2. Тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысы жедел iздестiру қызметiн жүзеге асырып отырған органға орындауға жiберiледi.
3. Жол-жөнекей ұстап алу нәтижесiнде алынған хабарлар мен компьютерлiк ақпаратты маман тиiстi ақпарат ұстаушыда бекiтедi және тергеушiге бередi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.17.07. № 187-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.07.12. № 221-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 127-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 237-бап өзгертілді
237-бап. Сөйлесулердi және сөздерді тыңдау мен жазу
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабында (бірінші бөлік); 122-бабында; 128-бабында (бірінші бөлік); 131-бабында (бірінші бөлік); 132-1-бабында (бiрiншi бөлiк); 143-бабында (үшінші бөлік); 157-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 164-бабында (бірінші бөлік); 170-бабында (бірінші бөлік); 175-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 177-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 178-бабында (бірінші бөлік); 181-бабында (бірінші бөлік); 185-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 192-бабында (бірінші бөлік); 193-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 209-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 233-1-бабында (бірінші бөлік); 233-3-бабында (бірінші бөлік); 242-бабында; 251-бабында (бірінші бөлік); 252-бабында (бірінші бөлік); 270-бабында (бірінші бөлік); 271-бабында (бірінші бөлік); 307-бабында (екінші бөлік); 308-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 311-бабында (бірінші бөлік); 312-бабында (бірінші және екінші бөліктер); 339-бабында (үшінші бөлік); 346-бабында (екінші бөлік); 347-1-бабында (бірінші бөлік); 358-бабында (бірінші бөлік); 361-бабында (екінші бөлік) көрсетілген ауырлығы орташа қылмыстар туралы, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша, егер күдікті, айыпталушы үшінші бір адамның телефонын немесе өзге де сөйлесу құрылғысын пайдаланады деген мәліметтер болса немесе егер үшінші бір адам басқа адамдарға беру үшін күдіктіге, айыпталушыға арналған не күдіктіден, айыпталушыдан ақпарат алады деген мәліметтер болса, тыңдау нәтижесінде іс үшін маңызы бар мәліметтер алынады деп болжауға жеткілікті негіздер болған кезде күдіктінің, айыпталушының не үшінші бір адамның телефон және басқа да сөйлесу құрылғылары арқылы жүргізілетін сөйлесулерін жасырын тыңдау және жазып алу тергеушінің (анықтаушының) прокурор санкция берген қаулысының негізінде жүргізіледі.
Жоғарыда көрсетілген қылмыстар тізбесі бойынша бейне-, аудиотехниканы немесе өзге де арнаулы техникалық құралдарды пайдалана отырып, сөздерді жасырын тыңдау және жазып алу прокурордың санкциясымен ғана күдіктіге, айыпталушыға қатысты жүргізілуі мүмкін.
2. Күш қолдану, қорқытып алу және басқа қылмыстық әрекеттердi жәбiрленушiге, куәға немесе олардың отбасы мүшелерiне қолдану қаупi болған кезде тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысы бойынша олардың келісімiмен, бейне және дыбыс жазу техникаларын немесе басқа да арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы әңгiмелесулерiнiң жасырын тыңдалуы және жазылуы, сондай-ақ олардың телефондары немесе басқа сөйлесу құрылғылары арқылы сөйлескен сөздерiнiң тыңдалуы және жазылуы мүмкiн.
3. Тергеушi сөйлескен сөздердi, әңгімелесулерді тыңдау мен оларды жазуды қажет деп таныған соң дәлелдi қаулы шығарады, онда: қылмыстық iс және осы тергеу iс-әрекетi жүргiзiлуге тиiс негiздер, сөйлескен сөздерi тыңдалатын және жазылатын адамдардың аты-жөнi және ол қандай уақыт аралығында жүргiзiлетiнi; сөйлескен сөздерді, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазуды техникалық тұрғыдан жүзеге асыру тапсырылған орган көрсетiледi. Аталған қаулы прокурорға ұсынылады және ол санкция берген жағдайда тергеушi оны орындау үшiн тиiстi органға жiбередi.
4. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда сөйлескен сөздерді, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазу тергеушiнiң қаулысы бойынша прокурордың санкциясынсыз, оған кейiннен жиырма төрт сағат iшiнде сөйлескен сөздi, әңгiмелесудi тыңдалғаны, жазылғаны туралы хабар жiбере отырып, жүргiзiледi. Аталған хабарды алғаннан кейiн прокурор осы тергеулiк iс-әрекеттiң заңға сәйкестiгiн тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады. Сөйлескен сөзді, әңгiмелесудi тыңдаудың, жазудың заңсыз екенi туралы шешiм қабылданған жағдайда аталған iс-әрекет iс бойынша дәлел ретiнде жiберiле алмайды.
5. Сөйлескен сөздерді, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазу алты айдан аспайтын мерзiмге белгiленуi мүмкiн. Олар бұл шараларға қажеттілік жойылған кезде, бiрақ кез келген жағдайда тергеу аяқталған соң кешiктiрмей тергеушiнiң қаулысы арқылы тоқтатылады.
6. Тергеушi ол қаулыда белгiленген бүкiл мерзiмнiң iшiнде кез келген уақытта техникалық тыңдауды жүзеге асырып отырған органнан тексеру және тыңдау үшiн фонограмманы талап етуге құқылы. Фонограмма тергеушiге мөрмен бекітілген түрiнде, тыңдаудың негiзi, сөйлескен сөздi, әңгімелесуді жазудың басталған және аяқталған уақыты, пайдаланылған құралдардың қажеттi техникалық сипаттамалары мен жазудың сапасы көрсетiлген iлеспе хатпен бiрге тапсырылады.
7. Фонограмманы тексеру мен тыңдауды тергеушi қажет болған жағдайда маманды тарта отырып жүргiзедi, бұл туралы хаттама жасалады, онда сөйлесу фонограммасының iске қатысы бар бөлiгi сөзбе-сөз жазылып, сөйлесiп отырғандардың сөздерiнiң естiлу сапасына сипаттама берiлуге тиiс. Фонограмма хаттамаға қоса берiледi, бұл ретте оның iске қатысы жоқ бөлiгi үкiм заңды күшiне енген соң немесе қылмыстық iс тоқтатылғаннан кейiн жойылады.
31-тарау. Айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау. Тергеу эксперименті
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 238-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
238-бап. Айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау
1. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, сезiктiнiң, айыпталушының тергелетiн оқиғамен байланысты жерде берген айғақтарын тексеру мен нақтылау:
- айғақтардың растығын оларды болған оқиғаның жағдайымен салыстыру арқылы анықтау;
- тексерiлетiн iс-әрекет болған бағытты және орынды анықтау;
- жаңа нақтылы деректердi анықтау мақсатында жүргiзiледi.
2. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау бұрын жауап алынған адам зерттелiп отырған оқиғаның жай-жапсары мен мән-жайларын оқиға болған жерде жаңғыртуы; iс үшiн маңызы бар заттарды, құжаттарды, iздердi тауып, көрсетуi; белгiлi бiр iс-қимылды бейнелеп көрсетуi; зерттелiп отырған оқиғада қандай заттардың қандай рөл атқарғанын көрсетуi; оқиға болған орынның өзгеруiне назар аудартуы; өзiнiң бұрынғы айғақтарын нақтылауы және айқындауы болып табылады. Бұл әрекеттерге сырттан қандай да бiр араласуға және жетекшi сұрақтар қоюға жол берiлмейдi.
3. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау оның барысы мен нәтижелерін тіркеп тұратын техникалық құралдар қолданыла отырып, қажет болған жағдайларда маманның қатысуымен жүргiзiледi.
4. Оқиға болған жерде бiрнеше адамның айғақтарын бiр уақытта тексеру мен нақтылауға жол берiлмейдi.
5. Айғақтарды тексеру мен нақтылау жауап алынып отырған адамға оның айғақтары тексерiлетiн бағыт пен орынды ерiктi түрде көрсетудi ұсынудан басталады. Айғақтар айтылғаннан кейiн және iс-қимылдарды бейнелеп көрсеткеннен кейiн айғақтары тексерiлiп отырған адамға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бұл адам, сондай-ақ iске қатысушы өзге адамдар жүргiзiлiп отырған тергеу әрекетiне байланысты өздерiнен қосымша жауап алуды талап етуге құқылы.
6. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау барысында табылған, iс бойынша дәлел ретiнде маңызы болуы мүмкiн заттар мен құжаттар алынып, буып-түйiледi және олар мөрмен бекітіледi; оларды алу фактiсi хаттамада көрсетiледi.
7. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау кезiнде қажет болған жағдайда өлшеу, суретке түсiру, дыбыс және бейнежазба жасау, киноға түсiру жүргiзiледi, жоспарлар мен схемалар жасалады. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау кезiнде дыбыс және бейнежазба құралдарын пайдалану осы Кодекстiң 219-бабында баяндалған ережелер бойынша жүргiзiледi.
8. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып хаттама жасалады. Хаттамада оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен айқындаудың жағдайы, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi бейнеленедi.
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 239-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
239-бап. Тергеу экспериментi
1. Тергеу экспериментi iс үшiн маңызы бар мәлiметтердi зерттелiп отырған оқиғаның белгiлi бiр әрекеттерiн, жай-жапсарын, мән-жайларын қайта жаңғырту және тәжiрибе жүргiзу арқылы тексеру мен нақтылау мақсатында жүргiзiледi. Эксперимент жүргiзу кезiнде, атап айтқанда, әлде бiр фактiлердi қабылдау, жекелеген әрекеттердiң жасалу, әлде бiр оқиғаның болу ықтималдығы тексерiлуi, сондай-ақ болған оқиғаның ретi және iздердiң пайда болу тетiгi анықталуы мүмкiн.
2. Тергеу экспериментi оның барысы мен нәтижелерін тіркеп тұратын техникалық құралдар мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi. Қажет болған жағдайда тергеу экспериментiне өздерiнiң келісімi бойынша сезiктi, айыпталушы, жәбiрленушi, куә, маман, сарапшы және тәжiрибелiк iс-қимылдарды жүргiзетiн адамдар қатыстырылуы мүмкiн. Экспериментке қатысушыларға оның мақсаты мен жүргiзiлу тәртібі түсiндiрiледi.
3. Тергеу экспериментiн жүргiзуге оған қатысушы адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп келтiрiлмегенде, олардың ары мен намысына нұқсан келтiрiлмегенде, оларға материалдық зиян болмағанда жол берiледi.
4. Тергеу экспериментi қайта жаңғыртылып отырған оқиғалар немесе әрекеттер болған жағдайларға барынша ұқсас жағдайларда жүргiзiледi.
5. Қажет болған жағдайларда тергеу экспериментiн жүргiзген кезде суретке түсiру, дыбыс және бейнежазба, киноға түсiру жүргiзiледi, басқа ғылыми-техникалық құралдар қолданылады, жоспарлар, схемалар, сызбалар жасалады.
6. Тергеу экспериментi жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып хаттама жасалады. Хаттамада тергеу экспериментiнiң шарты, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi баяндалады және мыналар көрсетiледi: эксперимент қандай мақсатпен, қашан, қайда және қандай жағдайда жүргiзiлдi; оқиғаның жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғырту нақты неден көрiндi; қандай әрекеттер, қандай ретпен жүргiзiлдi, оны кiм және қанша рет жасады; қандай нәтижелер алынды.
32-тарау. Сот сараптамасы
240-бап. Сараптаманы тағайындау
Сараптама сарапшы арнайы ғылыми білімдер негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеу нәтижесiнде iс үшiн маңызы бар мән-жайлар алынуы мүмкiн жағдайда тағайындалады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы өзге адамдардың мұндай білімiнiң болуы қылмыстық iстi жүргiзушi адамды тиiстi жағдайларда сарапшы тағайындау қажеттілігiнен босатпайды.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 241-бап өзгертілді; 2009.10.07. № 175-IV ҚР Заңымен 241-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 241-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
241-бап. Сараптаманы мiндеттi түрде тағайындау
1. Егер iс бойынша:
1) өлiмнiң себептерiн, денсаулыққа келтiрiлген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесiн;
2) iс үшiн маңызды болып, бірақ жасы туралы құжаттар болмағанда немесе олар күмән туғызғанда күдіктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң жасын;
3) күдіктiнiң, айыпталушының есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық iс жүргiзуде өзінің құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше қорғау қабiлетi жөнiнде күмән туғанда олардың психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн;
4) жәбiрленушiнiң, куәнiң iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдау және олар туралы айғақтар беру қабiлетiне күмән туған жағдайда олардың психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн анықтау қажет болғанда;
5) iстiң өзге дәлелдермен дәйекті түрде анықталмайтын өзге де мән-жайын анықтау қажет болғанда, сараптаманы тағайындау мен жүргiзу мiндеттi болады.
2. Егер айыпталушының психикалық жай-күйiне Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде өлiм жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген қылмысты жасағаны үшін күмән келтірілсе, сот-психиатриялық сараптаманы тағайындау мен жүргiзу міндетті болады.
Ескерту. Осы баптың бірінші бөлігінің 3 және 4-тармақтарында тізбеленген негіздемелер бойынша күдіктіге, айыпталушыға, жәбірленушіге, куәға амбулаториялық сот-психиатриялық сараптама тағайындалады және жүргiзіледі. Егер сарапшы стационарлық сот-психиатриялық сараптама жүргізбей және сынақтан өтушіні стационарлық тексеруге орналастырмай қорытынды беру мүмкін еместігі туралы хабарлаған жағдайда, осы Кодекстің 247-бабының тәртібімен қылмыстық іс бойынша стационарлық сот-психиатриялық сараптама тағайындалады.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 242-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 242-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
242-бап. Сараптама тағайындау тәртібі
1. Қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындау қажет деп тани отырып, бұл туралы қаулы шығарады, онда: сараптама тағайындаған органның атауы, сараптаманы тағайындау уақыты, орны; сараптаманың түрі; сараптама тағайындау үшін негіздер; сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат, сондай-ақ көрсетілген объектілерді зерттеу барысында толық немесе ішінара жою, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгерту мүмкіндігіне рұқсат; сот сараптамасы органының атауы және (немесе) сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі. Қылмыстық процесті жүргізуші органның сараптама тағайындау туралы қаулысы ол жіберілген және өз құзыретіне жататын органдардың немесе адамдардың орындауы үшін міндетті.
2. Сараптама жүргізілмей қылмыстық істі қозғау туралы шешім қабылдау мүмкін болмайтын жағдайларда, ол қылмыстық іс қозғалғанға дейін тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте, мыналар:
1) қылмыстар туралы арыздарға немесе хабарламаларға қоса берілетін, осы Кодекстің 178, 179, 180, 181-баптарына сәйкес табыс етілген;
2) осы Кодекстің 182-бабына сәйкес қылмыстық істі қозғауға құқық берілген лауазымды адамдар және органдар тікелей тапқан;
3) тергеуге дейінгі тексеру барысында осы Кодекспен жол берілетін іс жүргізу әрекеттерінің нәтижесінде алынған;
4) осы Кодекстің 125-бабында көзделген тәртіппен талап етіліп алынған немесе табыс етілген материалдар сот-сараптамалық зерттеулердің объектілері болып табылады.
3. Істе ревизия, тексеру актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ іс жүргізу әрекеттері барысында мамандар жүргізген зерттеулердің нәтижелері бойынша жасалған ресми құжаттардың болуы нақ сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
4. Сараптама өздерінің немесе өздеріне берілетін құқықтары мен мүдделерін қорғайтын процеске қатысушылардың бастамасы бойынша тағайындалуы мүмкін. Өзінің немесе өзіне берілетін құқықтары мен мүдделерін қорғайтын процеске қатысушы қылмыстық процесті жүргізуші органға, өз пікірі бойынша, сарапшының қорытындысы берілуге тиіс мәселелерді жазбаша түрде ұсынады, зерттеу объектілерін көрсетеді, сондай-ақ сарапшы ретінде шақырылуы мүмкін адамды (адамдарды) атайды. Бұл ретте, шешілуі өзіне ұсынылған мәселелер қылмыстық іске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтын жағдайларды қоспағанда, қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындаудан бас тартуға құқылы емес.
5. Бастамасы бойынша сараптама тағайындалып отырған процеске қатысушы сараптамалық зерттеу объектілері ретінде заттарды, құжаттарды ұсына алады. Қылмыстық процесті жүргізуші орган дәлелді қаулысымен оларды мұндай объектілердің қатарынан алып тастауға құқылы.
6. Қылмыстық процесті жүргізуші орган ұсынылған мәселелерді қарап, олардың қылмыстық іске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтындарын қабылдамайды, сарапшыдан бас тартуға негіздердің бар-жоғын анықтайды, содан кейін осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарды сақтай отырып, сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады.
7. Сараптама жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 21-тарауының ережелері бойынша жүргізіледі.
8. Қылмыстық процесті жүргізуші орган, егер сараптама жүргізу кезінде олардың қатысуы міндетті деп танылса, сезіктіні, айыпталушыны, жәбірленушіні, куәні сарапшыға жеткізуді қамтамасыз етеді.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 06.11.01 ж. № 251-II Заңдарымен; 2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 243-бап өзгертілді
243-бап. Сот сараптамасын жүргiзу тапсырылуы мүмкiн адамдар
1. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғаларға;
3) заң талаптарына сәйкес бір жолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
2. Сараптама жүргiзу iс жүргiзуге қатысушылар ұсынған адамдардың бiрiне тапсырылуы мүмкiн.
3. Сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыру туралы тергеушiнiң талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 244-бап өзгертілді
244-бап. Сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, қорғаушының және жәбірленушінің өкілінің сараптама тағайындау және жүргiзу кезіндегі құқықтары
1. Сараптама тағайындалған және ол жүргiзiлген кезде жәбiрленушiнiң, сезiктiнiң, айыпталушының, қорғаушының және жәбірленушінің өкілінің:
1) сараптама жүргiзiлгенге дейiн оның тағайындалғаны туралы қаулымен танысуға және өзiне тиесiлi құқықтарына түсiндiрме алуына, бұл туралы хаттама жасалады;
2) сарапшыдан бас тартуға немесе сараптама жүргiзуден сот сараптамасы органын шеттету туралы өтiнiш жасауға;
3) сарапшылар ретiнде өздерi атаған адамдарды немесе белгiлi бiр сот сараптамасы органының қызметкерлерiн тағайындау туралы, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргiзуi туралы өтiнiш жасауға;
4) сарапшының алдында қосымша мәселелер қою немесе бұрын қойылғандарын нақтылау туралы өтiнiш жасауға;
5) қылмыстық процесті жүргізуші органның рұқсатымен, осы Кодекстің 246-1-бабында көзделген тәртіппен сараптама жүргізу кезінде қатысуға;
6) осы Кодекстің 254-бабында көзделген тәртіппен сарапшының қорытындысымен не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламамен танысуға құқығы бар.
2. Аталған құқықтарға, сонымен қатар сараптама жасалатын куә да және психикалық жағдайы мүмкiндiк берсе, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзiлiп отырған адам да ие. Қылмыстық істі қозғау сатысында тізбеленген құқықтарға қылмыс жасаудан зардап шеккен адам, сондай-ақ өзіне қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешіліп жатқан адам ие болады.
3. Егер сараптама адамды сезiктi деп танығанға немесе айыпталушы ретiнде iске тартқанға дейiн жүргiзiлсе, қылмыстық процесті жүргізуші орган оны сараптама тағайындау туралы қаулымен, сарапшының қорытындысымен таныстыруға және оның осы Кодекстің 254-бабында көзделген құқығын түсiндiруге мiндеттi.
4. Жәбiрленушiлер мен куәларға, сондай-ақ қылмыс жасаудан зардап шеккен адамға және өзіне қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешіліп жатқан адамға сараптама жүргізу тек олардың жазбаша келісімiмен ғана жүргiзiледi. Егер бұл адамдар кәмелетке толмаған болса немесе сот оларды әрекет қабiлетi жоқ деп таныса, сараптама жүргiзуге жазбаша келісімдi олардың заңды өкiлдерi бередi. Аталған ереже осы Кодекстiң 241-бабында көзделген жағдайларда сараптама жүргiзу үшiн қолданылмайды.
5. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде де аталған адамдар жасаған өтiнiштер қанағаттандырылған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындау туралы өз қаулысын тиiсiнше өзгертедi немесе толықтырады. Өтiнiштердi қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда ол өтiнiш берген адамға одан қолхат алып жарияланатын дәлелді қаулы шығарады.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 244-1-баппен толықтырылды
244-1-бап. Өздеріне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігі
1. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде:
1) олардан мәліметтер алу мақсатында оларды заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыруға немесе оларға қысым жасауға (оның ішінде, алдау, күш қолдану, қорқыту және өзге де заңсыз шаралар арқылы);
2) аталған адамдарды медициналық технологияларды, фармакологиялық және дәрілік заттарды клиникалық зерттеулердің субъектілері ретінде пайдалануға;
3) хирургиялық араласуды көздейтін зерттеулердің әдістерін қолдануға тыйым салынады.
2. Сот сараптамасын тағайындаған орган өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамды баламалы, болуы мүмкін ауырсыну сезімдерін және жанама әсерлерді қоса алғанда, сот-сараптамалық зерттеулердің пайдаланылатын әдістері туралы оған түсінікті түрде хабардар етуге тиіс. Көрсетілген ақпарат сот сараптамасы жүргізілетін адамның өтініші бойынша оның заңды өкіліне де беріледі.
3. Өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамға медициналық көмек заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен ғана көрсетілуі мүмкін.
4. Медициналық ұйымға орналастырылған адамға шағымдар және өтініштер жасауға мүмкіндік беріледі. Осы Кодексте көзделген тәртіппен берілген шағымдарды және өтініштерді медициналық ұйымның әкімшілігі жиырма төрт сағат ішінде жолданым иесіне жібереді және олар цензураға жатпайды.
5. Адамға қатысты оның келісімімен жүргізілетін сот сараптамасы оның кез келген сатысында аталған адамның бастамасы бойынша тоқтатылуы мүмкін.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 245-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
245-бап. Сот сараптамасы органының сараптама жүргізуі.
Сот сараптамасы органы басшысының құқықтары мен міндеттері
1. Сараптама сот сараптамасы органына тапсырылған кезде, қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындау туралы қаулыны және қажетті материалдарды оның басшысына жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органының қаулыда көрсетілген қызметкері жүргізеді. Егер қаулыда нақты сарапшы көрсетілмесе, сарапшыны таңдауды сот сараптамасы органының басшысы жүзеге асырады, бұл туралы сараптама тағайындаған адамға үш күн мерзімде хабарлайды.
2. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) егер: осы сот сараптамасы органында қажетті арнаулы ғылыми білімі бар сарапшы болмаса; осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы мен жағдайы нақты сараптама міндеттерін шешуге мүмкіндік бермесе; сот сарапшысының алдына қойылған мәселелер оның құзыретінің шегінен тыс болса; сараптама жүргізуге арналған материалдар осы Кодекстің талаптары бұзыла отырып ұсынылса, дәлелдерді көрсете отырып, сараптама тағайындаған органға сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны орындамастан және зерттеуге ұсынылған объектілерді қайтаруға;
2) сараптама тағайындаған орган алдында осы сот сараптамасы органында жұмыс істемейтін адамдарды, егер олардың арнаулы ғылыми білімі қорытынды беру үшін қажет болса, сот сарапшылары комиссиясының құрамына енгізу туралы өтініш жасауға құқылы.
Сот сараптамасы органы басшысының заңда көзделген өзге құқықтары да бар.
3. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сараптама жүргізу үшін қажетті объектілерді дербес талап етіп алдыруға;
2) осы сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылмайтын адамдарды сараптама тағайындаған органның келісімінсіз оны жүргізуге тартуға;
3) сарапшыға нақты сараптама бойынша қорытындылардың мазмұнын алдын ала шешетін нұсқаулар беруге құқылы емес.
4. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны және зерттеу объектілерін алысымен, осы Кодекстің 242-бабы бірінші бөлігінің талаптарын ескере отырып, осы сот сараптамасы органының нақты сарапшысына немесе сарапшылар комиссиясына жүргізуді тапсыруға;
2) сот сарапшысының тәуелсіздігі принципін бұзбастан, сот сараптамасын жүргізу мерзімінің сақталуына, жүргізіліп жатқан зерттеулердің жан-жақтылығына, толықтығы мен объективтілігіне, сот сараптамасы объектілерінің сақталуына бақылауды қамтамасыз етуге;
3) сараптама жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге;
4) зерттеулер жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 246-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
246-бап. Сот сараптамасы органынан тыс сараптама жүргiзу
1. Егер сараптама жүргізуді сот сараптамасы органының қызметкері болып табылмайтын адамға тапсыру ұйғарылса, қылмыстық процесті жүргізуші орган оны тағайындау туралы қаулы шығарылғанға дейін өзі сараптама жасауды тапсырғалы отырған адамның жеке басына көз жеткізуге және сарапшыдан бас тартуға осы Кодекстің 96-бабында көзделген негіздердің бар-жоғын тексеруге тиіс.
2. Қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады, оны сарапшыға тапсырады, оған осы Кодекстiң 83-бабында көзделген құқықтар мен мiндеттердi түсiндiредi және көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi. Бұл iс-әрекеттiң орындалғаны туралы қылмыстық процесті жүргізуші орган сарапшының қол қоюымен куәландырылатын сараптама тағайындау туралы хаттамада белгi жасайды. Сарапшы жасаған мәлiмдеме және оның өтiнiштерi де осылайша бекітіледi. Сарапшының өтiнiшiн қабылдамау туралы сараптама тағайындаған адам дәлелдi қаулы шығарады.