3-тарау. Авторлар мен патент иеленушілер
9-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң авторы
1. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн шығармашылық еңбегiмен жасаған жеке адам оның авторы деп танылады.
2. Егер өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн жасауға бiрнеше жеке адам қатысса, олардың бәрi оның авторы (қосалқы авторы) болып есептеледi.
Қосалқы авторлардың тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртібі олардың арасындағы келісіммен белгiленедi.
Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн жасауға өзінің шығармашылық үлесін қоспаған, авторға тек техникалық, ұйымдық немесе материалдық көмек көрсеткен, не оған құқықты ресiмдеуге және оны пайдалануға ғана жәрдемдескен жеке адам автор деп танылмайды.
3. Авторлық құқық айыруға болмайтын жеке құқық болып табылады және мерзiмсiз қорғалады.
4. 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды; 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 5-тармақ жаңа редакцияда; 2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасындағы өнертапқыштық қызметті насихаттау және ол туралы хабардар болуды арттыруды қолдау мақсатында уәкілетті орган ғылым, инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органдармен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, әлеуметтік және экономикалық маңызы бар, бәсекеге қабілетті, экологиялық қауіпсіз өнертабыстарды іріктеу бойынша жыл сайынғы «Шапағат» конкурсын өткізу, сондай-ақ неғұрлым маңызды және кеңінен пайдаланылатын өнертабыстардың авторлары үшін «Еңбек сіңірген өнертапқыш» атағын беру тәртібін әзірлейді және айқындайды.
2009.10.07. № 179-IV ҚР Заңымен 10-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10-бап. Патент иеленуші
1. Қорғау құжаты:
1) өнеркәсіптік меншік объектісінің авторына (авторларына);
2) осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда жұмыс берушіге;
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) құқықтық мирасқорға (құқықтық мирасқорларға), оның ішінде басқаға беру тәртібімен тиісті құқықты алған адамға (адамдарға);
4) бір-бірімен келісімдері болған жағдайда осы тармақта көзделген адамдарға бірге беріледі.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектілеріне қорғау құжаттарының құқықтары жұмыс берушіге тиесілі болады.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Егер автор мен жұмыс беруші арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, автор өзінің қызметтік міндеттерін немесе жұмыс берушінің нақты тапсырмасын орындаумен байланысты емес, бірақ жұмыс берушінің ақпаратын, сондай-ақ техникалық немесе өзге де материалдық құралдарын пайдалана отырып жасаған өнертабысқа, пайдалы модельге немесе өнеркәсіптік үлгіге қорғау құжатын алу құқығы авторға тиесілі болады.
Егер өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісі құрамына осы жұмыс берушінің қызметкері болып табылмайтын адам кіретін бірнеше адамның бірлескен шығармашылық еңбегімен жасалса, мұндай адамның осы өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісіне қатысты құқықтары оның аталған жұмыс берушімен және басқа да авторлармен жасасатын шартында анықталады.
Егер өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектілерін шарт негізінде бірнеше жұмыс берушінің жұмысты бірлесіп орындауы нәтижесінде авторлар жасаса, осы жұмыс берушілердің өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектілеріне құқықтары олардың арасындағы шартпен анықталады.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісі жасалған жағдайда, автор өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісін жасау фактісі анықталған күннен бастап бір ай ішінде жұмыс берушіні жазбаша түрде хабардар етеді.
Хабарламаға автор (авторлар) қол қояды және онда:
1) автордың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және атқаратын қызметі көрсетілуге;
2) өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісінің атауы;
3) оның жасалу жағдайы мен орны, болжалды қолданылу саласы;
4) жұмыс берушінің қызметіндегі өнеркәсіптік меншік объектісінің мәнін ашуға, санатын айқындауға және жарамдылығын бағалау үшін жеткілікті түрде толық жасалған сипаттама қамтылуға тиіс.
Жұмыс беруші автор (авторлар) берген өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісінің жасалғаны туралы хабарламаны оны берген күні қабылдауға және тіркеуге міндетті, бұл жөнінде авторға (авторларға) жазбаша нысанда хабарланады.
Егер сипаттама және өтінімді ресімдеуге қажетті өзге де мәліметтер толық болмаса, онда жұмыс берушінің қызметкерден өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісі туралы қосымша материалдарды сұратуға құқығы бар, ол қосымша материалдарды сауал алған күннен бастап бір ай ішінде ұсынады. Мұндай жағдайда осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзімінің өту барысы тоқтатыла тұрады және сұратылған мәліметтер алынғаннан бастап қайта қалпына келтіріледі.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Егер қызметкер қорғау құжатын алуға құқылы жұмыс берушіні өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісінің жасалғандығы туралы хабардар етпесе, онда осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзім жұмыс берушіге оның жасалғаны туралы белгілі болған күннен басталады.
Егер өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісінің жасалу фактісін жұмыс беруші анықтаса, онда ол бұл жөнінде авторды жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті. Бұл ретте, егер өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісіне қорғау құжатын алу құқығы жұмыс берушіге тиесілі болса, жұмыс беруші авторды өзінің тиісті өтінімді ресімдеуді бастағаны туралы хабардар етуге тиіс, ал автор жұмыс берушінің талап етуі бойынша өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісіне өтінімді ресімдеу үшін қажетті қосымша ақпаратты және барлық авторлардың тізімін жазбаша нысанда ұсынуға тиіс.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Жұмыс беруші өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісіне қорғау құжатын алудан оларды беруге өтінім бергеннен кейін не қорғау құжатын күшінде ұстап тұрудан бас тартқан жағдайда, бұл жөнінде авторды уақтылы жазбаша нысанда хабардар етуге және авторға қорғау құжатын алу құқығын не алынған қорғау құжатын өтеусіз беруге міндетті.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Егер жұмыс беруші өзін автор хабардар еткен күннен бастап төрт ай ішінде өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісіне қорғау құжатын беруге өтінім бермесе, қорғау құжаттарын алу құқығын басқа тұлғаға бермесе және тиісті объектіні құпия сақтау туралы авторға хабарламаса, онда қорғау құжатын алу құқығы авторға көшеді. Бұл жағдайда жұмыс берушінің тиісті өнеркәсіптік меншік объектісін патент иеленушімен шарт бойынша өз өндірісінде пайдалануға басым құқығы бар.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Тараптардың ешқайсысының бұл жөнінде екінші тарапты хабардар етпей, өнеркәсіптік меншіктің қызметтік объектісіне қатысты өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін сараптама ұйымына қорғау құжатын алуға өтінім беруге құқығы жоқ.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.31.10. № 382-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Авторға қызметтік өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі үшін сыйақы төлеу мөлшері, шарттары және тәртібі автор мен жұмыс беруші арасындағы келісімде айқындалады. Егер автор мен жұмыс берушiнiң қызметтiк өнертабыстарды, пайдалы модельдi немесе өнеркәсiптiк үлгiнi жасаудағы үлесiн мөлшерлеу мүмкiн болмаса, авторға сыйақы төлеу мөлшері, шарттары және тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалады.
4-тарау. Өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға ерекше құқық
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 11-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
11-бап. Өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға айрықша құқық және мәжбүрлі ерекше емес лицензияны беру шарттары
1. Патент иеленушiнiң қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн өз қалауы бойынша пайдалануға айрықша құқығы болады.
Патент иеленушi қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн пайдалануға айрықша құқықты қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер ресми бюллетеньде жарияланған күннен бастап осы қорғау құжатының қолданылу кезеңiнде жүзеге асырады.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсi бар өнiмдi дайындау, қолдану, жеткiзу, сатуға ұсыну, сату, азаматтық айналымға өзге де енгiзу немесе осы мақсатпен сақтау, сондай-ақ қорғау әдiсiн қолдану өнеркәсiптiк меншік объектiсiн пайдалану болып танылады.
Егер өнiмде оны пайдалану басталған күнiне техниканың осы саласындағы белгiлi формуланың тәуелсiз тармағында келтiрiлген өнертабыстардың, пайдалы модельдердiң әрбiр белгiсi немесе соған барабар белгi болып, ол қорғалатын әдiс пайдаланылса, өнiм қорғалатын өнертабысы немесе пайдалы моделі бар деп танылады, ал қорғалатын әдiс қолдануға болады деп табылады.
Тiкелей осындай әдiспен дайындалған өнiмдi азаматтық айналымға енгiзу не осы мақсатпен сақтау өнiм алудың қорғалатын әдiсiн пайдалану деп танылады.
Егер өнiмде сыртқы түрдің кескiндерiнде көрсетілген оның барлық негiзгi белгiлерi болса, ол қорғалатын өнеркәсiптік үлгiсi бар деп танылады.
3. Патент иеленушi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалануға мiндеттi.
Қорғау құжаты бiрнеше адамға тиесiлi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану жөнiндегi өзара қатынастар олардың арасындағы келiсiммен айқындалады. Ондай келiсiм болмаған жағдайда патент иеленушiлердiң әрқайсысы қорғалатын объектiнi өз қалауынша пайдалана алады, бiрақ өзге патент иеленушiлердiң келiсiмiнсiз оған лицензия беруге немесе қорғау құжатын басқа адамға беруге құқығы жоқ.
Патент иеленушi қолданылатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнің патенттелгенін көрсететiн ескерту таңбаларын пайдалана алады.
2015.27.10. № 365-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Патент иеленушi өнеркәсіптік меншік объектісін пайдаланбаған және ол тиімді коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан кезде, егер өнеркәсіптік меншік объектісіне қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер алғашқы жарияланғаннан кейiн өнеркәсіптік меншік объектісі осындай өтiнiш берiлген күннiң алдындағы кез келген үш жыл iшiнде үздiксiз пайдаланылмаған болса, сұрау салынған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде кез келген адам өзiне мәжбүрлі ерекше емес лицензияны алып беру туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы. Егер патент иеленушi пайдаланбауының құқыққа сыйымды себептерге байланысты екенiн дәлелдемесе, сот көрсетілетін лицензияны пайдалану шегiн, мерзімдерін, төлем мөлшерi мен тәртiбiн айқындай отырып береді. Төлем мөлшерi лицензияның қалыптасқан практикаға сәйкес айқындалған нарықтық бағасынан төмен болып белгіленбеуге тиiс.
Мәжбүрлі ерекше емес лицензия:
1) ұлттық қауіпсіздікті немесе халық денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету қажет болған;
2) патент иеленуші өзінің айрықша құқықтарын теріс пайдаланған, оның келісімімен басқа тұлғаның осындай айрықша құқықтарды теріс пайдалануына жәрдемдескен немесе кедергі жасамаған жағдайларда да беріледі.
Осы тармақтың ережелеріне сәйкес, жартылай өткізгіштер технологиясына жатқызылатын өнертабысты пайдалануға арналған мәжбүрлі ерекше емес лицензияны беруге оны мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге орай коммерциялық емес пайдалану үшін ғана немесе сот тәртібімен Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптарын бұзады деп танылған ережелерді өзгерту үшін жол беріледі.
Кез келген мәжбүрлі ерекше емес лицензия мұндай лицензия патенттелген дәрілік затты немесе патенттелген процесс арқылы алынған дәрілік затты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес өндірістік құралдар болмаған немесе жеткіліксіз болып табылатын аумаққа экспорттау мақсаты үшін дәрілік затқа немесе дәрілік затты дайындау процесіне сұратылатын жағдайларды қоспағанда, бiрiншi кезекте Қазақстан Республикасы iшкi нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін берілуге тиiс.
Мәжбүрлі ерекше емес лицензия берiлген адам көрсетілген өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалану құқығын басқа адамға осы объект пайдаланылатын тиiстi өндiрiспен бiрге ғана бере алады.
Мәжбүрлі ерекше емес лицензияны беруге себеп болған мән-жайлардың қолданысы тоқтатылған жағдайда оның күші сот арқылы жойылуға жатады.
5. Тиiмдi коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне басқа қорғау құжатын иеленушiнiң құқықтарын бұзбай пайдалана алмайтын патент иеленушінің Қазақстан Республикасының аумағында өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалануға мәжбүрлі ерекше емес лицензияны өзіне беру туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқығы бар.
Егер өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн басқа қорғау құжатын иеленушінің құқықтарын бұзбай пайдалана алмайтын патент иеленуші өзінің өнеркәсіптік меншік объектісі маңызды техникалық жетістікті білдіретінін және басқа қорғау құжатын иеленушiнiң өнеркәсіптік меншік объектісінің алдында айтарлықтай экономикалық маңызға ие екенін дәлелдесе, сот оған мәжбүрлі ерекше емес лицензия беру туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Көрсетілген лицензияны беру кезінде қорғау құжаты басқа тұлғаға тиесiлi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану шектерiн, мерзімдерін, төлем мөлшерi мен тәртiбiн сот айқындауға тиiс. Бұл ретте төлем мөлшерi қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген лицензияның нарықтық бағасынан төмен болмауға тиiс.
Осы тармақтың негiзiнде алынған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану құқығы бұл құқық қорғау құжатына байланысты берiлген өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне тек қана осы қорғау құжатын берумен бірге берiлуi мүмкiн.
Осы тармаққа сәйкес мәжбүрлі лицензия берілген жағдайда, көрсетілген лицензияның негізінде пайдалану құқығы берілген қорғау құжатына патент иеленушінің мәжбүрлі лицензия берілген тәуелді өнертабысты пайдалануға лицензия алуға да құқығы бар.
6 - 13. 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
14. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне қорғау құжаты және (немесе) оны алу құқығы мұрагерлiк бойынша немесе құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен берiледi.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 15-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15. Патент иеленушi қорғау құжатын күшiнде ұстап тұру үшiн жыл сайын өтінім берген күнге сәйкес келетін күні төлем жүргізуге мiндеттi.
Қорғау құжатын күшiнде ұстап тұру үшiн алғашқы төлем қорғау құжатын беру туралы мәліметтер жарияланған күннен бастап екі ай мерзімде жүргізіледі және өтінім берілген күннен бастап алдындағы жылдар үшін төлемді қамтиды.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 16-тармақпен толықтырылды
16. Еуразиялық патентті Қазақстан Республикасының аумағында күшінде ұстап тұру үшін баж мөлшерін уәкілетті орган белгілейді.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 11-1-баппен толықтырылды
11-1-бап. Өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқық беру
1. Патент иеленушi өзіне тиесілі өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқықты өзгеге беру шарты бойынша басқа жеке немесе заңды тұлғаға беруге құқылы.
Өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқық беру туралы шарт осы айрықша құқықтың қолданылу мерзімі шегінде жазбаша нысанда жасалады.
2. Өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқық беру тиісті мемлекеттік тізілімде тіркелуге жатады.
12-бап. Патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзушылық болып танылмайтын әрекеттер
Мыналар патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзу деп танылмайды:
1) конструкциясында қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiлерi бар құралдарды немесе басқа елдердiң көлiк (теңiз, өзен, әуе, жер бетіндегі және ғарыштағы) құралдарын пайдаланған кезде, аталған құралдар Қазақстан Республикасының аумағында уақытша немесе кездейсоқ тұрған және көлiк құралдарының мұқтаждары үшiн пайдаланылып отырған жағдайда қолдану. Егер көлiк құралдары Қазақстан Республикасы көлiк құралдарының иелерiне осындай құқық беретiн елдердiң жеке немесе заңды тұлғаларына тиесiлi болса, мұндай әрекеттер патент иеленушінiң ерекше құқығын бұзушылық болып танылмайды;
2015.27.10. № 365-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн қамтитын құралға, егер осындай ғылыми зерттеудің немесе эксперименттің мақсаты кіріс алу болып табылмаса, ғылыми зерттеу немесе эксперимент жүргiзу;
3) төтенше жағдайлар (табиғи зiлзалалар, апаттар, iрi авариялар) кезiнде мұндай құралдарды кейiннен патент иеленушiге дереу хабарлай отырып және патент иеленушiге мөлшерлес өтемнiң ақысын төлей отырып қолдану;
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) егер мұндай пайдаланудың мақсаты табыс алу болып табылмаса, мұндай құралдарды жеке, отбасылық, үйдегі немесе өзге де кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мұқтаждарды қанағаттандыру үшін қолдану;
5) қиын-қыстау жағдайларда дәрiгердiң рецептi бойынша дәрiханада бiр жолғы дәрi дайындау;
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) егер қорғалатын өнеркәсіптік меншік объектісі бар құралдарды Қазақстан Республикасының аумағына азаматтық айналымға тікелей патент иеленуші немесе патент иеленушінің рұқсатымен өзге тұлға бұрын енгізген болса, оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, қолдану, сатуға ұсыну, сату, өзге де азаматтық айналымға енгiзу немесе осы мақсаттарда сақтау.
13-бап. Бұрын пайдалану құқығы және уақытша құқықтық қорғау
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Өнеркәсiптiң меншiк объектiсiнiң басымдық алған күнiне дейiн Қазақстан Республикасының аумағында оның авторына тәуелсiз жасалған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне ұқсас шешiмдi адал пайдаланған немесе бұған қажет дайындықтар жасаған тұлға мұндай пайдалану көлемiн ұлғайтпай оны өтеусiз пайдалану құқығын (бұрын пайдалану құқығын) сақтайды.
Бұрын пайдалану құқығы басқа адамға ұқсас шешiмдi пайдалану орын алған немесе оған қажеттi әзiрлiк жасалған өндiрiспен бiрге ғана берiлуi мүмкiн.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн басымдық берiлген күннен кейін, бiрақ өнертабысқа, өнеркәсiптiк үлгiге немесе пайдалы модельге патент беру туралы мәлiметтер жарияланған күнге дейiн пайдалана бастаған тұлға патент иеленушiнiң талабы бойынша одан әрi пайдалануды тоқтатуға міндетті. Алайда, мұндай тұлға патент иеленушiге мұндай пайдалану нәтижесiнде өзі келтірген залалды өтеуге мiндетті емес.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Ресми немесе ресми танылған халықаралық көрмеге экспонат ретiнде қойылған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне оны көрмеге қойған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей осы объектiге өтiнiм берiлген жағдайда, көрмеге қойылған күннен бастап қорғау құжатын беру туралы мәлiметтердiң алғашқы жариялануына дейiн уақытша құқықтық қорғау берiледi.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мерзiмде өнеркәсiптік меншiк объектiсiн пайдаланушы адам патент иеленушiге қорғау құжаты берiлген соң ақшалай өтемақы төлейдi. Өтемақы мөлшерi тараптардың келісімдерiмен белгiленедi.
Тараптар істі татуласу келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтауы мүмкін, оларға тараптар қол қояды және оларды сот бекітеді.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 14-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
14-бап. Өнеркәсiптiк меншік объектiсiн пайдалануға құқықты табыстау
1. Патент иеленушi болып табылмайтын кез келген тұлға (лицензиат) қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патент иеленушiнiң (лицензиардың) рұқсатымен лицензиялық шарт, кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты немесе лицензиармен жасалатын, лицензиялық шарттың талаптарын қамтитын өзге де шарт (лицензиялық шарт) негiзiнде пайдалануға құқылы.
2. Лицензиялық шартта лицензиардың лицензиатқа:
1) лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн және басқа тұлғаларға лицензия (қарапайым, ерекше емес лицензия) беру құқығын сақтап;
2) лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтап, бiрақ басқа тұлғаларға лицензия (жалғыз лицензия) беру құқығынсыз;
3) лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтамай және басқа тұлғаларға лицензия (ерекше лицензия) беру құқығынсыз өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалану құқығын табыстау көзделуi мүмкiн.
Лицензиялық шартта пайдалану талаптары көрсетілмеген жағдайда, өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға құқық қарапайым, ерекше емес лицензия талаптарымен табысталады.
Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жүзеге асыруға құқылы.
Өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға құқықтың қолданылу мерзімі лицензиялық шартта айқындалады және тараптардың өзара келісуі бойынша ұзартылуы мүмкін.
Лицензиялық шартта мерзім көрсетілмеген жағдайда, өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға құқықтың қолданылу мерзімі осы шарт тіркелген күннен бастап бес жылға тең болады.
Өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқықтың қолданысын тоқтату лицензиялық шарттың қолданысын тоқтатуға алып келеді.
Лицензиат өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға құқықты лицензиялық шарттың талаптарын ескере отырып, қосалқы лицензиялық шарттың немесе кешенді кәсіпкерлік қосалқы лицензия шартының негізінде басқа тұлғаға (қосалқы лицензиатқа) беруге құқылы. Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиаттың әрекеттерi үшiн лицензиат лицензиар алдында жауапты болады.
Өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқықты басқа тұлғаға беру лицензиялық шарттың тоқтатылуына алып келмейді.
3. Өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға құқықты табыстау туралы шарттар мен қосымша келісімдер жазбаша нысанда жасалады және тиісті мемлекеттік тізілімде тіркелуге жатады.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 14-1-баппен толықтырылды
14-1-бап. Өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқық беруді және оны пайдалануға құқықты табыстауды тіркеу шарттары
1. Өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқық беруді және оны пайдалануға құқықты табыстауды тіркеу шарттың мүдделі тарапының өтініші алынған күннен кейінгі он жұмыс күні ішінде мәліметтерді тиісті мемлекеттік тізілімдерге енгізу жолымен жүзеге асырылады.
Жазбаша нысанның және (немесе) тіркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың маңызсыздығына алып келеді.
2. Шарттың тоқтатылуына байланысты тиісті мемлекеттік тізілімдерге өзгерістер енгізу немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тіркеудің күшін жою шарттың мүдделі тарапының өтініші келіп түскен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Тіркеу туралы мәліметтерде мүдделі тұлғаның өтініші алынған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде және шарттың басқа мүдделі тараптарына жазбаша хабарлама жіберілген жағдайда, олардың тиесілілігін, сипатын немесе мазмұнын өзгертпейтін техникалық сипаттағы қателер түзетілуі мүмкін.
3. Мыналар:
1) өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқықтың тоқтатылған қолданысын қалпына келтіруге арналған мерзімнің болуы;