7. Сақтандырылған адам шартқа сәйкес өзiне тиесiлi сақтандыру төлемiн алудан бас тартқан жағдайда сақтандыру төлемiн алу құқығы сақтанушыға көшедi.
8. Сақтанушы болып табылмайтын, оған қатысты мұндай жағдайды көздемейтiн жеке басты сақтандыру шарты жасалған сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда, егер заң актiлерiнде немесе шартта сақтандырылған адамды ауыстыру көзделмесе, бұл шарт тоқтатылуға жатады.
Егер сақтандырылған адамның қайтыс болуы сақтандыру шартында көзделген сақтандыру жағдайы болса, бұл шарт онда көзделген талаптармен орындалады.