6. Алдағы тоқсанға арналған өтінім тиiстi тоқсан басталғанға дейiн алпыс күнтiзбелiк күннен кешіктiрмей беріледі. Өтiнiмдi тоқсан басталғанға дейiн 20 күн бұрын Тапсырысшының түзетуiне жол беріледі.
7. Алдағы айға арналған өтiнiм тиiстi есеп айырысу кезеңi басталғанға дейiн он күнтізбелiк күннен кешiктірмей беріледі.
8. Электр энергиясын беру және/немесе бөлу көлемдерiнiң өтiнiмiн Тапсырысшы Орындаушыға жазбаша нысанда бередi.
9. Электр энергиясын шарттасқан берудiң және/немесе бөлудiң айлық көлемiн түзету жөніндегі ұсыныстарды Тараптар өзгерістер басталғанға дейiн кемінде 1 (бiр) тәулiк бұрын жедел келiседi және шарттық шама көлемiн түзету жөніндегі өтiнiм түрiнде ресiмдейдi.
Электр энергиясының тәулiктік көлемiнiң және оларды қуаты бойынша бөлудiң айлық өтінiмiне Тапсырысшының түзетуiне жол беріледі. Түзету:
1) көлемi түзетілетiн алдағы тәулiктерге тәулiктің 10-00 сағатынан кешiктiрмей берілетін тәуліктік өтiнiм;
2) көрсеткiштерi түзетiлетiн мерзiм басталғанға дейiн отыз минуттан кешiктiрмей берілетін жедел өтiнiм арқылы жүзеге асырылады.
10. Тәуліктік өтiнiмдi Тапсырысшының уәкілетті өкiлi факсимильдiк байланыс арқылы бередi.
11. Телефонограмма нысанындағы жедел өтiнiмдi кейiннен оны мiндеттi түрде жазбаша ресiмдей отырып, Тапсырысшының уәкілетті өкілі бередi. Тапсырысшы Орындаушыға жазбаша хабарлама арқылы жедел өтінiмдер берушi уәкілетті өкілдiң тегiн, аты мен әкесiнiң атын уақтылы хабарлайды.
Орындаушыға Шартты орындау мақсатында Тапсырысшының айлық, тәулiктiк, жедел өтiнiмдерін, сондай-ақ мереке және демалыс күндерi түсетiн жедел өтінімдерiн қабылдауға тиiстi телефондардың және/немесе факсимильдiк аппараттардың нөмiрлерi өзгерген кезде Орындаушы Тапсырысшыны бұл туралы жазбаша хабардар етуге міндеттi.
12. Есеп айырысу кезеңінде жол берілетін шама электр энергиясын берудiң және/немесе бөлудiң нақты көлемiнiң мәлімделгеннен азаю жағына 10 % ауытқуы болып саналады.
4. Электр энергиясын есепке алу
13. Орындаушы жеткізу пункттерінде есеп айырысу кезеңi ішінде берген және/немесе бөлген электр энергиясының нақты көлемi теңгерiмдiк тиесілiлiк шекараларында орнатылған коммерциялық есептеу құралдарының көрсеткiштерi негiзiнде есеп айырысу кезеңiнiң бiрiншi күнтізбелiк күнінің 00-00 сағатынан бастап соңғы күнтiзбелiк күнiнің 24-00 сағатына дейiн айқындалады.
Есеп айырысу кезеңi iшiнде берілген және/немесе бөлiнген электр энергиясының нақты көлемi коммерциялық есептеу құралдары көрсеткiштерiнiң негізінде жасалатын берiлген және/немесе бөлiнген электр энергиясының көлемдерін салыстыру актiсiмен расталады.
14. Тараптардың коммерциялық есептеу құралдары қолданыстағы заңнамаға сәйкес тексерiлуге және оларға пломба салынуға тиiс. Тараптар көрсеткіштерді алу, телеөлшеуiштер тiзбектерi мен коммерциялық есептеу жүйелерiнiң техникалық жай-күйін тексеру үшін бiр-бiрiне жұмыс күндерi сағат 8-00-ден бастап 20-00-ге дейiн коммерциялық есептеу құралдарына қол жеткізуге рұқсат беруге тиiс. Егер айлық көрсеткiштердi алу кезiнде тараптардың бiрi болмаса, онда екiншi тарапқа көрсеткiштердi алуды дербес жүргізуге рұқсат беріледі.
15. Тараптар тараптардың қолдары қойылатын және мөрлерiмен расталатын тиiсті есеп айырысу кезеңi iшiнде берiлген және/немесе бөлiнген электр энергиясының көлемiн салыстыру актiсiн келесi есеп айырысу айынан кейiнгі күнтiзбелiк айдың 5 күнiне дейiнгi мерзiмде ресiмдейдi. Салыстыру актiсi есептiден кейiнгі күнтізбелiк айдың 3 күнiнен кешiктiрмей Орындаушы Тапсырысшыға ұсынған коммерциялық есептеу құралдары деректерінің негізінде жасалады. Тараптардың бiрi салыстыру актісiне қол қоюдан бас тартқан жағдайда берiлген және/немесе бөлiнген электр энергиясының көлемiн растайтын құжат нақты теңгерiм болып табылады.
16. Егер электр энергиясының есебi Орындаушы мен Тапсырысшының теңгерiмдiк тиесілілік бөлiмiнiң шекарасынан жүргiзiлмеген жағдайда, онда берілген және/немесе бөлiнген электр энергиясының нақты көлемi шекарадан есептеу құралдары орнатылған орынға дейінгі учаскедегi электр энергиясының ысыраптарын қоса отырып, коммерциялық есептеу құралдары бойынша айқындалады.
Шекарадан есептеу құралдары орнатылған орынға дейiнгi учаскедегi электр энергиясының есептiк ысыраптарын Орындаушы айқындайды және желiнiң осы учаскесi теңгерiмiнде тұрған тараптың шотына жатқызады.
Егер Тапсырысшы ысыраптардың есептiк шамасымен келiспеген жағдайда, ол өз есебiнен энергетикалық сараптама жүргiзуге уәкілетті органның рұқсаты бар ұйымды тарта отырып, сараптама жүргізуге құқылы.
Егер көрсетiлген сараптаманың нәтижелерi бойынша ысыраптардың есептiк шамасы асыра көтерiлгенi анықталған жағдайда, онда осы шығындарды Орындаушы өтеуге тиiс.
17. Тараптар өз есебiнен өздерiнiң теңгерiмiнде тұрған коммерциялық есептеу құралдарына тиiстi метрологиялық стандарттармен көзделген мерзiмде метрологиялық тексерулер жүргізеді.
Тараптар талап етушi тарап есебiнен жүргiзілетiн қосымша тексерулер жүргiзудi талап ете алады.
Егер қосымша тексеру кезiнде коммерциялық есептеу құралдары көрсеткiштерiнiң олардың дәлдiк класы жол беретiн ауытқудан асқаны анықталған жағдайда, онда қосымша тексеру жөніндегі шығындарды коммерциялық есептеу құралдарының иесi төлейдi.
18. Орындаушы электр энергиясын есептеу схемасындағы бұзушылықтарды, есептiк есептеу құралдарындағы ақауларды тапқан кезде, Орындаушы Тапсырысшыны немесе оның тұтынушысын электр желісінен ажыратады, тиiстi акт ресiмдейдi және жоғарыда көрсетілген бұзушылықтар және/немесе ақаулар анықталған сәттен бастап 24 сағат ішінде заңнамада белгіленген тәртiппен Тапсырысшыға берiлген электр энергиясының көлемiне қайта есеп айырысу жүргiзедi.
Акт Орындаушы өкiлiнiң және тексерiлетiн Тапсырысшының немесе оның тұтынушысының не олардың өкiлiнiң қолы болған кезде жарамды. Акт Тапсырысшы немесе оның тұтынушысы қол қоюдан бас тартқан жағдайда да бiрақ оны Орындаушының және/немесе құрамына кем дегенде үш адам кiретiн кондоминиумды басқару органының комиссиясы ресiмдеген кезде жарамды деп есептеледі.
Тапсырысшыны немесе оның тұтынушысын электр желісіне қосу Орындаушы анықталған бұзушылықтарды жойған және жүргiзiлген қайта есеп айырысуға сәйкес ақы төлеген сәтiнен бастап жүзеге асырылады.
5. Тараптардың құқықтары мен мiндеттерi
19. Орындаушы Тапсырысшының тарапынан шарттық талаптар бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электр энергиясын берудi және/немесе бөлудi шектеуге немесе тоқтатуға құқығы бар.
20. Орындаушы мынадай жағдайларда:
1) Тапсырысшы Шарттың талаптарын және/немесе қолданыстағы заңнамада қойылатын талаптарды бұзған кезде;
2) егер сатушы босататын iстен шыққан қуатты ауыстыру және/немесе Орындаушының электр желілері бойынша электр энергиясының бағытын және қуатын Тапсырысшының мекен-жайына өзгерту мүмкiн болмаса, авариялық жағдай туындаған кезде;
3) егер электр энергиясын басқа бағыт бойынша беру және/немесе бөлу мүмкiндiгi болмаса, Тапсырысшының келiсімi бойынша оларды өткізу мерзiмiне жөндеудің жылдық немесе айлық кестесiнде көзделген өздерiнiң электр желiлерiне жөндеу жұмыстарын жүргiзген кезде, Шартта және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген өзге іс-әрекеттердi жасауға, сондай-ақ Тапсырысшыға электр энергиясын берудi және/немесе бөлудi шектеуге немесе толығымен тоқтатуға құқығы бар.
21. Орындаушы:
1) электр энергиясын беру және/немесе бөлу жөніндегі қызметтердiң барлық тұтынушылары үшін тең жағдайлар ұсынуға;
2) реттеушi орган бекіткен тарифтер бойынша электр энергиясын беру және/немесе бөлу жөніндегі көрсетiлген қызметтер үшін ақы алуға;
3) осы Шартта белгіленген жағдайлардан басқа электр энергиясын беруде және/немесе бөлуде үзiлiстерге жол бермеуге міндетті.
22. Тапсырысшының:
1) жасалған Шартқа сәйкес Орындаушының электр энергиясын беру және/бөлу жөніндегі қызметтерiн пайдалануға;
2) Орындаушыдан электр энергиясын берудi және/немесе бөлудi тоқтатудан, электр энергиясын кем жеткізуден немесе жасалған Шарттың белгілі бip талаптарына сәйкес оның стандарттық өлшемдерiне жауап бермейтiн жеткізуден келтiрілген залалдарды өтеудi талап етуге;
3) шарттарды жасасуға және орындауға байланысты даулы мәселелердi шешу үшiн сот органдарына жүгiнуге құқығы бар.
23. Тапсырысшы және оның тұтынушысы:
1) ток қабылдағыштар мен коммерциялық есептеу құралдарын тиісті техникалық жай-күйде ұстауға, нормативтiк құқықтық кесiмдермен айқындалатын техникалық шарттарды орындауға;
2) Шартта белгіленген энергияны тұтыну режимдерiн сақтауға;
3) Шарттың талаптарына сай электр энергиясын беру және/немесе бөлу жөніндегi қызметтерге уақтылы ақы төлеуге;
4) Орындаушының қызметкерлерiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесiмдерiне сәйкес электр қондырғыларының техникалық жай-күйiн және пайдалану қауiпсiздiгiн бақылауды жүзеге асыру үшiн Мемэнергияқадағалаудың қызметкерлерiн коммерциялық есептеу құралдарына жiберуге;
5) Орындаушыға Тапсырысшының тұтынушыларына электр энергиясын жеткізудiң тәулiктiк кестелерiн ұсынуға міндетті.
6. Тараптарға қойылатын талаптар
24. Тапсырысшыға қойылатын талаптар:
1) қабылдау пункттерiнде тиісті сападағы электр энергиясын оны электр желiлерi арқылы Тапсырысшының жеткізу пункттерiне мәлiмделген кестеге сәйкес көлемде беру үшiн Орындаушыға беру;
2) электр тұтынудың режимiн жүргiзу жөніндегі орталық диспетчерлiк басқармасының, диспетчерлiк қызметтiң, өңiрлiк диспетчерлiк орталықтың пәрмендерiн орындау;
3) күн сайын сағат 10-00-ге дейiн энергия өндiрушi ұйыммен келісілген жедел өтiнiмдi, онда Тапсырысшының келесi тәулiктерге арналған жүктелiмнiң тәулiктiк кестесiн көрсете отырып, ұсыну. Өндiрiстік қажеттiлiк жағдайында (авариялық жағдайлар, жүктелiмдердiң технологиялық төмендеуi) жедел өтiнiм түзету үшiн Орындаушыға дереу жолданады;
4) күн сайын сағат 10-00-ге дейiн өткен тәулiктер iшiнде берiлген және/немесе бөлiнген электр энергиясының нақты көлемi туралы Орындаушыға ақпарат беру;
5) Орындаушыға бiр энергия көзiнен басқасына өту туралы осындай өту басталғанға дейiн кемiнде 72 сағат бұрын ескерту;
6) Шарт жасасу кезiнде (егер Тапсырысшы энергиямен үздiксiз жабдықтау объектiсi болып табылса) Орындаушыға авариялық бронь актiсiн және банктiң не қазынашылықтың (облыстық қаржы басқармасының) Тапсырысшының энергиямен үздiксiз жабдықтау объектiлерiнiң энергияны авариялық бронь мөлшерiнде тұтынғаны үшiн есеп айырысу жөніндегі кепілді мiндеттемелерiн ұсыну;
7) электр энергиясын импорттау жағдайында Тапсырысшы өзiне кейiннен Орындаушының желiлерi бойынша беру үшiн Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өтетiн электр энергиясын декларациялау және кедендiк ресiмдеу, сондай-ақ осыған байланысты оның барлық көлемi бойынша тиiстi салықтар мен алымдарды төлеу жөнiнде мiндеттемелер қабылдайды. Бұл ретте Тапсырысшы Орындаушы үшін электр энергиясын беруге арналған рұқсат болып табылатын кедендiк декларацияның төртiншi данасын Орындаушыға беруге мiндеттi;
8) Тапсырысшының немесе оның тұтынушыларының басқаруындағы және қарамағындағы электр желiлерiн пайдалану қауiпсiздiгiн және электр энергиясы мен қуатын беруге және/немесе бөлуге байланысты пайдаланылатын құралдар мен жабдықтардың жарамдылығын қамтамасыз ету.
25. Орындаушыға қойылатын талаптар:
1) электр желiлерi бойынша тиісті сападағы электр энергиясын Тапсырысшының тұтынатын қуатының тәулiктiк кестесiне сәйкес беру;
2) Тапсырысшының энергиямен үздiксiз жабдықтау объектiлерi үшiн қажетті көлемде электр энергиясын Шартқа жеке келісім негiзiнде банктiң не қазынашылықтың (облыстық қаржы басқармасының) кепiлдi мiндеттемелерiн ескере отырып, авариялық бронь актiсiне сәйкес берудi және/немесе бөлудi қамтамасыз ету.
26. Егер электр энергиясын берудi және/немесе бөлудi шектеу/бағытын өзгерту қажеттігi Орындаушының электр желiлеріндегі авариялық жағдайдан туындаса, соңғысы Тапсырысшының атына дереу хабарлама жолдайды.
7. Есеп айырысу тәртібі
27. Орындаушының электр энергиясын беру және/немесе бөлу жөнiндегі қызметтерiне ақы төлеудi Тапсырысшы реттеушi орган бекiткен тарифке сәйкес жүргiзедi.
28. Тариф өзгерген жағдайда, Орындаушы бұл туралы Тапсырысшыны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ол қолданысқа енгізілгенге дейін отыз күннен кешіктірмей бұрын хабардар етедi.
29. Түпкiлiктi есеп айырысуды Орындаушының берілген және/немесе бөлiнген электр энергиясының көлемдерiн салыстыру актiсiнiң негiзiнде шығарылған төлемге шот-фактурасын iс жүзiнде ұсынған сәттен бастап Тапсырысшы бес банктік күн ішінде жүргiзедi.
30. Тапсырысшы Шарттың 15-тармағында көзделген мерзiмде оған берілген және/немесе бөлiнген электр энергиясының көлемiн салыстыру актiсiн ұсынбаған кезде, өткен есеп айырысу кезеңi iшіндегі Орындаушының қызметiне ақы төлеу мөлшерi берілген және/немесе бөлiнген электр энергиясының көлемiн салыстыру актісі ұсынылған жағдайда, кейiннен Орындаушының келесi есептiк кезеңдегі қызметтерiне ақы төлеу мөлшерiн түзете отырып, Орындаушының берілген және/немесе бөлiнген электр энергиясының көлемi туралы қолда бар жедел деректерiне сәйкес айқындалады.
31. Өткен кезеңдер үшiн берешегi болған кезде, төлем бiрiншi кезекте осы берешектi өтеуге жiберiледi. Тапсырысшы есеп айырысу кезеңi үшiн iс жүзiндегіден артық сома төлеген жағдайда, осы артық соманың айырмасы келесi есеп айырысу кезеңiнiң аванстық төлемiне (не тараптардың келісімi бойынша Орындаушының алдындағы Тапсырысшының өзге міндеттемелерi бойынша берешегiн өтеу есебiне, егер осындай болса) автоматты түрде есептеледi. Егер Тапсырысшы Орындаушының келесi есеп айырысу кезеңiне арналған қызметiнен бас тартса, Тапсырысшының Орындаушының алдындағы өзге де мiндеттемелерi бойынша берешегiн (егер осындай болса) өтеуге жүретiн соманы қоспағанда, артық төленген сома қайтарылады.
32. Егер Тапсырысшы шығарылған шоттың дұрыстығын дауласа, ол осы шотты алған күннен бастап бес күнтiзбелiк күн iшiнде Орындаушыны хабардар етедi және Орындаушыға қарсылықтарды баяндай отырып, жазбаша өтiнiш бередi. Бұл ретте Тапсырысшы жоғарыда көрсетiлген мерзiмдерде шоттың дауланбаған бөлiгiн төлеуге міндетті.
33. Егер бақылау-өлшеу құралдарының жарамсыздығының нәтижесiнде шоттарға түзету қажет болған жағдайда және басқа да жағдайларда, Тараптар кейiнгi есеп айырысу кезеңдерiнде шоттарға түзету енгiзедi.
34. Шот-фактурада көрсетiлген деректемелер бойынша Орындаушының ағымдағы шотына немесе Тапсырысшыға жолданған хабарламада Орындаушы көрсеткен деректемелер бойынша үшіншi тараптың ағымдағы шотына ақша есептеу Орындаушының электр энергиясын беру және/немесе бөлу жөніндегi қызметтерiне ақы төлеу бойынша Тапсырысшының мiндеттемелерiн орындауы деп танылады.
35. Тараптардың келісімi бойынша электр энергиясын беру және/немесе бөлу жөніндегі қызметтерге ақы төлеудiң қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтiн өзге де тәртібі мен нысаны белгiленуi мүмкiн.
36. Орындаушының электр желілеріндегi электр энергиясының нормативтiк ысыраптары есеп айырысу жолымен анықталады және оларды заңнамада белгiленген тәртiппен уәкілетті орган бекiтедi. Орындаушының электр желiлеріндегі электр энергиясының iс жүзіндегі ысыраптарының құнын Орындаушы генерациялау көзiне төлейдi.
8. Тараптардың жауапкершілігі
37. Осы Шарт бойынша мiндеттемелердiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн Тараптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапты болады.
38. Шот бойынша төлем мерзiмi келген сәтте оны төлемегенi үшiн, Орындаушы Тапсырысшы төлемеген сомалар бойынша, төлем мерзiмi аяқталған күннен кейiнгi келесi күннен бастап тұрақсыздық айыбын есептеуге құқылы. Мерзiмi өткен сомалар бойынша Орындаушы Тапсырысшыдан төлемнiң мерзiмi өткен әрбiр күнi үшiн Тапсырысшы ақшалай мiндеттемесiн iс жүзінде орындаған күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген 1,5 еселiк қайта қаржыландыру ставкасын негiзге ала отырып, есептелген тұрақсыздық айыбын төлеудi талап етуге құқылы.
39. Есеп айырысу кезеңi iшiнде электр энергиясын берудiң және/немесе бөлудің айлық көлемi тараптармен келісілгеннен Орындаушының кiнәсi бойынша iс жүзiнде төмендеген кезде, соңғысы кез келген көздерден кем жеткiзiлген көлемнiң орнын толтырады, олай болмаған жағдайда, Тапсырысшы электр энергиясын беру және/немесе бөлу жөніндегі қызмет құнының мөлшерiнде кем жеткiзiлген электр энергиясының көлемiн негiзге ала отырып, айыппұл салуға құқылы.
40. Егер энергия өндiруші ұйым Тапсырысшының атына шарттасқаннан төмен қуат берген жағдайда, онда Орындаушы сатушы босатқан қуатқа теңгерілетін шамаға дейiн Тапсырысшының атына берiлген қуатқа шектеу жүргізедi.
41. Төлемегенi немесе уақтылы төлемегенi үшiн, сондай-ақ энергия өндiрушi ұйымның электр энергиясын/қуатын кем бергенi үшiн шектеу немесе ажыратып тастау кезiнде туындаған салдарларға жауапкершілiк толығымен Тапсырысшыға жүктеледi. Бұл ретте Тапсырысшының тұтынушыларының, оның iшiнде энергиямен үздiксiз жабдықтау объектілерiнiң ажыратылуының ықтимал салдарлары үшiн барлық жауапкершілiк Тапсырысшыға жүктеледi.
9. Форс-мажорлық жағдайлар
42. Тараптар Шарт бойынша мiндеттемелердiң орындалмағаны немесе тиiстi дәрежеде орындалмағаны үшiн, егер бұл еңсерiлмес күш жағдайларының салдарынан болған жағдаяттар болса, жауапкершілiктен босатылады. Мұндай жағдайда тараптардың бiр де бipeуi залалдың орнын толтыруға құқығы жоқ. Тараптардың кез келгенiнің талабы бойынша мұндай жағдайда өзара міндеттемелердiң атқарылуын анықтайтын комиссия құрылуы мүмкiн. Бұл ретте тараптардың бiр де бipeуi Шарт бойынша еңсерiлмес күш жағдаяттары болғанға дейiн туындаған мiндеттемелерден босатылмайды.
43. Егер Тараптардың біреуі еңсерiлмес күштiң жағдаяттары болған сәттен бастап алпыс күнтізбелiк күн iшiнде өзiнiң Шарт бойынша мiндеттемелерiн орындауға шамасы келмейтiн болса, екiншi тараптың Шартты бұзуға құқығы бар.
10. Жалпы ережелер және дауларды шешу
44. Электр энергиясын беру және/немесе бөлу жөніндегі қызметтер көрсету шартын тараптар жеке тәртіппен жасасады.
45. Шарттың қандай да бір ережесі бойынша туындаған қандай да бiр дау немесе келiспеушілiк жағдайында тараптардың кез келгенi екiншi тарапқа даудың мәнiн толық баяндай отырып, наразылық жолдауға құқылы.
Тараптар туындаған дауларды келiссөздер жолымен реттеу бойынша қажеттi барлық күш-жiгерлерiн жұмсауға тиiс.
46. Келісімге қол жеткiзiлмеген жағдайда, Шарт бойынша барлық даулар мен келiспеушілiктер сот тәртібімен шешіледi.
47. Тараптардың Шарттан туындайтын және онымен реттелмеген қатынастары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледi.
48. Шарт тараптарда сақталатын және бiрдей заң күшi бар 2 данада жасалады.
Шарт мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер үшін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгі Қазынашылық комитетiнiң аумақтық органдарында тiркеледi және тiркелген сәттен бастап қолданысқа енедi.
11. Шарттың қолданылу мерзiмi
49. Шарт 200__жылғы»__»_______00-00 сағаттан бастап күшiне енедi және 200__жылғы»___»_____ 24-00 сағатқа дейiн қолданылады.
50. Шарттың қолданылу мерзiмi, егер Шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн отыз күн бұрын тараптардың біреуі бұл туралы мәлiмдece электр энергиясын беру және/немесе бөлу көлемiн нақтылай отырып, белгiлi бiр мерзiмге ұзартылады және Шартқа қосымша келісіммен ресiмделедi.
12. Тараптардың деректемелерi
Орындаушы:___________ | Тапсырысшы:______________ |
ҚР Үкіметінің 2005.01.06. № 546 қаулысымен қосымшамен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2009.03.03. № 237 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.23.07. № 735 Қаулысымен (бұр.ред.қара) үлгі шарт өзгертілді
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң
2003 жылғы 28 қарашадағы
№ 1194 қаулысымен
бекітілген
Жылу энергиясын беру және/немесе бөлу жөнiндегі
қызметтердi көрсетуге арналған үлгі шарт
_________________________ 200__жылғы »__»__________
(шарттың жасалған орны)
Бұдан әрі, Орындаушы деп аталатын____________________________
___________________________________________________________________
(жылу энергиясын беру және/немесе бөлу жөніндегі қызметтерді
___________________________________________________________________
ұсынатын субъектiнiң атауы, құрылтай құжаттары, мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк, берiлген күнi мен берген орган)
___________________________________________ негiзiнде әрекет ететiн
________________________________________________________ тұрғысында
(лауазымы, тегi, аты-жөнi)
бiр тараптан және бұдан Тапсырысшы деп аталатын____________________
негізінде әрекет ететiн____________________________________________
(пайдаланушы деректемелері, құрылтай құжаттары, мемлекеттік
___________________________________________________________________
тiркеу туралы куәлік берiлген күнi мен берген орган)
_________________________________________________________ тұрғысында
(лауазымы, тегі, аты-жөнi)
екiнші тараптан, мына төмендегiлер туралы осы Шартты (бұдан әрi - Шарт) жасасты.
1. Шартта пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Шартта мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
теңгерiмдiк тиесілік бөлiмiнiң шекарасы - Орындаушы мен Тапсырысшының тұтынушысы арасындағы жылу желісінiң теңгерiмдiк тиесілілігі немесе Шарт бойынша айқындалатын жылу желісінiң бөлу нүктесi;
тараптардың пайдалану жауапкершiлігін бөлу шекарасы - жылу тұтынатын қондырғылардың және/немесе желiнiң теңгерiмдiк тиесiлiлiктi немесе тараптардың келісімдерi бойынша айқындалатын тараптардың жылу тұтынатын қондырғыларының және/немесе желісінiң бөлу нүктесi;
төлем құжаты - Орындаушының, оның негiзiнде төлем жүргiзілетiн құжаты (есептеу құралдары көрсеткiштерінiң негiзiнде жасалған шоты, хабарламасы, түбiртегi, ескерту шоты);
есептеу аспабы (есеп айырысатын есептеу аспабы) - жылу энергиясын коммерциялық есептеуге арналған, қолдануға заңнамада белгіленген тәртiппен рұқсат етілген техникалық құрылғы;
есеп айырысу кезеңi - Орындаушының жылу энергиясын беру және/немесе бөлу жөніндегі қызметтерiнiң көлемдерi мен құнына есеп айрысу жүргізiлетiн уақыт кезеңi (күнтiзбелiк ай);
реттеуші орган - табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
жылу желісі - тұтынушыларға жылу энергиясын беруге және/немесе бөлуге арналған құрылғылардың жиынтығы;
жылу тұтынатын қондырғы - жылу энергиясын қабылдауға және пайдалануға арналған қондырғы немесе құрал;
уәкiлеттi орган - электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
жылу энергиясының нақты көлемi - Орындаушы Тапсырысшыға берген, есептеу құралдарының көрсеткiштерi негiзiнде немесе олар болмаған жағдайда, жергiлiктi атқарушы органдар бекiткен нормалар бойынша айқындалған жылу энергиясының көлемi.
2. Шарттың мәнi
2. Осының алдындағы Шартқа қойылатын міндетті талаптар:______
___________________________________________________________________
(осы тармақта міндетті талаптар, оның ішінде техникалық шарттың,
___________________________________________________________________
жылумен жабдықтау жүйелерінің техникалық әзiрлігі актiсiнiң, жылу
___________________________________________________________________
желілерiн ажырату актісінiң болуы және т.б. көзделеді)
3. Орындаушы Тапсырысшының тұтынушыларына жылу желiлерiн ажырату актiсiмен айқындалатын теңгерiмдiк тиесілілігі мен пайдалану жауапкершілігінiң бөлу шекарасына дейiн Орындаушының жылу желiлерi бойынша жылу энергиясын берудi және/немесе бөлудi жүзеге асыруға мiндеттенедi.
Бұл ретте, Тапсырыс берушінің тұтынушыларына жеткізілетін жылу энергиясының өлшемдері (сапасы) тараптардың теңгерімдік тиесілілігінің шекарасында орнатылған бақылау-өлшеу құралдарының көрсеткіштері бойынша айқындалады және ұлттық стандарттарда немесе өзге де нормативтік-техникалық құжаттамада белгіленген талаптарға, сондай-ақ Орындаушы жасаған және жергілікті атқарушы органдармен келісілген температуралық кестеге сәйкес келуге тиіс.
Егер тараптардың келісімiмен өзгеше келісілмесе жылу энергиясын беру және/немесе бөлу үздiксiз жүргiзіледi.
4. Тапсырысшы Орындаушыға Шартпен айқындалған талаптарда жылу энергиясын беру және/немесе бөлу жөніндегі қызметтерге ақы төлеуге, сондай-ақ жылу энергиясын тұтыну режимiн және осы Шартта көзделген басқа да талаптарды сақтауға мiндеттенедi.
3. Қызметтердi ұсынуды шектеудiң тәртібі
5. Орындаушы Тапсырысшыға осы Шартта көзделген, оның iшiнде:
Шартта белгiленген мерзiмдерде жылу энергиясын беру және/немесе бөлу жөнiнде ұсынылған қызметтер үшiн ақы төленбеген, бұл ретте, ескерту жазбаша түрде кем дегенде 15 күн бұрын ұсынылады;
жылу тұтынатын қондырғыларын Орындаушының жылу желісіне өз бетiмен қосқан;
жылу тұтынатын жүйелерiн есептеу құралдарының орнатылған орнына дейiн қосқан;
Орындаушының өкiлдерiн жылу тұтынатын жүйелерге және есептеу құралдарына жiбермеген (ескерту кем дегенде 3 тәулiк бұрын);
жылу тұтынатын қондырғылар мен жылу желілерінiң күзгi-қысқы кезеңде жұмысқа техникалық дайындығы актісiнсiз және сараптама ұйымының қорытындысынсыз Орындаушының жылу желісіне қосқан (ескерту жылу энергиясын берудi тоқтатқанға немесе шектегенге дейiн кем дегенде 3 тәулiк бұрын);
уәкілетті орган растаған жоспарлы жөндеулер жүргiзiлген жағдайларда жылу энергиясын берудi және/немесе бөлудi тоқтатуға немесе шектеуге құқылы.