Ақпаратты ұсыну тілдерді, мәтіндерді, Брайль қарпін, тактильдік қатынасты, ірі қаріпті, қолжетімді мультимедиялық құралдарды пайдалана отырып, мүгедектер үшін де қамтамасыз етіледі.
4. Өтетін және шығатын жолдар мүгедектер мен халықтың баяу қимылдайтын топтары үшін қолжетімді болуға (пандустармен, арнайы бейімделген лифтілермен жабдықталуға) тиіс.
5. Халыққа қызмет көрсетуге арналған аэровокзалдар ақаусыз техникалық жай-күйде ұсталуға тиіс.
6. Аэровокзалдарда қызметін жүзеге асыратын адамдар жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға қажетті жағдайлар жасауға, мәдениетті түрде қызмет көрсетуге, барлық адамдармен сөйлескенде сыпайы және ұстамды болуға, олардан Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауды талап етуге тиіс.
7. Аэровокзалдар тасымалдау процесінің ажырамас бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес пайдаланылуға тиіс.
8. Аэровокзалдың класына қарай аэровокзалдардың қызмет көрсету сапасы мен жарақтандырылуына қосымша талаптар қойылады.
Аэровокзал класы мен аэровокзал класын айқындау әдістемесін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 65-2-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
65-2-бап. Азаматтық авиация саласындағы көрсетілетін қызметтердің мүгедектер үшін қолжетімділігі
1. Мүгедектердің азаматтық авиация саласындағы көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуі үшін әуежайларда:
1) арнайы жол белгілері орнатыла отырып, мүгедектердің автокөлік құралдарын қоюға арналған орындардың бөлінуі;
2) ғимараттардың, ғимараттарға кіреберіс жолдардың (ғимаратқа кірер жолдардың, баспалдақтардың), ғимарат ішіндегі қозғалыс жолдарының халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін ыңғайластырылуы;
3) тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге және халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтарына қызмет көрсету үшін мүгедектердің кезекші кресло-арбасының болуы;
4) қоғамдық дәретханалардың мүгедектердің кресло-арбаларымен жүріп-тұратын адамдарға арналған кабиналармен жабдықталуы қамтамасыз етілуге тиіс.
66-бап. Әуеайлақтарды, тікұшақ айлақтарын сертификаттау және пайдалануға рұқсат ету
1. Азаматтық авиация пайдаланатын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары), сондай-ақ бірлесіп пайдаланылатын және орналастырылатын әуеайлақтар азаматтық авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығының нормаларына сәйкес келуге тиіс.
Мемлекеттік авиация ғана пайдаланатын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығының нормаларына сәйкес келуге тиіс.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сыныпталған әуеайлақты (тiкұшақ айлағын) пайдалануға әуеайлақты (тiкұшақ айлағын) пайдаланушы оның жарамдылығы туралы сертификатты алғаннан кейiн және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға әуеайлақты (тiкұшақ айлағын) ашу туралы хабарлама жасалғаннан кейiн рұқсат етiледi.
3. Сыныпталмайын әуеайлақты, уақытша әуеайлақтар мен қону алаңдарын пайдалануға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Сыныпталмайтын және уақытша әуеайлақтар мен қону алаңдарының пайдалануға жарамдылығын айқындау қағидаларына сәйкес рұқсат етіледі.
4. Мемлекеттік авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалануға рұқсат ету тәртібін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік авиация мүддесінде пайдаланылатын сыныпталмайтын əуеайлақты, уақытша əуеайлақтар мен қону алаңдарын əуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын), автомобиль жолдарының əуеайлақтық учаскелерін пайдаланудың жарамдылық нормаларына жəне мемлекеттік авиацияның əуеайлақтарына (тікұшақ айлақтарына) қойылатын тактикалық-техникалық талаптарға сəйкес пайдалануға рұқсат етіледі.
6. Азаматтық авиация саласында пайдаланылатын әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) сертификаттау тәртібі Әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларында айқындалады.
7. Әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығы сертификатын беруден бас тарту мынадай жағдайларда, егер:
1) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) азаматтық әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы нормаларына сәйкес келмесе;
2) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы осы Заңның 64-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, жүргізіледі.
8. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мынадай жағдайларда:
1) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы сертификаттау талаптарын сақтамаса;
2) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушының өтініші бойынша әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығы сертификатының қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрады.
9. Егер әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы анықталған сәйкессіздіктерді белгіленген мерзімде жоймаған болса, уәкілетті орган әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығы сертификатын қайтарып алады.
10. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы нормаларынан уақытша ауытқуға, егер мұндай ауытқулар белгіленген ұшу қауіпсіздігі деңгейіне баламалы деңгейді қамтамасыз ететін қосымша шаралар енгізумен өтелсе, рұқсат етіледі.
11. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуеайлақты (тікұшақ айлағын), уақытша әуеайлақты және қону алаңын пайдаланудың бүкіл кезеңінде олардың пайдалануға жарамдылығының сертификаттау талаптарына сәйкестігі үшін жауапкершілік пайдаланушыға жүктеледі.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 67-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
67-бап. Әуеайлақтарды (тiкұшақ айлақтарын) есепке алу
1. Сыныпталмайтын және уақытша әуеайлақтардан (тiкұшақ айлақтарынан) басқа, азаматтық авиация мақсатында пайдаланылатын әуеайлақтар (тiкұшақ айлақтары) азаматтық авиация әуеайлақтарының (тiкұшақ айлақтарының) тiзiлiмiнде есепке алынуға жатады.
Азаматтық авиация ұйымдары әуеайлақтарды (тiкұшақ айлақтарын) ашқан кезде азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органға:
1) әуеайлақ (тiкұшақ айлағы) орналасқан жер учаскесiне немесе басқа объектiге құқық туралы (жердi тұрақты немесе уақытша өтеулі пайдалану) құқық белгiлейтiн құжаттың көшiрмесiн;
2) әуеайлаққа (тiкұшақ айлағына) меншiк құқығын немесе иелену құқығын растайтын құжаттардың (сатып алу-сату шарты, қабылдау-беру актiсi, теңгерiмге беру туралы бұйрық, меншiк, мүлiктiк жалдау, сенiмгерлiк басқару құқығы және т. б.) көшiрмелерiн;
3) әуеайлақтың (тiкұшақ айлағының) техникалық сипаттамалары, географиялық координаттары мен орналасқан орны (елдi мекен) туралы ақпаратты қоса бере отырып, өтiнiш жолдайды.
Азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органда әуеайлақтардың (тiкұшақ айлақтарының) жабылуы азаматтық авиация ұйымының өтiнiшi бойынша жүзеге асырылады.
2. Азаматтық авиация әуеайлақтарын (тiкұшақ айлақтарын), бiрлесiп пайдаланылатын және бiрлесiп орналастырылатын әуеайлақтарды есепке алуды азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Пайдаланушылар сыныпталмайтын және уақытша әуеайлақтарды (тiкұшақ айлақтарын), қону алаңдарын азаматтық және мемлекеттiк авиация салаларындағы уәкiлеттi органдар айқындаған тәртiппен есепке алуға тиiс.
68-бап. Әуе кемелеріне әуеайлақтық қызмет көрсету
1. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдаланушылар, аэронавигациялық, метеорологиялық ұйымдар ортақ пайдалану үшін ашылған әуеайлақтарда (тікұшақ айлақтарындарда) әуе кемелерінің ұшуына әуеайлақтық, аэронавигациялық және метеорологиялық қызмет көрсетуді бірдей жағдайларда және шарттар (жария шарттар) негізінде жүзеге асырады.
2. Әуеайлақтар, әуежайлар ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн техникалық немесе метеорологиялық жағдайлар бойынша ғана олардың жұмысының жарияланған сағаттарында әуе кемелерiн қабылдау және ұшуға шығару үшiн жабық болуы мүмкiн.
3. Осы Заңның 65-бабы 1-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген әуежай қызметінің құрамына кіретін қызметтер көрсету:
1) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған, сондай-ақ борттағы авариялық жағдайға, материалдық бөлігі істен шығуына немесе бұзылуына байланысты ұшу маршруттары өзгерген;
2) iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргізу немесе дүлей зілзалалар кезінде халыққа көмек көрсету үшін;
3) авиация қызметіне заңсыз араласу актісіне байланысты төтенше жағдайдың салдарынан әуе кемелерінің ұшуын орындаған жағдайда өтеусіз жүзеге асырылады.
69-бап. Бірлесіп орналастыру және пайдалану әуеайлақтары
1. Азаматтық, мемлекеттік және (немесе) эксперименттік авиация ұйымдары бірлесіп орналастыратын әуеайлақ бірлесіп орналастырылатын әуеайлақ болып табылады.
2. Азаматтық, мемлекеттік және (немесе) эксперименттік авиация бірлесіп пайдаланатын әуеайлақ бірлесіп пайдалану әуеайлағы болып табылады.
3. Бірлесіп орналастыру әуеайлақтарын және бірлесіп пайдалану әуеайлақтарын пайдалану азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық және мемлекеттік авиациясының бірлесіп орналастыру әуеайлақтарын пайдалану қағидаларына сәйкес шарттар негізінде жүзеге асырылады.
4. Бірлесіп орналастыру әуеайлақтары және бірлесіп пайдалану әуеайлақтары тиесілігіне қарай азаматтық немесе мемлекеттік авиацияға жатады. Мұндай әуеайлақтардың тізбесі Қазақстан Республикасының азаматтық және мемлекеттік авиациясы салаларындағы уәкілетті органдар басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 70-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
70-бап. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайлар
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) халықаралық ұшуларды орындайтын барлық азаматтық әуе кемелері халықаралық ұшуға арналған ашық халықаралық әуежайда ұшуды және қонуды жүзеге асыруға тиіс.
Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу тәртібін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Шет мемлекеттердің мемлекеттік және эксперименттік әуе кемелерінің халықаралық ұшуы, сондай-ақ шет мемлекеттердің әскери құралымдарын, қару-жарақтарын және әскери техникасын тасымалдауға арналған әуе кемелерінің халықаралық ұшуы үшін ашылған әуежайларды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 71-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
71-бап. Әуеайлақтар мен әуежайларды немесе арнайы объектілерді салу, реконструкциялау, тарату немесе көшіру
1. Әуежайды, сыныпталған әуеайлақты (тікұшақ айлағын) салу мен реконструкциялау жобалары ұшу қауіпсіздігін, авиациялық және қоғамдық қауіпсіздікті, қоршаған ортаны қорғауды, сондай-ақ әуежайға қызмет көрсету үшін көлік инфрақұрылымының (жолдар мен басқа да жер үстіндегі қатынас жолдары, телекоммуникациялар) қажеттіліктерін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды көздеуге тиіс.
2. Әуеайлақты салу немесе реконструкциялау кезінде әуеайлақты салу немесе реконструкциялау толық аяқталғанға дейін әуеайлақты пайдаланушы әуеайлақта ұшу қауіпсіздігінің баламалы деңгейін қамтамасыз еткен жағдайда, жекелеген технологиялық аяқталған объектілердің әуе кемелерін қабылдауға және шығаруға уақытша жіберуге рұқсат беріледі. Әуеайлақты пайдаланушы уақытша жіберуді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жүзеге асырады.
3. Әуеайлақтар мен әуежайларды тарату немесе басқа жерге көшіру меншік иесiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 72-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
72-бап. Әуеайлақ маңы аумағының шегіндегі құрылыс
Әуеайлақ маңының аумағы шегінде қалалық және ауылдық елді мекендерді жобалау, салу және дамыту, сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы объектілерін және өзге де объектілерді салу және реконструкциялау әуеайлақ жабдықтарының және әуе кемелері ұшуының адамдардың денсаулығына әрі жеке және заңды тұлғалардың қызметіне ықтимал келеңсіз әсері ескеріле отырып, сондай-ақ осы Заңның 90-бабының талаптары ескеріле отырып, ұшу қауіпсіздігі талаптары сақталып жүргізілуге тиіс.
73-бап. Әуежайды уақытша басқару
1. Стратегиялық объект болып табылатын әуежайды елдің мүддесiне, адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарамастан пайдаланудан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгіне қатер төнген жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкіметімен келiсім бойынша халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат етiлген әуежайды пайдаланушыға қатысты уақытша басқаруды енгiзеді.
2. Халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат етiлген әуежайды пайдаланушыны уақытша басқаруды уақытша әкiмшiлiк жүзеге асырады.
Халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат берiлген әуежайды пайдаланушыны уақытша басқару әуежайды пайдаланушының есебінен жүзеге асырылады.
3. Уақытша басқаруды енгізу туралы шешiмге меншiк иесi, әуежайды пайдаланушы немесе пайдаланушы акционерлерiнің жалпы жиналысы уәкiлеттiк берген адам сот тәртібімен шағым жасауы мүмкiн.
4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган уақытша әкімшілікті қалыптастырады, оның құрамына өзіне қатысты уақытша басқару енгізілетін әуежай меншік иесінің және пайдаланушының өкілдері енгізіледі.
5. Халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат етілген әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруының қолданылуы кезеңінде:
1) әуежайды пайдаланушының басқару жөніндегі барлық өкілеттіктері уақытша әкімшілікке ауысады;
2) пайдаланушының әуежайды басқару жөніндегі құқықтары тоқтатыла тұрады;
3) әуежайды пайдаланушының басқару органдарының және оның басшы қызметкерлерінің өкілеттіктері тоқтатыла тұрады.
6. Уақытша әкімшілік:
1) осы Заңда айқындалған құзыреті шегінде әуежайды пайдаланушы қызметінің барлық мәселелері бойынша шешімдерді дербес қабылдайды;
2) әуежайды пайдаланушының атынан шарттар жасасады және құжаттарға қол қояды;
3) әуежайды пайдаланушының атынан және соның мүддесінде, оның ішінде сотта өкілдік етуді жүзеге асырады;
4) әуежайды пайдалануға байланысты өндірістік мәселелерді бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тартады.
7. Әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруы мынадай негіздер:
1) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның шешімімен белгіленген уақытша басқару мерзімінің өтуі;
2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдауы;
3) уақытша басқарудың тоқтатылуы туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі бойынша тоқтатылады.
8. Халықаралық ұшуды орындауға рұқсат етілген әуежайды пайдаланушыға уақытша басқару кезеңінде заңсыз әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келтірген залалы үшін уақытша әкімшілік мүшелері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
9-тарау. ӘУЕМЕН ТАСЫМАЛДАУ. АВИАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР
74-бап. Әуемен тасымалдауды жүзеге асыру құқығы.
Авиакомпаниялар
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтілімдерін ақысын алып немесе жалдау бойынша әуемен тасымалдауды (коммерциялық әуе тасымалдарын) тұрақты және тұрақты емес рейстермен жүзеге асыру құқығына пайдаланушының қолданыстағы сертификаты бар авиакомпаниялар ие болады.
2. Авиакомпаниялар осы Заңға сәйкес азаматтық авиация саласындағы өзге де қызметті жүзеге асыруы мүмкін.
3. Тұрақты әуемен тасымалдауды орындайтын әуе компаниялары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен акционерлік қоғам нысанында құрылады.
4. 2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және (немесе) шетелдік заңды тұлғалардың акционерлік қоғам нысанындағы авиакомпанияның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі қырық тоғыз пайыздан аспауға тиіс.
5. Авиакомпанияда сертификаттау талаптарына сәйкес әуе кемелерінің резервтерін қоса алғанда, әуе кемелері, әуе кемелерін қауіпсіз пайдалану және оларды ұшуға жарамдылықта ұстау үшін, сондай-ақ авиация персоналын даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыру үшін қаржы ресурстары мен мүлкі, әуе кемелерінің ұшуын және көрсетілетін қызметтердің сапасын ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін әуе кемелеріне қосалқы бөлшектерінің қоры болуға тиіс.
6. Авиакомпанияның бірінші басшысы лауазымына кандидат азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейтін біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.
75-бап. Халықаралық әуемен тасымалдау
1. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiнде халықаралық әуе тасымалдары кезінде, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан өзгеше жағдай туындамаса, әуемен тасымалдау туралы жалпы ережелер қолданылады.
2. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шартқа сәйкес тұрақты әуемен тасымалдауды жүзеге асыру үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы Заңның 80-бабында белгіленген тәртіппен айқындаған тасымалдаушы тағайындалған әуемен тасымалдаушы болып табылады.
3. Почта жөнелтілімдерінің халықаралық әуемен тасымалдау Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың қағидалары сақтала отырып жүзеге асырылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 75-1-баппен толықтырылды
75-1-бап. Формальдылықтарды оңайлату
1. Әуе тасымалдарына жәрдемдесу және оларды жылдамдату, сондай-ақ әуе кемелерінің, экипаждардың, жолаушылар мен жүктің негізсіз кешіктірілуін болғызбау мақсатында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган басқа мемлекеттік органдармен келісу бойынша шекаралық, кедендік, санитариялық және басқа да бақылау түрлерімен байланысты формальдылықтарды оңайлатуға бағытталған бағдарламаны әзірлейді.
2. Әуе тасымалына байланысты формальдылықтарды оңайлату жөніндегі шаралар авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі шараларға залал келтіретіндей етіп жүргізілмеуге тиіс.
76-бап. Коммерциялық әуемен тасымалдау саласындағы негізгі ережелер
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Коммерциялық әуе тасымалдары әуе тасымалы шартының негізінде орындалады. Әуе тасымалы шарты авиакомпания не ол уәкілеттік берген тұлғалар (агенттер) беретін тасымалдау құжаттарын ресімдеумен куәландырылады.
Жолаушылардың, багаждың және жүктердің коммерциялық әуе тасымалдары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Әрбір жолаушыға жеке билет ресімделеді, ол:
1) жолаушының әуемен тасымалдау шартының талаптарымен танысқанын;
2) жолаушы мен авиакомпания арасында әуемен тасымалдау шартының жасалғанын растайды.
Билет жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттың деректері негізінде ресімделеді.
3. Авиакомпания әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде ұсынылатын тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін сақтауға міндетті.
Авиакомпания және оның лауазымды адамдары әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде ұсынылатын тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Тiркелген багажды тасымалдаған кезде жөнелту және межелі пункттерi көрсетiлген багаж түбіртегi берiледi.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жүкті тасымалдаған кезде жөнелту және межелі пункттері, жүктің салмағы, оны тасымалдаудың шарттары көрсетілген жүкқұжаты берiледi. Жүкқұжат қағаз жеткізгіште немесе электрондық түрде жазып беріледі. Жөнелтуші мәліметтер ұсынуға және жүк берілгенге дейін Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің заңнамасында белгіленген рәсімдерді орындау үшін алушыға қажетті барлық құжаттарды жүкқұжатына қоса беруге тиіс.
Электрондық түрде жазып берілетін жүкқұжаттарды қабылдау, өңдеу, беру және сақтау авиакомпаниялар қолданатын ақпараттық жүйе мен ақпараттық технологиялар арқылы жүзеге асырылады.
Бiрыңғай тауар-көлiк жүкқұжаты (бірыңғай коносамент) бойынша әртүрлi көлiк түрлерiмен жүктердi аралас тасымалдауға қатысатын тасымалдаушылардың, сондай-ақ басқа да тұлғалардың қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актiлерiнде айқындалады.
Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді әуеде тасымалдау қағидаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Жүк жөнелтушінің, жүкті алушының жүкті әуе тасымалдауына арналған құжаттарда көрсетілген межелі пунктке әуе тасымалдаушының уақтылы жеткізуіне және оның сақталуын қамтамасыз етуіне құқығы бар.
Жүкті, багажды немесе пошта жөнелтілімдерін тасымалдау шарты бұзылған жағдайда, жүк жөнелтушінің немесе жүкті алушының тасымалдаушыдан жүктің, багаждың немесе пошта жөнелтілімдерінің сақталмау себептері туралы құжаттарды (коммерциялық акт, жалпы нысандағы акт және өзге де құжаттар) жасауды талап етуге құқығы бар.
Егер жүктің сапасы оның тiкелей мақсаты бойынша пайдаланылуы мүмкін болмайтындай өзгергендігі анықталған болса, жүк алушының бүлінген немесе бұзылған жүкті қабылдаудан бас тартуға және оны жоғалтқаны үшiн өтем талап етуге құқығы бар.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 5-2-тармақпен толықтырылды
5-2. Әуе тасымалын жүзеге асыратын авиакомпания:
1) жолаушылар мен жүк жөнелтушілерден авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды, оның ішінде қарап-тексеруді ұйымдастыру және жүргізу арқылы сақтауын талап етеді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолаушыларға (жүкті жөнелтушілерге) тиісті үлгідегі ақаусыз әуе кемесін, білікті ұшу экипажын, тасымалдау қауіпсіздігін және өзге де көрсетілетін қызметтерді ұсынуды қамтамасыз етеді;
3) жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларында белгіленген, жолаушыларға, жүкті жөнелтушілерге, жүкті алушыларға қызмет көрсету талаптарын сақтайды;
4) жолаушының, жүкті жөнелтушінің немесе жүкті алушының талап етуі бойынша және жолаушыны, багажды, жүкті немесе пошта жөнелтілімдерін тасымалдау шарты бұзылған жағдайда, олардың бірі тасымалдау құжаттарын көрсеткен кезде жүктің, багаждың немесе пошта жөнелтілімдерінің сақталмауының себептері туралы құжаттарды (коммерциялық акт, жалпы нысандағы акт және өзге де құжаттар) жасайды.
6. Почта жөнелтілімдерін әуемен тасымалдау шарты, оның талаптары және почта жөнелтілімдерін тасымалдауға қабылдау почта жүкқұжатымен куәландырылады.
7. Тасымалдау құжаттарын ресімдеу қажетті деректерді тасымалдау құжатының электрондық немесе қағаз нысанына қолмен, автоматтандырылған немесе электрондық режимде енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Брондалғаннан кейін тасымалдау құжатын ресімдеу авиакомпания белгілеген мерзімде жүргізіледі.
8. Авиакомпания алатын және жолаушыларды, багажды, жүкті және почта жөнелтілімдерін тасымалдау құнына кіретін алымдардың негізгі түрлері әуежай және отын алымдары болып табылады.
9. Тасымалдауға арналған тариф қолданылатын кезеңде авиациялық отынға жұмсалатын шығындардың өсуін өтеу мақсатында авиакомпания алатын, оны есептеген кезде бұл өсуді ескеру мүмкін болмаған алым отын алымы болып табылады.