9) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 70-бабы жетінші бөлігінің б) және в) тармақтарында көзделген жағдайларда шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жоюға және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 60-бабының қағидалары бойынша жаза тағайындауға;
10) үкімге азаматтық талап арыз, оның ішінде іс жүргізу шығындарын өндіріп алу мәселелері бойынша, заттай дәлелдемелер туралы шешім бөлігінде өзгерістер енгізуге;
11) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 95-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға;
12) айыптау тарапының неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану немесе неғұрлым қатаң жаза тағайындау қажеттігі туралы шағымын, наразылығын қанағаттандыру үшін негіздер болған кезде неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға, неғұрлым қатаң жаза тағайындауға немесе қосымша жаза қолдануға құқылы.
2. Апелляциялық сатыдағы сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешімдерді осы негiздер бойынша прокурор наразылық келтiрген немесе жеке айыптаушы, жәбiрленуші, олардың өкiлдерi шағым жасаған жағдайда ғана қабылдауға құқылы.
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен 422-бап тоғызыншы бөлікпен толықтырылды; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 422-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 422-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
422-бап. Апелляциялық үкімнің, қаулының мазмұны
1. Осы Кодекстің 411-бабы бірінші бөлігінің 1)-3) және 8) тармақтарында көзделген жағдайларда (бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдыру туралы, үкімді өзгерту туралы, істі тоқтатып, істі қосымша тергеуге жібере отырып үкімнің күшін жою туралы) апелляциялық қаулы шығарылады.
Апелляциялық қаулы кiрiспе, сипаттау-дәлелдеу және қарар бөлiктерiнен тұрады.
2. Қаулының кiрiспе бөлiмiнде:
1) қаулы шығарылған уақыт пен орын;
2) қаулыны шығарған соттың атауы және соттың құрамы;
3) апелляциялық наразылық немесе апелляциялық шағым жасаған адамдар;
4) iстi апелляциялық сатыда қарауға қатысқан адамдар көрсетiлуге тиiс.
3. Қаулының сипаттау-дәлелдеу бөлiгiнде сот актісінің мәнін, берiлген шағымдардың, наразылықтың, оларға қарсылықтардың уәждерін, апелляциялық сатыдағы сотқа қатысқан адамдардың пiкiрлерiн, сондай-ақ қабылданған шешiмнiң себептерiн қысқаша баяндау қамтылуға тиiс.
4. Жаңа уәждердің болмауына байланысты шағым, наразылық қанағаттандырусыз қалдырылған кезде, апелляциялық қаулының сипаттау-дәлелдеу бөлiгiнде сот актісіне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Апелляциялық шағымда бірінші сатыдағы сотта қарау нысанасы болып табылмайтын жаңа уәждер келтірілген жағдайда, сипаттау-дәлелдеу бөлiгiнде жаңа уәждер негізсіз деп танылған негіздер көрсетілуге тиіс.
5. Yкiмнiң күшi жойылған немесе ол өзгертiлген жағдайда, қаулыда қылмыстық немесе қылмыстық iс жүргiзу заңының қандай нормаларының талаптары бұзылғаны, бұл бұзушылық неден көрiнетiнi, бiрiншi сатыдағы соттың үкiмiне олар бойынша өзгерiстер енгiзілген негiздер көрсетiлуге тиiс.
6. Апелляциялық қаулының қарар бөлігінде апелляциялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешімі көрсетіледі.
7. Осы Кодекстің 411-бабы бірінші бөлігінің 4) және 6) тармақтарында көзделген жағдайларда (айыптау үкімінің күшін жою туралы және ақтау үкімін шығару туралы, ақтау үкімінің күшін жою туралы және айыптау үкімін шығару туралы), осы Кодекстің 44-тарауының қағидалары бойынша апелляциялық үкім шығарылады.
8. Апелляциялық үкімде қылмыстық немесе қылмыстық iс жүргiзу заңының қандай нормаларының талаптары бұзылғаны, бұл бұзушылықтар неден көрiнетiнi, бiрiншi сатыдағы соттың үкiмi олар бойынша заңсыз болып танылатын негiздер көрсетiлуге тиiс.
9. Егер апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстiң 421-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген шешiмдердi қабылдаса, қаулының сипаттау-дәлелдеу бөлiгiнде бiрiншi сатыдағы соттың шешiмi олар бойынша дұрыс емес деп танылған себептер, сондай-ақ сотталған адам жағдайының нашарлау негiздерi келтiрiлуге тиiс.
10. Апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық үкімнің немесе қаулының мәнін өзгертпей, жіберілген айқын қате жазуларды түзету туралы және олардағы түсініксіздіктерді түсіндіру туралы қосымша қаулы шығаруға құқылы.
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен 423-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 423-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 423-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
423-бап. Апелляциялық үкім, қаулы шығару және олардың заңды күшіне енуі
1. Апелляциялық үкім, қаулы кеңесу бөлмесінде шығарылады, оларға судья (судьялар) қол қояды және олар судья (судьялар) кеңесу бөлмесінен қайта оралғаннан кейін отырыс залында оқылады.
2. Сот осы баптың бірінші бөлігінің талаптарын сақтай отырып, апелляциялық үкімнің, қаулының қарар бөлімін шығара алады. Бұл жағдайда апелляциялық үкімнің, қаулының толық мәтіні іс қаралған күннен бастап он тәулік ішінде жасалып, оларға судья (судьялар) қол қояды.
3. Апелляциялық үкім, қаулы оларды жариялаған кезден бастап заңды күшіне енеді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 423-1-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 423-1-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
423-1-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың үкімін, қаулысын орындауға кiрiсу
1. Апелляциялық сатының үкімі немесе қаулысы олар шығарылған күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей, ал осы Кодекстiң 423-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайда, оның толық мәтiнi дайындалған күннен бастап iспен бiрге бірінші сатыдағы сотқа жiберiледi.
2. Осы Кодекстiң 303-бабына сәйкес iс қосымша тергеуге қайтарылған кезде апелляциялық сатының қаулысы iспен бiрге тиiстi прокурорға жiберiледi. Бұл жағдайда бiрiншi сатыдағы сотқа апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi жiберiледi.
3. Сотталған адам соған сәйкес қамаудан босатылуға тиiс болатын үкім, қаулы, егер сотталған адам апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысып отырса, бұл бөлiгiнде дереу орындалады. Өзге жағдайларда апелляциялық үкімнің, қаулының көшiрмесi немесе оның қарар бөлiгiнен үзiндi сотталған адамды күзетпен қамауда ұстаудан босату туралы шешiмдi орындау үшiн қамау орнының әкiмшiлiгiне дереу жiберiледi.
4. Апелляциялық сатыдағы сот жаңа үкім шығарған кезде, іс үкімді орындауға кірісу үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберіледі.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 423-2-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 423-2-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
423-2-бап. Істі апелляциялық сатыда қайтадан қарау
1. Егер:
1) белгіленген мерзімде берілген, кейбір сотталған адамдарға қатысты апелляциялық шағымдар, наразылық, үкімге (қаулыға) апелляциялық шағымдану құқығы берілген процестің басқа қатысушыларының шағымдары апелляциялық сатыдағы сотқа істерді процестің басқа қатысушыларының шағымдары бойынша қарағаннан кейін келіп түссе;
2) шағымданудың, наразылық келтірудің өтіп кеткен мерзімін сот істі апелляциялық сатыда процестің басқа қатысушыларының шағымдары бойынша қарағаннан кейін осы Кодексте көзделген тәртіппен қалпына келтірсе, бірінші сатыдағы сот үкімінің заңдылығын тексеру кезінде шығарылған бірінші апелляциялық үкімнің, қаулының күші жойылмастан істі апелляциялық сатыда қайтадан қарауға жол беріледі.
2. Апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе өкілінің шағымдарын осы адамға қатысты іс процеске қатысушы басқа да адамдардың апелляциялық шағымдары, наразылығы бойынша қаралған жағдайда да қарауға міндетті.
3. Егер жаңадан шығарылған үкім, қаулы апелляциялық сатының бұрын шығарылған үкіміне, қаулысына қайшы келсе, алқа төрағасы облыстық және оған теңестірілген соттың кассациялық алқасына туындаған қайшылықтарды жою туралы ұсыным енгізеді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 423-3-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 423-3-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
423-3-бап. Алқабилердің қатысуымен шығарылған бастапқы үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iстi бiрiншi саты бойынша қарау
1. Бастапқы үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iс осы Кодекстің 57-тарауында көзделген тәртiппен қаралуға жатады.
2. Апелляциялық саты сотталған адамға онша ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған әрекеттің өзгертілген саралануына сәйкес жазаны төмендетуге құқылы. Бұл ретте апелляциялық сатының неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға немесе тағайындалған жазаны күшейтуге құқығы жоқ.
3. Алқабилердің қатысуымен болған соттың ақтау үкімін апелляциялық саты, прокурордың, жәбірленушінің немесе оның өкілінің дәлелдемелерді ұсыну құқығын шектеген қылмыстық іс жүргізу заңын бұзған, сондай-ақ осы Кодекстің 575-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, күшін жоя алмайды.
4. Істі жаңадан қараған кезде бірінші сатыдағы сот шығарған үкімге жалпы тәртіппен шағымдануға болады.
ҚР 11.07.01 Ж. № 238-II Заңымен 48-тарау алып тасталды
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 48-1-тараумен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
48-1-тарау. Кассациялық шағымдар, наразылықтар бойынша істерді қарау
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-1-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 446-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
446-1-бап. Соттың үкімдеріне (қаулыларына) кассациялық тәртіппен шағымданудың жалпы шарттары
1. Осы тараудың қағидалары бойынша аудандық және оған теңестірілген соттардың (оның ішінде мамандандырылған ауданаралық соттардың) заңды күшіне енген үкімдері, қаулылары, сондай-ақ апелляциялық сатының үкімдері мен қаулылары қайта қаралуға жатады.
2. Соттардың мемлекеттік және жеке айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты, қамауға алу түріндегі бұлтартқызбау шарасына санкция беру және оның мерзімін ұзарту мәселелері, анықтауды немесе алдын ала тергеуді жүзеге асыратын тұлғалардың әрекеттері мен шешімдеріне немесе істі алдын ала тергеу сатысында прокурордың әрекеттері мен шешімдеріне шағымдарды шешу бойынша шығарылған үкімдері, қаулылары кассациялық тәртіппен қайта қаралуға жатпайды.
3. Кассациялық шағымдар жасау құқығына ие тұлғалар тобы және шағым жасау тәртібі осы Кодекстің 396 және 398-баптарында көрсетілген қағидалар бойынша айқындалады.
4. Сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы наразылықты облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор келтіруі мүмкін, сондай-ақ Бас прокурор мен оның орынбасарлары осы Кодекстің 398-бабында көрсетілген қағидалар бойынша келтіре алады.
Қылмыстық істі кассациялық тәртіппен тексеру үшін тиісті соттан Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар осы Кодекстің 460-бабының 2-1-бөлігінде көрсетілген мерзімдерде талап етіп алуы мүмкін.
5. Аудандық және оларға теңестірілген соттардың (оның ішінде мамандандырылған ауданаралық соттардың) заңды күшіне енген үкімдеріне, қаулыларына олар заңды күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде, ал күзетпен қамауда отырған сотталған адам оған үкімнің, қаулының көшірмелері тапсырылған кезден бастап нақ сондай мерзімде кассациялық наразылық немесе кассациялық шағым беруі мүмкін.
Апелляциялық сатының үкімдеріне, қаулыларына олар жария етілген күннен бастап алты ай ішінде, ал күзетпен қамауда отырған сотталған адам оған үкімнің көшірмесі тапсырылған кезден бастап нақ сондай мерзімде кассациялық наразылық немесе кассациялық шағым беруі мүмкін.
6. Заңды күшіне енген айыптау үкімін сотталған адамның кінәсіздігі себептері бойынша, сондай-ақ жазаның қатаңдығына қарай онша ауыр емес қылмыс туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты, немесе сотталған адамның жағдайын жақсартуға әкелетін өзге негіздер бойынша кассациялық сатыда қайта қарау туралы шағым, наразылық беру мерзімдермен шектелмейді.
7. Заңды күшіне енген айыптау үкімін кассациялық сатыда қайта қарау туралы шағым, наразылық жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін.
446-2-бап. Кассациялық қараудың нысанасы
Кассациялық сатыдағы сот үкімді (қаулыны) шығарған соттың қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарының нормаларын сақтауын тексереді және соның негізінде үкімнің (қаулының) заңдылығын, негізділігін және әділдігін тексереді.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-3-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-3-бап. Кассациялық шағым немесе наразылық
1. Кассациялық шағымда немесе наразылықта:
1) шағым немесе наразылық жолданған соттың атауы;
2) шағым берген немесе наразылық келтірген тұлға туралы, оның іс жүргізудегі жағдайы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері көрсетілген деректер;
3) шағымдалып немесе наразылық беріліп отырған үкім немесе өзге де шешім және осы шешімді шығарған соттың атауы;
4) қылмыстық немесе қылмыстық іс жүргізу заңын дұрыс қолданбаудың неге байланысты екені және ол сот шешімінің мәніне қалай әсер еткені, өтініштің неден тұратыны көрсетіліп, шағым немесе наразылық берген тұлғаның дәйектері;
5) шағымға немесе наразылыққа қоса тіркелетін материалдардың тізбесі;
6) шағым немесе наразылық авторының қолы болуға тиіс.
2. Егер келтірілген шағым, наразылық осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, олар берілген деп есептеледі, бірақ аяғына дейін ресімдеу үшін мерзімі көрсетіліп кері қайтарылады. Егер қайта жасалғаннан кейін кассациялық шағым, наразылық аталған мерзім ішінде сотқа табыс етілмесе, олар берілмеген болып есептеледі.
3. Соттың істі апелляциялық тәртіппен қараған кезде шығарған үкіміне, қаулысына шағым жасалған жағдайда, кассациялық шағымда, наразылықта апелляциялық сатының үкімімен, қаулысымен келісетіні немесе келіспейтіні туралы негіздер көрсетілуге тиіс.
446-4-бап. Істі кассациялық сатыда қарау мерзімдері
Іс кассациялық сатыға келіп түскен күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қаралуға тиіс. Бұл мерзім істің қиындығына немесе көлемінің үлкендігіне байланысты, сондай-ақ өзге де дәлелді себептер болған кезде істі қарайтын соттың қаулысымен, бірақ әр ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-5-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-5-бап. Кассациялық сатыдағы сот отырысын белгілеу
1. Шағым, наразылық келіп түскен кезде кассациялық сатының судьясы істі талап етіп, ол келіп түскеннен кейін оны қарау күнін белгілейді.
2. Тараптарға істің кассациялық сатыда қаралатын уақыты мен орны туралы хабарланады. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамды шақырту туралы мәселені кассациялық сатыдағы сот шешеді. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамнан оның жағдайын нашарлатуға бағытталған шағымды немесе прокурордың наразылығын қарау кезінде кассациялық сатының сот отырысына қатысу туралы өтініш түскен кезде, кассациялық сатыдағы сот істі сотталған адамның тікелей қатысуымен не аталған адамның қашықтан қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып қарау туралы қаулы шығарады, оны орындау үшін тиісті органдарға жібереді.
3. Кассациялық отырыстың орны мен уақыты туралы уақтылы хабардар етілген тұлғалардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды. Кассациялық сатыдағы соттың отырысына прокурордың қатысуы міндетті.
4. Кассациялық шағымдар, наразылықтар келтіру құқығы бар тұлғалар, сондай-ақ үкім, қаулы шығарылғаннан кейін тапсырма алған сотталған (ақталған) адамның қорғаушысы немесе жәбірленушінің өкілі кассациялық сатыдағы соттың отырысына барлық жағдайда жіберіледі. Оларға өздерінің өтініштері бойынша берілген шағымдарды немесе наразылықтарды не оларға қарсылықтарды негіздеп сөйлеу үшін сөз беріледі.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-6-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-6-бап. Кассациялық сатыдағы соттың өкілеттігі
Судья істі тыңдауға дайындау кезінде немесе сот кассациялық шағыммен немесе наразылықпен бірге келіп түскен істі қарау кезінде өз бастамасы немесе тараптардың өтініш жасауы бойынша:
1) сотталған адамның денсаулық жағдайына, отбасы жағдайына және бұрынғы сотталғандығы туралы деректерге байланысты құжаттарды талап етіп алуға;
2) уақыт, кеңістіктік тұрғысынан заңның қолданысын айқындау үшін және бірінші және апелляциялық сатылардағы сот істі шешкен кезде қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарының нормаларын дұрыс қолданғанын айқындау үшін қажетті мәліметтерді талап етіп алуға құқылы.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-7-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-7-бап. Кассациялық сатының істерді қарау тәртібі
1. Осы Кодекстің 29-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, кассациялық саты істерді ашық сот отырысында қарайды.
2. Төрағалық етуші сот отырысын ашады, қандай іс және кімнің кассациялық шағымы немесе наразылығы бойынша қаралып жатқанын хабарлайды. Содан кейін төрағалық етуші сот құрамын, іс бойынша тараптар болып табылатын тұлғалардың және сот отырысына қатысып отырған тұлғалардың тегін, сондай-ақ аудармашылардың тегін хабарлайды және отырысқа қатысып отырған тұлғаларға істі кассациялық сатыда қарау кезіндегі құқықтарын түсіндіреді.
3. Төрағалық етуші іс бойынша процеске қатысушылардан бас тартуы мен жасайтын өтініштерінің бар-жоғы туралы сұрайды және сот оларды қарау нәтижелері бойынша осы Кодекстің 325-бабында көзделген тәртіппен қаулы шығарады.
4. Істі қарау кассациялық шағым немесе наразылық берген процеске қатысушының сөйлейтін сөзінен басталады. Егер мұндай қатысушылар бірнешеу болса, төрағалық етуші тараптардың пікірін ескере отырып, олардың сөз сөйлеу кезектілігін белгілейді. Процеске қатысушылар сөйлеген сөздерінде бірінші сатыдағы немесе апелляциялық сатыдағы соттың заңды қолданудағы бұзушылықтарға байланысты кассациялық қарау нысанасына жататын қандай мән-жайларға жол бергенін, оның неден көрінгенін және іс бойынша қабылданған шешімнің мәніне қалай әсер еткенін көрсетеді.
5. Кассациялық шағымда немесе наразылықта келтірілген уәждерді растау немесе теріске шығару үшін сөз сөйлеушілер кассациялық сатыға қосымша материалдар беруге, бұл ретте олардың қандай жолмен алынғанын және оларды табыс ету қажеттігі неге байланысты туындағанын хабарлауға құқылы. Қосымша материалдарды тергеу іс-әрекеттерін жүргізу жолымен алуға болмайды. Сот тараптардың пікірін тыңдап, қосымша материалдарды қабылдау немесе қабылдамау туралы қаулы шығарады. Істің шешілуі үшін маңызы бар болса, қосымша материалдар, егер мұндай материалдардағы деректер немесе мәліметтер қосымша тексеруді талап етпесе, үкімнің күшін жоюға немесе оны өзгертуге негіз болуы мүмкін. Өзге жағдайларда қосымша материалдар сот үкімінің, қаулысының күшін жою және егер іс апелляциялық тәртіппен қаралмаған болса, істі апелляциялық сатыдағы сотқа немесе бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберу үшін негіз болуы мүмкін.
6. Сот отырысының тәртіптемесі және оны бұзушыларға қатысты қабылданатын шаралар осы Кодекстің 326 және 327-баптарының қағидаларында айқындалады. Судьялардың кеңесу және шешімдер қабылдау тәртібі осы Кодекстің 370-бабының қағидаларында айқындалады. Қаулыны қабылдаудан бұрын судьялардың кеңесуі болады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-8-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-8-бап. Кассациялық саты қабылдайтын шешімдер
Істі кассациялық тәртіппен қараудың нәтижесінде сот өз қаулысымен мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бірінші саты үкімін және апелляциялық саты қаулысын өзгеріссіз, ал шағымды немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырады;
2) сот актілерінің күшін жояды және істі тоқтатады;
3) апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күшін жояды және бірінші саты үкімін өзгеріссіз қалдырады;
4) апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күшін жояды және істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді;
5) бірінші сатыдағы сот актілерінің күшін жояды және егер іс апелляциялық тәртіппен қаралмаған болса, сондай-ақ бірінші сатыдағы сотта іс алқабилердің қатысуымен қаралған болса, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді;
6) бірінші саты үкімін және апелляциялық саты қаулысын өзгертеді;
7) үкімнің күшін жояды және істі осы Кодекстің 303-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қосымша тергеуге жібереді;
8) осы Кодекстің 387-бабында көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде жеке қаулы шығарады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-9-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-9-бап. Кассациялық сатының үкімнің, қаулының күшін жоюының немесе оларды өзгертуінің негіздері
Кассациялық тәртіппен үкімнің, қаулының күшін жоюға немесе оларды өзгертуге:
1) қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы;
2) қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуы;
3) үкімнің әділетсіздігі негіз болып табылады.
446-10-бап. Қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы
Қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы бөлімінің талаптарын бұзу;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің қолданылуға жататын бабынан немесе бабының бөлігінен (тармағынан) басқасын қолдану;
3) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің осы бабының санкциясында көзделгеннен гөрі неғұрлым қатаң жаза тағайындау болып табылады.
446-11-бап. Қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуы
1. Істі сотта қарау кезінде осы Кодекстің принциптері мен өзге де жалпы ережелерін іске қатысушы тұлғаларды заңда кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе оларға қысым жасау, сот ісін жүргізу рәсімдерін сақтамау жолымен немесе өзгедей жолмен істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге кедергі келтіретін, сот төрелігі үкімін шығаруға ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін бұзушылықтар қылмыстық іс жүргізу заңын елеулі түрде бұзу деп танылады.
2. Егер сот осы Кодекстің 415-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық іс жүргізу заңын бұзуға жол берсе, онда үкімнің күші барлық жағдайда да жойылуға жатады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 446-12-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
446-12-бап. Үкімнің әділетсіздігі
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 52-бабының талаптарына сәйкес келмейтін жаза тағайындалған үкім әділетсіз деп танылады.
2. Кассациялық сатыдағы сот осы Кодекстің 446-17-бабының қағидалары бойынша үкімнің әділетсіздігіне байланысты оны өзгертуге құқылы.
3. Егер үкім негізсіз ақтау, онша ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану салдарынан немесе жазаның шамадан тыс жеңілдігіне байланысты әділетсіз деп танылса, кассациялық сатыдағы сот осы негіздер бойынша келтірілген прокурордың наразылығы немесе жәбірленушінің, оның өкілінің шағымы болған кезде жазаны күшейтуге не неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы.
446-13-бап. Істі қысқарта отырып айыптау үкімінің күшін жою
Сот істі кассациялық тәртіппен қарай отырып, осы Кодекстің 37-бабының бірінші бөлігінде және 38-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде айыптау үкімінің күшін жояды және істі қысқартады.
446-14-бап. Ақтау үкімінің күшін жою