9. Егер істі заңсыз тоқтатуға немесе сотталған адамның жазасын жеңілдетуге істі кассациялық тәртіппен қарау кезінде жол берілген болса, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты кассациялық қаулының күшін жоюға және бірінші және апелляциялық сатылардағы соттың үкімін, апелляциялық қаулыны өзгертіп немесе өзгертпей, күшінде қалдыруға құқылы.
10. Сот сотталған адамға тағайындалған жазаны жеңілдетуі немесе неғұрлым жеңіл қылмыс туралы заңды қолдануы мүмкін, бірақ ол жазаны күшейтуге не неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы емес, сондай-ақ сот талқылауының нысанасы болмаған фактілерді анықтауға немесе оларды дәлелденген деп есептеуге құқылы емес.
11. Іс жаңадан қарауға жіберілген жағдайда сот: айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, қандай да бір дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігі туралы, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы туралы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын ала шешуге, сондай-ақ сот жасауы мүмкін тұжырымдарды алдын ала шешуге құқылы емес.
12. Сот үкімінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін істі қарайтын сот толық көлемінде тексереді. Сот актісіне өтініште (наразылықта) көрсетілмеген негіздер бойынша, сондай-ақ өздері жөнінде өтініш (наразылық) берілмеген басқа сотталған адамдарға қатысты өзгерістер енгізуге, егер бұл ретте сотталған адамдардың жағдайы нашарламайтын болса, өзі жөнінде өтініш берілген сотталған адаммен бірге қатысып жасалған қылмыстың саралануын өзгерткен кезде жол беріледі. Сот жағдайды нашарлататын шешімді тек прокурордың наразылығында немесе өтініште көрсетілген сотталған адамдарға қатысты ғана қабылдауға құқылы. Сот сотталған адамның жағдайын оның өтініші немесе оның қорғаушысының немесе өкілінің өтініші бойынша нашарлатуға құқылы емес.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен мазмұн 467-1-баппен толықтырылды
467-1-бап. Адвокаттың қадағалау сатысындағы сотқа міндетті түрде қатысуының негіздері
Егер сотталушының жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылатын, жәбірленушінің (азаматтық талап қоюшының) өтініші, прокурордың наразылығы бойынша іс қаралып жатқан не іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу және істі бірінші сатыда қарау айыпталушының қатысуынсыз жүзеге асырылған жағдайларда, адвокаттың қадағалау сатысындағы сот отырысына қатысуы міндетті. Мұндай жағдайларда қорғаушыны шақыруға, тағайындауға, ауыстыруға, оның еңбегіне ақы төлеуге байланысты мәселелер осы Кодекстің 72-бабында белгіленген тәртіппен шешіледі.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 468-бап өзгертілді
468-бап. Қадағалау сатысындағы сот қаулысының мазмұны
Қадағалау сатысындағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық қаулы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуi тиiс. Қадағалау сатысындағы соттың қаулысына iс бойынша шешiм қабылдаған барлық судьялар қол қояды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 469-бап өзгертілді
469-бап. Iстi соттың үкімі мен қаулысының күшiн жойған соң қарау
1. Заңды күшіне енген сот үкімінің немесе қаулысының күші жойылғаннан кейін іс жалпы тәртіппен қаралуға жатады. Төмен тұрған сатыдағы сот істі қайтадан қараған кезде қадағалау сатысындағы соттың нұсқаулары міндетті.
2. Iстi бірінші, апелляциялық сатылардағы сот қараған кезде жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға, егер бастапқы үкiмнiң немесе қаулының қадағалау тәртiбiмен жазаның жеңілдігіне қарай немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттiгiне байланысты күшi жойылған жағдайда ғана жол берiледi. Апелляциялық сатыдағы сот шығарған үкiмге iстi жаңадан талқылау кезiнде жалпы тәртiппен шағым жасалуы және наразылық келтірілуi мүмкiн.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 470-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 470-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
470-бап. Соттың істі жаңадан қараған кезде шығарған үкімін және қаулысын қайта қарау туралы өтініш (наразылық) келтіру
Бұрынғы үкімнің немесе қаулының күшінің жойылуына байланысты шығарылған жаңа үкімді немесе қаулыны қайта қарау туралы өтініш (наразылық) соттың бірінші үкімінің немесе қаулысының күшін жою себептеріне қарамастан жалпы негіздерде берілуі мүмкін.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 470-1-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
470-1-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысын тағайындау
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы келіп түскеннен кейін Жоғарғы Соттың Төрағасы жалпы отырысты шақырады. Жалпы отырыстың хатшысы жалпы отырыстың мүшелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына жалпы отырыстың өткізілетін күні, уақыты мен орны туралы хабарлайды.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 470-2-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
470-2-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының ұсынуды немесе наразылықты қарау тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы ұсынуды немесе наразылықты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьяларының жалпы санының кемінде үштен екісі болған кезде қарайды.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы немесе Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ұсынуды не наразылықты енгізудің осы Кодекстің 458-бабының үшінші бөлігінде көзделген негіздері туралы баяндайды.
3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы көрсетілген негіздер болмаған кезде істі қайта қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады, ал негіздер болған кезде істі мәні бойынша қарау үшін сот отырысын тағайындайды.
4. Істі мәні бойынша қарау судьяның ұсынудың мән-жайлары және негіздері туралы баяндамасымен не прокурордың наразылықтың мән-жайлары мен негіздері туралы баяндамасымен басталады. Істі одан әрі қарау осы Кодекстің 467-бабында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
51-тарау. Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау
16.03.01 ж. № 163-II; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2012.10.07. № 32-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 471-бап өзгертілді
471-бап. Iс бойынша iс жүргiзудi қайта бастаудың негiздерi
1. Соттың заңды күшiне енген үкiмнiң, қаулысының күшi жойылуы және iс бойынша жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты iс жүргiзу қайта басталуы мүмкiн.
2. Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi қайта бастаудың негiздерi:
1) соттың заңды күшiне енген үкімінде анықталған жәбiрленушiнiң немесе куәгердiң айғақтарының, сарапшы қорытындысының көрiнеу жалғандығы, сондай-ақ заңсыз немесе негiзсiз үкiм не қаулы шығаруға әкеп соққан заңсыз немесе негiзсiз үкiм не қаулы шығаруға әкеп соққан заттай айғақтардың, тергеу және сот iс-әрекеттерi хаттамаларының және өзге де құжаттардың жалғандығы немесе аударманың көрiнеу бұрыс жасалуы;
2) соттың заңды күшiне енген үкімінде анықталған анықтаушының, тергеушiнiң немесе прокурордың заңсыз және негiзсiз үкiм, қаулы шығаруға әкеп соққан қылмыстық iс-әрекеттерi;
3) соттың заңды күшiне енген үкімінде анықталған судьялардың осы iстi қарау кезiнде жасаған, қылмыстық iс-әрекеттерi;
4) осы Кодекстiң 474-бабында көзделген тәртiппен тексеру немесе тергеу арқылы анықталған және прокурордың қорытындысында баяндалған, үкiм шығару кезiнде сотқа беймәлiм болған өзге де мән-жайлар сотталушының айыпсыздығы туралы немесе оның ауырлық дәрежесi жөнiнен өзi сотталғаннан гөрi өзге қылмыс жасағаны туралы не ақталған адамның немесе өзiне қатысты iс тоқтатылған адамның айыптылығын өз алдына немесе бұрын анықталған мән-жайлармен бiрге айғақтайтын ұйғарымдар;
5) өзіне қатысты осы Кодекстің 315-бабы екінші бөлігінің 2) тармағында белгіленген тәртіппен іс қаралған сотталушының, ол қылмыстық процесті жүргізуші органға келген жағдайда ерік білдіруі;
6) сот актісін шығару кезінде сот қолданған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің конституциялық емес деп тануы болып табылады.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнiң 1-3-тармақтарында аталған мән-жайлар үкiммен қатар соттың, прокурордың, тергеушiнiң немесе анықтаушының мерзiмнiң ескіруiне орай, рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсiнiң нәтижесiнде, айыпталушының қайтыс болуына немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту жасына жетпегендiгiне байланысты қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулысы арқылы анықталуы мүмкiн.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 472-бап өзгертілді
472-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға жататын қылмыстық iстер бойынша сот шешiмдерi
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша:
1) айыптау үкімі;
2) ақтау үкімі;
3) iстi тоқтату туралы қаулы қайта қаралуы мүмкiн.
473-бап. Iс жүргiзудi қайта бастаудың мерзiмдерi
1. Айыптау үкімін жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты сотталушының пайдасына қайта қарау ешқандай мерзiммен шектелмейдi.
2. Сотталушының қайтыс болуы ақтау мақсатында жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты iс жүргiзудi қайта бастауға кедергi болып табылмайды.
3. Ақтау үкімін, iстi тоқтату туралы қаулыны қайта қарау, сондай-ақ жазаның жұмсақтығы себебi бойынша немесе сотталушыға анағұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттiгi бойынша айыптау үкімін қайта қарауға қылмыстық жауаптылыққа тартудың Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 69-бабында белгiленген мерзiмнiң ескіруi iшiнде ғана және жаңа мән-жайлардың ашылған күнiнен бастап бiр жылдан кешiктiрiлмей жол берiледi.
4. Жаңа мән-жайлардың ашылған күнi болып:
1) осы Кодекстiң 471-бабының екiншi бөлiгiнiң 1-3-тармақтарында көзделген жағдайларда - жалған айғақтар беруге, жалған дәлелдер ұсынуға, терiс аударма жасауға немесе iстi тексеру немесе қарау барысында жасалған қылмыстық iстерi үшiн кiнәлi адамдарға қатысты үкiмнiң (қаулының) заңды күшiне енген күнi;
2) осы Кодекстiң 471-бабының екiншi бөлiгiнiң 4-тармағында көзделген жағдайда - жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты iс жүргiзудi қайта бастау қажеттiгi туралы қорытындыға прокурордың қол қойған күнi есептеледi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 474-бап өзгертілді; 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 474-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
474-бап. Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс жүргiзуді қозғау
1. Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс жүргiзудi қозғау құқығы сотталғанға, ақталғанға, жәбірленушіге немесе олардың заңды өкілдеріне, қорғаушыларына, сондай-ақ прокурорға тиесiлi. Өтініш үкім, қаулы шығарған сотқа беріледі.
2. Азаматтардың, оның iшiнде осы iс бойынша процеске қатысушылардың өтiнiштерi, ұйымдардың лауазымды адамдарының хабарламалары, сондай-ақ басқа қылмыстық iстердi тергеу және қарау барысында алынған деректер жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс жүргiзудi қозғауға себеп болады.
3. Егер келiп түскен өтiнiште немесе хабарламада осы Кодекстiң 471-бабының екiншi бөлiгiнiң 1-3-тармақтарында көрсетiлген мән-жайларға байланысты шығарылған сот үкiмiнiң бар екендiгiне сiлтеме болса, сот өзiнiң қаулысымен жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс жүргiзудi қозғайды, қылмыстық қудалау органдарынан және соттан тиісті іс жүргізу құжаттарын талап ете отырып, осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша сот талқылауын жүргізеді.
4. Егер өтiнiште немесе хабарламада осы Кодекстiң 471-бабының екiншi бөлiгiнiң 4-тармағында аталған өзге де мән-жайлар көрсетiлсе, сот тергеу жүргізу үшін прокурорға материалдарды жібереді. Жаңадан ашылған мән-жайларды мұндай тергеу кезiнде осы Кодекстiң қағидалары сақтала отырып жауап алу, қарап-тексеру, сараптама жасау, алу және өзге де тергеу iс-әрекеттерi жүргiзiлуi мүмкiн. Тергеу нәтижелері бойынша прокурор сотқа қорытынды беріп, онда тергеу нәтижелерін баяндайды және сотқа өтінішті қанағаттандыруды не оны қанағаттандырудан бас тартуды ұсынады.
5. Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс жүргiзудi қозғауға негіздер анықталмаса, прокурор дәлелді қаулысымен оны қозғаудан бас тартады. Прокурор қаулысының көшірмесі іс қозғау туралы өтініш жасаған адамға осы Кодекстің 109-бабындағы тәртіппен жоғары тұрған прокурорға және сотқа қаулыға шағымдану құқығын түсіндіре отырып, оған үш тәулік ішінде жіберіледі.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 475-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
475-бап. Сот отырысы аяқталғаннан кейiнгi соттың iс-әрекетi
1. Жаңадан ашылған мән-жайлардың материалдарын тексеру туралы өтінішті қарау жөніндегі сот отырысы аяқталғаннан кейiн сот өтінішті қанағаттандырып, үкімнің, қаулының күшін жояды және істі жаңадан тергеуге немесе жаңадан сот талқылауын жүргізуге жібереді не жаңадан тергеу немесе сот талқылауы талап етілмесе, іс бойынша iс жүргiзудi тоқтатады не iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы шығару арқылы қайта қараудан бас тартады.
2. Қылмыстық іс бойынша іс тоқтатылатын, үкімнің күшін жою туралы қаулыны қоспағанда, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша үкімді, қаулыны қайта қарау туралы өтінішті қанағаттандыру туралы қаулы наразылық білдіруге жатпайды.
Жаңадан ашылған мән-жайларға орай іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы оған жоғары тұрған сотқа шағымдану құқығын мүдделi адамдарға түсiндiре отырып, олардың назарына жеткiзiледi.
3. Жаңадан ашылған мән-жайларға орай іс жүргiзу бойынша сот қабылдаған қаулылар, оларға жоғары тұрған сотқа шағымдану құқығы бар екенін не ондай құқығы жоқ екенін мүдделi адамдарға түсiндiре отырып, олардың назарына жеткiзiледi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 476-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 476-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 476-бап жаңа редакцияда
476-бап. Соттың іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы мәселені шешуі
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жөніндегі іс жүргізуді қайта бастау туралы мәселені үкім, қаулы шығарған бірінші сатыдағы сот, ал алқабилер қатысқан істер бойынша - судья жеке-дара шешеді. Егер іс бойынша апелляциялық немесе кассациялық саты қаулысы шығарылса - сот шешімдерін қайта қарауды тиісінше көрсетілген сатылар жүзеге асырады. Егер іс қадағалау тәртібімен қаралған болса, сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау Жоғарғы Сотта қаралады. Іс кассациялық және қадағалау сатыларында істерді көрсетілген сатыларда қарау үшін белгіленген қағидалар бойынша алқалы түрде қаралады. Тиісінше көрсетілген сот сатылары жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жөнінде іс жүргізуді қайта бастауға негіздердің болмауына байланысты қозғалған іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыларына шағымдарды қарайды.
477-бап. 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 478-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
478-бап. Сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн iс жүргiзу
Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс бойынша ол жөнiндегi сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн тергеу және сот талқылауы, сондай-ақ шығарылған жаңа сот шешiмдерiне шағым жасау және наразылық келтіру осы Кодексте белгiленген жалпы тәртiппен жүргiзiледi.
Алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша жаңадан ашылған мән-жайларға орай сот шешімдерінің күші жойылғаннан кейін іс бойынша сот талқылауын бірінші сатыдағы сот алқабилердің қатысуымен жаңа құрамда жүзеге асырады.
479-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iстi
қайта қозғау кезіндегі азаматтық талап
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша үкiмнiң күшi жойылған жағдайда iстi бастапқы қараған кезде қозғалған азаматтық талап жалпы негiздерде қайтадан қаралады. Азаматтық талап бөлiгiнде ғана iстi қайта бастауға тек азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен жол берiледi.
11-бөлім. Қылмыстық істердің жекелеген санаттары бойынша іс жүргізудің ерекшеліктері
52-тарау. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы істер бойынша іс жүргізу
480-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша iс жүргiзудiң тәртібі
1. Осы тараудың ережелерi қылмыс жасалған сәтте кәмелеттiк жасқа, яғни он сегiз жасқа толмаған адамдардың iстерi бойынша қолданылады.
2. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртібі осы Кодексте белгiленген жалпы ережелермен, сондай-ақ осы тараудың баптарымен айқындалады.
3. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртібі:
1) аталған адам жасаған бiрнеше қылмыс, олардың бiр бөлiгiн ол он сегiз жасқа толғаннан кейiн жасаған қылмыстар туралы iстер бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiлген;
2) айыпталушы сот iсiн жүргiзу сәтiнде кәмелетке толған жағдайларда қолданылмайды.
481-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша анықтауға жататын мән-жайлар
Кәмелетке толмағандардың iстерi бойынша, осы Кодекстiң 117-бабында көзделгендерден басқа, дәлелдеуге жататын мән-жайларды алдын ала тергеу және сот талқылауын жүргiзу кезiнде:
1) кәмелетке толмағанның жасы (туған күнi, айы, жылы);
2) кәмелетке толмағанның тұрмысы мен тәрбие жағдайы;
3) интеллектуалдық, ерiк-жiгерiнiң және психикалық даму дәрежесi, мiнезi мен тегеурiндiлiк ерекшелiктерi, мұқтаждары мен мүдделерi;
4) кәмелетке толмағандарға ересек адамдар мен басқа да кәмелетке толмағандардың ықпалы анықталуға тиiс.
482-бап. Кәмелетке толмағандардың iстерi бойынша жариялылықты шектеу
Сезiктi, айыпталушы кәмелетке толмағанның құпиялылыққа құқығы қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң барлық кезеңдерiнде сақталуы тиiс.
483-бап. Кәмелетке толмаған туралы iстi жеке iс жүргiзуге бөлу
1. Ересектермен бiрге қылмыс жасауға қатысқан кәмелетке толмағанға қатысты iс осы Кодекстiң 49-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 3-тармағына сәйкес алдын ала тергеу сатысында жеке iс жүргiзуде бөлiнедi.
2. Кәмелетке толмағанға қатысты жеке iс жүргiзуге бөлу iстiң жағдайын жан-жақты және объективтi зерттеу үшiн айтарлықтай кедергi жасауы мүмкiн болатын жағдайларда ересектермен қоса бiр iс бойынша жауапқа тартылған кәмелетке толмаған айыпталушыға осы тараудың ережелерi қолданылады.
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 484-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
484-бап. Кәмелетке толмаған сезiктiнi, айыпталушыны шақырудың тәртібі
1. Кәмелетке толмаған сезiктi, айыпталушы тергеушiге немесе сотқа оның ата-аналары немесе басқа заңды өкiлдерi арқылы, олар болмаған жағдайда қорғаншы және қамқоршы органдар арқылы шақырылады.
2. Арнаулы мекемеде немесе қамауда ұсталатын кәмелетке толмаған - ол ұсталатын орынның әкiмшiлiгi арқылы шақырылады.
485-бап. Кәмелетке толмаған сезiктiден, айыпталушыдан жауап алу
1. Кәмелетке толмаған айыпталушыдан, сезiктiден жауап алу осы Кодекстiң 216, 217-баптарында көзделген тәртiппен қорғаушысының, заңды өкiлiнiң, ал қажет болған жағдайда психологтың, педагогтiң қатысуымен жүргiзiледi. Қорғаушы жауап алушыға сұрақтар қоюға, ал жауап алу аяқталғаннан кейiн - хаттамамен танысуға және айғақтар жазбасының дұрыстығы мен толықтығы туралы ескертулер жасауға құқылы.
2. Кәмелетке толмаған сезiктiден, айыпталушыдан жауап алу тәулiктiң күндiзгi уақытында жүргiзiледi және үзiлiссiз екi сағаттан артық, ал жалпы алғанда - күнiне төрт сағаттан артық жалғастырылуға тиiс емес. Кәмелетке толмаған анық шаршаған жағдайда жауап алу осы уақыт аяқталмай-ақ тоқтатылуы тиiс.
486-бап. Қорғаушының қатысуы
1. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша қорғаушының қатысуы осы Кодекстiң 71-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағына сәйкес мiндеттi.
2. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша қорғаушының қатысуына кәмелетке толмағаннан сезiктi немесе айыпталушы ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап, ал айып тағылғанға дейiн ұсталған не қамауға алынған жағдайда - ұсталған не қамауға алынған кезден бастап рұқсат етiледi.
3. Егер кәмелетке толмаған сезiктi, айыпталушы не олардың заңды өкiлдерi адвокатпен келісім жасаспаса, тергеушi, прокурор, сот iс бойынша қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуi тиiс.
487-бап. Кәмелетке толмаған сезiктiнiң, айыпталушының заңды өкiлiнiң алдын ала тергеуге қатысуы
1. Кәмелетке толмаған сезiктiнiң, айыпталушының ата-анасы немесе басқа да заңды өкiлдерi болған кезде олардың iске қатысуы мiндеттi. Олар болмаған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
2. Заңды өкiлге, ал ол болмаған жағдайда - қорғаншы және қамқоршы органның өкiлiне iске қатысуға тергеушiнiң қаулысымен кәмелетке толмағаннан сезiктi немесе айыпталушы ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап рұқсат етiледi. Заңды өкiлге, ал ол болмаған жағдайда қорғаншы және қамқоршы органның өкiлiне iске қатысуға рұқсат етiлген ретте, осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген құқықтар түсiндiрiледi.
3. Заңды өкiлдiң: кәмелетке толмағанға не жөнiнде күдiк келтiрiлiп немесе айып тағылып отырғанын бiлуге, айып тағу кезiнде қатысуға, кәмелетке толмағаннан жауап алуға, сондай-ақ тергеушiнiң рұқсатымен, - кәмелетке толмаған айыпталушының, сезiктiнiң және оның қорғаушысының қатысуымен жүргiзiлетiн өзге де тергеу iс-әрекеттерiне қатысуға; өзi қатысқан тергеу iс-әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға және ондағы жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескерту жасауға; өтiнiмдер мен қарсылықтар мәлiмдеуге, тергеушi мен прокурордың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым жасауға; дәлелдемелер ұсынуға; тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға, одан кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға құқығы бар.
4. Тергеушi алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн кәмелетке толмағанға танысу үшiн оған керi әсер етуi мүмкiн материалдарды көрсетпеу, бұл материалдармен заңды өкiлдi таныстыру туралы қаулы шығаруға құқылы.
5. Егер оның iс-әрекетi кәмелетке толмағанның мүдделерiне залал келтiредi немесе iстi объективтi тергеуге кедергi келтiруге бағытталған деп сынауға негiз болса, заңды өкiл iске қатысудан шеттетiлуi мүмкiн. Ол туралы тергеушi дәлелдi қаулы шығарады. Iске қатысуға кәмелетке толмағанның басқа заңды өкiлi жiберiлуi мүмкiн.
488-бап. Педагог пен психологтың қатысуы
1. Он алты жасқа толмаған, сондай-ақ осы жасқа толған, бiрақ психикалық дамуында мешеулiк белгiлерi бар кәмелетке толмаған сезiктiнiң, айыпталушының қатысуымен iс жүргiзу әрекетiн жүргiзу кезiнде педагогтiң немесе психологтың қатысуы мiндеттi.
2. Он алты жасқа толған кәмелетке толмағандар туралы iс бойынша педагог немесе психолог iске қатысуға тергеушiнiң, соттың ұйғаруы бойынша не қорғаушының, заңды өкiлдiң өтiнiшi бойынша жiберiледi.
3. Педагог, психолог тергеушiнiң, соттың рұқсатымен кәмелетке толмаған сезiктiге, айыпталушыға сұрақтар қоюға, ал iс жүргiзу әрекетi аяқталғаннан кейiн - тергеу қимылының хаттамасымен (соттың талқылануына олардың қатысуын көрсететiн бөлiгiнде сот отырысының хаттамасымен) танысуға және ондағы жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескерту жасауға құқықты, тергеушiнiң, соттың ұйғаруы бойынша кәмелетке толмағанның жеке басын сипаттайтын iс материалдарымен танысуға құқығы бар. Бұл құқықтарды тергеушi педагогқа, психологқа iс жүргiзу әрекетi басталар алдында түсiндiредi, ол туралы тергеу қимылының хаттамасында, сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
489-бап. Кәмелетке толмағанға кешендi психологиялық-