Заң күшi бар Салық және бюждетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер
туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 24 сәуірдегі № 2235 Заңы
(өзгерістер және толықтыруларымен)
Осы Заңның 5-бабының 23-тармақшасын; 57-бабының 1-тармағының 11), 16), 19), 22) тармақшаларын; 59-бап; 71-1-бабының 2-тармағын, 179-бабының 9 және 10-тармақтарын; 34-бабының 1-тармағының 7) тармақшасын, 57-бабының 1-тармағының 17) тармақшасын, 61-1-бабын; 57-бабы 1-тармағының 12) тармақшасын; 57-бабының 15) тармақшасын; 179-бабының 4-1-тармағын; 57-бабының 1-тармағының 28)-тармақшасын; 58-бабының 2-1 тармағын; 60-1 бабын; 123-бабының 2-тармағының 5)-тармақшасын; 132-баптың екінші бөлігін қоспағанда ҚР 2001 ж. 12 маусымдағы № 210-II Заңына сәйкес осы Заңның күші жойылды
I бөлiм
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ САЛЫҚ ЖҮЙЕСI
1-бап. Қазақстан Республикасының салық заңдары
1. Қазақстан Республикасының салық заңдары республикалық және жергілікті бюджеттерге салық сипатындағы міндетті төлемдерді (бұдан әрі - салықтар) белгілейтін және Қазақстан Республикасында салық қатынастарын реттейтін осы Заңмен (Қазақстан Республикасының кеден ісі жөніндегі заңдарымен реттелетін кеден төлемдері мәселелерін, қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін төлемдерді, арнаулы заңдармен реттелетін табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төленетін міндетті төлемдерді, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда), Трансферттiк бағаларды қолдану кезіндегі мемлекеттік бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен келісілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің актілерінен тұрады.
2. Осы Заңның қағидаларына қайшы келетiн заңдар мен өзге актiлердiң заң күшi болмайды. Салыққа қатысты емес заңдарға салық салуға байланысты мәселелердi енгізуге тыйым салынады. Салық салуға қатысты нормативтiк құқықтық актiлер ресми жариялануға тиiс.
3. Егер Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шартта Қазақстан Республикасының салық заңдарында бар ережелерден өзге ережелер белгiленген болса, онда аталған шарттың ережелерi қолданылады. Халықаралық шартты қолдану үшiн iшкi республикалық акт шығару қажеттiгi шарттың өзiнде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттар салық қатынастарына тiкелей қолданылады.
Ескерту. 1-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.12.1995 № 2703 жарлығымен. 1-баптағы 2-тармақтың қолданылуы 1997 жылдың 1 қаңтарына дейiн тоқтатыла тұрсын - ҚР Президентінің 21.12.1995 № 2703 жарлығымен.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 31.12.1996 № 61-1 Заңымен.
Ескерту. 1-баптың 1-тармағы өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 19.06.1997 № 134-I Заңымен. Бұл өзгерту 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi.
Ескерту. 1-баптың 1-тармағы өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 08.12.1997 № 200 заңымен.
Ескерту. 1-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 24.12.1998 № 333 Заңымен.
Ескерту. 1-баптың 1-тармағы өзгертілді - Қазақстан Республикасының 31.03.1999 № 356 Заңымен.
Ескерту. 1-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 23.01.2001 № 147 Заңымен.
2-бап. Қазақстан Республикасындағы салықтар, алымдар және басқа да міндетті төлемдер
1. Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген салықтар, алымдар және басқа да міндетті төлемдер «Бюджет жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тиісті бюджеттердің кірісіне түседі.
2. Қазақстан Республикасының аумағында қолданылып жүрген салықтар тiкелей және жанама болып бөлiнедi. Жанама салықтарға қосылған құнға салынатын салық пен акциздер жатады. Басқа салықтар тiкелей салықтарға жатады.
3. Салық Қазақстан Республикасының заң актілерінде және Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкiлдiк берген Құзыреттi органның жер қойнауын пайдалануға жасасқан келісім-шарттарының ережелерiнде көзделген төлемнiң заттай түрi көзделген жағдайлардан басқа кезде сондай-ақ салық және алым төлеу Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес шетел валютасында жүзеге асырылған жағдайда теңгемен есептелiп, төленедi.
4. Қандай да бiр салықтан және алымнан босату немесе осы Жарлықпен көзделген салық ставкасын кемiту осы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібімен, сондай-ақ осы Заңға және «Тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен жасалған келісім-шарт негiзiнде жүргiзiлуi мүмкiн. «Тiкелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган беретiн жеңiлдiктердi қоспағанда, басқа актiлермен салықтар мен алымдар бойынша жеңiлдiктер, ның iшiнде жеке сипаттағы жеңiлдiктер беруге тыйым салынады.
4-1. Осы Заңда көзделген, есептелген және төленбеген айыппұлдар мен өсiмақыларды төлеуден босату немесе олардың сомасын азайту осы Заңға толықтырулар енгізу тәртібімен жүргiзiлуi мүмкiн. Есептелген және төленбеген айыппұлдар мен өсiмақыларды, оның iшiнде жеке сипаттағыларын төлеуден босатуды немесе олардың сомасын азайтуды басқа актiлермен беруге тыйым салынады.
5. Арнайы экономикалық аймақтар бойынша салық, алым және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер арнайы экономикалық аймақтар туралы заңдарда белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық аймақтың қаржы қорының (бюджетінің) кірісіне түседі.
Ескерту. 2-бап 4-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 26.01.1996 № 2824 жарлығымен. 2-баптың 1-тармағы толықтырылды - ҚР Президентінің 21.12.1995 № 2703 жарлығымен. 2-баптың 2-тармағы толықтырылды - ҚР Президентінің 20.07.1995 № 2370 жарлығымен.
Ескерту. 2-бап жаңа 2-тармақпен толықтырылды, тармақтардың саны өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 31.12.1996 № 61-1 Заңымен.
Ескерту. 2-баптың 4-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 28.02.1997 № 76 Заңымен.
Ескерту. 2-баптың 1,3,4-тармақтары өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 08.12.1997 № 200 заңымен.
Ескерту. 2-баптың атауы мен 1,5-тармақтары жаңа редакцияда және 3,4-тармақтары өзгертілді - Қазақстан Республикасының 31.03.1999 № 356 Заңымен.
Ескерту. 2-бап 4-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 16.07.1999 № 440 Заңымен.
3-бап. Салықтар, алымдар және басқа да міндетті төлемдер
1. Қазақстан Республикасында мынадай салықтар, алымдар және басқа да міндетті төлемдер қолданылады:
1) заңды және жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы;
2) қосылған құнға салынатын салық;
3) акциздер;
4) бағалы қағаздар эмиссиясын тіркегені және мемлекеттік тiркеуге жатпайтын акциялар эмиссиясының ұлттық бiрыңғайландыру нөмiрiн бергенi үшін алынатын алымдар;
5) жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары;
6) әлеуметтік салық;
7) автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүргені үшін алынатын алымдар;
8) жер салығы;
9) заңды және жеке тұлғалардың мүліктеріне салынатын салық;
10) көлік құралдарына салынатын салық;
10-1) бiрыңғай жер салығы;
11) кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғаларды және заңды тұлғаларды тіркегені үшін алынатын алым;
12) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығын бергені үшін алынатын лицензиялық алым;
13) аукциондық сатудан алынатын алым;
14) Қазақстан Республикасының базарларында тауарларды сату құқығын бергені үшін алынатын алым;
15) Қазақстан Республикасының радиожиілік ресурстарын пайдаланғаны үшін төленетін төлем;
16) заңды және жеке тұлғалардың Алматы қаласының рәміздерін өз фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында, тауар таңбаларында пайдаланғаны үшін алынатын алым;
16-1) заңды (мемлекеттік кәсiпорындарды, мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда) және жеке тұлғалардың «Қазақстан», «Республика», «Ұлттық» деген сөздердi (түбiр сөз, сондай-ақ олардың кез келген туынды сөзi түрiнде) өздерiнiң фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында, тауар таңбаларында пайдаланғаны үшiн алым;
17) жеке тұлғалардың ставкасы есептеу базасының 1 процентiнен жоғары белгiленбейтiн қолма-қол шетел валютасын сатып алғаны үшін алынатын алым.
2. Осы баптың 1-тармағының 7), 11)-15), 16-1) және 17) тармақшаларында көзделген алымдарды төлеу тәртібін және олардың ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайды.
Осы баптың 1-тармағының 16) тармақшасында көзделген алымдарды төлеу тәртібін және олардың ставкаларын Алматы қаласының өкілді органы белгілейді.
Ескерту. 3-баптың 4-тармақшасы өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 08.12.1997 № 200 заңымен.
Ескерту. 3-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 01.07.1998 № 255 заңымен.
Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 24.12.1998 № 333 Заңымен.
Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 31.03.1999 № 356 Заңымен.
Ескерту. 3-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 16.07.1999 № 440 Заңымен.
4-бап.
Ескерту. 4-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 31.03.1999 № 356 Заңымен.
5-бап. Осы Заңда пайдаланылатын ұғымдар
Салық заңдарында пайдаланылатын ұғымдар мынаны бiлдiредi:
1) активтер - тiркелген активтердi, оның iшiнде материалдық емес және ағымдағы қаражатты қамтитын есептiк санат;
2) бонус - пайдалы қазбаларды геологиялық зерттеуге, өндiруге байланысты төлем;
3) ұтыстар - жеке және заңды тұлғалардың конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдарда салымдар (ойынға қатысатын), лотереялар бойынша алатын заттай және ақшалай түрдегi табыстарының кез келген түрлерi;
4) ойын бизнесiнен алынатын түсiм - ұтысы шегерiлiп тастала отырып, ойын бизнесiнен алынатын ақша сомасы;
5) пайданың iшкi нормасы - жүргiзiлетiн инвестициялардың өтелу коэффициентi;
6) сыйақы (мүдде) - алынған кредиттер, қаржы лизингіне алынған мүлiк үшiн және алынған депозиттер және бағалы борыш қағаздары бойынша төлемдер;
7) жылдық есептiк көрсеткiш - жыл iшіндегі айлық есептiк көрсеткiштердiң жиынтығы;
8) грант - белгiлi бiр мақсаттарға (мiндеттерге) қол жеткізу үшiн мемлекеттер, мемлекеттер үкiметтері, мемлекеттік, халықаралық және қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғалар Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, заңды тұлғаларға (оның ішінде резидент еместерге), олардың филиалдарына, өкiлдiктерiне және өзге де оқшауланған құрылымдық бөлiмшелерге, сондай-ақ жеке тұлғаларға өтеусіз негiзде берiлетiн мүлiк;
9) алыс-берiс шикiзаты - дайын өнiм етiп өңдеу мақсатымен меншiк иесiнiң дайындаушыға берiлетiн өнiмi;
10) дивидендтер - Заңды тұлға оның қатысушылары (акционерлерi) арасында бөлетiн таза табыстың бiр бөлiгi, сондай-ақ заңды тұлғаны тарату кезiнде мүлiктi бөлуден түскен табыс та дивиденд деп түсiнiледi, бұған инфляцияны ескере отырып жарғылық капиталға қосылған қатысушының (акционердiң) меншiктi өз мүлкiнiң жарналары кiрмейдi;
11) ұзақ мерзiмдi келісім-шарт - бiр жылдан астам уақытқа жұмыстар орындауға (қызметтер көрсетуге) жасалған келісім-шарт (шарт);
12) қатысу үлесi - акционерлік қоғамдарды қоспағанда, бiрлесiп құрылатын ұйымдарға, консорциумдарға заңды және жеке тұлғалардың мүлiкпен үлес қосып қатысуы;
13) шетелдiк заңды және жеке тұлғалар үшiн қазақстандық көзден алынатын табыс:
а) осындай табыстың қай жерде төленгенiне қарамастан Қазақстан Республикасындағы еңбек шарты (келісім-шарты) немесе мердiгерлiк (жалдау) шарты бойынша табыс;
б) осындай табыстың қай жерде төленгенiне қарамастан Қазақстан Республикасында тауарлар өндiруден, жұмыстар орындаудан, қызметтер көрсетуден алынған табыс;
в) кәсiпкерлiк қызметтен алынатын табыс:
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан тұрақты мекеме алатын табыс;
Қазақстан Республикасында тауар сатудан пайда болатын табыс;
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын қызмет сияқты немесе соған ұқсас сипаттағы кәсiпкерлiк қызметтен пайда болатын табыс;
нақты қызмет көрсету орнына қарамастан, егер Қазақстан Республикасында орналасқан резидентке немесе тұрақты мекемеге шегерім ретінде есептелетін болса, басқарушылық, қаржылық, консультациялық, аудиторлық, маркетингтік, заңгерлік және адвокаттық қызметтен алынатын табыс;
егер Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметіне байланысты Қазақстан Республикасында орналасқан резидентке және (немесе) тұрақты мекемеге шегерім ретінде есептелетін болса, жұмыстарды орындауға (қызмет көрсетуге) жасалған келісім-шарттар (шарттар, келісімдер) бойынша және (немесе) тауарлар жеткізуге жасалған сыртқы сауда келісім-шарттары бойынша міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық төлемі (айыппұл санкциясы);
г) ашық акционерлік қоғамдардың бағалы қағаздарын өткізу кезінде құнның өсуінен түсетін табысты қоспағанда, резидент-заңды тұлғадан және осындай заңды тұлғадағы қатысу үлесін сатудан түсетiн дивиденд нысанындағы табыс;
д) резиденттерден не Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан тұрақты мекемесi немесе мүлкi бар адамнан алынған, егер бұл адамның берешегi оның тұрақты мекемесiне немесе мүлкiне қатысты болса, сыйақы (мүдде) нысанындағы табыс;
е) Қазақстан Республикасында құқықтарды немесе мүлiктi пайдалану құқығын iске асыру, пайдалану немесе беру кезiнде пайда болатын роялти нысанындағы табыс;
ж) Қазақстан Республикасында тұрған жылжымайтын мүлiктен алынатын табыс, бұған мұндай мүлiкке қатысу үлесiн iске асырудан алынатын табыс қосылады;
з) резидентке Қазақстан Республикасының аумағында мүлiктi сатудан түсетiн өзге де табыстар;
и) зейнетақы, егер оны резидент төлейтiн болса;
к) Қазақстан Республикасында тәуекелдi сақтандыру немесе қайта сақтандыру шарттары бойынша төленетiн сақтандыру сыйлықтары нысанындағы табыс;
л) Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттер арасындағы халықаралық байланыста немесе тасымалдарда телекоммуникациялық немесе көлiк қызметтерiн көрсетуден алынатын табыс;
м) Қазақстан Республикасындағы қызмет негiзiнде туындайтын осының алдындағы тармақшаларда қамтылмаған басқа да табыстар;
14) сауда-делдалдық қызметтен алынатын табыс сатып алу-сату операцияларынан және делдалдық қызметтер көрсетуден алынған табыс;
15) тауар импорты - Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының кеден аумағына еркiн айналыс үшiн тауарлар шығару;
15-1) заңды тұлғаның өзге де оқшауланған құрылымдық бөлiмшесi - орналасқан жеріне оның міндеттерiнiң бiр бөлігін орындайтын тұрақты жұмыс орны жабдықталған, заңды тұлғадан аумақтық оқшауланған кез келген бөлiмше. Егер жұмыс орны бiр айдан артық мерзімге құрылған болса, тұрақты деп есептеледі;
16) тарихи шығындар - осы келісім-шарттық аумақты барлау мен онда ашылған кен орындарын жайғастыруға байланысты және осы кен орындарын пайдалану кезiнде өтелуге тиiс мемлекеттiң бұрынғы шығындары;
17) жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарт жер қойнауын пайдаланушы мен Қазақстан Республикасының Үкіметі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзуге уәкiлдiк берген құзыреттi орган арасындағы шарт;
18) жанама салықтар - салық төлеушiнiң табысына немесе мүлкiне тiкелей байланысты емес, бағаға немесе тарифке үстеме түрiнде белгiленетiн, тауарлар мен қызметтерге салынатын салық (қосылған құнға салынатын салық пен акциздер);
19) негізгі құралдардың қаржы лизингі - осы Заңның 43-бабына сәйкес анықталатын келісім;
20) тұлға - заңды немесе жеке тұлға;
21) айлық есептiк көрсеткiш - республикалық бюджет туралы Заңда зейнетақыларды, жәрдемақылар мен өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу үшiн, сондай-ақ айыппұл санкцияларын, салық және басқа да төлемдерді қолдану үшiн жыл сайын белгiленетiн көрсеткiш;
22) есептеу әдiсi - салық есебiнiң әдiсi, оған сәйкес табыстар мен шегерiмдер төлем жасау уақытына қарамастан жұмыс орындалған, қызмет көрсетiлген, сату және табысқа енгізу мақсатымен мүлiк жөнелтiлген кезден бастап есепке алынады;
23) халықаралық тасымалдар - Қазақстан Республикасының аумағынан (аумағына) басқа мемлекеттердiң аумағына (аумағынан) тауарлар, жолаушылар, жүктер, почта тасымалдау, сондай-ақ транзит;
24) салық жылы - күнтiзбелiк жыл;
25) салық патентi (бұдан әрi - патент) - салық төлеушiлердiң жекелеген санаттары үшiн оңайлатылған салық режимiн белгiлейтiн құжат;
26) салық сараптамасы - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен заңдарға сәйкес салық режимiн айқындау, оның iшiнде жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдер мен салықтарын белгiлеу мақсатымен Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкiлеттiк берген құзыреттi орган жасасатын келісім-шарттың жобасына, оған толықтырулар мен өзгерістерге жүргiзiлетiн талдау мен баға берудi қамтитын мiндеттi сараптама;
27) жылжымайтын мүлiк - үйлер, ғимараттар, көпжылдық екпелер және жермен тығыз байланысты өзге де мүлiк, яғни олардың мақсатына қисапсыз зиян келтiрмейiнше олардың орнын ауыстыру мүмкiн болмайтын объектiлер;
28) резидент емес - осы баптың 36-тармақшасына сәйкес резидент деп танылмайтын заңды немесе жеке тұлға;
29) негiзгi құрал-жабдықтар - сатып алу сәтiнде құны 40 айлық есептiк көрсеткiштен кем болмайтын, қызмет мерзiмi бiр жылдан астам материалдық активтер;
30) меншiктi акцияларын бастапқы орналастыру - эмитенттiң жарғылық капиталды қалыптастыру кезiнде акцияларды орналастыруы;
31) тұрақты мекеме:
а) уәкiлдiк берiлген тұлға арқылы жүзеге асырылатын қызметтi қоса алғанда, салық төлеушiнiң кәсiпкерлiк қызметтi толық немесе iшiнара жүзеге асыратын тұрақты қызмет орны;
б) құрылыс алаңы, монтаждау немесе жинау объектiсi, сондай-ақ осындай объектiлермен байланысты бақылау қызметiн жүзеге асыру;
в) табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын қондырғы немесе конструкция, табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын бұрғылау қондырғысы немесе кеме, сондай-ақ солармен байланысты бақылау қызметiн жүзеге асыру;
г) қызметтер, соның iшiнде консультациялық қызметтер көрсету;
32) тiкелей салықтар - салық төлеушiнiң табысынан немесе мүлкiнен тiкелей төленетiн салықтар;
33) жұмыстар - нәтижелерiнiң материалдық көрiнiсi болатын және жеке және заңды тұлғалардың қажеттерiн қанағаттандыру үшiн сатылуы мүмкiн қызмет;
34) iске асыру - жұмыстар орындау, қызметтер көрсету, сату, айырбастау, тегiн беру мақсатымен тауарлар тиеп жөнелту, сондай-ақ кепiлге салынған тауарларды кепiл ұстаушының меншiгiне беру;
35) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi - салық мiндеттемелерi бар заңды немесе жеке тұлғаға салық қызметiнiң беретiн нөмiрi;
36) резидент:
басталған немесе аяқтала келген салық жылының кез келген жүйелi 12 айлық кезеңiнде 183 күн және одан да ұзақ күндер Қазақстанда болған немесе шет елде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметiнде жүрген жеке тұлға. Егер келген жылының алдындағы жылда Қазақстанның резидентi болса ғана жеке тұлға оның келуiнiң алдындағы кезең үшiн резидент ретiнде қаралады.
Егер ол өзiнiң Қазақстанға келуi аяқталатын жылдан кейiнгi жылы резидент болса ғана жеке тұлға Қазақстанға келген соңғы күннен кейiнгi кезең үшiн резидент ретiнде қаралады;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған немесе оның нақты басқару органдары (тиiмдi басқару орыны) Қазақстан Республикасында орналасқан заңды тұлға;
37) роялти:
а) пайдалы қазбаларды өндiру және техногендiк құралымдарды қайта өңдеу процесiнде жер қойнауын пайдалану құқығы үшiн;
б) авторлық құқықтарды, бағдарламамен қамтамасыз етудi, патенттердi, сызбаларды немесе модельдердi, тауар белгiлерiн немесе құқықтың басқа да ұқсас түрлерiн пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшiн; өнеркәсiп, сауда немесе ғылыми-зерттеу жабдықтарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшiн, ноу-хауды пайдаланғаны үшiн; кино фильмдердi, бейнефильмдердi, дыбыс жазбаларын немесе өзге де жазба құралдарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшiн; осыған байланысты техникалық көмек көрсетiлгенi үшiн төленетiн төлем;
38) жер қойнауын пайдаланушының үстеме пайдасы - жер қойнауын пайдаланушының осы Заңда белгiленген нормативтен тыс алған қосымша табыстары;
39) өзiндiк құн - тауарларды, жұмыстарды және қызметтер көрсетудi сатып алуға, өндiруге және сатуға байланысты шығындар;
40) отбасы - бiрге тұратын және ортақ шаруашылық жүргiзетiн жұбайлар, балалар мен ата-аналар;
41) жиынтық жылдық табыс - заңды және жеке тұлғалардың күнтiзбелiк жыл iшiнде түрлi көздерден алған табысы;
42) күмәндi мiндеттемелер - сатып алынған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) бойынша, сондай-ақ есептелген еңбекақы төлеу қоры бойынша туындаған және туындаған кезден бастап екi жыл iшiнде қанағаттандырылмаған мiндеттемелер;
43) күмәндi талаптар - тауарлар өткізу, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету (Қазақстан Республикасының резидентi еместерге өткізудi қоспағанда) нәтижесiнде пайда болған және белгiленген тәртiппен ресiмделген тиiстi құжаттармен расталған табыс есептелген күннен бастап екi жыл iшiнде қанағаттандырылмаған талаптар;
44) мамандандырылған аукцион - мемлекеттік бюджет алдындағы берешегiн өтеу үшiн салық төлеушiден алынған мүлiкпен, сондай-ақ тәркiленген немесе мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке берiлген мүлiкпен сауда өткiзетiн орын;
45) қызмет көрсету - нәтижелерiнiң материалдық көрiнiсi болмайтын қызмет, осы қызметтi жүзеге асыру процесiнде сатылады және тұтынылады;
46) қаржылық қызмет көрсету:
а) банк операциялары;
б) ұйымдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялануға тиiс бағалы қағаздар рыногында қызмет атқару жөніндегі қызметтер көрсетуi, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногының, бағалы қағаздармен жасалатын операциялардың кәсiпқой қатысушыларының қызмет көрсетулерi;
в) сақтандыру және қайта сақтандыру жөніндегі операциялар, сондай-ақ сақтандыру брокерлерінің (сақтандыру агенттерінің) сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау мен орындау жөніндегі қызметтер көрсетуі;
г) чектермен, вексельдермен, депозиттiк сертификаттармен жүргiзiлетiн операциялар;
д) негiзгi құралдардың қаржы лизингi;
е) зейнетақы активтерiн басқару жөнiнде көрсетiлетiн қызметтер;
ж) жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарын тарту жөніндегі, зейнетақы активтерiнен алынған инвестициялық табыстарды бөлу мен есепке алу жөніндегі қызметтерi;
47) таза табыс - осы табыс бойынша есептелген табыс салығы алып тасталған салық салынатын табыс;
48) сатып алу бағасы - тауарлардың сатып алу құны, сондай-ақ тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) берушiлер қосымша құн салығының сомасын көрсете отырып, фактура-шоттар берген және қосымша құн салығының сомасы осы заңға сәйкес есепке алуға жатқызылған, оларды сатып алу мен сатуға байланысты жұмсалған шығыстардың құны;
49) тауарлар экспорты - Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тауарлар әкету;
50) электрондық құжат - белгiленген электрондық форматта жасалған және берiлген, электрондық санмен қолтаңба түсiру арқылы шартбелгi салынып, расталған және ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кiрiс министрлігінде iске қосылып, түпнұсқаландырудан өткеннен кейiн бастапқы құжат күшi бар құжат;
51) электрондық қолтаңба - электрондық құжаттардың түпнұсқалылығын, тұтастығын және авторлығын қамтамасыз ететiн арнайы криптографиялық құрал.
Ескерту. 5-баптағы 13,14-тармақшалар жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.12.1995 № 2703 жарлығымен.
Ескерту. 5-бапқа өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 31.12.1996 № 61-1 Заңымен.
Ескерту. 5-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 11.07.1997 № 154 Заңымен.
Ескерту. 5-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 08.12.1997 № 200 Заңымен.
Ескерту. 5-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 01.07.1998 № 255 заңымен.
Ескерту. 5-бап өзгерді және 44-тармақшамен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 24.12.1998 № 333 Заңымен.
Ескерту. 5-бап 29-тармақшамен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 28.12.1998 № 336 Заңымен.
Ескерту. 5-баптың 6),17),20)-тармақшалары өзгертілді, жаңа 22-1)-тармақшамен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 31.03.1999 № 356 Заңымен.
Ескерту. 5-бап өзгерді және жаңа 45-48-тармақшалармен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 16.07.1999 № 440 Заңымен.