Әлеуметтiк қамсыздандыруда зейнетақы жүйесi ерекше орын алады.Елде реформалау нәтижесiнде аралас зейнетақы жүйесі құрылды.
Бір жарым миллионнан астам зейнеткерлер ынтымақты негiзде зейнетақы төлемдерiмен қамсыздандырылады. Жыл сайын зейнетақыны арттыру жүргізіледi және соңғы жылдары зейнетақы төлемдерінiң нақты өсiмi тұтыну бағалары индексiнiң өсiмiнен озып кеттi.
2003 жылы индекстеуден басқа зейнетақыларды саралап арттыру жүзеге асырылды. Бiрiншi маусымнан бастап 1055,0 мың адамның зейнетақысы көбейтiлдi, ең төменгi зейнетақы алатын зейнеткерлердiң саны үш есе қысқарды, ал 450 мыңнан астам адам ең жоғары зейнетақы ала бастады. Нәтижесiнде 2004 жылдың 4 қаңтарында зейнетақының ең төменгi мөлшерi 5800 теңгенi, ал зейнетақының орташа мөлшерi 8335 теңгенi құрады.
Алайда осыншама оң өзгерістер бола тұрса да зейнетақыларды саралап көбейту проблемалардың бәрiн шешпейдi. Ең бастысы - зейнетақымен қамсыздандырудың деңгейi салыстырмалы түрде алсақ, әлі де төмен күйiнде қалып отыр.
Ынтымақты зейнетақы жүйесiмен қатар 1998 жылдан бастап қатысушылар арасында ынтымақсыз жинақтау қағидатына негiзделген қамсыздандырудың жалғыз түрi жинақтаушы зейнетақы жүйесi енгізiлуде және дамып келер. Қазiргі уақытта жинақтаушы зейнетақы қоры азаматтардың 6,5 млн. теңге жеке жинақтаушы шоттарымен (жинақтаушы зейнетақы қорларының деректерi бойынша) сипатталады. Зейнетақылық қызметтер рыногында Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры мен 15 мемлекеттік емес зейнетақы қоры бар. Жұмыс iстегелi берi оларда 415,2 млрд. теңге зейнетақы жинақтары, соның iшiнде 115,7 млрд. теңге есептелген инвестициялық кiрiс жинақталды.
Сонымен бiрге жинақтаушы зейнетақы жүйесiнде де бiрқатар проблемалар баршылық: жинақтаушы зейнетақы қорының қызметтерiмен халық әлі де жеткілікті қамтылмай отыр, зейнетақы жарналары бойынша кемалым азая түскенімен, ол әлi де жоғары күйiнде қалуда, зейнетақы жинақтарын инвестициялау тиiмділігi де ойдағыдай емес.
400 мыңнан астам мүгедекті мемлекет әлеуметтiк қамсыздандыруға алып отыр. Бұл ретте әрбiр үшiншi мүгедек еңбекке жарамды жаста, мүгедек балалар 40 мыңнан асады, олардың көпшiлiгiнiң кемiстігі туа бiткен. Алғаш рет мүгедектiкке ұшырау деңгейi азайғанымен, әлі де жоғары күйiнде қалып отыр.
1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн қолданылып келген зейнетақы заңдарына сәйкес жалпы ауруы салдарынан мүгедектiгiне байланысты зейнетақы жалақысы ескеріле отырып, мүгедектiк басталған уақыттағы еңбек өтілі болғанда; еңбек жарақатынан немесе кәсiби ауруына байланысты зейнетақы - еңбек өтіліне қарамастан, бiрақ жалақысы ескеріле отырып тағайындалатын еді.
1998 жылдан бастап "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылуы жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтiк жәрдемақылар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мүгедектiгі бойынша жәрдемақылардың мөлшерi еселенген айлық есептік көрсеткiшке (одан әрі - АЕК) сәйкес белгіленедi, ал олардың өсуi оны индекстеу есебiнен жүргізiледi.
Жалпы аурудан мүгедектiгi бойынша жәрдемақының мөлшерi 2004 жылы: I топтағы мүгедектер үшін 7720 теңгенi; II топтағы мүгедектер үшін - 5882 теңгенi; III топтағы мүгедектер үшiн 3309 теңгенi құрайды.
Президенттiң тапсырмасына сәйкес 2005 жылы жәрдемақылардың едәуiр арттырылуы жүргізіледі: I топтағы мүгедектерге - 3 AEК (2895 теңгеге); II топтағы мүгедектерге - 2,5 АЕК-ке (2412,5 теңгеге); III топтағы мүгедектерге - 2 АЕК-ке (1930 теңгеге); 16 жасқа дейiнгі мүгедектерге 3 АЕК-ке (2895 теңгеге). Нәтижесiнде 2005 жылы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшерi 6700 теңгеге дейiн немесе 50%-ға арттырылады. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы мүгедектерi мен қатысушыларына арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерi 15 AEK дейiн арттырылады және 30 мың теңге мөлшерiнде материалдық көмек көрсетiледi.
Алайда, мүгедектер үшiн күн көрiстiң жалғыз көзi болып табылатын жәрдемақыларды арттыруды ескергеннiң өзiнде мардымсыз. Бұл проблема мiндетті әлеуметтiк сақтандыруға көшу кезiнде де мүгедектiгi бойынша жәрдемақы алып жүргендер үшiн де, биресми секторда жұмыс iстеп жүргендер үшiн де сақталып қалады.
XEҰ, ТАСИС, ЮСАИД ұсынымдарына сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру және мүгедектердi оңалту жүйесiн жақсарту мақсатында облыстар мен Алматы және Астана қалалары әкiмдiктерi жанындағы медициналық-әлеуметтiк сараптама (МӘС) қызметі Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігіне берілді.
Алайда, әлеуметтік жетiспеушілiктi жеңу үшін қазiргi қолданылып жүрген шаралар мүгедектерге олардың жоғалтқан тiршiлiк ету функцияларының орнын толтыра алмайды. Мүгедектiктің алдын алуға жеткілiкті көңiл бөлiнбейдi, мүгедектердi оңалту көрсеткiштерi де төмен күйiнде қалып отыр. Сондықтан да қазiргi уақытта МӘС қызметiн нығайту, бiрыңғай оңалту технологиясын жасау жөнiнде бағдарламалар әзiрлендi және жұмыс басталды, оны iске асыру мүгедектердiң қоғам өмiрiне басқа азаматтармен теңдей қатысуына мүмкiндiктер жасауға жәрдемдеседi.
Халықтың өзге санаттары да: асыраушысынан айрылған адамдар, жаппай саяси қуғын-сүргiндер, Семей сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың құрбандары, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерi; Чернобыль АЭС-ындағы аварияның зардаптарын жоюға қатысушылар және басқалар да әлеуметтік қамсыздандырумен қамтылған.
Оларға әлеуметтiк осалдықты жеңуiне мүмкiндiк бермейтiн әлеуметтік қамсыздандырудың негiзгi проблемасы халықтың осы топтарының әлеуметтiк жәрдемақылар деңгейiнiң төмендiгi болып табылады.
Бұл жағдайда мемлекет кедейлiктi азайту үшiн аз қамтылған отбасыларына материалдық көмек пен қолдау көрсетедi. Елде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесiн реформалау барысында барлық адамдар үшін патернализмнен аз қамтылғандарға атаулы қамқорлық жасауға ауысу жүзеге асырылды. 2002 жылы елде жан басына шаққандағы табысы кедейлiк деңгейiнен де төмен (кедейлiк шегi күнкөрiс деңгейiне қарай анықталады және қазiргі уақытта оның мөлшерiнiң 40% құрайды) отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрi - АЕК) көрсетудiң әмбебап жүйесі енгізілді. Аз қамтылған азаматтар - AEK алушылардың есебiн жүргiзу ретке келтiрілдi, және АЕК автоматтандырылған тағайындау жүйесiн және аз қамтылған отбасылар бойынша бөлiнген дерек қор жасалды.
"Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру нәтижесiнде жан басына шаққандағы табысы кедейлiк деңгейiнен де төмен аз қамтылған азаматтардың саны азайды (2002 жылдың басындағы 10,2%-тен 2004 жылдың 1 қаңтарында 6,6%-ке (немесе 859,8 мың адам).
Кедейлiк, жұмыссыздық және АӘК көрсету проблемаларының жүйелiк байланысы бекiтілдi. АӘК алушылардың басым бөлiгі балалар (2003 жылы олардың үлесi 60,3% немесе 518,6 мың адамды құрады). АӘК алушы басқалардың арасында балаларға күтiм жасаумен айналысатындар, жұмыссыздар, мүгедектер, зейнеткерлер, өз бетiмен жұмыспен қамтылғандар, жұмыс істейтiндер бар.
Аз қамтылған азаматтардың әрбiр санатына қатысты тиiстi шаралар: баяу - материалдық көмек; белсендi - жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кедей халықтың еңбекке қабылетті бөлігін рынок талаптарына бейiмдеу қолданылады.
Аз қамтылған азаматтар құрамында балалардың үлесi басым екендiгін ескерсек, аналар мен балаларды қолдау шаралары ерекше маңызға ие болады. Бұл үшін 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап бала туғанда отбасының табысына қарамастан республикалық бюджеттің қаражаты есебiнен 15 АЕК мөлшерiнде біржолғы жәрдемақы төлеу енгізілдi. Қосымша балалар жәрдемақыларын енгізу жөнiнде ұсыныстар әзiрленуде.
Соңғы жылдары еңбек рыногының жағдайы жұмыспен қамтудың өсiп, жұмыссыздық деңгейiнiң тиiсiнше азайып келе жатқанымен сипатталады. Республика экономикасында 2004 жылғы қаңтарда 6862,8 мың адам еңбек қызметiмен қамтылды, оның iшiнде жалданып iстеушiлердiң саны 4219,8 мың адамды құрайды. Жұмыспен қамтылғандардың жартысынан астамы iрi және орта кәсiпорындарда iстейдi.
Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттігінiң деректерi бойынша 1999 жыл мен 2003 жылдар аралығындағы кезеңде жұмыссыздық 4,7% азайды және ағымдағы жылдың басында 8,8%-ды құрады. Жұмыспен қамту мәселелерi жөніндегі уәкілетті органдар тiркеген жұмыссыздар саны азайып келедi. Мәселен, 2004 жылғы 1 қаңтарда 2002 жылмен салыстырғанда ресми жұмыссыздық 25% астамға азайды. Жұмыссыздар құрылымында әрбiр екiншi адам - әйел, әрбiр үшiншiсi 15-39 жастағылар. Жұмыспен қамту проблемасы бiржақты өнеркәсiбi бар қалалар мен күйзелiске ұшыраған ауылдық аймақтарда әсiресе өткiр.
Республикадағы еңбек рыногы жағдайының мониторингін жасау үшiн облыстар, қалалар мен аудандар бөлiнiсiнде жұмыс күшiне деген нақты ұсыныс пен сұранысты көрсететін деректер базасы жасалды. Қазiргi күнi ұсыныстың сапасы мен кәсiптiк-біліктiлiк құрылымының сәйкессіздiгi және халықтың оңтайлы жұмысқа қабiлетiнiң төмендiгi себебiнен жұмыс күшi жергілiктi еңбек рыноктарында тапшы бола тұрса да оған Қазақстанда жеткілiктi сұраныс бар екенiн талдау көрсетiп отыр. Жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегі органдардың бос жұмыс орындарының ай сайынғы банкi 15-17 мың бiрлiктi құрайды. Алайда кәсiби белгісi бойынша жұмыс күшiне сұраныс пен ұсыныстың сәйкес келмейтіндігінен бір бос жұмыс орнына айына орташа 9-10 жұмыссыз үміттенеді.
Бiлiм беру қызметiн көрсету рыногы сұраныстың өзгеруiне жедел ілесе алмайтын болып шықты, ал бұл біліктi жұмысшы кадрларға тапшылық проблемасын шешуге және жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныстың арасындағы үйлеспеушілікті жоюға мүмкiндiк бермейдi.
Кедейлiкті азайтудың 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасын, Ауыл жылын өткізу жөніндегі iс-шаралардың жоспарын iске асыру барысында жұмыспен қамтуға белсендi жәрдемдесудiң нәтижелерi жақсарды. 2003 жылы елде 244,3 мың жұмыс орны (2002 жылы - 211,5 мың), соның ішінде 60% ауылдық жерлерде құрылды. Жұмыспен қамту жөніндегі органдардың жәрдемiмен өтiнiш жасағандардың (2002 жылғы 148,6 мың адаммен салыстырғанда 154,6 мың адам) әрбiр екiншiсi жұмысқа орналастырылды. 2002 жылмен салыстырғанда ауылдық жерлерде жұмысқа орналасқандардың саны 20,6%-ға көбейдi. Жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органдарға өтiнiш жасағандардың жартысынан астамы қоғамдық жұмыстарға қатысады.
Жұмыссыздардың бiраз бөлiгi оқуға, қайта даярлауға және біліктiлiгiн арттыруға жiберiледi. 2003 жылдың өзiнде ғана 25 мыңнан астам адам оқуды және қайта даярлықты аяқтады.
Елде заңсыз жұмыспен қамту проблемасы бар. Жұмыссыздық тиісінше тіркелмей жүзеге асырылатын кiрiс әкелетiн қызметтің түрлерін дамытуды туындатып отыр. Жұмыспен қамтудың биресми секторы еңбек көші-қоны, ең алдымен заңсыз көші-қонның есебiнен кеңейтiп келедi.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу саясатын iске асыруда белгiлi бір проблемалар бар, ол жұмыспен қамту жөніндегі уәкілеттi органдар тiркейтiн жұмыссыздық деңгейi шын мәніндегі деңгейден әлдеқайда төмен. Жаңа жұмыс орындарын құру қарқыны жұмысқа орналастырылған жұмыссыздар санының көбеюiмен сәйкес келе бермейді, қайта оқудан өткен жұмыссыздардың үштен бiрiнен астамы еңбек рыногында өз орнын таба алмай жүр, қоғамдық жұмыстар түрiнiң бәрi бiрдей экономикалық жағынан тиiмдi емес. Биресми сектордағы жұмыспен қамтуды заңдастыру жөнiнде қабылданып жатқан шаралардың тиiмділігі аз.
Реформалар жүргізілген жылдар ішінде еңбек қатынастарын реттелуге тұжырымдамалық тәсiлдер заңды түрде бекітілдi. Ол өнiмдi еңбекпен қамтуға жәрдемдесуге, азаматтардың еңбек бостандығына және қауiпсiз еңбек жағдайларына конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазiргі уақытта заң актілерiнің тұтас пакетi қолданылуда, ол: "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы", "Ұжымдық шарттар туралы", "Кәсіптiк одақтар туралы", "Ұжымдық еңбек даулары және ереуiлдер туралы", "Қазақстан Республикасындағы әлеуметтiк әрiптестік туралы" және т.б.
Осы заң актілерiн қабылдаудың нәтижесiнде еңбек қатынастарын бұрынғыдай орталықтан басқарудың нормалары жойылды, бiрiн-бiрi қайталайтын ережелер алып тасталды, еңбек қатынастарын шарттар арқылы реттеу кеңейтілдi, әлеуметтік әрiптестiктi дамытуға, еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғауды, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге арналған құқықтық база жасалды.
Сонымен бiрге:
- қолданыстағы еңбек туралы заңдардың көптеген ережелерi бүгiнгi күннiң ақиқатына сәйкес келмейдi. Еңбек қатынастары тым орталықтандырыла регламенттелiп, оларды шартпен реттеу негізсiз шектелiп келедi, қызметкерлер үшiн жоғары еңбек өнiмділігіне тиiстi ынта туғызылмай келедi, биресми еңбек қатынастарын заңдастырудың пәрмендi шаралары жоқ;
- еңбек және еңбектi қорғау туралы заңдарда жүйелілiк жоқ, еңбек құқығының қолданыстағы нормалары келісілмеген, ал кей жағдайларда олар бiр-бiрiне қайшы келедi.
Осының бәрi еңбек заңдарын жетiлдiру жөнiнде жұмыстар жүргiзуге әкеп отыр. Қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық актiлердi түгендеу жүргiзiлдi, "Еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы кодекс (бұдан әрi - Еңбек кодексi) әзiрленуде.
2001 жылы қайта құрылған Мемлекеттік еңбек инспекциясы еңбек туралы және еңбектi қорғау туралы заңдарды бақылайды және оны бұзудың алдын алады. Жыл сайын мемлекеттік еңбек инспекторлары бiр жарым мыңнан астам тексеру жүргізедi, оның барысында еңбек заңдарын бiршама бұзушылықтар анықталады. Жарақаттану мен кәсiби аурулар азайғанымен де, олардың деңгейi әлi де жоғары күйiнде қалып отыр.
Еңбек заңдарын негiзгi бұзушылықтар мыналар: жеке еңбек шарттарын жасасуды ресiмдеуде бұзушылық, өндiрiстiң дұрыс ұйымдастырылмауы, қауiпсiздiк техникасы нормаларының сақталмауы, қызметкерлердiң жұмыстан заңсыз шығарылуы, жалақыны төлеудiң кешіктiрiлуi, жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимiнiң сақталмауы және тағы басқалар болып табылады.
Бұзушылықтың алдын алу және еңбек қатынастары субъектілерiнiң мүдделерiн келiсу тетiктерiнiң бiрi әлеуметтiк сұхбатты дамыту болып табылады. "Қазақстан Республикасындағы әлеуметтiк әрiптестік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Тараптардың Бас келісім бойынша қабылданған мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ету жөнiнде үш жақты ынтымақтастықтың барлық деңгейiнде әлеуметтiк әрiптестермен сындарлы сұхбат жүргiзiледi.
Еңбекақы саласында республикада еңбекақыға белгіленген ең аз мөлшерден төмен емес мемлекеттік кепiлдiкті, бюджет саласы қызметкерлерiнiң жалақысын реттеудi, ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы қызметкерлер, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында еңбекақы деңгейiн реттеудiң шарттық қағидатын енгізудi айқындайтын құқықтық база құрылды және жетiлдiрiлуде.
Халықтың еңбекақы және ақшалай табыстарының өсу саясаты тұрмыс деңгейiнiң экономикалық өсумен байланыстылығы ескеріліп құрылады, ал ұзақ мерзiмдi жоспарда әлеуметтiк қамсыздандыру деңгейiн арттыру үшін негіз құрайды.
2002 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын бюджеттік сала қызметкерлерi еңбекақысының жаңа жүйесi енгiзiлдi. Бюджеттік сала қызметкерлерiнiң еңбекақысын өсiру жөнiнде шаралар қолданылуда.
Алайда, еңбекақы төлеуде мынадай проблемалар бар:
- еңбекақының салыстырмалы төмен деңгейi;
- жалақы өсуiнiң еңбек өнiмділігінiң өсуiмен байланысты болмауы;
- өңiрлiк және салалық бөлiнiстерде жалақыдағы негізсiз жоғары саралаудың қалыптасуы.
II бөлiм. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
Бағдарламаның мақсаты:
мемлекет, жұмыс берушi және қызметкер арасындағы жауапкершілiктi бөле отырып, әлеуметтік қамсыздандырудың қаржылық тұрақты, экономикалық тиiмдi, әлеуметтiк әдiл үш деңгейлi жүйесiн құру болып табылады.
Мақсатына сәйкес Бағдарлама әлеуметтік көмектiң атаулылығын күшейтуге; өнiмдiлiгi жоғары еңбектi ынталандыруға; азаматтардың ресми сектордағы еңбекке ынтасын арттыруға және көлеңкелi жұмыспен қамтуды заңдастыру үшiн жағдайлар жасауға бағытталған.
Осы мақсаттарға орай Бағдарлама мыналарды көздейдi:
- мемлекеттік әлеуметтiк стандарттарды халықаралық стандарттарға кезең-кезеңiмен жақындату;
- негiзгi әлеуметтiк қатерлердi (қарттықтың басталуы, еңбек қабілетінен айрылу, асыраушысынан айрылу, жұмысынан айрылу) әлеуметтiк сақтандыруды дамыту;
- әлеуметтiк көмектi ұйымдастыруды жетілдiру;
- әлеуметтiк қамсыздандыру мен әлеуметтiк қызметтердiң қол жетiмділігін кеңейту;
- мүгедектердi әлеуметтік оңалтуды жетілдіру;
- ресми сектордағы өнiмдi еңбекке уәждемелеу жөніндегі еңбек заңдарын одан әрi жетілдiру және жалақы өсiмiнiң еңбек өнiмдiлiгінiң өсiмiне қатыстылығын белгiлеу үшiн жағдайлар жасау;
- халықты әлеуметтік қамсыздандырумен қамтуды кеңейту және жеке таңдау мүмкiндiгiн жақсарту үшiн жағдайлар жасау;
- негiзгi субъектiлердi (мемлекет, қызметкерлер мен жұмыс берушiлер, алушылар) әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiн басқаруға қатыстырудың тетiктерiн жетiлдiру;
- әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн институттарды одан әрi дамыту;
- ақпараттық қамсыздандыру мен әлеуметтік статистиканы дамыту;
- әлеуметтік қамсыздандыру жүйесiнiң мамандарын даярлау мен қайта даярлауды қамтамасыз ету;
- жергiлiктi атқарушы органдардың Бағдарламаның өңiрлiк аспектілерiн iске асыруға жауаптылығын арттыру;
- әлеуметтік қамсыздандыру жүйесiнiң нормативтiк құқықтық базасын жетілдiру.
III бөлiм. Бағдарламаны iске асырудың
негiзгі бағыттары мен тетiгi
ҚР Үкіметінің 2006.13.01. № 40 қаулысымен 3.1. бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
3.1. Мемлекеттік әлеуметтiк стандарттарды жетiлдiру
Мемлекеттік әлеуметтiк стандарттарды жетілдiру жүйесi мыналарды көздейдi:
- әлеуметтік нормативтер мен стандарттардың бiрлiгін және бiрдейлiгін қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн базалық әлеуметтiк нормативтi (индикаторды) айқындау және бекіту;
- стандарттардың өзара байланысы мен оның құрылымдық элементтерiнiң қатар бағынуын көздейтiн жүйесiн қалыптастыру;
- базалық конституциялық кепiлдiктердi iске асыру үшiн жағдайлар жасау.
Адамның денсаулығын сақтауға және оның тiршiлігін қамтамасыз етуге қажетті ең төмен тұтыну себетi құнының негiзiнде анықталатын ең төменгi күнкөріс деңгейi бiрыңғай базалық әлеуметтiк индикатор болуға тиiс. Еңбекақы төлеу, зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтiк көмек беру саласында басқа ең төменгі мемлекеттік әлеуметтiк стандарттарды айқындау ең төменгі күнкөрiс деңгейi негiзiнде жүзеге асырылатын болады, бұл ең төменгi қажеттіліктердi қанағаттандыруға мемлекеттің кепiлдiгін iске асыруға мүмкiндiк бередi және олардың жүйелiк байланысын қамтамасыз етедi. Мемлекеттік әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары да бiрыңғай және қатар бағыну ескерiле отырып айқындалатын болады.
Мемлекеттік әлеуметтік стандарттар жүйесi бiрте-бiрте жетілдiріліп, халықаралық стандарттарға жақындатылатын болады.
Ол үшiн:
- ең төменгi күнкөрiс деңгейiн айқындау әдiстемесiне өзгерiс енгізу қажет. Оның негiзi тұрмыстық игілiктер мен қызметтердiң ең төменгi әлеуметтiк қажетті деңгейiн көрсететiн тұтыну бюджетi болмақ;
- айлық жалақының ең төменгі мөлшерiн ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен төмен емес деңгейде белгiлеу, бұл, ең қарапайым біліксiз еңбек жұмыскерiне қатысты жұмыс күшін молайтудың мемлекеттік кепiлдiгін iске асыруды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi;
- ең төменгi күнкөрiстi мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды есептеу үшiн негiзгi стандарт ретiнде белгiлеу (2006 жылдан бастап);
- ең төменгі күнкөрiс деңгейiн толық немесе iшiнара мемлекеттік қамтамасыз етілетiн (медико-стационарлық мекемелер, мектепке дейiнгi балалар мекемелерi және басқалары) азаматтарға жұмсалатын мемлекеттің шығыстарын құрау тәртібін және халықтың ең аз қорғалған жiктерiн қолдауға бағытталған АӘК мөлшерiн айқындау үшiн қолдануды қамтамасыз ету қажет.
Мемлекеттік әлеуметтiк стандарттарды жетiлдiру жөніндегі iс-шараларды iске асыру халықтың әртүрлi топтарына бiркелкi әдiс-амалдарын қалыптастыруға, әлеуметтiк қорғаудың әдiл сипатын қамтамасыз етуге және ел азаматтарын қамтамасыз етудiң конституциялық кепiлдiктерiн iске асыруға мүмкiндiк бередi.
3.2. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесiн жетілдiру
Әлеуметтік реформаларды одан әрi тереңдету әлеуметтiк қамсыздандырудың үш деңгейлi жүйесiн құруды көздейдi:
бiрiншi деңгей (негізгi) - мемлекет кепілдiк беретін әлеуметтік жәрдемақылардың ең төменгi мөлшерi. Бұл халықтың әлеуметтiк осал жiктерiнiң барлық санатына еңбек еткен жылдары мен жалақыларына қарамастан, бiрдей әлеуметтiк қатер жағдайында, деңгейi бойынша ең төменгі төлемдер алуға тең құқықтарын iске асыруды қамтамасыз етедi;
екiншi деңгей (мiндеттi) - жұмыс iстейтiн (жұмыс iстеген) адамдарды мiндетті әлеуметтiк сақтандыру есебiнен жүзеге асырылатын әлеуметтiк төлемдер. Жұмыс берушiлердiң және/немесе қызметкерлердiң мiндетті сақтандыру жарналары мiндетті әлеуметтiк төлемдердiң көзi болып табылады. Бұл жағдайда, әлеуметтiк қамсыздандыру деңгейi әр адамның сақтандыру жүйесiне қатысуының ұзақтығы мен мөлшерiне байланысты;
үшiншi деңгей (қосымша) - әлеуметтік төлемдердiң ерiктi аударымдар есебiнен жүзеге асырылуын пайымдайды. Аударымдар бұл жағдайда, жеке, жинақтаушы, ерiктi және/немесе кәсіптiк болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2006.13.01. № 40 қаулысымен 3.2.1. бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
3.2.1 Әлеуметтiк қамсыздандырудың негiзгi деңгейi
Қазақстан Республикасының барлық азаматтары негiзгi әлеуметтiк қатерлер туындаған жағдайда, еңбек стажы мен жалақысына қарамастан, негізгі әлеуметтiк жәрдемақы алу құқығына ие болады.
Әлеуметтiк қамсыздандырудың негiзгі деңгейiне мынадай әлеуметтiк төлемдер кiретiн болады:
- қартаюына қарай мемлекеттік негiзгi зейнетақы төлемдерi;
- мүгедектiгi бойынша мемлекеттік негiзгi жәрдемақы;
- асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік негiзгi жәрдемақы;
Әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесінің негiзгi деңгейiн қалыптастыру үшін:
- мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен жәрдемақылар мөлшерiн (жасы, мүгедектігі, асыраушысынан айрылуы бойынша) есептеудiң әдiстемесiн кезеңiмен өзгерту жоспарлануда. Жәрдемақылардың мөлшерi ең төменгi күнкөрiс деңгейiне қатысты айқындалатын болады.
- 2005 жылғы 1 маусымнан бастап негiзгi зейнетақыны Қазақстан Республикасының барлық азаматтары үшiн зейнетақы жасына жеткен кезде кезең-кезеңімен енгізу.
Бiрiншi кезеңде (2005 - 2007 жж.) тек қана ынтымақты зейнетақы жүйесiнiң қатысушылары үшiн негізгi зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi 3000 теңге мөлшерінде белгiленетiн болады. Келесi кезеңдерде жасына байланысты мемлекеттік жәрдемақы төлеу жойылады және республиканың барлық азаматтары қарттықтың басталуы кезiнде негiзгi зейнетақы төлемiн алатын болады, негiзгi зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi КМ-нiң 75%-iне дейiн жеткiзiледi.
- жұмыстан айрылу қатерi басталған кезде мемлекет кепiлдiк беретiн әлеуметтiк қамсыздандырудың негізгi деңгейi материалдық көмек нысаны (АӘК), сондай-ақ еңбекке орналасуға жәрдемдесу, кәсiби қайта даярлық және жергілiктi бюджеттер қаражаты есебiнен ақы төленетiн қоғамдық жұмыстар ұсыну болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2006.13.01. № 40 қаулысымен 3.2.2. бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
3.2.2. Негiзгi әлеуметтік қатерлердi әлеуметтiк сақтандыруды
дамыту (қарттықтың басталуы, еңбек ету қабiлетiнен айрылу, асыраушысынан
айрылу, жұмысынан айрылу)
Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесiн дамыту негiзгi деңгейге қосымша әлеуметтiк қатерлердi сақтандырудың мiндетті және epiкті схемаларын енгізу негiзiнде жүзеге асырылатын болады.
А. Қарттықтың басталуы кезiнде әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар үшiн:
ынтымақты зейнетақы жүйесi бөлiгiнде
- тұтыну бағаларының өсуiн және қолданыстағы заңнамаға сәйкес төлемдер бойынша шектеудi ескере отырып, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан (бұдан әрi - ЗТМО) зейнетақы төлемдерi мөлшерiн кезең-кезеңiмен арттыру;
мiндеттi жинақтаушы зейнетақымен қамсыздандыру бөлiгiнде
- жинақтаушы зейнетақы қорларынан (бұдан әрi - ЖЗҚ) және сақтандыру ұйымдарынан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң тетігiн жетілдiру;