"Салауатты өмір салты" кешенді бағдарламасы туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 30 маусымдағы N 905 Қаулысы
Осы редакция ҚР Үкіметінің 2002 ж. 29 желтоқсандағы N 1446 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Аурудың алдын алу және салауатты өмір салтын ынталандыру бөлігінде ел Президентінің Қазақстан халқына "Қазақстан-2030" Жолдауының ережелерін және "Халық денсаулығы" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған "Салауатты өмір салты" кешенді бағдарламасы бекітілсін.
2. Орталық атқарушы органдар, сондай-ақ облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері "Салауатты өмір салты" кешенді бағдарламасын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 1999 жылғы
30 маусымдағы
N 905 қаулысымен
"бекітілген"
"Салауатты өмір салты" кешенді бағдарламасы
Кіріспе
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа "Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-аухатының артуы" Жолдауында жеті ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі ретінде "Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білім алуы және әл-аухатының артуы" айқындалған. Өз Жолдауында еліміздің Президенті денсаулық сақтаудың анағұрлым өзекті проблемаларына және оны шешуге барлық қоғамның қатысуына: ауруларды болдырмау және салауатты өмір салтын ынталандыруға; нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күреске; алкоголь мен темекіні пайдалануды қысқарту; әйелдер мен балалардың денсаулығын жақсарту; тамақтануды жақсарту, қоршаған ортаның тазалығына және экологияға ерекше назар аударған.
"Қазақстан-2030" стратегиясына сәйкес салауатты өмір салтын қалыптастыру және ынталандыру мәселелерін жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы (бұдан былай ҚР мәтінде) Үкіметінің 3.12.97 ж. N 1678 қаулысымен ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі жанында Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының Ұлттық Орталығы (СӨСҚП ҰО) құрылды. Осы кезде біздің елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметі құрылған.
ҚР Президентінің 10.01.98 ж. N 18-И тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ "Халықтың денсаулығы" мемлекеттік бағдарламасының қағидаларын орындау үшін ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі "Салауатты өмір салты" Республикалық кешенді бағдарламасын жасады, ол республикада салауатты өмір салтын қалыптастырудың ұлттық саясатын жүзеге асырудың тұжырымдамалық негізі және іс-әрекет жоспары болып табылады.
Бағдарламасының негізгі компоненттері: сапалы және тиімді тамақтану; есірткімен, алкогольмен және темекімен күрес; қауіпсіз секс, ВИЧ/СПИД-тің, жыныстық жолмен берілетін аурулардың, жұқпалы аурулардың алдын алу; дене тәрбиесі; денсаулық және қоршаған орта болып табылады. Бағдарламаның аталған компоненттерін жүзеге асырудағы басымдық бағыттар ретінде: ақпарат, білім, коммуникация; оқу бағдарламаларын жасау; қолданбалы жасалымдар; құқықтық орта; медициналық-санитарлық алғашқы көмек анықталған.
Бағдарлама қысқа мерзімді (1999-2000 ж.ж.), орта мерзімді (2001-2005 ж.ж.) және ұзақ мерзімді (2006-2010 ж.ж.) сипаттағы шараларды қамтиды және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының "XXI ғасырда денсаулық баршаға" Стратегиясының принциптеріне сәйкес келеді.
Бағдарламаны орындауға республикалық және жергілікті бюджеттерде салауатты өмір салтын қалыптастыруға бөлінген қаражаттар, сондай-ақ халықаралық донор ұйымдардың инвестицияларын тартылу жоспарлануда.
1 тарау
Салауатты өмір салты: Халықаралық тәжірибе
және Қазақстанның стратегиясы
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының отызыншы сессиясы 1977 жылдың мамырында "Үкіметтер мен ДДҰ алдағы онжылдықтағы негізгі әлеуметтік міндеті 2000 жылы жерді мекендеген барша тұрғындардың әлеуметтік және экономикалық тұрғыда жемісті өмір сүруіне мүмкіндігі болатындай денсаулыққа ие болуына қол жеткізу" деп нақты мақсат қойып баршаға арналған денсаулықтың негізін қалады.
Денсаулық күйіне ықпал ететін факторлардың ішінде өмір салты - 50%ке дейін жетекші орын алатыны белгілі, басқа факторлардың үлесі 20%-10% жүйесімен байланысты. Сондықтан халықтың денсаулығын жақсартудағы басты міндет салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулыққа деген жаңаша көзқарасты қалыптастыру болып табылады. Деннің саулығы - әрбір адамның ішкі қажеттілігі болуы тиіс. Денсаулық - барша қоғамның құн жетпес байлығы.
Cоңғы жылдары "өмір салты" тұжырымдамасы ерекше маңызға ие болып отыр.
Денсаулық сақтауды реформалар, мемлекеттік, мемлекеттік емес және жекеменшік құрылымдардың, ғылыми-өндірістік бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, халықаралық ұйымдардың ынтымақтастығын арттыру және тиімді үйлестіру - бұл жеке адамның, отбасының, әртүрлі әлеуметтік топтар мен бірлестіктердің деңгейдегі салауатты өмір салтын қалыптастырудың жаңа саясаты мен бағдарламасының негізі.
Қазақстан егеменді мемлекеттік ретінде қалыптасуы процесінде жаңа қоғамдық қатынастарға көшудің қиын да күрделі жолдарын біртіндеп артта қалдырып келеді. Экономикалық өтпелі кезеңнің қиыншылықтары халықтың денсаулық күйінің нашарлауын үдетіп отыр: аурулар, жалпы және балалар өлімі өсіп келеді, өмір сүру ұзақтығы қысқаруда, әсіресе жұмыссыздар арасында маскүнемдіктің таралуы жалғаса түсуде, темекі мен әртүрлі есірткіге әуестік кең етек алып келеді. Қазақстанның болашақ адам ресурстарының саны мен сапасы ерекше алаңдаушылық туғызуда.
Халықтың денсаулық күйін мемлекеттік деңгейде де, жергілікті деңгейлерде де өзара байланыстағы ведомствоаралық денсаулықты қорғау және күшейту жүйесі қызметінің нәтижесі деп қарау керек.
Өмір салты негізінен адамдардың күнделікті тіршілігінің ажырамас көріністері болып табылатын құндылықтарға, басымдықтарға, практикалық мүмкіндіктер мен қиыншылықтарға байланысты және біркелкі қайталанып отыратын іс-қимылдардың, мінез-құлықтың, машықтық пен дағдының, қоғам мен жеке өміріндегі болып жатқан өзгерістерге көзқарастарының нәтижесінде қалыптасады. Осыған байланысты салауатты өмір салты стратегиясы адамдардың күнделікті тіршілігінде пайдасына жарайтындай шынайы және тартымды перспективаға арқа сүйеуі керек.
Алматы қаласында (қыркүйек, 1978 ж.) өткен ДДҰ/ЮНИСЕФ-тің медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі халықаралық конференциясы өзінің қорытынды құжаттарында медициналық-санитарлық алғашқы көмек, соның ішінде алдын алу бағдарламалары денсаулыққа және салауатты өмір салтына қол жеткізудегі шешуші элемент болып табылады деген қағиданы бекітті.
Алматы конференциясы денсаулықтың шешуші әлеуметтік міндеттердің бірін құрайтын адамның негізгі құқығы екендігінің маңызын батыл растап берді. Экономикалық және әлеуметтік даму барлық адамдар денсаулығын мүмкіндігінше ең жоғары болатын деңгейіне қол жеткізуінің маңызды шарттарының бірі болып табылады. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек әрбір адамның қолы жететіндей практикалық ғылыми және әлеуметтік қолайлы әдістер мен технологияларға негізделе отырып медициналық-санитарлық қамтамасыз етудің маңызды бөлігін құрайды.
1980 жылы Европалық аймақтық комитеттің отызыншы сессиясында баршаға арналған денсаулыққа қол жеткізудің жалпыевропалық стратегиясы бекітілді. Стратегияда денсаулық сақтауды дамытуға көзқарасты түбегейлі өзгертуге үндеу тасталды. Және де ерекше алаңдаушылық тудырар төрт салаға: өмір салты мен денсаулыққа; халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға ықпал етуші қатерлі факторға; денсаулық сақтау жүйесін басқа бағытқа бұруға; қажетті өзгерістерді жүзеге асыру мақсатында саяси, басқару және технологиялық қолдау көрсетуді мобилизациялауға ерекше көңіл бөлінді. Стратегияда денсаулықты күшейту және аурудың алдын алу мәселелерінің басымдығын арттыру, денсаулыққа ықпал ететін қоғамның барлық секторларында оң шаралар қабылдау, жеке адамдардың, отбасылардың және халық топтарының рөліне үлкен назар аудару ұсынылды. Медициналық-санитарлық алғашқы көмекті жақсарту осы өзгерістерді жүзеге асырудың басты тәсілі ретінде қарастырылды.
Баршаға арналған денсаулыққа қол жеткізу философиясының және де әсіресе денсаулықты күшейтудің жетекші принциптерінің бірі "салауатты таңдауды неғұрлым қарапайым таңдау ету" қажеттігіне қатысты және практикалық іс-қимылдар үшін тиісті мүмкіндіктерді жасаудың қажеттігін білдіреді.
1982 жылы ДДҰ Жұқпалы емес аурулардың интеграцияланған алдын алу жалпыұлттық бағдарламасы - "СИНДИ" құрылды, оның басты мақсаты денсаулықты, тіршілік сапасын жақсарту, мезгілсіз өлімдер, аурулар санын және коммунальдық деңгейдегі мүгедектер санын азайту болып табылады. Бұл бағдарлама созылмалы жұқпалы емес аурулар үшін ортақ қатер туғызушы факторлардың: темекі тартудың, жоғары қан қысымының, гиперхолестеринемияның, маскүнемдікке салынудың және т.б. алдын алуға және бақылауға ерекше назар аударды. Бағдарламада қоршаған ортаның психикалық-әлеуметтік және басқа да факторларына да үлкен назар аударылды.
Интеграциялық тәсілдің қажеттігі идеясы жүрек-қан тамыры ауруларымен, ішінара алғанда жүректің біржерде қан азаю (ишемиялық) аурумен және артериялдық гипертензиямен күресудің кешенді коммуналдық бағдарламаларын жүзеге асыру нәтижесінде пайда болды.
Темекі тарту, артерияльдық гипертензия, гиперхолестеринемия және басқалар сияқты жүректің біржерде қан азаю ауруы қатерін туғызатын жекелеген факторларды бақылау жүректің біржерде қан азаюы ауруынан және басқа да жүрек-қан тамыры ауруларынан болатын өлімді азайтып қана қоймай, қатерлі жаңа ісіктер мен өзге де созылмалы ерекше аурулардан болатын жалпы өлім-жітімді азайтатыны айқындалған.
Соңғы жиырма жылдықта әлемнің көптеген елдерінде (АҚШ, Финляндия, Канада, Ұлыбритания және т.б.) алдын алу бағдарламаларын орындау кезінде анағұрлым көңіл қуантар нәтижелер алынған. 1987 жылдан соң Европаның 20 мемлекеті темекі тартуға қарсы күрес жөніндегі заңдарын немесе бағдарламаларын қабылдаған. Қазақстан да СИНДИ бағдарламасына қатысады.
1986 жылы Оттава (Канада) қаласында болып өткен Денсаулық күшейту жөніндегі Халықаралық Конференция денсаулық үшін қолайлы өмір салты мәселелерін қарап, денсаулықты күшейтудің Оттава Хартиясын қабылдады. Хартияда денсаулықты күшейтудің кешенді стратегиясы баяндалып, ол бес аспектіні: денсаулықты күшейтуге ықпал жасайтын қоғамдық саясатты; денсаулыққа қолайлы қоршаған ортаны; жеке дағдылар мен қабілетті; халықтың іс-қимылдары мен денсаулық сақтау қызметтерін оларға ауруға емес, денсаулық мәселелеріне көп көңіл бөлуге және денсаулық сақтау қызметтері мен халықтың өзара қарым-қатынасының сипатын өзгертуге неғұрлым кең ауқымды өкілеттіктер бере отырып қайта бағыттауды қамтиды. Өмір салтының, қоршаған ортаның және денсаулықтың өзара байланысы өте күрделі. Денсаулықты күшейту жөніндегі Оттава Хартиясында осы қиын міндетті шешуге әрекеттер жасалды. Онда денсаулық сақтау секторының жаңа міндеттері мен өкілеттіктері атап өтілді, олар дәстүрлі медициналық көмек қызметі шеңберінен шығады және баршаға арналған денсаулыққа қол жеткізу стратегияларына негізделген. Бұл құжат негізгі үш ерекшелікті сипаттайды. Біріншіден, онда адамдарға денсаулық тұрғысынан өзінің әлеуетін толық жүзеге асыруға көмектесу; екіншіден, денсаулықты қорғау мүддесіндегі іс-қимыл көтермеленеді; және де үшіншіден, денсаулық сақтау секторы денсаулық сақтауды дамытуға қолдау көрсету мақсатында қоғамдағы бір-біріне керағар мүдделерді тіл табыстыруға бағытталған делдалдық қызметті өз мойнына алуға тырысады.
Алайда, мемлекеттердің халықтың денсаулығын күшейтуге ықпал ететін саясатты ұстануға бейімдігінің дәрежесі бір-бірінен айтарлықтай алшақ, өйткені елдердің экономикалық және саяси басымдықтары көп жағдайда денсаулықты күшейтуге ықпал ететін қоғамдық саясаттың жылдамдығына сәйкес келмей жатады. Осы қайшылық ДДҰ конференцияларында, атап айтқанда 1988 жылы Испанияның Мадрид қаласында өткен темекіге қатысты саясат жөніндегі Европалық конференцияда және 1990 жылы Венгрияның Будапешт қаласында өткен азық-түлік пен тамақтану саласындағы саясат жөніндегі Европалық конференциясында талқыланды. Халықтың әл-аухаты, қоршаған орта және экология мәселелеріне қатысты қоғамның өсіп келе жатқан алаңдаушылығы, тұтынушылар тобының өсіп келе жатқан белсенділігі салауатты өмір салтын қалыптастырудағы табысқа жету үшін қажетті қолдауды көрсете алады.
1997 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен денсаулықты күшейту жөніндегі 4-ші Халықаралық конференция да осы проблемаларды шешуге бағышталды. Бұл форум жұмысының материалдары бойынша Джакарта декларациясы қабылданды, онда 21 ғасырдағы денсаулықты күшейтудің негізгі басымдықтары ұсынылды: денсаулық үшін қоғамдық жауапкершілікті дамыту; денсаулықты дамытуға арналған инвестицияларды арттыру; денсаулық мүддесіне бірлесу және әріптестікті ұлғайту; қоғам мен жеке адамдардың қуатын дамыту; денсаулықты күшейтудің инфрақұрылымдарын қамтамасыз ету.
Денсаулық үшін қоғамдық жауапкершілікті дамыту жеке адамдардың денсаулығына нұқсан келтіруді болдырмау; қоршаған ортаны қорғау және ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету; денсаулыққа зиянды тауарларды өндіруді және сатуды шектеу; нақты өмір сүру, жұмыс істеу және т.б жағдайда денсаулықты күшейту жолымен жүруі керек.
Осылайша, уақыттың өзі халықты сауықтырудың қажеттігін алға тартып отыр, бұл Президенттің "Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-аухатының артуы" атты халыққа жолдауында да көрсетілген, онда "Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білім алуы және әл-аухатының артуы" жеті ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі болып табылады.
Бұл құжатта денсаулықты қорғау және күшейтудің анағұрлым өзекті және көкейтесті проблемаларына баса көңіл аударылған, олар ел стратегиясының негізін қалайды: ауруды болдырмау және салауатты өмір салтын ынталандыру; алкоголь мен темекіні тұтынуды қысқарту; әйелдер мен балалардың денсаулығын жақсарту; тамақтануды жақсарту; қоршаған ортаның тазалығы және экология. Еліміздің Президенті барлық мемлекеттік ведомстволарды, қауымдастықты, діни конфессияларды, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдарды, сондай-ақ еліміздің барлық азаматтарын осы стратегиялық бағыттарды жүзеге асыруға атсалысуға үндеп отыр.
ҚР Президентінің Жолдауында "күшті стратегиямыз бен мақсаттылығымыз барда біздің жолымызда тұрған кез келген үлкен кедергілерден мүдірмей өте аламыз" делінген.
2 тарау
Қазақстан Республикасы халқы денсаулығы мен өмір
салтының басты сипаттамалары
Қоғамның әлеуметтік аман-саулығының деңгейін анықтайтын көрсеткіш болып табылатын халық денсаулығының күйі белгілі бір дәрежеде экономикалық, экологиялық және үлкен дәрежеде әлеуметтік факторларды айқындайды. Көп жылдар бойы қалыптасқан халықтың денсаулық күйінің көп өзгере қоймаған көрсеткіштері теріс үрдістерден арыла қойған жоқ. Халықтың өсуі мен бала туу қарқыны төмендеп келеді. Әйелдер мен балалар денсаулығын сипаттайтын көрсеткіштер төмен күйінде қалуда. Бұрынғысынша жалпы өлім-жітімнің көрсеткіші жоғары. Туберкулез, вирустық гепатит бойынша жағдай шиеленісуде, жыныс жолымен берілетін аурулар және СПИД бойынша жағдай бұрынғысынша алаңдатарлықтай.
1970-ші жылдардан бастап Қазақстан халқының өлім-жітім көрсеткіші біртіндеп өсе бастаған. 1980-ші жылдары жағдай бірыңғай тұрақтанған. Алдағы өмір сүрудің орташа ұзақтығының 1980 жылы 66,9 болған көрсеткіші 1990 жылы өзінің шыңына (68,7) жетті. Бірақ бұл сан әйелдерге қарағанда (73,4) ер кісілерде анағұрлым төмен (63,9) болды.
Алайда, бұл көрсеткіштер ДДҰ Европалық аймағындағы 50 елдің ішіндегі ең төмен көрсеткіштердің бірі болатын. Соңғы (1990-1996) жылдары республика халқының алдағы орташа өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші: ерлерде 59,7 жасты құрап 4,1 жылға және әйелдерде 70,4 жысты құрап 2,7 жылға күрт төмендеді. Жоғарыда айтылған мәліметтер Қазақстан халқының денсаулығы күйінің қолайлы жағдайда еместігінің куәсі.
ҚР облыстарындағы алдағы орташа өмір сүру көрсеткіші бір-бірінен өзгеше: алдағы орташа өмір сүру ұзақтығының ең төменгі көрсеткіші Қарағанды облысында (61,3) болса, ал ең жоғары көрсеткіші (66,6) Алматы облысында.
Бұл көрсеткіштің ер кісілерде 60 жастан асатыны екі облыста ғана (Алматы - 61,4, Оңтүстік Қазақстан - 61,2).
Қазақстан Республикасы алдағы орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша Орталық Азиядағы 5 елдің ішінде Түркменстанның алдындағы соңғы орынды иеленеді. Бұл көрсеткіш Батыс Европа елдерінде Қазақстандағыдан 10-15 жылға артық.
Өлім-жітім мен алдағы орташа өмір сүру ұзақтығының көрсеткіштері жігіт жасындағы ер-азаматтардың бойындағы келеңсіздіктерді көрсетіп отыр. Мұндай жағдай экономикалық, әлеуметтік және адами тұрғыдан үлкен зиян шеккізеді. Сондықтан да салауатты өмір салтын дамытудың саяси стратегиясы қажет.
Стратегияны жасарда осы теріс құбылыстардың ғылыми түсіндірілуіне аяқ тіреу керек.
Соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтары халықтың өмір сүру деңгейінің айтарлықтай төмендеп кетуіне, қоғамдық теңсіздіктерге және елдегі болып жатқан өзгерістерге психологиялық бейімделудің қиындықтарына әкеліп соқты. Мұның барлығы да халықтың денсаулығына өте кері әсерлерін тигізді.
Өлім-жітімнің негізгі себепкері жүрек-қан тамыры жүйесі аурулары болып табылады. Соңғы жылдарда олар барлық себептердің шамамен 50% құраған және Қазақстанда бір жылдың ішінде олардан 45 мың науқас қаза табады.
Келесі орындарда бақытсыздық жағдайлары, улану және жарақаттар, жаңа пайда болатын ісіктер.
Өлім-жітімнің негізгі себепшілерін анағұрлым төмен жастағы топтарда кең ауқымда аластатуға болады. Бұл себепшілердің қатер туғызу факторлары да жақсы таныс және де әлемдік зерттеулерде дәлелденген. Олар темекі тарту, маскүнемдікке салыну, дұрыс тамақтанбау (майды көп пайдалану, көкөністер мен жемістерді аз тұтыну), қимылдың аздығы және психикалық-әлеуметтік проблемалар болып табылады. Бұл факторларға экономикалық, әлеуметтік және табиғи айналаны, қолайсыз экологиялық жағдайлар мен кедейлікті қосыңыз.
Дене шынықтыру
Республикада 100 ересек адамның 8 ғана дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады, балалар мен жасөспірімдердің 5%-інде ғана мектептен тыс мекемелердегі спорт секцияларында шұғылдануға мүмкіндігі бар.
Жалпы алғанда қабылданған есептік үлгідегі нормативтердің спорт ғимараттарымен қамтамасыз етілу проценті аймақтағы халық санының: спорт залдары бойынша - 24,4%, жүзу бассейндері бойынша - 35,5%, жазықтық спорт ғимараттары бойынша - 19,9% шаңғы базалары бойынша - 37,9% құрайды.
Жалпы және кәсіби білім алушы оқушыларға арналған оқу сабақтарының көлемі ғылыми-негізделген нормативтерден 3-4 есе төмен. Арнайы медициналық топқа жатқызылған оқушылар мен студенттердің тек 47,3%-не ғана мамандандырылған топтарда сабақ алуына жағдай жасалған.
Балалардың жасөспірімдік спорт мектептерінің саны айтарлықтай төмендеп кеткен. Жаттықтырушы кадрлар 35%-ке, шұғылданатындардың саны 50%-тен артық қысқарған.
Ұйымдар мен мекемелерде, сондай-ақ халықтың тұратын және демалатын орындарында дене шынықтыру-сауықтыру және алдын алу жұмыстары жүйесі жоқ.
Диспансерлік және консультациялық қызметтер жүйесі, емдеу-алдын алу кабинеттері жоқ болды.
Дене тәрбиесі, көпшілік спорты мен дене шынықтыру мен спортты дамытуға арналған қосымша қаражаттарды тарту үшін материалдық ынталандыру және салық жеңілдіктері жүйесін қаржыландыру жеткілікті емес.
Тамақтану
Антропометрия мәліметтеріне сүйене отырып, 15 жастан жоғары халықтың 47% (30% ерлер және 53,0% әйелдер) тойып тамақтанбайды.
Жалпы республика бойынша бала табатын әйелдер 46% темір жетіспейтін анемиямен ауырады, темірдің жетіспеушілігінің ауыр емес түрі 70% жағдайда, ал анемияның ауыр түрі 2,8% жағдайда кездеседі. Ерте жастағы балалардың ішінде 69,2%-нің анемиясы бар, олардың ішінде үштен бірінде айқындалған анемия, 5%-інде оның ауыр түрі кездеседі.
Топырақтағы, судағы және тамақ өнімдеріндегі йодтың жетіспеушілігі жөнінен республиканың 14 облысының 11-і эндемиялық болып табылады, оңтүстік және шығыс аймақтардағы жағдай анағұрлым өте күрделі. Қазақстанның оңтүстігін мекендеген халықтың ішінде гипотиреоз (қалқанша без қызметінің нашарлауы) 6-8%-інде кездессе, ал гипотиреозбен сырқаттанған әйелдерден туған балалардың ішінде ол 14 процент. Неонтальді гипотиреоздің жиілігі 7,3%-ті құрайды. Емізулі әйелдердің ішінде гипогалактия (емшек сүтінің азаюы) республика бойынша орташа есеппен 32% құрайды. Нәрестелердің 40%-тен астамы 4 айлығынан бастап жасанды немесе аралас тамақтанады.