Жоғары оқу орындарының студенттерiн (курсанттарын) запастағы офицерлер
бағдарламасы бойынша әскери даярлау туралы, жоғары оқу орындары жанындағы
әскери кафедралар туралы ережелердi және запастағы офицерлер бағдарламасы
бойынша студенттердiң (курсанттардың) әскери даярлығы белгiленген жоғары
оқу орындарының тiзбесiн бекіту туралы Қазақстан Республикасы Министрлер
Кабинетінің 1994 жылғы 3 қазандағы № 1094 қаулысы
(2004.17.05. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 24 мамырдағы № 449 Қаулысымен күші жойылды
Жоғары оқу орындарында запастағы офицерлер даярлауды тәртiпке келтiру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Жоғары оқу орындарының студенттерiн (курсанттарын) әскери даярлау туралы, жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралар туралы қоса берiлiп отырған ережелер және запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша студенттердiң (курсанттардың) әскери даярлығы белгiленген жоғары оқу орындарының қоса берiлiп отырған тiзбесi бекітілсiн.
2. Қарамағында жоғары оқу орындары бар Қазақстан Республикасының министрлiктерi мен ведомстволары, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетi 1994 жыл iшiнде запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындары студенттерiнiң (курсанттарының) әскери даярлығын ұйымдастыруға көшудi жүзеге асырсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне жүктелсiн.
4. Мыналардың күшi жойылған деп танылсын:
"ССРО Министрлер Кеңесiнiң "Жоғары оқу орындарының студенттерiн (курсанттарын) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлау туралы ережесін және запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша студенттердiң (курсанттардың) әскери даярлығы белгiленген жоғары оқу орындарының тiзбесi бекіту туралы" 1990 жылдың 31 тамызындағы № 880 қаулысы туралы Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң 1990 жылғы 5 қазандағы № 407 қаулысы (Қазақ КСР ҚЖ, 1990 ж., № 24, 131-бап);
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің "Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары әскери кафедраларын қайта құру туралы" 1992 жылдың 31 тамызындағы № 723 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1992 жыл, № 34, 524-бап).
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1994 жылғы 3 қазандағы
№ 1094 қаулысымен
Бекiтiлген
Жоғары оқу орындары жанындағы әскери
кафедралар туралы
Ереже
I. Жалпы ережелер
1. Жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралар студенттер (курсанттар)* қатарынан Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi үшiн запастағы офицерлердi даярлау мақсатында құрылады.
* Бұдан әрi текст бойынша - студенттер (курсанттар) - студенттер.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Білім министрлігінiң ортақ шешiмiмен жекелеген жоғары оқу орындарында жоғары оқу орындары аралық әскери кафедралар құрылуы мүмкiн.
2. Студенттермен оқу-тәрбие жұмысын оқу бағдарламалары мен әскери жарғыларға сәйкес әскери кафедралар жүргiзедi. Ол оқыту бағдарламаларында көзделген теориялық ережелердi студенттердiң толық меңгеруiне және қару-жарақты қолдану мен әскери техниканы пайдалануда, алған әскери мамандығына сәйкес бөлiмшелерге басшылық жасауды оларда берiк практикалық дағдылардың қалыптасуына бағытталуы керек.
3. Әскери кафедралар өз қызметiнде Қазақстан Республикасы заңдарын, әскери жарғыларды, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрi мен Білім министрінің бұйрықтары мен директиваларын және осы Ереженi басшылыққа алады.
Дәрiгерлердiң білімiн жетiлдiру институттар жанындағы және медициналық институттар жанындағы дәрiгерлердiң білімiн жетiлдiру факультеттеріндегі әскери кафедралардың запастағы медициналық қызмет офицерлерiнiң (қатардағы жауынгерлер мен сержанттардың) әскери-медициналық білімiн жетiлдiру жөніндегі әскери даярлықты ұйымдастыру мен жүргiзуге байланысты қызмет iсi осы Ереженiң талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Әскери кафедралардың офицер құрамындағы адамдары мен прапорщиктерiнiң әскери қызметтi атқару тәртібі әскери жарғылар және тәлiмдемелермен және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарымен белгiленедi.
ҚР Үкіметінің 15.04.96 ж. № 443; 23.04.97 ж. № 638; 12.08.03 ж. № 803 (бұр. ред. қара) қаулыларымен 5-тармақ өзгертілді
5. Әскери кафедраның штаты: профессор-оқытушы құрамнан, инженерлiк-техникалық және қосымша-оқу қызметкерлерiнен тұрады.
Профессор-оқытушы құрамға: әскери кафедра бастығы, әскери кафедра бастығының орынбасары, әскери кафедра бастығының орынбасары - оқу бөлiмiнiң бастығы, әскери кафедра циклдерiнiң бастықтары - аға оқытушылар, әскери кафедраның аға оқытушылары мен оқытушылары сондай-ақ ассистенттерi жатады.
Инженерлiк-техникалық қызметкерлерге: оқу техникасы мен жаттығу аппаратурасының бөлiмше бастығы, аға инженер, инженер, аға нұсқаушылар мен барлық атаулардың нұсқаушылары, жөндеу шеберханасының бастығы жатады.
Профессорлық-оқытушы құрамының, инженерлiк-техникалық және оқу-көмекшi қызметкерлерi лауазымдарының тiзбесi әскери кафедраның штат кестесiмен белгiленедi, оны Қазақстан Республикасының Білім министрлігі және қарауында жоғары оқу орындары бар басқа да министрлiктер қарап, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінiң мен келiсуiмен бекiтедi.
Әскери кафедралардың офицерлiк құрамы үшiн штаттық-лауазымдық санаттарды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Білім және мәдениет министрлігімен бірлесе отырып, жоғары оқу орнының мәртебесiне және әскери кафедрада оқитын студенттердiң (курсанттардың) санына сәйкес белгiлейдi.
ҚР Үкіметінің 23.04.97 ж. № 638; 12.08.03 ж. № 803 (бұр. ред. қара) қаулыларымен 6-тармақ өзгертілді
6. Профессор-оқытушы құрамның жалпы штат саны:
- 15 адамнан көп әскери кафедраларда әскери кафедра цикл бастығының аға оқытушының (арнаулы пәндердiң аға оқытушысы) басшылығымен саны 5 адамнан аспайтын циклдер ұйымдастырылады.
- 20 не одан артық адамы бар, екi не одан да көп әскери-есеп мамандықтары бойынша әскери даярлықты жүргiзетiн әскери кафедраларда әскери кафедра бастығының орынбасары лауазымы белгiленедi.
Аға оқытушылар саны (цикл бастықтарын - аға оқытушыларды (қоса) кафедраның (циклдық) профессор-оқытушы құрамының санынан 40 процент шегiнде белгiленедi. Ассистенттердiң саны кафедраның профессорлық-оқытушы құрамының адам санының 15 процентi шегiнде белгiленедi.
Әскери кафедраларда практикалық оқу-сабақтар мен жаттығуларды жүргiзу үшiн, оқу техникасы мен жаттығу аппаратурасын ұстау және оған қызмет көрсету үшiн тұрақты құрамның белгiленген жалпы саны шегiнде оқу техникасы мен жаттығу аппаратурасының штаттық бөлiмшесi құрылуы мүмкiн.
Бұл бөлiмшелер қару-жарақ пен әскери техниканың табельдiк күрделi кешендерi бар және қала маңында оқу орталықтары бар әскери кафедраларда құрылады.
Қала маңында оқу орталықтары жоқ, бірақ техника мен мүлiктiң саны көп әскери кафедраларда кафедра штатына инженерлiк-техникалық қызметкерлердiң жекелеген лауазымдары енгiзiлуi мүмкiн.
Әскери кафедраның инженерлiк-техникалық және қосымша-оқу қызметкерлерiнiң саны аудиторлық қордың, лабораториялардың, шеберханалардың ату тирлерiнiң, парктердiң, гараждар мен басқа да оқу объектiлерiнiң бар болуы мен оларды ұстауды және жаттығу қару-жарақтары, әскери техника мен мүлiктiң, оқытудың техникалық құралдарының бар болуын, сондай-ақ әскери даярлық бойынша оқу процесiн қызмет көрсету және қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс көлемiн ескере отырып анықталады. Ол кафедра профессор-оқытушы құрамның штаттық санынан 90 процент шегiнде белгiленедi.
Әскери даярлық бағдарламасына сәйкес студенттердi "В", "С" санаттарындағы автомобильдердi жүргiзуге үйрететiн әскери кафедралардың штаттарында студенттердiң орташа санын ескере отырып, бір шеберге 1:25 болып келетiндей көлiк құралдарын жүргiзу жөніндегі өндiрiстiк оқыту шеберлерiнiң қосымша лауазымы көзделедi. Қосымша-оқу қызметкерлерiнiң жалпы санына бұл шеберлер енгiзiлмейдi.
Әскери кафедралардағы циклдер саны мен олардың атауын, сондай-ақ профессор-оқытушы құрамның, оқу техникасы мен жаттығу аппаратурасы бөлiмшелерiнiң және инженерлiк-техникалық қызметкерлердiң саны мен құрамын Қазақстан Республикасы Білім министрлігі мен қарауында жоғары оқу орындары бар министрлiктер мен ведомстволармен бірлесе отырып Қорғаныс министрлігі белгiлейдi.
7. Инженерлiк-техникалық және қосымша-оқу қызметкерлерiнiң, сондай-ақ оқу техникасы мен жаттығу аппаратурасы бөлiмшесiнiң жеке құрамы мiндеттерiн белгiлеудi әскери кафедра бастығының орынбасары - оқу бөлiмiнiң бастығы жүргiзедi және оны әскери кафедра бастығы бекiтедi.
II. Әскери кафедра лауазымды адамдарының
құқықтары мен мiндеттерi
ҚР Үкіметінің 12.08.03 ж. № 803 (бұр. ред. қара) қаулысымен 8-тармақ өзгертілді
8. Әскери кафедра бастығы студенттердiң әскери даярлығын ұйымдастыру мен оның сапалылығына және олармен жоғары оқу орнында, әскери бөлiмдер мен кемелерде оқу жиындарын (тағылымдамаларды) өткізу кезiнде тәрбие жұмысын жүргiзуге, командирлiк және әдiстемелiк даярлықты ұйымдастыруға, оны сапалы жүргiзуге, кафедраның жеке құрамы арасында әскери, еңбек тәртiптілігiн, моральдық жай-күйдi сақтауға, жаттығу қару-жарағы, әскери техника, автокөлiк пен әскери-оқу мүлiгiнiң жай-күйi мен сақталуына, мемлекеттік және әскери құпияны сақтауды қамтамасыз етуге толық жауапты болады.
Әскери кафедра бастығы кафедраның бүкiл жеке құрамының тiкелей бастығы болып табылады. Ол Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң запастағы офицерлердi даярлауға жауапты құрылымдық бөлiмшесi бастығы мен жоғары оқу орнының ректорына бағынады және жоғары оқу орнының ғылыми кеңес құрамына кiредi.
Әскери кафедра бастықтарына барлық өкiмдер мен нұсқаулар тек жоғары оқу орындарының ректорлары арқылы берiледi.
Әскери кафедра бастығының:
- жоғары оқу орны, факультеттер мен жоғары оқу орны жанындағы басқа мекемелердiң кеңестерiнде оқу, ғылыми және тәрбие жұмысының маңызды мәселелерiн талдауға қатысуға;
- студенттердi әскери оқытудың жоғары оқу орнының ерекшелiктерiне анағұрлым толық сай келетiн және оқу процесiнiң жоғары сапалылығын қамтамасыз ететiн әдiстерi мен құралдарын анықтауға;
- профессор-оқытушы құрамды, қосымша-оқу қызметкерлерi мен әскери даярлықтан өтiп жатқан студенттердi ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзуге және осы Ереженiң 27-бабына сәйкес оқу материалдық-техникалық базаны дамыту мен жетiлдiру жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге тартуға;
- орындалатын әскери-ғылыми, ғылыми-зерттеу, өнертабыстық және рационализаторлық жұмыстарды ескере отырып оқытушылар арасында оқу жұмыс көлемiн бөлуге;
- осы Ереженiң 34 бабына сәйкес студенттерге қатысты мадақтау мен тәртiптілік жағынан ықпал ету шараларын қолдануға, ал кафедраның жеке құрамына қатысты бұл шараларды қолданылып жүрген әскери жарғылар мен заңдарға сәйкес қолдануға;
- студенттердi әскери оқыту мен кафедраның жеке құрамы бойынша бұйрықтарды шығаруға құқы бар.
Әскери кафедра бастығы:
- кафедраның оқу, тәрбие, әдiстемелiк, әскери-ғылыми, ғылыми-зерттеу жұмыстарына және офицер құрамы мен прапорщиктердiң (мичмандардың) командирлiк даярлығына басшылық жасауға;
- жоғары оқу орнының факультеттерi және кафедраларымен арнайы пәндердi оқу жөніндегі оқу бағдарламаларын олармен үйлестiру мақсатында оқу әдiстемелiк байланысты ұйымдастыру және жүзеге асыру;
- студенттермен оқу-сабақтарын жүргiзуге, сондай-ақ кафедраның профессор-оқытушы құрамымен командирлiк, нұсқаулық-әдiстемелiк және көрсету оқу-сабақтарын өткізуге, оқытушылар жүргiзетiн оқу-сабақтарының сапалылығына бақылау жасауға;
- оқу процесiн үнемi жетiлдiруге және кафедра студенттерi мен жеке құрамын оқыту мен тәрбиелеудiң алдыңғы қатарлы әдiстерiн енгізуге, әскери пәндердi жоғары ғылыми және әдiстемелiк дәрежеде оқытуды қамтамасыз етуге;
- кафедраның жұмыс күнi тәртібін әзiрлеуге және қолданылып жүрген әскери жарғыларға сәйкес iшкi тәртiптi сақтауға;
- профессор-оқытушы құрамы лауазымдарына әскери қызметiн атқарып жүрген және запаста тұрған офицерлер қатарынан кандидаттарды iрiктеуге қатысуға, қызмет орнына тағайындау үшiн олардың кандидатураларын оқу орны ректорымен келісіп, шешуге құқы бар. Кафедраның офицер құрамын, прапорщиктерiн аттестациялау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға;
- кафедраның әрбір офицерiнiң, прапорщигiнiң (мичманның) және қосымша-оқу қызметкерлерiнiң iскерлiк, моральдық қасиеттерi мен қабiлеттілігiн үнемi зерлеуге, оларға тиiстi қамқорлық жасауға;
- қару-жарақты, әскери техниканы, автомобильдiк көлiктi, әскери-оқу мүлiгiн, оқу құралдары мен әдебиеттердi дұрыс сақтауды, есептеудi, ұстауды, қызмет көрсету мен пайдалануды қамтамасыз етуге;
- кафедраның оқу материалдық-техникалық базасын жасау, дамыту мен жетiлдiру жөніндегі жұмыстарды мақсатты бағытта жүргiзуге;
- кафедра жоспарлаушы, әдiстемелiк, қорытынды және басқа да қызметтiк құжаттарды әзiрлеуге басшылық жасауға;
- кафедрада мемлекеттік және әскери құпияны сақтауды қамтамасыз етуге, құпия және құпия емес iс жүргiзудiң жай-күйiне, қару-жарақ, әскери техника, жарылғыш заттар, улы және агрессивтi сұйық заттармен жұмыс iстеу кезiнде, атыс пен басқа жаттығуларды жүргiзу кезiнде жеке құрамның қауiпсiздiк шараларын қатаң орындауына жүйелi бақылау жасауды жүзеге асыруға мiндеттi.
Әскери кафедра бастығына студенттердi әскери оқыту қорытындысы бойынша бұйрықтарды шығару, кафедраның жеке құрамы арасында және әскери бөлiм бойынша мiндеттердi бөлiп беру, студенттердi әскери даярлықтан босату мен шеттеу туралы бұйрықтардың жобаларын әзiрлеу мен жоғары оқу орны ректорына ұсыну жүктеледi.
9. Әскери кафедра бастығының орынбасары студенттердiң әскери даярлығын ұйымдастыруға және оның сапалылығына; офицерлердiң, прапорщиктердiң (мичмандардың) командирлiк және әдiстемелiк дайындығына; әдiстемелiк, әскери-ғылыми, ғылыми-зерттеу, өнертабыстық және рационализаторлық жұмыс жағдайына; кафедраның оқу материалдық-техникалық базасы мен өрт қауiпсiздiгi жағдайына; кафедрада белгiленген құпиялық режимдi қатаң сақтауға; жарғылық iшкi тәртiптi, әскери және еңбек тәртiптілігiн сақтауға жауапты. Ол кафедра бастығына бағынады және кафедраның бүкiл жеке құрамының тiкелей бастығы болып табылады.
Әскери кафедра бастығының орынбасары:
- бір немесе бірнеше мамандық бойынша кафедраның оқу жұмысына басшылық жасауға, студенттермен оқу-сабақтарын өзi жүргiзуге, оқу процесiн жоспарлауға қатысуға, оқытушылармен командирлiк, нұсқаулық-әдiстемелiк және көрнектi оқу-сабақтарын жүргiзуге және оны есепке алып отыруға;
- айына кем дегенде бір рет кафедраның жеке құрамының қолындағы қару-жарақ, әскери-техника мен құпия құжаттардың бар-жоқтығын өзi тексеруге;
- кафедрадағы iшкi тәртiп жағдайын қадағалауға, iшкi нарядтың (ведомстволық күзеттiң) жауынгерлiк қызметтi атқаруын және оған дайындығын тексеруге;
- әскери-ғылыми, ғылыми-зерттеу, өнертабыстық және рационализаторлық жұмыстарды жоспарлау мен оған басшылық жасауды жүзеге асыруға;
- оқу материалдық-техникалық базаны дамыту мен жетiлдiру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға, барлық оқу түрлерiн, атыс жаттығулары мен басқа да жұмыстарды жүргiзу кезiнде жеке құрамның қауiпсiздiк шараларын сақтауын тексеруге;
- қамтамасыз ету табельдерi мен нормалары бойынша материалдық құралдарды талап ету жөніндегі өтiнiмдердi уақтылы жасауға және тиiстi үлес органдарына кейiн ұсыну үшiн бұл жайлы кафедра бастығына баяндауға мiндеттi.
10. Оқу бөлiмiнiң бастығы - әскери кафедра бастығының орынбасары оқу процесiн ұйымдастыруға, жоспарлауға және материалдық жағынан қамтамасыз етуге, жеке құрамды, жаттығу қару-жарағын, әскери техника мен әскери оқу мүлкiн есепке алудың жай-күйiне; iшкi нарядтың (ведомстволық күзеттiң) жауынгерлiк қызметтi атқаруына және оны ұйымдастыруға жауапты болады. Ол кафедра бастығына бағынады және кафедраның бүкiл жеке құрамының тiкелей бастығы болып табылады.
Оқу бөлiмiнiң бастығы - әскери кафедра бастығының орынбасары:
- офицерлер мен прапорщиктердiң (мичмандардың) командирлiк даярлығын, студенттердiң әскери даярлығын, кафедраның қосымша-оқу қызметкерлерiмен жүргiзiлетiн оқу-әдiстемелiк, тәрбие жұмыстары мен арнаулы оқу-сабақтарын жоспарлауға, әскери бөлiмдерде (кемелерде) студенттердiң оқу жиындарын (тағылымдамаларын) жүргiзу жөніндегі шараларды әзiрлеуге;
- оқу сабақтарын оқу аудиторияларымен, лабораториялармен, әскери техника және оқытудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етудi жоспарлауға;
- студенттермен оқу сабақтарын жүргiзуге, оқытушылар құрамының оқу сабақтарын сапалы жүргiзуiне бақылау жасауға мiндеттi. Студенттермен сынақшалар, курстық және оқу бiтiру емтихандарын жүргiзудi ұйымдастыруға; - запас бойынша әскери офицерлiк атақтарды беру жөніндегі аттестациялық қағаздарды және әскери даярлықтан өтiп жатқан студенттерге есеп құжаттарын рәсiмдеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен оған өзi басшылық жасауға;
- оқытушылардың iскерлiк және моральдық қасиеттерiн бiлуге, олармен нұсқаулық-әдiстемелiк және көрнектi оқу сабақтарын жүргiзуге;
- әскери-ғылыми, ғылыми-зерттеу, өнертабыстық пен рационализаторлық жұмыстар бойынша жоспар жасауға және оған қатысуға;
- оқу және әдiстемелiк жұмыстың алдыңғы қатарлы тәжiрибесiн қорытындылап, оны таратуға және оқу-тәрбие процесiн жетiлдiру жөніндегі ұсыныстар мен шараларды әзiрлеуге;
- оқытушылар арасында жұмыс көлемiн бөлiп беруге, оны есепке алуға, офицерлер мен прапорщиктердiң жеке iс қағазын рәсiмдеуге;
- қосымша-оқу қызметкерлерiнiң негiзгi мiндеттерiн әзiрлеуге және оны кафедра бастығының бекітуiне ұсынуға;
- құпия және құпия емес iс жүргiзудi, кафедрадағы материалдық құралдардың барлық түрiн есепке алуды ұйымдастыруға және жүйелi тексеруге мiндеттi.
Кафедра бастығы орынбасарының штаттық лауазымы жоқ әскери кафедраларда оның қызметiн оқу бөлiмiнiң бастығы - әскери кафедра бастығының орынбасары орындайды.
11. Әскери кафедраның цикл бастығы - аға оқытушы циклдiң жеке құрамы арасында жоғары моральдық жай-күйдi және тәртiптi сақтауға, студенттерге білім берудiң сапалылығына және циклде олармен тәрбие жұмысын жүргiзуге, офицерлердiң командирлiк даярлығына, оқу-әдiстемелiк жұмысты ұйымдастыру мен жүргiзуге, циклда оқу материалдық-техникалық базаны жетiлдiруге, циклге бекітіп берiлген жаттығу қару-жарағы, әскери техника мен әскери-оқу мүлiктерiнiң жай-күйiне, сақталуына және есепке алуға тiкелей жауапты.
Ол әскери кафедра бастығына бағынады және циклдiң оқытушылар құрамы мен қосымша оқу қызметкерлерi және циклде оқып жатқан студенттердiң тiкелей бастығы болып табылады.
Цикл бастығы - аға оқытушы:
- циклдағы оқу, әдiстемелiк, әскери-ғылыми, ғылыми-зерттеу, рационализаторлық және өнертабыстық жұмысқа басшылық жасауға, студенттермен оқу сабақтарын, оқытушылармен командирлiк, нұсқаулық-әдiстемелiк және көрнектi оқу сабақтарын өзi жүргiзуге, циклда әзiрленген оқу-әдiстемелiк құжаттаманы қарап, бекітуге;
- студенттерден сынақшалар мен емтихандар қабылдауды ұйымдастыруға және осы жұмысқа өзi қатысуға;
- циклдiң оқытушылар құрамы мен қосымша оқу қызметкерлерiнiң iскерлiк, моральдық қасиеттерiн бiлуге, олардың жұмысына басшылық жасауға;
- студенттердiң әскери даярлығын жоспарлауға қатысуға және олармен жоғары ғылыми және әдiстемелiк дәрежеде оқу сабақтарын өткізудi қамтамасыз етуге;
- оқу сабақтары мен тәрбие жұмысын есепке алу журналдарын, студенттердiң жеке кәртiшкелерiн жүргiзуге, оларға аттестациялық iс қағаздарын (мiнездемелер) жазуға;
- оқу-тәрбие жұмысында әскерлердiң (күштердiң) жауынгерлiк әзiрлiк тәжiрибесiн, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери-оқу орындарының тәжiрибесiн және әскери кафедралардың алдыңғы қатарлы тәжiрибесiн оқып үйренуге, оны пайдалануға; студенттердiң оқу сабақтары мен қару-жарақ және әскери техникамен жұмыс iстеу кезiнде белгiленген қауiпсiздiк шараларын орындауына бақылау жасауды жүзеге асыруға мiндеттi.
12. Аға оқытушы (оқытушы) студенттермен әскери даярлық жөніндегі оқу сабақтарын жүргiзуге және олардың бағдарламалық материалды сапалы игеруiне, олардың оқу взводтарында (топтарда) әскери жағынан тәрбие алуы мен тәртiптілік жайына жеке жауапкершiлiкте болады. Ол цикл бастығына бағынады, циклдерi жоқ кафедраларда әскери кафедра бастығына бағынады.
Аға оқытушы (оқытушы):
- студенттермен жоғары ғылыми және әдiстемелiк дәрежеде оқу сабақтарын өзi жүргiзуге, студенттерге тұрақты практикалық және командирлiк машықтарды дарытуға;
- өзiнiң әскери және арнайы білім дәрежесiн үнемi көтеруге, өзiнiң педагогтiк шеберлiгiн жетiлдiруге;
- оқу процесiн жоспарлауға қатысуға, оқу-әдiстемелiк құжаттаманы, оқу және көрнектi құралдарды әзiрлеуге, оқу-әдiстемелiк жұмыс жөніндегі тапсырмаларды уақытында орындауға;
- әскери-ғылыми, ғылыми-зерттеу, рационализаторлық жұмыстарға қатысуға; әскеpи кафедра және жоғары оқу орны жоспарлары бойынша жүргiзiлетiн қоғамдық iстерге қатысуға;
- өзiне бекiтіліп берiлген оқу взводтарындағы (топтардағы) әрбір студенттiң жеке қасиеттерi мен қабiлетiн бiлуге, оларға жоғары талап қоюға, оларға қажеттi әскери-кәсiби қасиеттердi қалыптастыруға;
- студенттердiң оқу тапсырмаларын, практикалық және есеп-графикалық жұмыстарды орындауын тексеруге, оларды уақытында әрi сапалы орындауын талап етуге;
- оқу сабақтарын қажеттi оқу әдебиеттерiмен және көрнектi құралдармен, жаттығу қару-жарақтарымен, әскери техника және аспаптармен қамтамасыз етуге және олардың тұтастығы мен бұзылмауын қамтамасыз етуге, кафедраның оқу материалдық-техникалық базасын жетiлдiру жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге;
- студенттер арасында әскери-ғылыми және тәрбие жұмысын ұйымдастыру мен жүргiзуге;
- оқу сабақтары мен тәрбие жұмысын есепке алу журналдарын, студенттердiң жеке кәртiшкелерiн жүргiзуге, оларға аттестациялық iс-қағаздар (мiнездемелер) жазуға;
- оқу-тәрбие жұмысында әскерлердiң (күштердiң) жауынгерлiк даярлық тәжiрибесiн, әскери оқу орындары мен әскери кафедраның алдыңғы қатарлы тәжiрибесiн оқып-үйренуге және оны пайдалануға; оқу сабақтары және қару-жарақ пен әскери техникамен жұмыс iстеу кезiнде студенттердiң белгiленген қауiпсiздiк шараларын орындауына бақылау жасауды жүзеге асыруға мiндеттi.
Оған қоса аға оқытушы:
- өз пәнi бойынша оқытушылардың оқу сабақтарына даярлығына басшылық жасауға және оларға әдiстемелiк көмек көрсетуге, сондай-ақ оқытушылардың студенттермен оқу сабақтарын сапалы жүргiзуiне бақылау жасауды жүзеге асыруға;
- оқу бағдарламасына сәйкес студенттер орындайтын бақылау жұмыстары үшiн практикалық тапсырмалар мен мiндеттердi өзi әзiрлеуге, студенттерден алынатын сынақшалар мен емтихандарды ұйымдастыру мен жүргiзуге қатысуға мiндеттi.
13. Әскери кафедраның профессор-оқытушы құрамын сайлауға және жоғары оқу орнының (факультетiнiң) ғылыми кеңесiне (кеңеске) сайлануға; жоғары оқу орны, факультеттер мен жоғары оқу орны жанындағы басқа мекемелердiң кеңестерiнде маңызды оқу, ғылыми және тәрбие жұмысы мәселелерiн талқылауға қатысуға; лабораторияларды, аудиторияларды, кабинеттердi, оқу залдарын, кiтапханаларды, сондай-ақ есептеу орталықтарының, жоғары оқу орнының оқу және ғылыми мекемелерiнiң қызметтерiн пайдалануға; өзiнiң жеке қабiлетiне толық сай келетiн және оқу процесiн жоғары сапалылығын қамтамасыз ететiн оқытудың әдiстерi мен құралдарын таңдауға; студенттерге қатысты моральдық ынталандыру және тәртiптілік жағынан ықпал жасау шараларын қолдануға құқы бар.
III. Әскери кафедраларды офицер құрамымен
жасақтау
ҚР Үкіметінің 15.04.96 ж. № 443 қаулысымен 14-тармақ өзгерiстiлдi
14. Әскери кафедралар жоғары әскери немесе жоғары әскери-арнаулы білімi бар, оң аттестацияланған офицер құрамымен және ерекшелiк ретiнде жоғары білім әрi оқытушылық қызметке бейiм адамдармен жасақталады.