Қазақстан Республикасында почта байланысы мен телекоммуникациялар
саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi лицензиялау, радиожиiлiк
спектрiн пайдалану тәртібі туралы ереженi бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 25 қарашадағы
№ 1443 қаулысы (ҚР Үкіметінің 23.12.98 ж. № 1322; 08.09.99 ж. № 1334;
25.11.99 г. № 1787; 20.12.99 г. № 1937; 03.11.00 г. № 1665; 17.08.01 г.
№ 1081; 22.07.03 ж. № 724 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР Үкіметінің 29.09.04 ж. № 998 қаулысымен осы қаулының күші жойылды
"Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 17 сәуірдегі № 2201 қаулысын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 1894 қаулысына және "Жекелеген қызмет түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алым төлеу тәртібі туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 16 тамыздағы № 1127 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасында Почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi лицензиялау, радиожиiлiк спектрiн пайдалану тәртібі туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі екi ай мерзiм iшiнде бұрын Қазақстан Республикасының Байланыс министрлігі почта байланысы мен телекоммуникациялар саласында қызметiн жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға берген лицензияларды Қазақстан Республикасында Почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi лицензиялау, радиожиiлiк спектрiн пайдалану тәртібі туралы ережеге сәйкестендiрсiн.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1996 жылғы 25 қарашадағы
№ 1443 қаулысымен
БЕКIТIЛГЕН
Қазақстан Республикасында почта байланысы мен
телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi
лицензиялау, радиожиiлiгi спектрiн пайдалану
тәртібі туралы
ЕРЕЖЕ
Осы Ереже "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 17 сәуірдегі № 2200 Заң күшi бар Жарлығына, "Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 17 сәуірдегі № 2201 қаулысын жүзеге асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 1894 қаулысына сәйкес әзiрлендi және почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметке, радиожиiлiгi спектрiн пайдалануға лицензиялар (патенттер) беру мен қайтарып алу (доғару), күшiн тоқтату тәртібін айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi лицензиялау кез-келген санаттағы тұтынушыларға почта байланысы мен телекоммуникациялар қызметiн көрсететiн заңды және жеке тұлғалардың (бұдан былай - лицензиаттар) қызметiн, сондай-ақ шектеулi табиғат ресурсы ретiнде мемлекеттiң меншiгi болып табылатын радиожиiлiгi аясының тиiмдi пайдаланылуын мемлекеттік реттеу мен бақылау мақсатында жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 08.09.99 ж. № 1334; 03.11.00 ж. № 1665; 22.07.03 ж. № 724 қаулыларымен 2-тармақ өзгертілді
2. Қазақстан Республикасының аумағында бұл қызметтi лицензиялауды Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттiгi (бұдан былай - лицензиар) жүзеге асырады.
3. Лицензиар почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметке берiлген лицензиялардың бiртұтас республикалық тiзiлiмiн, радиожиiлiгi спектрiн пайдаланушылар тiзiлiмiн, сондай-ақ тоқтатылған және қайтарылып алынған лицензиялар тiзiлiмiн жүргiзедi.
ҚР Үкіметінің 08.09.99 ж. № 1334 қаулысымен 4-тармақ жаңа редакцияда; ҚР Үкіметінің 03.11.00 ж. № 1665; 22.07.03 ж. № 724 қаулыларымен 4-тармақ өзгертілді
4. Лицензияларға Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттiгiнiң төрағасы қол қояды.
5. Берiлген лицензиялар туралы мәлiметтер, сондай-ақ лицензиялардың қолданылуын тоқтату немесе доғару туралы шешiмдер тоқсан сайын мерзiмдi баспасөзде жарияланып тұрады.
2. Лицензиялау объектiлерi мен құрылымы,
лицензиялардың иелерi
6. Почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы мынадай кәсiпкерлiк қызмет түрлерi лицензиялануға тиiс:
жергiлiктi телефон байланысы көрсететiн қызмет;
қалааралық телефон байланысы көрсететiн қызмет;
телеграф байланысы көрсететiн қызмет, абонеттiк телеграф желiлерi көрсететiн қызмет, Телекс;
деректер жеткізу жөнiнде көрсетiлетiн қызмет;
телематикалық қызметтер ("Телетекс", "Бейнетекс", "Телемәтiн", "Телефакс", "Бюрофакс", "Бейнеконференцбайланыс") көрсететiн қызмет;
ұялық байланыс көрсететiн қызмет;
дербес байланыс көрсететiн қызмет;
жылжымалы радиотелефон байланысы көрсететiн қызмет;
жылжымалы радиобайланыс көрсететiн қызмет;
дербес радиошақыру көрсететiн қызмет;
бөлiнген байланыс желiлерi бойынша электр байланысы көрсететiн қызмет;
жерсерiгi байланыс желiлерi арқылы электр байланысы көрсететiн қызмет;
байланыс каналдарын жалға беру;
телевизия мен дыбысты бағдарламалардың эфирлiк трансляциясы бойынша көрсетiлетiн қызмет;
телевизиялық хабарлардың жерсерiгi жүйесi бойынша телевизия бағдарламаларының трансляция жөнiнен көрсетiлетiн қызмет;
кабельдiк теледидар желісі бойынша телевизия бағдарламаларының трансляция жөнiнен көрсетiлетiн қызмет;
сымды хабарлар желiлерi бойынша дыбысты бағдарламалардың трансляциясы жөнiнен көрсетiлетiн қызмет;
жерсерiгi хабарлары жүйелерi бойынша дыбысты бағдарламалардың трансляциясы жөнiнен көрсетiлетiн қызмет;
почта жөнелтілімдерiн қабылдау, тасымалдау және жеткізу жөнiнен көрсетiлетiн қызмет;
экспресс-почта көрсететiн қызмет;
жалпы республикалық магистральдық және халықаралық байланыс арналарын техникалық пайдалану;
телекоммуникациялардың магистральдық, аймақтық және жергiлiктi желiлерiн техникалық пайдалану;
жерсерiгi байланыс жүйелерiн техникалық пайдалану;
радио байланысы, радио хабарлары мен теледидар объектiлерiн техникалық пайдалану;
телеккомуникациялар саласындағы қызметке байланысты радиожиiлiгi спектрiн Халықаралық электр байланысы одағының Радио байланысы регламентiне және Қазақстан Республикасының Радиожиiлiгi жөніндегі мемлекеттік ведомствоаралық комиссиясының шешiмдерiне сәйкес пайдалану.
Байланыс қызметi - почта жөнелтілімдерiн немесе электр байланысы хабарламаларын қабылдау, өңдеу, сақтау, жөнелту және жеткізу жөніндегі қызметтiң нәтижесi.
Байланыс қызметiн көрсету телекоммуникациялар құралдарын техникалық пайдалану мен көрсетiлетiн қызметтi тұтынушылармен жұмысты жүзеге асыруды қамтиды.
Байланыс желiлерi мен жүйелерiн, теледидар мен радио хабарлары объектiлерiн жобалауды, салуды және жабдықтарын монтаждауды өтiнiш берушi Қазақстан Республикасының Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлігі лицензиясының негiзiнде өздiгiнен немесе осындай жұмыстарды орындауға лицензиясы бар басқа заңды тұлғамен жасалған шарттың негiзiнде жүзеге асырады.
7. Мына қызметтер:
мемлекеттік басқару, қорғаныс, қауiпсiздiк пен құқық тәртібі мақсатында ғана айырықша байланыс қызметiн көрсету жөніндегі;
iшкi өндiрiстiк қызмет пен технологиялық процестердi басқаруға арналған жалпы пайдаланымдағы байланыс желісіне шықпайтын және радио жиiлiгi аясын пайдаланбайтын iшкi өндiрiстiк және технологиялық мақсаттағы желiлердi құру мен пайдалану жөніндегі;
курьерлiк қызмет көрсету жөніндегі;
ведомстволық желiлердiң, егер олар "үшiншi тұлғаларға" байланыс қызметiн көрсетпей, заңды тұлғаның өзiнiң ғана мұқтаждарын қанағаттандыруға арналған болса, жергiлiктi телефон байланысы (радиожиiлiгi спектрiн пайдаланусыз) көрсететiн қызмет жөніндегі;
мемлекет монополиясына жатқызылған қызметтер лицензияланбайды.
8. Лицензия (патент) оның иесiнiң белгiлi бiр аумақтың шекарасында көрсетiлген мақсатында сәйкес лицензияда айтылған талаптар мен шарттарды сақтай отырып, белгiленген мерзiмнiң iшiнде почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығын куәландыратын құжат болып табылады.
9. Телекоммукациялар саласындағы радиожиiлiгi спектрi пайдаланылатын қызметтi, сондай-ақ радио байланысы, радио хабарлары мен теледидар саласындағы байланыс жөніндегі кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған кезде лицензиат қызметтi жүзеге асыруға деген лицензиямен қатар радиожиiлiгi сепктрiн пайдалануға рұқсат (рұқсаттар) аулға мiндеттi, бұлар лицензияның ("Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының 7-бабының 1-тармағына сәйкес) ажырағысыз қосымшасы болып табылады.
10. Радиожиiлiгi спектрiн пайдалануға алынған рұқсат оның иесiнiң техникалық құралдарына бекiтіліп берiлген жиiлiк телiнiмдерiн (аталған жиiлiктердi) пайдалануға құқығын куәландыратын құжат болып табылады.
11. Лицензия (патент) лицензиаттың почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы нақтылы кәсiпкерлiк қызмет түрiн жүзеге асыруға құқығын заң жүзiнде бекемдейдi және ол басқа заңды немесе жеке тұлғаға берiлуге тиiс емес. Аталған ереже сондай-ақ радиожиiлiгi спектрiн пайдалану жөніндегі рұқсатқа да қолданылады. Лицензияның күшi лицензиатпен шарттық қатынастармен байланысты үшiншi тұлғаларға қолданылмайды.
12. Қызмет (жұмыс) түрiне қарай берiлетiн лицензиялардың санын лицензиялау құрылымына сәйкес (1-қосымша) лицензиялардың өзi анықтайды. Саны жөнiнен шектеулер радиожиiлiгi ресурстарының, қалааралық/халықаралық телефон байланысы кодтарының, телекоммуникациялар желiлерi телефон нөмiрлерiнiң жетiмсiздiгiне байланысты болуы мүмкiн.
13. Кәсiпкерлiк қызметтiң әрбiр түрiне жеке лицензия (патент) берiледi, ол басқа қызмет түрлерiне пайдаланылуға тиiс емес.
Кәсiпкерлiк қызмет көрсету жөніндегі жұмыстың бiрнеше түрiн жүргiзуге, егер олар өтiнiш берушiнiң қарауындағы байланыс жабдықтарының бiртұтас технологиялық кешенi арқылы атқарылатын болса, бiр лицензия берiлуi мүмкiн.
3. Лицензиялардың қолданылу мерзiмi
14. Лицензиялардың қолданылу мерзiмiн қызмет түрiне қарай лицензиар белгiлейдi:
лицензиаттың iрi күрделi салымдарын және өзiн ақтаудың ұзақ мерзiмiн талап ететiн телекоммуникациялық желiлердi салуы мен пайдалануына байланысты болатын негiзгi электр байланысы (жергiлiктi, қалааралық және халықаралық телефон мен телеграф байланысы) қызметiн, тиiстi ұлттық желiлердiң деректер беру қызметiн көрсету жөніндегі кәсiпкерлiк жұмысты жүзеге асыруға - он бес жыл;
республиканың бүкiл аумағында ұялық немесе дербес байланыс қызметiн көрсету жөнiнде кәсiпкерлiк жұмысты жүзеге асыруға - он бес жыл;
байланыстың тиiстi аймақтық және жергiлiктi желiлерi, бөлiнген және жер серiгi желiлерiмен негiзгi электр байланысы қызметiн көрсету жөніндегі жұмысты жүзеге асыруға - он жыл;
телематикалық қызметтi, жылжымалы радио және радио телефон байланысы, дербес радиошақыру қызметiн, байланыстың ұлттық желiлерiмен, бөлiнген және жер серiгi желiлерiмен байланыс каналдарын жалға беру қызметiн көрсету жөніндегі жұмысты жүзеге асыруға - он жыл;
тиiстi аймақтық және жергiлiктi желiлердiң (желiлердiң сыйымдылығы 5000 және одан кем нөмiрлi, байланыс арналары бойынша 120 және одан кем каналдар) алдыңғы абзацта көрсетiлген қызметтердi көрсету жөніндегі кәсiпкерлiк жұмысты жүзеге асыруға - бес жыл.
Почта байланысы көрсететiн қызмет жөніндегі кәсiпкерлiк жұмысты жүзеге асыруға - бес жыл;
радио байланысы, радио хабарлары мен теледидар саласындағы кәсiпкерлiк байланыс қызметiн жүзеге асыруға - үш жыл;
байланыс құралдары мен желiлерiн және радио байланысы, радио хабарлары мен теледидар объектiлерiн техникалық пайдалануды жүзеге асыруға - үш жыл мерзiм белгiленедi.
15. Радиожиiлiгi спектрiн пайдаланып, телекоммуникациялық қызмет көрсетуге лицензия (патент) алынған жағдайда, жиiлiк телiнiмдерiн пайдалануға рұқсат қызмет көрсетуге алынған лицензияның (патенттiң) қолданылу мерзiмiнiң соңына дейiн оларды келесi жарты жылға ұдайы ұзартып отыру арқылы алты айға берiледi (осы Ереженiң 9-тармағы).
4. Лицензиялардың мазмұны
16. Лицензия (патент) белгiленген нысан бойынша берiледi және онда лицензиар белгiлеген бiрқатар мiндеттi шарттар көрсетiледi.
ҚР Үкіметінің 25.11.99 ж. № 1787; 20.12.99 ж. № 1937; 07.08.01 ж. № 1081 қаулыларымен 17-тармақ өзгертілді
17. Лицензияның мiндеттi шарттарына:
коммутациялық жабдықтардың құрамында Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес арнаулы жедел iздестiру iс-шараларын жүргiзудiң техникалық құралдары жүйесiнiң болуы;
онда қолданылатын жабдықтың үлгiлерi, жабдық пайдаланыла бастаған сәтте сәйкестiк сертификаттарының болуы жөніндегі мiндеттемелер көрсетiлген жұмыстардың көлемi (желiлердiң сыйымдылығы);
егер лицензиат осы қызмет түрiнiң нарығында монополистiк жағдайда тұрған болса, онда байланыс қызметiне арналған тарифтер жөніндегі лицензиармен келісімi;
лицензиаттың қызметiн тұтынушылары алдындағы өзiнiң мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi;
саланың ерекшелiгiнен туындайтын талаптар, атап айтқанда:
жабдықтардың құрамында Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ететін сертификатталған ақпараттық-бағдарламалық және техникалық құралдардың болуы;
лицензиаттың техникалық құралдарына жиiлiк телiнiмдерiн бекітіп беру (радио жиiлiгi спектрiн пайдалануға рұқсаттар алу) тәртібі туралы;
лицензиаттың желісін республиканың жалпы пайдаланымдағы байланыс желiлерiне, басқа мемлекеттердiң байланыс желiлерiне қосу тәртібі туралы;
халықаралық байланыс (трафик) қызмет көрсетулерінің уәкілетті орган жүзеге асыратын есептеу жүйесі арқылы міндетті бағыттандыру туралы;
қалааралық және халықаралық графиктердi өткізу, телефон кодтарын, нөмiрлемелерiн және т.б. пайдалану тәртібі туралы;
әр түрлi желiлердiң операторлары арасында өзара есеп айырысудың тәртібі туралы талаптар кiредi.
Лицензияда сонымен қатар жүзеге асыру үшiн лицензия алынып отырған қызмет түрiне байланысты басқа да шарттардың қойылуы мүмкiн.
ҚР Үкіметінің 08.09.99 ж. № 1334; 03.11.00 ж. № 1665; 07.08.01 ж. № 1081; 22.07.03 ж. № 724 қаулыларымен 18-тармақ өзгертілді
18. Лицензиардың ұлттық қауіпсіздік мүддесінен, жедел-іздестіру шараларынан туындайтын, сондай-ақ телекоммуникациялар желiлерiнде пайдаланудың жаңа стандарттары, нормалары мен ережелерi енгiзiлуiне байланысты лицензияға өзгерістер енгізуге құқығы бар. Лицензияға өзгерістер енгізудiң тәртібі лицензиар өзгерістер енгізу ниетi туралы лицензиатты жазбаша түрде құлақтандырғаннан кейiн онымен келісіледi.
Лицензияға енгiзiлген оның ажырағысыз қосымшасы болып табылатын өзгерістерге Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттiгiнiң төрағасы қол қояды.
5. Лицензиялар берудiң тәртібі мен шарттары
19. Почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру, радио жиiлiгi спектрiн пайдалану құқығына лицензия (патент) біліктілік деңгейi қойылатын талаптарға сай келетiн заңды немесе жеке тұлғаға берiледi.
20. Лицензия (патент) алу үшiн заңды және жеке тұлғалар лицензиялық органға мынадай құжаттар:
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен нысан бойынша өтiнiшiн;
қызметiнiң негiзгi түрiнiң бiрi ретiнде почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы қызметi атап көрсетiлген мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесiн;
радио хабарлары мен теледидар саласындағы байланыс жөніндегі қызметке өтiнiш берiлген ретте, егер трансляция жасалатын бағдарламалар өтiнiш берушiнiң өз күшiмен әзiрленетiн болса, онда бұқаралық ақпарат құралы мекемесiн мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесiн;
лицензияланатын қызмет қойылатын біліктілік талаптарына (2-қосымша) сәйкес жасалған iшiнде техникалық ұсыныстары бар түсiндiрме жазбаны тапсырады.
21. Радиожиiлiгi спектрiн пайдалануға рұқсатты ресiмдеу үшiн өтiнiш берушi (лицензиат) санитарлық қадағалаудың радио электрондық тарату қондырғыларын осы орынға орналастырудың қауiпсiздiгi туралы берген қорытындысын тапсыруға мiндеттi.
22. Шетел теле және радио станциялары бағдарламаларының Қазақстан Республикасының аумағына немесе Қазақстан Республикасының аумағынан үшiншi елдерге трансляциясын (ретрансляциясын) жүргiзу үшiн техникалық құралдардың берiлуiне лицензия алуға өтiнiш жасалған ретте халықаралық келісімдердiң талаптарына сәйкес қосымша мәлiметтер мен құжаттар тапсырылады.
23. Өтiнiш пен оған қоса берiлетiн құжаттарды лицензиар тiркейдi, өтiнiш иесiне оның тiркеу нөмiрi мен тiркелген мерзiмi жазбаша хабарланады.
24. Өтiнiштер:
оны мемлекеттiң монополиясына жатқызылған қызмет түрлерiне берген;
20-24-тармақтарға сәйкес талап етiлген құжаттарды ұсынбаған жағдайларда қарауға қабылданбайды.
25. Өтiнiш пен оған қоса берiлген құжаттарды лицензиар алқалы түрде (арнайы құрылған лицензиялық комиссиямен) бiр айдың iшiнде қарайды, содан кейiн өтiнiш иесiне ол лицензиялық алымын төлегеннен кейiн өзi сұраған кәсiпкерлiк қызмет түрiн жүзеге асыруға лицензия (патент) бередi немесе жазбаша түрде дәлелдеп бас тартады.
26. Егер радиожиiлiгi спектрiн пайдалануға байланысты кәсiпкерлiк қызмет түрiн жүзеге асыру үшiн бiр жиiлiк телiнiмiн бекітіп беру талап етiлсе, онда радио жиiлiгiн пайдалануға деген рұқсат қызмет етуге арналған лицензиямен бiр мезгiлде берiлуi мүмкiн. Ал басқа жағдайларда осындай лицензия алынғаннан кейiн ғана берiледi ("Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы Президентi Жарлығының 7-бабының 1-тармағы).
27. Өтiнiш материалдарына техникалық сараптама жүргiзу, халықаралық үйлестiру немесе жиiлiктi iрiктеу кезiнде (Электр байланысы Халықаралық одағының Радио байланысы регламентiне сәйкес) басқа радио қызметтерi жағынан кедергiлердi болдырмау қажеттiгiне байланысты басқа да мүдделi тараптармен iс-қимылды үйлестiру қажет болса, өтiнiштi қарау мерзiмi өтiнiш иесiмен келісім бойынша ұзартылуы, бiрақ екi айдан аспайтын мерзiмге ғана ұзартылуы мүмкiн.
Сараптама жүргiзуге, радиожиiлiгiн iрiктеуге және электр магниттiк қабысымды есептеуге байланысты шығыстардың төлемiн өтiнiш иесi жасайды.
Өтiнiш иесi сараптама жүргiзу үшiн лицензиар тағайындаған фирмалардан (немесе нақтылы мамандардан), егер олардың құзырлылығы мен әдiлдiгiне күмән келтiрсе, бас тартуға және басқалардың шақырылуын талап етуге хақылы.
28. Лицензияларды және рұқсаттарды беру, егер:
бiр аймақта қызметтiң бiр ғана түрiне техникалық тұрғыдан iске асыру мүмкiндiгiнен көп өтiнiш берiлсе;
радиожиiлiгi спектрiнiң экономикалық жағынан неғұрлым тиiмдi аралықтарын пайдалануға байланысты жаңа байланыс қызметiн енгізу ұсынылса, конкурстық негiзде өткiзiлуi мүмкiн.
Конкурстарды өткізудiң тәртібі мен шарттары Конкурстар өткізу тәртібі туралы ережеде (3-қосымша) айқындалып отыр.
Конкурсқа бiр ғана өтiнiш түскен ретте лицензияның жарияланған конкурс шарттарының негiзiнде берiлуi мүмкiн.
29. Сараптама жүргiзу үшiн лицензиардың ғылыми - зерттеу және оқу орындарының, консалтинг фирмаларының мамандарын, сондай-ақ тәуелсiз сарапшыларды шақыруға құқығы бар.
6. Лицензия беруден бас тарту
30. Лицензия (патент) беруден бас тарту мынадай себептер бойынша:
өтiнiш берушi біліктіліктiң өтiнiш берушi мен қызметтiң осы түрi үшiн белгiленген талаптарына сай келмеген;
өтiнiш берушiге қатысты оған қызметтiң осы түрiмен шұғылдануға тыйым салатын сот шешiмi болған жағдайларда;
радиожиiлiгiнiң, телефон кодтарының жоқтығына, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген қуаттар және телевизия мен радио хабарлары станцияларының орналасуы жөніндегі шектеулерге байланысты қызмет түрiн техникалық тұрғыдан жүзеге асыру мүмкiн болмаған жағдайларда;
конкурс нәтижелерi бойынша;
өтiнiш иесi лицензия алғаны үшiн ақы төлемеген жағдайда жүргiзiледi.
7. Лицензияның (патенттiң) қолданылуын тоқтату, доғару
және оны керi қайтарып алу
31. Лицензиар лицензияның (патенттiң) қолданылуын мынадай жағдайларда:
берiлген өтiнiшке сәйкес лицензияда белгiленген мезгiлден бастап үш айдың iшiнде қызмет көрсетiлмеген;
лицензия үшiн төлемi жөнiнен немесе радиожиiлiгiн пайдаланғаны үшiн бiр айдан асатын мерзiмге берешегi болған;
тұтынушыларға көрсетiлетiн қызметтiң сапасы туралы жаңсақ ақпарат берiлген;
белгiленген техникалық пайдалану нормалары, ережелерi мен көрсетiлетiн қызметтiң сапасы сақталмаған;
қызметке лицензиар немесе ол уәкiлдiк берген орган жүргiзген тексерiстiң нәтижесiнде лицензия шарттарының бұзылғаны анықталған;
лицензиаттың қызметiне баға беру үшiн қажеттi мәлiметтердi лицензиарға беруден бас тартқан жағдайларда алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтатуға хақылы.
Тоқтатылған уақыты лицензия қолданылатын жалпы мерзiмге кiредi.
32. Берiлген лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
лицензия (патент) берiлген мерзiм өткен;
лицензия (патент) берiлген азамат кәсiпкерлiк қызметiн тоқтатқан, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған;
лицензиат қызметiн тоқтататыны жайында өтiнiш берген;
лицензия қайтарып алынған жағдайларда доғарылады.
33. Лицензия (патент) мынадай жағдайларда:
иесi лицензияда көзделмеген қызмет жүргiзген;
монополияға қарсы заңдарды бұзуына байланысты уәкiлдi органдар ұсыныс берген;
лицензиатқа бекiтіліп берiлген радиожиiлiгiн басқа тұтынушыларға уақытша немесе тұрақты пайдалануға берген;
лицензияның қолданылуын тоқтатуға әкелiп соққан себептердi белгiленген мерзiмiнде түземеген жағдайларда сот тәртібімен қайтарып алынуы мүмкiн.
34. Лицензияның қолданылуы тоқтатылған жағдайда оның берiлгенi үшiн төленген алым қайтарылмайды.
ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1334; 03.11.00 ж. № 1665; 22.07.03 ж. № 724 қаулыларымен 35-тармақ өзгертілді
35. Лицензияның (патенттiң) қолданылуы тоқтатылғаны туралы лицензиар (лицензиялық комиссия) осындай шешiм қабылданғаннан кейiн бiр апта мерзiм iшiнде оның иесiне себептерiн көрсетiп, жазбаша түрде хабарлайды.
Лицензиаттың атына жолданатын жазбаша құлақтандыруға Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттiгiнiң төрағасы қол қояды.
8. Лицензиаттардың құқықтары мен мiндеттерi
36. Лицензиялар (патенттер) иелерiнiң:
көрсететiн байланыс қызметiне (тарифтерiн Қазақстан Республикасы Үкіметі реттейтiн қызметтен басқаларына) еркiн баға белгiлеуге;
егер конкурс шарттарында өзгеше көзделмеген болса, басқа лицензиаттармен бiрдей (техникалық және коммерциялық) жағдайлар бойынша жалпы пайдаланымдағы байланыс желiлерiне қосылуға;
почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы әртүрлi кәсiпкерлiк қызмет түрлерiне бiрнеше лицензия алуға;
басқа лицензиаттармен арадағы дауларды шешу үшiн лицензиялық органға жүгiнуге;
лицензиялардың қолданылуын тоқтату немесе доғару мәселелерi жөніндегі барлық материалдармен танысуға, сондай-ақ лицензиар бұл материалдарды қараған кезде қатысып отыруға құқығы бар.
37. Лицензиаттар сонымен қатар лицензияда (патент) көзделген әрi Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн барлық құқықтарды иеленедi.
38. Лицензиялардың (патенттердiң) иелерi:
лицензияның (патенттiң) барлық талаптары мен шарттарының сақталуын;
Қазақстан Республикасының заңдары талаптарының, жүйелердi, желiлердi техникалық пайдалану мен қызмет көрсетудiң белгiленген стандарттарының, нормаларының, ережелерiнiң сақталуын; сертификацияланған жабдықтың қолданылуын;
халыққа көрсетiлетiн почта және телекоммуникациялық қызмет тарифтерiнiң жариялануын;
телефон, телеграф және өзге хабарламалардың құпиялылығын;
лицензиялық органның сұрау салуы бойынша лицензияланатын қызметке байланысты статистикалық және анықтамалық деректердiң, басқа да мәлiметтердiң берiлуiн;
лицензия үшiн және радио жиiлiгi спектрiн пайдаланғаны үшiн төлемдердiң уақтылы әрi дұрыс енгiзiлуiн;
техникалық құралдардың жұмысына бақылау жасау үшiн олардың лицензиарға немесе оның уәкiлдiк берген адамдарына ашық болуын;
көрсетiлетiн қызметтiң, соның iшiнде негiзгi электр байланысы қызметiнiң сапасына тәулiгiне 24 сағат бойы кепiлдiк беру арқылы тұтынушылар құқығының қорғалуын;
жалпы пайдаланымдағы байланыс желiлерiне жалғанатын желiлер абоненттерiнiң тiзiмi берiлген анықтамалықтардың шығарылуын;
төтенше жағдайларда желiлердiң мемлекеттік органдардың қарауына берiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
39. Лицензиялардың (патенттердiң) иелерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензияларға (патенттерге) енгiзiлген талаптардың сақталуы үшiн жауап бередi.
9. Лицензия (патент) берiлгенi үшiн алынатын ақы
40. Лицензиаттар жыл сайын "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 24 сәуірдегі № 2235 Заң күшi бар Жарлығына және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 16 тамыздағы № 1127 қаулысымен бекітілген Жекелеген қызмет түрлерiмен шұғылдану құқығы үшiн лицензиялық алым төлеу тәртібі туралы ережеге сәйкес лицензия алған кезде алғашқы рет алым төлеген кезден бастап он екi айлық кезең өткеннен кейiн лицензиялық алым төлеп отырады.
Төлем тапсырыстарының көшiрмелерi лицензиарға табысталады.
41. Лицензияны (патенттi) жоғалтқан (жоғалған, жойылған және т.б.) ретте "дубликат" белгiсi соғылған жаңа лицензия (патент) берiледi. Берiлген "дубликат" үшiн лицензиат лицензияның берiлгенi үшiн алынған соманың 50 процентi мөлшерiнде ақы төлейдi.
42. Лицензия (патент) немесе "дубликат" алу үшiн өтiнiш берушi төлем құжаттарының көшiрмелерiн көрсетуге тиiс.
10. Лицензиялар (патенттер) шарттарының сақталуын
бақылау
43. Лицензиар лицензиялар бланктерiнiң сатып алынуын, есепке алынуын және сақталуын, сондай-ақ лицензиялар (патенттер) шарттарын олардың иелерiнiң орындауына бақылау жасалуын жүзеге асырады.