1. Кассациялық сатыда ақтау үкімінің күші тек прокурордың наразылығы бойынша не жәбірленушінің немесе оның өкілінің шағымы бойынша, сондай-ақ сот арқылы ақталған адамның ақталу негіздерімен келіспеген шағымы бойынша ғана жойылуы мүмкін.
2. Егер ақталған адамның кінәсіздігі немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешімнің мәні күмән туғызбаса, ақтау үкімінің, істі қысқарту туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешімнің күшін қылмыстық іс жүргізу заңы елеулі бұзылды деген себеппен жоюға болмайды.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-15-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-15-бап. Істі жаңадан қарауға жібере отырып, үкімнің күшін жою
1. Егер іс апелляциялық тәртіппен қаралмаса, кассациялық саты үкімнің заңдылығына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылғанын анықтаған жағдайда ғана, іс жаңадан апелляциялық қарауға немесе бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберіліп, үкімнің күші жойылуға жатады.
2. Осы Кодекстің 446-12-бабының үшінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша да істі жаңадан сот қарауына жібере отырып, үкімнің күші жойылуы мүмкін.
3. Бұл ретте кассациялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, қандай да бір дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігі туралы, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын ала шешуге, сондай-ақ сот жасауы мүмкін тұжырымдарды алдын ала шешуге құқылы емес.
446-16-бап. Істі қосымша тергеуге жібере отырып күшін жою
Кассациялық сатыдағы сот негіздер болған кезде тараптардың өтініштер жасауы бойынша үкімнің күшін жоюға және осы Кодекстің 303-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша істі қосымша тергеуге жіберуге құқылы.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-17-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-17-бап. Yкімді өзгерту
1. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық заңды дұрыс қолданбаған жағдайда, кассациялық сатыдағы сот сотталған адамға онша ауыр емес қылмыс туралы заңды қолдануға және жасалған әрекеттің өзгертілген саралануына сәйкес жазаны төмендетуге құқылы, сондай-ақ ол неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға және тағайындалған жазаны күшейтуге құқылы.
2. Кассациялық сатыдағы сот, егер шамадан тыс қатаңдығы салдарынан жаза әділетсіз деп танылса, сотталған адамға тағайындалған жазаны саралануын өзгертпестен төмендетуге құқылы.
3. Кассациялық сатыдағы сот, егер жаза мөлшерін ұлғайту арифметикалық қателерді немесе алдын ала күзетпен ұстау мерзімін есептеу кезіндегі қателерді жоюға байланысты болса, үкімдер мен қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындауды реттейтін қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауын жоя отырып, жаза мөлшерін ұлғайтуға құқылы. Кассациялық сатыдағы сот, сотталған адамға түзеу мекемесінің заңда көзделгеннен гөрі неғұрлым жеңіл түрінің үкімде дәлелденбей тағайындалуының күшін жоюға және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес түзеу мекемесінің түрін тағайындауға құқылы.
4. Кассациялық сатыдағы сот осы бапта көзделген сотталған адамның жағдайын нашарлататын өзгерістерді, егер осы негіздер бойынша прокурордың наразылығы енгізілсе немесе жәбірленушінің, жеке айыптаушының немесе олардың өкілдерінің шағымдары берілген жағдайда ғана енгізуге құқылы.
5. Сот үкімінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін істі қарайтын сот толық көлемде тексереді. Сот актісіне кассациялық шағымда (наразылықта) көрсетілмеген негіздер бойынша, сондай-ақ кассациялық шағым (наразылық) берілмеген басқа сотталған адамдарға қатысты өзгерістер енгізуге өзіне қатысты кассациялық шағым берілген сотталған адаммен бірге қатысып жасалған қылмысты саралауды өзгерту кезінде ғана жол беріледі, бұл ретте олардың жағдайы нашарламайды. Сот прокурордың наразылығында немесе кассациялық шағымда көрсетілген сотталған адамдарға ғана қатысты жағдайларын нашарлату туралы шешім қабылдауға құқылы. Соттың сотталған адамның немесе оның қорғаушысының не өкілінің кассациялық шағымы бойынша оның жағдайын нашарлатуға құқығы жоқ.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-18-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-18-бап. Кассациялық қаулының мазмұны
1. Кассациялық қаулы кіріспе, сипаттамалық-дәлелдеу және қарар бөліктерінен тұрады.
2. Қаулының кіріспе бөлігінде:
1) қаулы шығарылған уақыт пен орын;
2) қаулыны шығарған соттың атауы және кассациялық алқаның құрамы;
3) кассациялық шағым берген немесе кассациялық наразылық келтірген тұлғалар;
4) істі кассациялық сатыда қарауға қатысқан тұлғалар көрсетілуге тиіс.
3. Қаулының сипаттамалық-дәлелдеу бөлігінде шағым берген немесе наразылық келтірген тұлғалардың дәйектері, кассациялық сатыдағы сотқа қатысқан басқа тұлғалардың қарсылықтары, сондай-ақ қабылданған шешімнің себептері қысқаша баяндалуға тиіс. Егер шағым немесе наразылық қанағаттандырылмай қалдырылса, шағымдардың немесе наразылықтың дәйектерін негізсіз немесе елеулі емес деп танудың негіздері көрсетіледі.
Yкімнің күші жойылған немесе ол өзгертілген жағдайда, қылмыстық немесе қылмыстық іс жүргізу заңының қандай баптарының талаптары бұзылғаны және бұл бұзушылықтың неден тұратыны; бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот тағайындаған жазаны әділетсіз деп танудың негіздері көрсетіледі. Іс жаңадан сот талқылауына жіберілген жағдайда қандай заң бұзушылықтар жойылуға тиіс екені көрсетіледі. Бұл ретте кассациялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, қандай да бір дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігі туралы және бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші, апелляциялық сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын шешуге құқылы емес.
4. Жаңа уәждердің болмауына байланысты шағым, наразылық қанағаттандырусыз қалдырылған кезде кассациялық қаулының сипаттау-дәлелдеу бөлігінде сот актісіне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымда бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда қараудың нысанасы болып табылмайтын уәждер келтірілген жағдайда, сипаттау-дәлелдеу бөлікте жаңа уәждер негізсіз деп танылатын негіздер көрсетілуі тиіс.
5. Қаулының қарар бөлігінде кассациялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешімі көрсетіледі.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-19-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-19-бап. Кассациялық қаулы шығару
1. Кассациялық қаулы осы Кодекстің 423-бабында көзделген талаптар сақтала отырып, кеңесу бөлмесінде шығарылады,
2. Кассациялық қаулы жария етілген кезінен бастап заңды күшіне енеді.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-20-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-20-бап. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысын орындауға кірісу
1. Кассациялық сатының қаулысы ол шығарылғаннан кейін үш тәуліктен кешіктірілмей, іспен бірге үкім шығарған бірінші сатыдағы сотқа орындау үшін жіберіледі. Іс қосымша тергеуге жіберілген кезде кассациялық сатының қаулысы іспен бірге тиісті прокурорға жіберіледі. Бұл жағдайда үкім шығарған бірінші сатыдағы сотқа кассациялық саты қаулысының көшірмесі жіберіледі.
2. Сотталған адам күзетпен ұстаудан босатылуға жататын қаулы, егер сотталған адам кассациялық сатыдағы сот отырысына қатысып отырса, осы бөлігінде дереу орындалады. Өзге жағдайларда кассациялық қаулының көшірмесі немесе кассациялық қаулының қарар бөлігінің үзінді-көшірмесі сотталған адамды күзетпен ұстаудан босату туралы шешімді орындау үшін қамау орнының әкімшілігіне дереу жіберіледі.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-21-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-21-бап. Істі кассациялық сатыда қайтадан қарау
1. Егер қандай да бір себептер бойынша кейбір сотталған адамдарға қатысты белгіленген мерзімде берілген шағым немесе наразылық кассациялық сатыдағы сотқа басқа сотталған адамдарға қатысты іс қаралғаннан кейін келіп түссе, сондай-ақ егер сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе заңды өкілінің кассациялық шағымы, осы сотталған адамға қатысты іс процеске басқа қатысушының кассациялық шағымы немесе прокурордың наразылығы бойынша қаралып кеткеннен кейін келіп түскен болса, кассациялық сатыдағы сот мұндай шағымды немесе наразылықты қарауға және ол бойынша қаулы шығаруға міндетті.
2. Егер қайта шығарылған қаулы бұрын шығарылған қаулыға қайшы келсе, кассациялық сатыдағы сот істі қадағалау тәртібімен тексеру үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жібереді.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-22-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-22-бап. Үкімнің күші жойылғаннан кейін істі бірінші, апелляциялық сатыда қарау
1. Үкімнің күші жойылғаннан кейін іс жалпы тәртіппен қаралуға жатады.
2. Егер айыптау тарапының кассациялық шағымында, наразылығында мұндай өтініш болса және оны кассациялық сатыдағы сот үкімнің күшін жою негіздерінің бірі ретінде көрсетсе, бірінші, апелляциялық сатыдағы сот істі жаңадан қараған кезінде жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға жол беріледі.
3. Істі жаңадан қараған кезде бірінші, апелляциялық сатыдағы сот:
1) егер айыптау тарапының шағымы, наразылығы бойынша үкімнің осы бөлігінде күші жойылмаса, сотталған адамды айыптаудың бастапқы үкіммен алып тасталған бөлігінде кінәлі деп тануға;
2) егер бастапқы үкімнің күші айыптау тарапының шағымы, наразылығы бойынша жойылғанымен, ол осы негіздерге байланысты болмаса, жазаны күшейтуге, бас бостандығынан айыру мерзімінің бір бөлігін түрмеде өтеуді немесе жазаны неғұрлым қатаң режимдегі колонияда өтеуді тағайындауға, қосымша жаза тағайындауға немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы емес.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-23-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-23-бап. Істі жаңадан қарау кезіндегі жаза тағайындаудың шектері
Істі жаңадан қараған кезде бірінші, апелляциялық сатыдағы сот шығарған үкімге жалпы тәртіппен шағымдануға болады. Бұл ретте, егер бірінші үкімнің күші сотталған адамды қорғаған шағым, наразылық бойынша жойылса, ал екінші үкімнің күші айыптау тарабының жазаның жеңілдігіне немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттілігіне байланысты берілген шағымы, наразылығы бойынша жойылса, істі үшінші рет қарап жатқан сот екінші үкімге қарағанда неғұрлым қатаң жаза тағайындауы немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануы мүмкін, бірақ ол бірінші үкімге қарағанда жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы емес.
9-бөлім. Сот шешімдерін орындау
49-тарау. Сот үкімдері мен қаулыларын орындау
11.07.01 ж. № 238-II ҚР Заңымен; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 447-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 447-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 447-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
447-бап. Үкімнің заңды күшіне енуі және оны орындауға кірісу
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттар, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, гарнизонның әскери соты шығарған бірінші сатыдағы сот үкімдері, егер оларға шағым жасалмаса немесе наразылық келтірілмесе, апелляциялық шағым жасау немесе наразылық келтіру мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді және орындалуға жатады.
2. Іс апелляциялық сатыда қайта қаралған жағдайда, егер үкімнің күші жойылмаса, ол апелляциялық қаулы шығарылған күні күшіне енеді. Егер апелляциялық (жеке) шағымдар, наразылық апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін кері қайтарып алынса, үкім апелляциялық сатының шағымның, наразылықтың кері қайтарып алынуына байланысты іс жүргізудің тоқтатылғаны туралы қаулысы шығарылған күні заңды күшіне енеді.
3. Бірінші сатыдағы сот үкім заңды күшіне енген немесе іс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей үкімді орындауға кіріседі.
4. Қылмыс жасағаны үшін сотталған адам, егер айыптау үкімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 75-бабында белгіленген мерзімде орындалмаса, жазаны өтеуден босатылады.
5. Егер сот ақтау үкімін шығарса не сотталушы адам жаза тағайындалмай сотталса немесе жазадан босатылса не бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға кесілсе, ал үкім шығарылғанға дейін ол күзетпен ұсталған болса, мұндай шешім шығарған сот оны дереу күзетпен ұстаудан босатады.
11.07.01 ж. № 238-II; 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара); 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара) Заңдарымен; 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 448-бап өзгертілді
448-бап. Сот қаулысының заңды күшiне енуi және оны орындауға кiрiсу
1. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысы шағымдану немесе наразылық бiлдiру мерзiмi өткен соң не жеке шағым жасалған немесе наразылық бiлдiрiлген жағдайда, iстi жоғары тұрған сот қарағаннан кейiн заңды күшiне енедi және орындалады.
2. Соттың шағымдануға немесе наразылық бiлдiруге жатпайтын қаулысы ол шыққаннан кейiн дереу күшiне енедi және орындалады.
3. Iстi қысқарту туралы сот қаулысы сот отырысын тағайындау туралы мәселенi шешу кезiнде немесе сот отырысында оның айыпталушыны немесе сотталушыны қамаудан босатуға қатысты бөлiгiнде дереу орындалуға жатады.
4. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы, үкімі жария етілген кезінен бастап күшіне енеді.
5. Апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулылары осы Кодекстің 423-1-бабында көзделген тәртіппен орындалады.
6. Соттың жеке қаулысы заңды күшіне енген кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзім өткен соң басқару функцияларын орындайтын тиісті лауазымды адамға жіберіледі. Жеке қаулы бойынша бiр айлық мерзiмнен кешiктiрмей қажеттi шаралар қолданылуы және нәтижелерi туралы қаулы шығарған сотқа хабарлануы тиiс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара) 449-бап өзгертілді
449-бап. Соттың үкімін, қаулысын орындауға кiрiсу тәртібі
1. Заңды күшiне енген соттың үкімі мен қаулысы мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәрiне бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында сөзсiз орындалуға жатады. Соттың үкімін, қаулысын орындамау қылмыстық жауапкершiлiк жүктейдi.
2. Үкiм мен қаулыны орындауға кiрiсу бiрiншi саты бойынша iстi қараған сотқа жүктеледi. Үкiмдi орындау туралы өкiмдi судья үкiмнiң көшiрмесiмен бiрге қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес үкiмдi орындау мiндетi жүктелген органға жiбередi. Апелляциялық сатыдағы сотқа қамауда ұсталған адамдарға қатысты iстi апелляциялық тұрғыда қараудың нәтижелерiн хабарлау мiндетi жүктеледi. Iстi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде үкiм өзгерген жағдайда үкiмнiң көшiрмесiне апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi қоса тiркелуге тиiс.
3. Егер үкiмде сотталушыны Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасынан, Қазақстан Республикасының Президентi берген құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе біліктілік сыныбынан айыру туралы мәселенi қою қажеттiгi көрсетiлсе, үкiмдi шығарған сот Қазақстан Республикасының Президентiне сотталушыны мемлекеттік наградасынан, көрсетiлген атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе біліктілік сыныбынан айыру туралы ұсынысты, сондай-ақ үкiмнiң көшiрмесi мен оның заңды күшiне енуi туралы анықтаманы жолдайды.
4. Үкiмдi орындаушы органдар оның орындалғаны жайында үкiмдi шығарған сотқа дереу хабарлайды. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi үкiм шығарған сотқа сотталушының жазасын өтеу орны туралы хабарлауы тиiс. Апелляциялық сатының үкімін орындау туралы хабарлама бірінші сатыдағы тиісті сотқа жіберіледі.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 450-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
450-бап. Үкiмдi орындауға кiрiсу жайында сотталушының туған-туысқандары мен азаматтық талапкерге хабарлау
1. Қамауда ұсталған сотталушы абақтыда ұстауға немесе бас бостандығынан айыруға кесiлген үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн қамау орнының әкiмшiлiгi сотталушының отбасын жазаны өтеу үшiн оның қайда жiберiлетiнi туралы хабардар етуге мiндеттi.
2. Азаматтық талап қанағаттандырылған жағдайда сот атқарушысы азаматтық талапкердi үкiмнiң орындалғаны туралы хабардар етедi.
451-бап. Туыстарына сотталушымен жүздесуге рұқсат ету
Үкiм орындалғанға дейiн iс бойынша төрағалық етушi немесе сот төрағасы қамауда ұсталып отырған сотталушының ерiне /зайыбына/, жақын туыстарына олардың өтiнiшi бойынша сотталушымен жүздесу және телефон арқылы сөйлесу мүмкiндiгiн беруге мiндеттi.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 452-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
452-бап. Үкiмнiң атқарылуын кейiнгi қалдыру
1. Адамды қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тартуға, бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға соттау туралы үкiмдi орындау мынадай негiздердiң бiрi болған кезде:
1) жазаны өтеуге кедергi келтiретiн сотталушының ауыр сырқаты болса, - ол сауығып кеткенге дейiн;
2) сотталған әйелдiң жүктi болуы немесе сотталған әйелдiң жас балалары болса және жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін еркектерге қатысты - Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабында көзделген тәртiпте;
3) өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше жағдаяттардың салдарынан, сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазаны дереу өтеуi аса ауыр зардапқа әкелiп соқтыруы мүмкiн болса, сот белгiлеген алты айдан артық емес мерзiмге, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға қатысты - үш айдан артық емес мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн.
2. Айыппұл төлеу, егер оны дереу төлеу сотталушы үшiн мүмкiн болмаса, алты айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдырылуы немесе бөлiп өтелуi мүмкiн.
3. Үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру туралы мәселенi сотталушының оның заңды өкiлiнiң, жақын туыстарының, қорғаушысының өтiнiшi бойынша не прокурордың ұсынуы бойынша немесе өз бастамашылығымен сот шешедi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 453-бап өзгертілді; 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 453-бап өзгертілді
453-бап. Үкiмдi орындау кезiнде сот қарауға жататын мәселелер
Соттың жүргiзуiне үкiмдi орындауға байланысты мынадай мәселелердi қарау жатады:
1) жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда айыппұл төлеу түріндегі жазаны қоғамдық жұмысқа тартумен, түзеу жұмыстарына жiберумен /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 40-бабы/, қоғамдық жұмыстарға тартуды бас бостандығын шектеумен /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабы/, түзеу жұмыстарын бас бостандығын шектеумен немесе бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабы/, бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 45-бабы/ ауыстыру туралы;
1-1) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталып, бақылаудан жасырынған және жазасын өтеуден жалтарған адамдарға қатысты iздестiру жариялау мен бұлтартпау шарасын таңдау туралы;
2) қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталған адамға шығарылған үкiм бойынша тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту туралы;
3) жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70-бабы) туралы, жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 71-бабы) туралы;
3-1) жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуды жою (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70-бабының жетiншi бөлiгi) туралы;
4) науқастануына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай жазадан босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 73-бабы) туралы;
5) шартты түрде соттауды жою немесе сынақ мерзiмiн ұзарту (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 64-бабы) туралы;
5-1) бас бостандығын шектеуге сотталған адам үшін бұрын белгіленген міндеттердің толық немесе ішінара күшін жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 45-бабы);
5-2) жазаны орындауды кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін немесе бала шетінеген жағдайда, не жүктілігі үзілген жағдайда жазаны орындауды кейінге қалдырудың күшін жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 72-бабының үшінші бөлігі);
6) соттың айыптау үкімінiң ескіру мерзiмiнiң өтiп кетуiне байланысты жазаны өтеуден босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 75-бабы) туралы;
7) басқа да орындалмаған үкiмдер болған кезде, егер бұл уақыт бойынша соңғы үкiмде шешiлмесе, үкiмдi орындау (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 60-бабы) туралы;
8) қамауда ұсталған мерзiмiн, сондай-ақ емдеу мекемесiнде болған уақытын есепке алу (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62, 94, 95-баптары) туралы;
9) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды ұзарту, өзгерту немесе тоқтату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 93, 95-баптары) туралы;
10) керi күшi бар қылмыстық заңның, сондай-ақ рақымшылық жасау актiсiнiң шығуы себептi жазадан босату немесе жазаны жеңiлдету туралы, сотталған жасаған әрекеттің дәрежеленуін өзгерту, жазалау мерзімін, қылмыстың қайталануын қысқарту туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 5-бабы);
11) қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес түзеу жұмыстарына сотталушының жалақысынан ұстау мөлшерiн төмендету туралы;
12) үкiмдi орындау кезiнде туындаған қандай да болсын күмән мен түсiнiксiздiктi ұғындыру туралы;
13) сотталған адамның қайтыс болуына байланысты iс жүргiзудi қысқарту туралы.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 454-бап өзгертілді
454-бап. Үкiмдi орындаумен байланысты мәселелердi шешетiн соттар
1. Осы Кодекстiң 452-бабына сәйкес үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру туралы, жазаның бiр түрiн екiншiсiне ауыстыру (осы Кодекстiң 453-бабының 1-тармағы) туралы, айыптау үкімінiң ескіру мерзiмiнiң өтiп кетуiне байланысты жазадан босату (осы Кодекстiң 453-бабының 6-тармағы) туралы, басқа да атқарылмаған үкiмдер болған кезде үкiмдi атқару (осы Кодекстiң 453-бабының 7-тармағы) туралы, оның материалдық жағдайы нашарлаған жағдайда түзеу жұмыстарына сотталушының жалақысынан ұстау мөлшерiн төмендету (осы Кодекстiң 453-бабының 11-тармағы) туралы мәселелердi, сондай-ақ үкiмнiң орындалу кезiнде туындаған күмән мен түсiнбеушiлiктi (осы Кодекстiң 453-бабының 12-тармағы) үкiмдi шығарған сот шешедi.
2. Егер үкiм үкiмдi шығарған соттың қызмет ету ауданынан тыс жерде орындалған болса, бұл мәселелердi сол деңгейдегі сот, үкiмнiң орындалу ауданында атаулас сот болмаған жағдайда жоғары тұрған сот шешедi. Бұл жағдайда сот қаулысының көшiрмесi үкiм шығарған сотқа жiберiледi.
3. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамға тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту (осы Кодекстiң 453-бабының 2-тармағы) туралы, жазадан мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстыру (осы Кодекстiң 453-бабының 3-тармағы) туралы, науқасына байланысты жазадан босату туралы (осы Кодекстiң 453-бабының 4-тармағы), алдын ала қамауда немесе емдеу мекемесiнде болған уақытын есепке алу (осы Кодекстiң 453-бабының 8-тармағы) туралы, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды ұзарту, өзгерту немесе қысқарту туралы (осы Кодекстiң 453-бабының 9-тармағы), сондай-ақ керi күшi бар заңның шығуы себептi жазадан босату немесе жазаны жеңiлдету, сотталған жасаған әрекеттің дәрежеленуін өзгерту, жазалау мерзімін, қылмыстың қайталануын қысқарту (осы Кодекстiң 453-бабының 10-тармағы) туралы мәселелердi сотталушының жазаны өтеу орны бойынша аудандық және оған теңестірілген сот шешедi.